Абайдың әдеби ортасы мен ақын шәкірттері. Абайдың педагогикалық көзқарастары. Абайдың имандылық ілімі



Дата27.09.2022
өлшемі36,76 Kb.
#150879
Байланысты:
абайтану 2 апта жазғы


Абайдың әдеби ортасы мен ақын шәкірттері. Абайдың педагогикалық көзқарастары. Абайдың имандылық ілімі
Абайдың әдеби ортасы мен ақындық мектебі жайлы аса күрделіұғымдарды қамтитын проблемаға М. Әуезов 1934 жылы Абайдың қайтыс болуына 30 жыл толу қарсаңында жазылған “Абай ақындығының айналасы” деген зерттеу мақаласында алғаш рет арнайы тоқталды. Мақала көлемі шағын болса да зерттеушінің көп жылдар бойы ізденіп тұжырымдалған ой байламдарын қорытындылайтын көп қырлы, жоспарлы болып келеді.
Абай мұрасының рухани нәр алған көздерін анықтап, ол жолы өз танымын айқындаумен қатар Абайдың тікелей қарым-қатынаста болып араласқан әдеби ортасымен қоса, ақын өмірінің соңғы он жылында өз маңында жетіліп, ақындық өнер көрсете бастаған өнерлі топқа да зерттеуші жіті көңіл бөле бастайды. Абайдың әдеби ортасымен бірге сол әдеби ортаның бір саласы болып табылатын Абай тұсындағы ақындық өнер жолына түскен бір топ өнерліжастар қаламынан туған әр түрлі жанрда жазылып, белгілі болған көркем шығармаларды да жинастырып, зерттеу нысанына алу керектігін ертерек таныды. Абайдың әдеби ортасы жайлы аса күрделі мәселе мен соның бір саласы ретіндегі Абай ақындығының шыңына шыққан кезіндегі орын тепкен ақын маңында тәрбиеленіп, көпетеген көркем туындыларбергенбір топ өнерлі жастар. Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлеңдері мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа бұлар Абай басшылығымен өз маңдарынан жырлар да жазған. Бұл өнерлі топтың ақын маңына топталып, Абай шығармалары мен әндерін халық арасына таратып, таратудағы әрекеті, әсіресе, “Абай жолы” эпопеясында мол суреттеліп, өз бағасын алды да. Ал, осы өнерлі топтың екінші бір бөлігі Абай бастап, негізін қалаған әдебиет пен қоғамдық ойдағы жаңа бағыттағы ақындық дәстүрді жалғастыра дамытып, оны өз шығармалары арқылы толықтыра түсті. Олардың шығармалары дәстүрлі көшпенді дәуір әдебиетімен кетпей, шын мәніндегі профессионалды жазба әдебиет үлгісінде жазылуы тікелей Абай мектебінің тәрбиелік әсеріне байланысты еді. Бұл тұста Абай маңында өз шығармаларын жазып шығаратын Абай дәстүріндегі ақындар тобы іріктеліп қалды. “Ақын болып, талаптанып өлең шығарып көруге Абайдың іні – балаларының барлығы да ұмтылған. Бұл жағынан келгенде Абайдың алды, бір жағынан “әдебиет мектебі” сияқты болды”.
Сол ретпен өлең шығаратын Көкбай және Абайдың өз балаларынан Ақылбай, Мағауия болды. Бұлардың бәрі де қысқа өлең, өсиет өлең айту Абайдың жол дағдысы болғандықтан, өздеріне бөлек бет іздегенсияқты. Сондықтан төртеуі де ұзақ әңгімелі (сюжетті) өлең жазды.
Егер дәл сол тұста Абай дәстүрі дүниеге келмесе, бұл ақындардың ақындық өнер жолына түсіп, жазба әдебиет үлгісіндегі соны жанрлы шығармаларды жазуы да екі талай болар еді. Абай мектебі, Абай ақындығының айналасы жөніндегі пікірлері, негізінен, Абай өмірбаянын жазу, деректер жинастыру үстінде туғандықтан, бұл пікірдің ойға оралу мерзімін білудің елеулі мәні де бар. М. Әуезовке Абай өмірі мен творечствосының сан қырлы сырлары жайлы аса құнды деректер көзін берген, негізінен, Абай айналасында болған шәкірт ақындар тобы. Осылардан ауызша, жазбаша, кейде сұхбаттасу үстінде алынған деректерсіз Абай өмірі мен әдеби ортасы жайлы қазіргі күндегі толық сақталып, қазіргі ұрпақ игілігіне қызмет етіп, отырғанын ұмытуға болмайды.
Зерттеуші алғаш рет Абай мұрасының рухани нәр алған үш қайнары жайлыпікір қозғап“… бұл уақытқа шейін ақынның айналасы деген тақырыпта сөз қылғанда біз өзіне әсер еткен жайларды, өз қорына құйылған салаларды алып келдік. Бірақ ақындық айналасы Абайдың өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан мәселе — Абайдың өзгеге берген нәрі турасында”, — деп соңғы жылдары Абайдың ақындық мектебі немесе ақын шәкірттері деп аталып жүрген күрделі бір проблеманы арнайы көрсетті.
1942 жылдан бастап С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында тұңғыш рет абайтанудан арнайы курс оқып, арнайы семинар сабақтарын жүргізу үстінде Абайдың әдеби ортасы, әдеби мектебі жайлы ойларын ортаға салып отырған.
М. Әуезовтің Абайдың әдеби ортасы жайлы пікірлері талас тудырған жоқ. Бірақ осы мәселенің бір буыны – Абай мектебі немесе Абайдың ақын шәкірттері жөніндегі ойлары, яғни, Көкбай осында Абайдың ақыншәкірті ретінде аталуы (1934ж.) мен “Ақын аға” романында Көкбай шығармасының сөз етілуінде жатыр.
Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу саласында тұрпайы социологялық таным көп тұрақтап, елеулі зардаптарын тизгізіп келгені жұртқа аян. Осы таным тұрғысынан кейбір әдебиетшілер М. Әуезовті батыра сынаудың тұсы оның ғылыми еңбектері мен “Абай жолы” эпопеясында сөз болатын Абай мектебі немесе ақын шәкірттері туралы пікірінде жатыр деп қарады. Осы себепті Абайдыңүзеңгі жолдасы Көкбайдың “Сабалақ” дастанындағы пікірін ілік етіп көтерді.
М. Әуезовтің Абай ақындығының айналасы жайлыәр тұста айтылған пікірлеріне ешқандай әдеби сын айтылмай келіп, оған тек 1950-1951 жылдары үдере дау айтылып жатты.
Абай ақындығының айналасы жайында, әсіресе, осы саланың бір желісі Абай мектебіне байланысты кейбір терминдік мән алған сөздердің мән-мағынасын әр түрлі атау етек алды. Әдеби еңбектерде тұрақтанбай бір мағына тұрғысынанаталып жүрген “Абай ақындығының айналасы”, “Абайдың әдеби ортасы”, “Абай мектебі”, “Абайдың ақын шәкірттері”, “Абай дәстүрі”, “Абай тұсындағы ақындар” деп сан түрлі атауларға ие болып келеді. Бұл атаулар тұтастай М. Әуезов еңбектерінде де ұшырасады. Бірақ олардың әрқайсысы өз алдына терең мән-мағынасы бар әр қилы зерттеу нысандарына лайықты мән-мағына алатын күрделі терминдік атаулар екенін есте ұстаған жөн.
Абайдың педагогикалық көзқарасы
Абай бар асыл ойын замана жастарына, келер ұрпаққа арнады.
Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты - адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат - «толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған.
Абайдың педагогикалық көзқарасының қалыптасуы
Абайдың педагогикалық көзқарасы қазақ жерінде патриархалдық-феодалдық қатынастар әлсіреп, капиталистік қатынастардың өмірге ене бастаған кезеңінде қалыптасты. Ақынның ағартушылық ой-пікірлерінің қалыптасуына игі әсер еткен табиғи арналардың алғашқысы - ақынның дүниеге келген ортасы, жас Абайдың бойына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін ақ сүтімен қоса дарытқан ана мейірімінің қуаты. Кеудесі шежіре-тарих, аңыз-әңгімеге толы, халықтың салт-дәстүрлерін жетік білетін мейірбан әжесі Зере мен мінезге бай, тілге шешен анасы Ұлжан бала Абайды өз алдына бір бөлек рухани қазына бесігі болып тербетті. Талантты жастың өз бетінше ден қоя оқыған, құныға тыңдаған ауыз әдебиеті шығармалары туған халқының өмірі мен дәстүрін, арманы мен мұңын ертерек танып білуіне себепші болды. Өмір заңдылықтарын түсінуге игі ықпал еткен әке тағылымы да ақын бойында ұстаздық қасиеттің қалыптасуына үлкен әсер етті. Туған халқының рухани мұрасын жан-жақты игеріп, Батыс пен Шығыстың ғылыми ой-санасын сыншылдықпен бойына сіңіру арқылы Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірін өзінің ағартушылық тұрғыдағы тұжырымдарымен байытты. Ақынның жастарды білім алуға, ғылымға, адамгершілікке үндеген педагогикалық топшылаулары шығыстың атақты ғұламалары Әлішер Науаи, Ғ. Дауани, әл-Фараби т. б. ой-пікірлерімен сабақтас, өзектес келеді. Ол орыстың алдыңғы қатарлы ойшылдары мен көрнекті педагогтарының маңызды тәлім- тәрбиелік ой-толғаныстарын өзіндік құнды қағидалармен толықтырып, кейінгі ұрпаққа ағартушылық жаңа дәстүр қалдырды.
Абайдың дүниетанымын зерттеушілер
Абайдың дүниетанымы зерттеушілер назарын аударып, оқырман қауымның рухани қазынасына айналды. Профессор Т. Тәжібаевтың еңбектерінде Абайдың ақыл-ой, адамгершілік, еңбек тәрбиесі жайлы тұжырымдарына талдау жасалған. Ол Абайдың педагогикалық, психолиялық көзқарасын тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашып берді. Ақынның ағартушылық түрғыдағы ой-пікірлері туралы бірқатар зерттеулер жазылып, диссертациялар қорғалды. Абайдың педагогикалық көзқарасы мәселелерін арнайы тақырып етіп қозғамаса да М. О. Әуезов, Қ. Б. Жарықбаев, X. Сүйіншәлиев еңбектерінде ақынның ағартушылық тұжырымдары жайлы біршама құнды пікірлер ұшырасады. Абай педагогика саласынан арнайы ғылыми- теориялық шығармалар жазып, тікелей педагогикалық қызметпен шұғылданбаса да, оның өлеңдері мен қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі-өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тұжырымдарды көп кездестіруге болады.
Жастарға үгіт
Ақын жастар тәрбиесінің сан қырына, оның өзекті салаларына баса назар аударды, жас ұрпаққа үміт артты, олардың жүрек сезімін оятып, өзінің көкейкесті мақсат-мұраттарына жұмылдыруға ұмтылды. Жастардың еңбек етіп, ғылым мен білімге ден қоюы, алда тұрған мақсаттарына жету жолында табандылық көрсетуі қажеттігі сияқты асыл қасиеттерді уағыздау - Абайдың бүкіл ақындық қызметінің негізгі де үзілмейтін идеялық- тақырыптық желілерінің бірі. Абай мектепте оқып жүрген қазақ балаларына үміттене қарап, елдің болашағы осылар деп қуанды. Елдің мешеулігін, халықтың қараңғылығын, надандықты әшкерелеп, жаңа өмірге бастар жол оқу-ағарту, адамның рухани жағынан азат болуы деп түсінді. «Адамның білімі, өнері - адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі - жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе: «Дүние де өзі, малда өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз...», - деген тұжырым ұсынады.
Ескілікті сынауы
Абай оқу-ағарту ісінің дамуына кедергі жасап келе жатқан ескілік пен надандықты, қатаң жазалау тәртібіне негізделген түсініксіз тілдегі діни оқуды әшкере етті. Молдалардың діни қағидаларды жалаң, жаттанды әдіспен түсіндіріп, баланың сана- сезіміне, ақыл-ойына, өмір мен дүниені танып білуіне сенім тудыра алмайтынын, олардың діни оқудың толық мағынасын өз мәнінде жеткізбей жүргендерін қатты сынға алып, шынайы білімді меңгерудің әдіс-тәсілін терең ғылыми тұрғыда көрсетіп берді. «Отыз екінші сөзінде»: ... білім- ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет біл... білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттен...» деп, білімге ұмтылу, оқыған азаматқа еліктеу, іздену, талаптану сияқты қасиеттерді бойға дарыту арқылы оқып-білген сайын дүниені тани түсетінін, бұл таным ғалымдық жолды қалыптастыратынын атап өтті.
Ғылымды үйренушілерге
Ақын ел қамы үшін емес, өз қамы үшін, елді бірлестіру үшін емес, араздастыру үшін оқитын, ойында «я тілмаш, я адвокат болу» ғана жүрген пысықай жастарды сынап, ғалым болу үшін ғана емес, сол алған білімін туған халқының мәдениетін, экономикасын, сана-сезімін көтеру үшін жұмсауға шақырады. Ойшыл ақын ғылымды үйренушілерді екі топқа бөледі. Бірі - білімді ақиқатты тану, азамат болу үшін үйренушілер де, екінші - бақастық, яғни біреуден озу, артық болу мақсатын көздеушілер. Ақын ғылым жолын қалаған жастарға ғылымды жеке басының қамы, бақастық үшін емес, халқына адал қызмет ететін жан-жақты жетілген, білімді - «толық адам» болып шығу үшін үйренуге ақыл айтып: «үйреніп жеткенше осы да болады ғой деп тоқтамай, үйрене беру керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды», -деп, оларға тынбай талаптануға, үздіксіз ізденуге кеңес береді. Абай қазақ жастарын желөкпе, әр нәрсеге көрсеқызар болмай, өнерді үйренуге, табиғатты тануға, ғылыми көзқарасқа негізделген тиянақты білім алуға үндеді.
Оқыту методикасы
Ол оқу-ағарту саласындағы таптық, ұлттық және мүліктік шектеулерге қарсы шығып, оқытудың ана тілінде жүргізілуіне баса назар аударды. Сонымен қатар: «Орысша оқу керек... өнер де, ғылым да - бәрі орыста... Сен оның тілін білсең, көкірек- көзің ашылады», - деп, орыс тілін үйренуге де ерекше мән берді. «Балаңа қатын әперме, - дейді ақын замандастарына, - енші берме, барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет». Абай Отыз сегізінші сөзінде ғылымды әл- Фарабидің үлгісімен сала-салаға бөліп, ұстаздарға ғылым негізін жоспарлы және жүйелі түрде балаға түсінігіне ұғымды, қызықты, тартымды етіп оқытуға, білімді өмір талабымен ұштастыра білуге кеңес береді. Ақын ғақлияларында оқудың шәкірттердің ынтасын арттыратындай түсініктілігі мен ерікті, көрнекілігі жайлы құнды дидактикалық пікірлер айтты. Ол жеке адамның қалыптасуына оқу-ағарту ісін ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесімен тығыз сабақтастыра қарастырады. Ақын түсінігінде адамгершілік тәрбиені құрайтын қасиеттер: адам баласын сүю, адамдардың бір-біріне адал, мейірімді және бірлік, ынтымақта болуы. Ол адамгершілікке баулуда жастардың сол замандағы мінез-құлық олқылықтарын өз бойларынан іздетіп, олардан арылуға, өзін-өзі тәрбиелеуге өсиет етті. Жасөспірімдердің мінез-құлық, адамгершілік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген Абай: «Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл-гүл...» - деп, жас баланы тәрбиелеуді өте ерте қолға алып, олардың дақ түспеген санасына ізгі қасиеттерді еге білу қажеттігін ескертеді. Ол өзі өмір сүрген әлеуметтік ортада орын алған бес түрлі зиянды мінез-құлықтан адам боламын деген әрбір жасөспірімнің сақтануы керектігін ашық айтады. Адам өзіне-өзі сыншы болу керек: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен есеп ал», - деген Абай тұжырымы жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, олардың бойында өзіне деген берік сенімін қалыптастырады.
Достық пен жолдастық
Ойшыл ақын адамдар арасындағы адалдық пен сезім тазалығына негізделген шынайы достық пен жолдастықты жоғары бағалады. Достық бағзы заманнан бері адамзатпен бірге жасалып келе жатқан жасампаз ұғымдардың қатарына жатады. Ол туралы әр ұрпақ заман шындығы мен талабына орай ой қорытты. Абай Ғ. Дауанидың достықтың табиғаты мен негізгі өлшемі жайлы айтқан пайымдауларын жүйелі тұжырымдармен байытып, достықтың мәнін кең тұрғыдан терең түсіндіріп берді. «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етек басты көп кердім елден бірақ...» - деп, өзі ескерткендей, заманында достық пен қастықты, әділдік пен қиянатты басынан мол кешіріп, өмір талқысы ой салған Абай өзі қастерлеп, ардақтаған достық пен жолдастықты келер ұрпаққа өсиет етіп жеткізуді азаматтық борышым деп білді. Ақын әділетсіздік жайлаған феодалдық қоғамдағы достықтың өлшемі малы үшін, күні үшін жағымпазданып, екіжүзділік жасау деп түсінетін жалған достықты жеріне жеткізе сынайды. «Жаман тату қазады өзіңе ор, оған сенсең, бір күні боларсың қор...» - деп, жалған достықтың бет пердесін әшкерелеп, жастарды жағымсыз жалған қылықтан сақтандырады. Ақын нағыз адал, шынайы достықтың құдіретті күшіне терең талдау жасайды. «Жолдастық, сұхбаттастық- бір үлкен іс, Оның қадірін жетесіз адам білмес. Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас, Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес...», - деп, құрбы-құрдас, дос-жолдас болып жүріп, көзі жоқ жерде жолдасын жамандап, келеке ететін екіжүзді залымдарды сынға алып, оларға адал достық пен шынайы жолдастықты қарама-қарсы қояды.
Гуманизм, интернационализм принциптері
Ойшыл ақын жастарды адамгершілікке тәрбиелеуде гуманизм, отаншылдық және интернационализм принциптеріне достықты, әділеттілік пен мейірімділікті негізгі қазық етіп алды. Абайдың ұлттар достығы, интернационалдық тәрбие жайлы ойлары өз халқына деген сүйіспеншілік сезімінен туындады. Көршілес халықтардың озық дәстүрлеріне, жетістіктеріне үңіле қарап, соларды үлгі-өнеге тұтты. Озық ойлы ақыл-ой иелерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, жақсы тәлім-тәрбие үлгілерін батыл насихаттады.
Отбасындағы ана рөлі
Абай бала келешегіне қамқоршы ұстазы - әке деп білумен қатар ұрпақ тәрбиелеудегі ананың орнын да ерекше бағалады. Өз анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің құшағында болып, қос мейірім бұлағынан сусындап өсуі оның ана қасиетін биік тұғырдан тануына игі әсер етті. Аналық мейірім арқылы берілетін нәзік те пәк адамгершілік асыл қасиетті ерекше қастерледі. Ананы өз баласының алғашқы, ең аяулы тәрбиешісі деп білді. Қыз баланың тәрбиесіндегі ана тәлімінің ықпалына Абай педагогикалық тұрғыдан жан-жақты талдау жасап, өрелі тұжырымдар айтты. Ол қыз балаларды жұбайлық өмірге балғын шақтан әзірлеу керектігіне назар аударады. Қыз күнінде ұқыпты, жинақы болып жүріп, тұрмыс құрған соң берекесі кетіп, салақ әйел атануы, әсіресе қаракетсіз өскен бай қыздарының жастайынан еңбекке етене баулынбағанынан деп білді. Сондықтан аналарға қыз бала тәрбиесінде ұлттық дәстүрді басшылыққа алуды ұсынды. Халық тәрбиесінде абзал аналар ес біле бастаған қыз балаларына іс тіктіріп, үй шаруасына үйреткен. Осындай аналарды Абай қатты құрметтеп, қалыңдық іздеген жігіттерге тәрбиелі ананың қызына көз салуды ескертті. «Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар Ата-ананың қызынан ғапыл қалма», - деп, жар таңдағанда тәрбиелі, жақсы ананың перзентін малды болмаса да бағалай біл, өмірлік жолдас ет деген аса құнды пікір айтты. Бойына адамгершіліктің асыл қасиеттерін жинақтаған қыз балаларды болашақ көтерілер шаңырақтың берік қазығы деп есептеді. Болашақ отау құру мәселесінде қыз балалардың ақылды, білімді болуына ерекше мән берді. Ол өз қызы Күлбаданды қала мектебінде оқытумен қатар, қазақ қыздарының сауатты болуын қолдады. Ең болмағанда хат танып, оқу-жазуды игеруі керектігін ескертті, маңайындағы адамдардың қыз балаларының сауатын аштыртып, өлең-жыр көшіртіп, ән мен музыкаға баулыды.
Тұрмыс құрар жастарға
«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме! Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!», - деп тұрмыс құрар жастарға қалыңдықты көркі мен сымбатына ғана қарап бағаламай, оның адамгершілік қасиетіне, ішкі жан дүниесіне, ақыл- парасатына, көргенділігі мен тәрбиелілігіне көңіл бөлу керектігін ерекше атап көрсетті. Абай болашақ отау құрушы жастарға жұбайлық өмірдің елеулі қиындықтары да болатынын, ол қиындықты жеңуге алдын ала әзірлеу керектігін ескертті. Некелескен жастардың бір-бірімен, отбасының басқа мүшелерімен, жора-жолдас, туған- туысқандарымен сыпайы қарым-қатынаста болуы, олардың елге құрметті, саналы азамат дәрежесіне жетуі өздерінің мінез-құлқы мен іс-әрекетіне байланысты екенін ашып көрсетті. Ақын некелік өмірдің табиғи тірегі мен құқықтық негізі - жастардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі деп білді. Абайдың түсінігінде тең құқылық - махаббат бостандығы. Сол бостандықтың жүзеге асуы - олардың некелесуі деп қарады. Сондықтан ол өзінің көптеген өлеңдерінде осы тұжырымын жария етті.
Абайдың діни көзқарасы
Нұрғали Махан
«Абайдың діни көзқарасы» дегеннен «Абайдың дінге деген көзқарасы»,- деп айтқан дұрысырақ секілді. Себебі, дін заңдары мен қағидаларын өмір сүру ережесіне айналдырған адамдарда ғана «діни көзқарас болады». Ал, Абай өмірде де, өнерде де дін жолын қағида етіп ұстанған жоқ. Біздің ойымызша, Абай дінге ешкімге ұқсамайтын соны, тіптен басқаша, өзіндік көзқараспен қарады.
Ең бірінші айтпағымыз, Абай – кәміл, жан-жақты үйлесімді жетілген толық мұсылман. Десек те, Абайдың дінге деген көзқарасы өте күрделі. Оны жүрдім-бардым бір-екі ауыз сөзбен түйіндеп өту мүмкін емес. Мұсылманның бес парызының ең бастысы – жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына сену болса:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөзі айырылмас, -деген Абай, Аллаға да оның «сөзі» «Құран-Кәрімге»-де бар болмысы, жан-тәнімен сенген – кәміл мұсылман. Сөз Алланың бір сипаты болғанда, көптеген кітап Алладан келді дей отырып, Абайдың бөліп алып, оқушысына «оның төрті»-деп жеке түсіндіріп отырғаны – көктен түскен қасиетті төрт кітап – Тәурат, Забур, Інжіл, Құран. Өзі мұсылман бола тұра, әлемдік басты діндердің қағидалары мен канондары жазылған бұл төрт кітаптан Абай Құранды жеке бөліп, оқушысына ерекше түсіндірмейді. Ол «Алланың сөзі»-деп, осы аталған төрт кітапқа бірдей тең көзбен қарайды. Адамзат тарихындағы діннің рөлін жетік білген ғұлама Абайдың түрлі діндерге тең дәрежедегі бір көзбен қарауы – оны Әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл-гуманист дәрежесіне көтеріп отыр.
Қазақ тіліндегі «Дін» сөзі дүниежүзінің өзге тілдерінде «Вера» яғни «Сенім» деген мағынаны білдіреді. Тіліміздегі «Сенім» сөзінің мағынасы исламдық мұсылман түсінігінде «Иман» деп айтылады. Сонда, «Дін», «Сенім», «Иман» сөздері – адамның дінге деген сенімі мағынасында қолданылатын синоним сөздер. Мұсылманға иман – шарт. Яғни, ол жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына иман келтіріп, сенуі керек.
Ал, Абай иман туралы: «Иман дегеніміз бір ғана инанмақ емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уа құранның аның сөзі екендігіне, уа пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. оның тарапынан елші екендігіне инандық. Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де алла тағалаға келер еш кемшілік жоқ еді. ...Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықбірлән қалса саған пайда бермейді. ...Пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек»,-деп жазады өзінің «Тасдиқ» деп аталатын ғылыми трактатында (38-қара сөз).
Абайдың түсінігіндегі иман – жай әшейін сенім емес. Мұсылманның бес парызы бар. Сол бес парыздың ең бастысы әрі ең негізгісі, ол – Алланың бар екендігіне, Құран оның сөзі, ал Мұхаммед пайғамбар оның елшісі екендігіне иман келтіріп, сенуі шарт. Абайдың ойынша Аллаға иман келтіруімізбен ғана іс бітпейді. Себебі, біздің оған сеніп, иман келтіруімізге Алла тағала мұқтаж емес. Құрғақ бір ғана сенім ешқандай пайда бермейді. Аллаға жан-тәніңмен, бар-болмысыңмен, оның өзіне ғана лайық ұлы сипаттарына шын беріле отырып, ақиқатыңмен, бар махаббатыңмен сенуің керек. Сол кездегі иман шын мәніндегі – кәміл иман болмақ. Әлемдік діндердің барлығында хұзыры мен билігі шексіз жаратушы Хақ тағаладан пендесі қорқу керек десе, «Махаббат пен қорқыныш – от пен су секілді, бірі бар жерде екіншісіне орын жоқ»,-деген Абай: «Алла тағала адамзатты махаббатпен жаратты. Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз іс емес пе?»-дейді (38-қара сөз).
Абайдың ойынша, Алланың махаббатымен жаратылған біз, яғни адамдар, жаратушы бір Алланы шын жүрегімізбен, бар болмысымызбен, жанымыздан артық сүюіміз керек. Тек махаббатпен! Еш қорқынышсыз! Өйткені, қорқыныш бар жерде махаббатқа орын жоқ. Сондықтан да бір Аллаға сеніп, иман келтіріп, біз оны тек қана махаббатымызбен шын сүюіміз қажет. Бұл – әрбір пенденің өмірлік ұстанымы, иманы болуы шарт.
Ойшыл, ғұлама Абай мен ақын Абайдың арасында пікір қайшылығы болған емес. Ғұлама ойшыл, философ Абай өзінің «Тасдиқ» деп аталатын 38-қарасөзіндегі айтқан ойларын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде поэзия тілінде жалғастырады.
... Махаббат жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл
Иманның асылы тахкиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына малың түгіл.
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы[2, 247], -деген Абай «Алланы сүй», «Адамзатты сүй», «Хақ жолы әділетті сүй» - міне осы үш сүю иманның, сенімнің тірегі – кәміл иман яғни «Иманигүл»,-дейді. «Дін де осы, шын ойласаң тағат та осы»,-деп «Иманигүл» мен дінді бірнәрсе деп түсіндіретін ақын, осыларды бұзатын – пайда, мақтан, әуесқойлық,-деп, пайдакүнем, мақтаншақ және көңілінің байлаулы тұрағы жоқ әрдемеге әуесшіл адамдарды «Иманигүлді» иманды адамдарға қарама-қарсы суреттейді.

«Абай ілімі» деп ресми түрде мойындалып, қазіргі таңда ғылыми айналымға түскен «Абай іліміндегі» «Иманигүлді» адам, ең бірінші өзін махаббатпен жаратқан ұлы жаратушы бір Алланы сүюі шарт. Екіншіден, ол хақ жолы әділетті сүйеді. Себебі, әділет – барша ізгіліктің анасы. Әділет сезімі жоқ адамның өн бойынан еш уақытта ізгі ойлы көркем мінездің шықпасы анық. «Иманигүлдің» тағы бір шарты – адамзатты сүю. Күллі адамзатты бауыр тұтып, жақсы көру – жаратушы бір Құдайдың әмірі,- деп Киелі кітаптарда айтылса да, бұл – ғұлама ойшыл-гуманист Абайдың жеке бағындырған өз биігі. Түрі мен түсі, ділі мен діни сенімі әр түрлі, жаратушы бір Алла жаратқан күллі адамзат – бір адамның баласы. Туған бауырыңды қалай сүйсең, адамзаттың бәрін де солай сүй,-деген сапалы ой – Абай өмір сүрген сол кезеңде, Абайдан өзге ісләм сеніміндегі ой алыптарына орала қоймаған кез. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»,- жырлаған хәкім Абайдың гуманисттік тұрғыдағы данышпандық ойы – оны адамзат тарихындағы үздік ой алыптарының қатарына қосып тұр.


Адам өмірінің сенімі мен иманының рухани қайнар көзі деп «Иманигүлді» басты орынға шығарған хәкім Абай:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс, - деп, мұсылманның қалған төрт парызын осы «Иманигүлдің» шарты ретінде ғана қабылдайды. Ораза ұстау, намаз, зекет, жағдайы келсе қажылыққа бару әрбір мұсылманға парыз саналатыны белгілі. Бірақ, сен қанша жерден намаз оқып, зекет (әлсіздерге көмектесу үшін берілетін қайыр садақа) беріп, қажылыққа (қағбаға барып зиярат ету) барғаныңмен, бойыңда «Иманигүл» яғни Алланы, адамзатты, әділетті сүю сезімі болмаса, сыртыңмен намаз оқып, зекет беріп, қажылыққа баруың әшейін жемісін бермес бос тірлік,- дейді хәкім Абай.
Осы орайда XX ғасырдың басында М.Әуезовтің өтініші бойынша, Абайдың көзін көріп, тәрбиесін алған шәкірті Көкбай ақынның Абай туралы жазған естелігі еске түсіп отыр.
Көкбай ақсақал өз естелігінде: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы қожа – молла айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молла сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қабылдаған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішіндегі осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақылдың діні еді»,- деп жазады (Қазақ әдебиеті хрестоматиясы. ІІ кітап, 73-бет. Астана, «Арман ПВ» - 2007 жыл)
Біз Абайдың дінге деген көзқарасын талдағанымызда, Көкбай ақсақал өз естелігінде айтқан «Абайдың діні» туралы ойларын басты назарда ұстағанымыз абзал. Десек те, тағы да қайталаймыз, Абайдың дінге деген көзқарасы өте күрделі. Абай мұсылманның ең басты парызы жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына бар болмысымен сене тұра, ол Алланы саналы түрде танып білгісі келеді. Алланы бар ақыл-санасымен танып білгісі келген Абайдың:
Көңілге шәк, шүбәлі ой алмаймын
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, - деуі, мұсылман әлемі танып білмеген батылдық болатын. Дін ғылымы: «Алланы жаратқандарына қарап таны. Аллаға ойланбай илан, сен»,-десе, Абай: «Сеніп, илану үшін ойланамын»,-дейді. Шындығына келгенде, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»,-жырлап, Әлемдік деңгейдегі парасат биігіне көтерілген Абай үшін ісләм дінінің танымдық шеңбері тым тар еді.
Сондықтан да: Ақылға сыймас ол Алла Тағрипқа тілім қысқа аһ,-деп, өлшеусіз Алла тағаланы, өлшеулі пенде ақылымен түсіну мүмкін емес деп (38-қарасөз) «Аһ» ұра өкініп:
Ақылмен хауас барлығын
Білмейді жүрек сезе-дүр
Мүттәкәллимин, Мантикин
Бекер босқа езе-дүр , -деген Абай Алланы сөз арқылы түсіндіріп, оның құдіретін жаратқандарына қарап біле бер,- дейтін дін ғылымдары Мүттәкәллимин мен Мантикинге ашық қарсы келіп, оларды мансұқтап, жоққа шығарып отыр. Өлең шумағындағы «Хауас» сөзі сипат, түр деген мағынада. Абайдың: «Жаратушыны ақылмен біліп болмайды. Оның сипатын, бар екенін жүрек сезеді»,-деген пікіріне дін ұстаздарының көзімен қарасақ, Абайдың мұнысы – күпірлік. Міне, сондықтан да біз ғұлама ғалым хәкім Абайдың дінге деген көзқарасы белгілі бір өлшем қағидасы мен түсінік шеңберіне сыймайды,-демекпіз.
Айта кететін бір жай, көп жерде «Ақылмен хауас барлығын» деген өлең жолдарындағы «мен» жалғауы шылау ретінде «ақыл» деген сөзден бөлек жазылып кеткен. Мұндай жағдаймен мүлдем келісуге болмайды. Егер «мен»-ді септеулік шылау ретінде бөлек жазсақ «Ақыл мен хауасты, яғни ақыл мен бірге хауасты да танып болмайды»,-деген ұғым қалыптасып, Абайдың айтқысы келген «Ақыл арқылы хауасты түсіне алмаймыз»,деген ойын мүлдем ұқпай қалар едік. Сондықтан да өлең жолдарындағы «мен» қосымшасын көмектес септігінің жалғауы ретінде бірге жазуымыз керек. Сонда ғана біз өлең жолындағы Абайдың айтқысы келген ойын анық түсінеміз. Сөз реті келіп қалған соң ғана, біз бұл өлең жолдарына жол-жөнекей тоқталып отырмыз. Болмаса, айтпақ болған негізгі ойымыз – жаратушы бір Алланы танып білгісі келген Абай жайы еді.
Абай: Адам Алланың бар екенін, оның сипатын жүрекпен ғана сезеді,- десе де, ол Алланы бар ақыл санасымен түсінгісі келді. Жаратушы хақ тағаланы іздеп,оның тылсым сырларын ұққысы келген Абай,құрғақ діни фанатизмге бармайды. Ол бір Алланы жан-тәнімен,бар болмысы,ақыл-санасымен түсінгісі келеді. Сонда,жаратушы бір Алланы қалай танып білеміз? Әрине, Аллаға деген сенім арқылы. Сенім дегеніміз – иман. Ал, әрбір мұсылманға иман-шарт. Абай:"Иман дегеніміз бір ғана инамақ емес,сен Алла тағаланың бірлігіне,уа Құранның оның сөзі екендігіне,Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. оның елшісі екендігіне инандық...Сіз әмәнту билләһи кәмә хуа би исмайһи уа сифатиһи,-дедіңіз.(Құдайға оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін) Егер де ол сипаттар бірлән тағрипламасақ (айыру,анықтап білу)бізге мағрифатулла(Алланы тану) қиын болады[1.189]",-дейді хәкім Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде.
Ұлы жаратушы Алла тағаланың өзіне тән сегіз ұлы сипаты бар.Олар:
-Хаят-тіршілік тірі болу 2. Ғылым 3. Құдірет-күш 4. Басар-көру,көруші 5. Сәміғ-есту,естуші 6. Ирада-тілеу,қалау 7. Кәлам-сөз,сөздер 8. Тәкин-болдыру [1,188] (38-қара сөз)
Жаратушы Алланың осы сегіз ұлы сипаты туралы Абай:"Бұлардың хәммасы Алла тағаланың зәтия (өзіне лайық) суббутия уа фиғлия (өзі істейтін) сипаттары дүр.Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі – ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарқ (түсіндіру, түсініп беру)"[1,190],- дейді.
Алла тағаланың сегіз сипаты ішінен ғылым мен құдіретті басты орынға шығарған Абай,қалған алты сипатты осы екі сипатқа түсінік берушілер,-деп түсіндіреді өзінің 38-қара сөзінде. "Ол сипаттармен тағрипламасақ (анықтап білу) бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады",-деген Абай,Алланың сегіз ұлы сипатының ішінен өзі екшеп,бөліп алған дәл осы екі сипат арқылы яғни,құдірет пен ғылым арқылы Алланы танып білуді ұсынады. Әрине,Алланың құдіретті екені анық.Ол әркімге белгілі ақиқат.Сонда,Абай бізге Алланы,оның екінші сипаты ғылым арқылы танып білу керек деген ой ұстанымын ұсынып отыр.
Ғылымды адамның ғылымы және Алланың ғылымы,-деп екіге бөлген Абай: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықбірлән табылады»,-дей келіп: «Ол – Алланың ғылымы емес, һәмманы біле тұғын ғылымға ынтықтық (яғни Алланың ғылымына ынтықтық. Н.М.) өзі де адамға өзіндік ғылым береді» [1,186] (38-қарасөз) ,-дейді.
Абай Алланы, бәрін білетін Алланың ғылымы арқылы емес, адамның ғылымы арқылы тануға тырысады. Себебі: «Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким (данышпан, дана адам. Н.М.) ақыл ерістіре алмайды. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды»,-дейді хакім Абай[1,189] (38-қарасөз).
Абайдың Алла тағаланы бар ақыл санасымен ұғып, танығысы келгенде айтпақ болғаны: Пендесіне жаратушы Алла тағала қалай танылып, сезіліп тұрса, сол күйінде ғана Алла тағаланы тануға біздің ақылымыз қауқарлы. Алла тағаланы толық танып білу мүмкін емес. Себебі, біздің ақылымыз өлшеулі, Алла тағала – өлшеусіз.
Жаңа технология, ғылымымыз жетілді, атом, компьютер, жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз дегенде, ғарышта жеткен жеріміз күн жүйесіндегі Жер серіктері Ай мен Марс планеталары. АҚШ секілді техникасы мен технологиясы жетілген елдердің 12 км\сек жылдамдықпен 7 ай ұшып жеткен жері Марс планетасы. Олар қазіргі таңда Марс планетасын зерттеу үстінде. Жер, Ай, Марс күн жүйесіндегі 9 планетаның үшеуі болғанда, әлі адамзат зерттемеген күн жүйесіндегі 6 планета бар. Дәл қазіргі таңдағы дамып жетілді деген техникаларымызбен секундына 12км/сек жылдамдықпен ұша отырып, қалған алтауына жету үшін бірнеше жыл керек екен.Бірнеше жыл үздіксіз ұшуға адамзат ойлап тапқан жаңа технологиялардың мүмкіншілігі жоқ көрінеді. Яғни, біздің ойлап тапқан технологияларамыз бен ақыл ойымыздың мүмкіншілік шегінің әзірге жеткен жері осы болып тұр.
Ал, енді түнде далаға шығып, көк жүзіне көз салыңыздаршы, миллиардтаған жұлдыздарды көресіздер.
Жер шарындағы тіршілік, Күн, Ай, көк жүзіндегі миллиардтаған жұлдыздар... Абайдың жазуындағы Алла ғылыммен жаратушы күш бір Алла жаратқан ғалам осы. Ең кішкене жұлдыз Жер шарынан жүз есе үлкен деп жүр астроном ғалымдар. Ол жұлдыздарда тіршілік бар ма, бар болса ол қандай? Олар қалай өмір сүріп жатыр? Планеталар құлап кетпей тепе-теңдікті қалай сақтап тұр? И.Ньютонның "Бүкіл әлемдік тартылыс заңы" меніңше, ол әлі дәлелденбеген ғылыми болжам. Біз қазір жоғарыда айтып өткен Ай мен Марстан басқа (бұлардың өзі толық зерттелген жоқ) ғаламдағы миллиардтаған планеталар тіршілігінен еш хабарымыз жоқ. Ғалам қалай өмір сүріп жатыр? Ақылымыз жетпейді. Дәл қазіргі таңдағы ғылым – бүкіл ғаламдық үйлесімділікті терең сезініп, түсіне алмай отыр. Ал, ғаламдық үйлесімділікті өте нәзік түсінген Абай: «Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісі бірлән жаратқан, анан басқа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты» [1, 192],- деп, ғаламдық денелердің бір-біріне әсері мен үйлесімділігіне таң қалады.
Иә, біз келіссек те, келіспесек те ақиқат шындық сол: Тепе-тең үйлесімділік жағдайындағы қазіргі Ғаламның қалай өмір сүріп жатқанын бүгінгі заманауи ғылым бізге түсіндіріп бере алмай отыр. Осындай жағдайда неге біз жаратушы бір Алла құдіретіне күмәнмен қарауымыз керек?
Қайта біз бір Алланың құдіретін ғылым арқылы пайымдасақ, жаратылыстың сырын түсіну бізге жеңілге соқпай ма? Алланың құдіретін ғылым арқылы танудың өзі, Алланы тану емес пе? Неге сонда біз ғылым мен жаратушы бір Алланы екі бөлек дүние деп қарастыруымыз керек? Бір Алладан басқа мәңгілік ешнәрсе жоқ. Ерте дүние дәуірінде жаратушы бір Алла мен ғаламды тану үшін ғылымды бірге меңгерген дін мен ғылым XIV-XV ғасырларда екіге айырылса, қазіргі XXI ғасырдың озық ойлы ғалымдары мен дінбасылары тарапынан Алланың сөзі Құран Кәрімді ғылыми талдап, дін мен ғылымды бірге қарастыру керек деген пікірлер белең ала бастады. Ирландия діни Епископаль университетінің ректоры, халықаралық теологиялық комиссиясының мүшесі, Рим папасының теология жөніндегі кеңесшісі, профессор Майсиль Ледвит: "Ғалымдар діни конондар туралы ешнәрсе білмесе, өкінішке орай дін қызметкерлері де ғылым туралы ешнәрсе білмейді. Жаратылысты дін арқылы не ғылым арқылы түсіну-бұл ақиқатты танып білудің тәсілдері ғана екенін біз ұмытпауымыз керек"[3.7-бет],-деп жазып, дін мен ғылым бір-біріне кереғар дүние емес,ол тек ақиқатты танып білудің тәсілдері ғана деп дін мен ғылымды бірге қарастырса, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бұрынғы бас муфтиі, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің "Ғылым және дін" атты ғылыми еңбегінде ғылым мен құран туралы өз ойын былай сабақтайды: "Кейінгі ғасырларда ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктердің Құран Кәрімде осыдан он төрт ғасыр бұрын яғни микроскоптан,телескоптан мақұрым ғасырда қорытынды түрде дөп басып айтылуы бұл күнде батыс,шығыс ғалымдарын таң қалдырып,бас идірген. Бұл Құранды с.ғ.у пайғамбар жазбағанын, Алла тарапынан жіберілген иллаһи кітап екендігін айқын білдіреді ",-дей келіп,өсімдіктердің аталық-аналық ұрықтары,бір-бірімен қосылып жатса да сулары арласпайтын теңіздер мен жердің айналу бағыты,ана құрсағындағы сәбидің өсу кезеңдерін баян ететін Құран сүрелері мен аяттарынан нақты мысал-дәлелдер келтіреді.
Ал, белгілі ғалым Морис Бюкай өзінің "Библия, Құран және қазіргі ғылым"кітабында: "Жер мен ондағы тіршіліктің пайда болуы, баланың жатырда жетілуі секілді,тіпті физика мен математиканың күрделі мәселелеріне дейін толып жатқан ғылыми тұжырымдармен таныс кісілердің оның Құран мәтінімен толық сай келетінін көрмеуі мүмкін емес. Көптеген сүрелер мен аяттардағы құпия хабарларды ашу қазіргі ғылымның алдында тұрған міндет", -деп жазады.
Құрандағы құпияларды ашу ғылымның алдында тұрған міндет, - дегеннен шығады, қарақұрт не жылан секілді улы жәндіктер шаққан адамды заманауи медицина ұзақ уақыт емдейді. Ал, жаратушы бір Алланың сөзі Құран Кәрімдегі "Фатиха", "Ықылас" сүрелерін "суф" деп бірнеше рет оқи отырып, жылан не қарақұрт шаққан адам бойындағы уды қайтарған сауатты моллаларды өзіміз күнде көріп жүрміз. Сонда, тек қана Құран аяттарын оқу арқылы адам бойына жайылған уды қалай қайтаруға болады? Тек бұл емес жүйке ауруларына шалдыққан адамдарды білімді моллалар Құран аяттарын оқу арқылы ауруларынан емдеп жазғанын талай адам көзімен көрді. Бұл да болса Құран Кәрімнің ғылым әлі ашпаған құдіретті құпиясы болса керек.
Иә, қазіргі заманауи ғылымның алдында тұрған үлкен бір міндет, ол – Құранның сүрелері мен аяттарын ғылыми түрде талдап, түсіндіру. Бұл оңай шаруа емес. Құранды ғылыми түрде талдау үшін, Құранды түсіндіріп талдаушы ғалым ғылымның бар саласын жете білуі шарт. Өйткені, Құран – бар ғылымның тоғысқан жері. Осыны білген ұлы Абай:
Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол
Тә̓уиліне жетерлік ғылымың шақ, - дейді
Құранның мағынасын терең біліп, түсіну үшін адамға үлкен ғылым мен ғылыми даярлық керек екенін айтады,- ғұлама-ғалым хәкім Абай.
XIX ғасырдың екінші жартысында патриархалды мешеу қазақ қоғамында өмір сүріп, XXI ғасырдың алдыңғы қатарлы ойшыл ғалымдарының Құранды ғылым арқылы түсіну керек деген терең ғылыми пікірлерін олардан бір жарым ғасыр бұрын айтқан ұлы Абайдың жан-жақты терең біліміне еріксіз таң қаласыз. Абайдың 38-қара сөзінде айтылатын:"Ғылым-Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр",-деген Абай сөздерінің байыбына біз әлі жете алмай жүрміз.
Абайдың «Иманигүл» және «Камили инсани», «Кәміл адам» немесе жан-жақты жетілген «Толық адам» ілімін Абайдың діни көзқарасынан бөліп алып жеке қарастыруға болмайды. «Иманигүл» мен «Толық адамды» «Абай ілімі»-деп ғылыми айналымға түсірген абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Сен де сүй ол Алланы, жаннан тәтті» атты ғылыми еңбегінде: «Алланың бойындағы сегіз сипатын құдірет пен ғылым сипатына қоса біріктіріп, оны бір сөзбен ғақыл яғни ақыл сөзімен атайды. Осы ақыл сипатына Абай өз тарапынан нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып, екі сипатты яғни әділет пен рақымды қосады. Осы өзі екшеп, даралап алған қастерлі үш ұғымнан яғни ақыл, әділет, рахымнан Абайдың толық адам туралы ілімінің негізі қаланады»,-деп ойын түйіндейді ғалым ағамыз. Сонымен, «Абай іліміне» сүйеніп айтар болсақ, өн бойына ақыл, әділет, рахым секілді үш адамгершілік қасиетті жинақтаған адамды «Толық адам» дейміз.
