Үсен. Сонда тәлім-тәрбиемен кім айналысуы керек?
Асан. Ең алдымен отбасында! Өйткені тәлім-тәрбиенің ананың ақ сүтімен қоса берілетіні бәрімізге белгілі ғой.
Ғалымжан. Әрине, тәрбие әсіресе адамгершілік, оның алғашқы нәрі отбасында берілуге тиіс. «Адам тәрбиесі ол туысымен басталады» деді француз философы Ж. Ж. Руссо. Шынында да адамгершілік ананың ақ сүтімен келіп, адамның әрі қарай жетілуіне үлкен негіз болады. Бірақ, осы ананың ақ сүтімен келген адамгершілік ақиқатын көп жерде көре алмай жүрміз-ау. Менің есіме атақты жазушы В. Распутиннің көрнекті ойы түсті. Ол өзінің сөзінде, егер біздің заманымызда жас Пушкин өмір сүріп, бірақ ол ардақты күтушісі — Арина Радионовнаның өлең-жырларынан, ертегілері мен әндерінен нәр алып тәрбиеленбесе, керісінше ол сахнадағы күні-түні ән айтатын жалба-жұлба киімді актрисаның барылдаған даусын естісе, онда ол Пушкин емес, Дантес болып өсер еді» — депті.
Жазушының бұл сөзінде терең шындық жатыр. Қазіргі жастардың көбі дерлік шет ел эстрадасы, музыкасы, ансамбльдері, тағы басқаларымен тым әуестеніп, өзінін халқының, ұлтының, елінің музыкасын, өнерін, мәдениетін білмей, оларды білейінші деп ұмтылмай-ақ өсіп келеді. Міне, қорқынышты нәрсе осы!
Асан. Әрине, бүл жастардың өз мәдениетімен әдебиетіне, сонымен қатар өткен тарихына немқұрайды қараушылықты тудырды. Ал, өз тарихын білмеушіліктен өткен сорақылық бар дейсің бе? Адамгершілік әрбір халықтың аса бай рухани қазынасымен тығыз байланысты.
Үсен. Шынында да Оралхан Бөкеев ағайдың «Атау кере» повесіндегі бір кейіпкер осы мәселе жөнінде былай дейді: «Біз күні бүгінге дейін ұлттық адамгершілік, бет-бейнесі мен болмысын, келбеті мен лайықтылығын анықтай алмай жүрміз. Әсіресе қазақтардың ...ұлтымыздың ар-ұждандық идеалын білмейміз».
Ғалымжан. Шынында да біз өз дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздан айрылып, құр алақан қала жаздадық. Оған не себеп болғанын сіздер жақсы білесіздер.
Асан. Оған себеп болған сталинизм, хрущевизм және брежневизм тоқырау заманындағы жағдайлар мен содан келіп шыққан идеологияшылдық процесі. Идеологияшылдықтың кең өріс алғандығы сонша тіпті осы жоғалтқан мәдениетіміз бен әдет-ғұрып, салт-санамыздың орнына «интернационализм» деген даурықпа ұран шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |