Тарих ғылымында ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бері Қазақ хандығының негізін қалаған екі тұлғаның – Керей мен Жәнібектің есімдері анықталып, белгілі болған. В.В.Вельяминов-Зернов алғаш рет Оразмұхаммед ханның шығу тегін анықтау барысында «Тарих-и Рашидидің» мәліметтерін айналымға енгізе отыра, былай деп жазған болатын: «Қазақтар туралы (В.В. Вельяминов-Зернов қырғыз қайсақтар деп жазады – Б.К.) «Тарих-и Рашидиде» Мұхаммед Хайдар айтқан мәліметтер хижра бойынша 860 жылдан 944 жылға дейінгі, яғни 1456 жылдан 1537-38 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.