Меңгеріле байланысқан сөз тіркесі Лекция №5 Меңгеру - сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөздің басыңқымен мағыналық үйлесімі негізінде септік жалғауларының (іліктен басқа) бірінде тұрып байланысуы; меңгерілетін сөз табыс, барыс, шығыс, көмектес, жалғауларының бірінде тұрады да, меңгеретін сөз етістік, есім не сол екеуінің ортақтасқан тобы болады. Басыңқы сыңар негізгі қызмет атқарады, осыған қарап меңгеруді үшке бөлеміз: Етістікті меңгеру (терезені ашты, жайлауға шықты, қалтасынан алды, жолда жатты, түнімен жүрді); Есімді меңгеру (қойдан жуас, оқуға ықыласты, қалада көп); Ортақ меңгеру (айтуға тілім жетпейді, сөзін мақұл көрдік, жұртқа күлкі болғанмен, маған күлкі емес). Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарлары барыс, шығыс, жатыс, көмектес жалғауларының бірінде жұмсалады да, басыңқылары көбінесе баяндауыш қызметіндегі есімдер болады. Мысалы: (Жерім) малға бай, (Ол) сөзге шорқақ, (Досан) комиссияға мүше, (Мен) саған кіммін? (Оның сөзі) маған түсініксіз, (Бұл ат) мінуге жақсы, (Бұл қылығың) өзіңе жаман. Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері онша көп кездеспейді және барлық есімдер бірдей ондай сөз тіркесінің меңгеруші сыңары бола алмайды. Есімдердің ішінде көбінесе бастауыштың күйін, халін білдіретін сөздер есімді сөз тіркесінің басыңқысы болып жиі жұмсалады. Олар мынандай есімдер: 1. Сын есімдер. Негізінде, сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары болатын сын есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалғанда, есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болып та айтылады. Заттың түсін білдіретін сын есімдер: қардан ақ, қаннан қызыл, күйеден қара; Заттың ішкі-сыртқы сапасын білдіретін сын есімдер: өзіңе жақсы, маған түсінікті, тазалыққа жаман, ақшаға сараң, жусаннан биік. Барыс, шығыс, көмектес, кейде жатыс септіктерінде айтылып, сын есіммен тіркесетін сөздер толықтауыштық қатынаста жұмсалады: Жуас түйе жүндеуге жақсы.