Мектеп химиясын оқытуда ойын технологияларын пайдалану мүмкіндіктері Ж.Ә. Шоқыбаев



Дата01.06.2017
өлшемі68,05 Kb.
Мектеп химиясын оқытуда ойын технологияларын пайдалану мүмкіндіктері

Ж.Ә.Шоқыбаев - профессор, п.ғ.д., Абай атындағы ҚазҰПУ

Ж.Р.Қожағұлова – аға оқытушы, Абай атындағы ҚазҰПУ

Д.Ә.Қаражанова – оқытушы Абай атындағы ҚазҰПУ

Г.У.Ильясова –PhD докторанты, Абай атындағы ҚазҰПУ
Білім беру орындарындағы оқыту үрдісі өзара байланысқан білім алушыларды оқыту, білім беру және тәрбиелеу мақсаттарына бағытталған құрылымдық және функционалдықкомпоненттердің күрделі жүйесі болып табылады. Орта мектептегі білім беру іс-әрекеттерінің негізгі мақсаты – өздігінен ойлауға қабілетті, әлеуметтік белсенді, өздігінен ізденуге құштар, болашағын болжай алатын жастарды тәрбиелеу.

Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушылардың бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады, химия сабағында ойын формаларын еңгізу барысында интерактивті тақтаны да қолданудың маңызы өте зор. Интерактивті тақталарды білім саласында қолдану оқыту үрдісіне жаңа сапа енгізеді, өйткені тек қана сабақты дайындауды және өткізуді жеңілдетіп қоймай, интерактивті тақталарға дейін болмаған мүмкіндіктерге жол ашады:

• кез-келген қосымшалардың үстіне сурет салуға және жазба жазуға мүмкіндік береді;

артық уақыт, күш-жігер жұмсамай тақтадағы кескінді, сабақ уақытында жасалған жазбаларды сақтауға және баспаға беруге, және материалды қабылдау деңгейін тексеруді жеңілдетеді;

• мұғалімдерді оқытудың жаңа түрлерін іздеуге, кәсіби шеберлікке ынталандырады.

Осындай ақпарат құралдарын пайдалана отырып, сабақ барысында оқушылардың қабілетіне, білім деңгейіне, ынтасына қарай топқа бөліп, өз бетімен еңбектенуге, ізденуге, шығармашылыққа баулып, қорытынды жасауға машықтандыра отырып, оқушының ақыл-ойын дамытып, өзіндік дүниетанымын қалыптастырып, сабаққа ынтасын арттырып, тапсырманы орындау барысында жіберілген қателер мен кемшіліктерді уақытында анықтап түзетуге мүмкіндік беруге болады. Сабақ барысында оқушыларды біліммен қаруландырып қоймай оларды қисынды ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту үшін оқушылардың шығармашылық ізденісін, тапқырлығын, зеректігін, ойлауға икемділігін, өмірге ғылыми көзқарасын дамытуға өткізілген сыныптан тыс жұмыстар: «Білгір химик», «Жүзден жүйрік», «Кім жылдам?» сияқты танымдық ойындарын қолданып өткен сабақ естерінде ұзақ уақытқа сақталып қалар еді.

Ақпарат құралдарын пайдаланып деңгейлік тапсырмалар арқылы танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында мысалы, «Атом құрылысы, Атом ядросының құрамы» сабағында өткен тақырыпты пысықтау, үй тапсырмасын тексеру кезінде пәнге қызығушылығын арттыру үшін тест ретінде үй тапсырмасын сұраса, жаңа сабақ барысында «миға шабуыл», «кім жылдам?», «біліміңді байқап көр» ойын элементтерін қолданып, оқушылардың белсенділігін арттыруға болады.



Баланың мектепке келгенге дейінгі негізгі әрекеті - ойын болса, оқу-тәрбие үрдісінде олар біртіндеп ойын әрекетінен оқу әрекетін орындауға бейімделуі тиіс. Ол сабақ барысында пайдаланылатын дидактикалық ойындар арқылы жүзеге асады.

Дидактикалық ойындарды ұйымдастыру мен жүргізу педагогикалық тұрғыдан бірқатар шарттарға байланысты:

• ойынның сабақтың дидактикалық мақсатына сәйкестігі;

• ойындардың мазмұны мен формасына қарай әртүрлілігі; 

• ойынның балаларға түсінікті және тартымды болуы; 

• ойынға қатысушылардың белсенді шығармашылық позициясы; 

• ойынның эмоциональды болуы.

Осы шарттардан ойынды ұйымдастыруға мынандай әдістемелік талаптар қойылады:

- ойынның мақсаты және керекті көрнекті құралдар мен материалдармен қамтамасыз етілуі;

- ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібінің оқушыларға әбден түсіндірілуі;

- ойынға сыныптағы оқушылардың барлығының қатысуын қамтамасыз ету; 

- оларды ойын үстінде ойлай білуге, шешім қабылдай білуіне жетуіне жағдай жасау.



Ойын – оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыратын құрал. Пайдаланылатын ойындар оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай күрделеніп отырады. Мысалы, дайындық сыныбында қарапайым ғана ойын түрлерін ойнатса, сынып жоғарылаған сайын баланың жас ерекшелігіне сай болып күрделенгені дұрыс. Мұндай ойынның көптеген түрлері бар. Сондықтан ойын балалардың жас ерекшеліктеріне және өтілетін сабақтың тақырыптарына мазмұнына сай етіліп таңдалып алынғаны дұрыс. Бала ойын іс-әрекеті үстінде білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үрдісінің қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс. Сонда ғана ойын және іс-әрекеттері табиғи бірлікте болып, пәндік білім, білік және дағдыны игеруге толық ықпал жасайды.

Ойын да халық педагогикасының құрамдас бір бөлігі болып келеді. Ұлттық ойындар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына байланысты туып, дамығанына қазақ халқының ойындарымен таныса отырып, көзіміз әбден жетеді. Халық ойындарын сабақтарда пайдалану оқушының алған білімін күнделікті өмірмен берік ұштастыруға қолайлы. Мысалы, «Сақина салу», «Ақсүйек» ойыны белгісіз санды немесе химиялық элементті табуға арналған ойын. Ойынға сынып толық қатысады. Кестедегі белгісіз сандардың орнына «Ақсүйек» тығылып жатады, кім дұрыс шығарса, сол ақсүйекті табады. Немесе осы ойынды Д.И.Менделеевтің кестесіндегі жабық тұрған элементті дұрыс тауып, ол туралы мәліметтерді дұрыс берген оқушы ақсүйекті алады.Кім де кім ақсүйекті көбірек тапса, сол ұтады. Мұндай ойынды ұйымдастырудың және басқарудың сипаты мен жолдары, оларды қолданудың тиімді бөліктері жан-жақты ойластырылуы керек.

Қазақтың ұлттық ойындарының бір қыры асық ойынынан тұрады. Бұл ойын асық лақтыру арқылы жүреді де, баланы шапшандыққа, тез ойлауға дағдыландырады.

Мысалы, «Тотығу. Оксидтер. Олардың аталулары» тақырыбын бекіту сабағында асық ойынын қолдануға болады.

Жаңа сабақты бекіту барысында:

«Асық ойыны» - қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйкі(тәукі), бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы аталады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. «Алшы ойыны», «Омпа», «Асықты тігіп ойнау», «Тас қала», «Хан», «Хан талапай», «Құмар» сияқты асық ойынының түрлері бар.

Өтілген тақырыпқа сәйкес келесідей алгоритм қолдануға болады:



«Алшы»түскен жағдайда келесі сұрақтарға жауап береді:

1. Экзотермиялық реакция дегеніміз не?

2. Тотығу дегеніміз не?

3. Мына элементтердің: H, Na, Mg, Al, Ca оксидтерінің формуласын құрып, аттарын атаңдар.



«Тәйкі(тәукі)»түскен жағдайдакелесі сұрақтарға жауап береді:

1. Химиялық реакцияның жылу эффектінің шамасы қандай факторларға тәуелді болады?

2. Эндотермиялық реакция дегеніміз не?

3. Төмендегі келтірілген заттардың ішінен бинарлы қосылыстарды теріп жазып: H2SO4, Na2O, CuO, Cu2O, NaOH, FeS, SO2, H2SO3, SO3, MnO3, FeCI3, KI әрқайсысының аттарын атаңдар.



«Бүк»түскен жағдайда келесі сұрақтарға жауап береді:

1. Реакцияның жылу эффекті дегеніміз не?

2. Бензиннің, табиғи газдың, т.б. жануы қандай реакцияларға жатады? (экзотермиялық).

3. Мыс екі түрлі оксид түзеді. Олардың құрамында 79,9% және 88,8% мыс бар. Сол оксидтердің формуласын тауып, әрқайсысының аттарын атаңдар.



«Шік»түскен жағдайда келесі сұрақтарға жауап береді:

1. Термохимиялық теңдеу дегеніміз не?

2. Оксидтер дегеніміз не?

3. Термохимиялық теңдеу: 2Н2 = 2Н22 – 571,6 кДж. Реакция кезінде 285,5 кДж жылу жұмсалған болса, қанша моль су айырылған: а) 2 моль; б) 3 моль; в) 1 моль; г) 0,5 моль)?



Ойын – бала әрекетінің негізгі бір түрі. Бала үшін ойын – өмір сүрудің белсенді формасы, сол арқылы ересектерге еліктейді, олардың іс-әрекеттерін, қарым-қатынастарын үйренеді, еңбектің мәнін түсіне біледі, адамгершілік нормаларын игереді, әлеуметтік рөлдер атқарады. 

Сабақ үстінде жүргізілетін жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәні бар ойын элементтері оқушылардың ойлау белсенділігін керек етеді. Сондықтан мұғалім сабақ барысында ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы олардың білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді. Демек, мұғалім сабағын баланың қабілет-қарымына, психологиялық ерекшелігіне сай байланыста жоспарлау керек. Сонда ғана сабақ тартымды, жеңіл болады, оқушыларды жалықтырмайды. 

Оқушылардың ойын кезіндегі белсенділігі көбінесе жарыс нәтижесін дұрыс есепке алуға байланысты. Оқушылар ойындағы өз жетістіктері мен кемшіліктерін біліп отыруы тиіс. Ойын нәтижелерін есепке алу түрліше: әрбір дұрыс орындалған ойын тапсырмалары үшін ұпай есептеу, әрбір ұтылыс үшін кем ұпай беріледі; жаттығуға жіберілген уақытты есепке алу және т.б.

Қорыта келе, химиялық оқыту кезінде басқа әдістермен қатар, ойын әдісін қолдану білім алушының химияға деген қызығушылығын және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу