Бастауыш буын үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы бола отырып, оқушының жеке тұлғасының психологиялық дамуына негіз салады. Айналадағы дүние, адаммен қарым-қатынас арқылы эмоционалдық, интеллектуалдық, коммуникативтік, іскерлік жақтары жетіледі. Өзін-өзі басқару, өз пікірін дәлелдеу, керекті жерінде өз білімін қолдану икемдігі қалыптасады.
Білім берудің мемлекеттік стандартында мектеп алдында, мектепке дейінгі мекемелер мен отбасы тәрбиесінде қалыптасқан әр бала бойындағы табиғи бейімділік нышандарын одан әрі дамытып жетілдіру мәселесі де ескерілген.
Ал бастауыш білім берудің мемлекеттік стандартын жетілдірудегі маңызды мәселелердің бірі – бастауыш білім мазмұнының құрамы мен құрылымын анықтау болды. Адамзат жинақтаған әлеуметтік тәжірибенің жас ұрпаққа беретін үлгісі ретінде заман талабына сай жетілдірілген білім мазмұнын жүзеге асырушы құрал – базистік оқу жоспары. Бұл нормативтік құжат оқушылардың өз болмысын тануын, біртіндеп туындап отыратын талап-тілегін сезініп, өзін-өзі басқаруын, ынта-ықыласына сай білім алуын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Білім мазмұнының тұрақты жүктемесі сияқты бағдарлы пәндер, қолданбалы және таңдау курстарынан тұратын жылжымалы оқу жүктемеде тұтас қаржыландырылуы қажет. Егер бүгінгі таңдағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар тұрғысынан оқу жүктемесінің жылжымалы бөлігі қаржыландырылмаса, мектептің жаңа моделінің басты идеясы жайына қалып, әлемдік білім кеңістігіне кіруі мүмкін болмайды. Сөйтіп, еліміздің болашағының, әлеуметтік, рухани, мәдени серпілісінің қозғаушы күші – білім беру жүйесінің міндеті толық мағынасында орындалуы оның мазмұндық және процессуалдық аспектілерін демократияландыру құралдарына да байланысты. Әр мектептің жеке оқу жоспарын құруға негіз болатын, олардың әрқайсысының өзіндік бет-бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік беретін типтік оқу жоспары – білім беруді демократияландыруды бір құралы.
Базистік оқу жоспары жаңа нормативтік құжат ретінде жалпы орта білім негізін анықтады, мемлекеттің, жеке тұлғаның, жергілікті жердің мүддесін үйлестірді. Онда мектеп құрылымын өзгертудегі заман талабына сай ұсынылып отырған білім мазмұнының құрамы мен құрылымын анықтаудағы және соған сай оқу жүктемесінің жіктелуіндегі ұстанымдар сипатталды. Басқаша айтқанда, базистік оқу жоспары жалпы білім беретін мектеп дамуының және онда берілетін білім мазмұнының тұжырымдалған бейнесі болды. Базистік оқу жоспарында білім мазмұнында алты компонент міндетті түрде болуы керек: ақыл-ой, адамгершілік, тіл-қатынас, эстетикалық, еңбек ету, дене шынықтыру әрекеттері. Білім мазмұнында осы алты компоненттің міндетті түрде болуы керектігін В.С.Леднев ғылыми түрде жеке тұлға, әрекет теориялары тұрғысынан дәлелдеген. .
Мектептегі оқу пәндері, оның ішінде бастауыш мектеп пәндерінің жиынтығы, олардың әрқайсысының аталуын және мазмұнын анықтауға ғылыми негіз болмаса әр түрлі көзқарастар ағымында кетіп қалған болар еді. Оқу пәндерін нақтылау мәселесінің астарында қазіргі заман сипатының негізгі көріністерінің бірі – ғылым салаларының қауырт дамуына байланысты туындаған ғылыми білім жіктемесі жатыр. Осыған орай, базистік оқу жоспарын құруда авторлар В.С.Ледневтің ұсынған білім мазмұнының құрамын анықтау заңдылықтарына сүйенген болатын.
Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысы жалпы бастауыш білім берудің негізгі оқу бағдарламаларын іске асыратын буын болып табылады. Әр пән бағдарламасының мазмұны өзіне тән түсініктер мен ұғымдар жүйесін біріктіретін, құрылымдық-генетикалық жағынан өзара тығыз байланысты, ғылыми түрғыдан негіздемесі бар.
Оқу бағдарламаларының негізіне алынған басты ұстанымы - білім мазмұнының теориялық деңгейін көтеру мен оқу әрекетін калыптастыруды оқушы дамуының басты шарты ретінде қарастыратын дамыта оқыту идеясы.
Осы ұстанымдарға сай оқу бағдарламаларында:
- оқушы меңгеруі тиіс мазмұн ретінде онда әртүрлі ситуацияларға еркін араласуы арқылы қалыптасып, дамитын қабілет немесе қолданылуына сәйкес жүйеленген білім түріндегі ойлау, коммуникативтік және ізденіс әрекеттерінің үлгілері мен тәсілдері карастырылады;
- әр пән ойлау мен іс-әрекет тәсілдерінде өрбіп даму мүмкіндігі бар түсініктер мен үғымдар жүйесі түрінде кұрылады.
Жоғарыда ұсынылған идеяларды басшылыққа ала отырып базистік оқу жоспарының мазмұнына мынандай оқу пәндері енгізілген болатын. Олар қазақ тілі, ана тілі, математика, дүниетану,бейнелеу өнері, еңбекке баулу.