Спорттық ойын элементтері бар ойындар. Зерттеулердің (M.П. Голощекина) және практиктердің деректері балабақшаның ересектер тобында спорттық ойын элементтері бар ойындарды жүргізуге болатынын көрсетіп отыр. Ол ойындар балалар қимыл-қозғалыс ойындарын өз бетінше ұйымдастыра білетін кезде жүргізіледі. Спорттық ойындар элементтері бар ойындар қимыл-қозғалыс ойындарына қарағанда, жинақылықты, ұйымшылдықты, бақылағыштықты, балаларға айқын, қолайлы қимыл техникасын, ұшқыр қимыл сезімін көбірек талап етеді. Осы аталған және басқа ойындарды біріктіретін белгі балалардың эмоциялық өрлеуін, қимылдарды жетілдіру мүмкіндігін туғызатын сауықтыру, білім беру, тәрбиелеу міндеттерінің ортақтығы болып табылады. Алайда, қимыл-қозғалыс ойындарында балалар шығармашылық көрсете отырып, сан алуан қимылдарды пайдаланса, спорттық ойын элементтері бар ойындарда осы ойынның ерекшелігімен және қимыл әрекеттері техникасының дәлдігімен белгіленетін кейбір қимыл шектеулері бар. Команда құрамында қатысушылардың белгіленген саны, олардың міндеттері бөліп берілген, ойын мерзімі уақытпен шектелген, ереже қимыл әрекеттерінің дәлдігін анықтайды. Ойын шарты дайындалған орынды, белгіленген алаңды, («Городки» және т.б.) тиісті жабдықтарды, саймандарды талап етеді. Аталған ойындарда балалар спорттық ойындар техникасының жалпы талаптарына жауап беретін дұрыс дағдыны игереді, мұның өзі одан әрі қайта үйретуді қажет етпейді және мектепке дайындау үшін маңызды. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламасында» және қимыл-қозғалыс ойындары жөніндегі қолда бар жинақтарда классификация (жүйелеу) негізіне қимылы басым түрлердің белгілері алынған (жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу және с.с.). Негізгі қимылдардың әрбір түрі бойынша қимыл-қозғалыс ойындарын іріктеген кезде жасына қарай бөлінетін топтар арасындағы сабақтастық сақталады. Бұл тәрбиешіге балалардың бойында белгілі бір қимыл дағдылары қалыптасуына байланысты ойындарды жоспарлауына көмектеседі. М.М.Конторович пен JLИ.Михайлованың жинақтарында қимыл басымдығы белгілері бойынша жоғарыда айтылған топтастырудан басқа ойындарды балалардың бұлшық ет ширығуын туғызу дәрежесі бойынша: қимыл дәрежесі көп, орташа, аз ойындарға бөлу қабылданған. Олар қимылды орындаудың түрі және сипаты бойынша анықталады. Бұлай жүйелеу ойын материалдарында бағдарлауды және алға қойылған міндетке сәйкес ойындарды іріктеуді жеңілдетеді. Т.И.Осокина ересектер тобындағы спорттық ойындар элементтерін толықтыра отырып, қимыл-қозғалыс ойындарын ойындағы қимыл басымдылығы белгісі бойынша бөледі. Н.Н.Кильпионың кітабында қимыл-қозғалыс ойындарының жүйесіне кейбір толықтырулар берілген, оның негізіне заттардан (жалаушалар, доптар, таяқшалар, шығырлар және т. б.) басқа балалардың неғұрлым күрделі ойын тапсырмаларына қызығушылығын арттыруға көмектесетін ірі гимнастикалық құралдар, сондай-ақ ептілікті жетілдіру, кеңістіктегі бағдар, қимылдар үйлесімі алынған. Көрсетілген ойындардың түрлері негізгі, сапта жүру, жалпы денені дамытатын жаттығуларды қамтиды. Қимыл-қозғалыс ойындарын түрлендіру тиімді болады. Алайда, нұсқалар жасау тек ойын әрекеттерін өзгерту, балалардың ойынға қызығушылығын сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар педагогикалық міндеттерді-балалардан белгілі дәрежеде ақыл-ой мен дене күшін жұмсауды талап ететін, сонымен бірге ойынға балалардың қызығушылығын арттыратын неғұрлым күрделі ойын элементтерін, ережелерін, ойын жағдаятын (ситуациясын), шарттарын орындау кезінде қимылды жетілдіруді, дене күші қабілетін қалыптастыруды шешу үшін де қажет. Мысалы, «Ұстап алу» ойынының бірнеше нұсқалары бар: «Ұстап алғыш, қолыңды бер» - кеңістікте бағдар белгілеуге көмектеседі, тапқырлықты, батылдықты, жолдастық сезімін күшейтеді; «Добы бар ұстап алғыштар» - дәлдікті, жол табу, кеңістікте бағдар белгілеу қабілетін дамытады; «JIентасы бар ұстап алғыштар»-қимыл сипатын олардың қарқынын өзгерте білу, жол таба білу, кеңістікте бағдар белгілей білу қабілетін дамытады; «Ұстап алғыштар - аяқтарыңды көтеріңдер»-кеңістікте орналасқан заттар арасында бағдар белгілеуге епті болуға, жол табуға, зерек болуға көмектеседі. Қимыл-қозғалыс ойындарының нұсқаларын өз тобындағы балалардың ақыл-ойы мен дене күшінің даму дәрежесін ескерген және балаларға біртіндеп талапты күшейтуді көздеген тәрбиешінің өзі ойлап таба алады. Ойындар жөніндегі кейбір жинақтарда қимыл ойындарының үлгі нұсқалары бар. Сонымен, ойындардың әртүрлі нұсқаларын жүйелі түрде пайдалану балалардың өздері игерген қимыл дағдыларын жан-жақты қолдану мүмкіндігін қалыптастыруға, дене күші қабілетін, заттарды ойынға колдана білу әрекетін, сергектікті, бақылағыштықты, кеңістікте бағдар белгілей білуді жетілдіруге көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |