МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ
Пайғамбар
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған.
Күнбатысты қараңғылық таптаған,
Көгінде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған.
Түн баласы Тәңірісін өлтіріп,
Табынатын басқа Тәңірі таппаған.
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Білген емес — иман деген не нәрсе,
«Қарын» деген сөзді ғана жаттаған.
Түн баласы... Түн жолына түскен ол,
Сақаусың деп Мұса тілін кескен ол,
Тәңірінің сүйікті ұлы Айсаның
Тітіркенбей ұрттап қанын ішкен ол...
Түн баласы түнерген түн жамылған,
Аллаға емес, әзәзілге табынған.
Інжілді өртеп, табанға сап Құранды,
Әділдікті күткен ессіз қарыннан.
Түн баласы өмірінде араз таңменен,
Қабыл ұлы ауызданған қанменен.
Табынатын құр денеге жануар,
Болған емес жұмысы оның жанменен.
Төгілмей ме кемерінен асқан су,
Өлтірмей ме жайылған соң күшті у!?
Түн баласы түнеріп тұр өлгелі,
Көзіңді сал — күнбатыста қанды шу;
Көзге түртсе көрінбейтін қара түн,
Күңірене ме, күле ме әлде әлдекім?
Жылайды да, шулайды да ұлиды,
Бүл кім? Бұл ма — түн баласы түссіз жын.
Қап-қара түн. Түн баласы күңіренед,
Күңіренумен бір-біріне үн беред.
Сөгінеді, сүрінеді, жығылад,
Қара түнде көр көзімен не көред?
Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр.
Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап түр.
Қайғы менен қара қанңа тұншығып,
Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,
Ой артынан ойлар келіп кетеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді...
Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры,
Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен пайғамбар — Күн ұлы.
Достарыңызбен бөлісу: |