Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру жолдары. Аюпова Әдина Сапарқызы



Дата29.01.2018
өлшемі0,59 Mb.
#35737
Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру жолдары.
Аюпова Әдина Сапарқызы

9 Құлыншақ балабақшасының



І санатты әдіскері

Атырау облысы, Исатай ауданы

Тұщықұдық селосы.

Экология – бүкіл адамзат баласының шалыс басқан әрбір іс-әрекетіне келешекте шек қоятын, оның тыныс-тірішілігіне тікелей ат салысатын ғылымның жаңа саласы. Ол қоршаған ортаны кесапат жағдайлардан, кейбір көлденең оқиғалардан сақтауға, табиғат пен арадағы тепе- теңдікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды мемлекеттік және әлеуметтік шара.

Экологиялық білім мен тәрбие беру 1970 жылы БҰҰ деңгейінде ұйымдастырылған (ЮНЕСКО) «Адам және биосфера» деп аталатын бағдарламаны қабылдаудан басталады. Осыған орай, қоғам өміріндегі ең басты міндеттердің бірі – табиғатты қорғау мәселелерімен, яғни жас ұрпақты экологиялық білім мен тәрбие негізінде қаруландыру болып табылады. Өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыра отырып, жаңа заманның көкірегі ояу, ұлттық сана-сезімі жоғары саналы азаматын тәрбиелеу ұзақ әрі күрделі процес болып табылады. Сондықтан бұл мәселе бүгінгі таңда өткір қойылып, өз шешімін табуды қажет етіп отыр. Аталмыш мәселені шешуде көптеген ғалымдар өз үлестерін қосқан.

Қазақ халқының біртуар данышпандары А. Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов т.б. еңбектерінде табиғат пен адам өмірінің тіршілігін ажырамайтын, бөліп қарастыруға келмейтін біртұтас дүние ретінде қарастырған.

Жас ұрпақтың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыру арқылы жан-жақты

тәлім-тәрбие беру, оқу-тәрбие процесін жетілдіру, мектепке кәсіби білігі жоғары мамандарды даярлау мәселелері қазақстандық көрнекті ғалымдардың Қ.Ж.Аганина, Б.Р.Айтмамбетова, Қ.М.Арынғазин, Б.Әбдікәрімұлы, Ш.Ә.Әбдіраман, Ғ.З.Әділғазинов, А.А.Бейсенбаева, Қ.Қ.Жампейсова, Ж.А.Караев, С.Т.Каргин, Қ.М.Кертаева, Р.М.Қоянбаев, т.б еңбектеріне арқау болды.

Экологиялық білім беру мен тәрбие беру мәселесін шешуде Ә.С.Бейсенова, Н.А.Бекенова, Ж.Бұламбаев, Ж.Ж.Жатқанбаев, Ғ.Қ.Ділімбетова, Г.Мұқышева, Ө.Өмірәлиев К.Ж.Сарманова, Н.С.Сарыбеков, Г.М.Смирнова, Н.М.Стукаленко, С.Т.Шалғынбаев, Ж.Б.Шілдебаев, В.И.Фурсов, және т.б. ғалымдар еңбектерінің құндылығы зор.

Экологиялық тәрбие берудің педагогикалық алғы шарттары А.К.Егенисова Ф.Н.Жұмабекова, А.Е.Манкеш, Г.М.Сәбденалиева Г.Қ.Тұрабаева еңбектерінде қарастырылған.

Ел Президенті «Қазақстан – 2030» бағдарламасында табиғат жағдайының қиын кезеңде тұрғанын нақты атап өтіп: «...экологиялық нашар ахуал бүгінде адам өлімінің жиырма пайызына себеп болып отыр. Қоршаған ортаны ластаушыларға берік тосқауыл қойылу қажет» - дегенболатын. Бұл мәселенің тиімді шешілуі жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие беру арқылы олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру барысында мүмкін болатыны анық.

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «...білім беру жүйесі міндеттерінің бірі ретінде белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру» атап көрсетілген. Осы тұрғыдан келгенде, үздіксіз білім беру жүйесінің базалық буыны болып саналатын мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде жас ұрпаққа саналы тәртіп пен сапалы білім беріп, туған жерінің табиғатын қорғайтын мәдениетті тұлға етіп қалыптастырудағы атқарар рөлі зор екені даусыз.

Қазақстандағы экологиялық білім жүйесі Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен және Білім министрлігімен реттеледі.

Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау» туралы заңының 73 және 74 баптарында экологиялық білім мен тәрбиенің үздіксіздігі мен жалпылылығы қарастырылған. Ал біздің еліміздің білім беру жүйесінің құрылымына сәйкес қабылданған экологиялық білімнің бірнеше сатысы бар:

- бірінші - мектепке дейінгі мекемелерде және отбасындағы тәрбие;

- екінші - орта кәсіби оқу орындарында және бастауыш, жалпы орта мектептердегі білім беру;

- үшінші - жоғары оқу орындарынан білім алу;

- төртінші - жоғары оқу орындарынан кейінгі дайындық саты.

Экологиялық тәрбиенің қалыптасуы жалпы қоғам дамуына, ондағы әлеуметтік топтардың, жеке тұлғаның санасында айрықша орын алуы азаматтық қоғам қалыптастыруға ерекше үлес қосады.

Экология ғылымы – тірі ағзалардың бір – бірімен байланысын және олардың қоршаған ортамен қарым – қатынасын, тепе– тендік заңдылықтарын зерттейді.

Экологиялық білім беру дегеніміз – адамзат қауымының, қоғамның, табиғаттың және қоршаған ортаның үйлестігін және тиімді пайдаланудың жолдарын халыққа түсіндіру.

Экологиялық білім беру бағытында экология ғылымында жаңа ұғымдар мен түсініктер қалыптасты. Олардың негізгілері: «экологиялық сана», «экологиялық сауаттылық», «экологиялық мәдениет», « экологиялық этика».

Экологиялық сана - адамның табиғатқа көзқарасының, білімінің сенімінің және дағдысының жиынтығы болса, ал экологиялық ойлау - табиғаттағы болып жатқан өзгерістерге ғылыми негізде баға беру, оның себептерін ашу және терең түсіну.

Экологиялық сауаттылық - экологиялық білімді игере отырып, табиғат қорларын тиімді пайдалануға үйрету.

Экологиялық мәдениет - экологиялық білім мен тәрбиенің жемісін көру, яғни табиғи ортаны ұғынып қабылдауға, табиғатқа ұқыпты қарауға оның байлықтарын дұрыс пайдалануға дағдыландыру.

Экологиялық этика – үйде, түзде, табиғатта адамның өзін-өзі ұстай білуін, мінез- құлық дағдыларын қатаң сақтауды қалыптастыру.

Экологиялық мәдениет адамның тіршілік әрекетінің рухани – адамгершілік саласы ретінде оның табиғатпен өзара әрекетінің ерекшелігін сипаттайды және экологиялық сана, экологиялық қарым-қатынастар, экологиялық іс-әрекеттер элементтерінің өзара байланыс жүйесін қамтиды.
Экологиялық мәдениет ұғымы педагогика саласында экологиялық білім беру мен тәрбиелеу мәселесіне айналады. Бұл педагогикалық мәселеге тұлғалық тұғырына сәйкес адамды табиғаттың ажырамас бөлігі, жер бетіндегі материалдық және рухани мәдениеттің, тарихи процестің дамуының субъектісі ретінде қарастыруды талап етеді. Сонымен қатар тұлғаның экологиялық мәдениетінің қалыптасуы оның жергілікті, аймақтық, ұлттық, ғаламшарлық экологиялық байланыстар жүйесіндегі әрекетіне тәуелді

Экологиялық мәдениет кіріктірілген тұлғалық білім ретінде мынадай міндетті компоненттерді қамтиды деген тұжырымға келуге негіз болды:

- танымдық компоненті қоршаған ортамен танысу іс - әрекеті бойынша қоғамдық өмірдің, өлі және тірі табиғат заттары мен құбылыстары туралы түсініктерді меңгереді;

- эмоционалды компоненті экологиялық білімдерге қызығушылығы және қажетсінуімен, туған жерінің табиғатына, сұлулығына тамсанып сезінуі және оны аялай алуымен анықталады;

- мінез құлықтық компоненті қоршаған ортаны қорғау мен табиғаттың байлықтарын тиімді пайдалануымен қамтамасыз етеді.

Көрсетілген үш компонентті алғанымыздың себебі тұлға бойында белгілі бір мәдениетке баулуының нәтижесі ретінде қарастырылатын сәйкестіліктің қалыптасқанын білдіреді.

Экологиялық тәрбие үрдісін тиімді жүргізуге тікелей ықпал ететін, экологиялық мәдениеттің негізгі бөліктерінің бірі болатын тұлғаның жеке жан дүние саласына әсер етуді күшейту қажеттілігі байқалады. Ал қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту қазіргі заманғы философтар мен мәдениет танушылар айқындаған қоғамдағы экологиялық мәдениет құндылықтарының негізінде экологиялық тәрбие мәселесін ғылыми тұрғыдан шешу арқылы іске асырылады.

Экологиялық мәдениет – күрделі ұғым. «Экологиялық мәдениет адамда белгілі бір дәрежеде білім қорының болуын, сенім мен моральдық мақсаттылықтың болуын, сондай- ақ оның табиғатты көздің қарашығындай сақтау мәселесімен үйлесімді келетін тәжірибелі іс - әрекет жасауға дайын болуын қарастырады». Қазіргі экологиялық мәселелер адамзат баласын ойландырып отырған кезде, халқымыздың бұл салада қалдырған тәрбиелік мәні зор асыл мұраларына көңіл бөлу қажет. Халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі және оны көздің қарашығындай сақтау жайында қазіргі ұрпаққа өнеге - үлгі боларлық асыл мұралар, даналық ұғымдар, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, аңыз - әңгіме арқылы жетіп отырған. Осындай әрбір асыл мұраның өзінде қаншама терең ой, әрі тәлім - тәрбие өнегесі жатыр. Сондықтан да әрбір ұстаз, әрбір тәрбиеші өзінің күнделікті жұмысында халықтық педагогиканың асыл маржанына үнемі көңіл бөліп, әрі оны пайдаланып отырса, балалардың экологиялық түсінігінің қалыптасуына зор ықпалын тигізбек.

Экологиялық тәрбие беру жұмысы отбасында, балабақшада, мектепте арнаулы және жоғары оқу орындарында үздіксіз жүргізілген жағдайда ғана адам санасында табиғатты қорғау, оның байлықтарын сақтау жөніндегі тиянақты көзқарасты қалыптастырып, жүйелі білім беруге болады. Бұл жөнінде белгілі ақын, ақындардың халықаралық « ХХ ғасыр, әлем және экология» қозғалысының төрағасы болған М. Шаханов өзінің мақаласында « ...бізде экологиялық тәрбие болған жоқ, ол қазірде жоқ. Экология ғылым ретінде ең артта қалған, қараусыз жағдайда, біз адамдардың экологиялық санасын оятуымыз қажет, ертең кеш болады» деп айтқан болатын.

Балаларға экологиялық білім мен тәрбие беру деп, жас ұрпақтың қоршаған табиғи ортаға саналы көзқараспен қарап, оның байлықтарын үлкен парасаттылықпен пайдаланатын, табиғи ресурстарды байыта түсудің қажеттілігін түсінетін, қоршаған табиғи ортаны қорғауға белсене араласатын көзқарасты қалыптастыруды айтамыз. Ал, экологиялық тәрбие мен білім беру нәтижесінде экологиялық мәдениетті тұлға қалыптасады.

Мектепке дейінгі экологиялық білім мен тәрбие беру бұл үздіксіз экологиялық білім жүйесінің бірінші сатысы, яғни балаларда экологиялық мәдениеттің негізін қалыптастыру сатысы.

Экологиялық тәрбие жұмысын жүргізгенде балалардың психологиялық және физиологиялық дамуын және жеке басының ерекшеліктерін, қабілеттерін ескеруде, «Қазақстан» баспасынан шыққан С.Ысқақовтың «Табиғат және адам», Р.Сәттімбековтың «Табиғатты қорғау», 1998 жылы «Рауан» баспасынан шыққан А.И.Иванова мен Г.К Белгибаеваның «Что должны знать о живой и не живой природе дети разных возрастных групп детского сада», 1998 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақстан білім Академиясының Республикалық баспа кабинетінен шыққан А.Манкештің «Бүлдіршіндерге экологиялық тәрбие беру » кітаптары құнды еңбектер болып отыр.

Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық білім берудің жалпы педагогикалық принциптерін іріктеуде бірнеше принциптерді ұстанамыз. Олар мыналар: адамгершілік, ғылымилық, жүйелік т.б, экологиялық білім беру саласына тән принциптер: болжам,интеграция, қызмет, ғылымилық, нақтылық, жүйелік, адамгершілік.

Ғылымилық. Ғылымилық принципі мектепке дейінгі балалардың іс - әрекет негізінің қалыптасуы мен танымдық қызығушылығының дамуын негіздейді. Атақты орыс психиологі К.Д.Ушинский «бала үшін ғылымды жоққа шығармау керек» яғни бала үшін әрбір сала ғылымның ақпараты қажет екенін ұсынды. Экологиялық білім беру саласында бұл мәселе ерекше мән алуда әдістемелік зерттемелердің бір қатарында элементарлы экологиялық, биологиялық және географиялық қателерді кездестіруге болады. Мектепке дейінгі кезеңде балалардың табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін арттыру қажет деген пікір бар. Бірақ қоршаған орта туралы берілген ақпарат баланың дамуына кері әсерін тигізеді.


Мектепке дейінгі кезеңде балалармен жүргізілген жұмыстар бірнеше психолого-педого гикалық зерттеулермен дәлелденген (С.Н.Николаева, П.Г.Саморукова, И.А.Хайдурова, З.П.Плохий). Біздің эксперимент түрінде жүргізілген зертемеміз бұны дәлелдейді. Яғни балаға ғылыми экологиялық түсінік жүйесін қалыптастырып, оның мазмұны әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы түсіндірілуі қажет. Көптеген балалар табиғат жайлы білімге қызығушылықпен қарайды, бірақ жарнама, мультфильмдер арқылы.

Нақтылық. Белгілі кезеңдегі балалар үшін нақтылық ең негіхзі принцип болып есептелінеді мысалға балаларды абстракті және азтүсініксіз ақпавратпен таныстыру ұсынылады. «... 1 күнде 1 га орман ауадан 250 кг көмірқышқыл газын жұтады, ал 200 кг оттегі бөліп шығарады. Мектепке дейінгі кезеңде балалар үшін ғылыми терминдерді қолданбау керек, бірақта кейбір терминдер көрнекті нақты түрде түсіндірілуі мүмкін. Мектепке дейінгі кезеңде экологиялық білім беру жақындалған қоршаған ортамен тығыз байланысты болуы шарт.

Адамгершілік. Бұл принцип ең алдымен экологиялық мәдениет түсінігімен тығыз байланысты. Тәрбие позиция тұрғысынан оның қолданысы салауатты өмір салты мен денсаулығының саулығын қолдайтын адамның жаңа құндылықтарының қалыптастыруын білдіреді.

Экологиялық білім беру мақсатында адамгершілік адамның денсаулығын сау және экологиялық - қауіпсіз ортада сақтау болып есептеледі.

Адамгершілік принципі өкінішке орай, біз аз көңіл бөлетін тұтыну мәдениетіне тәрбиелеуде байқалады. Экологиялық білім беру мазмұны ең алдымен баланың адам жайлы түсінігінің дұрыс қалыптасып, әлемдегі өмір тіршілігінің формаларына дұрыс қарым-қатынас орнатуына байланысты. Экологиялық тәрбие баланың эмоциясының дамуымен тығыз байланысты, тірі ағзаларға таңырқап, қамқорлық жасау басты міндет. Сонымен қатар, бала қоршаған ортаның әсемдігіне көз жеткізіп, тірі ағзаларға : гүл, жәндік, шық тамшысына сүйсіне білуі керек.

Болжамдылық. Мектепке дейінгі кезеңде бұл принцип табиғатта байқалатын өзара байланыс жайлы. Демалыс, еңбек етуде өзінің іс - әрекетіне болжам жасай білу дағды.

Ең қажеттісі егер бала теңіз шошқасына қамқорлықпен қарап, құстарды тамақтандырып, өсімдіктерді өсіре білсе болды.

Қызмет. Экологиялық білім бала үшін қоршаған орта мен оның өзіне жақын ортасын сақтап қалуды түсіндіреді. Ол міндетті түрде экологиялық қызмет көрсету түрлеріне қатысты қатысуы шарт. Яғни осы кезде ғана «Бала - қоршаған» атты қызметін қалыптастырып жүреді.

Экологиялық білім – білім, икем, дағдыдан ғөрі ең қажетті ұғым, бұл дүниетаным, бұл өмір басымдылығына сенім. Сол себептен білім берудің негізгі бөлігі нақты іс-әрекетке негізделеді. Бірінші – тәртібі жайлы әңгіме жүргізу, ал екіншісі – тәжірибеде қолдана білетін бала үшін жағдай тудыру. Бұл принцип негізінде орта және ересек жастағы балалар әр түрлі экологиялық жобаларға қатыса алады.
Интеграция. Қазіргі кезде бұл принцип мектепке дейінгі кезеңде экологиялық білім беруде белсенділік танытуда. Ең негізгі жағы мынадан байқалады : біріншіден, экологиялық білімнің құрастырмалы ерігі; екіншіден, баланың тұлғалық дамуының қалыптасуы; үшіншіден, мектеп алды мекемеде жүргізілетін жұмыстың әдістемесі мен ерекшеліктері.

Тұтастық. Бұл принцип жоғарыда айтылған принциппен тығыз байланысты және экологиялық білім беруге қатысты. Бұл принцип баланың қоршаған ортаны тұтастай қабылдап, табиғат әлемінің бірлігін көрсетеді.

Тұтас қабылдау баланың табиғатты жанды және жансыз деп бөлмеуіне байланысты «табиғат тіршілік - көзі» атты бағдарлама баланы ең алдымен, табиғат әлеміне тұтастай кіріктіру, ал одан кейін ғана – оның бөлек компоненттерін қарастырудан тұрады. (су, ауа, топырақ т.б).

Конструктивизм. Бұл принцип экологиялық білім беру мазмұнын іріктеуде ең қажетті болып есептеледі, бірақ та тәжірибеде аса қолдана қоймайды. Бұл принциптің қолданылуы нейтралды – жағымды және жағымсыз – жағымды ақпарат болған жағдайда ғана танылады. Жағымсыз ақпаратты мысал ретінде келтіретін болса, онда педагог балаға жағымды мысалды көрсетіп, бұл ситуациядан шығу амалдарын көрсету керек. Қазіргі кезде арнайы әдебиеттер, экологиядан конспектілер кері ақпарат, катастрофизмге негізделеді.

Егер балаға қауіпті және эмоциалды түрде ақпарат жеткізілетін болса, нәтижиесі тиімді болады. 5 жасқа толған балаға ата-аналары «жерді уландырған» қышқыл тәрізді жаңбыр (қауіпті және улы жаңбыр) туралы айтады. Бірақта балаға бұны қалай жасау керек және «өлген жерді» адамдар қалай қорғау керектігі жайлы ақпарат берілмейді. Осыған сәйкес бұл айтылғандардың бәрі сурет арқылы жақсы байқалады. Мысалы көрмелерде балалардың табиғатты қара, сұр түсте салынған бояуларда кездестіруге болады. Мысал ретінде мынаны келтіруге болады. Табиғатты қорғау мақсатында салынған сурет: қағаздың жарты бетінде баланың күлімдеген бет-әлпеті салынған, ал екінші бөлігінде қара түсте боялған баланың бас-сүйегі салынған. Экологиялық білім берудің міндеті басқа тәрізді болу керек, «экология» сөзі балалардың жағымды эмоцияларын сақтап, қоршаған орта әсемдігін сақтауға көмектеседі.

Жағымсыз фактілер балаға жағымсыз ойлауға әкеліп, қорқыныш, невроз сезімдерінің пайда болуына әкеледі. Педагогтардың айтуы бойынша, бір бала тиіндерді қалай өлтіретіндігін естіп, бірнеше күн жаман күйде болған, жылап, одан кейін өлең де шығарған.

Регонализм. Мектепке дейінгі балалар үшін глобализм принципінен гөрі регионализм принципіне көп таңдау берілуде. Өзекті мәселелерді түсіндіру тәрбиеші тек әңгіме арқылы ғана жүзеге асыруы мүмкін.

Өзекті проблемалармен байланысты ұғымдар бала үшін абстракция түрінде қалады, өте ауыр қабылданады. Туындайтын сұрақтарға бала нақты ойланбай жауап бере алмайды. Өзекті мәселелермен ең алдымен педагогтар мен ата-аналар таныс болуы керек. Экологиялық көру ең алдымен, мектеп алды даярлық мекемесі, пәтер, дача, парк, орман, көл т.б танысудан басталады.


«Қандай жан – жануарларды сен көрдің» атты қойылған сұраққа балалар мынадай жауаптар берген: теледидардан, зоопарк, кітаптағы суреттер мен орман дачаларда көргендігін айтады. Кейбіреулері қаладағы көбелектердің типтерін атаған. Сол үшін балаға экологиялық заңдылықтар мен адамның табиғатпен қарықатынасын мысалдар арқылы көрсету шарт.

Жүйелілік. Кейбір мектепке дейінгі мекемелерде экологиялық білім беру жүйелі түрде жүргізілмей, балалардың қызығушылығы бір-бірімен байланысты емес. Жүйелілік принципі ерекше мәнге ие, оның қолданысы балалардың ақыл ойының дамуына әсер етеді. Мектепке дейінгі педагогикада экологиялық білім беруде жүйелілік принципі ғылымилық принципімен қамтамасыз етеді, сонымен қатар бұл принципке элементарлы ұғымдар мен табиғаттың негізгі заңдылықтар мен әлеуметтік қарым - қатынастар салынған.

Сабақтастық. Экологиялық білім беру жүйесінің принципиалды ерекшеліктерінің бірі – сабақтастық. (барлық сатылар үшін)

Үздіксіз экологиялық білім беру жүйесінде бірнеше саты байқалады:

«Отбасы – балабақша – мектеп - ЖОО» Сабақтастық принципі барлық сатылармен тығыз байланыста болуы керек.

Ең алдымен сабақтастық балабақша және бастауыш мектеп жұмысында, мектепке дейінгі едагогикалық колледждерде сақталу қажет.

Осы аталған принциптер арқылы, біз күнделікті өмірде қауіпсіз іс-әрекет пен экологиялық мәдениет қалыптастыруға мүмкіндік туғызып келеміз.

Мектепке дейінгі экологиялық білім мен тәрбие беру бұл үздіксіз экологиялық білім жүйесінің бірінші сатысы, яғни балаларды экологиялық сауаттылықтың негізін қалыптастыру сатысы.

Еліміздің елдігін әлемге танытатын, оны жетілдіретін, дамытатын да жас ұрпақ. Еліміздің болашағы осы жас жеткіншектердің білім дәрежесінің тереңдігімен айқындалады. Ал балаларға бұл күнде әр саладан жан-жақты білім беру жүйелері жеткілікті. Олардың ішінде қоршаған орта, табиғаттану әлемінен берілетін білімнің орны ерекше. Себебі, бала дүниге келген күннен бастап ата-анасынан кейін өмірден байқап көретіні және танитыны осы қоршаған орта мен табиғат, оның заттары мен құбылыстары. Сондықтан да балабақшадан бастап жас ұрпаққа экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсаты - білім мен білікті қалыптастыру ғана емес, ол тұлғаның дүниетанымын дамытып жан - жақты етіп тәрбиелеу.

Экологиялық тәрбие мен білім беруде алдыма қойып отырған мақсат, міндеттерім:

Мақсат:

Бала санасына қоршаған орта,табиғатты қорғау, оның байлықтарын сақтау көзқарасын қалыптастыру нәтижесінде экологиялық мәдениетті тұлға қалыптастыру.



Міндеттер:

1.Қоршаған ортамен таныстыруда жас кезеңдеріне қарай балаларда деңгейлік ұғымдар қалыптастыру.

2. Экологиялық білім мен тәрбие беруде ата - анамен біріккен жұмыс түрлерін жүргізу.

3. Жаңа Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты білім беру мазмұны бойынша құзіреттіліктерін дамыту.

Балалардың физиологиялық және психологиялық жас ерекшеліктеріне байланысты балаларды қоршаған ортамен таныстыру және экология негіздері арқылы тәрбие мен білім беруді концентрлік (спирал) әдіспен құру керек, яғни тәрбиеші бір айтылған мәселе төңірегінде қайта – қайта оралып, бұрынғы алған білімдерін кеңейтіп үстемелеп толықтырып отыруы қажет.

Мектепке дейінгі мекемелер үшін экологиялық тәрбие жаңа мәселе. Зерттеушілер мектепке дейінгі балалардың мүмкіндіктерін әр топтағы деңгейлерге бөлді. Жас кезеңдеріне қарай балалардың білім көлемі қандай болуы керек? Бұл сұраққа жауап беру үшін, балаларды қоршаған ортамен таныстыруды үш деңгейге бөліп қарастырған дұрыс.

Бірінші деңгей (I) - әртүрлі табиғат құбылыстарымен, жыл мезгіліндегі үлкендердің еңбегі тағы сол сияқты бір – бірімен байланысты емес фактілермен таныстыру.

Бұл деңгей ерте жастағы және бірінші сәбилер топ балаларына тән. Бірінші деңгейдегі балалар әр түрлі обьектілер, құбылыстар жөнінде түсінік білімін көбейтеді. Бұл топтағы балаларда қоршаған орта туралы алғашқы қарапайым және жалпылама түсініктер қалыптасады. Сондықтан олар табиғат дегенде жыл мезгілдерінің өзгергенін, тәрбиешілердің көмегімен ажырата алады. Кейбір жануарлардың тіршілік ерекшеліктерімен мысалға: балықтың суда жүзетінін, құстардың ұшатындығын, тауықтың дәнді шоқитындығын, сондай – ақ, қыыл, сары болатындығын таныстыру. Біз әншейінде зер салып мән бермегенімізбен, адам баласының табиғат туралы алғашқы таным түсінігі осылай басталып қалыптасады.

Бірінші деңгейде балалар қоршаған ортадағы өсімдіктерді ажырату және оларды үлкендердің көмегімен қалай күту керектігін ұғынады. Мысалы: I деңгейге балаларды бөлме өсімдіктерімен таныстыру, табиғат құбылыстарын тәрбиеші, ата – ананың іс - әрекеті арқылы таныстыру, өсімдіктерді күтіп баптау, жануарларды қорғау.

Екінші деңгей (II) - бұл деңгей екінші сәбилер тобынан басталады. Алдыңғы алған білімдерін осы деңгейде пайдаланады. Мұнда балалар айналадағы заттар мен нәрселерді танып қана қоймай, оларды жақсы – жаман, әдемі, әдемі емес деп ажырата бастайды. Яғни, табиғат құбылыстарының бірі мен бірі табиғатпен үлкендердің еңбегінің байланыстылығы ашыла түседі. Сол үшінде осы топтағы балаларға экологиялық дұрыс бағыт – бағдар берудің маңызы өте зор болып табылады.

Екінші деңгей (II) : «Қыстың жаздан айырмашылығы қандай?», «Біздің балықтарымыз, құстарымыз жақсы өмір сүру үшін не істеуіміз қажет?», «Ағаштардың, бұтақтардың бүршік жарып, жапырақ жаюы үшін не керек?», «Әр өсімдікте не бар?» тағы сол сияқты.

Үшінші деңгей (III) – бұл деңгей күрделі деңгей. Бұл деңгейде балаларға барлық айналадағы болып жатқан құбылыстар, яғни еңбек, өмір, бірі мен бірі тығыз байланысты екеніні ұғындыру. Балалар өз бетінше табиғатта болып жатқан өзгерістерге баға беретіндей деңгейге жетеді. Үшінші деңгейде жалпы табиғаттағы өсімдіктер әлемі, жануарлар мен адамдардың өмірі, бір бірімен тығыз байланыста екенін ұғынады. Осы кезден бастап табиғатты күту, аялау, баптау, жануарларды қорғау қажет екендігін түсінеді. Балабақшада өтілетін тақырыптар осы деңгейлік білімдеріне сай болуы тиіс.

Екінші деңгей «II» - екінші сәбилер тобы және ортаңғы топ балаларына арналған I және II деңгейлер көлемінде.

Ал жоғары және мектепке дайындық топ балаларына I, II және III деңгей көлемінде жүргізіледі.

«Жануарлар жауларынан қалай қорғанады?», «Қолайсыз жағдай болғанда өсімдіктер мен жануарлар қалай күн көреді?», «Нанды неге бағалауымыз қажет?», «Өсімдіктер адамға қандай пайда әкеледі?». Қорыта айтқанда, үшінші деңгейлік (III) білімі балаларға экологиялық тәрбие қалыптастыру болып табылады.

Сондықтан ертеңгі болашағымызды айналамыздағы табиғи орта мен үнемі қарым – қатынаста болуға үйрету, табиғатқа деген қызығушылығына, жанашырлығына тәрбиелеу балабақшадан басталып, мектеп табалдырығында жалғасын табуы, қазіргі тәрбиенің өзекті тармақтарының бірі болып отыр.

Балабақшада экологиялық тәрбие беруге байланысты ата - анамен біріккен түрде төмендегідей жұмыс түрлерін жүргізу ата - ананың да экологиялық сауатын ашады.

1. Экологиялық сөздік жүргізу.

2. Экобасылымдар жасау.

3. Экокарточкалар жасау.

4. Экологиялық нұсқалар ұйымдастыру.

5. Экокарта сызу.

6. Экологиялық ертегілер қою.

Осы жұмыс түрлеріне қысқаша түсінік береміз.

1. Экологиялық сөздік - бұл тәрбиешінің сабақта жүргізетін терминмен жұмысы. Мақсаты: балаларға экологиялық сөздердің мағынасын ашып, мәнін түсіндіру арқылы экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін тіл байлығын дамыту. Сөздерге түсініктеме, терминдерге қазақша баламасы берілген. Мысалы: Апат (авария) - зауыттарда станок сынғанда, ұшақтың двигателі істен шыққанда, т.б.адамға және қоршаған ортаға қатері бар кез-келген істен шығу. Цемент зауытынан ауаға көптеген шаңның шығуына әкеп соғады. Сол сияқты машиналар қақтығысқанда жанар май төгіледі. Танкерлердің апатынан теңіз бетін мұнай қабығы басады. Әрбір елде апат зардаптарын жоятын арнайы қызмет құрылған. Бөлінулерді болдырмау үшін сенімді механизмдер мен агрегаттар құру керек деп түсіндіріледі. Балалардың сөздік қорлары жаңа сөздермен толықтырылып отырады.

2. Экобасылымдар - альбом, газет, кітапшалар, т.б. шығару. Мысалы: Қазақстан қорықтары кітапшалары. «Өскен өлкем» альбомы, Табиғатта жүру ережелері , т.б. шығару

3. Экокарточкалар - бұл табиғатта өзін ұстай білу, жүру ережелері негізінде құрылған, табиғатты қорғау, қызықтау мақсатында салынған мазмұнды суреттер. Екі түрге бөлуге болады:

а) тыйым салатын экокарточкалар, сурет қою қызыл бояумен сызылады. «Құс ұясын бұзба»!, «Өзен суын ластама»!, «Орманда шулама»!, т.б.

ә) насихаттайтын экокарточкалар: «Табиғат әсемдігін сақта!», «Құс әніне құлақ сал!», «Құстарды аяла!», т.б.

4. Экологиялық нұсқаулар-бір кездерде педагогикада кең таралған, қазір Батыс Еуропада кең өріс алған және біздің оқу жүйемізге енді қайтарыла бастаған жұмыс түрі. Әрбір нұсқау – экологиялық мәдениеттілікті дамытуды бағытталған кішкене бір жұмыс бөлігі, қысқы мерзімдік, жылдам өзгертіп отыруға болады. Ұсынылған нұсқаулар балаларға тартымды, қызықты болуы тиіс.

Нұсқау №1: «Табиғаттың шағым кітабы»

Мақсаты: табиғаттан түскен шағымдарды қарастырып, жауабын табу. (Балаларға арналған суреттермен әрлендіруі қажет).

Нұсқау №2; «Тамшылар».

Бұл үнемдеуге арналған нұсқау.

Мақсаты: таза судың дұрыс қолданылуын, үнемделуін қадағалау.

а) «Суды қалай үнемдейміз?» Жауабын тауып, ескерту белгілерін қою, газет шығару.

ә) Бақшадағы, үйдегі су көздерін қадағалау.

5. Экокарта - бұл тұрған жердің ластану көздерін анықтап, қоқыстар, өзен суы уланған жерлерді көрсете отырып, сол жердің картасын сызу. Тақырыпқа арналған карталар да сызуға болады.

Мақсаты: маусымдық өзгерістерді бақылау арқылы экокарта сызуға үйрету. Шартты белгілерді оқи білу қабілеттерін дамыту.

6. Экологиялық ертегілер - өсімдік, жануалар тіршілігін қорғау, аялау, сақтау мақсатындағы көзқараспен қарап, адамзаттың табиғатқа тигізетін әсерін көрсету.

«Біз ауамен демаламыз» тақырыбында адамға күнде ең бірінші ауа қажет екені, онсыз тіршілік болмайтынын ұғындыра отырып, балалардың көмегімен демалыс және ойын бөлмелелерін ретке келтіріп, желдеткіштер ашылып, балалар жеңіл киіммен ауа процедурасын алуға, ауаны жұту және шығару жолдарымен жеңіл ертеңгілік жаттығулар жасауға дағдыланады. Күн сәулесі түсіп тұрған жерлердегі ұшып жүрген шаң тозаңдарды көрсету арқылы, демалатын ауамыз әрқашанда таза болуы үшін не істеуіміз қажеттілігі туралы түсініктер беріледі. Лас, иісті ауада ауырып тұрған өсімдікті, уланған ауада өліп жатқан шыбындарды тағы басқаларды көрсету арқылы түсініктер бекітіле түседі.

Балаларға су туралы, оның қасиеті туралы түсінік беру. Суретін салу арқылы қандай екеніне түсінік беріледі. Адам денесінде де көп мөлшерде су болатынын, денені бір қалыпты ұстап тұруға көмегін тигізетіндігін түсіндіру.

«Сусыз жерде тіршілік жоқ», «Су жағалағанның өзегі талмас» - деген сөз тіркестерін айтып түсіндіремін.

«Күн». Балаларға күн көзі туралы оның жасыл өсімдіктерге пайдасы, адам организмі үшін қандай роль атқаратындығы түсіндіріледі. Күн көзі табиғаттың халық айтқандай, тоғыз емшісінің бірі, жер бетіндегі тіршілік атаулыға нәр беріп тұрған құдіретті күш екенін айтылып,

Сәндетіп даламыз,

Сәулетті қаламыз

Сәулемен құлпырды

Сәлем, Күн – анамыз – деп, күнді анаға теңеп, ол бізге өмір сыйлаған, ананы күнге теңейтіні туралы балаларға айтып түсіндіремін.

«Ауа» - табиғаттың ең үлкен емі, оның адам өміріне пайдасы туралы әңгімелеймін

«Кәусар ауа – жан саясы » демей ме, тек біз емес жердегі барлық тіршілік иелері ауамен демалатынын, ал ауаның жасыл өсімдіктер құрамынан бөлініп шығатындығын, тіпті су мекені балықта «Суда батырмын, құрғақта пақырмын» дегендей бір ауық судан басын шығарып, ауызын ашып демалады. Міне, қазіргі кезде осы ауаны көптеген кәсіпорындар мен зауыттар түрлі қара түтінімен ластап отырғанын, оны жұтып өмір сүрген адамдардың ауруға шалдығып, өсімдіктер өспей, жануарлардың жазықсыз қырылып жатқаны белгілі.

«Жануарлар – жәндіктер әлемі» тақырыбында бұл күні үй жануарлары, дала жануарлары мен аңдары, құстардың, жәндіктердің түрлері, әртүрлі елдерде мекендейтін аңдар, жергілікті жерде болатын аңдар мен жәндіктер туралы айтылады. Тобымда экологиялық бағытта табиғат бұрышын жасақтадым. Осы бұрыштарды 4 – ке бөліп үй жануарлары мен жабайы аңдардың, жәндіктердің, құстардың ойыншық түрлерін қойдым. Сонымен қатар ата – аналардың көмегімен ермек саздан табиғи материялдардан түрлі жануарларды жасап орналастырдым және бұрышымды аквариумдегі балықтармен толықтырдым.

Аквариумдегі балықтарды қалай күту керектігін, үй жануарларымен оның төлдері, пайдасы мен қоректену туралы әр түрлі әндер, тақпақтар, мақал мәтелдер үйретумен қатар, жергілікті жерде кездесетін киік, қарсақ, түлкі, тышқан, қоян тағы басқа туралы мағлұматтар беріп отырамын.

«Не қайда өседі?», «Ең әдемі көбелек», «Жапырағына қарап таңы», «Ненің құйрығы», «Сайрап тұрған кім?» дидактикалық ойындар, арқылы ағаштың жапырақтарын айыруға аттарын атап, түстерін тануға, жәндіктерді айыра білуге, кайсысы зияндылау екені туралы түсініктерге дағдыландыру. Жалпы аңдар, жануарларды құстарды күту, олардың пайдасы, қамқорлық жасау туралы іс жүзінде ойын сабактарымен отіледі. Табиғаттағы өсімдіктер жәндіктер, жан – жануарлар адамдар арасындағы байланыс, бір бірінсіз бола алмайтындығы туралы түсініктер беріледі.

«Құстардың қысқы тіршілігі» сабағында құстардың қысқы тіршілігін түсіндіре отырып, оларға деген аяушылық, қамқорлық сезімдерін дамыту арқылы, құстарды күтіп- баптауға, қамқорлай білуге тәрбиелеймін. Құстардың атын атауға, бір - бірінен айыруға, жыл құстарын ажыратуға үйретемін.

Халық ауыз әдебиеті арқылы таныстырудың тиімділігі сол, экологиялық тәрбиеде халық ауыз әдебиетінің алатын орны ерекше. Балаларға осы қоршаған ортаны күтіп ұстауға, әсемдікті сезіне білуге, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге мейірімділікке, имандылыққа тәрбиелейміз. Бұл орайда ертегі, әңгіме, өлең, жырлар арқылы табиғаттың әсері, өсімдіктің қасиеттерін, байлығын ұғына білуге үйрету. Сондай - ақ халқымыздың тиым сөздері арқылы да, мысалы: «суға түкірме», «қолыңды айға шошайтпа», «көк шөпті жұлма», «малды бастан ұрма» т.б. сөздер арқылы баланы жаман қылықтан аулақ етіп, өзін қоршаған ортаны таза ұстауға үйретемін.

Балаларды ойнату арқылы да таныстыру тиімді. Себебі бала құрғақ сөзден гөрі ойын, жұмбақ шешу, сайыс ұйымдастыру т.б. жолдар арқылы жақсы түсінік алады. Мен өз тобымда, яғни орта топта мынандай ойындар арқылы таныстырамын. Мысалы: «Дауысынан таны», «Не қалай дыбыстайды», «Гүл неге ауырады?» т.б. дидактикалық ойындар, қимылды ойындар, ертегі, әңгімелер арқылы экологиялық түсініктер қалыптастырамын.

Экологиялық тәрбие берудің жас ұрпақ үшін маңыздылығы, табиғат сұлулығына қатысты эстетикалық қатынас, экологиялық аспектіде адамгершілік қатынас қалыптасады. Осы тұрғыда белгілі ғалым- эколог И. Д. Зверев «Педагогикалық практиканың негізгі жағдайында барлық оқу пәндерін экологияландыруға байланысты мұқият ойланып істелген жұмыстар қажет» дейді. Сондай - ақ, ол пәндерді экологияландыру басты мәселе деп қарайды. Осы пікір тұрғысынан алғанда білім салалары бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің өзара байланыстылығы арқылы, экологиялық білім және тәрбие берумен экологиялық мәдениетті тұлғаны қалыптастыруда жаңа технологияларды ендіру жауапкершілігін сезіну әрбір тәрбиешінің міндеті болуы тиіс.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде олардың жеке тұлғасының қалыптасуында өскен ортасы, табиғаттың әсемдігі, көгалдандырылуы – негізгі әлеуметтік факторлардың бірі. Ол жұмыс әрбір Қазақстан азаматының күнделікті дем алатын ауасы мен тамағы сияқты қажеттілікке айналуы керек. Дана халқымыз «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей күтілген әсем аулада өмір сүрген ұрпақ өскенде де, сондай ортада өмір сүруді мақсат етеді. Демек, әсемдікке бала жастайынан үйренсе, оны ары қарай іске асыру көп қиындық тудырмайды.

Балалардың жеке тұлға болып қалыптасуына тәрбиенің табиғаттың қатысында, табиғат арқылы берілуіне байланысты екендігін бүгінде ғылыми педагогикалық зерттеулер дәлелдеп отыр. Табиғатпен қарым – қатынас, балалардың ойлау, есте сақтау, бақылағыштық қасиеттеріне, сана сезімдерінің жылдам өсіп жетілуне, түйсігіне тағы басқа оңды әсер ету мүмкіндігі шексіз. Себебі, адам табиғи тірі ағзалардың бірі. Адам өзінің болмысымен игерген білім жүйесі нәтежиесінде өзін кейінгі өмір кезеңдерінде көрсете алады.

Білім мен тәрбие беру жұмыстарының нәтижесінде мектепке дейінгі жаста негізі қаланған әсемдікті сезіну, талғамын жетілдіру жұмысы бастауыш сыныптарында, орта білім алу, яғни, базалық білім алу барысында одан ары жалғасын таппақ. Бұл кезде бала өзін қоршаған ортадағы өсімдіктердің қыр-сырын терең білуге талпынады. Сөйтіп, бала өсімдіктерді аулада, бөлмеде өсіру, оларды күтіп баптау әдіс - тәсілдерін іздеп, өзін қоршаған ортаға қызығушылық таныта бастайды. Баланың мұндай қызығушылығы экологиялық мәдениетті қалыптастырады

«Адамның табиғатсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» дейді халқымыз. Мұны айтуға табиғат заңдылықтарын ұғыну бір міндет болса, сол ілім негізінде оның құдіретін дәріптей отырып құрметтеу, қорғау екінші міндет екенін ескерген аға буын жас жеткіншектердің санасына ертерек сіңіре берген. «Тәрбие - тал бесіктен» деген халық даналығы осыны меңзейді.

Ендеше, туған табиғатты, туған ел мен жерді құрметтеуге бүлдіршін жастан бастап баулыған абзал. Сонда ғана біздің еліміздің болашақ ұрпақтарының кез-келгені экологиялық сауатты, адамгершілікті, мейірбан, табиғатпен жан-дүниесі үйлескен, дүниетанымы кең болып тәрбиеленеді.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау туралы заңы. Алматы. 1998 ж

2.Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы.

3.Экологиялық білім беру бағдарламасы. Қазақстан мектебі, Алматы, 1999.Манкеш А.Е, Баталова Э.Н, Айналаны қоршаған орта.

4. Есеналина Н.Т. «Экологиялық тәрбие көзі-халықта» атты оқу әдістемелік құралы, 2004

5.Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру

стандарты Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Негізгі ережелер.

6.Что должны знать о живой и неживой природе дети разных возрастных групп детского сада. 1998 год «Рауан»

7.Қазақстан мектебі.2007-№ 1.29 бет. 2007-№ 3. 39 бет,2007- № 4. 36 бет,2004- № 7. 21 бет

8.Бастауыш мектеп. 2009- № 9. 7-9 беттер,2005-№ 9. 34-35 беттер



9.Бала мен балабақша 2007-№4. 12 бет

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет