Мектепке дейінгі ұйымдарда дене тәрбиесін ұйымдастыру формаларына сипаттама. Балалардың дене тәрбиесін ұйымдастыру формаларына мыналар жатады: 1) дене шынықтыру сабақтары: 2) дене шынықтыру-сауықтыру шаралары (ертеңгілік гимнастика, сергіту жаттығулары, дене жаттығуларымен ұштастырылған шынықтыру процедуралары); 3) балалардың дене тәрбиесі жөніндегі күнделікті жұмысы (қимыл-қозғалыс ойындары, серуендеу, жекелеген балалармен және шағын топтармен дербес жұмыс істеу, дене жаттығуларының сан алуан түрлерімен өз беттерінше айналысуы, мейрамдар).
Бұл формалардың бәрі дене тәрбиесінің жалпы міндеттеріне және баланың жан-жақты дамуына жауап бере отырып, өзара байланысты болады: олардың әрбірінің өзіндік арнаулы міндеттері бар, олар мектепке дейінгі мекеменің күн тәртібіндегі міндеттердің орнын анықтайды. Балабақшаның түрлі топтарындағы дене тәрбиесін ұйымдастыру формаларының арақатынасы балалардың жасын және жеке басының типологиялық ерекшелігін, олардың дене дайындығы дәрежесін, сондай-ақ белгілі бір топтың, бүкіл мекеменің нақты жағдайын ескере отырып, тәрбие-білім беру міндетімен анықталады.
Ерте жастағы топтың балаларымен жұмыс істеудің негізгі формасы дене жаттықтыруларымен жеке айналысу болып табылады (қимыл-қозғалыс ойындары, гимнастика, массаж). Ертеңгілік гимнастика және дене шынықтыру сабақтары ерте жас тобынан бастап барлық топтарда жүргізіледі, бірақ әрбір топта олар қозғағыш материал мен сабақ өткізу әдістемесін іріктеу жөнінен өзіндік ерекшелікке ие болады.
Мектепке дейінгі балаларда сергіту минуттары жақсы тынығу және балалардың жұмыс қабілетін қалпына келтіру сәті ретінде сабаққа, екі сабақтың аралығына енгізіледі. Шынықтыратын процедуралар барлық топтарда пайдаланылады. Алайда, бөлме ішіндегі, даладағы қимыл-қозғалыс кезіндегі бірте-бірте температурасы төмендейтін таза ауа ваннасы көбінесе, ересектер тобында қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |