«Мейіргерлік істегі психология және коммуникация негіздері» пәні бойынша студентке арналған



бет120/200
Дата24.09.2023
өлшемі1,16 Mb.
#182238
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   200
Байланысты:
«Мейіргерлік істегі психология ж не коммуникация негіздері» п ні

XX - практикалық сабақ
Сөйлеу және зерде бұзылысы бар емделушілермен қарым-қатынас
Сөйлеу – қарым-қатынас құралы. Сөйлеу арқылы адам қоршаған әлемді таниды, қарым-қатынас жасайды, пікір алмасады. Зерде бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілінің дамуының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл балаларда сөйлеу тілі анағұрлым кеш қалыптасады және сөйлеу тілінің барлық компоненттерінде (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) бұзылыстар болады.
Зерде бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілін зерттеген көптеген ғалымдар сөйлеу тілінің кеш қалыптасуының себебін, танымдық қызметінің дұрыс дамымауымен байланыстырады. Таным қызметінің бұзылысы тілдің семантикалық және грамматикалық құрылымын меңгеруде қиындықтар туғызады.
Зиятында ауытқуы бар балаларда фонематикалық есту қабілеті кеш дамып, салдарынан былдыр да кеш пайда болады. Қалыпты дамыған балаларда былдыр 4-8 айларында, алғашқы сөздері 10-18 айларында пайда болса, зерде бұзылыстары бар балаларда былдыр 12-24 айларында, алғашқы сөздері 3 жастан кейін ғана қалыптасады.
Зерде бұзылыстары бар балалардың ауызша сөйлеу тілінде дыбыс айтылуының бұзылысы көп кездеседі. Оның бірінші себебі – танымдық қызметі дамуының артта қалуы, екінші – фонематикалық қабылдауының төмен деңгейде болуы. Сөйлеу тілінің дыбыстық құрылымының дұрыс қалыптасуында – өзге адамның сөзіндегі дыбыстарды анық қабылдаудың маңызы зор. Дыбысты дұрыс айту үшін, ұқсас және басқа да дыбыстардан ажырата білуі керек. Егер, бала дыбысты естіп қабылдамаса, ол дыбыстың дұрыс айтылуын да бақылай алмайды. Фонематикалық қабылдау дегеніміз – тіл дыбыстарын ажырату және сөздің белгілі дыбыстық құрамын айыра білудің арнайы әрекеті.
Үшінші себебі– жалпы және сөйлеу моторикасының дұрыс дамымауы. Ұсақ қол моторикасы мен сөйлеу аппаратының қимыл-қозғалысындағы бұзылыстар – балалардың сөйлеу тілінің қалыптасуына кері әсерін тигізеді.
Төртінші себебі – тістердің дұрыс орналаспауы, қатты таңдайдың биік немесе жалпақ болуы, тілдің ұзын немесе үлкен болуы, жақ сүйектерінің қисық болуы және т.б., яғни арикуляция мүшелеріндегі олқылықтар дыбыстардың дұрыс айтылуына кедергі болады.
Ақыл-ой дамуының артта қалуы, қоршаған орта туралы түсініктері мен білімдерінің аздығы, қызығушылықтарының жоқтығы және тілдік қарым-қатынасқа деген қажеттіліктерінің төмендігі – зерде бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тілінің лексикалық-грамматикалық құрылымындағы бұзылыстарға негіз болады. Бірінші сынып оқушылары күнделікті қолданатын заттарының аттарын, оның бөлшектерінің атауларын білмейді. Сөйлеу тілі негізінен зат есімдерден құралады. Жалпы есімдер (ойыншықтар, жиһаздар, аяқ киімдер), сын есімдер: түстер (қызыл, жасыл, көк), көлем (үлкен, кішкене), дәм (тәтті, ащы), амоним сөздер сирек кездеседі. Белсенді сөздік қорында бір етістікті бірнеше мағынада пайдаланып, үстеулерді (астында, үстінде, алдында және т.б.) қолдануда жиі қателер жібереді.
