Мектепке дейінгі дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі пәнінен дәрістер жинағы



бет133/202
Дата08.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#124557
1   ...   129   130   131   132   133   134   135   136   ...   202
Байланысты:
Мектепке дейінгі дене т рбиесі теориясы мен дістемесі п нінен д

Қимыл–қозғалыс ойындары – жасөспірімдердің сүйікті де пайдалы іс-әрекетінің бірі болып табылады. Ойын адам ағзасының жұмыс істеу қабілетін арттырады. Көңіл-күйін сергітіп, тамаққа тәбетін ашады, еңбекке құлшынысын күшейтеді. Ойын ежелден келе жатқан адам өмірінің манызды бөлігі екені сөзсіз. «Бала ойынмен өседі» - демекші, қимыл-қозғалыс ойындарының бала тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Ол-ондаған ұрпақтың керегіне жарап, оларды өмірге әзірлеу қажетін өтеген, сыннан өткен сенімді тәрбие құралы. Ойын жігерлілікке, шыдамдылыққа және ұйымшыл болуға т.б. тәрбиелейді. Сондай-ақ, тез арада ойлау қабілеттерін дамытады. Қимыл–қозғалыс ойындарының спорт ойындарынан айырмашылығы ешбір арнайы құрал-жабдықты, өткізетін орынды және уақытты талғамайды. Оларды бүгінгі білім беру саласында (балабақша, мектеп .т.б.) дене шынықтыру сабақтарына және тәрбие жұмыстарына пайдалануға қолайлы. Қимыл–қозғалыс ойындары бірнеше түрге бөлінеді: ұлдарға және қыздарға арналған ойындар, топтық ойындар, командалық ойындар, эстафеталық ойындар, жекпе-жек ойындары және қысқы ойындар. Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі процесінде қимыл-қозғалыс ойындарына жетекші рөл беріледі. Дене тәрбиесінің негізгі құралдары мен әдістерінің бірі ретінде қимыл-қозғалыс ойындары сауықтыру және тәрбие-білім беру міндеттерін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Ол бала денесінің дамуына және сауығуына жан-жақты ықпал жасайды. Ойын процесінде балалардың қозғалғыштық ширақтылығы бүкіл организмде жігерлілік жағдай туғызады, алмасу процестерін күшейтеді, өмірлік тонусын арттырады. Қимыл-қозғалыс ойындарын өткізу кезінде қол жеткен сауықтыру тиімділігі балалардың ойнау әрекеті процесінде пайда болған және баланың психикасына ізгілікті әсер ететін жағымды эмоциямен тығыз байланысты. Эмоциялық өрлеу балалардың жалпыға ортақ мақсатқа жетуге ұмтылысын туғызады және тапсырманы айқын түсінуінен қимылдардың жақсы үйлесімінен, кеңістікте және ойын жағдайында неғұрлым дәл бағдар белгіленуінен, тапсырманы жедел қарқынмен орындауынан көрінеді. Мақсатқа жетуге ұмтылу қуанышы баураған балалардың осындай әуестенуі кезінде әртүрлі кедергілерді жеңуге көмектесетін жігердің рөлі артады. Қимыл-қозғалыс ойындары балалардың игеріп үлгерген қимыл дағдыларын жетілдіру және дене қабілетін қалыптастыру әдісі ретінде қызмет етеді. Ойын процесінде бала өзінің назарын қимылды орындау әдісіне емес мақсатқа жетуге аударады. Ол ойын шартына бейімделіп, ептілік көрсетіп және сол арқылы қимылды жетілдіріп, мақсаттылықпен әрекет етеді. Сондықтан, мысалы «Aпандағы қасқыр» ойыны балалар жүгіріп келе жатып ұзындыққа секіруді игерген кезде өткізіледі.
П. Ф. Лесгафт: «Oйындарда жүйелі түрде жүргізілген сабақ кезінде игерілгендердің бәрі қолданылады, сондықтан мұнда жұмсалатын қимылдар мен әдістердің бәрі ойынға қатысатындардың күші мен икеміне толық сай келуі және мүмкіндігінше өте дәлдікпен және ептілікпен жасалуы тиіс»,- деп жазады. Бұл ереженің дұрыстығын педагогтар (M.М.Конторовичтің, Л.И.Михайлованың, А.И.Быкованың, Т.И.Осокинаның, Е.А.Тимофееваның, Н.Н.Кильпионың, Н.В.Потехинаның, Э.Я.Степаненкованың, С.Я.JIайзаненің және т.б.) жұмыстары дәлелдейді, олар балабақшадағы қимыл-қозғалыс ойындарын жүргізудің әдістемесін талдап жасауға елеулі үлес қосты. Қозғағыш іс-әрекет ретінде қимыл-қозғалыс ойындары белгілі бір ерекшелікке ие: ол баладан сигналды тез сезінуді және күтпеген жерден ойын жағдайын өзгертуді талап етеді. Ойын кезінде пайда болатын әртүрлі ситуациялар қимыл мен әрекеттің сипатын, қимыл бағытының тез өзгеруімен бұлшық ет ширығуының дәрежесін өзгерту қажеттігін туғызады. Мысалы, «Ұстап алу» ойынында әрбір бала жетекшінің әрекетін назар аудара бақылауы керек. Ол жақындаған кезде бала қарама-қарсы жаққа тез қашып кетеді. Өзінің қауіпсіз жағдайда екенін сезген соң қимыл қарқынын бәсеңдетеді, тежейді, тоқтайды. Жетекші тағы да жақындаған кезде ол қимылын тағы да тездетеді. Әрбір қимыл-қозғалыс ойынында балалардың ойын әрекеттері мен қимылдарын өзгертуге берілетін сигналдар болады. Мысалы, «бағыт пен қимыл сипатын өзгер­туді білдіретін сигналдар балалардың тез сезінуін, қабылдауын туғызады: бытыраңқы жеңіл жүгіріс бұрын белгіленген орындарға бірінің артынан бірі тізбекті сапқа тез қосылу үшін мақсатты тура бағытта жүгірумен өзгереді. Мұндай ширақ қимыл әрекеті еліктіру және тежеу процестерін жетілдіре және теңестіре отырып, баланың жүйке жүйесін шынықтырады. Қимыл-қозғалыс ойынында бала назар аудару және бұлшық еттің ширығу дәрежесін реттеуді үйренеді: ойынның қалыптасқан ситуацияға байланысты ол қимылды тынығумен кезектестіре алады. Бұл бақылағыштыққа, тапқырлыққа тәрбиелеуге, қоршаған ортадағы жағдайдың өзгеруіне қарап бағдар белгілеу, қалыптасқан жағдайдан жол тауып шығу, тез шешім қабылдап, оны жүзеге асыру, батылдық, ептілік, ини­циатива, мақсатқа жетудің өзіндік әдісін таңдау қабілетін қалыптастыруға көмектеседі.
