2. Дене күтімі өлеңдері
Өс-өс, балам, өсе бер,
Батыр бол — балуан білекті,
Батыл бол — таймас жүректі
Аяғыңды созайық,
Саусағынды жазайық.
Етті болсын балтырың,
Епті боп өс, жарқыным.
3. Сылап-сипау өлеңі
Тәу, тәу, тәу,
Сыламақ менен,
Қатып қалмақ сенен.
Менің қолым емес,
Бибі Фатима, Бибі Зухра қолы!
Ұмай ана, Қамбар ана қолы!
4. Мақал-мәтел тағылымы
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болып табылатын мақал-мәтелдер үлкен философиялық ойлардың маржаны іспеттес, бүкіл адамзат тіршілігінің барлық саласын қамтиды. Сондықтан оның тәрбиелік маңызы да осында.
Бала тәрбиесі туралы
Ата — балаға сыншы.
Балаңа байқап сөйлесең, ақылыңа көнер.
Есер баладан ерке бала жаман.
Бала — ананың бауыр еті.
Ананың сүті — бал,
Баланың тілі — бал.
Бала — көңілдің гүлі, көздің нүры.
Ат болатын тай саяққа үйір,
Адам болатын бала қонаққа үйір.
Әдепті бала — арлы бала,
Әдепсіз бала — сорлы бала.
Тәлім-тәрбие туралы
Өз білмегеніңді кісіден сұра,
Үлкен жоқ болса, кішіден сұра.
Біліп тұрсаң да, сұрап ал.
Ойын түбі — от, ой түбі — алтын.
Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман.
Көп біл, аз сөйле.
Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.
Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
Сыйлассаң, сыйымды боларсың,
Ұлық болсаң, кішік бол.
Қарағайға қарап тал өсер,
Қатарына қарап бала өсер.
Өзін-өзі мақтаған өліммен тең.
Ашу — дұшпан, ақыл дос,
Ақылыңа ақыл қос.
Адам және оның қасиеттері туралы
Атаңның баласы болма,
Адамның баласы бол.
Жақсы адам — елдің ырысы,
Жақсы жер — жанның тынысы.
Кісі болар баланың,
Кісіменен ісі бар.
Кісі болмас баланың,
Кісіменен несі бар.
Әдептілік, ар-ұят —
Адамдықтың белгісі.
Достарыңызбен бөлісу: |