III. Қазақ эстетикасы
Бәтеш Қазыханова
Қазақ халқының эстетикалық мәдениеті
1. Көшпелі қазақ қоғамының эстетикасы
Адамдардың сырт келбетінде, олардың қарым-қатынастарында, киімінде, үйлерінде, олар жасап шығаратын заттарда, олардың тілі мен өнер туындыларында – осының барлығында олардың эстетикалық мәдениетінің ерекшеліктері, негіздері көрініс табады.
Ұлттардың тарихи тағдыры экономикалық және әлеуметтік-саяси қатынастардың даму деңгейі мен сипаттамасына, географиялық және басқа да жағдайларға байланысты әр түрлі қалыптасады. Міне, сондықтан әр халық өз ерекшеліктеріне ие және соған байланысты әлемдік мәдениеттің алтын қазынасына қолынан келгенінше үлесін қосады. Алға қарай сенімді жылжу үшін өткен ұрпақтардың нәтижелі тәжірибесін жақсы білу әрі дұрыс пайдалану қажет. Тағы бір маңызды нәрсеге эстетикалық ойлар, талғамдар мен түсініктердің қалай қалыптасып, қалай таратылатынына зер салып ұғыну жатады.
Бұл жұмыстың мазмұнын қазақ халқының эстетикалық мәдениетінің қалыптасуы мәселелері құрайды. Шын болмысты эстетикалық бейнелеу қабілеті қай халықтың болса да дамуының ең алғашқы сатыларында пайда болады, оның дәлеліне өткен мәдениеттің құндылықтарын зерттейтін тарих, археология, этнография ғылымдарының көптеген мәліметтері жатады.
Қазіргі заман халықтарының эстетикалық мәдениеті өз құрамына өткен ұрпақтардың көркемдік шығармашылығында жинақталған эстетикалық сезімдер мен түсініктерді қамтиды.
Барлық халықтар сияқты, қазақтардың да бай тарихы бар. Қазақ өнерінің тамыры тереңде. Ол халықтың рухани шығармашылығының құнды нәтижелерін қамтиды және бұл жағдай қазіргі ұрпақты уақыт озған ата-баба мәдениетімен жалғастырады.
Адамзаттың рухани мәдениетінің шексіз сан түрлілігінен қазіргі заманның ешбір адамы оқшаулана алмайды. Сондықтан салт, дәстүр, өткен заманның жинақтаған білімі сияқты, өнер туындыларын да оларға деген жаңа қызығушылықты арттыру және содан олардың шынайы құндылығын айқындау үшін, әрбір ұрпақ өзінің әлеуметтік-тарихи контекстіне енгізеді.
Адамның қоршаған әлемге деген эстетикалық қатынасы оның өміршең практикалық қажеттіліктері қанағаттандырылған кезде пайда болады. Қоршаған табиғатты игеру үрдісінде адамдар түске, дыбысқа және т.б. немқұрайлы қараған жоқ. Мысалы, музыканың пайда болуының қайнар көзі адамның сөйлеуімен қатар дауысқа еліктеушілік те болды. Өнер дегеніміз табиғатқа, ғарышқа және адамдардың іс-әрекетіне еліктеу болып табылады деген ойды, музыканы «сфералар үйлесімділігіне» еліктеу деп таныған, пифагоршылдар айтқан болатын. Демокриттің пікірі бойынша, барлық өнер түрлері мен қолөнер кәсібі жануарлардың іс-әрекетіне еліктеу болып табылады: ән салуда біз құстарға еліктейміз, үй салуда – қарлығаштарға және т.с.с.1
Алғашқы қауым өнерінің тарихындағы ең маңыздысы, ол өзінің алғашқы қадамдарынан бастап, негізінен қоршаған әлемді шыншыл жеткізу жолына түсуі болып табылады. Мысалы, жоғарғы палеолит өнері, оның ең жақсы үлгілерін алғанда, табиғатқа деген таң қаларлық белгілерді дәлдікпен жеткізуімен ерекшеленеді2.
Көшпелі халықтар мәдениетіне қатысты революцияға дейінгі орыс ғылыми әдебиетінде әр түрлі пікірлер айтылды.
Кейбір авторлар, мысалы, Д. Хвольсон, В. Васильев, В.Д. Тропов және кейбір басқалары, көшпелілерді жасампаздыққа емес, тек қиратуға ғана қабілетті деп санап, көшпелі халықтарда қандай да бір мәдениеттің болуын мүлде мойындамады. А. Левшин, Г. Ядринцев, О.И. Сенковский, Н. Васильев, В.В. Григорьев, Н .Остроумов және басқалары басқа көзқарасты ұстанады. Алайда, аталған екінші топтың ішінде тек прогрессивті ойлаушы зиялылар ғана емес, В.В. Григорьев сияқты, мемлекеттік чиновниктер және мақсаты христиан діні негізінде орыс мәдениетін тарату болған адамдар да (Н. Ильминский, Н. Остроумов) болған, олар бұл жағдайда да адал ниетті ғалымдар болғысы келгенімен, көшпелі халықтардың белгілі бір артта қалушылығын олардың туа біткен табиғи қасиеттерімен түсіндіруге тырысты.
Мысалы, Н. Остроумов: «Орталық Азия көшпелілері, тарихи себептердің салдарынан алғашқы қауымдық дерлік жағдайда қалып отыр... Ежелгі халықтар тарихы, олардың көбісі өз өмірлерінің алғашқы даму кезеңінде ақыл-ой мен өнегеліктің дамуы бойынша төменгі сатыда тұрғандығын, бірақ та ақырында ағартушылық пен мәдениеттің жоғары сатысына жеткендігін дәлелдейді», – деп жазды.
Шығыс тарихына терең қызығушылық танытқан, профессор В.В. Григорьев, көшпелі халықтардың жалпы дамудағы басқа халықтардан артта қалуын тарихи себептермен түсіндірумен шектелмей, ерекше назар аударарлық пікірлер айтты. «Көшпелі тұрмысты әдетте қандай да бір экономикалық немесе едәуір интеллектуальдық дамумен сыйыспайды деп есептейді, бірақ бұл солай бола қоюуы негізді ма екен. Ойдың жаттығуы үшін екі жағдайдың қажеттілігі шүбәсіз: бос уақыт және қарым-қатынаста болу, көшпелі, егіншіге қарағанда, осында қолайлырақ жағдайда тұрады... көшпелі қиялдау, жігерлілік пен ақындық шығармашылыққа қатысты барлық жерде басқалардан анағұрлым асып түседі: суырып салып айту – далада тіптен кәдімгі көрініс... қолөнер кәсібі: былғары, тері илеу, токарьлық, темір соғу және басқалары әдетте отырықшы ауыл тұрғындарында көретінімізбен бірдей немесе одан да жоғары сатыда болады. Сөйтіп, тіпті таза көшпелілерде де, оларға әдетте білмей берілетін, азаматтық пен мәдениеттіліктің айтарлықтай төменгі сатысында орналаспағандығы танылады»1, – деп қорытады профессор В.В. Григорьев.
Әйтсе де, көшпелі халықтардың тұрмысы мен рухани өмірін зерттеу барысында революцияға дейін орыс және кейбір батыс еуропалық ғалымдар талай әрекет жасаса да, бірақ та көбісі оларға мәлімсіз қалды, басқалары олармен жаңылыс түсінілді, олардың Азия халықтары туралы айтқандарындағы қайшылықтары, шамасы, осымен түсіндіріледі. Реакцияшыл ғалымдар, тарихи шындықты бұрмалауға алып келетін жалған негіздерді әдейі біле тұра басшылыққа алды.
Көшпелі халықтардың рухани өмірін шынтуайттап ашу үшін, алдымен мәдениет жемісі болып табылатын, олардың экономикалық, тұрмыстық жағдайларын зерттеу қажет. Жалпы көшпелі халықтарда, соның ішінде қазақ халқында, өзінің көпғасырлық тәжірбиесі, болмыс туралы өз мағлұматы, әсемдікке деген және т.б. өз көзқарастары бар. Кейбір авторлар тарих, археология, этнография және әдебиет пен өнер тарихының аса бай мәліметтерімен таныстығы жеткіліксіздігінен ғана көшпелілердің рухани мәдениетінің маңыздылығын төмендетеді. Әйтсе де, бұл халықтардың рухани өмірінің ерте кездегі даму сатысы әлі толық зерттелмеген.
Соңғы онжылдықта ғалымдар өз назарын Орта Азия мен Қазақстан тарихының феодалдыққа дейінгі кезеңіне аударды. «Эллинистік Шығыс» пен Иранның көркемдік шет аймағы ретінде көрсетілген көне Түркістан туралы қалыптасқан көзқарасты күрт өзгертетін, өнер мен мәдениеттің тамаша ескерткіштері ашылды2. Бұл жаңалықтар, бізге, Орта Азия мен Қазақстан халықтарында алғашқы қауымдық қоғам сатысында көркем шығармашылықтың дамуын мойындамайтын кейбір қазіргі заман ғалымдарының пікірлерімен келісуге мүмкіндік бермейді, өйткені әлдеқашан өткен жылдардағы рухани даму іздерін жасыру да жою да мүмкін емес. К.И. Сатпаев атындағы ҚазССР ҒА Геологиялық ғылымдар институтының палеолиттік отрядының 1965 жылы ашқан осындай бір жаңалығы туралы, тарихшылар Р.Б. Сүлейменов пен Х.И. Бисенов баяндайды.
Отряд Балхаш маңының неолит және ертедегі аттылы көшпелілер дәуірінің адамының суреттерін тапты. «Бұл суреттерде табиғат, алғашқы адамдарды қоршаған орта туралы анималистік түсініктер ғана емес, сонымен қатар олардың аңыздарының салт-жораларының, жанұялық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің мазмұны да көркем образдарда өз көріністерін тапқан»1. Біз осындай айғақтарды Қазақстанның ірі ғалымдары – А.Х. Кушаев, А.М. Оразбаевтардың тыңғылықты зерттеулерінен де табамыз2.
Міне жарты ғасырдан аса уақыт ғалымдардың назарын Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген көшпелі халықтардың жасаған өз заманы үшін едәуір жоғары әрі өзгеше мәдениеті қызықтырады.
Археологтар мен этнографтар, өз кезінде көшпелі халықтар жасаған, осы уақытқа дейін белгісіз болып келген мәдениет ескерткіштерін ашты. Олардың ішінде – ортаазиялық өнердің тамаша мұражайы – Түркістан қаласындағы Иасауи мешітінде сақталған, темір дәуірінің қоладан жасалған керемет бұйымдары (қазан, шам қойғыш шамдалдар)3.
Қазақтың көркем шығармашылығы қашан және қалай пайда болды деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Алайда, революцияға дейінгі Орта Азия мен Қазақстанның материалдық және рухани мәдениетінің тарихи деректерін талдау Шығыс халықтарының өнеріндегі дербестік элементтерін ашуға мүмкіндік береді. Түрлі ғылым зерттеу жұмыстары4 бізге, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының, олардың ертедегі ата-бабалары негізін салған, өзгеше өнері бар екендігіне сендіруге негіз береді.
Бұл қорытындыға келуге ежелгі түркі тайпаларының фольклор үлгілерін, қазақтардың ізашарлары түркі жазуларының ескерткіштерін және бірқатар басқа деректерді зерттеу мүмкіндік береді.
Э.А. Масанов қазақ халқының бүкіл этнографиялық зерттеу тарихын үш кезеңге бөледі: біріншісі – орыс әдебиетінде қазақ халқы мен оның ата-бабалары туралы алғашқы этнографиялық мәліметтердің пайда болуынан бастап, ХІХ ғасырдың ортасына дейін (ол Ресейдегі феодализм дәуірімен сәйкес келеді); екіншісі – ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ұлы Қазан социалистік революциясына дейін (Ресейдегі капитализм дәуірі); үшіншісі – 1917 жылдан бастап қазіргі күнге дейін. «Егер бұл дәуірдің бірінші кезеңі, қазақ халқы туралы фрагменттік, ауық-ауық және айтарлықтай бірқатар кездейсоқ этнографиялық мағлұматтарды жинақтау сипатында болса, онда екіншісі Ресейге қосылумен сәйкес келеді... Қазақтардың этнографиясын азды-көпті жүйелі зерттеу сипатында және ғылыми мағлұматтарды жинақтау ғана емес, оларды біршама зерттеу де тән»1.
Сонымен, Э.А. Масанов айтып ескерткендей, 1456 жылдан бастап қазақ халқы туралы үздіксіз ең анық тарихи мағлұматтар бар. Олар орыс және еуропалық мәліметтерде басылып шыққан материалдармен 1517 жылдан бастап едәуір толықтырылды.
Тарих куәландыруынша, монғол шапқыншылығы басып алған халықтардың, соның ішінде Қазақстан территориясын мекендеген халықтардың шаруашылығы мен мәдениетіне орасан зор зиян келтірді. Ол тұрғылықты халықты жаппай қыруға әкеліп соқты, аймақтың өндірістік күшіне зиян келтірді және экономика мен мәдениеттің құлдырауы жағдайына әкеліп ғана қоймай олардың дамуын ұзақ уақытқа тоқтатты. Монғолдар, Суаб, Сығнақ, Баласагұн, Тараз, Отырар, Сауран, Женд және басқалар сияқты, Қазақстанның мәдени орталықтарын қираған орындарға айналдырды2.
Сонымен қатар бұл қалалар, Қазақстан территориясын мекендеген тайпалар мен халықтар өмірінде маңызды рөл атқарған: олар ірі сауда орталықтары болған, олар арқылы даланың көшпелі халықтары отырықшы егіншілік аудандармен өздерінің шаруашылық байланыстарын жасайтын.
Зерттеушілер Н. Бернштам мен Ә.Х. Марғұлан анықтағандай, мысалы, ІХ ғасырда, Отырар маңызды тарихи өзара байланыстар мен сауда жолдарының тоғысқан жерінде орналасқан, ірі мәдени орталық болған. Ондағы, кітаптар саны бойынша, әйгілі Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орынды иемденген кітапхана болған деседі; бұл қаланың қарқынды мәдени өмірінің дәлелі, Отырардан ғалымдардың жарқын саңлақтар тобы (соның ішінде әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби) шыққан.
Бірақ Отырар сол уақытта, айтып кеткеніміздей, Қазақстан территориясындағы жалғыз мәдени ошақ болған жоқ. Бұл территорияның өнер, қолөнер кәсібі, ғылымдарды жасауға қабілетті болғандығы және шын мәнінде жасағандығы, қазір айдан анық. Алайда, К. Маркс пен Ф. Энгельс «Неміс идеологиясы» жұмысында ескерткеніндей, «өндірістік күштері мен талаптары дамыған қандай болмасын елді барлығын басынан бастау қажеттілігіне жеткізуге жабайы халықтардың басып енуі немесе кәдімгі соғыстар сияқты, жәй кездейсоқтықтар жеткілікті»1. Жоғарыда баяндалған фактілер, біз неліктен қазақ халқының эстетикалық мәдениеті туралы зерттеулерімізді қазақ ұлтының қалыптасу кезеңінен ғана бастағанымызды түсінуге мүмкіндік береді. Бізде осы дәуірдегі қазақтарға қатысты тарихи, археологиялық және этнографиялық анық мәліметтер жеткілікті болмаса да, біз қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіп, сақтаған бай көркем шығармашылығына сүйене аламыз. Жеке тайпалар мен халықтарда егіншілік пен отырықшылықтың дамуына байланысты қолөнер бұйымдарын жасау көбейді және сауда өсті. Мұның барлығы қалалардағы сауда, мәдени орталықтарының көбеюі мен дамуына себепші болды.
Қазақстан территориясын мекендеген тайпалар мен халықтардың мәдениеті, жалпы халықтардың өмір сүру жағдайы мен саяси жағдайларға байланысты әр түрлі дамыды. Сондықтан олардың мәдени жетістіктерін Қазақстанның жеке аудандарындағы өндіріс күштері мен өндірістік қатынастар ерекшеліктерінің дамуының деңгейімен тығыз байланыста зерттеу қажет.
Халықтың дамуының экономикалық және мәдени себебінен және де қазақтардың бытыраңқылығы мен олардың арасындағы үздіксіз соғыс салдарынан Қазақстан экономикалық және территориялық үш жүзге бөлінген болатын2.
Ұлы жүз Жетісу өңірін мекендеген, Орта жүз – Орталық Қазақстан аудандарын, Кіші Жүз Батыс Қазақстан аудандарында орналасқан болатын.
Ескілікте экономикалық жағдайы ең дамыған оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандары болған, ал ХІХ ғасырдың соңында – ХХ ғасырдың басында – солтүстік аудандары болды.
Бұл көптеген экономикалық және саяси факторларға, сондай-ақ егіншіліктің даму деңгейіне, жаңа қалалардың пайда болуына, дамыған көрші халықтардың және т.б. ықпал жасауына байланысты болды.
Шаруашылықтың негізгі түрі жайылымдық-көшпелі мал шаруашылығы болды. Шаруашылыққа қажетті барлық шикізат та мал шаруашылығынан алынды. Егіншілік ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда қазақтарда өте нашар дамыған еді. Өндіріс туралы бұл кезеңде айтудың да реті жоқ. Қазақтарда мол шаруашылық шикізаттары негізіндегі үй кәсіптері кең таралған болатын. Еңбек құралдарын, ыдыстарды жасауда негізінен ағаш, темір, былғары пайдаланылған.
Қазақ халқының рухани мәдениеті де экономикалық және әлеуметтік жағдайларға үйлесіп келді.
Тарих дәлелдеуінше, адамның сұлулыққа деген талпынысы алғашқы қауымдық дәуірден байқалады. Сондықтан да өнер адам шығармаларының барлығының ішіндегі ең көнесі болып табылады. Болмыс пен адамның рухани әлемін көркем образдарда көрсетіп, өнер маңызды қоғамдық қызмет атқарады. Эмоцияларға әсер етіп, ол адамдардың бірігуіне ықпал етеді, өнер туындылары махаббат пен жек көрушілік, қуаныш пен қорқыныш, сәулеттілік пен әсемдік сезімдерін оятады.
Өнерде, оның мазмұнында сол немесе басқа қоғамдық таптың, халықтың идеялары, эстетикалық көзқарастары көрініс табады. Жалпы мәдени дамуда халық артта қалған болса да, оның өнерінің, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасының дамуын жоққа шығаруға болмайды.
Сондықтан, Қазан социалистік революциясына дейін артта қалған халықтарда эстетикалық сезімдер, ұғымдар, түсініктер болмаған деп жорамалдаушылардың пікірлерімен ешбір келісуге болмайды.
Адам табиғатына, ол рухани дамудың қандай төменгі сатысында тұрса да, сол дамуға сәйкес сезімдік қатынастар қажеттігі тән.
Қазақтардың халық ретінде мәдениеті ХҮ-ХҮІІ ғасырларда қалыптасты. Сол кезеңнің өзінде дамудың екі тенденциясы анық көрінді – халықтық және феодалдық. Мысалы, бай мен малай өз ойлары мен мұң-мұқтажын ешқашан бірдей айта алмаған, олар қосылып ән сала алмаған.
Қазақ халқының көркем шығармашылығы оның тарихи жолымен, оның түрлі тарихи кезеңдерде алдында тұрған қажеттіліктермен және мақсаттармен тығыз байланысты болды.
Көшпенділер, соның ішінде қазақтар да, шешендік өнері мен сезім тілі – поэзияға ерекше мән берген. Мұхтар Мағауин өзінің «Қобыз бен Найза» кітабында атап өткендей: «Әрине, бұл қасиет біздің халқымызға бір әдемі күні аспаннан түскен жоқ. Поээиялық мәдениеттің мұндай кең таралуы ұзақ уақыт дамудың нәтижесі екені әбден айқын»1.
Қазақ өнері оны жасаушы халықпен бірге біртіндеп қалыптасты және өзгерді. Қазақтарда ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін өз жазуы болмады, сондықтан барлық өткен тарихи оқиғалар мен халықтың тұрмысының ерекшеліктерін біз негізінен ұрпақтан ұрпаққа берілген аңыздардан, эпостан, ертегілерден, әңгімелерден білеміз. Халық ауыз әдебиеті шығармаларында қазақтардың экономикалық және саяси құрылымы, сонымен қатар оның тұрмысы, әдет-ғұрпы мен эстетикалық көзқарастары өз көрінісін тапты.
Күрделі, көп қырлы адам өмірінде болып жатқанның барлығы, халықтың рухани мәдениетінде де өз суреттемесін табады. Алайда, революцияға дейін қазақтарда көркем шығармашылық формалары шектеулі еді. Байтақ далада көшіп-қонып жүріп, қазақтар өздерін толғандырған сезімдерді эпоста, аңызда, ән мен күйде ғана көрсете алатын. Өнердің басқа түрлері дамымады, өйткені ол үшін обьективті жағдайлар болмады. Өндірістің жоқтығына байланысты техника да дамымады. Бұл өз таңбасын рухани мәдениеттің дамуына да салды.
Қазақ халқының көркем шығармашылығы мен эстетикалық құндылықтарында халықтың өзі туралы айтқан үлкен тарихи шындық бар.
Қазақ халқының, өмір тауқыметіне ғана емес, шығармашылық қуанышқа толы бай рухани өмірі ешқашан тоқтаған емес.
Қазақтардың ауызша-поэтикалық шығармашылығы, басқа халықтардағыдай, әр түрлі болды. Халық ауыз әдебиетінде фольклордың барлық классикалық формалары дамыды, әсіресе эпос, әндер, мақалдар, мәтелдер, ертегілер, тарихи әңгімелер.
Би өнері сияқты халық шығармашылығының түрі, халық әдет-ғұрыптарымен, ойындармен және т.б. үйлесе ғана орын алды.
Революцияға дейін қазақтарда театр өнері мүлде болған жоқ.
Экономиканың дамуы, көшпелілік өмір салты, діни тыйымдар, әрине, халықтың шығармашылық күштеріне бұғау салды. Революцияға дейінгі Қазақстандағы сәндік-қолданбалы өнердің айрықша дамуы да осы себептермен түсіндіріледі.
Қазақстан территориясында, қазақ халқының түрлі тарихи даму кезеңдеріне және оның ізашарларына қатысты, көптеген монументальды архитектура ескерткіштері сақталған2. Өкінішке орай, қазіргі заманға дейін архитектура ескерткіштерінің аз бөлігі ғана жетті. Олар Бабаджи-Хатун, Айша-Бибі, Қожа Ахмет Иасауи кесенелері1. Мәдени мұраны пайдалана отырып, қазақ халқы, оның эстетикалық мұраттары көрініс тапқан, өзіндік ерекше сәулет өнерінің туындыларын жасады.
Бірақ Қазан революциясына дейін қазақ халқының сәулет өнерінің мұраларына арналған, И.А. Кастаньенің («Древности киргизской степи и Оренбургского края». Оренбург, 1910) жұмысын қоспағанда, бірде-бір ғылыми жұмыс болмаған.
Исламның тірі жанды бейнелеуге тыйым салуы оларды бейнелеу өнері саласынан шығарып тастауға әкелді. Осының нәтижесінде исламға дейінгі дәуірде жасалған адамның тас мүсіндерінің орнына, кескінсіз құлпы тастар (стеллалар) пайда болды. Ою өнерінде де даяр қалыпқа үйірлік ерекше жоғары бағалана бастады.
Алайда ертедегі өнер дәстүрлері ізсіз жоғалған жоқ. Оның дәлелі, археологиялық ізденістер кезінде табылған керамика бұйымдары, қоладан құйылған қазандар, сонымен қатар архитектуралық керамика, арасында жануарлардың суреттері жиі кездесетін, жартастардағы суреттер2.
Қазақтар тұрмыстық жағдайларына сәйкес еңбек үрдісі барысында өзінің қолданбалы өнерін дамытты3. Қазақтар өз қажеттілігі мен талғамдарына сай бірінші қажеттіліктегі бұйымдарды жасады, алғашында олар тек ғана рулық, жанұялық және жеке бастың мұқтаждығын қамтамасыз етсе, ал кейіннен саудалық айырбасқа да пайдалана бастады.
Бұл бұйымдарды жасау үшін негізгі материалға жүн, тері, сүйектер және мүйіздер пайдаланылды. Нақ осы материалдардың қолданылуы, қазақтарда шаруашылықтың негізгі түрі мал шаруашылығы болуымен түсіндіріледі.
Қазақ халқының көшпелі тұрмысы көрініс тапқан, материальдық мәдениеттің көңіл аударарлық ескерткіші – киіз үй болып табылады. Ол киізбен қапталған ағаш сүйенішті күмбез тәріздес жаппа түрінде болады. Киіз үйге қажетті заттардың барлығы әр түрлі түсті ою-өрнекпен безендірілетін. Киіз үйлердің іші шидан (шым ши) жасалған полихромды тоқымамен, көп түрлі түсті киізден жасалған тоқымалы кілемдермен, тықыр кілемдермен, кестелі перделермен (шымылдық), сандықтарға арналған өрнекті тыстармен және т.б. безендірілетін болған4.
Қазақтарда кең тараған қолданбалы өнер түрі – ою болды. Ол киімді, тұрмыс заттарын, зергер бұйымдарын безендіруде, ағаш, сүйек, темір және тастағы ойма суреттерде қолданылған.
Оюлау техникасы тіпті әр түрлі болады. Бұл киізге өрнекті басу және апликация да, мозаикалық әдісте, және көптеген басқалары.
Қазақ оюының тақырыбы сан алуан. Олар негізінен халықтың қоршаған табиғатқа, болмысқа эстетикалық қатынасын көрсеткен. Осыған сәйкес алғашында өсімдіктен жасалған, ал кейіннен жасанды бояулардың әр түрлі түстері таңдалып алынған. Осы күнге дейін сақталған ою-өрнектерде космогониялық, зооморфтық, өсімдік және геометриялық әуендер бар. Әсіресе, бұл айшық-гүл, сегіз қырлы жапырақ формалы әшекейлер, жұлдыз гүл, шыққан күн, қошқар мүйіз сияқты өрнектерге тән болды.
Революцияға дейінгі қазақ халық өнерінде – сәндік кесте кең таралған болатын. Кесте тігумен негізінен жас әйелдер мен қыздар айналысқан. Кестемен төсек-орын, әйелдердің бас киімдері, көйлектері, қабырғаға ілінетін кілемдер, сандық тыстары, әр түрлі сөмкелер, орамалдар, сүлгілер және т.б. безендірілген. Кестені маталарға ғана емес, былғарыға да, киізге де түсірген. Кесте тігуде боялған жіптер, сонымен қатар күміс және алтын зерлі жіптер пайдаланылған.
Қолданбалы өнер негізінен тұрмысты безендіру үшін қолданылса да, халықтың шығармашылық данышпандығы, оларға эстетикалық мәнділік те беріп, бұл пайдалы заттарды өнер туындыларына айналдырады.
Олар арқылы (халық шығармашылығының басқа да түрлерімен қатар) қалың бұқараның эстетикалық сезімдері, көркем талғамдары қалыптасады.
Қазақтың халықтық оюы әр түрлі тоқыма бұйымдарында да кең қолданыс тапты. «Қазақтардың халықтық сәндік-қолданбалы өнері» атты кітапта халық ұсталарының бұйымның сипаты мен оның сәндік безендірілуінің байланысын керемет түсінуі, материалға деген сезімталдық және, асқан шеберлікке жеткізілген, ұсталықтың жоғары дәрежедегі техникасы туралы айтылады.
Әр түрлі халық өнеріне тән, үстемдік етуші мақсатқа сәйкестілік, дәстүр арқылы берілетіндігі және негізгі шикізат болып табылатын жүннің өңінің сипаты мен түсін пайдалануда мүмкіндік беретіндігі, көптеген ұрпақтардың дағдысының дәлелі»1.
Кілем бұйымдарына өте үлкен мән берілді. Олардың әр қайсысының тоқылуында бірнеше халық шеберлері қатысқан. Бұл шеберлер жоғары эстетикалық талғамға, олардың қолынан шыққан кілем, алаша, киіз немесе басқа бұйымдар көз тартар болуы үшін, сурет бөліктерін сондай қиыстыру, сондай асқан әсерлілікке қол жеткізу іскерлігіне ие болған.
Қалалардың өсуіне, құрылыс жұмыстарының күшеюіне байланысты, қазақтарға таза қолданбалы өнермен қатар революцияға дейін момументальды-сәндік өнер де дамыды.
Тас мүсіндер стильдеу нәтижесінде «құлып-тастарға» айналды, құрылыстарда фреска әшекейленуі пайда болды.
Қолөнер кәсібінің дамуымен керамикадан, қоладан және басқалардан бұйымдарды жасап шығаруда іскерлік ұшталды.
Зергерлік өнері де қазақтарда едәуір жоғары дамуға ие болды. Қазақтардың арасында, нәзік эстетикалық талғам иесі тамаша зергерлер болған.
Қазақтар табиғатынан шешен болады, өз ойларын тамаша әрі образды формада тұлғалап білдіре алады, басқалардың көркем де дұрыс сөзін тыңдағанда үлкен рақаттылық алады.
Бізге дейін эпос, өлең, ертегі, мақал-мәтел, тарихи әңгіме түрінде жеткен көркем шығармашылық туындылары, қазақ халқының бай көркем мұрасын ғана құрамай, сонымен қатар оның ары қарай жемісті дамуының кепілі де болады.
Қазақтарда халық шығармашылығының ең ірі түрі эпос болып табылады. Эпос туындылары ғасырлар бойы қалыптасты және Қазақстан территориясында әр түрлі кезеңдерде болған барлық тарихи оқиғалармен тығыз байланысты болды. ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларға жататын, туындылар, қалмақ және қалмақ-жоңғар жаулап алушыларына көрсетілген қарсылық туралы баяндаса, ал кейінгі кезеңдегі көптеген этикалық туындылар үшін (ХІХ ғ. және ХХ ғ. басы) әлеуметтік теңсіздікті тереңдете көрсету, жат елдіктер мен өз рақымсыздарын әшкерелеу және т.б. талаптану сипаты тән болды1.
Қазақ эпосы батырлық және әлеуметтік-тұрмыстық туындылардан құралады. Расында, бұл бөлініс шартты, өйткені, қантөгіс соғыстар туралы, халық мүддесін қорғаған, ержүрек батырлар туралы баяндайтын поэмаларда да, басты кейіпкердің махаббаты туралы лирикалық әңгімеге орын бар, ал басты тақырыбы күнделікті өмір, лирикалық әсерленушілік болатын шығармаларда, біз батырлардың игілікті ерліктерінің суреттемесін табамыз.
Ал кеңес фольклоршылары, эпикалық шығармаларды, поэмада – ерлік салты ма әлде әлеуметтік-тұрмыстық сарын ба – қайсысы көптігіне қарап жанрлар бойынша жіктеуді ұсынады. Әдебиеттануда қабылданған жіктеуді пайдаланып, біз «Ер Тарғынды» халыққа кең танымал батырлық поэмалар қатарына, ал «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Мақпал қыз» және «Күлше қызды» - лирикалық, әлеуметтік-тұрмыстық поэмаларға жатқызамыз. (Ескерте кететін жай, батырлық жанрындағы шығармалар көбінесе басты ұнамды кейіпкердің атымен аталады, ал әлеуметтік-тұрмыстық шығармалардың лирикалық бастауы, барлық суреттелген оқиғалар әдемі бас кейіпкер – бойжеткен қыздың айналасында өрбитіндіктен, поэма соның есімімен аталатын болады.
Қандай да бір ауызша дәстүрдегі шығармадай, қазақ эпикалық поэмалары көптеген варианттарда болады, олардың әрқайсысы – аңыз-жыр айтушының дербес туындысы.
Ең дарынды аңыз-жыр айтушыларда өз сөзімен айтудың немесе жырлаудың өзіндік үлгісі, шығармасының музыкамен сүйемелдеуі болған.
Аңыз-жыр айтушы, өз шеберлігін көрсеткенде, әңгімеленген аңыздағы барлық оқиғаға және құбылыстарға өзінің эстетикалық қатынасында білдірген. Суырып салма ақын дарындылығына сай, оның басты кейіпкері – батырдың өмірінің жеке эпизодтарын топтауы тартымдырақ, оның баяндауы батыр ерліктері мен қызық оқиғаларға бай болады. «Қазақ батырлар жырлары, құрылымында түйсінуге әсер етуші әр түрлі тәсілдер қолданылған, көркем әңгіме болып табылады. Бұл батырлар жырлары әңгіменің механикалық жылжуымен шектеліп ғана қоймайды, олар көркем әрі әсерлі, кейіпкерлер қарым-қатынастары психологиялық күрделі»1, – деп ескертеді А.С.Орлов қазақ эпосына арналған зерттеуінде.
Эпикалық шығармалар, әдетте, өте ұзын, олардың орындалуы бірнеше күнге де созылуы мүмкін, сондықтан аңыз-жыр айтушылар поэтикалық және музыкалық дарынды, өте жақсы жаттап алуға қабілетті ғана емес, асқан күш иесі де болуы керек еді.
Ақындар мен жыраулардың халық арасында үлкен қадір-сыйға ие болуы әбден орынды да. Аңыз-жыр айтушының қайсы бір ауылға келуі нағыз оқиғаға айналатын, ал оның өзін адамдар аса құрметпен әлпештейтін. Қазақтардың халық ауыз әдебиетіне ерекше қастерлеп қарауы туралы ғалымдар өткен ғасырда жазған. Айтарлық, 1893 жылы «Астрахан хабаршысында», осы құрметтеу арқасында «Әмір темір уақытына жататын, жүздеген аңыздар мен деректер, оқиғалар, он жыл бұрын ғана болғандай, керемет дәлдікпен беріледі»2, – деп көрсетіледі.
Халық ақындарының, аңыз-жыр айтушыларының және әншілерінің әрбір жаңа ұрпағы бұрын жазылған шығармаларды есте сақтап әрі таратып ғана қоймай, өз үлестерін де қосып, сонымен қазақ фольклорының алтын қазынасын байытып отырды.
Қазақ халқының өткен тарихы туралы поэтикалық әңгіме ретінде, эпикалық шығармашылық ескерткіштері халықтың көркем мұрасында ерекше орын алады. Қазіргі күнде Қазақстан республикасы Ғылым Академиясында жүз алпыс бес эпопеялар мен поэмалар бар, соның ішінде «Қобланды батыр», «Ер-Тарғын», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Айман-Шолпан» және басқалар сынды халықтың көркем шығармашылығының аса көрнекті туындылары да бар. Олардың мазмұнында халықтың қоғамдық өмірі жан-жақты суреттелді, сондай-ақ оның болмысқа деген эстетикалық қатынасы да көрініс тапты. «қазақ поэзиясында көшпелі халықтың поэтикалық болмысының өткір байқағыштығы мен зеректігі айқын байқалады. Әнші, оны қоршаған өмірдегі барлық маңыздыны; ауылдың көктемде жазғы жайлауға көшуін, гүлге, биік жас шөпке толған даланы; ақ киіз үйлерге сәуле шашқан ай нұрын; жазық кең даланың шексіз кеңістігіне күннің алғашқы сәулелері төгілген, таңды өлеңдеп суреттейді. Өткен батырлар ерлігі туралы, әсерлі әрі нәзік махаббат туралы, өжет жігіттер мен сүйкімді бойжеткен қыздар туралы – барлығы да ақындыққа бөленген, мұның бәрі көшпелі қазақ қоғамының өмірі, тұрмысы туралы көрнегі түсінік береді»1, – деп жазады өз зерттеуінде З.А. Ахметов.
Қазақ халқының эстетикалық көзқарастары көп жағдайларда оның этикалық түсініктерімен тығыз байланыста. Халық өзінің эстетикалық сезімдерін білдіруде көбінесе оларды еңбекке, азаматтық борышын адал орындауға, азаматтық қажыр-қайрат көрсетуге және т.б. шақыру түрінде көрсетеді.
Сол уақыттағы қазақтар санасындағы әсемдік – бұл, о дүние туралы түсінік емес, ең алдымен нақты жердегі өмір.
Қазақ фольклорындағы бұл қасиетті ХІХ ғасырда академик В.В. Радлов атап өтті. «Қырғыз (қазақ. – Б.Қ.) өз өлеңдерінде қандай бір таңқаларлық әрі қорқынышты, ертегідей әлемді бағаламайды, керісінше – ол өзінің өмірін, өзінің сезімдері мен мақсат-мұраттарын, қоғамның әрбір мүшесін толғандыратын армандарды шырқайды, тыңдаушыларға аса күрделі әрі ғажайып емес, ал ақиқат бар нәрсе ләззат береді»2, – деп жазды ол.
Қазақ халқының көркем шығармашылығындағы орталық орында адам болады. Адамның шынайы абыройы оның мүлік байлығы емес, асқар ақылы, мейірімді жүрегі, сатылмайтын адалдығы саналған. Мұны дәлелдеуші «байлық абырой емес, ал кедейлік кемістік емес» деген мақал адал, ақылды, ер жүрек, жақсылық пен әділдік жеңісі үшін күресуге қабілетті адамдарды батырлар деп атаған. Олардың ең атақтыларының аттарын бізге аңыздар мен эпикалық поэмалар жеткізді. Қарапайым халықтан шыққан Сырым, Ер Тарғын, Қобыланды, Есет, Жанқожа, Бекет, Ер Назар сынды батырлар аттары көпке танымал.
