«Тілім-тірегім»
Мектебімізде «Тілдер мерекесі» жыл сайын бекітілген жоспарға сай жоғарғы дәрежеде өтеді.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 ж. 31.10 №689 ҚР мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес 5.09 Ахмет Байтұрсынұлының туған күні «Қазақстан халқы тілдері күні» болып бекітілді.
Міне, осы атаулы күнге орай мектепте онкүндік өтті. Онкүндік азаттық таңын аңсаған Алаш арыстарының өмірбаяны мен шығармашылығынан мәлімет беруден басталды. Онкүндікте « Ахмет Байтұрсынов-қазақ алфавитін қалаушы», «Алты алаштың ақиық ақыны- Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына» орай тақырыптық сағаттар өтіп, қатысушылар ұлы тұлғаларымыз жайлы терең ақпарат алды. «Бүтін билікке жеткен-Төле би», «Орта жүздің бас биі-Қазыбек би», «Кіші жүздің биі-Әйтеке би», «Қазақ халқының төбе биі- Мөңке би» туралы орта буын арасында әдебиеттік оқу өтті. Оқушылар еліміздің тағдыры сынға түскенде билеріміз араша түсіп, еңбектерінің қаншалықты сіңіргені жайлы біліп, бойларына рух дарығандай әсер алды.
Жоғарғы буын арасында «Латын әрпіне көшу-уақыт талабы» атты ақпараттық түсіндіру іс-шарасы өтті. Оқушылар өз аты-жөндерін, латын тілінде берілген мәтінді оқу арқылы өз білім деңгейлерін анықтап, еш қиындық тудырмай, қайта заманға сай үштілділікке беталыс екенін ұғына білді.
Сондай-ақ, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Халел Досмұхамедов, Жұмағали Тлеулин секілді алаш азаматтары жайында әр сыныппен ақпараттық-танымдық іс-шаралар өтті. Әр баланың бойына халқымыздың, Данагөй көсемдеріміздің нақыл сөздерінің құдіретін, тіліміздің қасиетін сіңіріп, дарыта білдік. Әрине, бұл ҚР Тілдер мерекесіне қосқан кішкене ғана үлесіміз. Бірақ басқа тіршіліктен осы тіл, сөз құдіреті арқылы ерекшеленетініміз белгілі. «Жалтақтамай өзге тілді ұлысқа, ең алдымен өз тіліңді дұрыста» деп, өз ана тіліміздің мәртебесін биік ұстайық.
Достарыңызбен бөлісу: |