Абай өзінің 38-қарасөзінде: «Бұл айтылған үш хисляттің иелерінің алды – пайғамбарлар, анан соң – әулиелер, анан соң – хакимдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ»,-дей келіп: «...Бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи (ахиреттік) пайдасын ғана күзетті, дүниеге тиерлік пайдасын ұмытты. Хакимдер дүниеде тиетін пайдасын сөйлейді»,-дейді хакім Абай.
Абайдың бұл жерде әулиелер,-деп отырғаны, дүниенің қызығынан баз кешіп, өзін құдай жолына арнаған аскет адамдар. Біздің халықтың түсінігінде оларды кейде «сопылар»-деп атайды. Бұлардың бойындағы ақыл, әділет,рахымнан адамдарға еш пайда жоқ. Себебі, олар бұл дүние қызықтарынан бас тартып, өзін о дүниеге яғни ахиретке дайындап қойғандар. Ал хакимдер дүниеде тиетін пайдасын сөйлейді,-дейді хакім Абай. Сонда хаким дегеніміз кім? Абай: «Хикмет құдаға, пенде өз ақылы жетерлік қадәрін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хаким деп ат қойдылар. Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарды хәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын күлкі түгіл дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртәбәда қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақ бірлән ләззаттанады [1,201] (38-қарасөз),-дейді
Сонда хәкім дегеніміз хақ тағала жаратқан дүниедегі әрбір істің себебін іздеп, ақиқат пен жалғанды айыру жолында, дүние ләззатын сырып тастап, адам баласының пайдасы үшін ғаламның сырын, әр нәрсенің себебін іздейтін және өзі содан ләззат алатын данышпан ғұлама адамдар.
«Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хәкім – ғалым»,-деген данышпан Абай: «Хакимдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини (шын иман) болады. Сондықтан да адамдар хәкімдерге сеніп, солардың соңында болуы керек»,-дейді де: «Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі хайру н-нас йанфағу н-нас (адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам) деген. Бұл хакимдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып адам баласына пайдалы іс шығармақтылығына және хақ бірлән батылды айырмаққа үйреткендегі – барша нафиғлық (пайда беруші) болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізде дағуа жоқ»,-дейді өзінің 38-қара сөзінде
Пікір көзқарастары тек қана ислам дүниетанымына қатып қалған кейбір дін басылары: «Мұсылман болмаса оның сөзін тыңдауға болмайды, өйткені ол - кәпір»,-десе, білімдар Абай Алланың елшісі пайғамбарымыздың хадис шәрифіндегі: «Адамның жақсысы адамға пайда келтірген»,-деген сөзді мысалға ала отырып: Хаким ислам дінінде болмағанымен, ол бүкіл адамзатқа жақсылық ойлап жатыр, сондықтан оны мойындап оған сену керек,-дейді.

Абай сөзі – ақиқат! Өзге діндегі адамдар ойлап тапты деп, электр жарығын немесе күллі адамзатқа ортақ жаңа технологиялық жетістіктерді пайдаланбай қоюға болмайды ғой. Болмаса, діні мұсылман емес деп, басқа діндегі күллі адамзатқа ортақ пайда әкелетін ғұлама ғалымдардың пікірін қалайша пайымға алмай қоюға болады. Абайдың өзі мұсылман бола тұра, ол тек қана діни – исламдық шеңберде қалып қоймай, күллі адамзатқа өркениеттің, Алланың хақ жолын нұсқайды. Бұл – Абайдың гуманисттік ойының әлемдік деңгейге көтерілуінің жарқын көрінісі еді.


Абай пайғамбарларды (олар да адамдар) әулиелерді, хакимдерді «Толық адам»-дей отырып, ол әулиелердің жолымен «Толық адам» болуға үзілді-кесілді қарсы.
Абай: «Пенделіктің кәмалаты әулиелік бірлән болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып, ху деп тариқатқа (дін жолына Н.М.) кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?» [1,199] (38-қарасөз), -дейді
Қалай десек те, Абай «Толық адам» болу үшін дүниеден баз кешіп, әулиелер секілді дін жолына түскен фанатизмге қарсы. Хәкімдер мен әулиелерді салыстыратын Абай, дүние сырларының себебін біліп, ахирет үшін емес, адам баласының пайдасы, игілігі үшін қызмет ететін хакимдерді әулиелерден анағұрлым биік қояды. Мұны үнемі оқу, іздену үстінде данышпан хәкім дәрежесіне жеткен Абайдың өмірді, адамзатты сүюі деп түсінгеніміз мақұл.
Ойлап қарасақ, Абайдың діни фанатизмге ашық қарсы келуінде халқымыздың қанына сіңіп, рухымен біте қайнасып келе жатқан ерте түркілік ұғым жатқан секілді. Дінге фанаттық тұрғыда берілу – қазақ халқының ұлттық сезіміне жат нәрсе болғандығы ақиқат дүние болатын.
Алланың өзін де, оның сөзі Құран-Кәрімді мойындайтын кәміл мұсылман Абай, діни фанатизмге қарсы. Ислам дінінің философиясын жоғарғы деңгейге көтерген Абай: «Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым құдіреті сипаты бірлән сипаттадық»,-дей отырып: «Ол – алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ғақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап (Айыру, анықтау, білу. Н.М.) танымаққа керек. Егер де ол сипаттар бірлән тағлифламасақ, бізге мағрифатулла (Алланы тану. Н.М.) қиын болады»,- дейді [1,189] (38-қара сөз).
Сөз басында айтып кеткеніміздей жаратушы бір Алланы тану үшін Абай, Алланың өзіне тән сегіз сипатының ішінен құдірет пен ғылым сипатын даралап бөліп алып, ғылымның өзі – құдірет,- дей отырып, Алланы адам өзіне сезілген ғылым арқылы тану керек,- деген тұжырымға келеді.
Ол адамгершілікті, моральдық-философияны барлық жайдан жоғары қойды. Дінді сенім әрі тәрбие құралы деп есептеген Абай, «Иманигүлді» «Толық адамды» насихаттай келе,тұлғалық сананы жоғарғы деңгейге көтере отырып, ой-сананы түзеумен қоғамды, шаруашылық болмыстың баршасын өзгертіп, түзеуге болады,-деген тұжырым жасайды.
Алланы шынайы махаббатпен сүйіп, білім мен иманды бірге ұстау керек деген мақсатты ойды ұстанған Абайды, ислам дінінің философиясын жоғарғы деңгейге көтере отырып, дінді жаңаша пайымдағысы келген шын мәніндегі исламдық ойшыл – ғұлама деп түсінуіміз керек. Бұл – таласы жоқ ақиқат дүние.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет