Тәрбиеші. Балалармен дене тәрбиесі жұмысын тікелей тәрбиеші жүргізеді. Ол қажетті теориялық және практикалық дайындықта болуы керек. Балабақшадағы міндеттерді жүзеге асыру үшін, тәрбиеші «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту бағдарламасын» оқып, оның мазмұны мен талаптарын білуге, дене тәрбиесінің барлық түрлерін жүргізе алатын болуы (сабақтар, ертеңгілік гимнастика, қимыл-қозғалыс ойындары, т.б.), сонымен қатар жоспарлау мен есеп бойынша құжаттарды дұрыс құра білуі керек. Дене жаттығуларын жүргізгенде тәрбиешілерге мыналарды істей білген жөн: қозғалысты дұрыс, нақты түсіндіріп, көрсетіп беру, бұйрық беру; белгілі оқу жүйесін іріктеп алу; қателерін ескертіп, түзеп тұру; балалардың дем алысын қалыптастыру; балаларға көмек көрсету, сақтандарып тұру; жұмсақ үнмен талап етіп, көңіл бөле отырып, педагогикалық әдептілікті сақтау; балалардың дене жаттығуларының орындалу сапасына, олардың жағдайы, мінез-құлқына бақылау жасау. Тәрбиеші баланың жағдайын бет өзгерістеріне (қызаруы, ағаруы, көгеруі), терлеуіне, тыныс алысына (аузынан тыныс алу, демігу), жүрек жұмысына (жүректің қатты соғуы), ынтасының өзгеруіне (ынталы, ынтасыз), қызығуына (қызықсыз, отырғысы келмеу, керексіз қимылдар жасау), белсенділігіне (белсенділігінің төмендеуі, ықылассыз болу, дене жаттығуларын орындамау), тәртіптілігіне (ойын ережесін бұзу), сонымен қатар дене жаттығуларын орындау сапасына (қозғалыс үйлесімділігінің бұзылуы, ырғақтылығының жоғалуы, жылдамдығы мен нақтылығының төмендеуі, тұлғаның дұрыс болмауы т. б.) қарап анықтауға үйренуі тиіс. Тәрбиеші балалардың өсуі, денсаулығы жайындағы анықтамаларды талдап, қозғалыс дағдысы мен дене қасиеттерінің даму деңгейінің себебін жүргізе білуі, сонымен қатар баланың отбасы жағдайын анықтап, дене тәрбиесінің практикалық жұмысында осыларды қорытындылап, қолдануы қажет. Тәрбиеші бөлмеде, балабақша жер телімінде гигиеналық жағдайлардың сақталуын, денешынықтыру жабдықтарының, құрал-саймандарының сақталуы мен тазалығын қадағалап отыруға, қардан қорған, үйме, қалашық құрылыстар салуға (кеме, аю және т. б.) мұз жолдарын (сырғанау мен жүгіретін жолдарды және т. б.) дайындап ұйымдастыруға міндетті. Тәрбиеші әдістемелік жұмысқа қатысып отыруы: ашық сабақтар өткізуге, өз тәжірибесі мен өзге тәрбиешілердің жұмысын талдап қорытуы, педагогикалық жиналыстарда шығып сөйлеуі, педагогикалық оқуларға баяндама дайындауы, әдістемелік кабинетке материалдар жинауы, фотоальбомдар құрастыруы, қабырға газетіне мақалалар жазуы өте қажет. Ата-аналармен де жүйелі түрде жұмыстар өткізіп тұруының маңызы зор. Тәрбиеші кеңестер, әңгімелер, жиналыстар, ашық күндер, сабақтар, ата-аналар үшін бұрыш-көрме ұйымдастырып, балабақшадағы кезекшілерді дайындайды және балалардың үйлеріне барады. Балаларға дене жаттығуларын, үлгі көрсету үшін тәрбиеші өзінің дайындық деңгейін жүйелі түрде көтеріп отыруы керек. Дене жаттығулары сабағын жүргізу дәрігердің бақылауымен болады. Барлық жұмыстарды, сонымен бірге қозғалыс дағдысы дамуының, дене қасиеттерінің есебін дұрыс жоспарлағанда ғана нәтиже береді. Тәрбиешіге спорт секцияларында, жалпы дене дайындығы топтарында айналысудың, жарыстарға қатысудың пайдасы зор.
Бала бағушы дене тәрбиесінің міндеттерін жүзеге асыруға көмектеседі. Ол бөлмелердің, спорт залының тазалығы мен ауасының тазаруын қадағалап отырады. Сәбилерге серуенге, дене шынықтыру сабағына барарда киінулеріне көмектеседі. Сонымен бірге, балаларды мезгілінде тамақтандырып, ұйықтатып, оларды қоғамдық гигиеналық әдетке қалыптастырады, дене шынықтыру құрал-саймандарын күтіп ұстайды (доптарды жуу, т.б.). Бала бағушы балаларға өз жұмысымен үлгі көрсете білсе, олардың дене тәрбиесі міндеттерін дұрыс шешулерінде атқаратын рөлі зор.
Достарыңызбен бөлісу: |