Қимыл-қозғалыс ойындарының теориясы мен әдістемесі. Қимыл-қозғалыс ойындарының негізін ғалымдар (Ф.Лесгафт, Н.И.Пирогов, Е.Н.Водовозова, П.Ф.Каптеров, Е.А.Аркин) салған. Қимыл-қозғалыс ойындары өзінің бастауын халықтық педагогиканың тұңғиығынан алады. Сәби жасынан бала өзінің алғашқы жасаған қимылдарымен байланысты айшықты әсем халықтық ойыншықтармен ойнап, әзілдерді, күлдіргілерді естіп, қызық ойындарға кенеліп тәрбиеленеді. Неғұрлым ересек балалардың өмірінен балалар үшін қызғылықты ойын бастауларды, жеңіл өлеңдерді, санамақтарды қамтитын әртүрлі қимылдар жасалатын халық ойындары орын алды. Бұлардың бәрі күні бүгінге дейін өзінің ғажап көркемдігін, тәрбиелік мәнін сақтап келеді және бағалы, қайталанбас ойын фольклорын құрайды. Әйгілі орыс педагогы К. Д. Ушинский орыс халық ойындарын тәрбие берудің құдіретті құралы деп санап, оларды кеңінен пайдалануды ұсынды және педагогтарды балалар үшін ол ойындарды жинауға шақырды. К.Д.Ушинскийдің пікірі бойынша, балалардың бойында қоғамдық мінез-құлық дағдыларын қалыптастыратын «алғашқы қоғамдық қатынастар ассоциациясын» түйіндейтін ұжымдық ойындар ерекше тәрбиелік рөл атқарады. Сол кездің көрнекті педагогтары Н. И. Пирогов, ал кейінірек Е. Н. Водовозова, П. Ф. Каптерев және басқалар — баланың дене тәрбиесінде қимыл-қозғалыс ойындары баланың жасына байланысты қажеттілігіне жауап беретін әрекет ретінде және жан-жақты дамыту құралы ретінде бірінші дәрежелі маңызы бар екендігін атап көрсетті.
Әйгілі орыс педагогы П. Ф. Лесгафт Ресейде дене тәрбиесінің өзіндік жүйесін талдап жасады. Онда қимыл-қозғалыс ойындарына көп орын берілген. Ойынды П.Ф.Лесгафт жаттығу ретінде тұжырымдайды, оның көмегімен бала өмірге дайындалады. Ол дербес әрекет болып табылады, онда баланың жеке өзінің инициативасы дамиды, оның адамгершілік қасиеті қалыптасады. «Әрбір ойынның,- деп атап көрсетеді Лесгафт, - белгілі мақсаты болуы керек, ал ойынның формасы - сол мақсатқа жауап беруі керек. Ойын кезіндегі әрекет баланың өзін-өзі билей білуімен сай келуі және «рахат сезімінің шарықтауын» туғызуы қажет; бұл әрекеттер жүйелі түрде өткізілетін жаттығуларда алдын ала күшейтіледі». Ойындарды мазмұны және ережесі жөнінен біртіндеп күрделендіру қажет. Лесгафт ойындарға жаңа шарттар, жаттығулар, әрекеттер нұсқаларын енгізуді ұсынады. Осы арқылы неғұрлым жоғары талаптар қойып, өзі білетін әрекеттерді қайталауға, сондай-ақ ойындарға баланың қызығушылығын сақтай отырып, олардың балаға жүйелі түрде әсер етуіне жетуге болады. Рөлдер мен әрекеттерді бөлуді Лесгафт ойнаушылардың қолына топтайды (яғни ойын өзін-өзі билеу жолымен жүзеге асырылады). Ойын ережелеріне балалардың бәрі бірдей саналы түрде және шын ниетпен бағынатын заң ретінде қарауы маңызды. Лесгафт қимыл-қозғалыс ойындарын баланың жеке басын тәрбиелеудің, олардың адамгершілік қасиеттерін: адалдығын, шыншылдығын, ұстамдылығын, тәртіптілігін, жолдастық сезімін дамытудың бағалы құралы деп санайды. Оның: «Біз ойындарды оларға (балаларға) өзін-өзі үйрету үшін пайдалануымыз керек (яғни жағымсыз сезімдерді жеңу үшін)»,- деген сөзі белгілі. Ойын кезінде «оларды өздерінің шарықтап бара жатқан сезімін тежеуге және сонымен өз әрекеттерін санаға бағындыра білуге үйрету» керек. JIесгафт қимыл-қозғалыс ойындарының жүйелі түрде жүргізілуі балалардың өз әрекеттерін басқара білуін дамытуға көмектесетіндігін, оның денесін тәртіптілікке бейімдейтіндігін, яғни әртүрлі ауыртпалықта әрекет етуге үйрететіндігін атап көрсетеді. Ойындар баланы жоғары ептілікпен, мақсаттылықпен, тездікпен әрекет етуге, ережені орындауға, өзін-өзі билеуге, жолдастық сезімді бағалауға үйретеді.
П.Ф.JIесгафттың осы қағидалары қимыл-қозғалыс ойындарының теориясы мен практикасын одан әрі дамыту үшін негіз жасады. JIесгафттың негізгі теориялық қағидаларына сүйене оты­рып, педагогика сонымен бірге оның кейбір ұсыныстарына сын көзбен қарайды. Өзінің белгілі «Қосымша қоздырғыштар теориясында» JIесгафт: балаға әсер ететін күшті қоздырғыштар әрдайым оның сезімталдығын төмендетеді. Сондықтан ол көтермелеуді, жазалауды, гимнастика жаттығуын, күшті сезім туғызатын жарысты теріске шығарады деп дәлелдейді. Педагогика П.Ф.JIесгафт айтқан қағидаларға дұрыс талдау жасайды және олардың түрткі болатын себептерін ашады.
Жазалау туралы мәселені JIесгафт өз заманындағы тән жазасын қолданумен байланысты қарады: баланы бұрышқа тұрғызу, тізерлеп қою, түскі ассыз қалдыру және т.б. Ол мұндай жазалаулар баланың дене күшіне және көңіліне зиян келтіреді деп дұрыс есептеді: ол қозғалмай тұрған қалыпта шаршайды, оның адамгершілік абыройы төмендейді. JIесгафт рұқсат еткен жазалау, тек баланы уақытша ойыннан шығарумен шектелді. Қазіргі заманғы мектепке дейінгі педагогикада ойынның қайталануы кезінде баланың ойыннан бір рет шығарылуы ойынның заңына жатады, ол балалардың наразылығын туғызбайды. Оның үстіне ойыннан шығу жіберіп алған қатені түзетуді ұсынумен жиі алмастырылады (ойын сигналына жіті назар аудару, тек көрсетілген орынға ғана жиналу және т.б.). Балалардың ұстап алу, жалтарып кету кезіндегі даурығуына келетін болсақ, олар балалардың елігіп кету жағдайымен аяқталады, дегенмен, айғай-шуға және жалпы тәртіпті бұзуға айналып кетпеуі керек. Көтермелеу қазіргі кезде баланы алға қойылған міндетке жеткізуге және өз мүмкіндігіне сенімін нығайтуына ынталандыратын құралдардың бірі ретінде қарастырылады. JIесгафт көтермелеуді адамгершілік тұрғыдан теріске шығарады. Ол балаларды ойын қимылдарын мақтау күтпей, риясыз орындауға үйретті. Ойындағы жарысты да JIесгафт, баланың жеке басының жеңісіне ұмтылысын туғызады деген адамгершілік ой тұрғысынан теріске шығарды. Қазіргі кезде олардың пайдаланылатын себебі, жарыс әдісі ретінде қызығушылық, эмоциялық өрлеу, ойын қимылдарын өте жақсы орындауға ұмтылуды туғызады, қозғағыш дағдыларды жетілдіруге көмектеседі. Алайда, қазірдің өзінде мектеп жасына дейінгі балалардың ойындарында жарыс элементтері балалардың дене күші мен мүмкіндіктері мұқият зерттелгеннен және басшылық ету әдістері ойластырылғаннан кейін барып рұқсат етіледі.