Зерде бұзылыстары бар балалар байланыстырып сөйлеу тілінде жай сөйлемдерді, атаулы және аяқталмаған сөйлемдерді қолданады. Қолданған сөйлемдерінде аграмматизмдер болады, сөйлемдердегі сөздер дұрыс байланыспайды, септік және көптік жалғауларды дұрыс пайдалана алмайды, дыбыстық талдау мен жинақтауда қиналады, нәтижесінде оқу мен жазу дағдыларында түрлі қателер орын алады. Сөздік қорларының аз, қарым-қатынасқа деген қызығушылықтарының төмен болуы, өзінің айтып тұрған сөзін түсінбеуі – олардың монологтық сөйлеуді меңгеруіне жағымсыз әсерін тигізеді. Балалардың тілдік қарым-қатынас жасауы ұзақ уақыт сұрақ-жауап түрінде қалады, өз ойларын еркін жеткізулері қиындықпен қалыптасады.
Зерде бұзылыстары бар балалардың сөйлеу тіліндегі кемшіліктерді түзетуде логопедиялық түзету сабақтарын жүргізу қажет. Сабақтар жеке және топтық болып ұйымдастырылады. Сөйлеу тіліндегі бұзылыстардың құрылымына қарай түзету жұмысының әдіс-тәсілдері анықталып, керекті сөздік және дидактикалық материалдар іріктеледі, логопедиялық сабақтың жоспары құрылады. Жүйелі ұйымдастырылған түзету жұмыстары балалардың сөйлеу тіліндегі бұзылыстардың алдын алады, түзетеді, олардың әлеуметтік бейімделуі мен тәуелсіз өмір сүруіне негіз болады.
Балалар дамуындағы аномальды балаларды арнаулы мектептерге жібереді. Аномальды балалар – физикалық немесе психикалық дамуы ауытқыған балалар. Кемістік немесе дефект балаларда іштен туа және жүре пайда болуы мүмкін. Іштен туа пайда болған кемістіктің болуы әр түрлі себептерге байланысты:
Тұқым қуалаушылық;
Жаңа дамып келе жатқан ұрыққа сыртқы ортадан химиялық, механикалық, температуралық әсерлердің ықпал етуі;
Тамақтанудың нашарлығы;
Организмге суық тиюдің әсері.
Жүре пайда болған кемістік – бұл баланың нәресте кезінде жұқпалы аурулармен науқастануы. Мысалы: эпидемиялық менингит, полиомелит, қызылша, скарлатина, т.б. аурулар.
«Аномальды балалар» - термині бұл арнаулы мектептерде оқытылатын балаларға арналған. Аномальды балалардың негізгі топтары:
есту мүшелері нашар дамыған балалар (мүлдем естимейтіндер, нашар еститіндер).
көру мүшелері нашар дамыған балалар ( мүлдем көрмейтіндер, нашар көретіндер).
күрделі құрылымды кемістігі бар балалар.
ақыл-есі нашар дамыған балалар.
сөйлеу қабілеті нашар дамыған балалар (алалия, тұтықпа, дислалия, дизартрия).
Аномальды балаларды тәрбиелеу және оқыту олардың физикалық дамуына және ақыл-ой дамуына қарай ұйымдастырылады. Кейбір балалардың кемістіктерін түзегеннен кейін, оларды кәдімгі мектептерде оқытуға болады. Ал кейбіреулері арнаулы мектептерде оқытылады және сонда тәрбиеленеді. Аномальды балалардың білім алу қабілеті әр түрлі болады. Кейбір балалардың білімді меңгеру дәрежесі кәдімгі жалпы білім беретін мектептердің жай ғана оқу бағдарламасын игерумен шектеледі. Ал кейбіреулердің мүмкіндіктері шексіз болады. Әрбір категориядағы балаларға біздің елімізде белгілі оқу орындары белгіленген:
Керең, нашар еститіндерге арналған мектептер;
Соқыр және нашар көретіндерге арналған мектептер;
Қосалқы мектептер (ақыл-есі нашар дамыған балаларға арналған);
Логопед пунктері (тіл кемістіктері бар балаларға арналған);
Сөйлеу қабілетін түзету мектептері (күрделі тіл кемістіктері бар балаларға арналған);
Барлық топтағы балалар үшін бала-бақшалар;
Мемлекет тарапынан жәрдем беретін арнаулы орындар.
Аномальды балаларды тәрбиелеу және оқыту бұл күрделі педагогикалық жұмыс болып есептелінеді.
Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың ерекшелігі
Сөйлеу тіліндегі мүкістердің патологиялық дәрежелеріне, белгілі бір мүшелерінің атқаратын қызметтерінің бұзылуына, зақымдануының уақытына, басты кемістіктердің ықпалынан пайда болатын екінші бір ақаулықтардың көрінуіне байланысты олардың бір-бірінен айырмашылықтары да әр алуан болып келеді. Олар әрқайсысының өзіне тән симптоматикалық және динамикалық ерекшеліктеріне қарай әр түрлі салаға бөлінеді. Мұндай салаға дауыстың бірқалыптылығының бұзылуы, сөйлеу тіліндегі дауыс ырғағының бұзылуы, тұтықпа, дислалия, ринолалия, дизартрия, алалия, афазия, жазу тілі мен оқу тілінің бұзылуы жатады.
Тіл бұзылуының себептері органикалық және функциональдық болып бөлінеді.
Органикалық – түрлі зақымдардың нәтижесінде тіл аппараты мен жүйке жүйесінің бөлімдерінің бұзылуы.
Функциональдық – мұнда органикалық зақымдану болмайды, тек сөйлеу механизмдерінің функциясы бұзылады.
Тілдің бұзылуы түрлі жаста, әсіресе жас балаларда көп кездеседі.
Сөйлеудегі бұзылу келесі топтарға бөлінеді:
Фонетикалық бұзылулар – бір дыбысты немесе бір топқа жататын дыбыстарды айта алмау (ызың, шұғыл, тіл ортасы, тіл алды дыбыстардың бұзылуы; дауыссыз дыбыстардың қатаң – ұяң – үнді айтылуының бұзылуы, дыбыстарды дұрыс қабылдау қабілетінің бұзылуы). Бұған дислалия, дизартрия, фонетикалық-фонематикалық жетілмеу жатады.
Лексикалық-грамматикалық бұзыллар. Бұған енетіндер: шектеулі сөздік қор, жадағай фраза; фразадағы және сөйлемдегі сөздердің өзара қиыспауы, шылаулар мен жалғау-жұрнақтарды қате қолдану (сөйлеудің жалпы жетілмеуі).
Әуендік – екпіндік бұзылулар: екпінді дұрыс қоймаумен байланысты, дауыстың күші мен жоғарылығы, тембрінің бұзылуына қарай (ақырын, қарғылыңқы, бақылдақ және т.б.). мысалы: дисфония, ринолалия, ринофония т.б.
Қарқындылық – ырғақтық бұзылулар: мидағы қозу үдерістерінің басымдылығымен байланысты болатын шапшаң қарқын (брахилалия); тежелу үдерістері басым болатын баяу қарқын (брадилалия); үзік-үзік қарқын (қажетсіз паузалар, сүріну, құрысу сипатты емес кекештену – физиологиялық итерациялар, полтерн және құрысу сипатындағы – тұтығу немесе кекештік).
Жазба тілдің бұзылуы: жазуда: фонеманың графемаға қате айналуы; толық жазбау; сөздегі әріптерді тастап кету немесе шатастыру; сөйлеудегі сөздердің өзара қиыспауы немесе орындарының ауысуы; жазу жолынан шығып кету т.б., оқуда: дыбыстарды алмастыру мен шатастыру; әріптеп оқу; сөздің дыбыстық-буындық құрамын бұрмалау; оқылғанды түсінудің бұзылуы; аграмматизмдер. Мысалы: дислексия мен дисграфия.
Сөйлеудің жүйелі бұзылуы: сөйлеу мүмкін емес немесе былдырлау мүмкіндігі ғана болады, мысалы, алалия және афазия.
Дислалия – сөйлеу тілі мүшелерінің анатомиялық кемістіктерінен дыбыстардың бұзылып айтылуын сипаттайды. Дислалия сөйлеу тіліндегі ең көп тараған мүкістіктер.Пайда болу себептеріне қарай дислалия механикалық және функционалдық болып бөлінеді.
Органикалық дислалияға сөйлеу тілі аппаратының сыртқы сүйек құрылысының және бұлшық ет түзілісінің органикалық кемістігінен дыбыстардың бұзылып айтылуы жатады. Органикалық дислалияның ерекшеліктері: тіл асты желбезегінің тым қысқа болып бітуінен, тілдің ұшы жоғары қарай емін еркін көтеріліп қимылдай алмайды да, таңдай арқылы айтылатын дыбыстар бұзылады. Сонымен қатар тілдің ауыздың ішіне зорға сиып тұратын өте етжеңді үлкен немесе өте кішкентай жіңішке болуы да дыбыстардың дұрыс айтылуын қиындатады.
Соныменен, органикалық дислалия бұл перифериялық аппараттың сүйегі мен бұлшық етіне зақым келуінен дыбыстардың дұрыс айтылмауы.
Перифериялық сөйлеу аппаратының бұзылуы туа пайда және жүре пайда болуы мүмкін.
Туа пайда болатын кемістікке жататындар:
прогнатия -жоғары жақ төменгі жақтан алға шығып тұрады;
прогения – төменгі жақтың алға шығуы;
тістердің дұрыс орналаспауы;
еріннің түрлі кемістіктері;
таңдай параличі;
Жүре пайда болатын кемістікке жататындар:
сүйектер мен бұлшық еттердің зақымдалуының нәтижесінде артикуляциялық аппаратта пайда болатын түрлі кемістіктер.
Дұрыс тістеу – бұл астыңғы алғы тістер үстіңгі тістермен сәл жабылып тұрады.
Органикалық дислалияға жататын кемістік бұл ринолалия.
Ринолалия – ауыз бен мұрын қуыстарының дұрыс қызмет етпеу нәтижесінде дауыс құбылысының өзгеруі мен сөйлеген уақытта дыбыстың бүлінуі.
Ринолалияның түрлері:
Ашық ринолалия – сөйлеген уақытта ауа ауыз және мұрын қуысы арқылы өтеді.
Жабық ринолалия – ауа тек ауыз арқылы өтеді, бұл әсіресе «м,н» әріптерін атағанда білінеді.
Ашық ринолалияның себептері: таңдайдың бөлінуі, жұқа таңдайдың қысқалығы, таңдайдың параличі.
Жабық ринолалияның себептері: мұрын қуысының бітелуі, мұрын қуысындағы ісіктер, мұрын қалқасының қисайып қалуы.
Ринолалик балалар өте әлсіз болады. Осының өзі олардың сөйлеуінің дамуына әсер етеді. Туылғаннан кейін олар өте кеш отыра бастыйды, сөйлей бастағанда көптеген қиыншылықтарға кездеседі. Олар мектепке барған уақытта түрлі қиыншылықтарға кездеседі. Мұғалімдер оны түсінбеуі мүмкін, айналасындағы балалар да мазақтауы мүмкін. Бұның бәрі оның психикасының дамуына әсерін тигізеді. Кейбір ринолалик балалар өздерінің осындай кемістіктерінен мектепті тастап кетеді де көп сөйлемейтін жұмыс, мамандық іздей бастайды. Міне, сондықтан ринолалик балаларға ерте кезден бастап жәрдем көрсету керек. Бұл жәрдемді хирург пен логопед мамандары көрсете алады.
Мысалы, «хейлопластика» - бұл туғаннан кейінгі бірінші аптада баланың жоғары ерніне жасалатын операция.
«Уранопластика» - жасанды таңдай жасау. Бұл операция 5-6 жасында жасалады. Қазіргі мәліметтерге қарағанда жыл сайын 5000-нан астам балалар таңдай кемістіктерімен туылады. Бұның себебі: сөйлеу аппаратының жетілмеуі, түрлі инфекциялық, вирустық аурулар, тұқымқуалаушылық.
Дислалия сөйлеу тіліндегі бұзылған дыбыстардың санына қарай қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Егер баланың сөйлеу тілінде мүкістердің саны төрт дыбысқа дейін байқалатын болса – оны қарапайым дислалия деп атайды, ал егер бесеу және одан да көп болса – оны күрделі дислалия деп атайды.
Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың мүкістік ерекшеліктеріне қарай бөлінетін дислалияның түрлері:
Сигматизм – ызың дыбыстардың («с», «з», «ц», «ж», «ч», «ш», «щ») айтылуындағы мүкістіктер. Бұлар сөйлеу тіліндегі кемістіктердің ішіндегі ең көп тараған түрі;
Ротацизм – «р» дыбысының айтылуындағы мүкістік;
Ламбдацизм – «л» дыбысының айтылуындағы мүкістік;
Таңдай дыбыстарының айтылуындағы мүкістіктер;
Каппацизм – «к» дыбысы;
Гаммацизм – «г» дыбысы;
Хитизм – «х» дыбысы;
Йотацизм – «й» дыбысы;
Алалия грек сөзі, «қолдануға жарамайтын болымсыз тіл» деген мағынаны білдіреді. Демек алалия деген ұғымға баланың құрсақтағы немесе тілі шыққан нәрестелік даму кезеңінде бас миы қабыршағының сөйлеу тілін қалыптастырып жетілдіретін аймағының органикалық зақымдануынан сөйлеу тілінің жүйелі түрде дамымауы немесе мүлде болмауы жатады. Сөйлеу тілінің мұншалықты бұзылуына негізінен орталық жүйке жүйесінің зақымдануы себеп болады. Органикалық зақымдануға мидың қабынып ісінуі, сырттан болатын қатты соққыдан зақымдануы, босанған кезде миға қан кетуі және нәрестенің құрсақтағы дамуы кезеңінде және толғақ кезінде, сондай-ақ дүниеге келгеннен кейінгі бір айлығынан бір жас аралығындағы дамуында ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуы жатады. Сонымен қатар, алалияның пайда болуына менинго-энцефалит, рахит және қызылшаның асқынған түрі тыныс алу жолдарының қатты сырқаттануы және нәрестенің алғашқы айларындағы ұйқысы мен тәбетінің бұзылуы себеп болуы мүмкін. Бас миының үлкен сыңарының сөйлеу тілі аймағындағы жинақталған зақымдардың өздеріне тән ерекшеліктеріне байланысты алалия моторлы және сенсорлы болып бөлінеді.
Моторлы алалияда сөйлеу тілін қимылдатып қозғалысқа келтіріп тұратын анализатордың қызметі бұзылады. Моторлы алалик балаларда назар аудару, көңіл қою, зер салу, ықыласпен қарау немесе бір нәрсені елеу, ілтипатқа алу, ескеру және есінде сақтау сияқты жоғарғы психикалық функциясының даму деңгейінің төмен екендігі байқалады. Баланың психофизикалық жағдайының әлсіздігінен оның жұмысқа қабілеттілігі төмендейді және болдырып тез шаршайды. Сонымен қатар мұндай балалардың дене түзілістері және соған орай олардың қимыл-қозғалыстары да бұзылған. Олар ебетейсіз жүреді және жиі-жиі сүрініп кетіп құлай береді, музыканың ырғағымен қимыл жасап жүруді білмейді. Артикуляциялық аппаратының қимыл-қозғалыстарының дамуы айтарлықтай дәрежеде жетілмеген. Мысалы, бала тілін жоғары көтеріп және сол қалпында ұстап тұру, үстіңгі ернін жағалата жалау, таңдайын тақылдатып қағу, тілін екі жағынан қусырып сүйірлеу және т.б. сияқты артикуляциялық аппараттың қарапайым қимылдарын орындай алмайды. Моторлы алалияға шалдыққан балалардың өздеріне қарасты қарап айтылған сөздерді түсінуі біршама сақталған. Олар ересек адамдардың сөйлеген сөздерін ықыласпен тыңдай алады, қарапайым жай тапсырмаларды, өтініштерді орындайды. Қорыта келгенде, олар сөздерді жақсы түсінеді, бірақ сөйлей алмайды.
Сенсорлы алалия. Сөйлеу тілін түсініп ұғынудың және сезіп түсінуінің бұзылуы сенсорлы алалияның ең басты сипаты болып саналады. Алайда сенсорлы алалияда есту қабілеті толық сақталады. Демек, сенсорлы алалия бас миының сол жақ жарты шарының самай аймағының зақымдануынан пайда болады. Мұндай балалар өздеріне қарата айтылған сөздерді мүлде түсінбейді немесе өте нашар түсінеді. Олар дыбыстардың ерекшеліктерін ажырата алмайды, яғни оларға айналасындағы құбылыстардың қимыл қозғалыстарынан шығып жататын әр түрлі дыбыстардың барлығы да бірдей сияқты болып көрінеді.
Тұтығу – ең ауыр кесел.
Оның себептері:

  1. Қорқу;

  2. Баланың түрлі инфекциялық аурулармен жиі ауруы;

  3. Ата-анасының тұтығуы;

  4. Шамадан тыс жазалау әдістерін қолдану.

Бұл әдетте, 2-5 жас арасында кездесетін құбылыс. Алдын-ала оларға шара қолданбаса, ол асқынып, кей уақытта бой бермей кетуі мүмкін. Тұтығудың пайда болу себептері көп. Кейде олар жұқпалы аурулардан кейін, дене әбден әлсірегенде пайда болады. Баланың қоршаған ортаның оған көзқарасы, ол туралы әділетсіз баға да, жалтақ сөйлеуге, қорқып сөйлеуге әкеп соғады. Осындай фактілердің жиіленіп қайталануы – баланың тұтығуына әкеп соғады.
Мысалы, кейбір ата-аналар балаларының қабілетін жұртқа мақтаныш ретінде көрсеткісі келгендей, миы әлі қатып үлгермеген жас балаға көлемді өлең, тақпақтар, ертегілер, өлеңдер оқытқызады. Осының өзі баланың орталық нерв жүйесін шаршатып, тілдік сөйлеу анализаторын бұзып, тұтығуға жол береді.
Жасы жетпеген балаға кітапты көп оқуға болмайды. Әсіресе түнге қарай қорқынышты ертегілерді оқу зиянды. Өйткені бала қатты қорқып, түсінде түрлі қорқынышты нәрселерді көруі мүмкін. Бала түсінде қорқып, шошып оянады, ал бұл, орталық нерв жүйесіне әсер етеді, осының өзі тұтығуға әкеледі.
Баланы жазалау мақсатында қорқыту әдісі де көп қолданылады. Бірақ, қорқытудың да жөні бар. Шамадан тыс қорқыту, үйде жалғыз қалдырып кету, осының бәрі баланың үрейленгіш болып өсуіне септігін тигізеді.
Тұтығатын бала күдікшіл болады, өзінің құрдастарының алдында сөйлеуге ұялады. Тұтыққан баланы өзге балалардың мазақтауынан сақтау керек. Мүмкіндігнше, дұрыс күтім жасап, баланың ойнауына, оқуына ыңғайлы жағдай туғызу керек.
Тұтығу асқынбастан арнайы мамандарға көрсетіп, уақытылы кеңесіп отыруы қажет, ал оның зардабынан дауыстың реңі мен әуезділігі және дыбыстардың айтылуы бұзылуы мүмкін.
Дисфония – дауыс шығаратын аппараттың патологиялық кінәратқа шалдығуынан дыбыстың мүлдем болмай қалуын немесе әуезділік үннің бұзылуын сипаттайды.
Брадилалия – сөйлеу тілі мүшелерінің қимыл-қозғалыстарының патологиялық сылбырынан дыбыстар созылып шұбалаңқы айтылады.
Тахилалия – сөйлеу тілі мүшелерінің бірқалыпты жылдамдық қимылдарының патологиялық ауытқуынан дыбыстардың қарқындық ырғағы бұзылып, быдықтанып айтылуы.
Афазия – мидың белгілі бір жерінің жинақталып зақымдануынан бұған дейін қалыптасып, дұрыс жетіліп келе жатқан сөйлеу тілінің толық немесе ішін-ара жойылып кетуін сипаттайды. Афазия көбінесе ересек адамдарда кездеседі.
Афазия екіге бөлінеді: моторлы және сенсорлы.
Моторлы афазия – ауру тек қана ымдау арқылы түсінеді. Кейде, бұндай ауруларда 1-2 сөз қалып, осы арқылы қарым-қатынас жасайды. Жеңіл түрінде ауруда 10 шақты сөз қалып, сол арқылы қысқа сөйлемдер құрайды. Сөйлемде сөздердің не әріптердің түсіп қалуы мүмкін немесе орындарын ауыстырып айтуы мүмкін (қала – лақа, стол – скол) . Сөйлемдері телеграфтық стилде болады, тек қана зат есім мен етістіктен тұрады. (Мысалы, Папа барды завод). Оқыған кезде, сөйлемдері түсініксіз, түрлі қателер кездеседі.
Сенсорлық афазия – біреудің айтқанын түсінбейді. Есту органы қалпында. Айтқанды естісе де, оны дұрыс орындамайды. Мысалы, «Орындықты алып, бері әкел, сөйтіп үстелге отырып, оң қолыңды көтер» деген тапсырманы алып, оның тек кейбіреуін ғана түсінеді. Ал, кейбіреуін түсінбей бірден екі қолын көтеріп тұра береді. Өздерінің айтқан сөздерін- де, сөйлемдерінде де түрлі кемістіктер болады. Контаминация – екі сөзді біріктіріп, бір сөз етіп оқу (мысалы, мектепке бару – мекбар).
Дислексия – оқу процесінің ішін-ара бұзылуының өзіне тән ерекшелігін сипаттайды.
Дисграфия – жазу процесінің ішін-ара бұзылуының өзіне тән ерекшелігін сипаттайды.
Сөйлеуі бұзылған балалардың түйсігі мен қабылдауы.
Есту арқылы қабылдау. Сөйлеуі бұзылған балаларда, фонетико-фонематикалық қабылдау кемшілігі кездеседі және сқйлеу – есту мен сөйлеу қозғалу анализаторларының байланысы міндетті түрде байқалады. Г.Ф. Сергееваның зерттеуі бойынша, сөйлеу-қозғалу анализаторлары қызметінің бұзылуы, әсіресе, дизартрия мен ринолалияда, фонемаларды есту арқылы қабылдауға қатты әсер етеді. Демек, мұнда үнемі дыбыстау және дыбысты қабылдау кемшілігі болады. Кейбір жағдайда, айтылуда қарама-қайшылығы жоқ фонемалар ажыратылады, енді бір жағдайда айтылуда сараланатын фонемалардың өзі ажыратылмайды. Дыбыстаудағы «тірек» қаншалықты аз болса, фонема бейнелерін қалыптастыур соншалықты ншар болады. Ал, фонемалық есту қабылетін дамыту, тілдің барлық жағын қатар қамтып, дамытумен тікелей байланысты, бұл өз кезегінде, баланың жалпы дамуын қамтамасыз етеді.
Көру арқылы қабылдау. Сөйлеу патологиясы бар балаларда, аталған психикалық қызмет тежеле дамиды. Зерттеулер көрсеткендей, нақты объектілер мен бейнелерді көру арқылы қабылдау, бұл балаларда анағұрлым төмен деңгейде болады. Әсіресе, таныс емес ракуста берілген мен заттарды тану қиындық туғызады. Олар заттың бейнесін қабылдау үшін, ұзағырақ уақытты қажет етеді. Мысалы, перцептивтік әрекеттерді қажет етеді. Бұлар бағдарлаудың ең қарапайым түрлерін ғана қолданады, айталық, үлгіге сәйкестендіру сияқты. Мысалы, фигураларды салыстыруда олардың пішіндеріне емес, түстеріне сүйенуі мүмкін. Ал, қалыпты дамудағы балалар, негізінен көру арқылысалыстыру жолын қолданады.
Тіл мүкістіктері бар балалардың сөйлеуі
Ауыр тіл мүкістігі бар балалардың сөйлеуді бақылау кезінде, олардың сөйлеуін ұйымдастырудағы қиындықтары, өзге адамдармен қарым-қатынасына теріс әсер ететіні анықталған. Бұл категориядағы балалардың тілдік және коммукативті дағдыларының өзара байланысы, яғни сөздік қордың жұпынылығы мен сараланбауы, етістік сөздігінің аздығы, байланысты сөйлеудің ерекшеліктері т.б. толыққанды тілдік қарым-қатынасқа кедергі жасайды. Содан сөйлесу қажеттілігі төмендейді, коммукация формалары қалыптаспайды, мінез – құлық ерекшеліктері пайда болады: тілдік байланысқа қызықпау, негативизм, сөйлесу ситуациясында, бағдар жасай алмау.
Ауыр сөйлеу патологиясы бар, мектеп алды жасындағы балалардың тілдік қатынасында, қалыпты дамудағы 2-4 жасқа тән және ситуациялық – іскерлік форма басым болатынын көрсетеді. Балалардың бірқатарына, сөйлесудің ситуациялық емес, танымдық формасы басым. Олар ересек адамдардың, педагогтың ұсынысын қуана қабылдайды. Мысалы, кітап оқу: қарапайым мәтіндерді зейін қойып тыңдайды, бірақ, оқылып болғаннан кейін, әңгіме- сұхбат ұйымдастыру өте қиын балалар оқылған кытап бойынша, мүлдем сұрақ қоймайды, тіпті өздері мазмұндап бере алмайды, себебі, монологтық сөйлеу түрінің репродуктивтік жағы қалыптаспаған. Ересек адаммен сөйлесуге қызығушылық болған күнде, әңгіме үдерісінде бала бірден бірге көше береді, оның танымдық қызығушылығы аз уақытқа ғана жетеді, әңгімелесу 5-7 минуттан артық созылмайды.
Осылайша, ауыр тілдік патологиясы бар балалрдың тілдік және когнитивтік бұзылуы олардың қоршаған ортамен толыққанды коммуникативті байланыстарының орнығуына, ересектермен тіл табысуға кедергі жасайды, құрбыларынан, ұжымнан бөлектенуе мәжбүр етеді. Осыған орай, бұл балаларды социум талаптарына сәйкес қолайлы, тиімді бейімдеу мақсатында, тілдік, танымдық және коммуникативті әрекеттері компоненттерін дамыту мен түзетуге бағытталған, арнайы жұмыстар жүргізілуі қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   200




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет