«Абай - дара, Абай - дана қазақта» Абай – ақын, жазушы, қоғам қайраткері,қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай адамның адамдық қасиеті еңбекте, ғылым – білім үйренуде, адамгершілік мінез -құлықта деп ұқты. Ол елін еңбекке, өнерге үндеді, мінез –құлықтағы ұнамсыз көріністерге қарсы күресті. Қазақ халқының XIX ғасырдың аяғынан күні бүгінге дейінгі тарихында ұлы ақын, ағартушы, данышпан Абай Құнанбайұлының алар орны ерекше. Халкымыздың талай-талай айтулы ақындарынан Абайдың жолы-жөні бөлек, парасат-пайымы кең, өресі өте биік. Оның әрбір сөзінің кең мағынаға толы екендігі дәлелденіп болғандай. Қайсы бір өлеңін оқысаңыз да, әсем сурет, бейнелі де, кестелі мағына-көріністі көресің. Түпсіз терең түңғиықтан ақырын-ақырын шымырлап, келе-келе тұла бойыңды тұтас билеп кететін бір тылсым, құпия сиқыры тағы бар. Абайдың ұлылығы - өзінің өскен орта, туған елінен қол үзбей, қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін меңгере отырып, орыс халқының мәдениетін өзіне өнегелі мектеп етуінде. Абайдың сезімі өз өлеңдерінен анық көрінеді. Ол өзін жиі жалғыз сезінді, қамықты, әлділердің әділетсіздігіне күйінді. Абай заманында қоғамды өзгерту мүмкін емес еді. Ол ағартушылықтың өмірдегі орнын дәл бағамдап, оны қоғамды дамытушы күш деп білді. Абай поэзиясы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Тек қана Абай өлеңдерінен қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері түгел көрініп, сезіледі. Ұлы ақын "Абайдың қазақ әдебиетіне XIX ғасырда және XX ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, естіп ұғыну арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасына арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен", - дейді Мұхтар Әуезов. Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі оның ұлттық әдебиетте шындық дегеннің не екеніне бірнеше рет көңіл аударып, оны тұңғыш аша білуі деуге болады. Ол - қазақ әдебиетінде әйелдердің тағдырына бірінші көңіл бөлген ақын. Оның кіршіксіз, таза, терең сезіміне үңілді, ананы, даналықты, достыққа берік адал сезімді жырлады. Абай кедей ақындардың күнкөріс кәсібіне айналып, бағасы түскен өлең сөзді өз биігіне қойып, оқырманның, тыңдаушының талғамын тәрбиелеуге белсенді араласты. Ақынның бұл саладағы ұлы қызметі орыстың классикалық әдебиеті эстетикасымен, Белинский, Чернышевский көзқарастарымен ұштасып жататыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Абай нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді. Абай шығармашылығындағы сондай-ақ адам бойындағы қайырымдылық, қанағат секілді адамның қалыптасуына себепші иманды қасиеттер де талданған. Кант, Достоевский тәрізді ұлы гуманистер "қайырымдылық", "қарапайымдылық" секілді ұғымдарды тұлғаны қалыптастыратын басты белгі деп қарастырған. Нағыз адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдайды. Дана ақынның пайымынша, адамшылықтың мұратына жетудің негізгі құралы - шығармашылық ойлау. Абайдың айтуында, ой кісіге табиғат құбылыстарын ғана емес, адам өмірін талдау, қорыту, салыстыру үшін берілген. Нағыз адам мұратына жетудің екінші шартын Абай еңбек, қызмет деп есептейді. Ақын еңбек туралы да жаңа сөз айта алды. Ол қазақ қоғамында еңбек туралы жаңа түсінік қалыптастырды. Абайдың айтуынша, еңбек - жай ғана қызмет емес, адам болмысының айнасы. Еңбектің өмір сүру құралы екендігін баршаға насихаттайды. Ғылымды игеру, тану, білімді болу - табан ақы маңдай тердің, еңбектің мәні. Сондықтан ақын еңбек пен мақсатты өлеңдерінде асқақтата жырлады. Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын күн тәртібіне қойды. Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты озық мәдениетке сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі - дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты. Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну - Абай даналығының белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлеңдерін оқи отырып, одан жалғандық табу қиын. Өлеңдерінен қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады. Абай ақын боп сөз жазып қана отырмаған, өз өлеңіне өзі ән шығарып таратқан. Оның композиторлық шығармашылығы біздің халықта ерекше бағаланады. Қазақ даласында бірінші шырқалған Татьяна тек Пушкинді ғана насихаттап, халыққа таратып қана қойған жоқ, сүйгеніне қосыла алмаған мұңды орыс қызын қазақпен байланыстырды. Абайдың жастайынан көргені, естігені - халық әдебиеті, бай фольклор, жеке ақындар творчествосы болды. Жасынан әке ырқымен ел ісіне араласқан Абай сөз сырын жақсы білді, дау ұстағандардың талай сынынан өтті, шешен атанды, төбе билікке де сайланды. Абай – құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама. Туысы бөлек, бесігі өлең, өсуі еркін. Оқуды өмірден алған. Оқуға зерек, ұғымға ұшқыр, талан, мектебі орта болған. Сондықтан да оның түрлі айтыстар мен даулардағы, мәжілістер мен кеңестегі айтқан пікірлері – дара өнеге, нақыл. Ойла-нып жазғандары өлең өнер болған. Абай дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай айтқан. Құдай берген даналық оны даралық жолына, даныш-пандық шыңына бастады. Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – осы шыңға шығар жолындағы баспалдақ. Абай ұлы ғұлама ақын, моралист – ойшыл, қазақ елінің, бүкіл түркі тектес халықтарының ортасынан шыққан әлемдік тұлға. Абайдың өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағды-рымен тығыз байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болып жатыр. Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі. Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп, өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасында орын алады. Абайға әр оралған сайын «көкірек көзің ашылады», азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына жолыққандай боласың. Қазақ халқының алдында енді қазақтың Абайын әлемге таныту, оны Адамзаттың Абайына айналдыру тұр.