Әдіскер - ірі балабақшада (8-10 топқа дейінгі) балалардың дене тәрбиесі бойынша тәрбиешілердің жұмысына тікелей басшылық жасайды. Тәрбиешілердің білімдерін жетілдіру, олардың жұмыстарын бақылау сияқты көрсетілген шаралардан басқа ол әдістемелік кабинетті керекті әдебиеттермен, құжаттармен: дене жаттығуларының бір жылға бөлінген жоспар-графигін, апталық жоспар, сабақтардың, ертеңгілік гимнастиканың, қимыл-қозғалыс ойындарының жоспар-конспектілерін, сергіту минуттары, серуен, кешкі бос уақыттар, мерекелер, денсаулық жағдайын есепке алу журналын, денесінің дамуы, дайындығын; дене жаттығуларының техникасы мен жүргізу әдістемесін бейнелейтін суреттері, фотолары бар альбомдар: дене шынықтыру алаңдарының макеттері, ата-аналар үшін материалдар (әдебиеттер тізімі, балалар киімінің сызбасы, т.б.) жабдықтауға көңіл бөледі. Әдіскер тәрбиешілердің жұмысын зерттеп, есеп пен жоспарлау бойынша құжаттарды талдайды, сонымен қатар дене шынықтыру сабақтарына, ертеңгілік гимнастикаға, дене тәрбиесінің басқа түрлерін жүргізуге бақылау жасайды. Бақылау барысында ол тәрбиешінің түсініктемесінің бәрін жазып алады, дене жаттығуларының сапалық көрсеткішін, мөлшерін белгілейді және хронометраждау жүргізеді. Балалардың қозғалыстарды орындау сапасын, олардың мінез-құлқын анықтайды. Бұлар сабақты талқылау мен баға қою үшін сонымен қатар тәрбиешілерге нақты нұсқаулар құрастыруға мүмкіндік береді. Әдіскер жұмыстың жақсы тәжірибелерін жинақтап, оны таратуға көп көңіл бөледі. Ашық сабақтар жүргізіп, оны бақылауды ұйымдастырады, тәрбиешілерге өз тәжірибесін корытып, педагогикалық оқуларда баяндама жасауға немесе шығып сөйлесулеріне көмектеседі. Әдіскер әдебиеттердің жаңа түрлерін іріктеп, аудан, қалалардағы әдістемелік кабинеттерде, ғылыми мекемелерде болатын жиналыстарға қатысып, балабақшадағы дене тәрбиесі жұмысын жақсартуға атсалысады. Өзінің де дене жаттығуларымен шұғылданып, балабақшаның қызметкерлеріне өнеге көрсетуінің және оларға қажет мезгілінде көмектесуінің маңызы да өте зор.
Достарыңызбен бөлісу: |