П.Ф.JIесгафттың қимыл-қозғалыс ойындары туралы негізгі ережелерін В.В.Гориневский жаңа қоғамдық-тарихи жағдайға сәйкес дамытты. Гориневский қимыл-қозғалыс ойындарын мектеп жасына дейінгі балалардың қимыл әрекетінің негізгі түрі және жан-жақты тәрбие құралы деп есептеді. Гориневский балаларға арналған ойындардың мазмұнын қазіргі қоғамдық өмірдің талаптарымен байланысты талдаудың маңыздылығын атап көрсетті. Қимыл-қозғалыс ойындары процесінде балалардың моральдың ерік-жігер қасиеттері қалыптасады, сондықтан ойын баланың өзіндік қасиетін қалыптастыру құралы болып табылады. Балалардың ойын кезінде туған жігеріне сауықтыру компоненті ретінде елеулі маңыз бере отырып, Гориневский қуаныш пен көңілділікті ойын әрекетінің міндетті шарттарының бірі, онсыз ойын балалар үшін өз мәнін жоғалтады деп есептеді. Гориневский тәрбиешіден жігерлілікті, қимыл эстетикасын, әр балаға жеке өзіндік қатынасты, ойын ережесін дәл сақтауды талап ете отырып, қимыл-қозғалыс ойындарын жүргізу әдістемесіне елеулі талап қойды. Ол ойынға балаларға қолайлы, алайда, құмарлықты, өршеленуді, бір-біріне теріс ниетті туғызбайтын жарыс элементтерін енгізу тиімділігі туралы мәселе қояды. Тәрбиеші тарапынан қажетті басшылық болған кезде деп атап көрсетті Гориневский, ойында жігерлілік сипат алады және «балалардың бойында жағымды моральдық қасиеттерді қалыптастыру мақсатына пайдалануға болады».
Е.А.Аркин қимыл ойынын баланы өсірудің қуатты әрі бірден-бір құралы, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің негізгі тұтқасы деп есептеді. Әртүрлі дене тәрбиесі жаттығуларының ішінде ойынның артықшылығын ол ойынға ерекше тартымдылық беретін, балалардың күшін жұмылдыратын, қуаныш пен қанағат сезіміне бөлейтін мол әсерлілігінен, ірі бұлшық еттердің (жүгіру, секіру, лақтыру) айтарлықтай бөлігінің жұмысына көмектесетін қозғағыштық қызметінің сипатынан, шаршау қаупін жоятын қимылдардың сан алуандығынан, қимылдың қарқыны мен күш-қуатын балалардың өздерінің реттей білу мүмкіндігінен, жеке инициативаның, батылдық, тәртіп, тапқырлық, т.б. сияқты психологиялық қасиеттердің дамуының көрінісінен ақғарды. Қимыл-қозғалыс ойындары, Аркиннің көзқарасы бойынша, козғалтқыш аппаратты дамыту және жетілдіру жолымен организмді күшейтуге көмектеседі. Ойындар балаларды тәртіпке, әрекетті жинақтауға, жоспарлауға үйретеді. Бірақ, ойынның сәби жастан пайдалы күшке айналуы үшін оған саналы, тәжірибелі, шын ықыласты басшылық қажет. Тәрбиеші мүмкіндігіне қарай ересек балаларға ойын өткізуде, рөлдерді бөлуде, ережені сақтауда дербестік береді. Алайда, егер балалар бұл міндеттерді қате орындаса педагогтың белсенді, әдепті араласуы қажет және оның шынайы мүдделілігі ойынның дұрыс әрі қызықты өтуінде болып табылады. «Ойынның балаға жан-жақты әсерін ескере отырып, тәрбиешінің ойынды мұқият таңдап алуы, байсалды және сонымен бірге жігерлендіре түсіндіріп, рөлдерді бөле білуі, қажет кезінде ойынға қатынасуы, қорытынды жасауы - бұл үлкен өнер, оны әрбір тәрбиеші игеруге тырысу қажет» деп атап көрсетеді Аркин. Сөйтіп, JIесгафттың қимыл-қозғалыс ойындары теориясын оның ізбасарлары дамытты.
В.В.Гориневский мен Е.А.Аркин гигиенист-дәрігерлер ретінде, ең алдымен, мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшеліктеріне назар аударды. Бұл олардың эмоцияны ескеру қажеттігі туралы, балалардың дамуындағы жасқа байланысты өзіндік ерекшелік және балаларды ойындарды өз бетінше ұйымдастыру сияқты күрделі талаптарға біртіндеп тарту ту­ралы ұсыныстарынан көрініс табады.
Қазіргі кезде қимыл-қозғалыс ойындар мәселесі мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты тәрбиелеудің және дамытудың құралы ретінде ғылыми және практикалық қызметкерлердің одан әрі зерттеу мәні болып отыр. Мектеп жасы­на дейінгілер үшін қимыл-қозғалыс ойындарының жекелеген мәселелерінің мазмұны, ұйымдастырылуы және әдістемесі жөнінде А.И.Быкованың, М.М.Конторович, JI.И. Михайлованың, Т.И.Осокинаның, Е.А.Тимофееваның, JI.В. Артемованың және басқа авторлардың еңбектері бар. 1971-1977 жылдар ішінде 6 жасар балалардың қимыл-қозғалыс ойындарындағы жарыстар мен шығармашылық тапсырмалардың әдістерін тиімді пайдалануды (JI. М. Коровина), мектеп жасына дейінгі ересек балаларды қимыл-қозғалыс ойындары кезінде олардың жетілу кезеңінде негізгі қимылдарды үйрету тиімділігін (H.В.Потехина); ересек жастағы балалардың қимыл ойындары кезінде кеңістікте бағыт ұстауын қалыптастыру тиімділігін (Э.Я. Степаненкова); қимыл-қозғалыс ойындары кезінде бөбектердің бойында негізгі қимылдарды дамыту тиім­ділігін (E.А.Тимофеева) анықтаған зерттеулер жүргізілді. Практикалық қызметкерлер - В.И.Васюкованың, Н.Г.Кожевникованың, Т.К.JIюбованың спорттық ойындар элементтері бар ойындардың мазмұны мен әдістемесінің мәселелері жөніндегі, Е.А.Аронованың, К.В.Вербицкаяның, Н.Н.Кильпионың, JI.А. Киселеваның және көптеген басқа қызметкерлердің қимыл-қозғалыс ойындарының мазмұны мен әдістемесінің мәселесі жөніндегі озық тәжірибені бейнелейтін мақалалары мен кітаптары қимыл-қозғалыс ойындарына арналған. Қимыл-қозғалыс ойындарының сан қырлы тәрбиелік маңызы, олардың мектеп жасындағы балалар үшін ыңғайлылығы, ойындардың қуанышты, балаларды өзіне тартатын әрекет сферасын туғызуы - осылардың бәрі қимыл-қозғалыс ойын­дарын балалардың күнделікті өмірінің ажырағысыз бағалы серігі ретінде айқындайды. Ойындардың мектеп жасына дейінгі балалар үшін іріктеп алынған әртүрлі педагогикалық классификациясы бар, олардың негізінде түрлі белгілер жатыр. Ойындар мазмұны бойынша: қимыл-қозғалыс ойындары және спорттық ойындар элементтері қолданылатын ойындар болып бөлінеді. Ойындардың соңғы тобының мектепке дейінгі әдебиетте бірыңғай классификациялық атауы жоқ (спорттық үлгідегі ойындар, спорт эле­менттері бар ойындар, спорттық ойын элементтері бар ойын­дар, спорттық сипаттағы ойындар). Алайда, атауларын тізіп шығу бұл ойындардың мәнін өзгертпейді, әрбір белгілі топ спорттық ойындардың жекелеген элементтерін ғана қамтиды. Бұл ойындарда ең алдымен, мектеп жасына дейінгі бала­лардың жас ерекшеліктері ескеріледі, сондықтан қимыл, ереже, ойындарды ұйымдастыру техникасының оларға қолайлы қарапайым, бірақ шынайы элементтері іріктеп алынады.Осыған байланысты бұл ойындар ересектер сияқты дәрежеде балалардың дене күші мен психикалық ширығуын туғыза алмайды. Сонымен бірге олар балаларды әрекет мақсаттылығына, табандылыққа, тәртіптілікке, жауапкершілік, жолдастық сезіміне, спортқа құштарлыққа баулиды, дұрыс қимыл техникасы элементтерін қалыптастырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   129   130   131   132   133   134   135   136   ...   202




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет