МӘдібаева қанипаш қайсақызы



бет8/22
Дата31.12.2019
өлшемі1,9 Mb.
#53947
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22

1-бөлім бойынша тұжырым

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті көп жанрлы, көп түрлі бай рухани мұра.


ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті негізінен орыс отаршылдығы түрлі саяси-экономикалық актілерді жүзеге асырған кезеңде туып қалыптасты.

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көркемдік негіздері жайлы


А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев,
Ә. Қоңыратбаевтың тұжырымдамалары негізінде ол әдебиетті әрі қарай
зерттеу – ғылым мүддесі.

Қазақ хандығы дәуірінде әдебиет негізінен дәстүрлі жыр, толғау, жыраулық поэзия түрінде дамыды. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде де дәстүрлі жыр үлгісіндегі жанрлар жасалып дамыды. Сонымен бірге жаңа өлең түрлері туып дамыды.

Еңбектің бірінші бөлімінде ХІХ ғасыр әдебиетінің негізгі даму бағыттары атап көрсетіле отырып, негізінен, ХІХ ғасырдағы дәстүрлі әдебиет үлгілерінің жанрлық даму жөндері арнайы қарастырылды. Атап айтқанда, ХІХ ғасырдағы қисса-дастандар, айтыс өлең, ән өлең, тарихи жырдың жанрлық даралық сипаттары, қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттелу тарихы, зерттеу проблемалары арнайы қарастырылды.

Арнайы зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, қарастырылған мәселелер бойынша мынадай тұжырымдар жасалынды.

– ХІХ ғасыр әдебиетінде бірнеше әдебиет үлгілері, түрлі әдеби ағым, бағыт қатар жасады. ХІХ ғасырдағы қазақ көркем сөзінің негізгі арналары – айтыс өлең, ән өлең, тарихи өлең, зар заман өлең, еуропа үрдісіндегі жаңа жазба өлең, аударма әдебиет, нәзира әдебиет.

– Ежелгі нәзира дәстүрінде таралған қисса-дастандар – ХІХ ғасырдағы діни ағартушылықтың ықпалды арнасы. В.В. Радловтың кітаби өлең – діннің ұрығы, ислам ілімін таратуды мақсат тұтады деген пікірі орынды.

ХІХ ғасырдағы қазақ руханиятында нәзираның өлшеусіз ықпалы болды. Нәзирагөйлік өріс берген әдеби, мәдени, рухани ағым ұлт болмысын даралай түсіп, қоғамдық сананы қозғалысқа түсірген ықпалды құбылысқа айналды.

ХІХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиеттің туып, қалыптасуында, түр, сапа жөнінен байып, кемелденуінде, Абайдың ақындық мектебінің орнығуында шығыстың қисса-дастандардың өзіндік орны болды.

Жұмыстың бірінші бөлім бірінші тараушасында ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің көркемдік-теориялық тарихының негізгі нәтижелері қарастырылды.

Диссертациялық еңбектің бірінші бөлімінің екінші тараушасында


нәзирагөйлік, шығыс қиссалары ХІХ ғасыр әдебиетінің фактісі ретінде алғаш рет арнайы қарастырылды. Қисса-дастандардың зерттелу нәтижелері негізінде былайғы зерттеу мәселелері айқындалды.

Арғы арналары біздің дәуірімізге шейінгі миф, кейінгі “Құран” кітабы, “Мың бір түн”, “Тотынама”, “Шахнама” желілерінен тарайтын қисса-дастандардың ХІХ ғасырдағы таралу фактісін арғы негіз, түпнұсқамен салыстыру, текстологиялық мәселеде зерттеу. ХІХ ғасырдағы нәзира әдебиет пен тікелей аударма шығармаларды айқындау. Бұл әдебиеттің ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуына нақтылы әсер, ықпалын көркемдік негізде зерттеуді жетілдіру.

– ХІХ ғасырдағы өзгеше әдебиет үлгісінің бірі – тарихи өлең, тарихи жыр. Бұл шығармалар, негізінен, ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық күрес батырлары жайлы.

Еңбектің бірінші бөлімінің үшінші тараушасында ХІХ ғасырдағы тарихи жырдың дәстүрлі сипаттары мен жанрлық дамуы, даралық өзгешелігі жайлы ғылыми зерттеу еңбектердің нәтижелері, тарихи жыр мәтінін арнайы қарастыру негізінде ХІХ ғасырдағы тарихи жыр табиғаты жайлы бірнеше тұжырым тоқтам жасалды.

– ХІХ ғасырдағы қазақ тарихын ғылыми негіздеуде ел басынан өткен уақиғаларды шынайы жырлаған тарихи жырлардың орны елеулі.

ХІХ ғасырдағы қазақ тарихын зерттеуінде, Кенесары Қасымұлы көтерілісі жайлы тұжырымдарына пайдалануда тарихшы Е. Бекмаханов әдеби деректерге тарихи деректермен бірдей дәрежеде қараған.

ХІХ ғасырдағы тарихи жырларды М. Әуезов, С. Мұқанов әдебиеттегі жаңа бір бағыт, өмір шындығын көркем бейнелеген реалистік ағым деп бағалады.

Сәбит Мұқанов – Кенесары туралы жыр-дастандардың әдебиет тарихында орнын айғақтай отырып, көтерілістің ұлт-азаттық сипаты, саяси мәртебесі жайлы алғаш айтқан зерттеушінің бірі.

М. Әуезов ірі ақын деп айрықша бағалаған, С. Мұқанов алабөтен үрдістің ақыны есебінде ашқан Нысанбай жырау – әдебиет тарихынан орнын алуға лайықты тұлға.

Нысанбайдың “Кенесары-Наурызбай” жыры – өз тұсында кездеспеген үлгіде, ауыз әдебиеті қисындарын қоса отырғанынан, нақтылы уақиға, қасірет күйін өлеңмен өрген өзгеше шыншыл шеберлікпен өзгешеленіп, кейінгі тарихи өлең, тарихи жырға үлгі салған шығарма. Ұлттық поэма жанрының бастапқы нышаны түскен жыр.

ХІХ ғасырдағы тарихи жырлардың табиғатында назар аударуды қажет ететін бірнеше ерекшелік бар. ХІХ ғасырдағы тарихи жырдың ауыз әдебиеті үлгісі немесе жазба әдебиет туындысы есебінде танылу мәселесін қарастыра келіп, нақтылы тарих ізі жатқан, авторы бар бұл жырлар фольклор үрдісімен де шығарылды дегеннің өзінде, таза фольклор үлгісіне жатқызуға болмайтын шығармалар деген ойға тоқтадық.

Жазып шығарылып, авторы мәлім болып келуі – бұл жырлардың бір сипаты. Енді бір жөнде қайсыбір жырлардың авторы белгісіз, көпнұсқалы. Негізгі құрылым, баяндалу тәсілдері ауыз әдебиет дәстүрінде болып келеді, т.б.

Бұл сипаттар тарихи жырды бірыңғай таза жазба әдебиетке де, ауыз әдебиетіне де жатқызуға келтірмейді. Қисыны М. Әуезов айтқан өтпелі дәуірдегі (ауызша әдебиетінен жазбаға өтердегі – Қ.М.) үлгісі, немесе – ауызша әдебиет.

ХІХ ғасырдағы тарихи жырлар – ауыз әдебиеті дәстүріне соғатын тұсына қарамастан, ауыз әдебиетінің тұтас еншісі емес. Ондағы фольклор дәстүрі – жаңа кезең, жаңа заманда жаңа шығарманың тууына себепкер бірнеше фактордың бірі ғана. Мәселен, ХІХ ғасырдағы ғана емес, қазақ әдебиетінің


ХХ ғасырдағы үлгілерінде де фольклор дәстүрі айқын. Олай болуы әдеби дамуымыздың өзіндік үрдісі, айқындауды қажет етпейтін ақиқаты, спецификасы.

Тарихи жыр табиғатын зерттеу мәселелері де диссертациялық еңбекте біршама айқындала түсті.

– Төртінші тараушада ХІХ ғасыр әдебиетінің дара бір үлгісі – ән өлеңдер қарастырылды.

ХІХ ғасырдағы ән табиғатының музыка зерттеушілер, әдебиеттанушылар еңбектерінде зерттелу нәтижелерін негіз ете отырып, бірінші бөлімнің үшінші тараушасында ән өлеңге көркемдік сипаттар жөнінен айқындама жасалды.

ХІХ ғасырдағы қазақ тарихы, әлеуметтік саяси құбылыстар қазақтың ежелгі ән өнерінің былайғы дамуына өзгеше ықпал етті.

Айтыс өлеңде де, қисса өлеңде де, тұрмыс-салт өлеңдерінде де белгілі мақам, ән болғанымен, жеке орындаушының саз-күйін, сөз айшығын өзі шығарып, күй аспабында өзі ойнап, әнді өзі салуының табиғаты бөлек.

Ән орындаушы – сал, сері. Өлеңнің “Ән өлең” түріне Шоқан Уәлиханов “Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде” зерттеуінде көңіл бөледі. Оның “өлең-ән”, “өлеңші ақын” анықтамалары – зер салып үңілсек, терминдік мәні бар, ұғым атаулары. Ғалым “жыр-өлең” тіркесін де қолданады. Оның “өлеңші-ақыны” – жыршы, жырау мағынасындағы өнерпаз сияқты, салсері емес. Сал-серілік өнер аталған “өлең-әннің” табиғатына тән.

ХІХ ғасырда жасаған қазақтың әнші лирик ақындары, сал-серілері орындаушылық өнердің өлең сазы мен құрылымы сан алуан өнерпаздық күйін ашты.

Мәселен, Ахмет Жұбановтың Ақан серінің ұлғайған шағындағы өнерпаздың күйін ашуында Ақанның ақындық алымының және бір қыры көрінеді. Ғалымның атап көрсетуінде Ақан термесі жыраулардың төкпе жыр музыкасынан бөлек.

Сал-сері шығармашылығы халықтың дәстүрлі үлгі-өнеге үйрету мектебінің бір арнасы. Сал-серілік өнердің сегіз қырлы, сексен сырлы сипатына еңбекте нақтылы, Сегіз Сері шығармашылығы негізінде тоқталдық.

ХІХ ғасырдағы сал-серілер – қызық қуып, думанды ғұмыр кешкендей бола тұра, қоғамның әлеуметтік күйіне барынша араласқан, қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек жасаған өнерпаз тұлғалар. Күрделі шығармашылық жаратылыс иелері.

ХІХ ғасырдағы ән өлең – қазақ өлеңінің түр, жанр жағынан дамып, өрістеуіне өзіндік ықпал жасаған шығармашылық түр.

Ән өлеңнің өзгешелік табиғатына орай айтылған ғылыми негіздемелер зерттеуде мүмкіндігінше қамтыла отырып, мәселенің былайғы зерттелу қисындарына ой тасталды.

– Бірінші бөлімнің бесінші тараушасында қазақтың төлтума өнері – дәстүрлі айтыс өлеңнің жанрлық трансформациясы арнайы қарастырылды.


ХІХ ғасырдағы айтысты түрге бөлудің өзіндік қисындары ұсынылды.

ХІХ ғасырда қазақ сөз өнерінің үздігі айтыс айрықша салтанат құрды.

Айтыс ақындарының ХІХ ғасырда шоғырлана көрінуінің тарихи себебін
М. Әуезов замана ағымымен сабақтастырады. Айтыс – қазақ әдебиеттану ғылымында көп зерттелген саланың бірі. Оның негізгі түрлері, жанрлық даралық сипаттары жайлы А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов,
С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, Ә. Қоңыратбаев, Р. Бердібай,
М. Жармұхамедұлы, т.б. ғалымдар ғылыми негіздемелер жасады.

ХІХ ғасырда дәстүрлі айтыс өнері айтыстағы ежелгі фольклор дәстүрі жаңа сапаға ойысты. Нақтылы дара ақындар айтысы өрістеді. Айтыстың жазба түрі туды. Екі адамның атынан бір адам шығарған шығарма айтыс туды.

ХІХ ғасыр айтыстарының кейде үш, онан да көп адам айтысы болып келетін түрлері, орта тұстан түсінік беруші, немесе қыздырып дем берушілердің қосылып келіп отыруы бар. Түбек пен Құлманбет айтысы да сондай айтыс. Сөзге, айтыс дауға Тезек төре де қатысып отырады.

Айтыстың аймақтық ерекшеліктері де болды, мәселен, Сыр бойы күнгейлік айтыс ақындары көбіне жазба түрдегі айтысты дамытты.

Шоқан Уәлихановтың ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы жайлы зерттеуі негізінде диссертацияда нақтылы айтысқа байланысты мынадай мәселеге көңіл бөлінді. Шоқан Уәлихановтың қазақ поэзиясы үлгісін 5 түрге бөлгені белгілі. Ол сондағы бесінші үлгі “өлеңге” (“...өлең деген бұған дейін жоқ поэзияның ерекше формасының және атаудың қазақ даласына тарай бастағанына
50 жылдан асқан жоқ, бұл Қазан мен Тобыл татарларына қырға жол ашылғаннан кейін келген жаңалық.

... Татар поэзиясының формалары қазақтардың гармониялық дыбыспен ойға тұнып тұрған дәстүрлі батырлық жыр поэзиясының формаларын ығыстыра бастады...” – Ш.У.) [11, 166 б.] қисса өлеңді де, ән өлеңді де, тарихи өлеңді де, айтыс өлеңді де жатқызды деп түсінуімізге толық негіз бар.

Диссертацияда ХІХ ғасырдағы айтыстың ауыз әдебиеті, ауызша әдебиет, жазба әдебиетке қатысы жөні арнайы қарастырылып, ХІХ ғасыр айтыстарының жанрлық даралық сипаттарын, негізгі түрлерін айқындау мәселелері, айтыстың даму заңдылықтары қамтылды.

– ХІХ ғасырдағы әдеби үрдіс дәстүрлі сарындарды сақтап, замана ағымына орай жетілдіріп отырды. Ежелгі дәстүрлі сарындар: адамның тіршілік сабақтары, дүние-жаратылыс, ғұмыр жас кезеңдері жайлы толғам, ойшылдық пайымдары, не жақсы, не жаманның жөні түрлі жанрдағы шығармаға арқау болды. Ол мазмұн замана беталысының мәнін шалған айқын әлеуметтік үнді сөз өнері болып орнықты.

Әдебиеттің қайсыбір дәстүрлі үлгісі болмасын жанрлық жаңғыруға түсіп, нақтылы сипаттарға ие болды. Тарихи болмысты көркем сөзде көрсетудің жаңа әдіс, тәсіл, шеберлік алымы ашылды.

Бұл бөлімде біз әдебиет тарихындағы қайсыбір дәстүрлі үлгілердің тарихи аядағы сапалық өзгерістері айқындалған теориялық негіздемелердің орнығу тарихына тоқтала отырып ХІХ ғасырдағы әдеби үрдісті айқындай, даралай түсудің ендігі міндеттеріне көңіл бөлудің қайсыбір қисындарын әдебиеттанушы мамандар назарына ұсындық.


2 Зар заман ағымының тарихиЛЫҚ ЖӨННЕН негіздеЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Күні бүгінге шейін зар заман ақындары төңірегінде әріде де, беріде де айтылып қойған, айтылып жатқан жайлар аз емес. Айтыла беруге тиіс те. Шортанбай Қанайұлының, Дулат ақынның, Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы жайлы диссертация қорғалды. Діни-ағартушылық ағым өкілі ретінде Әбубәкір Кердерінің шығармашылық мұрасына назар аударылды. Жекелеген ақын-жыраулар шығармалары баспа жүзін көріп жатыр.

Олардың әдеби мұрасын бағалауға келуде әдебиет тарихын дәуірлеу, әдеби мұраны саралау, ғылыми негізде жүйелеу, игеру мәселелеріне соқпай өте алмаймыз. Осы, басты, түпқазық жайлардың арғы-бергісін саралап, анықтап, күмәнді, күдікті, жасырын, жадағай тұстарын біліп алмай тұрып сөз айту – бос әурешілік.

Мәселен, қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағымды алайық. Бұл әдебиет тарихының профессор Бейсенбай Кенжебаев негіздеген дәуірлеуде
ХХ ғасыр басындағы әдебиетке тән бағыт. Ал Мұхтар Әуезов оны зар заман ағымы әдебиетінің (яғни жүз жылдық дәуір әдебиетінің) бір сипаты деп айғақтаған.

Мұхтар Әуезов зар заман ағымы ХVІІІ ғасырдың орта тұсында басталып, ХХ ғасыр басына шейін жайылған, ХІХ ғасырды тұтас қамтыған аса айқын әдеби арна болғандығын, оған ХІХ ғасырдың “бір сарынмен өлең айтқан” ақындарының барлығы кіргендігін айтты. Бұл жерде тұтас ХІХ ғасыр әдебиетін М. Әуезов “зар заманға” теліп қойды деген ұғым тумаса керек. М. Әуезов –


ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ ХІХ ғасыр әдебиетін барша бай үлгісімен, бар ерекшелігімен айрықша зерделеген бірден-бір әдебиет тарихшысы, әдебиеттанушы ғалым. М. Әуезов зар заманның күйіне орай, ХІХ ғасыр әдебиетін туғызушылардың шығармашылығынан қажетін ыңғайына қарай икемдеп отырып сөйлеуінде дәуір ақиқаты туғызған үлкен әдеби ағыстың жалпы әдеби үрдістегі құбылыстармен тоғысу, сабақтастық жөнінен бұл ағымның аса ықпалды ағым болғандығы жөнінен ой қозғап отырып айтқан.

“Бұхар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы – Махамбет. Одан кейінгілері Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буын Абай мен тұстас ақындар” [10, 208 б.].

Нарманбет, Шернияз, Досқожа, Күдеріқожа, Ығылмандардың заманы Абылай заманы емес, енді іс қана қалған, алыстан толғап, ойға тартамын деп отыруға болмай қалған заман екенін ұғындырады.

“Бұхар жырау заманынан келе жатқан бұрынғы әлеуметшілдік, ойшылдық сарынына Махамбет заманында ісшілдік қосылса, кейінгі ақындардың тұсында жаңа әсер сияқты болып дін мен мәдениет исі кіре бастады” [10, 212 б.].

Мұхтар Әуезов “жүз жылдық әдебиетті” (М.Ә.) үш кезеңге бөліп, әр уақыттың өзіндік ерекшелігін, ортақ сарын аясындағы өзгерістерін атап-атап көрсетіп отыр.

1. Әлеуметшілдік, ойшылдық сарыны – Бұхар заманы.

2. Ісшілдік – Махамбет.

3. Дін мен мәдениет – Ыбырай.

Осындағы бір ғана дін төңірегінде, діни-ағартушылық сарын жөнінде бүгінгі әдебиеттану ғылымы қарастыра түсер көп жай бұғып жатыр…

“Зар заманның тұсынан бері қарай дін сарыны біздің әдебиетте жылдан жыл өткен сайын үлкенірек орын алады. Басы Шортанбайдан басталған діншілдік (бұл жерде мін ретінде айтылып отырған жоқҚ.М.), ХІХ ғасырдың аяғына келгенде толып жатқан дін қиссаларына келіп соғады” [10, 212 б.].

Ел басынан өткен тарихтың ел әдебиетінде қалған ізі қазақ әдебиеттану ғылымында зерттелуі, туралап айтсақ, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен бастау алды.

Әдебиеттің тарихилығы мәселесі арнайы қарастырылмағанымен, өткен


ХХ ғасырдың өнбойында қай дәуірдің болсын әдебиетін қарастырған тұста қамтылып, айтылып отырды.

Мәселен, қазақ әдебиеті тарихын жасаудың, қазақ әдебиетінің теориялық тарихын ғылыми негіздеудің басында болған А. Байтұрсынов [12],


Х. Досмұхамедұлы [13], М. Әуезов [10], С. Сейфуллин [14], С. Мұқанов [9],
Қ. Жұмалиев [16; 17], т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде ел басынан өткен тарихтың әдебиетке әсері, көркем сөздегі ізі жайлы іргелі ойлар орнықты.

Қазақ әдебиеттану ғылымының өріс жайып өсуімен бірге бұл мәселенің де ауқымы кеңіп арғы-бергі тарихтың әдебиеттегі ақиқаты айтылып, ашылып отырды.

Қазақ әдебиетінің тарихын қай кезеңнен бастау, дәуірлеу мәселесінде кәрі тарихтың бар жайына барлау жасау, сол негізде әдеби құндылықтарымызды түгендеу, саяси-әлеуметтік, көркемдік тұрғыдан бағалау жүріп отырды. Мәселен, Ежелгі әдебиет, Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет, ХІХ ғасырдағы әдебиет, т.б. жүйесінде зерттеуде негізінен қазақ тарихындағы белгілі бір кезеңдердің қоғамдық-саяси даму сипаттары ұстаным болды.

ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің қазақ әдебиеттану ғылымындағы теориялық негіздемесінің жасалу жолдарына арналған диссертациялық еңбекте қазақ әдебиетіндегі тарихилық мәселесін арнайы зерттеген еңбек [35] барын атап өте отырып, жалпы бұл мәселенің ХІХ ғасыр әдебиетіне қатысты қайсыбір тұстарын қарастыруды ғана мақсат еткенімізді ескертуді жөн көрдік.

Атап айтқанда, әдебиет тарихында Мұхтар Әуезов орнықтырған зар заман ағымының тарихилық негіздемесінің қайсыбір мәселелері.

1995 жылы “Зар заман ағымы және Шортанбай мұрасы” атты филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін қорғалған еңбекте зар заман ағымының М.Әуезов негіздеген басты көркемдік сипаттарын атап көрсете отырып, Шортанбай шығармашылығының әдебиет тарихында бағалану жөндеріне, қайсыбір көркемдік қисындарына байланысты азды-көпті ізденіс жасаған едік. Осында зар заман әдебиетінің қазақ әдебиеттану ғылымындағы саяси-көркемдік жолмен бағаланып, танылуына да аз-кем тоқталғанбыз.

Ендігі, ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерін жанрлық даралық сипаттар, ауызша мен жазба әдебиетке, жаңа жазба әдеби тілді қалыптастырудағы қатысы жөнінен зерттеудің теориялық тарихын мүмкіндігінше қамтып қарастырып, ХІХ ғасыр әдебиетінің көркемдік дамуын белгілі бір дәрежеде бір дәуірдің біртұтас әдеби үрдісі есебінде, әрбір әдебиет үлгісінің өзіндік даралық сипаттарын және бір аша отырып қарастыруға, айғақтай түсуге арналған бұл жұмыста ХІХ ғасыр әдебиетіндегі айқын әдеби ағым зар заманның тарихилық негізделу жөнінен әлі де қозғап отыратын, қайта үңілуге тартып отыратын құндылықтары аз айтылып, немесе кем ұғылып жүру жағдайларынан туындап отырған қажеттілік байқалды.

Атап айтқанда, Мұхтар Әуезовтің кезінде зар заман дәуірін бөлген үш кезеңнің дәл ХІХ ғасырға қатысты дәуірлеріне қатысты қозғайтын, әсіресе әдеби үрдістегі тарихилық жөнге сүйене отырып, таратып айтатын мәселелерді қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының зерттеу нәтижелерін тірек, негіз ете отырып және бір ғылым назарына ұсынуды мақсат еттік.

“Түптеп келгенде өз халқымыздың сан ғасырлық өмір жолын ұлттық поэзиямыздың бабалар жыры арқылы тану, бұл біздің тарих көшінен сырт қалмаған, рухани тұрыдан нәрегей елдің ұрпағы емес екендігімізді танытатын төл құжатымыз ретінде бағалануы тиіс. Олай болса қазақ әдебиетінің тарихилық проблемасы тек осындай өзекті мәселеге жауап бере алатынымызға ғылыми тұрғыдан зерделеуге лайықты” – дейді қазақ әдебиеттану ғылымында тарихилық мәселесінен арнайы ғылыми монография жазған ғалым Жұмат Тілепов [35, 8 б.]. Мәселенің мәні осы пікірде барынша тұтас қамтылып айтылған.

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті ұлтымыздың рухани тарихында аса бір өзгеше орны бар, түрлі жанрда, түрлі көркемдік алымда жасаған сөз өнерінің айтулы мұрасы. Асыл жәдігері.

Ғалымның көтеріліп отырған тақырыпты игеруде алдына қойған міндеттеріне орай айқындаған қазақ әдебиетіндегі тарихилық мәселесінің негізгі ұстанымдары ХІХ ғасыр әдебиетіндегі зар заман ағымын тарихилық тұрғыдан қарастыруда назарымызда болды. Бұл жөнде ХІХ ғасыр әдебиетіндегі тарихилық мәселесін әсіресе, әдебиет үлгілерінің тарихи даму барысында, қоғамдық құрылыстағы өзгерістерге орай жанрлық жаңғыруларға ұшырауы жөнінен; тарихи кезеңдік құбылыстардың жеке тұлғаның шығармашылығына ықпал-әсері жөнінен; ел тарихының азаматтық тарих ғылымында бағалануындағы әдебиет үлгілерінің, әдебиеттану ғылымының ықпалы, тигізген әсері жайы жөнінен қамтуға баса көңіл бөлдік.

Соның ішінде Мұхтар Әуезов зар заманның “ісшілдік кезеңіне” жатқызған қазақ тарихында айқын ізі қалған нақтылы тарихи уақиғалардың: әкімшілік, жер реформаларының тікелей салдары болған ұлт-азаттық қозғалыстардың әдебиет тарихындағы айқын ізі қалған Махамбет поэзиясындағы тарихилық мәселесіне, Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің әдебиеттегі шындық жайларына, Жанқожа, Бекет батыр туралы шығармалардағы тарихилық мәселесіне таза тарихи жағдайлар тұрғысынан тоқталдық (көркемдік-теориялық жөннен, жанрлық сипат, тілдік, стильдік өзгешелік, өлең құрылымы жөнінен арнаулы тарауларда қарастырылғандықтан Қ.М).

М. Әуезовтің “Әдебиет тарихы” еңбегінің мәні мен қозғаған мәселесін қарастыра отырып, академик Серік Қирабаев былай дейді:

“Қазақ халқының тарихы өткен жолын шолу мен оған баға беруде, әдебиет туындыларын солармен байланыстыра қарастыруда Мұхтар сөзі алғашқы ғылыми ойлардың басы десе де боларлық. Ол мұны “Тарихи өлеңдер” мен “Зар заман ақындары” бөлімдерінде толық баяндаған. Оның “тарихсыз заманда” (тарихы жазылмаған деген мағынада) шыққан кітабындағы бұл ойлар да сонылығымен бағалы. Ол қазақ елінің кең даланы еркін жайлап жүрген заманындағы әдебиет үлгілерінде “Қайда барамын, не тілеймін, кім боламын?” деген сұрауларды өзіне қоймаған ел болғанын айта отырып, отаршылдықтың заманы туған кезде ғана әдебиетке “бағыт, мақсат” деген нәрселердің туғанына, жаңалық іздеп, “бастаймын, түзеймін, қазіргі күйге қанағаттанбаймын” деген күй, бірлік, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілігі сөз бола бастағанына, содан бастап жазба әдебиет дәуірі туғанына тоқталады. Осылардан бастап әдебиет “Әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты ермек емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірімен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сөздерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт-санасын құрай бастайды” дейді ол” [95].

Мұхтар Әуезовтің “Әдебиет тарихы” еңбегінде зар заманға артқан жүгі ауыр тұтас бір дәуір, орыс отаршылдығының кезең-кезеңімен жүргізген саяси ықпалынан ел басына түскен салмақтың бар күйі.

Мұхтар Әуезовтің зар заман ағымын тұтас бір дәуір әдебиетінен айқындауында оны ХІХ ғасыр әдебиетіндегі бір ғана әдеби бағыт есебінде қарастырмағандығын әр уақыт есте ұстай отырып, оның зар заман жөндерін қисындауының арғы астарларына үңіле түсу, мүмкіндігінше тұтас танып, дұрыс қабылдау ғылым жөні. Осы орайда 1995 жылғы “Зар заман ағымы және Шортанбайдың әдеби мұрасы” атты диссертациялық жұмысымызда қойылған мына бір мәселенің қайсыбір мәнін кеңіте қарастыруды міндет көрдік.

“Мәселен, зар заман ағымы отаршылдық дәуір әдебиетінің бар сипатын бойына дарытқан бағыт деп қарауға болмайды, сол отаршылдық дәуірдегі аса айқын, ауқымды әдеби-саяси ағым ретінде алып қарастырғанда ғана өзіндік сырын ашары хақ. Отаршылдық дәуірдегі әдебиеттің өзі жанр жағынан, қоғамдық-әлеуметтік тұжырыммен шектеуге келмейтін аса үлкен әдебиет. Мәселен, Абай поэзиясы тек зар заман ағымына теліп қоюға келмейтін ұланғайыр көркемдік әлем.

Біздіңше, әдеби ағымдарды, дәуірлерді айғақтауға қайсыбір жағдайда шектеулі шарттылықтарға барудың да зияны жоқ. Әуелі бір қайырып алып, әрі қарай тарата беруге кеселін келтірмейтін шарттылықты тапқан жөн. Кезінде Мұхтар Әуезов зар заман ақындары туралы тұжырымдар жасағанда қайсыбір межелерінің шартты екендігін білмеді дей алмас едік. Немесе, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесінде көптеген ғалымдарымыз өз сөзін аяқталған, соңғы тұжырым деп санамайтынын, жалғасын таба берер, жаңғыра берер үздіксіз ізденіс процесі екендігін ескертіп отыратыны осыдан болса керек.

Әрине, ХІХ ғасыр әдебиетін екі кезеңге бөліп келе жатқанымыздың өзі сол әдеби ағымдардың, өзгешеліктердің, сарындардың ара-жігін ашу үшін қолданылған шарттылық сияқты…

Профессор Бейсенбай Кенжебаев қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеуде ХІХ ғасыр әдебиетін екіге бөлмейді, сыншыл әдебиет деп тұтас баға береді. Яғни, ағымдарды, бағыт-сарынды, ерекшеліктерді ғалым әр дәуірдің ішкі талдауына қалдырып отыр.

Зар заман ағымы отаршылдық дәуірдің көп өзгешелігін қамтыған үлкен бағыт” [96, 28-29 бб.].

Мұхтар Әуезов зар заманның дәуір, кезеңдері зар заман әдебиетін туғызған ақындарға байланысты ойларының әріге тартып жатқан сырларына нақтылы мәселелер жөнінен арнайы назар аударған академик Серік Қирабаев осы жөнінде көп ізденіске бастайтын ойлар тастайды. Ғалымның әсіресе: “Сондықтан да Мұхтар зерттеуінде Махамбет пен Ыбырайдың зар заман әдебиетіне жақындайтын тұсы көбірек сөз болады да, одан айрылатын тұстары кең ашылмайды, басқа шығармалары талдаудан сырт қалады” деген пікірі Махамбет пен Ыбырайдың қазақ әдебиеті тарихындағы орны белгілі бір дәрежеде әбден танылып, орныққан ендігі кезеңнің шындығы ұсынып отырған олардың зар заманнан айрылатын тұстары мейлінше ашылған ақиқатты ғылыми негіз ете отырып, атап көрсетуімен ұтымды.

Ал, “Махамбет пен Ыбырайдың зар заман әдебиетіне жақындайтын” тұсына Мұхтар Әуезовтің негіздемелерін арқау ете отырып және бір қайырылып қарағанда, зар заманның тарихына Мұхтар Әуезовтің бұл тұлғаларды қосу жөндерінің себебіне бастайтын өмір шындығы мен әдеби үрдістің қайсыбір тоғысу құбылыстарының сыры өзіне тарта түсті.

Әсіресе әдебиеттің тарихилығы, зар заман ағымының тарихилығы жөнінен келіп отырған тұста шағын мақаланың өзінде Мұхтар Әуезовтің зар заманға байланысты әрбір тұжырымын мейлінше ауқымды алыммен, әдебиет тарихы, әдебиеттану ғылымының нәтижелері аясында жүйелеген академик Серік Қирабаевтың ұстанымдары осы бағыттағы таным-пайымымызды бекіте, кеңіте түсуге міндеттегендей болды.

С. Қирабаев М. Әуезовтің “Әдебиет тарихы” еңбегі зар заман әдебиетін негіздеуі, қазақ әдебиетінің бай мұрасы әлі де тұтас ғылыми айналымға түсе қоймаған кезеңде, әдебиеттану ғылымы өрісін өсіре қоймаған тұста жазылғандығын (1927 жыл), сол себебі де ғалымның қайсыбір негіздемелеріне қайта үңілудің қажеттігін меңзейді.

“Мұхтар кітабы ұлттық әдебиеттің даму жолы туралы алғашқы сүрлеу болғандықтан, онда әдебиет тарихына қатысты көптеген деректер, жеке ақындар еңбектері толық бағасын ала қойған жоқ. Оған сол тұста ақындар шығармаларының түгелдей жиналып басылмауы себеп болған. Оны автордың өзі де мойындайды. Оның әдебиет тарихын түгелдей қамтымай, оның сүрлеуін салуды ғана міндетіне алуы осыны байқатады. “Арғы заманның Сыпыра жырауы, Қазтуғаны, бергінің Алаша Байтоқ жырауы, Базар жырауы, Досқожасы болсын – барлығы да зар заман дәуірінен үлкен орын алатын ақындар, көбінің сөз саптауы мен күй сарыны осы шеңбердің ішіндегі үлгімен келеді” – дейді ол.

Әуезовтің бұл көзқарасы мен ғылыми тұжырымын түсінуге болады. Оның бүкіл тарихи әдебиетті зар заман сарынына тіреуі де көшпелі өмір кешіп, әр қилы сыртқы күштердің дүмпуіне ұшыраған елдің мұң-зарын бейнелеуінен туындайды. Алайда отаршылдықтың өзінің әр қилы дәуірді бастан өткізгенін, әр кезеңдегі халықтық күрес пен езілген елдің арман-үмітінің түрліше ерекшеліктері болғанын ескерсек, бүкіл бір ұлттың әдебиетін тек зар заманға бағындырып қою әдебиеттің өрісін тарылтып жіберетінге ұқсайды. Шортанбай, Мұрат, Нарманбет сияқты ақындарда ерекше танылған зар заман сарыны Махамбет пен Ыбырайда дәл сол бағытта дамымайды” [95].

Осы жөнде Махамбет пен Ыбырайды Мұхтар Әуезовтің зар заманға қосу себептерінің негізіне ой қосқанда оны да Мұхтар Әуезовтің өз зерттеуінен ала отырып, өрбіту қажет.

М. Әуезов Махамбетті зар заманның “ісшілдік” кезеңіне, Ыбырай Алтынсаринді “дін мен мәдениет исі шыға бастаған” кезеңіне қосуында,
С. Қирабаев айтып отырғандай “отаршылдықтың әр қилы дәуірді бастан өткізгеніне” орай жүйелеген.

Зар заман әдебиетін тарихи жөнде аса айқын зерделеген Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов зар заман сарынының күшейген уақыты қазақ жерінің соғыс отарынан жер отарына айналған уақыты деп атап көрсетеді.

Мұндағы “соғыс отары” болған кезең қарапайым ұғыммен ұлт-азаттық көтерілістер кезеңі. “Жер отары” – ұлт-азаттық көтерілістер жеңіліп, қазақтың жерінің мемлекет меншігіне көшкен кезеңі, 1967-68 жылғы жер реформасынан кейінгі уақыт.

Мұхтар Әуезов зар заманды шартты түрде “Жүз жылдық дәуірдің ” әдебиеті атап оған шындығында Қазақстанның Ресейге қосылғаннан кейінгі кезеңдерді тұтас кіргізіп, оның өзін үш кезеңге бөлгені қазірде көпке белгілі жүйе.

Мұхтар Әуезов Абылай заманындағы зар заман ақындарын екі жікке бөліп қарады. Бірі – келер күннің жұмбағын шешіп, елге үлгі, өсиет сөз сөйлейтін, болжау айтқан қария. Екіншісі – толғау айтқан жырау. Қариясы – Асан. Жырауы – Бұқар. Асан бұл жөнінде Абылай дәуірінде өмір сүрмегенімен, шартты түрде хан маңында болуға тиісті ақылшы қариялардың жиынтық бейнесі ретінде аталған. Асан – М. Әуезов пайымдауында ең алдымен елдің ақылшы кемеңгері, заманның сыншысы, қырағысы.

“Бұқар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы Махамбет. Одан кейінгілері Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буын Абаймен тұстас ақындар” [10, 208 б.].

Мұхтар Әуезов Нарманбет, Шернияз, Досқожа, Күдері қожа, Нысамбай, Ығылмандардың заманы Абылай заманы емес, енді іс қана қалған, алыстан толғап, ойға тартамын деп отыруға болмай қалған заман екенін ұғындырады.

“Бұқар жырау заманынан келе жатқан бұрынғы әлеуметшілдік, ойшылдық сарынына Махамбет заманында ісшілдік қосылса, кейінгі ақындардың тұсында жаңа әсер сияқты болып дін мен мәдениет иісі кіре бастады” [10, 212 б.].

Мұхтар Әуезов орыс отаршылдығы туғызған жүз жылдық дәуір әдебиетін үш кезеңге бөліп, әр уақыттың өзіндік ерекшелігін, ортақ сарын аясындағы өзгерістерін атап-атап көрсетіп отыр.

1. Әлеуметшілдік, ойшылдық сарыны – Бұқар заманы.

2. Ісшілдік – Махамбет.

3. Дін мен мәдениет – Ыбырай.

М. Әуезов зар заманды әдебиеттегі елеулі бағыт ретінде тұтас танытып, аштым деген жоқ, оны жан-жақты негіздеудің мәселелерін қойды.

“Қазіргі қарастырылғалы отырған зар заман ақындары – сол ел қамын сөзбен жоқтаған жоқшылар. Бұлардың туысы мен бағыт сарыны ел басына келген тарихи дәуірден туғандықтан, барлық ақынды тарих көлемінде қарастыру керек” [10, 93 б.].

Осы жолмен келгенде, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында “барлық ақынды тарих көлемінде қарастыру” (М.Ә.) ісі бір ғасырға жуық уақыттан бері қозғалып, қолға алынып, жалғасын тауып келе жатқан ғылыми үрдіске айналды. Қазақ әдебиеттану ғылымында қазірде арна-арна, сала-сала болып ілгерілеп дамып отырған жеке тұлғаның шығармашылығының зерттелу негіздері бар. Абайтану, махамбеттану, шортанбайтану, дулаттану, жамбылтану, сәкентану, т.б.

Махамбет Өтемісұлының тарихи дәуір туғызған асыл өлеңі, әрине, бүгінгі махамбеттану өресінен ашқанда зар заманның күйі жайлы жалпы ұғымға жығылмайтын алапат өнер. Сонымен бірге, тарих көлемінде қарастырғанда Махамбеттің поэзиясы – отаршылдықтың “ісшілдік кезеңі”, ой толғап отыру қалып, қазақ орысқа бағынбаймын деп, қолына қару алып азаттық күреске шыққан тарихи кезеңнің тікелей жемісі. Мұхтар Әуезов зар заман дәуіріндегі әр кезеңнің өз сарыны, өз күйі болғанын, өз ерекшелігін, сонымен қоса бар кезеңді қосқан күй азаттық сарыны болғандығын анық айтты.

ХІХ ғасырдағы отаршылдық тарапынан жүргізілген түрлі саяси-әкімшілік, әлеуметтік пәрмендер әр кезеңнің өз ішінде әр қилы, әр келкі таным, көзқарастың болуына әр қилы әрекетке әкелгендігі заңдылық. Мәселен, дін мен мәдениет Ыбырай Алтынсариннің тұсы деп көрсетілгенімен, бұл кезеңге Шортанбай да, Мұрат та, т.б. ақындар да кіреді. Негізінде М. Әуезов Шортанбайдағы діннің жайын да, Ы. Алтынсариннің ХІХ ғасырдағы ұлт оянушылығының басындағы тарихи еңбегін де белгілі бір тарихи кезеңнің табиғатындағы құбылыстар есебінде таниды. Ілгеріде әдебиет тарихын дәуірлеудегі қайсыбір шарттылықтар жөніне тоқталған едік, бұл мәселенің сол жайға да қатысы бар, әрине. Сонымен бірге, М. Әуезов қазақ жерінің мемлекет меншігіне өтіп, елдің “жер отарына” айналған тұсындағы заман шындығы бодан елдің әдебиетіне қандай-қандай бағыт туғызғанын таратып ұғынуды, ашып, ажыратып қарауды ұрпақ еншісіне қалдырған.

Сол үшінші кезеңдегі бір ғана дін ұғымы, діни-ағартушылық сарын жөнінде бүгінгі таным үңіле түсер мәселе аз емес.

“Зар заманның тұсынан бері қарай дін сарыны біздің әдебиетте жылдан жыл өткен сайын үлкенірек орын алады. Басы Шортанбайдан басталған діншілдік (бұл жерде мін ретінде айтылып отырған жоқҚ.М.) ХІХ ғасырдың аяғына келгенде толып жатқан дін қиссаларына келіп соғады” [10, 212 б.].

Дін қиссаларының таралу себептері, жалпы ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы дін жайы, дін саясаты жайлы қазіргі уақытта біршама жинақталған, жүйелі таным орнықты.

Біздіңше, ХХ ғасыр басында зар заман әдебиетіндегі дін сарынын Мұхтар Әуезов те өзімен өрістес, қазақтың озық ойлы адамының бірі Халел Досмұхамедұлының мына бір тұжырымындағы негізде қабылдап, бағалаған.

“Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерінен іздеу қажет” [13, 33 б.].

Осыған ұқсас ойды ХІХ ғасырдың ішінде шығыстанушы В.В. Радловтың да айтқаны белгілі [50].

Көрнекті ғалым профессор Бейсенбай Кенжебаев діни ағым, әдебиеттегі дін жайы деген мәселелермен, әсіресе ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін зерттеуінде жиі-жиі ұшырасып отырды. 1969 жылғы, “Қисса-сұл Әнбияны” талдауы қандай орынды. Ғалымның “діни” дегеннен ешуақытта шошымау позициясын ұстанғаны осыдан-ақ көрініп тұр [20].

Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымының айтулы өкілі саналатын Шортанбай Қанайұлын замана көшінде “діншіл” деп көп айтуымыздың түп-төркінінде бұғып жатқан көп мәселе бар. Оның бір ұшы мүлде жаңа әдеби үрдіс туғызған Ыбырайды да, Абайды да шарпиды. Ол – әдеби дамудағы тарихилық құбылыстың заңдылығы алға тартқан табиғи даму сатысының бір сипаты.

Бір кездерде айыптай айтылған Шортанбайдағы дін жайының, үреймен, жеккөрушілікпен айтылған “мұсылмандық қозғалыстың” қазақ даласында жандану себебінің бір ұшы Ресей империясы тарапынан жүргізілген қазақты дінсіздендіру саясатымен жалғасып жатыр.

Зар заман әдебиетінің айрықша бір белгі, сипаты саналған діни бағыттың, діни ағым, сарынның бар жайы діншіл аталған бір Шортанбай дүниетанымымен шектелмейді.

Ыбырай Алтынсариннің зар заманға, оның ішінде діни жөнге қатысы болуының даусыз тарихи алғышарттары бар.

Шортанбай, Ыбырай заманындағы дін жайына тоқталғанда дәл сол заманда халық ішінен әдебиет үлгілерін жинап зерттеген, оған баға берген В.В. Радлов пікірлері де біраз сырдың астарын ашады.

В.В. Радловтың ғылыми-зерттеушілік еңбегінің, қазақ әдебиетінің ғылыми сипаттамасын жасауының құны өлшеусіз. Алайда Ресей империясын халықтың басқа күйі көбірек ынтықтырғандықтан да ғалым бар жұмысына сипаттама бергенде империяға аса қажет мәліметтерді алға тарта сөйлейді.

“Бұл басылымның І және ІІ томдарында жарияланған халық әдебиетінің үлгілері басқа көпшілік тайпаластары тәрізді ислам әсеріне беріле қоймаған көне шаман дінін әлі де берік ұстаған Оңтүстік Сібірдегі түркі тайпаларының рухани мұрасын құрайды. Алдыңызға ұсынылып отырған том Алтайдың терістігін жайлаған қазіргі кезеңде ислам дінін тұтынатын түркі тайпаларына арналған. Ол тайпалардың ретін территориялық жағынан да, қоғамдық және рухани жағдайымен де Мұхаммед дінінде жоқ түріктерге бір табан жақын тұратын қазақтардан бастаймыз” [50].

М. Мырзахметов өзінің “Ыбырай және профессор Ильминский” мақаласында әдебиетіміздегі діни сарының күшейе түсуіне үлкен ықпал жасаған миссионерлік саясаттың беймәлім тұстарын нақтылы дәлелдермен аша түседі. Ол Әбен Сыбанұлы деген адамның 1963 жылы 25 желтоқсанда көшірілген қолжазбасына тоқтала келіп, былай дейді: “Бір назар аударатын мәселе, осымен бірге осы қарияның қолжазба көшірмесінде патшаның ресми түрде жүргізілген миссионерлік саясатына қисса-дастандардың жиі таратыла бастауы, тіпті қазақ әдеби тілінің шұбарлану процесін де осы саяси құбылыспен тікелей байланыстыра қарау танымы айқын сезіліп тұрады” [97, 111 б.].

Ш. Сәтбаеваның Ы. Алтынсариннің 1884 жылы Қазан университеті типографиясында араб харпімен жарық көрген “Шариат ул-ислам” кітабына (“Мұсылманшылықтың тұтқасы”) тоқталуы, талдауы халқымыздың мәдени тарихында дін мәселесіндегі көзқарасымыздың көкжиегін кеңейтіп көтере түсетін елеулі зерттеу.

“Діни кітаптарды: “Библияны”, “Құранды” зерттеу, талдау жасап, түсініктемелер жазу ісі орта ғасырда экзегетикалық (діни негіздерді түсіндіру) дәстүрі қалыптасады.

Бұл дәстүр көптеген әдебиеттердің тарихында дамыған. Мысалы, грузин әдебиетінің Х-ХІІ ғасырлардағы дамуы осы экзегетикалық дәстүрмен байланысты” [97, 199 б.].

Ш. Сәтбаева бұл дәстүрдің ежелден бар екенін атап айтып отырады.

Ыбырай Алтынсариннің “Мұсылманшылықтың тұтқасы”, Абайдың иманның жайын, діннің жайын қозғаған қарасөздері (13, 38 т.б.) кейінде Шәкерімнің “Мұсылмандық шарты” (1912) [98] сол діннің жайы, діннің негіздерін ұғындыруды ұстанған еңбектер. Дін негіздерін ұғына түсудің рухани қажеттілігі өз алдына, сол заманда бұл мәселенің нәзік саяси астары болғандығы белгілі.

М. Мызахметов сол тұстағы діни, рухани саясат, зымиян әрекеттердің астарын ашуда нақтылы жағдайларды арқау етеді.

Патша үкіметінің әуелден құпия сақтап келген миссионерлік саясаты енді ашық әрекетіне, бұратана халықтарды православие дініне шоқындырып, орыстандыру саясатына ашық кірісе бастаған тұста қазақ қоғамында қилы ахуалдың бастан өткенін тарихтың алға тартқан ендігі бір саяси сілкініс кезеңі болғанын көрсетеді.

“Міне, осы саясаттың ызғары лебін сезген қазақ арасында ескіше оқыған ақын-жазушылар орыстандыру саясатына қарсы идеологиялық күрес жүргізіп, қазақ әдебиеті тарихында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен Қазан төңкерісіне дейін созылып келген кітаби ақындар шығармаларында діндарлық сарынның өріс ала бастауына қозғау салды. Осы кітаби ақындардың пайда болу, даму, тоқталу процесіне көз жіберсек, оның не себепті пайда болып, аяқталу себебіне көзіміз жете түседі” [92].

Қазақ әдебиетіндегі (ХІХ ғасырдағы) діни мазмұндылық жайын Ахмет Байтұрсыновтың діндар дәуір атап, қарастырғаны белгілі. Қазаққа жазу дінмен келді дейді. Дін үйренушілердің халыққа өлең сөздің өтімділігін пайдаланып көп жайда дін уағыздарын өлең-қиссалармен таратқанын айтады. Сол орайда Шортанбайға назар аудара кететіні бар: “…қожалардың, молдалардың ішінен Шортанбай, Ақмолда сияқты ақындар шыққаннан кейін жазба сөздері бітегене дәмділенген” [12, 435 б.].

Қазақ әдебиетіндегі, қазақ руханиятындағы діни сарынның қыр-сырына Ахмет Байтұрсынов аса байыппен ой тастап, мәнді тұжырымдар жасады.

“Бастапқы жазба әдебиетінің мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты – тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуіге бөлінді: діндар дәуір, ділмар дәуір” [12, 435 б.].

ХІХ ғасырдың орта шенінде әсіресе жандана түскен миссионерлік саясатқа қарсылық ретінде бой көтеріп, етек жайған діни-ағартушылық мұраттарға Мұхтар Әуезов зар заманның үшінші – дін мен мәдениет иісі шыға бастаған кезеңіне қатыстыра атаған Ыбырай Алтынсариннің қосылатын тұсы қайсы дегенде, Ахмет Байтұрсынов атаған “дінді жаю, дінді күшейтуді көздеген, тілді ұстартып, әдебиетті күшейткен жазба әдебиеттегі екі мақсаттың екеуін де (тек екінші емесҚ.М.) көреміз”.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет