Мен мемлекеттің гүлденуі үшін не істей аламын?
Тау баласы тауға қарап өседі. Тау кім, бала кім? Бала – біз. Егемендігін жаңа алған, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған, оң-солын қанық танымаған, ширек ғасыр жасын енді ғана өтеген, мейілінше жас мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан. Біздің алтын өзегіміз – тұғырлы туған жер, айбынды ана тіл, дәстүрлі дін, темірқазықтай айнымас тәрбиеміз. Еліктеу, бой түзеу дұрыс-ақ. Бірақ, кімге? Үлгі кім? Яки, өнеге алар тауымыз кім? Шұбарланған тілімізде – орыстар, дүдамалы дінімізде – арабтар, тентіреген тәлім-тәрбиемізде еуропалықтардың ібілістің індетіндей ізі жатыр. Бұлай жалғаса берсе, алапат замана қарқынында біреудің қаңсығын таңсық көріп жүргенде, қақпақы ойнап қаңғып қаларымыз хақ. Не себепті? Қазақ десе жүрегі тілім-тілім болған алдыңғы буын абыз дерлік тұлғалар кейінгі толқынға өсиет еткен оймақтай, тұшымды ойлары, жетім баладай жәутеңдеген, жетіліп үлгермеген қазақ үшін, бүгінгі таңда орны орасан болып отыр. Кімнен қандай қанмен жазылған хат, ашына сөйлеген мирас сөз қалды: Абай Кұнанбайұлы: «Орыстан өнер үйрен, ғылым мен білім үйрен, бірақ сана-сезімі мен салт-дәстүрін, тәрбиесін үйренбе» Әлихан Нұрмұхамедұлы: «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ.» Мұхтар Шаханов: «Құрметті жастар, арабтың дінін аламын деп, ініне түсіп кетпеңдер.» Біз үлгі алар үштіктің мән-жайы осындай. Бұл – кемеңгер кісілердің келелі, меңзері терең, бітімі бөлек жанайқайы еді. Айтпағы, ісінен үйреніп, бой түзейтін бастаушы бағдаршам болар бұлар емес, келешегімізге кепіл, елдігімізге сеп болар, болашағымызды баянды етер алып асқар тау – төл тарихымыз, қазақтың тұла бойындағы рухани бұла күші, қасиеті. Өйткені, қазақ – қатпар-қатпар тарихын тасқа жазған, қиядан қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын байтақ жерді мекен еткен ұлы халық. Ғасырлар сүзгісінен өткен көркем тілі, саф алтындай салты, дәстүрлі діні қалыптасқан, түрмесіз адам түзеп, қорасыз қой баққан, мылтықсыз аң аулап, есігіне ала жібін байлап, алты айлық жолға алаңсыз шығып кете беретін адалдығы тағы бар. «Ақ барыстың бейнесін қайтемін бойымда көк бөрінің қаны барда» дейтін өрлігі мен ерлігі басым ұрпақ. Белдескеннің белін бүгіп, тірескеннің тізесін сындыруға даяр, қасық қаны қалғанша қасқая тұратын көзсіз батылдығын сөзбен дәріптеп жеткізу мүмкін емес. Қазаны оттан, өздері аттан түспеген, дастарханы жиылмаған, қонағы тыйылмаған қонақжайлылығы, кең пейілділігі баурайы байлық, қойны құт дархан даламен ұштасып жатқандай. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қулықпенен жанды ұтпаған әдет-ғұрпының орны тым бөлек. Досына адал, дұшпанына қатал келген, ешкімнің ала жібін аттамай-ақ ел болудың озық үлгісін танытқан ерен ұлт. Бұл-бір, үлгі-өнеге, үйренү мәселесі болатын. Екінші мәселе,бейнелі бейнет –еліне ерінбей еңбек ету, қолынан келгенше қызмет көрсету. Құл тәуелсіз болуды армандамайды, кұлдық ұғым-тәліміне сәйкесінше, құлдардың басшысы болуды армандаумен шектеледі. Жаңсақ түсінік түбіңе жетпей, тіршілікте табансыз, ісіңде тиянақ жоқ, өкшесінің бүрі болмай, жылтыр мінезден, шен-шекпенге алданар зымия, қалта пәрменінен аса алмас, қызметтің құдіретіне құлшынып, мақсаты –байлық жинау, мансабы –мәртебе-мандат табудан аулақ болу. Яғни, құлдық сана, кәсіпқұмарлықтан алшақ болу. Себебі, біздің үлгі көріп, мәртебе тұтып жүргендер –мәймөңкелеген мұсалдат мансапқорлар. Олардан бойды кейін салып, тәжірибе алмасумен шектелу қажет. Ақылға сыйымсыз, ізімен жүріп алдын орауды ойлау немесе терезе теңестіріп, иық тірестіруді жоспарлау –бос қиял,кәріптік, өз уақытыңды өзің өлтіру,орны толмас ойсыздық, опық жегізер олқылықтың шырықтау шегі. Сақтана жүріп, сыйына қарап емес, сынай қарап мін түзеу –қонымды әрі қолайлы хәрекет болмақ. Мамандық мансабын ақиқат пен адалдыққа жұмсау керектігін ұғыну, мемлекеттің хәлденіп, жандануы жолында білек түрініп қызба мінез, алаңғасарлыққа салынып емес, ақыл-парасатпен өткенді ой елегінен өткеріп, болашаққа бағдар жасау абзал екендігін түсіну ләзім. Қорыта айтқанда, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілту парыз. Жазылмаған ұлы дала жәдігер,жауһар заңдылығын жаңғырту –мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты болмақ. Бұл құндылықтар жүйелі жолға қойылмай, саналы салтымызды-сәулетім, салмақы дінімізді- діңгек дәулетім, ана тіліміздің алпыс тілге татитындығын, бірліктің қайнар көзі һәм дүрдараздықтан сақтар алтын қорған екендігін түйсінбей, гүлдену жоқ, түлеу жоқ. Тарих бастауынан не алатынымызды есептегеннен гөрі, сол бастау мәнін жіті түсінген мәндірек болып отыр. Ұлтына қызмет ету-білімнен емес, мінезден. Мен, мемлекеттің гүлденуі үшін осы шарттарды алға тарта отырып, қара бақайыма дейін қазақы құндылықтарды бойыма жинай түсіп, еліме әділ табанақы, маңлай теріммен «ал, қазақ, мешел болып қаламын демесең тағлымыңды, бесігіңді түзе!..»-ұранымен еңбек етуге бармын.