Эпикалық туындыны жазушылар халықтың өз батырларына, сыртқы және ішкі жаулардан, жаулап алушылар мен қанаушылардан қорғаушыларына деген сүйіспеншілігін толық көрсетуде майын тамызып айтып беруге талпынды. Қаһармандарға ең жақсы адамдық қасиеттер берілген. Қаһарманның ақыл-ойының тереңдігі сонша, ол жауларының зұлым ниеттерін біліп, шешіп қоюға қабілетті, ал қара күшінің молдығы сонша, ол батырдың жалғыз өзі жауының басым күштерін жеңуіне мүмкіндік береді. Эпикалық шығармалардың жағымды кейіпкері жолындағы барлық қиыншылықтар мен тосқауылдарды жеңеді, ең күрделі әрі қиын жағдайлардан ол жеңімпаз болып шығады. Басқаша болуы да мүмкін емес – өйткені ол бүкіл халықтың қорғаушысы, қалың бұқараның мүддесін жеткізуші, ол халықтың ғасырлар бойы аңсаған жер бетінде еркіндік пен әділдіктің орнауы үшін, бақытты өмірдің болуы үшін күреседі.
Міне сондықтан, қаһарманға ғажайып күш пен таң қаларлық ақыл беріледі, өйткені ол бүкіл халықтың қара күшін өзінің бойына жинайды және батырдың адал досы және көмекшісі әрқашанда таң қаларлық ғажайып күші бар әрі епті ат болып табылады.
«Ер Тарғын» поэмасында Тарғын батыр мен оның адал аты Тарлан былай суреттеледі:
«Жау келгенін білген соң,
Бұл әскерді көрген соң,
Сарала туы салбырап,
Сауытының шашағы
Тұс-тұсына саудырап,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз тоңып,
Жаурыны жазық, мойны ұзын,
Атарына қолы ұзын,
Құланды қақтан қайырған,
Егескен ханды елінен,
Алтын тақтан айырған,
Ертеңнен салса – түсте озған,
Ылдидан салса – төске озған,
Оза, оза зырлаған,
Басын тартса – болмаған,
Көк айыл болып көпірсе,
Айшылықты алты аттауға ойлаған,
Артынан қиқу таянса,
Қара терге боялса,
Томауыл көрсе – қарғыған,
Қарғи барып атылған,
Атыла барып тік түскен,
Аяғының дәңкімен
Қазандай тасқа жік түскен –
Томаға көзді Тарланды
Жауға қарай тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Толып жатқан әскерге
Келді Тарғын желігіп»1.
«Әдетте батырда оның аты да болмашы ертегідегідей сынақта суреттеледі, бірақ та едәуір шындық тұрғысында беріледі. Жалпы алғанда, моңғол, ойрат және тіптен орыс батырлық жырларымен салыстырғанда, қазақ жырлары өздерінің ақындық әсірелеулерінде (гиперболаларында) орындырақ, және, сірә, күнделікті тұрмысқа жақын»2, – деп жазды академик А.С. Орлов. Эпикалық образдардың халық үшін өткенде де, осы күнде де өшпес құндылығы осы ақиқат өмірге жақындығымен түсіндіріледі.
Лирикалық жырлардың мазмұны әдетте махаббат тарихы болады. Лирикалық жырларда, батырлық жанрдағы шығармаларға қарағанда, ғашықтардың сезімдері мен қасіреттерін, басты кейіпкерлердің сыртқы және ішкі сұлулығын суреттеумен қатар, әсем көріністер мен тұрмыстағы оқиғаларға көбірек назар аударылады. Халық арасында кең тараған танымал поэма – ежелгі «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» поэмасы.
Қазақ ауыз әдебиетін зерттеушілер бұл поэманың басты кейіпкерлерін дала Ромеосы мен Джульеттасы деп әділетті атайды.
Оның мазмұны қысқаша мынадай: Қозы Көрпеш пен Баян туған кезінде күйеу мен қалыңдық деп атастырылып қойған болатын. Бірақ, жетім қалған Қозы-Көрпешке өз қызын күйеуге бергісі келмеген Баянның әкесі, оларды бала кезінде зұлымдықпен ажыратады. Есейген кезінде, боз бала өз қалыңдығын іздеуге жолға шығады, бірақ оны жаңа ғана-ақ тапқанда, Қозы-Көрпеш өз бақталасы Қодардың қолынан қайғылы қазаға ұшырайды. Баян сүйіктісінің жерлеуі кезінде жауызды өлтіреді де өз қанжарға құлайды. Ол қатал заманда оқиғаның бұдан басқа түйіні болуы мүмкін де емес еді, ру басшысы әрі жанұя әкесі жанұя мен рудың барлық мүшелеріне билік жүргізгенде, ешкім өз өмірінде жазасын тартпай, ру басының ықтиярына қарсы тұра алмайтын мұндай жағдайдың рулық-тайпалық қауымға әдеттегі оқиға екендігі туралы, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаттарының көңіл жібітетін тарихы қазақтар арасында ғана емес, басқа да түркі халықтарының арасында кең таралады.
Қазақ халқы үшін маңыздылығы бойынша «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасының орны қырғыз халқы үшін «Манас» немесе неміс халқы үшін «Нибелунгтер туралы ән» сияқты дәуірдің құнды ескерткіші болып табылады. Бұл поэма – «көшпенділер тұрмысының тамаша ескерткіші, онда бүкіл шығармашылық сөлі, бүкіл халық даналығы, оның құнарлығы, философиясы, мұраттары жинақталған»1, – деп жазады Г.Н.Тверден.
Бұл туындының поэтикалық формасы оны қазақ халқының қалың бұқарасы үшін өте түсінерлік етеді. Міне, табиғат суреттемесі берілген поэма үзінділерінің бірі:
«Елімнің қонған тұрағы,
Асқар тау, жазық белдерім.
Шалғында өскен көп ойнап,
Сағынған туған жерлерім.
Құба түз дала, сортаң тау,
Тапқанша сая терледім...
Лашын, тұйғын, сұңқары,
Ойнаған ұстап ермегім.
Доғдуадақ, көлде аққу,
Үйрек-қаз тамақ жемдерім.
Соларды бағып өсірген,
Айдын-шалқар көлдерім.
Мал өрістеп су ішкен,
Өзен, су, бұлақ кеңдерім –
Жердің көркі аман ба?»2.
Батырлар жанрындағы туындыларда әлеуметтік-тұрмыстық жырларға қарағанда, табиғат суреттемесі онымен салыстырғанда кейіпкердің бейнесін көрнекті бейнелеуге мүмкіндік береді («таулар жарқырап, тас жанады, егер бала-батыр шапса», «ол борандай ұйтқымалы, енді ол дауылдай, мейірімсіз») және сараң беріледі.
Батырлар поэмасын, ауызша айтып жатқанда, ақын өз тыңдаушыларының назарын барынша батырдың ерліктеріне жұмылдырғанда, табиғаттың кеңістіктік суреттемелері негізгі мазмұннан алаңдатар еді.
Халықтың поэтикалық туындыларында, соның ішінде эпоста, кейіпкерлердің портреттік сипаттамасына үлкен назар аударылады.
Олардың сұлулығын бейнелеу үшін ақындар теңеулер мен образдарды қазақ – көшпеліліктен, сондай жақын әрі танымал қоршаған табиғаттан алған. Әйел сұлулығы ерекше жарқын бейнеленген, парсы және өзбек поэзиясының ықпалы болғаны сөзсіз.
А.Е. Алекторовтың әділ ескертуі бойынша, қазақ өлеңінің сөз саптауына, ондағы айтылған сезімдер күшіне «жартылай көшпелі ордалық, әркім, басқа мәдениеттегі халық та» қызыға қарауы мүмкін.
Эпостық шығармалардың бас кейіпкеріне (бойжеткен қыз, әйел) анағұрлым толықтау сипаттамалар беріледі. «Халықтың эпикалық поэзиясының туындыларында қазақ әйелінің ең типтік ұлттық ерекшеліктері деп: сезім тереңдігі, күшті және терең әсерленуге қабілеттілік, махаббаттағы берілгендік пен тұрақтылық, адамгершілік, адалдық пен ақыл, өзін-өзі құрбан етуге қабілеттілік қасиеттері атап көрсетіледі»1, – деп жазады З.А. Ахметов.
Эпикалық поэмалардың бас кейіпкерлері Құртқа, Гүлбаршын, Қарагөз, Қарлыға, Назым, Ақ Жүніс, Қыз Жібек, Баян Сұлу, Айман мен Шолпан нақ сондай болып біздің көз алдымызға елестейді. Иә, әрине, олардың әрқайсысы – майдай алды сұлу. Қобландының әйелі – Құртқа бейнесі былай суреттеледі:
«Сонда сұлу Қыз Құртқа
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Шекеде шоғы бұл етіп,
Саулы інгендей ыңқылдап,
Күшігендей сыңқылдап,
Сүмбіледей жылтылдап,
Буыны түсіп былқылдап,
Алтын қақпақ дулыға
Шекесінде жарқылдап,
Мақпал төсек мамықтан,
Алтын иек, ақ тамақ,
Көтеріп басын сөйледі»2.
Қазақ халық ауыз әдебиетінің жарқын эпикалық поэмасы, алып қазынасы жас Жібек пен Төлегеннің нәзік махаббатының қайғылы оқиғасы – «Қыз Жібек» поэмасы. Рулық-феодалдық тұрмыстың қатал салттары Жібекке өз сүйгені – алыс қазақ руының жас жігіті – Төлегенімен некеде қосылуға рұқсат бермеді. Жастар қайғылы қазаға ұшырайды, бірақ салтқа көнбейді.
Бұл эпикалық поэмада көптеген әр түрлі әйел порттреттері беріледі. Бірақ халықтың әсемдік мұратына сай келетін Жібек портреті ең қанық бояулармен суреттелген.
Бұл поэмадағы Жібек бейнесі былай суреттеледі:
«Қыз Жібектің құрметі,
Жиһаннан асқан сәулеті,
Ләйлі-Мәжнүн болмаса,
Өзгеден артық келбеті....
Өзі он төрт жасында-ай,
Кебісінің өкшесі
Бұхардың гәуһар тасындай,
Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын шашбау шашында-ай.
Қыз Жібектің ақтығы
Наурыздың ақша қарындай,
Ақ бетінің қызылы
Ақ тауықтың қанындай,
Екі беттің ажары
Жазғы түскен сағымдай ...
Оймақ ауыз, құмар көз
Іздеген ерге табылады-ай.
Өткірлігін байқасаң.
Ұсталар соққан кетпендей.
Нұр тұқымын еккендей,
Екі ауыз сөз сөйлескен
Мұратына жеткендей»1.
Келтірілген үзінділер қазақтарда өткен заманда әсемдік туралы түсінігі қандай болғандығын тануға мүмкіндік береді.
Қазақтардың ауызша-поэтикалық шығармашылығында, әсіресе эпос пен ертегілерде, көп құбыластар қиял-ғажайып образдармен өңделген, бірақ, бұған қарамастан, халық ауыз әдебиетінің туындыларының мазмұны шынайы болмыстың көрінісі болып табылады, өйткені, Н. Шамота әділ көрсеткендей, «ең бай қиял, ең дамыған елестету, өз формаларымен тірі өмір формаларын еске салмайтын болса, ештеңені жасауға мүмкіншілігі болмайды»2.
Қазақ эпосында да, халық әр түрлі кезеңде басынан өткізген, ақиқат оқиғалар, оның отан тәуелсіздігін жаулап алушылардан қорғап қалу күресі, оның күнделікті қайғы мен қуаныштары, сәулетті сезімдері мен тұрмыстық ұсақ-түйектер, дүниетанымы мен әлеуметтік құрылымы, өнегелік және эстетикалық көзқарастары көрініс тапты. Міне сондықтан қазақтар ата-бабалардың шығармашылық данышпандығының туындысы, баға жетпес мұраны әрбір жаңа ұрпаққа сақтап әрі байытып жеткізеді.
Міне, сондықтан эпос қазақ халқы үшін де, басқа халықтар үшін де, эстетикалық көзқарастардың қалыптасуының негізгі көздерінің бірі болып табылады.
Барлық халықтарда, соның ішінде қазақтарда да, ауызша-поэтикалық шығармашылықтың кең таралған түрі әндер болған. Ұлы қазақ ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбаев, қазақ әнмен әлем есігін ашады және ән оның өмірлік мәңгі серігі болады деген. Қазақ өмірінде не болып жатса да – қуаныш па, қайғы ма – ол өз жан тебіренісін өлеңмен шырқаған.
Қазақтар өз әндерінде табиғатты, өзінің даласын, тауларды, атақты батырлардың бастан кешірген оқиғаларын мадақтаған, сондай-ақ махаббат туралы, ғашықтардың ажырасуы мен қайғысы туралы да ән салған. Олар өлеңдерде өздерінің әсерлерін, қасірет-қайғыларын, қоршаған әлемнен алған эстетикалық ләззатын білдірген. Ал өлең шығаруда қазақтар үлкен шебер еді.
Атақты өнертанушы, қазақ халық әндерін жинақтаушы Б.Г. Ерзакович, оларды төмендегідей түрлерге бөледі: лирикалық, тарихи және әлеуметтік наразылық, еңбекке қатысты, жанұялық-тұрмыстық, тұрмыс-салт жырлары1.
Қазақтар әнді бір өзі, екеуі, анда-санда ғана бірнеше адам бірігіп айтқан (революцияға дейін қазақтарда хормен өлең айту болмаған, мүмкін бұл, тағы да, тұрмыс жағдайлары мен салттарға байланысты болар). Ән салғанда қазақтар сөздердің дұрыс айтылуына, әннің мазмұны мен әуеніне мұқият қараған, бұл олар үшін талғаусыз болмаған. Мейрамдарда немесе әр түрлі көп халық жиналған жиылыстарда қазақтар сөзсіз өлең айтады, ең жақсы көретін көңіл көтеру түрі болған, ақындар сайысы – айтыс ұйымдастырады. Бұл сайыстарда әншілер өз шеберлігін көрсетеді.
Үйлену тойы, ас беру, баланың дүниеге келуі қазақ халқында, сайыстармен сөзсіз қоса өткізілетін, орасан зор салтанат.
Әннің қазақ халқының өмірінде қаншалықты маңызды рөл атқарғандығын халықтың өзінің ақындық шығармашылық жайында жоғарғы түсінігі туралы, оның адам өміріндегі эстетикалық мәні туралы айтылған әннің шығуы тарихын баяндайтын аңыз арқылы бағалай аламыз. Ертедегі заманда, ән, аспанда қалықтап ұшып бара жатқанда, қазақ даласына, басқа жерлерге қарағанда, төмендеп түсіпті деп баяндайды аңыз. Міне сондықтан, дейді аңыз, қазақтар әлемдегі ең жақсы әншілер.
Қазақ халқының әндері оның табиғилығы мен қарапайымдылығының ең жоғарғы нақтылы түрде көрсетілуі болып табылады. Қазақ әндері бізге халықтың эстетикалық көзқарастарын көрсетуге мүмкіндік береді. «Шығыс поэзиясында.... суреттелген оқиғалардың немесе түйсінулердің қарапайымдылығы мен өмірге орайлылығымен қатар, тілдің таң қаларлық бейнелілігі және тіпті көпірмелілігі байқалады. Тыңдаушыларды тартатын, оларға әншілерді бірнеше сағат тыңдататын, мүмкін осы шығар»1, – дейді революцияға дейінгі зерттеушілер.
Қазақ әншілерінің арасында нағыз асқан шеберлер бар. Олар әнге үлкен мәнерлілік бере алады, әндерді өңдеп, асқан шеберлікпен орындайды. Дарынды орындаушының айтқан әнін тыңдағанда, қазақ болмысының өзіндік құрылымына шарықтағандай боласың, өзіңді кең байтақ далада, ғажайып табиғат аясында жүргендей елестетесің.
Мазмұны әр түрлі бұл әндерде халықтың эстетикалық көзқарастары, оның әсемдікті түсінуі көрініс тапқан. Әлемдегі барлық халық әндері бір тілде сөйлейді деп жазған Анри Барбюс. Ештеңеге қарамастан, олар өмір қуанышы туралы, жастық шақ туралы, көктем туралы, салттардың көркемдігі туралы айтады, өйткені адам жаны, қандай болғанда да, күнге талпынады, бостандыққа жол іздейді. Ал аңыздар мен өлеңдер – бұл бақытсыздардың немесе даңқы шыққандардың жанды қымбаттысы, халық қасіретінің сүйеніші болған құндылықтар. Оларда көпшіліктің дауысы естіледі, оларда тарихтың шақырған дауысы естіледі2.
Бұл анықтама қазақ халқының ән шығармашылығына да бүтіндей түседі. Егер өлеңдерді «жанды құндылықтар» деп санасақ, онда «мұндай құндылықтардың ерекше көптігінен, – деп жазады А.Затаевич, жақында ғана, өзінің басым көпшілігінде кедейлік пен бишаралық халге түскендіктің синонимі тәрізді саналған, қазақ халқы әлемдегі халықтардың өте байларының бірі болып танылуы қажет, оның әндеріндегі мазмұн мен күйзелістер тереңдігі, сондай-ақ формаларының көркемдігі мен таңдамашылығы оның үлкен ойлы дарындылығының дәлелі»1.
Өнер арқылы адамдар бір-біріне өздерінің ойлары мен сезімдерін жеткізетіні, жұртқа мәлім.
Қазақ халқы үшін өлеңдер ерекше қарым-қатынас құралы болған, қазақтар олардың көмегімен бір-бірімен қоршаған болмыс туралы эстетикалық әсерлерімен алмасқан.
Ерте замандағы адамдар лирикасы – «бұл ... ішкі дүниенің толықтығы мен молдығынан болатын, өз болмысы мен сыртқы әлемді түйсінгенде оянатын және дұғалар мен әндерде берілетін, шаттықтың есепсіз төгілуі»2, – деп сендіреді В.Г. Белинский.
Шынында да, көптеген халықтардың әндерінде, соның ішінде қазақ әндерінде, халық қайғысы туралы, адамдардың жалғандығы туралы айтылады, махаббатқа, жақсылыққа өздерінің азаматтық борыштарын адал орындауға, өмірге, еңбекке шақыру бар.
Қазақтардың әннен қалай ләззат алғаны мен әнші-ақындардың әнге қалай сүйіспеншілік туғыза алғандығын бізге «Қырғыз әншісі Үлкенбайдың қазасы» туралы аңыз баяндайды. Оның қысқаша мазмұны мынадай.
Кәрі де ауру Үлкенбай ақын қолына өзінің екі ішекті домбырасын алды да ән айта бастады. Ол тыңдаушыларының назарына толық ие болған, оларды, оның әні тудырған әлемге шарықтауға, оның өзін шабыт сәттерінде толғандырған, сол сезімдерді сезінуге, сол өмірді бірге сүруге мәжбүр еткен. Нәзік сезімге оранған, кәрі әнші бой жазды, оған бұрынғы күштері қайтып келді. Оның тыңдаушылары ақынға таң қалып қарады да бұл ұлы күштің қайдан келгенін түсіне алмады, ол қалай тез адамды тірілтті, бұлай тез жанатын от, қандай ұшқыннан тұтанды. Оған күшті сүйікті әні берді. Үлкенбай өз әндеріне қаншама жанын, адал шынайы сезімдерін халыққа деген қаншама сүйіспеншілігін салды3.
Қазақ халқының кең танымал, сүйікті ақыны Ноғайбай болды. Ол туралы, оның даңқы бүкіл кең байтақ далаға тарады. Ноғайбай әндерінің соншама күшті ықпал етуі, сондай зор әсер беретіндігі оның әндерінен кейін тыңдаушыларға басқа ақындардың әндері ұнамайтын болған. «Жоғары дәрежеде нәзік әрі көркем, «дала ұлына» тән керемет психикалық сараптаумен Ноғайбай тыңдаушыларының көз алдында сурет салды»4, олардың анық болғандығы соншалық, тәнмен сезінуге болатындай еді.
Қазақ халқы әсемдікті жеңіл де еркін қабылдауға қабілеті бар. Қазақтардың жоғарғы шығармашылық күшінің жемісі – поэзия, онда халықтың бүкіл өмірі толығымен көрініс табады. Махаббат туралы қазақ әндерінің бірін тыңдап отырып, А. Алектров: «Сол уақытта, адам табиғаты барлық жерде бірдей, және кедей күркесі мен өркениетті еуропалықтың бай сарайында патшалық етуші махаббат, сондай билікпен қырғыз (қазақ – Б.Қ.) киіз үйлерінде де, өте аз зерттелген қайдағы Мугоджамаларда да патшалық етеді»1 – деген ойға келген.
Қазақтарда революцияға дейін көп бұрын кең дамыған ән шығармашылығымен тығыз байланыстысы халық музыкасы еді. Қазақтар әндерді көбінесе ұлттық аспаптар сүйемелдеуімен айтқан.
Қазіргі уақытта зерттеуші – музыкатанушылар ұлттық музыка аспаптарының санын жиырма алтыға жеткізді. Бізге дейін жеткен, ең атақты халық аспаптары – бұл домбыра (шертпелі), сыбызғы (үрлеп тартатын музыкалық аспап) және қобыз ысқы (қыл керілген шыбықпен ойналатын). Осылардың ішіндегі қазақтардың ең сүйікті аспабы – домбыра. Домбыраны тек кәсіпқой домбырашылар немесе әншілер ғана емес, ән мен музыканы сүйетін әуесқой көпшілік те меңгерген.
Қазақтың музыка мәдениетін халықтың өзі және оның ақындары мен композиторлары жасаған. Қазақтарды қоршаған әлем сонша бай әрі оқиғаларға толы болса, қазақ халқының музыкасының мазмұны мен тақырыптары да соншалық әр түрлі болған: оның әуендері жеке адамды да, әлеуметтік өмірді де қамтиды. «Күйлерде адамның нәзік сезімдері мен күйзелістері беріледі: баланың дүниеге келуі әкелген қуаныш та, жақын адамынан айырылу қайғысы да, қаламаған адамына күйеуге ұзатылған бойжеткен қыз мұңы да, айрылыс зарығуы да, музыкалық портреті де, табиғатқа масаттану да»2, – деп жазады А.Е. Алекторов «Қырғыздардың халық әдебиеті» атты мақаласында. Дарынды композиторлар музыка мәдениетінің дамуына үлесін қосты және халықтың жалпы өнерге, атап айтқанда музыкаға эстетикалық қатынасының қалыптасуына ықпал етті.
Ән сияқты, қазақ халқының музыкасы оның тарихымен, тұрмысымен, салттарымен тығыз байланыста болды. Міне сондықтан кеңес музыкатанушылары қазақ халқының күйлерін лирикалық, тарихи, әлеуметтік наразылық және басқаларға бөледі.
Шығармашылық мұрасы қазақ халқының рухани өмірінде ерекше маңызды орын алатын, ең ірі халық композиторлары, әншілері: Абай Құнанбаев, Біржан Қожағұлов, Құрманғазы Сағырбаев, Дәулеткерей Шығаев, Жаяу Мұса Байжанов, Тәттімбет Қазанғапов, Мұхит Мералиев, Ақан Сері Қорамсаұлы және басқалар.
Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің ертерек кезеңде дамыған түрі – «Той бастар», «Бет ашар», «Жоқтау», «Жар-жар», «Алтыбақан» және басқалар сияқты тұрмыс-салт жырлары. Әлеуметтік, саяси, тарихи тақырыптарға арналған музыкалық шығармалар анғұрлым кейініректе жазылған.
Халық композиторлары өз шығармаларында өз заманының болмысын шынайы көрсеткен. Олар өз шығармаларында тарихи оқиғаларға да, адамдар қарым-қатынастарына да, өзінің әсемдікті түсінуі тұрғысынан барлығына баға беріп, эстетикалық түйсінуін білдірді. Олардың шығармашылығындағы бұл жағдайды атақты қазақ музыкатанушысы әрі комозитор Ахмет Жұбанов «Қазақ музыкасы» мақаласында атап көрсетті: «Шебердің сол кездегі ой өрісі оған дейінгі адамзат жинақтаған білім жиынтығын ол игере алмағандықтан, оның өмірлік тәжірибесімен, күзелістерімен, саяси және экономикалық жағдайлардың ықпал етуімен анықталады»1.
Тарихи әлеуметтік, лирикалық сюжеттерге жазылған күйлерде қазақ халқының тарихының оқиғалары, жалпы өнерге деген, басқа халықтардың музыкасына, музыканың қоғамдағы рөлі, оның адамдардың эстетикалық сезімдеріне әсері және т.б көзқарастары көрініс тапқан. П.В. Аравин атап өткендей: «Қазақтың домбыра музыкасында, жәй дыбысқа еліктеуден, әсем көріністерді бейнелеулерден бастап және портреттік сипаттамалармен аяқталатын, және де әр түрлі психологиялық хал-жағдайларды қорытудың сарыны бар программалық мазмұн әр түрлі білдіріледі»2. Оған мысалы, мынадай күйлер дәлел болады: «Боз-төбе», «Сары өзен», «Ақсақ құлан», «Бұл-бұл», «Баламайсаң» және көптеген басқалары.
Туған табиғат суреттемелері, халық өмірі, тұрмыс жағдайының түрлі жақтары, халық композиторларының лиро-эпикалық күйзелістері арқылы өзінше түсініліп, олардың шығармаларын мазмұнмен толтырған. «халық шеберлеріне тән жоғары дамыған эстетикалық қорытындылау сезімінің арқасында,табиғат пен тұрмыс көріністері қазақ күйлерінде, дарынды күйшінің санасында алдын ала өңдеу алған, болмыстың көркем бейнесі сияқты, нәзік лирикалық сәуледе беріледі»3, – деп жазды П.В.Аравин, қазақ күйлерінде адамның ішкі күйзелістеріннің түрлі қатпарлары беріледі, «бірде айбынды байсалды, бірде жұмсақ нәзік, бірде қайғылы әрі мұңды»4. Бұл, әсіресе, «Ақсақ құлан», «Ақсақ киік», «Сарыарқа» күйлеріне тән.
Қазақ күйлерінің арасында оның қоғамдық өмір құбылыстарына қатынасын білдіретін күйлер көп. Халық оларды қастерлеп сақтап және жоғары бағалап ұрпақтан ұрпаққа таза, өзгермеген күйінде жеткізеді. Мұндай күйлерге: «Ақсақ құлан», «Тепен көк», «Алты қаз», «Жез киік», «Қорқыт», «Дайрабай», «Аққу» және көптеген басқалары жатады. Бұл күйлердің әрқайсысында халықтың әлеуметтік әділетсіздікке деген ашу-ызасы, байлардың, сұлтандардың, хандардың зорлық-зомбылығына наразылығы көрініс тапқан.
Мысалы, «Ақсақ-құлан» күйінде мынадай оқиға баяндалады. Мейірімсіз хан ұлы, көңіл көтеруді қалап, кең далаға құландарға аңшылық жасауға кетеді. Аңшылық сәтсіз болады. Бірақ халықтан ешкім де қайғылы хабарды ханға айтуға батылы жетпейді; қайғылы оқиға туралы шындықты айтқанның жұтқыншағына хан балқытылған қорғасын құюға әмір беретінін бәрі де біледі. Бірақ та үндемеуге де болмайды – хан күтіп отыр және оның ашуы күшеюде. Міне кәрі күйші хан алдына барды да өзінің аян беруші добырасының ішектерін терді. Барлығын домбыра айтып берді. Хан өз сөзінде тұрып, домбыраға балқытылған қорғасынды құйғызды.
Халық композиторлары, тыңдаушылар күйді түсінуі және музыкадан толық ләззат алуы үшін, күй ойнардың алдында туынды мазмұнын баяндап берген. Бұл тәсіл арқылы, жеке тарихи тұлғаларға немесе тарихи оқиғаларға және т.б. сипаттамалар берілген, сондай-ақ күрделі программалық күйлерді орындағанда қолданылған. Осылай көпшілікті эстетикалық тәрбиелеу мақсатын арнайы қоймаған, халық композиторлары іс жүзінде оны өздерінің көркем шығармашылығы арқылы жүргізген.
Музыкалық туындылар қазақ халқының эстетикалық мәдениетінің қалыптасуының ең әсерлі құралы болған. Бұл, біріншіден, музыканың қазақтардың көркем шығармашылығының барлық түрлерімен қоса жүретінімен; екіншіден, әрбір музыкалық туындының өмірдің нақты көрінісін, қоғамның салттары мен әдет-ғұрыптары туралы баяндайтынымен, халықтың өз өмірінің түрлі тарихи кезеңдеріндегі музыкаға қатынасымен сараланады. Мұның барлығы музыканы түсінікті әрі оңай қабылданатын етеді.
Атақты халық композиторы орындаған күйді тыңдап, ауылдың музыкалық дарыны бар тұрғындарының сол сәтте қолына домбыра алып, жаңа ғана тыңдаған шығарманы есте сақтап ойнап беруі, сирек емес еді. Бұл музыка тыңдаушыларға эстетикалық ләззат беріп ғана қоймай, оларды көркем шығармашылыққа баулуға да ықпал жасайтындығы туралы айтады.
Қазіргі заманда, Қазақстан өнерінің дамуына арналған, көптеген еңбектерде революцияға дейін қазақтарда би өнері тіптен болмаған деген ойлар айтылып жүр. Қазақ халқының тұрмысын, салттарын, өнерін тану би элементтері оның көркем шығармашылығында революцияға дейін орын алғандығы туралы пікір айтуға негіз болады. Ертеден қазақ тілінде «би» сөзінің қолданылуы бұған дәлел бола алады. Бұдан басқа, көптеген музыкалық шығармалар биге сүйемелдеу ретінде естіледі. Мұндай күйлер: «Қаражорға», «Тепен көк», «Қазақ биі», сонымен қатар лирикалық әуендер «Өрмек» пен «Аққу» және кейбір басқалары.
Революцияға дейінгі жазба ескерткіш материалдарында, ХІХ ғасырдағы орыс саяхатшыларының этнографиялық зерттеу әдісі ретінде қазақ халық биінің салып алған суреттері бар.
«Музыка және өмір» журналының бір мақаласында, би, қырғыздардың пұтқа табынушылық кезеңіндегі, бұрынғы замандағы ескіліктің қалдығынан соң жалпы қандай да болсын өнер түрінің нышаны Құранмен басылып қалды делінген1.
Халық арасында күлдіргіштер мен әзілқойлар кең танымал болған. Мысалы, ХІХ ғасырдың тамаша халық күлдіргіші Рахымберді әйгілі болған. Оның жалған аты Ағаш аяқ еді. Ол, шөккен тығыз түйенің үстінен секірумен қоса би үйлескен, күрделі нөмір орындаған. Билеп жатқанда ол «Қалды-ау, қалды-ау, қыз қалды-ау» әнін орындаған. Көрермендер онымен бірге қосыла ән салып, оның биіне елтіп, оның ырғағында шайқалған. Халық билерін және күлкілі көріністерді орындаушылар Жынды Қара мен Жынды Омар да ұмытылған жоқ. Сықақ пантомималар мен билерде олар байлар мен билерді2 келемеждеді, сол үшін келемеждегендері жағынан қуғынға ұшырып, тіпті ақылынан айрылған адамдар деп те жарияланған.
Би элементтері, мысалы, қазақтың ұлттық ойындары мен ойын-сауықтары айгөлек, шыттастау, тартыс, таяқ айна (таяқ жүгірту), аударыспақ, жігіт қуу, арқан шалу, алтыбақан және көптеген басқаларында айқын көрінеді. Әйтсе де, Қазақстанда би өнерінің айтарлықтай дамуына халықтың көшпелі өмірі, халықтың бытыраңқылығы кедергі жасады. Өнердің көп түрлеріне, би билеуге қатаң тиым салған, биді «шайтанның ісі» деп санаған және билеушілерді қуғынға ұшыратқан дін де үлкен зиян әкелді.
Сөйтіп, қазақ халқы өз дамуының таңында-ақ толық қалыптасқан, өз заманы үшін жоғары көркем мәдениетке ие болған. Одан арғы өз дамуында ол, өңделіп әрі байып, үлкен талдап қорытындылауға және көркемдік күшке, сонылыққа және ұлттық-эстетикалық құндылыққа қол жеткізді. Барлық ғасырларда ол қазақ халқының эстетикалық көзқарастары мен талғамдарының қалыптасуына ықпал етті.
Қазақ көркем шығармашылық мұрасының ерекшелігі, оның алғашқы әлі дамымаған жағдайын сипаттайтын синкретизм (яғни, жіктелмегендік, біріктірілгендік) болып табылады.
Әрине, синкретизм революцияға дейінгі қазақ халық шығармашылығына ғана тән ерекше қасиет емес, ол қандай да бір шығармашылық әрекеттің дамуының алғашқы кезеңіне тән болады. Бірақ өнердің дамымағандығы, жанрлар мен түрлерге жіктелмегендігі өнер түрлерінің толығымен жоқтығын білдірмейді. Мысалы, революцияға дейін қазақтарда театр, хореграфия, симфониялық музыка, сурет өнері, графика, мүсін өнері болмаған, бірақ бұл өнер түрлерінің халық шығармашылығында біздің заманымыздан ең ертедегі кезеңінде қандай да бір нышандары, жеке элементтері орын алған. Мысалы, әдет-ғұрып көріністері ақындық сөздің, ән салудың, музыканың, драмалық элементтер мен би өнерінің үндесуі емес пе!
Халықтың көркем шығармашылығы дегеніміз жеке тұлғаны ғана, шамалы адамдар ортасын ғана және тіпті қандай да бір тапты ғана, қызықтыратын болмыстың сол эстетикалық заңдылықтарының көрінісі емес, ол бүкіл халық бұқарасы үшін өмірлік маңызды болады.
Сондықтан көркемдік таным бүкіл халықтың өмірлік қажеттіліктеріне жауап беретін тақырыптарды қамтиды. Көркемдік танымның тақырыбында оның тұтастығының, біріктірілгендігінің, өнерді жалпы халықтық екендігінің, негізі қаланып қойған. «Халық бұқарасының өнер туындысын қандай да бір бейнелі ойлау формасымен ғана тануға болмайды, ол бір мезгілде бірнеше формалармен (көркем сөз, бейнелі музыка) тануға болатындығы осының айғағы»1, – деп атап өтеді өз зерттеуінде В.Е. Гусев.
Қазақ өнері жалпы халық өмірімен, атап айтқанда, оның тұрмыс салтымен тығыз байланысты болған. Сондықтан көптеген ғасырлар бойы ауызша-ақындық шығармашылық пен халық музыкасы, қолданбалы өнер қазақ халқы үшін қоғамдық сананың негізгі формаларының көрінісі болды, оларда халықтың ойлары мен сезімдері, оның талпынастары мен әсемдік туралы түсінігі ерекше толық әрі айқын көрінді. Халықтың көркемдік көзқарастарын оның дүниетанымынан бөлек алып қарау мүмкін емес. Әсемдік пен көріксіздің қоғамдық түсінігі, олар адамдардың жүріс-тұрысы мен олардың өмірінің жағдайларына қатысты болғандықтан, дүниетанымдық мағлұматтар болып табылады. Олар эстетикалық мұраттың деңгейіне өз ықпалын жасайды, сол тұрғыдан өнер өмір туралы пікір айтады. Қоғамдық сананың өсуіне қарай қоғамның көркемдік көзқарастары да өзгереді, өйткені соңғысы қоғамдық сананың бір бөлігі болып табылады. Көркемдік көзқарастар, жалпы қоғамдық сана сияқты, шынайы болмысты, қоғамдық өмірді қамтып көрсетеді. Өнер өмірдің өзіндегі әсемдікті ашуға және бағалауға көмектеседі. Сонымен бірге ол, әлеуметтік дамуға кедергі жасайтын, барлық жағымсызды ашып көрсетеді. Бүкіл жағымсыздық, көріксіздік ақыр аяғында жойылады деген арменмен, халық өнері де нәрленген. Қағида бойынша, халықтың алдыңғы қатарлы эстетикалық түсініктері қоғамдық дамудың субьективті тенденцияларын суреттейді, ал өнерде, шынайы әсемдікті мадақтамай және бүкіл кертартпаны, антиэстетикалық, көріксіздік ретінде әшкерелемей, өмір шындығын суреттеу мүмкін емес.
Болмыстың эстетикалық бағалануы халықтың көркем шығармашылығында, оның әсемдік туралы түсінігінде шынайы болмыста айқын көрінеді. Қазақ халқының эстетикалық қатынасы оның ауыз әдебиетінде – эпоста, аңызда, өлеңде, ертегілерде, мақалдарда, мәтелдерде және т.б. нақтылы түрде көрсетілген.
Эстетикалық категориялардың ішінде қазақтардың көркемдік шығармашылығында кең қарастырылғаны әсемдік категориясы, бірақ, әрине, ол теориялық деңгейде емес. Сол замандағы қазақтардың түсінігінше табиғат пен қоғамның барлық сұлу, нақышты заттары әсемдік көрінісі еді.
Достарыңызбен бөлісу: |