Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он бірінші жылы тоқсан екі жасында дүние



Pdf көрінісі
бет2/3
Дата11.10.2022
өлшемі0,95 Mb.
#152591
1   2   3
Байланысты:
Ұшқан ұя

2-бөлім 
Үбиандар екі жұмадан соң елге оралды. Жігіттер алдарына төрт тай салып, мол 
сыйлық артылған түйе жетектеп қайтыпты. Бір таңғалғаным - бәрі үйдің тұсынан өтіп 
кетті де, ауыл шетіндегі жаңа тігілген отаудың алдына ат басын тіреді. Тұс-тұстан тағы да 
әйелдер жиналды. Бәрі құшақтасып көрісіп, қуанысып жатыр. Хал-жағдайын, жай-
күйлерін жамырай сұрасады. 
Отауға бұрқ-бұрқ етіп самауыр келді... Жиын-тойдың, бас қосқан ортаның 
қызығына алғашқы себепкер өзіммін дегендей иінінен демалады. Бұл отырыста негізгі 
әңгіменің ұйытқысы Үбианның қасындағы құрбысы болды да, қалғандары ынтыға 
тыңдады. Ол әдемі майда тілмен, 
ұтымды әзілдермен сөз арасын құлпырта отырып қайда болғандарын, қандай кештерге 
қатысқанын, кімнің үйлері шақырғанын, Үбианға кімдер қандай сый көрсетіп, не тілек 
айтқандарын тәптіштеп баяндады. Тіптен ел қыдырып жүргенде естіген қызғылықты 
әңгімелері мен әсем әндерді де айтып берді. Барған ағайындардың әрқайсысының көңіл 
күйі мен көлгірлік пиғылдарына дейін біліп келіпті. 
Әйелдер ынтыға тыңдап отыр. 
Серкебай нағашым түйе жетектетіпті. Ал інісі Құлжабай тай сыйлапты, бір нағашы 
жеңгеміз тұскиіз беріпті. Енді бір жеңгеміз барқытпен тысталған мамық сыйлаған. 
Әкемнің қарындасы кіші кілем мен аяққап тарту етіпті. Екінші қарындасы - жібек шапан 
және күміс леген беріпті. Осындай сый-сияпат мол екен. Әйелдер бәрін жайып салып 
қызықтап отырысты. 
Сонан соң әкелген сыйлықтарды жасауға қосты да, әйелдер үйлеріне тарасты. 
Үбиан әдеттегісіндей қайта киініп, әкеме сәлем беруге кетті. 


Әкем қызын мейірлене қарсы алды. Шашынан сипап, маңдайынан иіскеді. 
Үбиан шыдай алмай жылап жіберді де, әке құшағына жасырына берді. Кеудесіне басын 
қойып ұзақ 
жылады. 
Әкем өзін-өзі әзер ұстап, кереуетке отыра кетті де, қызын алдына алып 
теңселіп, жас балаша әлдиледі. Ортаншы әпкем Әлиманның бұрымы селтиіп, кереуеттің 
басынан ұстап қатып қалыпты. Оның да екі бетін жас жуып тұр. Мен әкемнің осыншама 
еміренгенін көрген емес едім. Әрқашанда сабырлы Үбианның босағанына да таңырқадым. 
Содан ба, бедірейіп тұрып қаппын. Әлиман шыдай алмаса керек. Жүгіріп кеп, 
жұдырығымен қойып қалды. Кемсеңдеп әрең сөйлеп тұр. 
- Сен неге бедірейіп тұрсың, тасбауыр. Көзіңнен жас та шықпайды ғой... 
Мен есемді жібермей, Әлиманды салып қалдым. Алайда көзімнен жас шығып 
кеткенін өзім де сезбей қалып едім... Әкем езу тартып күлді де, үшеуміздің де ыстық 
жасымызды төсіне басып, бауырына тыға берді. 
Ертеңіне жаңа отаудың жанына жағалай үй тігілді. Тойға келетін конақтарға 
арналған үй осылай молая берді. Байқасам, кешке қарай ауыл жанынан Үбианның отауын 
ортаға алған жаңа ауыл орнап қалған екен... 
Келесі күні барлық балаларды жақсылап киіндіріп, жаппай жасандырып қойды. Сол кеште 
қасына жеті жігіт ерткен Аюбайлар келді. Олар өздеріне арнап тігілген үйге түсті. Енді 
қалыңдықтың отауы мен күйеудің отауы арасында қызыққұмар адамдар сеңдей 
соғылысты. 
Әр үйден әсем күлкі, жарқын дауыстар естіліп, жадырасып жатыр. Желіде 
аттар кісінеп, ауыл іші жанданып кетті. Ошақтан көтерілген көп түтін көкке қалықтап 
көлбеңдеп барады... 
Осылайша той да басталып кеткен еді. Біздер, ауыл балалары, назардан тыс 
қалып, қараңғыда топырласып әр үйдің арасын жол етіп жүрміз. Қызық естісек деген 
дәмемен әр үйдің жанын сағалаймыз. Алайда есік алдындағы самауыршы жігіттер 
маңайлатар емес. 
- Әй, балалар, аулақ жүріңдер. Сендерге бұл арада түк те жоқ! 
Кейбір көңілшектері басымыздан сипап, құлағымызға сыбырлайды: 
- Айналайындар, алысырақ ойнаңдар. Меймандар көрсе, ауылының балалар 
бейбастақ екен деп кетер. Ұят болады, - дейді. - Бара қойыңдар! Топырламаңдар! 
Әйелдер жағы бізге көз қырын да салар емес. Бәрі асығып, дастарқан көтеріп, 
кесе шайып, қазан басында күйбектесіп жүр. Қасына бара берсең, тезірек құтылғысы 
келгендей қолымызға үн-түнсіз бауырсақ, тәтті қыстыра салады. Біз өзара күбірлеп 
сөйлесіп кете береміз. 


Таң атты. Жаңа ауылдың қазаны елден бұрын көтеріліп, ошақ түтіні елден 
бұрын өрледі. Ел тірлік қамына кірісіп, жаппай қарбаласқа көше бастаған кез... 
Қонақтар баппен тұрып, бастау жаққа бара жатыр. Мөлдір суға кезектесіп бет 
жуысып сергіп қалады. Сонан соң маң-маң басып маңғаз жүріспен өздері түскен үйге 
беттеді. Біз де солардың соңынан ілесіп жақындай береміз. Қонақ көзінше үлкендер 
ұрыспайтынын әрқайсымыз жақсы білеміз. Алайда меймандарға сездірмей ала көзімен 
бізге қараған ауыл жігітінің сұсынан шошып шегіншектей береміз. 
Меймандар керіліп-созылып үлкен сәскеде дастарқанға әрең отырысады. 
Шайды асықпай сораптап, бір-біріне оқта-текте еріншектене тіл қатысады. Бәрі маңғаз, 
бәрі кербез сияқты. Сызданып отыр. Шайдан соң қымыз келеді. Қымызды да салғырт 
отырып, самарқау ішіседі. Асығар жайы жоқ, уақытты үнсіз ұтқан сыңайлары бар сияқты. 
Кешегі даурықпа сөз, дабыра мінездің бірі де жоқ. Бәрі әлдебіреуді сарғая күтіп 
жатқандай. Ол кім? Ол күткендері сәті түскен 
кез, сапарға шығар уақыт, сағыныса көріскен жаңа қонақтар ғой. Күн ысып барады. Әркім 
киіз үйдің іргесін түріп жатыр. Біз енді-енді айқын көрдік. Жұқа шапанын иықтарына 
желбегей жауып қаз-қатар жастыққа жантайғандар... 
Күн түстен ауа бастады. Ауылдың ошақтарынан тағы да түтін шұбалып, көпке 
көтерілді. Әр үйдің алдында самауыр сақылдайды. Қонақтар шайды рахаттанып ұзақ ішті. 
Онан соң алдарына ет келеді. Табақ тартқан жігіттер қаз тізіліп, әр үйге кіріп жатыр. 
Әңгіме аздап жанданған сияқты. Бірақ кешелі бері осынау бір сарынды сабылыс біз 
сияқты ерекше қызық күткен балаларды жалықтырып жіберіп еді. 
Уақыт өтіп барады. Күннің қызуы тарап, ауа қоңыр салқын тарта бастады. Міне, ақыры 
сонау алыс көкжиектен әлдекімдер көрінді. Бұлар қызыл-жасыл киінген қонақтар екен. 
Көрші ауылдардан келе жатқандар. Енді екінші жақтан бір топ аттылы кісілер көрінді. 
Тағы бір қарағанымызда ауылдың тұс-тұсынан бізге қарай жақындап келе жатқан жарқын 
топ бүкіл даланы гүлге бөлеп жібергендей еді. Сол топ дөңгелене келіп мынау ортадағы 
жаңа отауды алақандарына көтеріп, ауыл қызығын асқақтата түсетіндей сезілді. Біз әр 
жаққа бір қарап қарық боп қалдық. Ауыл 
адамдары қонақтарды құрметпен қарсы алуға сақадай сай тұр. Міне, екі жақ құшақ жая 
қауышып өтті де, күлкіге күлкі, тілекке тілек ұласты. Әйелдер жағы көрісіп, ерлер жағы 
қол берісіп, төс тиістіреді. 
- Тойларың құтты болсын! 
- Тойларың тойға ұлассын! 
- Ауылдарыңнан той үзілмесін! 
- Ниеттерің баянды болсын! 
Осылайша тілек білдіріп жадырасқан меймандарға ауыл адамдары да жауап 
қатады: 
- Өздеріңмен бірге болсын! 


- Айтқандарың келсін! 
- Өздерің де осындай тойға жетіңдер! 
- Өмірлерің тоймен өтсін! 
Сыңғырлаған шолпы үні, жүрекке жұмсақ күміс күлкі, жібек көйлектердің 
сусылы, бұрала басқан қыз толқыны кешкі ауылды көріктендіріп жіберді. Бізге әйелдер 
жағы жай сөз емес, - әуезді ән салғандай, жай ғана қаражаяу жүріспен емес - толқын 
үстінде жүзіп келе жатқандай сезілді. 
Әйелдер жағы алдымен қалыңдықтың отауына бас сұғады. 
- Бақытты бол, бағың ашылсын! 
- Әр күнің бүгінгідей ашық болсын! 
- Басыңнан жақсылық кетпесін! 
- Босағаң берік болсын! 
- Үйің қуанышқа толсын! 
Әпкем бәрінің де ықыласына риза болып, шын жүректен алғыс айтады: 
«Жақсы сөз жан семіртеді, құлақ құрышын қандырады, үмітіңді үдетеді, жүрекке қанат 
бітіреді... Сендердің жарқын жүздеріңе көз тойдырар емеспін. Жақсы сөз жарым ырыс 
дегендей, айтқандарың келсін. Өмір бойы ұмытпаспын сендерді». 
Сонан соң әйелдер жасау көруге кіріседі. 
Ерлер жағы алыстан-ақ аттан түсіп, күтуші жігіттерге тізгіндерін ұстатады. 
Мен таныс жүз кездестірем бе деп топ жігітке көз тастап едім, бәрі де бір-
біріне ұқсас сияқты көрінді. 
Жігіттер жағы дабырласып асыға бастады. 
- Аққұл келеді! Аққұл келеді. 
Аққұл құндыздай жылтыраған, қысқа жал, келте құйрық боз айғырмен келеді 
екен. Кәдімгі «ор текедей орғыған жүйрік» деп атайтын әйгілі сәйгүлігі. Қасына отыздағы 
үлкен ұлы Асылбай мен Тінәлі нағашым еріпті. 
Аққұл жақындағанда, жиналғандар жапырылып жол берді. Бәрі қолдарын 
кеудесіне қойып, құрмет көрсетіп тұр. Ақкұл ерде маңғаз отыр екен. Жиналғандардың 
көбін көзіне де ілген жоқ. Маңдайын ақ орамалмен шарт түйіп алыпты. Бешпетінің жеңі 
түрілген. Түкті білегінің тамырлары адырайып тұр. Селдірлеу ұзын сақалы кеудесіне 
түседі. Белін жалпақ кемер белдікпен мықтап буынған. Денесін алға ентелете тастап ер 
үстінде еркін отыр. Жайдақ табан қырым етік киген екен. Үзеңгіге бос тастапты. Ол 
бірден ауыл ортасында бір топ кісімен тұрған әкеме тура тартты. Саусақтарының ұшымен 
ғана тізгінді іркіп еді, астындағы атының қос құлағы қайшыланып, кең танауы желбіреп 


барып кідірді. Маған ер-әбзелі ақ күміспен көмкерілген боз айғыр мен иесі ақ сақалды 
Аққұл екеуі осы сәтте бір тұтас құйылған сом мүсіндей сезілген еді. 
- Аманбысың, Момыш! - деп Аққұл өзінің құрдасына сәлем берді. 
- Өзің де саумысың, Аққұл! - деп жадырады әкем. 
Сонан соң тойға құтты болсын айтып, Аққұл өзінің кешігіп қалғанына кешірім сұрады. 
Аттан түспей жатып ашулы жүзбен ақыл айта бастады. Денесін оқыс бұрды да, қамшысын 
екі бүктеп бір шетте үйіріліп тұрған топқа сілтеді. 
- Мынау өңшең әңгүдіктер шаңқай түсте көкпар дәметіп жүр-ау, шамасы. 
Есіл-дерті ентікпе шабысқа ауған шала милар өңкей. Өздерін аямаса да, атты аяса қайтеді. 
Қапырықта қаратерге түскен жүйрікте не қасиет қалмақ. Ыстық леп кеудесін қауып, 
шұбалма шаң өкпесін ыстамай ма, ат жарықтық қыз сияқты мәпелеуді күтетін мал ғой. 
Аялай білмесең - аяғынан қалады. Аяқтан қалған жүйрік ақырған есекке де алдырады, --
деп Аққұл жастарды жазғыра сөйледі. 
- Жайбарақат суытып, майын сылып алудың орнына бұлар салпақтап 
жапалақша жалпылдай бергенді жақсы көреді. Алаөкпе тасыраңға аңсары ауғандар ғой 
өңшең. Жақсы 
шабандоз атқа ауыр жүк емес, қайта қанатындай демеуші болар. Әйтпесе қаптаулы 
тезектей ерге теңселіп отырғанның несі қасиет. Аттың демі ауырлай бастағанда, тіптен 
өзіміз демімізді ішке тартып тына қалмаушы ма едік. Ал бұлар болса... Ей, қойшы... не боп 
кеткен бүгінгінің жасына. Жок, Момыш, бұларға қарабайыр сайгүлікті қор еткенше, есек 
пен өгіз міндірген артық. Сонда ғана көкпар деп өзеурей берер бұл шіркіндер. Ер үстінде 
отырыстарын қарашы өзің. Ай, жастар-ай! 
Тінәлі әкем жаққа жалбарына көз тастап, мына ардақты ақсақалдың оу бастан 
дау іздеген сөзіне тоқтау салуды ымдап тұр. Әкем бір күліп алды да, Аққұлдың әлгіден 
бергі 
ұзын сөзін бөліп жіберді. 
- Жастар дедің-ау, Аққұл. Жастың аты жас емес пе қашанда. Жазғырмай-ақ 
қой. Заман басқа, адам басқа екенін неге ұмытасың. Заман жастардыкі. Ойнасын, күлсін, 
әрі 
арғымаққа отыруды да үйренер, өмірлерін жайнатуды да білер. Бары мен нәрі алдағы жас 
емес пе.
Ақкұл әкеммен қайта сөз таластырмақ еді, Тінәлінің ымдауымен алып келген 
көк серкені бір жігіт оның алдына көлденең тарта қойды. Әкем алақанын жайып бата 
тіледі. «Ла аумин, Ақа» - дегенде Аққұл шынымен-ақ абыржып қалған еді. 
Бір сәтке сақалын тарағыштап тұрды да, алақанын жайып бата жасады. 
- Тәңірім тілеулеріңді берсін, қастарыңа қыдыр ерсін. Қашан да оң жол болсын, 
қызықтарың мол болсын. Ат- көлігің мұқалмасын, азаматтар жұқармасын, аумин! 


Сол сәтте көкем аса бір ептілікпен көк серкені жыға салып, тамағын орып 
жіберген еді. Әкем Аққұлға қалжыңдай тіл қатты: 
- Сен бүгін, делебең қозып, қыза берме, Ақа. Жастарға ерік бер. Әйтпесе 
көкпардың пұшпағын да ұстай алмай жүрер. - Күш атасын танымас демей ме, Момыш-ау. 
Жағаласып жүріп бұлар көкпарға жармасқанына мәз ғой. Әйтпесе қалбақтай шауып 
дүркіремей, қайратым бар деп қара күшпен 
сілкілемей, еппен тартқанды білер деймісің бұлар шіркін, он кісінің ортасына түссең де, 
оңайлықпен беріспей, күшіңе айланы астар етіп сытылып шыққанға не жетсін. Қалың топ 
қаңтарылғандай қарап қалар еді, сен болсаң жарып өтіп көмбеге қарай көсіле берер ең. 
Қайран заман-ай. 
Осы кезде көкем: 
- Ақа, көкпар дайын болды, - деді. 
Сол-ақ екен, Аққұл айтып тұрған әңгімесін ұмытып арқасы қозып шыға келді. 
Қомданған бүркіттей көзі жайнап, жүзі албырттанып қиқулап тұр: 
- Ой, Момынқұл, сен де ыбылжып қалған немесің бе деймін, тәйірі. Қашанғы 
күтеміз. Манадан бері қарап тұрған жоқпыз ба, - деп лезде көкпар құмарына біржола еніп 
алды. 
Көкем Аққұлға қатарласа жүгіріп серкені сүйреп барады. Ат үстіндегілер 
жаппай қиқуласып, лап қойып келеді. Ауылдан аз ұзаған соң шабандоздар сақинаша 
дөңгеленіп 
тұра қалды. Ортада серкенің сирағынан ұстаған көкем. Кенет ол серкені тік көтеріп алды 
да, Аққұлдан ұзай беріп лақтырып жіберді. 
Сол-ақ екен, қасқырға құйылған қырандай Аққұл ілгері ұмтыла берді. Жардай 
үлкен шалдың жинақыланып бір уыс боп кеткеніне таң қалдым. Денесі шиыршық атып, 
әлгі серкені жерге жеткізбей қағып алды. 
- Пау, шіркін, - деп шу ете қалған шабандоздар дауысы сайыс аңсаған 
сұңқарлардың үніндей шаңқ етіп еді. Аққұл болса, ортада шыр айналып сайыс әдісін 
жастарға жария еткендей өзімен-өзі егесіп өнер көрсете бастады. Көкпарды ат бауырынан 
ары-бері ауыстырып, қарсыласын айламен алдағандай болады. Біресе ерден ауып түсіп, ат 
сауырын 
сағалайды. Тағы бірде ат жалына жабысып, қуғыншыдан құтылғандай болады. 
Бозшолағын ұршықша үйіріп, топ ортасында жас жігіттей ширақ дөңгеленіп жүрген 
шалдың қимылына қызықпаған жан жоқ. Тіптен көкем қасымда тұрып қайта-қайта 
айқайлайды, жер тебініп құлшынады. Ол өзін де, өзгені де ұмытып, бар дүниені көкпар 
қызығына салып тұрғандай. Әкем алакөзімен атып, көкеме басын шайқап тұр. Көкем 
болса тек Аққұлдың икемділігінен 
басқаны елер емес. 


Аққұл ортаны тағы бір айналып шықты да, гулеген шабандоздардың 
қарсысына тоқтады. Көкпарды көкке көтеріп, жігіттер жаққа атып жіберді. 
Алапат айқас басталды да кетті. Манадан бері жұрт жігерлерін шыңдап, 
жүйкелері әрең шыдап тұр екен. Бәрі де лап қойды. Сарт-сұрт еткен үзеңгі, сабаласқан 
қамшы, үзік-үзік әмірлі сөз. Тек қана ат құйрығы сыртқа теуіп, сансыз бас шоғырланған 
сияқты. Серкеге кімнің қолы жетері белгісіз. Әйтеуір кимелескен адамда сан жоқ. 
Тыпыршыған көп тұяқ отау орнындай жерді дүбірлеткелі де біраз болды. Бірак көкпар 
алып шыққан біреу жоқ. Кейбіреулердің додаға 
сүңгуінен шетке жаңқаша сытылып шығуы оңайланып қалды. Мұндайлар дода сыртын 
айқайға бөрліктіріп босқа далбақтап жүр. Көкпар ондайларды менсіне ме. 
Кенет осыншама мол тірестің арасынан әлдекім серкені ат сауырына салып 
сытылып шыға берді. 
- Япырай, не деген қайратты қол еді мынауың. Қолыңнан айналайын, күшіңнен 
айналайын! Ақыреттің арасынан алып шыққанын көрмеймісің. Жарайсың жігітім, - деп 
серпіліп кетті Аққұл. 
Мен Аққұл атамды тек өзінен басқаны көзге ілмейтін тәкаппар, өзінен басқаны сүймейтін 
менмен, өзінен басқаны мақтамайтын сараң деп ойлайтынмын, жоқ, олай емес екен. 
Сайыста көзге түскенді көкке көтеруге даяр ақжүрек, әділ екенін аңғардым. 
Суырыла шыққан шабандоздың соңынан қуғандар даланы аунақшытқандай 
іркес-тіркес ұзай берді. Қуып жеткендері көкпарға жармаспақ еді, әлгі шабандоз жалт 
беріп құтылып 
кетті. Енді тағы біреуі жетіп қалған екен, алғашқы шабандоз көкпарды көлегейлеп бұрыла 
берді. Нақ бір қуғыншыларды мазақтап жүргендей талай рет тақырға отырғызып та 
үлгерді. Аққұл сондай әр кезеңде жаны рахаттанып «әп бәрекелде, әп бәрекелде!» - деп 
тұр. 
Көкпар ілген шабандоз осылайша кең жазықта бұлаңдап қуғыншыларды жан-
жаққа жамыратып жіберді де, өзі зулап ағып бізге қарай беттеді. Қас қағымда жетіп келді 
де көкпарды тік көтеріп. 
- Мінеки, Ақа! - деп кесекше лақтырып жіберді. 
Енді ғана байқадым. Әлгінде ғана көкем атқа мініп додаға араласқан еді. 
Сөйтсем көптің арасын көк толқындай тілгілеп жеке шыққан сол көкем екен. Терлеген 
жүзін шаң 
көміп қарауытып кетіпті. 
... Ымырт кезі. Айналаның бәрі көкпардан дүрлігіп енді ғана басылғандай 
тына қалыпты. Кешкі қоңыр самал есіп тұр. Қалыңдық пен күйеудің отау үйлерінің 
іргелері түрулі еді. Кереге көздерінен бәрі көрінеді. Үбиан өз отауында отыр. Үстіне ең 
сәнді киім киінген. Айнала қоршаған құрбы қыздары. 


Аюбай да өз отауында күйеу жолдастарымен бірге отыр. Оның үстіне жаңа 
ғана көкпардан қайтқан ағайындары - бір топ байтаналар кірген болатын. 
Жиналған халық керемет көп. Ауыл ортасында бір топ еркек әлденеге 
керісіп тұр. Мен соларға жақындап келдім. Сөйтсем, біздің үсендіктер мен байтаналар 
тойды кім бұрын бастайды деп дауласып тұр екен. 
- Құдалар, бұларың болмайды. Өз ауылымызда отырып, өзіміздің ерке 
қызымызды ұзатып отырып, той тізгінін сендерге бере алмаспыз, - дейді біздің үсендіктер. 
- О, не дегендеріңіз. Қыздың өскен жері сендер болсаңдар, өнер жері бізбіз. 
Олай бөлектегендеріңе біз де көнбейміз! - дейді байтаналықтар. 
- Бұл сөздеріңіздің де уәжі бар. Бөлектейін деп тұрған біз де жоқ. Дегенмен 
қалыңдықтың ауылындағы той иесі бізбіз. Өзіміз бастайық. Сендер елдеріңе барып той 
жасасаңдар, соны басқарарсыңдар. 
- Бұл не дегендеріңіз. Ауылымызда той өтпегендей көріп тұрсыздар ғой 
сонша. Біз де іргелі елміз. Шүкір, осыдан құсымызды аман-есен қолымызға қондырайық. 
Тойдың көкесін сонда көрсетерміз. 
- Немене сонда, біздің тойды қомсынғандарың ба, бұл. 
- Е, жоқ, о не дегеніңіз. Қуаныш ортақ, қызық ортақ болған соң алаламай-ақ 
ақыл қосып атқарысайық. Шөп тастасайық, кімнің шөбі түссе, сол бірінші бастасын, - деді 
байтаналықтар. 
- Шөп тастасып ет бөлісейін деп пе едің сонша? 
- Мұныңыз енді, әбестік болады. Әділ шешілсін дегенім ғой. 
- Мейлі әділдік десең жүгінейік. Ал жасыр шөбіңді, - деп Тінәлі 
байтаналық Оңалға әмір етті. 
Екі жақ өзара күбірлесіп алған соң шөптерін бас киімге салысты. 
- Әй, Бауыржан, бері кел. Мына біздің егесімізді өзің шешіп бермесең, 
болар емес. Бас киімге қолыңды сал да, екі шөптің бірін алып шық. Сонымыз той 
бастаймыз, - деді Тінәлі мені шақырып. 
Мен көзімді жұмдым да, қолымды тұмаққа сүңгітіп жібердім. Екі жақ та 
демдерін тартып тына қалыпты. Екі шөпті де ұстап көрдім. Қайсысы біздікі екенін біле 
алмай жүрегім лүпілдеп кетті. 
- Ей, болсаңшы енді, - деп Тінәлі түртіп қалғанда, қолыма іліккен бір 
шыбықты суырып алғанымды өзім де білмей қалдым. Тұмақ ұстаған төреші қолымнан 
әлгі шөпті алып жоғары көтерді де, дауыстап сұрады. 
- Мынау кімдікі? 
- Менің шөбім, - деп Оңал жүгіріп кеп бас салды. 


Мен ішім удай ашып өкініп тұрмын. Ауылымыздың жігіттері де үнсіз 
сазарып қалыпты. Шарттың аты шарт байтаналықтар жеңіп кетті. Енді екі жақ та Оңалдың 
соңынан еріп, қалыңдықтың отауына бет алды. Ішке енген соң Үбианға қарсы отырды да 
Оңал тойбастарын шырқата жөнелді. Мұнысы тойбастардан гөрі ауыл қыздарын, 
қалыңдықты мадақтауға ұқсаңқырап 
тұр еді. Әрі ел сұлуларын еліктіріп тілге шақырып отыр. 
Біз келдік айдын көлден аққу көріп, 
Аққудан таңырқайтын таптым көрік. 
Ауылдан құс боп ұшып шығып едік 
Бастаған бәрімізді бақ күнге еріп. 
Үбиан әпкем жымиып езу тартты. Өзге қыздар беттерін алақанымен 
бүркесіп ұялған болады. Оңал әнін жалғай берді. 
Адаспай алты ай жүрдім, жете алмадым, 
Аққуға жетпей қайтып кете алмадым. 
Ақыры алдыңызға келіп қалдық, 
Арқалап еліміздің көп арманын. 
Жиналғандар ду күлісті. Оңалдың тапқырлығына риза болысып жатыр. 
Өйткені осы ауылдың арасы небәрі бес шақырым еді. Оңал әнін қайта айтты. Енді тікелей 
Үбиан 
әпкеме арнап отыр. 
Жол жүріп алты ай бойы көз ілмедім, 
Ісімнің оңаларын сезіп едім. 
Армысың, Үбианжан, бақ иесі 
Сондағы іздегенім өзің едің. 
Үбиан әпкем өрттей қызарып кетті. Қасындағы құрбысына басын сүйеп 
сылқ-сылқ күліп алды да, орнынан тұрып Оңалға ізет көрсетті. Құрбысы екеуі қосылып 
жауап айтты. 
Толқумен отырған бұл кезімізде, 
Құрбыжан, біз не дейік сөзіңізге. 
Аққуға теңедіңіз, рахмет 
Өзгелер ұқсап берсін өзіңізге. 


Оңал бұл сөздің астарын түсіне қойды. Әпкем зіл тастап отыр екен. Енді 
Оңал жалтарып, Тінәліге тиісе бастады. Қыздарды одан қызғанатынын айтып әндетті. 
Жаңылсақ елдің өзі-ақ кінәлі дер. 
Танытқан жан бар ма еді шүбәлі жер. 
Аққу деп әрқашан-ақ мадақтайын, 
Қудалап жүрмесе егер Тінәлілер.
Жұрт тағы ду күлісті. Оңалдың қиып салма ақындығына таңырқасып жатыр. Үбиандар 
орнынан тұрып, үлкен шәлі орамал ұсынды. Орамалдың шетіне екі-үш күміс сақина, бір-
екі білезік, ақша 
түйілген екен. Оңал орамалды мақтанышпен қолына алып, тершіген маңдайын сүртіп 
қойды. Ал түйілген бұйымдарды қасындағы серіктері талап алды. 
Жұрт «той басталды, той басталды!» десіп гуілдесіп кетті. Кенет төбемізге 
өрік, тәтті, бауырсақ жауып кетті. Әркім жабыла теріп, «тойдың тәбәрігі ғой» десіп алып 
жатыр. 
Осылайша той басталды. Той дастарқаны жайылып, үсті алуан асқа толды. 
Қыз-жігіттер әр тұстан қос-қостап әріптесін тауып айтысып жатыр. Әр үйден түн 
жарымына дейін ойын-күлкі арылмады. Бұл кеште бұрынғыдай біз сияқты балаларды 
қудалаған жоқ. Бастан-аяқ қызыққа қарық болып отырдық. Әр үйге бір кіріп, армансыз-ақ 
араладық. 
* * * 
Мені Әлиман жұлқылап оятты. Сәске болып қалған екен. Ел түгел жиналыпты. 
Палуан күрес басталған сәтке дөп тұрыппын. Елдің бәрі ығы-жығы жайғасып, орталарына 
палуандарын шығарыпты. Екі жақтың палуаны белдеріне орамал байлап, білектерін 
сыбанып шарт та шұрт айқаса кетеді. Бірін-бірі сынап, бірін-бірі бағдарлап, бірін-бірі 
тексеріп топ ортасында алшаңдап жүріп алды. Иыққа иық тіресіп, білектері сіресіп 
сілкілесіп, біраз жүрген соң біреуі қарсыласын жерден тік көтеріп алды. Басынан асыра 
лақтырмақ еді, анау балтырдан шалып, қармақ жұтқан 
балықтан бұлқынып тұрып алды. 
Сонан соң екеуі де қайтадан әдіс аңдып біраз жүрісті. Жұрт гулесіп бол-болдың 
астына алуда. Кейбіреуі шыдай алмай, өз палуандарына тәсіл айтып айқайлайды. Айқайға 
құлақ салар сәт пе. Тек күш ырқына, айла-шарыққа ғана бағынып анау екеуі аңдысумен 
жүр. Ақыры біреуі жеңді-ау. Жеңген жақ палуанының аяғын жерге тигізбей дедектетіп, 
топ ортасына жасырып та үлгерді. Елінің ақсақалы келіп бәйгесін алды. 
Бәйге де аз емес еді. Шапан киіп, ат мініп, атлас орамал алып жатыр. Палуан 
күресін балалар аяқтады. Осылайша қызықпен жүріп бұл күннің де аяқталғанын 
сезбеппіз... 


Ертеңіне таң азанмен қалыңдықтың отауынан Үбианның сыңсыған даусы 
естілді. Жеңгелері қыздың қызыл көйлегін шешіп, аппақ көйлек киіндіріп жатыр екен. 
Қыз дәуренінің 
соңғы нүктесі қойылғандай сезе ме, әпкем булыға жылады. Жар-жарға ұқсас бір әнді 
созып жылайды. 
Осылайша жаңаша киіммен безеніп Үбиан отаудан шықты. Жеңгелері 
қолтықтап алыпты. 
- Айналайын, бикешжан, бағыңды ашсын, - дейді біреуі. Екіншісі: 
- Ата жолы осындай, еркежан. Ата-енеңнің жоралғысын жасап жатырмыз, 
айыптама, алтыным, - деп қояды. 
Бір қарасам, Үбианның үйін жығып, түйеге артып жатыр екен. Тағы бір 
түйеге жасау жайғасыпты. Бір жігіт Үбиан мінетін сәйгүліктің тізгінін ұстап тұр. 
Әкем соның бәріне алыстан қарап тұрып, көзіне жас алды. Үбиан болса 
сыңсуын үдетіп.барады. 
Біз Әлиман екеуміз әкеміздің жанында тұрғанбыз. Өкіріп жіберуге сәл-ақ 
қалып тістене берем. 
Бұл кезде жасау артылып, жұрттың алды атқа қона бастаған екен. Үбианның 
да сәйгүлігін әкелді. Сол кезде әпкемнің даусы бұрынғыдан да зарлы шығып еді. Ауыл 
әйелдері бәрі құшақтап көрісіп, жақсы тілегін жаудырып жүр. 
Елдің ең соңында әкем келді. Ол қызын бауырына басып тұрып иіскеді. Даусы 
қалтырап батасын берді де, көз жасын көрсеткісі келмей, тез бұрылып кетті. 
Сол-ақ екен, Аюбайға еріп келген жетеудің ішінен екі күйеу жолдасы әпкемнің 
қолтығынан лып еткізіп көтерді де, атқа қондыра қойды. Ер үстінде ауытқып отырған 
әпкемді 
бірі сүйемелдеп, бірі ат тізгінін жетелей жөнелді. 
Сол сәтте Әлиман да сыңсып жіберді. Әлдебір келіншек әпкемнің басына 
көлдей ақ сәлкешті бүркей қойды. Құдды қара күрең толқын үстіндегі ақ желкендей 
теңселіп әпкем 
ұзай берді. 
Әжем, мен және сыңсыған әпкем үшеуміз жеті жігіттің жетегінде Аюбайдың 
ауылына қарай бет алдық. 
Біраз жол жүрген соң Үбиан жасын тыйды. 
Жарым жолға келгенде бір ауылдың тұсынан өттік. Бұл ауылдың қыз-
келіншектері алдымыздан шығып, жігіттері арқан керді. Сый-сияпатын алған соң, енді 
ауыл келіншектері 


жол шетіне дастарқан жайып сусын берді. Өздері жасау-жабдықтарды қызықтасып жатыр. 
Көп кідірмей бұл жерден де жүріп кеттік. 
Күйеудің ауылына жақындағанымызда, бір топ қыз- келіншектер алаөкпе 
боп жүгіріп алдымыздан шықты. Үбиан аттан түсіп, иіліп ізет көрсетті. Біз әжем екеуміз 
отырған күйме тікелей ауылға тартты. Бізді ауыл шетінде елдің игі жақсылары күтіп түр 
екен. Орталарында елтіріден тымақ киген, түйежүн шекпенді желбегей жамылған қарт кісі 
бар. Таяққа сүйеніп, еңкіш денесін әзер игеріп тұр. Мұрты қияқтанып, аппақ сақалы 
желбірейді. Әбден тарамыстанған салалы саусақтарымен сақалын дамылсыз тараштайды 
екен. Сөйлегенде иегі дірілдейді. 
Осыншама кәрілігіне қарамай, тістері әлі бүтін көрінеді. Денесінің сіріңке 
қаралығын аппақ сақал ерекше айқындап тұр. Айналасындағының бәрі «ата-аталап!» 
елпілдеп жүр. Бұл біздің бас құдамыз - Аюбайдың әкесі Майлыбай ақсақал екен. 
Бізді үлкен үйге Майлыбайдың өзі бастап кірді. Әжем екеуі қатарласа 
жайғасып, маған әжемнің сол жағынан орын берді. Өзге ағайындары жасына қарай, 
құрметіне қарай қатарласып отырды. Үйде бір сәтке тыныштық орнап, бәрі де бір-біріне 
жылы шыраймен қарасады. Әлден соң 
Майлыбай әжеме бұрылып амандық сұрады. Мен шалдан көз алар емеспін. Ол сөйлеген 
кезде, тамағы бейне бір қымыз толы сабаның бүлкіліндей тербеледі екен. Әжем де 
амандық-есендік сұрасып жатыр. 
Мұнан кейін Майлыбай бізді үйде отырған құдалармен таныстыра бастады. Үлкен 
ұлының сақалына да ақ кіріп қалған кісі екен. Ортаншысы қою кара сақалды, толық кісі 
көрінді. Одан кейінгі екеуі де жігіт ағасы боп қалғандар. Кенжесі Аюбай жездем боп 
шықты. 
Үбиандар бөлек отауда отыр. Тап қазір ол жақта не боп жатқанынан 
хабарсызбын. Қасындағы әр қыз «жеңешелеп» сәлкешінің шашағын тартқылап отырған 
шығар. 
Біз отырған үйге енді елдің қадірменді аналары, қарт кемпірлер келе бастады. 
Бәрі де әжеммен емірене амандасады. Майлыбай ол кісілердің жақындық жағын айтып 
таныстырып отыр. 
- Ал, қара жігіт, - деді бір аппақ кемпір жас кезіндегі әдетімен, - кемсеңдеген 
шағыңда кенжеңе де отау тігіп, көңілің орнықты ма? Ақ түйенің қарынын ақтаратын кезің 
енді келді. 
- Иә, жеңеше, бұған да шүкір. Біз екеуміздің соңғы кызығымыз осы шығар бәлкім, 
- деп Майлыбай кәрілігін мойындай сөйледі.
- Жо-жоқ, жаман сөзді жаман адам ауызға алады деуші еді. Айта көрме, қара жігіт. 
Мен әлі талай тойды көріп, талай қызыққа куә болам. Асықсаң өзің бара бер ол жағыңа, - 
деп 
күлді әлгі кемпір. 


- Бес ұл, он бес немере сүйіпсің. Не арманың бар. Енді ол дүниеге ойланбай 
аттана берсең де болады. Әйтпесе жұмақтың төрінде жарықтық әке-шешең алаңдап 
отырған шығар, - деп қалжыңдады тағы бір кемпір. 
- Аллаға шүкір, - дейді Майлыбай сақалын салалап, - Алланың мұнысына тоба. 
Баладан да, бақтан да тарықтырмапты. Асарымызды асап, жасарымызды жасап болған 
шақта балаларымның алдында алса, тәңірге ризамын. Бірақ мынау кенже келінімнен - 
Момыштың қызынан бір перзент иіскегенше асықпаңдаршы тым болмаса, - деп 
жалбарынғандай сөйлейді. 
- Болды, болды! Немене сонша, бізді нақ бір жаналғыштай көріп жалынғаның. 
Тілеуіңе жет. Бір емес, бірнеше немере сүй, лайым. 
Кейін ес білгенде аңғарсам, осынау кәриялар өлімнен қорықпай, қайта оны 
әзілге айналдырып, керемет ұстамдылық, батылдық жасап отыр екен ғой!.. 
Майлыбайдың үйі сегіз қанат екен. Кереге, уықтары сүйекше жылтырап, әбден 
мүйізденіп бітіпті. Басқұр, уықбаулар үзік-үзік болса да, бояуы оңа бастаған өрнектері көз 
тартады. Кезінде керемет шебер жасалған үй екені көрініп тұр. 
Тыста абыр-сабыр үдеп барады. Біздің ауылдағыдай мұнда да әр үйдің алдында 
самауыр қайнап, ошақтың түтіндері аспанға будақтайды. Жұрт беташар мен некеқияр 
қызығын күтіп тағатсыз торуылдайды. 
Майлыбай мен әжемнің ортасында ақ сәлделі жирен молда отыр. Кірпігін 
сүрмелеп алыпты. Бәрі соны «тақсыр» деп тәжім етеді. Ол ауыл адамдарының кез келгенін 
«жұртым» 
деп кішірейтіп айтады. Оны пір санайды екен. 
Бірақ дәл бүгін елдің бәрі өзге қызықты аңдып, өзге біреуге табынғалы 
отырғандай сезіледі. Айтқандай-ақ жұрт: 
- Өтеп келді, Өтеп келді, - десіп шу ете қалды. Ішке орта бойлы, 
тығыншықтай келбетті кісі кірді. Жұрт жабыла қолтықтап ортадан орын ұсынып жатыр. 
Ол өзгелерден ерекше, биіктеу көпшікке келіп жайғасты. Өтептің қақпақтай кең 
жауырыны мені көлегейлей берген соң, мен әжемнің иығына сүйеніп тұрып, қызыққа көз 
салдым. 
Бір әйел қызыл шоқ салған таба әкеліп Өтептің алдына қойды. Өтеп болса, екі 
жеңін түрініп, шоққа алақанын қыздырды да, қолын созды. Сол кезде оның оң қолына 
оқтау ұстатты. Оқтаудың басына шеті түйілген орамал байлапты. Өтеп иек қағып еді, 
үлкен үйдің есігі ашылды. Ішке екі келіншек қолтықтаған Үбиан әпкем кіріп келеді екен. 
Басына төгілтіп орамал бүркепті. Әлгі екі келіншек босағадан аттай бере иіліп сәлем берді. 
Әпкем соны қайталады. 
- Қадамың құтты болсын, қарағым! Үлкен босағадан, киелі босағадан аттадың. 
Атаңа құрмет көрсет, - деді отқа жақын отырған бір кемпір. 


Әпкем иіліп сәлем салды. Сонан соң екі қадам жасады да, Өтептің алдына 
келіп тұрды. Бүркеншектің шашағы жер сызып, әпкемнің аяғына дейін көміп тұр. 
Кенет Өтеп даусын бір кенеп алды да әндете жөнелді. 
- Э-э-э-эй! - дегенде үйдің іші қыбыр етпей тына қалды. Өтеп тақпақтай 
жөнелді. 
Келін-келін келіп тұр. 
Келіп үйге еніп тұр 
Қайын жұрты алдында 
Иіліп сәлем беріп тұр. 
Келін-келін, келіңіз, 
Елімізді көріңіз, 
Ала-құла демеңіз, 
Атын айтып беріңіз. 
Ақ тілеулі ағайын, 
Көрімдігін беріңіз, - 
дегенде жұрт шу ете түсті! 
- Береміз! Береміз! - Айналайын. 
- Көрімдігі даяр. 
- Ертерек бетін ашып көрсетсеңші. 
Осылайша ынтыға ентелеп ел Өтепке қайта құлақ тосты. 
Келін, келін келді ғой, 
Келіп үйге енді ғой. 
Көрімдігін бермесе 
Көрсетпеймін, енді қой. 
Алақанға алтын сал, 
Етегіме күміс сал. 
Ашық қолды халқым бар 
Келін, сәлем дұрыс сал, - 


деп Өтеп көрімдікті алдын ала беруін сұрады. Майлыбай ақсақал бір уыс күмісті Өтептің 
алдына төге салды. Сол-ақ екен жұрт жапа-тармағай көрімдік бере бастады. Лезде Өтептің 
алды ақ күміске толып кетті. Алайда Өтеп «көрсетер келінімнің көрімдігі көк төбе боп 
үйілмесе, көрсетпеймін. Өйткені келіннің көрік десе-көркі бар, ақыл десе-ақылы мол», - 
деп отырып алды. 
Аз алтының сеп емес, 
Аз күмісің тең емес. 
Осы тұрған келінің 
Ай мен күннен кем емес. 
Көп болмаса көрімдік 
Көрсететін мен емес, - 
дегенде, жұрт тағы да шу ете түсті. 
- Ойбай, айналайын. Көрсетпеймін дегеніңді аузыңа алма. Келіннен аянып 
қаларымыз жоқ. 
- Көрімдікке көнеміз, сөйтіп барып көреміз, - десіп, ел тағы да күміс тастай 
бастады. 
Өтеп оны да азырқанды. Өйткені «келін текті жердің қызы, батыр елдің қызы, өскен 
ортаның өрелі, өнегелі жаны» екенін ескертті. 
Байтақ елдің гүлі бұл, 
Бар ауылдың нұры бұл. 
Өскен жердің қызы бұл, 
Өнегенің ізі бұл, 
Көрсетпеймін келінді 
Саусағыма жүзік іл, - 
дегенде әжем орнынан емірене тұрып, Өтепті маңдайынан иіскеді де, қолына алтын жүзік 
салды. Ел тамсанып гулеп жатыр. Үбиан риза болып иіліп тәжім етті. 
Өтеп сонда да қанағат етпеді. Елдің тағатын тауысып, шыдамын кетіріп, 
көрімдік сұрай берді. Әпкемді мақтап өлеңін құрай берді. 
Көздерінен нұр тамған, 
Көмейінен жыр тамған, 
Беті таза айнадан 
Көркі қандай жайнаған, 


Көрімдікті көп алмай 
Құр қалам ба пайдадан, - 
дегенде енді ел жалына бастады: 
- Айналайын, Өтепжан, нысап сайын береке. 
- Келінімізді алдымен көрсетші өзі, қарыздансақ та көрімдігімен құтылармыз. 
Сонда барып Өтеп демін терең алды да. 
- Э-э-э-эй! - деп үй ішін тағы дүр сілкіндіріп алды. 
Енді өз елін Үбианға таныстырып сайрап жөнелді. 
Бұлақтары жосылған, 
Ұрандары қосылған. 
Үміт күткен досынан 
Біздің ауыл осы маң. 
Үбиан иіліп тағзым етті. Өтеп енді термелей әпкеме ұзақ өсиет айта бастады: 
Үлкендердің алдында, 
Тайраңдама, келіншек. 
Жон-жосықсыз желігіп 
Сайраңдама, келіншек, 
От басына барғанда, 
Отырып алма, келіншек, 
Су басына барғанда 
Сумаңдама, келіншек. 
Бозбала көз салғанда 
Қунаңдама, келіншек. 
Қонақ келсе қорсылдап 
Баланы ұрма, келіншек. 
Енелерге торсылдап, 
Жала қума келіншек. 
Ұрыс-дауға үймелеп, 
Үйір болма, келіншек. 


Көрінгенді кимелеп, 
Сүйір болма, келіншек. 
Қайта-қайта қазбалап, 
Шиыр болма, келіншек 
Ағайынды мазалап, 
Қиыр болма, келіншек. 
- Ой, айналайын-ай! 
- Көмейіңнен айналдым, жезтаңдайым! 
- Саған берген алтын да арзан шығар, - десіп ел ерекше серпіліп, дауылдасып 
кетті. Соны басқысы келгендей Өтеп құйқылжыта берді. Сол әлгі сарыны: 
Өнегенің ортасы, 
Тұрақ болсын, келіншек, 
Жақсылығың таусылмас 
Бұлақ болсын, келіншек. 
Бала-шағаң басыңа, 
Шырақ болсын, келіншек. 
Ұсақ болмай мінезің 
Ірі-ақ болсын, келіншек. 
Бқл ауылға қашанда, 
Үлгілі бол, келіншек. 
Ізет-құрмет дегеннің 
Білгірі бол, келіншек. 
Сыйласуға келгенде, 
Дүлділі бол, келіншек, 
Тірлігіңде өмірден, 
Кемдік көрме, келіншек. 
Жамандыққа ешқашан, 
Теңдік берме, келіншек. 


Ел ұйып тыңдап, ауыздарын ашып қалыпты. Әжеме қарасам, көзін сүртіп отыр екен. 
Өтептің сөздеріне риза болып тебіреніп кетсе керек. 
Бұл екі арада Өтеп ел жақсыларын, ауылдың абыройлы адамдарын 
таныстыруға көшкен еді. Солардың атын атап, Үбианға арнайы сәлем салдырмақ. 
Ең алдымен Үбианның атасы, ауылдың ең қадірменді қарты, жасы да үлкен, 
орны да бөлек - қуаныш иесі Майлыбайға сәлем салдырды. 
Сексенің де жеңілген, 
Көргені көп өмірден. 
Майлыбайдай атаңа 
Сәлем салшы көңілмен. 
Үбиан ерекше құрмет көрсетіп иілді. 
- Көп жаса, шырағым! Өркенің өссін, - деді Майлыбай дауысы тағы да 
қаңылтырша қалтырап. 
Өтеп енді ауылдағы өз құрдастарын, Үбианның абысындары мен 
қайнағаларын таныстырып, кемшіліктері мен жетістіктерін жырға қосты. Ел қыран-топан 
күлкіге батып қалыпты. Бір абысынын Өтеп былай таныстырды. 
Ызбайланып сызылған, 
Бойы келген ұзыннан. 
Ұрыс десе құлшынып, 
Түрі лезде бұзылған. 
Отырғандар ду күлісті. Әлгі келіншек қызарақтап Өтепке тиісе берді. 
- Сені ме, осыдан сазайыңды бермесем бе, сен заржақтың. 
Өтеп бұл кезде өзгелерді өлеңге қосып жатқан. 
Аулымыздың ағасы, 
Аулымыздың жағасы. 
Аулымыздың панасы, 
Аулымыздың данасы, 
Үлкен қайнағаңа бір сәлем. 
Майлыбайдың үлкен ұлы көтеріліп қалды: 
- Е, бар болғыр, бар бол, - деді Өтепке шын ризашылықпен. Ауылының бетке 
ұстар пысығы болса керек, Өтеп бір қияқ мұртты кісіні асыра мақтады: 


Даңқы елден ары асқан, 
Парқы көкпен таласқан. 
Елдің көркі Ерболдай 
Ағалармен жарасқан, - деді. 
Ортаншы ұлы Жартыбай Өтеппен құрдас екен. Қурайдай қылқиған, арық 
бойы сидиып ебедейсіз қозғалады. Жағына пышақ жанығандай, сүйектері шодырайып, 
ұрты үңірейіп тұр. Әр жерден үрке шыққан сирек шашы едірейіп, кірпінің түгіндей 
тікірейеді. Бір шөкім сақалы әйтеуір сақал бар деген атқа иеленіп, иегінің ұшында 
шоғырлана қалыпты. Мұрны да таңқыш екен. Өтеп бір адамның басындағы осынша мінді 
майда әзілмен түртпектеп керісінше келтіріп отыр. Жұрттың күлкісін тоқтату қиын. Бірі 
көзін уқалап, бірі ішін басып, енді бірі аспанға қарай шалқалап күлкіден ақтарылып жатыр. 
Жартыбай болса бүріскен торғайдай әркімге бір жалтақгап, қызарақтай береді. 
Жау жыққандай қанарлы, 
Жарты құлаш сақалды. 
Бұйра шашы ұйысқан. 
Сом денесі - құрыштан. 
Нар санындай білекті, 
Нақ арыстан жүректі. 
Нағыз қайрат кезінде, 
От ойнаған көзінде 
Басқан жері ойылған, 
Сақтанып жүр дойырдан. 
Тасмүсіндей таймаған 
Осы сенің қайнағаң. 
Бітімі де ерекше. 
Сәлем салшы, бөлекше, - 
дегенде Үбиан иілді. Жұрт бір-бірін шымшылап, бір-бірінің санын соққылап, әйелдер 
жағы беттерін шымшылап мәз. Жартыбай судан тұншығып шыққандай енді қыбырлады. 
Өтепке қызарақтай қарады да:
- Ой, у жеген ит-ай, ақыры сол уыңды құсып тындың ба?.. Келіннен ұят болды-
ау, - дей берді. 
Тағы бір құрдасының лыпылдаған мінезін мінеп, Өтеп 


ащы тілмен түйреп алды. 
Елпілдеген құрақтай, 
Көлкілдеген сынаптай. 
Ешкі ішінде шұнақтай 
Анау түрған жылтырға 
Сәлем салшы сұратпай. 
Жұрт риза болып қол соғып жатыр. Өтеп енді екі жастың татулығын айтып, өмірде 
сыйласып 
өтіңдер деген өсиетті айтып кетті. Әрі ағалық ақылын, әрі ауылдың артқан міндеті осы деп 
айтты. 
Қаптың аузы бос тұр деп, 
Құрт ұрлама, келіншек. 
Өзің жатып байыңды. 
Тұр-тұрлама, келіншек. 
Бір нәрсеге керісіп, 
Сұңқылдама, келіншек. 
Ер атағын ескермей, 
Еріңе сен дес бермей, 
Әрбір сөзін өш көрмей, 
Ерте кетіп, кеш келмей, 
Ынтымақта бол дейін. 
Ата жолы сол дейін, 
Өсиетті ұмытсаң, 
Жарың сенің қор дейін... 
Осы тұсқа келгенде жұрт ішінен бір кемпір: 
- Айналайын-ай, ел көкейін тауып айтып отыр ғой, көп жасағыр, - дей берді. 
Өтеп термесін жалғастырып отыр: 
Ал, ағайын, ал дейін 


Келініңіз бал дейін. 
Бет ашайын тап қазір 
Көрер көрік бар дейін. 
Оған дейін, шырағым, 
Маған сәлем сал дейін. 
Өтеп осы тұста әпкемнің басындағы төгіліп тұрған сәлкеш орамалын, қолындағы 
оқтаудың ұшымен іліп алып көтеріп тастады. Жұрт жамырап бата бере бастады. Үбиан 
әпкем иіліп сәлем салып тұр. 
- Көп жаса, балам. 
- Алдыңнан жарылқасын. 
- Ізетіңе ризамыз. 
- Әмісе солай бол, шырағым! 
- Үлкенді сыйлаған қор болмас! 
- Босағаң құтты болсын. 
- Етегіңе бала жармассын. 
- Еліңнің сүйіктісі бол. 
Ел осылайша дүркіресіп отырғанда, Өтеп алдына жиналған ақшаларды жиып алып 
сытылып шығып бара жатқан. Бес-алты құрдасы қуа жөнелді. 
- Ә, қу, бізді құралақан қалдырмақпысың? 
- Тәбәрік болсын, бізге де бірдеме бер. 
- Мынауың ырымға жаман ғой. 
- Біз де саған тілеулес боп отырдық қой, - десіп сыртта Өтепті ортаға алып 
жатыр. Анау құтылмасын білді-ау деймін, үлестіріп тынған сияқты. 
Осылайша отқа май құйылып, Үбиан да ошақ иесі болып шыға келді. 
Келіндерін ел оң босағаға жайғастырып, жаңадан дастарқан жая бастады. 
Бұл кезде қожа енді ояна бастағандай еді. Манадан ел беташардың 
қызығына беріліп, ерекше көңілденіп жатқанда, ол самарқау мүлгіп отырған болатын. 
«Мұның маған қатысы 
жоқ. Өзіме тиесілі несібіме келгенде көрермін» дегендей манаурай берген. Енді аздап тіл 
бітіп, елдің сұрағына жауап беріп отыр. Кеседегі шайын қос колымен бүркеп алып, оқта-
текте әрең ұрттайды. 


Әлден соң ол ишарат белгі берді. Сол кезде кәрлен кесеге толтырып тұнық 
су әкелінді. Майлыбай оған күміс теңге тастады да, қожаға ұсынды. Қожа судың бетін ақ 
орамалмен 
бүркеп, әлденені күбірлеп оқи бастады. Бір қарасам, екі жігіт Аюбайды дедектетіп ішке 
алып кірген екен. Мен некеқияр басталғанын сезе қойдым. Екі жұбай үйдің екі 
босағасында қарама-қарсы жайғасты. Қожа әлгі екі куәгер жігітті шақырып алып, 
жұбайлардың аты-жөнін біліп келуді тапсырды. Әлгі екеуі Аюбай мен әпкемнің алдына 
кезек-кезек тақақтап барып, қайтып келді. Қожаға баяндап жатыр. 
- Күйеу бала - Аюбай, Майлыбай мен Зылиханың ақ некесінен туған ұл. 
Дінмұсылман. Жасы жиырма бесте. 
- Қалыңдық - Үбиан, Момыш пен Рәзияның ақ некелі қызы, жасы 
жиырма бірде. 
Қожа енді куәгер екі жігіттен: «Бұл міндетті бұлжытпай орындауға Алла алдында, халық 
алдында ант етесіздер ме?» - деп сұрады. Аналар «ант етеміз» десті. 
«Куәге жүрер алдында жуынып-шайынып, адалданып, күнәдан арылып келдіңдер ме?» - 
деді қожа қайтадан. Анау екеуі «күнәдан пәк» екенін айтысты. 
- Барыңдар, екеуінен де сұраңдар! Бұл неке көңілдің қалауынан, 
жүректің балауынан шығып па? Көңілдің көркімен, жүректің еркімен қосылып па? 
Екі жігіт қолдарына ұстатқан орамалдың ұшынан тізбектесіп қосыла сайрай 
жөнелді. 
Куәдүрміз, куәдүрміз, 
Куәлікке жүрәдірміз. 
Таңның нақ қасында 
Дәл бүгін халық қасында 
Ақ куәлік берәдүрміз, - 
десіп, куә қимылмен Аюбайға жеткенше айтып та үлгерді. 
Аюбайдың алдына келген соң, олар тергеуге ала бастады. 
Момыштан сызған, 
Рәзиядан туған. 
Үбиан перизатты адал жар тұтуға ризамысың? 
Аюбай сәл қызарақтап отырды да, ұялғаннан «ризамын» деп мұрнының астынан сөйледі. 
Куәлер енді осылайша әндетіп Үбианға да жетті. 
Майлыбай сызған, 


Зылихадан туған, 
Аюбайдай арысқа, 
Жар болуға ризамысың? 
Үбиан қыбырсыз отыр. Қасындағы абысындары түртпектеп, «айта ғой, келінжан», 
«тақсырды көп тостырма» деп ақыл беріп жатыр. Үбиан батылы жетіп айта алмады. 
Куәлар жауап алмай кетер емес. Мен әпкем жаққа тесіліп қарап отырмын. Әлден соң 
әпкем төмен қарап басын изеді. 
- Е-е, бу бомиду да! Өз аузынан естімесек болмиды, - деп қожа қазақ 
сөздерін созып, бөлекше мақаммен айтты. 
Әлгі екі жігіт тақпақтай әндетіп әпкемнің қасына қайта барды. Енді арашаға 
әжем түсті. 
- Тақсыр-еке, үлкендердің алдында жас баланы ұялтып қайтесіз. Бас изегені 
бәріне ықтиярлығы емес пе? Некеңізді қия беріңіз. 
- Солай болсын, тақсыр, - деді Майлыбай да. 
Қожа қайтадан кеседегі суға төніп, әлденені оқыды да, бетіндегі орамалын алды. Сөйтіп 
куәге жүрген жігіттерге ұсынды. Олар кеседегі суды Аюбайға апарды. Ол суға ернін 
тигізіп қайтып берді. Сонан соң куәлар Үбианға апарды. Әпкем де ернін тигізді. Бүдан 
кейін куәлар неке суынан дәм 
татты... 
Осылайша үйде отырған елдің бәрі неке суынан ішісті. Кеседегі су 
таусылған соң, қожа екі жастың некесі қиылды деп жариялады. 
Майлыбай бір текше ақшаны қожаның алдына қойды. Енді кайтадан қазан 
көтеріліп, жас келіннің қолынан дәм тату үшін жұрт дастарқанға қайта отырысты. 
Ертеңіне Майлыбай әжеме алғыс айтып, алдынан кешірім өтініп отырды. 
* * * 
Үбианды барынша ырғап-жырғап Аюбайға ұзатып, Мамыттан алған 
қалыңмалдың қалдығын қайтарған соң, біздің үй мал-мүліктен мүлдем тақырланып, көпке 
дейін түзеле алмай жүрді. 
Өгей шешеміз осы тарыққан сәттерімізде әкеме тиісе беретінді шығарып 
алды. «Қазаныңда май қалмады, қатықталған шай қалмады, жайғасатын жай қалмады. Бір 
қызымды ұзатам деп аш өзек етіп ұлытып қоймақпысың» деген сөздер жиі естіле берді. 
Бірбеткей әкем мұндай сөзге шыдай алмады. Әйелінің төркіндерін шақырды 
да, бәрінің басы қосылған соң өкімді сөз айтты: 


- Ағат кетсем айып көрмеңіздер. Бірақ осыншама қартайған шағымда қаңқу 
сөз есітем деген жоқ едім. Өгей деп өңменінен итермес, өзім деп бауырына басар деп ем 
балаларымды. Адасқан екем. Кеш болса да, жөнімді табайын. Табалау табына күйгенше 
жалғыздықпен жағаласып өткенім жақсы. Қыздарыңызды ала кетсеңіздер екен. 
Салғыласып 
отыра алатын жайым жоқ, - деді. 
Сол-ақ екен, өгей шешеміздің апасы қызына ұрысып, ұуырып жеп жібере 
жаздады. Әкем мұндай ашық әңгіменің арасында болғысы келмей, Әлиман екеумізді 
әжемнің үйіне алып кетті. 
Бұл оқиға әжеме, әсіресе, қатты батып еді. Көзіне жас алып, қамыға берді. 
Шешемізді еске түсіріп: 
- Қайран ырымалды келінім-ай, Рәзияшым. Маңдайыма сыймай кеттің-ау. Оны 
алғанша, мені алмадың ба, тәңірім-ау, - деп отырып алды. 
- Қойыңызшы, апа. Тағдырмен тәжікелесер шама бар ма бізде. Онан да 
немерелеріңіздің тілеуін тілесеңізші, - деген әкеме әжем бар ашуын төкті: 
- Немене, мені жаңа туды деп пе едің! Менің тілегім сендердің бірліктерің мен 
тірліктерің емес пе. 
- Қойдым, апа, қойдым, - деп әкем күле берді. Бұл кезде екінші үйдегі кісілер 
де өзара кеңесіп біткен еді. Екі үй бас қосып отырып, бір-бірінен кешірім сұрасты. 
Шешеміз «абайламай айтып қалыппын. Енді ондай қайталанбайды» деп уәде берді. 
Шешесі: 
- Қарағым, Момыш, қызымды алып отырған соң, сен де баламсың. Анам 
десең, бір жолға тілегімді қайтарма. Татулықтарың бұзылмасын. Енді ерні қыбырлап, 
бейпіл сөзге үйір болса, қызымның жон терісін сыпырсаң да ризамын, - деді. 
Сөйтіп бұл үйде керіс қайталанбайтын болып еді. Бәріміз соған қуандық. 
* * * 
Мен әпкемнің ауылына жиі баратынмын. Аюбай жездем де ат ізін суытпай 
келуші еді. Үйде екі-үш күн болып, біраз шаруаны тындырады. Жер жыртып, дән сеуіп 
беретін. Шөп жинап, қырман бастыратын. Өз туыстарына «балдызым жас, атам шал. 
Үлкен ұлындай болғандықтан, үй тірлігін бітіріп берейін де» дейтін. 
Келесі жылы әжем ауырды. Көп жатқан жоқ. Төсекке құлаған соң үш күннен 
кейін әкемді қасына шақыртты. Ентігіп жиі дем алып, денесі от боп жанып жатқандай еді. 
Ақ жастыққа селдіреп шашылған бозғылт шашы үлбіреп тұр. Әжімдері қатпарланып, 
әбден қартайған өңін онан сайын қажытып жібергендей. Алайда, әжем ешбір қиналмаған 
кісідей, дыбыс шығармай сабырлы жатыр. Қайта әлдебір сапарға дайындалғандай көңілі 
біртүрлі көтеріңкі сияқты. 
Әкем келіп қасына отырғанда, әжем мейірлене көз тастады: 


- Момышжан! - деді әлден соң дауысы қалтырап, - Қыздарым мен 
немерелеріме хабаршы жібер. Жүздесіп қоштасайын. 
- Қойыңызшы, апа, оныңыз не! - деп әкем шоршып түсті. 
- Сен алдымен сөз тыңдап ал, - деп әжем қатал әмір етті. - Тәуіп іздеп 
таусылмай-ақ қой. Әзірше молданың да керегі жоқ. Онан да Момынқұл екеуің кезектесіп 
қасыма 
келіп отырыңдар. Тәңірден иманымды тілеп мінәжат етіңдер. - Аз ғана тыныс алып, әжем 
ойланып жатты да, сөзін жалғады. - Серкебайды шақырма, бәріңе айқайлап әңгіртаяқ 
ойнатып жүрер. Ал егер өзі келіп қалса, Момынқұл көзіне түсіп көңілін бұза бермесін... 
Әкем әлдене айтпақ боп оңтайланып еді, әжем тыңдаған жоқ. 
- Бар-бар, енді айтқанымды орында, - деп сабырлы әрі қатал сөйледі. 
Қыс кезі еді. Бәріміз үрейленіп аяғымыздың ұшынан басып жүрміз. Әкем мен 
көкем кезектесіп әжемнің қасында отырады. Бізді кіргізбей қойды. Әйелдер әжемнің 
киімдерін қағып-сілкіп, жуып-шайып әлек боп жатыр. 
Үш күннің ішінде хабар алған екі қызы мен Үбиан әпкем де жиналып еді. 
Сонда ғана әжем бәрімізді өзіне шақыртты. Біз кіргенде, әжем жастыққа сүйеніп әрең бас 
көтеріп отыр екен. 
- Ал, шырақтарым, менің де аттанар сәтім жеткен сияқты,- деп барып деміп 
алды. Сөйтті де болмашы езу тартып, сөзін жалғады. 
- Кәне, маған деген «жасау-жабдықтарыңды» көрсетіңдерші. 
Мұны естігенде үлкен апамыз Пияш көзіне жас алып дауыс шығарып еді, әжем 
әмірлі үнмен тыйып тастады. 
- Көз жасыңды көрсетпе, былай! 
Әкем қинала отырып, қолы қалтырап әжеме арналған бұйымдарды көрсете 
бастады. Содан соң әжем Момынқұл көкемді қасына отырғызды да, құран жолдарын 
дауыстатып оқытып көрді. 
Әжем тап қазір көз жұмады екен деп үрейленген бәріміздің де зәре-құтымыз 
қалған жоқ. Әсіресе қолына құран ұстаған көкем біртүрлі өзін-өзі игере алмай теңселіп 
кетті. Құран 
бетін әзер ашып отыр. Сол күйі даусы бұзылып оқи бастап еді, әжем қолынан ұстап 
тоқтатты. 
- Е-е, балам-ай, «бисмилла рахман рахимді» қайда тастап кеттің. Қайтадан 
баста. 
- Бисмилла рахман рахим. Агузибилла имене шайтан ражим... - деп көкем 
даусы сүрініп қайта оқыды. 


Әжем көзін жұмып, біртүрлі рахаттанғандай біраз тыңдап жатты. Сонан соң 
бәрімізге тіл қатты. 
- Ал, енді шырақтарым, барып демалыңдар. Тағы да өзім шақыртамын. 
Біз екінші бөлмеге кеттік. Сәлден соң көкемді қалдырып әкем де шықты. Кенет үрейлі үн 
бәріміздің миымызға ине шаншығандай дегбірімізді алып жіберді. 
- Апамның жайы нашарлап барады. Апам әлсіреп барады. Көкемнің осы 
дауысы бәрімізді төсектен жұлып-жұлып алды. 
Әкем жүре киініп жүгіріп барады. Таң қылаң беріп келеді екен. Әлиман 
екеуміз әжемнің үйіне жақындағанымызда, шеткі көршіміз Аршабектің үйінен таңды 
ауаны қақ тілген әйелдің ащы даусы естілді. Оған зер салуға мұрша қайда, жүгіріп ішке 
кірдік. Әкем аурудың бас жағында дауыстап құран оқып, дем алып отыр екен. 
Әжемнің көзі жұмулы. Кірпігі болар-болмас қыбырлағандай. Көкем көзіне 
жас алып: 
- Апа! Апатай! - деп әлдене айтпақ еді, әкем зекіріп тастады. 
- Дем салып болғанша тыныш отыр. 
Осы сәтте әжемнің кеудесі сәл көтерілді де, аузын ашып, дем жұтқандай болды да сұлық 
түсті. 
Әкем жасқа булығып: 
- Хош бол, анашым! Ақ сүтіңді кеше гөр!- деді де, әжемнің бетін ақ матамен 
бүркеді. 
Көкем мен жеңешем көз жасына ерік беріп, бар зарымен дауыс салды. Айнабек келіп 
әкеме көңіл айтып, өзгелерден сабыр тіледі: 
- Бүгін таңда тәңірім бір сүйікті құлын өзіне алып, біреуін бізге жіберіпті. 
Шүкіршілік етейік, - деді. 
Біз сонда барып түсіндік. Әлгі ащы дауыс Айнабектің әйелінің толғақ 
үстіндегі үні екен. Жарық дүниеге жас нәресте - қыз келген екен. Кейін ол қызға әжемнің 
атын беріп, әжемнің қызы атанып кетіп еді. Ауыл тегіс жиналып қалды. Ауланың қары 
күреліп, оңаша үйге әжемнің денесі 
қойылды. Жиналған ағайын-туғандар күзетіп отырды. 
Әр жақтан «Апам-ай!», «Апам-ай!» деп дауыс салып келген жақындарымыз 
мол еді. 
Үйімізде қазан көтерілмей, келгендер көршілердің әкелген тамағынан дәм татысты. 
Сүйекті үйде түнетіп шьіққан соң, ертеңіне жаназа шығаруға қамданды. Ел өте көп 
жиналған екен. Ауыл-ауылға, ата-атаға арнап жыртыс жыртылды. Осылайша менің ең 


сүйікті әжеммен қоштасқан едік. Әжемді апта сайын еске алып, жұма күндері шырақ 
жағатынбыз, көкем құран түсіретін. «Үлкеннің өлімінің 
арты той» деп әншейін көңіл жұбату үшін айтылатын сөз екен. Әжеміздің жоқтығы 
алғашқы күннен-ақ сезіліп, көпке дейін жетімсіреп жүрдік. 
* * * 
Әжемді, әсіресе, көкем көбірек сағынғандай еді. Үйді бір түрлі ауыр зіл 
меңдеп алып еңсемізді көтертпей қойды. Бұрынғы ашық-жарқын әңгімеден тыйылып, үй-
іші күбірге көшкендей. Көкем болса шалқадан жатып алып, көкке телмірумен болады. 
Мең-зең күйден арыла алмай ауыр 
күрсінеді. Мұндай сәттерде оны әкем сейілткісі келіп әрі- бері жұмсап, тірлікке 
араластырғысы келеді. - Момынтай! - дейтін әкем баяу үнмен. 
- Басыңды көтерші, шырағым. Сейілсеңші. Бар, малды жайғап қайта ғой. 
Көкем үн-түнсіз орнынан сүйретіліп тұрады да, ілби басып далаға шыға береді. Сыртқа 
шыққан соң қой-ешкіні суарып, шөп шашады да сонан кейін жүресінен отырып алып, 
бейжай күйі ұала береді. 
Әкем енді оны үйге шақырады. 
- Тұр енді, ішке кір, шай ішейік. 
Көкем тағы да үн-түнсіз орнынан тұрып, әкемнің соңынан ілесе береді. 
Күннен-күнге қабағы қатып, кірпігі ілініп барады. Баяғы қуақы мінезі, содырлау 
қылығынан жұрнақ та қалмағандай. Бәріміз де қолбасшысынан айрылған жауынгердей 
жалтақтаумен жүреміз. Әжем үйге кіріп келетіндей үнсіз күтінеміз. Біз әжемнің зілсіз 
айғайын, мейірбан тілегін, қатал мінезін, қайырымды жүрегін, адалдығы мен ақ батасын 
әбден аңсадық. Әжем бардағы алаңсыз дәурен басымыздан кетіп, әрқайсымыз енді ғана 
тірлік қамын ойластырғандаймыз. Алайда, ешқайсысы да 
әжем сияқты ұйытқы болар міндеттен қаймыға ма, әйтеуір әлі біреуі де бел шешіп берік 
мінез көрсете алған жоқ. Түс көргендей аңтарылған сәтімізден әжем келіп құтқарар ма еді. 
Қайдан болсын ондай күн. Күн өткен сайын ардақты анна бізден алыстай берген екен.
Атамнан қалған ағаш төсекке енді әжем жата алмайды. Үйдің сол қанатында 
жиюлы күйі тұр. Бүл төсек атам мен әжемнің көзіндей қымбат қой. Қараған сайын қамыға 
береміз. Түнде сол төсектің баяу сықыры, әжемнің қақырынған үні естілгендей 
елеңдейтінді шығардық. 
Сөйтіп жүргенде әжемнің жетісі де, қырқы да өтіп кетіп еді. Ел жиылып, құран 
оқып, тиеберсін айтысқан. 
Иә, қазекем жаңа келген нәрестеге жан-тәнімен қуана да білетін, қазаға қалың 
жұрт боп қайғыра да білетін халық қой, шіркін. 
...Бүл кезде әкем алпысқа шығып қалған еді. Мен ЕС білгелі оның самайында ақ 
бар болатын. Алайда әжемнің тірісінде ешкім де әкемді жасы ұлғайған кәрия деп 


елемейтін. Өйткені өле-өлгенше әжем әкемді «балапаным» деп өтті ғой. Әжем барда ол 
жай ғана біздің үйдің үлкені 
болатын. Енді ауылдың ақсақалдары қатарына қосылыпты. Сөзі де өсиетке жақындап, 
бізге арғы-бергіден әңгіме айтып отыратынды шығарды. 
- Біз үйміз, біз елміз, біз халықпыз. Адам туады, адам өледі. Ал халық ешқашан 
өлмек емес, қарақтарым, - дейтін ол. - Бір анадан екі ұл, алты қыз қалыппыз. Ал, 
немерелері, Аллаға шүкір баршылық қой. Бір еменнен отыз бір бұтақ жайыпты. 
Сендерден де ұрпақ тарап, өніп-өсесіңдер әлі. 
Әкем өсиетін осылай шүкіршілікпен аяқтаушы еді. 
* * * 
Көктемде біздің үй Кузьма Гончаров деген орыс мұжығымен ортақтасатын. Ол 
жирен сақал, қызғылт қабақ, бет-аузын әжім басқан жұқалтаң шал еді. Өзінің бала-шағасы 
көп. Үлкен ұлын - Сашке, одан кейінгісін - Некоди, үшіншісін - Тишко, төртіншісін - 
Керилля және 
менің құрдасымды - Босиль деп отырушы едік. Кемпірін - Мәтке, екі келінін Сәнке және 
Мәнке дейтінбіз. 
Қазақтар кісінің мінез-ққлқына, жүріс-тұрысына, сөзі мен өзіне қарай ат қойғыш 
халық қой. Қызыл Жагор, Григорийді - Жүгөрі, Дмитрийді - Метрей, Луканы - Илуке, 
темірші Иван, тілмаш Антон болып атала беретін. 
Кузьмамен ортақтасудың өз шарты болатын: жер біздікі, тұқымдық дән тең ортақ, 
ал көлік күші олардан. Біз жақтан көктемгі егіс кезінде және жиын-терін уақытында көкем 
жүреді. Дәм-тұзымыз бірігіп, айран-сүтке, бар болса, таршылық жасамаушы ек. 
Гончаровтар көктемде тайлы-тұяғымен түгел көшіп келетін. Екі арбаға жүгін, 
темір соқа, тырмасын арта жүреді. Әкем мен Кузьма шал қатар жүріп жерді өлшейді де, 
көп алаңдамай өңдеуге кіріседі. Көкем соқа ұстап, атқа қамыт кигізуді үйренген соң, 
құлшынып жер жыртады. 
Екі соқа тізбектесіп, қара жердің қыртысын толқындай тіліп бара жатады. 
Құйқалы қыртыс дөңбекшіп барып жалданып қалғанда, мен соқа соңынан қызықтап 
жүгіруші ем. Парлап жеккен төрт жирен ат соқаны қиналмай сүйрейтін. Біз Василий 
екеуміз атқа мініп тырма бастырамыз. 
Гончаровтың кемпірі әртүрлі жапырақтан тәтті көже жасайтын. Бәріміз соған таңырқаушы 
едік. 
Гончаровтың үй-іші, үрім-бұтағы жайлы кейінірек айтармын. Әзірше өзге жайға 
тоқтала тұрайын. 


* * * 
Қыстың бір сарынды қысқа күні мен созылған шұбалаң түндері таусылып, 
көктем келді. Наурыз айы ерекше бір көрікпен, ерекше сәнімен, бар мейірбан мінезбен 
өлкемізді жайната берді. 
Шуақты күн молайып, шұғылалы сәттер елді қызықтырған кез. Жер бетіне тебіндеп 
шыққан шөп төңірекке жасыл кілемін жая бастады. Ағаштар бүршік атып, жапырағын 
жаймақ. Атам еккен жеміс ағаштарының да бұтақтары бадана бүршікке кенеліп тұр. 
Төңіректің бәр бусанып, баяу балқып жатқандай. Тек Алатаудың мұз бүркеген шыңдары 
міз бақпай ызғар шашады. Аспанда тырна тізбегі көрініп, айналадан құс даусы естілген 
болады. Мал төлдеп, рахаты мол мазасыз сәттер көбейді. 
...Бір күні қасқа сиыр бошалап, көкем бұзауын тартып алды. Үлбіреген танауына 
еппен үрледі де төселген сабанға жатқызды. 
Ұрпақ деген қандай тәтті еді, шіркін. Әлгінде қиналып жатқан сиыр орнынан 
тұрып, керемет қызғанышпен өз төліне төнді. Маңына жан адамды жолатар түрі жоқ. 
Жақындаған 
кісіні мүйізімен жасқап қойып шаранасын жалай бастады. Бұжыр тілі бұзаудың тықыр 
жүнін жалаған сайын төлдің үсті кеуіп әлдене беретін сияқты. Енді ол мөлдір тамшыдай 
таза 
жұмсақ тұяқтарымен жер тартып ұмтыла бастады. Осынау тірлікке келген соң, жұмыр 
жерді нық басқысы келгендей денесін әрең көтереді. Сидиған әлсіз аяқтары қалтырап, 
ұзақ тұра алмай, қайтадан бүгіліп кетеді. Бүұау сабанға сауыры тиіп жатып қалады. Енесі 
болса, тұмсығымен сүйемелдеп бауырына икемдейді. Бұзау да алғашқы шарасыздыққа 
көнгісі келмей ұмтыла береді, ұмтыла береді. 
Ақыры алғашқы қадамын да жасады. Енді ол тұмсығын әзер көтеріп, енесінің бауырына 
апара бастады. Уыз сүтке жетуге ұмтылады. Алайда ебедейсіз үлкен басын көтере алмай 
қайта сүрінеді. Тағы да ентелей тұрып, емшек іздейді. Осы сәтте көкем жақындады да, 
алакөзденіп қызғаныштан шатынап тұрған сиырды айқайымен жасқап, бұзауын теліді. 
Ана мен баланың табысқан сәтінен тәтті нәрсе жоқ екен ғой. Әлгінде ғана бізге мүйізін 
қадап, қызғаныштан тыным 
таппай тыпыршыған қасқа сиыр бұзаудың ерні желінге тиісімен біртүрлі рахатқа бөленіп, 
көзін жұмып тұра берді. Оқтын-оқтын мейіріммен мекіренген үнінен біз мал екеш малдың 
да қуанышын шын сезінгендей едік. 
Бір қарасақ, қойнына қоңыр қозыны қысқан күйі жалаң аяқ, жалаң бас зыр жүгіріп 
Әлиман келеді екен. Мәз-мәйрам боп күліп келеді. Соңынан жанұшыра маңырап қара 
саулық қалар емес. Төліне ұмтылып, Әлиманның төңірегін шыр айналады. 
Сонау беткейде әлі қыстық жүні түлей қоймаған жабағылар тасыраңдай ойнақтап, 
көктем қызығына өз үлесін қосып жүр. 
Күні кеше еңсені басқан қыстың ауыр күндерінен белгі қалмағандай, бүкіл дүние 
ерекше шаттыққа еніп кеткен сияқты... 


* * * 
Жұрт көктемгі егіске қамдана бастады. Көкем балта-балғасы қолынан түспей 
соқа-саймандарын жөндеумен жүр. 
Әр үйдің алдында үлкен қара қазан асылып, наурыз көженің исі шығады. Ырыс 
алды, кеңшілік басы, молшылық жолы осы наурыз көжеден басталатындай, бұл күні еш 
әйел қазанына таршылық жасаған емес. Қайда барсаң да қатығы мол бидай көжеге қарық 
боласың. Ел жаңа жылын - жарқын кезеңін осылайша ашық пейіл, ақжарқын көңілмен 
қарсы алады екен гой. 
Онсыз да қонақжай халқымыз, әсіресе, наурыз күні қабақ шытқан емес. Қай үйге 
болсын қаймықпай кіріп, қалаулы қонағындай төрінен орын аласың. Ел топ-тобымен 
қыдырыстап, дастарқан үстінде ортақ тілектерін тоғыстырады. 
- Аман-есен наурызға жеткізгеніне шүкір Алла. Көрер күніміз, есітер жырымыз 
бар екен де. Келесі наурызға да төрт көзіміз түгел жетейік,- десетін олар. 
Келген қонақтар наурыз көжені салт бойынша түгелдей тауысып шығуы керек. 
Кейбір әзілқой әйелдер осындайда кұрбы-кұрдастарын аспен «жазалауға» тырысатын. Топ 
ішінде өзінің қалжыңдасып жүрген адамы болса, оған наурыз көжені үлкен шараға кұйып 
әкеледі. Әрі салттан 
аса алмай, әрі санадағы діни сенімінен қаша алмай, әлгі құрдасы азаптанып отырып 
шарадағы көжені әрең тауысар еді. Өзгелері күлкіге қарық болатын. Оның үстіне 
дастарқан иесі кұрбысына тілек айтқан боп әзілдейді. 
- Іше ғой, көкжалым, іше ғой. Тілегімнің зор екенін көрдің ғой. Өзгелерден 
артық деп, жөнің бөлек деп, сыбағаңды асырып отырмын. Бақытың алдыңдағы шарадағы 
дәннің санынан да артық болсын, - деп күледі. 
Әлгі жігіт аз дем алып қасыққа қайта ұмтылады. 
- Ниетіңе рахмет, айналайыным. Бұл жақсылығыңды ұмытпаспын, - деп булыға 
міңгірлейді. 
Қасындағы кісілер онан сайын күлкіге мэз. 
- Тезірек алсаңшы, суып қалады ғой. Бағың суымасын десең, наурыз көжені 
ыстықтай ішер болар, - деп қоймайды әйел. 
Жігіт көжені үнсіз ұрттай береді, ұрттай береді. Ол осылайша көжемен 
арпалысып отырғанда, өзгелері күлкілі әңгіме айтып, қызықты шежіре қозғап, ән салатын. 
Салтанат алды басталғанын сезіп, бала-шаға шексіз қуанушы ек. 
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, 
Масатыдай құлпырар жердің жүзі. 


Жан-жануар, адамзат анталаса, 
Ата-анадай елжірер күннің көзі. 
Жаздың көркі енеді жыл құсымен, 
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. 
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, 
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен... 
Түйе боздап, қой қоздап - қорада шу, 
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду. 
Гүл мен ағаш майысып қарағанда 
Сыбдыр қағып бұлаңдап ағады су 
Көл жағалап мамырлап қу менен қаз, 
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз. 
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда 
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз. 
Құс қатарлап байлаған қанжығаға 
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз. 
Шіркін, Абай, көктем көркін, жаз алдының жарқын сәттерін сенен әрлі, сенен нәрлі етіп 
жырлай алған ақын бар ма екен, сірә! 
Әкем көңілді кезінде бізге Абай жайлы айтушы еді. Балаларым, сонау «жеті 
өзеннің» ар жағында, бізден алыс ауылда Тобықты руынан шыққан Абай деген кісі 
тұрады. Бүкіл елдің арын қорғаған ақылды азамат, оған қоса асқан ақын. Оның өлеңін ел 
біткен жаттап, әнін бүкіл дала шырқайды екен, - дейтін. 
Сөйтсем ұлы Абайды өлді деуге қимайтын халқымыз өмір бойы өз орталарынан 
оған орын сайлап сөйлейді екен ғой. 
Көкемнің сонау бір қиын жылдары ат айдаушы болып істеген бекеті Фрунзе-
Ташкент жолының бойында еді. Жұрт оны «қара жол» деп атайтын. Өйткені ауыл 
сыртындағы қыратты қуалап жатқан жолға алыстан көз тастасаң, шексіз қара жолаққа 
ұқсайтын. Мұның өзі егіндік жер мен шабындықтың шекарасы сияқты еді. Алатау жағына 
ел малын шығаратын да, еңіс жерге егін егетін. 
Алатаудың әр қырқасы текшеленіп, көктемі де кезектесіп шығатын сияқты. 
Содан ба, ел қырқа қуып көшіп отыратын. Жеріміздің осындай құбылмалы мінезін 
Тоқмырза әзілге қосып отыратын. 


- Алла Тағала жерді жаратқанда біздің аймақты ұмытып кеткен екен. Таңертең 
шаршап тұрса, бір аймақ үңірейіп бос қалыпты. Ашуланған тәңірі Гималайдың мұзды 
шыңын сындырып лақтыра салса, Алатау орнапты. Сөйтіп жан-жағына қарағанша, әлгі 
мұз еріп селденіп, барады екен. Мұны көрген жаратушы түстік таулардың бірінен 
бөлшегін жұлып алып, арқырап аға бастаған мың бұлақтың алдына тастай салыпты. 
Сөйтіп мына Қаратау орнаған дейді. Ал үлкен бөгетке ұшыраған су жинала-жинала, 
ақыры тікелей арна сала алмай теріс ағыпты. «Теріс» өзені солай пайда болса керек. 
Осылайша жеріміздің әр пұшпағы әртүрлі болып шыға келген екен. Бір жері жемісті, бір 
жері егісті, бір жері асқақ, бір жері тастақ, бір жері шыңды, бір жері кұмды болатыны да 
содан деседі. Адамдары да алуан, аңы да мол. Жанға керектің б\әрі бар, - деп күлетін еді 
Тоқмырза ақсақал. 
* * * 
Бір болыс елдің ортасындағы жапандағы жалғыз кірпіш үй - Бекет станциясы. 
Қызыл кірпішті үй алыстан мен мұндалап, оқшау дараланып, үлкен жиындар сол жерге 
шақырылушы еді. Ауыл адамдары әр тұстан андыздап кеп, аймақтағы осынау тұрқы түзу 
үйге көп бас қосатын. 
Аттылы-жаяулы келіп жатқаны. Жүздеген ат бас түйістіріп, байлаулы тұрады мұндайда. 
Бүгін де ел осылай бет алды. Бұл бас қосу Садық Аблановтың келу құрметіне 
арналған еді. Садық бұл жолы Бірінші Май күні келді. 
Аблановтар үш ағайынды болатын. Үлкені Ізбасар жұртқа жұғымы жоқ, жүгенсіз, 
даңғой, дарақы біреу еді. Уездегі орнына ісіп-кеуіп өзінен-өзі тасып жүретін. Бір өзі бүтін 
дүниені тіреп тұрғандай екі иінінен дем алып, екіленіп кететін. Алдына келгенін ала 
көзімен атып, қоқиланып 
бітуші еді. Жұрт осысын жек көріп, жұғыса қоймайтын. Ел ішінде сыйы да шамалы кісі 
еді. Сонысынан тапты ма, әйтеуір қызметінде көп тұра алмапты. Мұны есіткен жұрт 
аяудың орнына «өз сазайын тартқан екен» дейтін. 
Ал Садық Аблановты ауыл адамдары ізетпен қарсы алып ілтипат көрсететін. 
Адал, ақпейіл, турашыл, жұрт қамын ойлайтын естияр жігіт деп мақтаушы еді оны. 
Ізбасардан жұрт қорқатын. Бірақ сыйламайтын, Садықты іш тартып құрметтейтін. 
Ағайынды екеуіне деген ара-қатынасын ел ерекше жіліктеп, жіктеп айтушы еді. Ізбасар 
Абланов, Садық Абланов деп арнайы аттарымен ажырататын. 
Ізбасар елге даурығып, әбігер салып келетін. Жиналысқа да ол өзінің арнаулы 
адамдарынан басқаны қатыстырмайтын. Қатысқандардың кейбір жақпағандарын аузына 
келгенін 
айтып балағаттап, ел көзінше абыройын төгіп, қарсылық білдіргендерді қара тізімге 
жазып, «Сібірге айдатам» деп, сары суын сыртына шығарады екен. Ауылға қабағы түсіп, 
қажып, қалжырап қайтатын ондайлар. Ізбасар кетісімен, әркім оның ожар қимылын, 
орынсыз дөрекілігін салып, 


ашық күлкіге айналдыратын. 
Ізбасар әскери коммунизм кезеңінің томырық, топас, солақай, ұр да жық, 
көкірекқақпай жүгенсіздерінің жиынтық бейнесіндей халық аузында қалып қойып еді. 
Садық өткізген жиын, керісінше, салтанатқа ұқсайтын. Адамдар көп жиналып, 
ақыл-кеңес күткендей ынтыға түсетін. Онымен кездесу үшін, дидарласып сөзін тыңдау 
үшін ақсақалдар тұрмақ, бала-шағаның өзі, тіптен қатын-қалаштар да асығатын. Жұрт 
Садықты абыройлы етіп, ел 
алдында ажарлы көрсететін оның қарапайымдылығы мен іштартымдылығы десетін. 
Жаймашуақ жадыраған күн еді. Бұдан бұрын Бекетке Садықтың келетіні 
хабарланған болатын. Ол: «Тыңдаймын деген кісілер келсін, бас қосып әңгімелесейік», - 
депті. «Ақсақалдармен, ағайын-туғандармен, қарындастармен бас қосып, сыр шертісу - 
үлкен ғанибет қой», - депті. 
Әкем мен ағайым мені де бірге ертпек болды. Мен апыл-ғұпыл киініп, ағамның 
артына мінгестім. Жол бойы біз бір топ салт аттыларды қуып жеттік. Олардын ортасында 
ауыздықпен алысқан «Көкшолағының» тізгінін тарта Аққұл ақсақал да келеді екен. 
«Көкшолақ» - сәйгүліктің ішіндегі мақтаулысы еді. Ал Аққұл атам болса, кәнігі саяткер 
шабандоз. Ақкұл әдсттегі әуенімен байсал ғана амандасты. 
- Саумысың, Момыш? 
- Аманбысың, Аққұл. 
- Садықты тыңдауға барасың ба? 
- Иә, Аққұл. 
Ағамның атына мінгескен мені байқаған Аққұл таңырқай үн қатты. 
- Уә, жігітім... Саған жол болсын? 
Абыржып қалғанымды байқаған ағайым ер үстінде бір қомданып алып, мен 
үшін жауап берді: 
- Садық ағасын тыңдауға барамыз, Ақа! 
- Иә, - деді шал даусын созып,-жақсы лебіз тыңдасаң, жарым ырыс деген ғой! 
Сен де тыңда, балам, сен де тыңда, - деді. 
Осы кезде жолаушылардың арасындағы бір жас жігіт аты арықтан қарғи 
бергенде, ер үстінен қопаң етіп, ауытқып барып түзелді. Мұны байқап қалған Аққұл 
ашумен дүрсе қоя беріп еді: 
- Көлік қадірін білмейті неме екенсің ғой. Атты аясаңшы. Бұл сенің тербетілер 
желбесігің емес. Ат ырғығанда, кісі шалқайып отыра ма екен. Мұндайда сен сияқты 
қопалдардың салмағынан аттың бел омыртқасы үзіліп кетсе қайтер ең? 
- Абайламай қалған ғой, Аққұл-ау! - деді әкем әлгі жігітке ара түсіп. 


- Қойшы ондайды, Момыш! Құдай үшін қоя тұршы! Ат мінген адам өзі түгіл, 
көлігіне де көлденең кесір жолатпауы тиіс! - деді Ақкұл. Әлгі жігітке тағы бір ашулы 
қабақпен қарап, ендігі сөзін соған арнағандай болды. 
- Бүгінгі жастар не боп барады осы, Момыш. Қапшық сияқты бірдеме әйтеуір. 
Ат үстінен ауып қалардай ебедейсіз боп барады ғой. Бишара аттар сондай құмға толған 
ауыр 
қапшық сияқтыларды арқалап қор болды-ау. 
Осылайша Аққұл ақсақал Бекетке жеткенше ешкімге сөз бермей, атқа мығым 
отырудың әдіс-тәсілдерін айтумен болды. Барлығы да оны ат үстінде ұйып тыңдап келеді. 
Астындағы жүйріктерін бірыңғай бүлкілге салып, ақсақалдан енді қайтып кекесін 
ескертпе есітпейін деп жіті отыр. 
Мен үйден шығысымен-ақ көңілсіз күйге түсіп едім. Ағайым өзіме жеке ат 
ерттеуге рұқсат етпеді. Енді, міне, ат құйымшағында отырып, оның қақпақтай жауырына 
ызалана қарап келем. Алайда Аққұл атамның әлгі сөзі аздап жуасытқандай болды мені. 
Біз Бекетке де келіп жеттік. Станция маңын топ-топ етіп айқастырып қойған 
аттар жайлап алыпты. Жұрт төбешікке жиналып, шекпендерінің етегін төсей беріп, 
жамбастап жайғасып жатыр. Ел мол жиналыпты: ақсақалды қарттар, егде кісілер, жігіттер 
мен бозбалалар да жүр. Бір шетте жақын ауылдан келген әйелдер тобы көрінеді. 
Бәрі де тағатсыз күйге түсіп, станция жаққа қарайлай береді. 
- Әне келе жатыр, әне келе жатыр, - деп күбірлесе бастады жиналғандар. 
Қасында почта бастығы мен болыстық басқарманың бір топ жігіті бар орта бойлы, сұр 
шекпеннің өңірі ашық күйде, жалаңбас бір кісі келеді екен. Бәріміз де бар ықыласымызбен 
тесіле қарап қалыппыз. 
Ол қасындағылардың біреуімен сөйлесіп, байсал басып келе жатыр. Жұқа өңі 
қаны қашып сартаптау болған, маңдайы кереқарыс кісі екен. Қабағы аздап домбыққан, 
жанары жабырқау, сиректеу жібек мұртты кісі топ ортасына келіп те қалды. 
Ол төбешікке шыққан соң, төрдегі ақсақалдардың қолын жағалай алып 
шықты. Қалған топпен қолын кеудесіне қойып, бас иіп ізетпен сәлемдесті. 
- Армысыздар, ардақты қауым, - деді ол аздаған қарлыққан дауыспен. - Аман-
есенсіздер ме, қадірмен қариялар. Дендеріңіз сау ма? Туған-туыстарыңыз, мал-
жандарыңыз аман ба? Ол осылайша алдымен ақсақалдарға амандасты. 
- Рақмет, қарағым Садық. Өзің де аман-есенсің бе? 
- Денің сау ма, Садықжан? 
- Балаларың өсіп жатыр ма, қарағым, - деп шалдар шетінен саулық сұрасып 
жатыр. 


- Рақмет, - деді Садық ақ тістерін көрсете жымиып. - Әзірше аман-есенбіз... 
Ақа, «Көкшолағыңыз» бабында ма? - деп енді ол Аққұлға бұрылды. Ол Аққұлды 
бұрыннан 
біледі екен. 
- Сенің лау мінгіш милицияларыңнан қайда жасырарымды білмей жүрмін ғой, 
- деп шымши сөйледі Аққұл. 
Жұрт ду күліп жатыр. Садық Абланов елжірей күлгендей болды. 
- Сіздің «Көкшолағыңызға» ешкім тимейтін болсын, Ақа. Мен солай деп 
айтты деңіз. 
Ол байсалды жауап берді. 
- Мың жаса, шырағым Садық... Әйтпесе баптап мінуді білместен, жатқан бір, 
орыс арбасы мен біздің аттарымыздың соры болды кейбір милицияларың. Өрт шыққандай 
шапқылап, аттардың сілікпесін шығарушы еді... 
- Садық өз шешімін айтпады ма, - деп Аққұлдың сөзін әкем бөліп жіберді. 
- Енді өзін тыңдайық. 
Аққұл әкеме ала көзімен қарап, еріксіз жым болды. Садық Аққұлдан кешірім 
сұрағандай сәл иілді де, төбенің басына көтерілді. Айналасын жайлап шолып алды да, 
еркін көсіле 
сөйлей жөнелді. 
- Қадірлі ақсақалдар, сіздерден рұқсат болса, бір-екі ауыз сөз бастайын, - деді 
ол қарттарға қарай. 
- Айта бер, Садық, айта бер!- деді қарттар бір дауыспен. 
- Қадірменді қарттар, менің құрбы-құрдастарым, жас жігіттер, сендер де, боз 
балалар, сендер де, құрметті әйелдер, сіздер де, - деді ол баршаға сөзін арнап. - Бүгін бізде 
көктем күні, жер бетіне қуаныш нұрын төккен күні. Бұл көктем кімді қуантпайды? Кімді 
тебірентпейді? Шуақты күн жерімізге нұрын төгіп, бойымызды жадыратады. Дәл осындай 
табиғат түрленіп, құлпыра бастайтын көктемнің күнінде, бұдан отыз бес жыл бұрын 
жұмысшылар мен жер 
бетінің еңбеккерлері бұл күнді еңбектің, бостандықтың, достық пен туысқандықтың 
мерекесі деп әлемге әйгіледі... 
Әңгімесін осылай бастаған Садық Бірінші Май мерекесінің мәні мен мақсатын, оның 
шаттығы мен шалқыған шабытын, еліміздегі жағдай мен жер бетіндегі басқа елдер 
халқының Май мейрамын қалай қарсы алатынын қарапайым қазақтың жалпақ тілімен 
жиналғандарға баяндап берді. Ұлы көсемнің ұлылығын, Ленинді неліктен данышпан 
дейтінімізді де ұғындырды, жиналғандардың жүрегіне ұялата білді, халықтар достығы мен 


туысқандығы жайлы тебірене толғап, революңияның қазақ даласына әкелген шарапаты 
мен шапағатын айтты. 
Жұрт сілтідей тынып, үнсіз бас шұлғып қалыпты. Садық олардың бәрін жылы 
лебізбен ұйытып тербете түсетін сияқты... 
- Бақытты деп ерікті адамды ғана айтамыз! Біздің бар халқымызға 
большевиктердің тілейтіні осьі бақыт, осы еркіндік, - деді ол сөз соңында. Өз сөзін 
аяқтағанда ұйып отырған жұрт дүр сілкінгендей лезде гулеп кетті. 
- Дұрыс айттың, Садықжан! 
- Мерекеге мерейлі мезгілді таңдаған екен! 
- Ақылды шешім!
Садык жұртты тағы бір шолып өтті. 
- Мен сіздерге үлкен жұмыспен келіп едім. Оны кейін айтармын. Ал бүгін 
Бірінші Майды мейрамдайық. 
- Көкпар тартамыз! - деп дауыстап қалды Аққұл. 
- Көкпар! Көкпар, - деп даурықты жастар жағы. 
Садық жадырай күлді де, қолын сермеді. Не дер екен дегендей ел жым болды. 
- Көкпар десеңіздер, қалауларыңыз болсын, - деп кесіп айтты Садық. Қайтадан 
жадырап күлді. 
«Көкпар» деген жалғыз сөз топ ішін кезіп, әркімді елеңдетіп бітіп еді. Садықтың 
алдында жұрттың бәрі әдеп сақтап жүр. Тіптен кейбір содырлау милиционерлердің өздері 
де, қыңыр сөзге 
қылыштай өткір «ат өнерінің ерен жүйрігі» Аққұлдың өзі де бір сүйем шөгіп кеткендей 
өздерін шектен шығармай, әдеп сақтап жүр. 
Көкпарға жиналғандар қарақұрым боп қаптап жүр. Ел мұны мереке құрметіне 
Май көкпары деп атап еді. 
Қой бастаған серкедей Аққұл елден ерекше көрінеді. Оның осынау тұлғасы мен 
тұрқы ойынды дәстүр шеңберінен шығармауға мойындататын еді. 
Дүркіреген ат шоғыры құйынша құйғытып тақтайдай тегіс жердің бұйра шаңын 
көтеріп, көкпарды ортаға ала жөнелді. 
Аққұлдан басқа қарттар Садықты қоршап, әрі көрермен, әрі төреші болғандай 
тамашалап тұр. Олардың ортасында менің әкем де бар. - Біздер, большевиктер, әркімнің 
көңілі 
шат, өмірі дарқан, қуанышты болуын қалаймыз. Жер бетінде жаман халық жоқ, сол 
халықтың кейбір жаман адамдары болуы мүмкін. Бірақ ондайлар ұлы теңіздің ұсақ 


тамшысындай-ақ. Халық деген қадірмен қауым, әлуетті қауым, әулие қауым. Біздің 
әрқайсымыз өлімнен қашып құтыла 
алмаймыз. Ал халық мәңгі жасамақ... Біздер, большевиктер сол жасампаз халықтың 
даналығына сенеміз. 
«Жастығымда еңбек бер, қартайғанда дәулет бер» деген сөз бар. Сол айтқандай, 
жастарымыз еңбек пен тұрмыста жандары өссін. Ал қарттарымыз ақ сақалды, сары тісті 
жасқа толып, дәулет рахатын көрсін. Әркім өз еңбегінің өз ісінің жемісін көріп, әркім аты 
мен абыройына лайық жас ұрпақты тәрбиелеп өсірсе дейміз. Өз қауымының, өз ауылының, 
өз елінің, өз жерінің мақтаны болатын жеткіншек тәрбиелесеңіздер екен дейміз. Біз ұл-
қыздарымыз бен немерелеріміз өздерінің әкелері мен бабаларының әлуетті ісіне, олардың 
күресі мен табысына, салып берген жолына мақтанса, соларға еліктеп өссе дейміз. Ал ата-
аналарымыз сондай салауат иесі боп өсіп келе жатқан ұл-қыздарына сүйсінсе дейміз. 
Өздерінің жақсы ісін, жарқын дәстүрін, саналы салтын ту етіп ұстап, түзу жолмен келе 
жатқан мұрагерлеріне мақтанса дейміз. Біздің ұрпақ адамзаттың 
ізгілігі мен инабаттылығын, олардың әділдігін бағалай беретін байыпты азамат болса 
дейміз! Сондықтан да біз достық пен теңдіктің, туысқандықтың туын көтереміз! 
Адамзаттың адал еңбегін бағалай білейік!.. 
Біздің жауларымыз осындай адал ниетімізді көре алмай өсек өрбітіп, қиянат 
қылышын жалаңдатады. Біздерге, адамның бақытына балта шабушы деп жала жабады. 
Өкінішке орай, біздің арамызда да осындай өсекке елігіп, жалаға алданып, жау қиянатына 
бас шұлғитын, санасы жетпегендер кездеседі. Ондайлар түзу жолдың көшіне, Ленин 
салған тура жолдың даңғылына, оның жолаушыларына оралғы, кедергі болады. Қисық 
арба қыңыр тартады дегендей, тең басқан аяғымызға байлау болады. Біз осыдан сақтанып, 
ондай адасқандарды ақиқат алаңына апаруға көмектесейік. Жоқ! Біз әр халықтың игі 
салты, жақсы дәстүрі, ел мақтаны болатын елеулі ғұрпы гүлдене берсін дейміз. 
Садық бұл әңгімелерді көкпарға көз алмай қызыға қарап тұрып, қарттарға жай 
ғана айтып беріп еді. Енді мен әкемнің атына мінгескен болатынмын. Өйткені ағайым 
көкпар десе арқасы қозып, жұлқынып шыға келетін. Бұл жолы да түрленіп, желігіп алды. 
Ауылдан шығардағы өкпем әлі тарқар емес. Жеке ат мінбей, біреудің желкесіне үңіліп 
отырғаным жаныма батады. Дегенмен қарттармен бірге Садық тобында болып, олардың 
әңгімесін есіткеніме қуанып отырмын. 
Кенет тастүйіндей шоғырланған көкпаршылар додасын бұзып өтіп, біреу 
суырылып шыға берді. Кім екенін аңғарып үлгергенше, әлгі шабандоз көрермен топ 
алдына құйындата келіп қалып еді. Аққұл атам көкпарды Садықтың алдына лақтырып 
тастады. 
- Мә, Садық, саған салғаным,-деді де лақты Садықтың алдына тастап, 
«Көкшолағын» кенет бұрып, ойқастата шауып, қайта оралып келіп тізгінді ірке қалғанда, 
әлі қызу екпінін баса алмаған «Көкшолақ» серіппеше шиыршық атып, танауы делдиіп, бір 
орнында тағат таппай аспанға 


ыршыды. Аққұлды өкшелеп қуған шабандоздар тобы көкпар Абылановтың алдына 
тасталғанда, тұмсықты жартасқа соғылған толқындай қақ жарылып екіге бөлінді. 
Мен өзімнің жастығыма өкініп, осынау құрыш білек жігіттерге қызыға, қызғана 
көз тастаймын. Солардай болып, осылармен бірге додада ат белін талдырып жүрсем деп 
ойлаймын. 
- Ақа, сіз көкпардың көркісіз ғой, - деді Садық Аққұл атама бұрылып. - Мен сіздің 
өнеріңіздің ел аузында аңызға айналып, өзіңіздің жасқа жеңдіріп қатардан қалып 
қойғаныңызды қаламас ем. 
- Ә, мен әзірше қарттыққа бой беретін жайым жоқ. Асықтырма, шырағым 
Садық, - деді Аққұл өкпелегендей үнмен. - Жо-жоқ, мені шеттетуге асықпа! 
- Қазақтың салты бойынша көкпарды шабандоз қызы бар үйге салады. Сол 
үйдің қызы кестелі орамал алып шьіғып беруші еді. Сіз, Ақа, жігітті үйге салып отырсыз. 
Кестелі орамалдың орнына мынаны бүгінгі ұлы мейрамның туындай көріңіз, - деп қойын 
қалтасынан қызыл жалауша ұсынды. 
- Мынау сізге, ең шабандоз жігітке! Бірінші Май бәйгесі болсын! 
Аққұлдың жүзі құбылып, толқып кетті білем. Ат тізгінін тарта Аққұл ер 
үстінен бір қарыс көтеріліп, ізет көрсетті де, әлгі сыйлықты Садықтың қолынан алды. 
«Көкшолақ» иесінің алған сыйына қол соққандай аяғымен жер тарпып тұр. 
- Ал енді, бізбен бірге болыңыз, - деп өтінді Садық. 
- Ендігі көкпар қызығын жастар тамашалай берсін. 
Ақкұл Садықтың қасына келіп тұрды. Көкпар аяқталғанша осы топта болды. 
Көкпар ымырт жабылғанша созылды. Садық құйынша құйқылжыған шабандоз жігіттердің 
қимылынан көз айырар емес. Оның бар ынта-ықыласы осы көкпарға ауып, өзге дүниені 
ұмытқан сияқты. Алайда, 
төңірегіндегі кісілердің сұрақтарына сабырлы жауап беріп, ойлы пікірлер айтқанына 
қарағанда, ол ел қамын ұмытпай, ауыл ақсақалдарының да көңілін жықпасам деп толқып 
тұрған сияқты. 
- Момеке! - деді ол менің әкеме. - Қонақасы беруге қалайсыз. 
- Үлеспеген еншіміз, Садықжан. Сендей шақырса да келмейтін кісілер менің 
үйіме қонақ болуы - мен үшін үлкен абырой, - деді әкем. 
Барлық жұрт біздің жаққа қызыға, қызғана көз тастаған сияқты. Мұны көріп 
мен өзімнің атқа мінгесіп жүргенімді де ұмытып кетіппін. Мен Садықтың біздің үйді 
таңдағанына мақтанып отырмын. 
Әкем ағайымды шақырып белгі беріп еді, анау ақкөбік болған атын ойнатып 
жетіп келді. Тер мен шаңнан күреңденіп кеткен жиренін ол кілт тоқтатып тұра қалды. 


- Садық біздің үйдің қонағы болады, - деді әкем ағама қарап. 
Әкемнің соңғы сөзін естір-естіместе ағам атын кілт бұрды да, ауылға қарай 
кұйындата жөнелді. 
Бұл кезде көкпар да біткен еді. 
- Сіздер де Садықпен бір болып, дәм-тұзбен ортақтасыңыздар,- деді әкем 
жұртқа. 
- Қойыңыз, Момеке, жұрттың бәрін шақырып, әбігерленіп қайтесіз, - дей 
берген Садықтың сөзін әкем аяқтатпады. 
- Құдайға шүкір, Бақтияр әулеті аз емеспіз. Мал-мүлкіміз, қазан-ошағымыз 
бөлініп көрген емес. Қанша қонақ болса да, көтерер шамамыз бар. 
Шынында да, Бақтияр әулеті біраз едік. Жетпіс жаны бар он төрт отау болатын. 
Садық Абланов пен оның жанындағы жиырма шақты жолдастарын күтіп алу ешбір 
қиындыққа 
түспейтінін мен де сезіп тұрмын. 
Садық ортада келеді. Екі жағында ентелеген аттылы кісілер қоршап алыпты. 
Садықтың әр лебізіне құлақ тосып, құныға тыңдайды. 
Күн Құлан тауының тасасына тығылып, айналаны іңір қараңғысы тұмшалап 
алып еді. Мен күні бойы ат соңында мінгесіп жүргендіктен бе, шаршағанымды әрең жеңіп 
келемін. Ат жайлы жүрістен ауып, шоқыраққа басқанда, жауыр болғанымды аңғардым. 
Осынау тымық кеште ауыл ошақтарынан шыққан түтін қаздай қалқып аспанға 
өрлеп барады. Қораларға жайылымнан қайтқан малдар да жайғасып үлгерген екен. 
Алыста үйірін шыр айналып, жалын жалбыратып боз айғыр жүр. Ауыл жақтан 
тәтті астың исі келіп, танауды қытықтайды. Балқыған бауырсақ, үлкен қазандағы 
былқығат ет иісі сияқты. Самауырдың қошқыл түтіні де тік көтеріліп, соның арасынан 
ұшқындар жылтылдайды. 
Қонақты қарсы алуға шыққан ауылдың ер кісілері үй сыртында топ-топ болып 
байсалды тұр. Әйелдер үй арасында жүгіріп, абыржып жүр. 
Қонақтар жақындай бергенде, ауыл адамдары лап қойды. Әрқайсысы ат тізгінін 
ұстап, қонақтарды қолтығынан сүйеп түсіріп жатыр. Енді бірі аттарды жетектеп кетіп 
жатыр. Күні бойы ер үстінде отырып, езіліп қалған сандарын жазу үшін кейбіреулер 
аяқтарын әрең басып, ары-бері жүр. 
- Қош келіпсің, Садықжан, менің түңлігім осы болады, - деп әкем қонақты үйге 
қарай бастады. 
- Шаңырағыңыздан шаттық кетпесін, Момеке, - деді Садық ақсақалдарға жол 
беріп тұрып. 


Алдына бес-алты ақсақалды салып, Садықтың өзі де босағадан аттады. 
Оның қазақ даласында қалыптасқан ежелгі әдет-ғүрыпты ізетпен сақтағаны 
жиналған жұртқа ерекше әсер етіп еді. Енді бәрі де оны бауыр тартып, жанына жақын 
тұтып алды. 
Қалған конақтарды да үйді-үйге жайғастырды. Мен де елдің соңын ала өз үйіме 
жүгіріп кіріп, босағада аңырып тұрып қаппын: қарасам үй іші танымастай өзгеріп, жайнап 
кетіпті. Басқа үйге кіргендей танымай да қалдым. Ағайым маған көзін алартып: 
- Әй, Бауыржан, үлкен үйге бар! - деп қақпайлай берді. 
- Бұл сіздің мұрагеріңіз бе, Момеке! - деді Садық, маған жымия көз тастап. 
- Иә, менің ұлым, Садықжан, - деді әкем. 
- Бізбен бірге отыра берсін, - деді Садық жылы жүзбен ағайға тіл қатып. - Бұл 
жігітті ортамыздан қуып жібергеніміз жараспас. Оның үстіне күні бойы қасымызда 
жүрмеді ме? 
Осылайша Садық мені ағамның қақпанынан қорғап қалды. 
Мен үйді енді жақсылап көре бастадым. Құлпырган жасау көз жауын алады. 
Еденге көл-көсір етіп кілем төселіпті. Кілем үстінде жалт-жұлт еткен шәйі көрпелер 
жайылған. Жағалай жастық қойылыпты. Жарқырауық шыныаяқтар бір қанаттан орын 
алған екен. Киіз үйдің ортасында аспалы шам нұрын төгеді. Жап-жарық. Мен әр кілемнің 
нақышынан, әр заттың белгісінен қайсысының қай үйден келгенін байқап отырмын. 
Намысқой ағайым бар ауылдың іліп аларын осында жинап әкеліп, үй ішін жайнатып 
тастаған екен. Мына жасау біздің үйді ең тұрмыстылар қатарына қосқан сияқты. Ауылдың 
ауызға алар бақуаттысы болып шыға келген түріміз бар. 
Қонақтар көсіліп-көсіліп жайғасып жатыр. Мақтаншақ ағайым өзінің бүгінгі 
тірлігіне мәз болып, әкем жақтан құптау белгісін көргісі келгендей жалтақтап қояды. 
Ол ауыл жігіттерінің бәрін кісі күтуге ұйымдастырған екен. Алдымен біреуі 
қонақтың қолдарына су құйды; екіншісі дастарқан жайып жатыр; біреуі бауырсақ төксе, 
енді бірі торсықты әкелді. Тағы бірі қымыз құйған кеселерді таратып тұр. Әр жігіт өз 
қызметін мүлтіксіз атқарып, болғандары аяғының ұшымен басып, үнсіз шығып жатыр. 
Қонақтар алдымен қымыз ішіп сусындап алды. Қымыз үстінде бүгінгі Май 
мерекесі жайлы, қызықты көкпар жайлы әңгіме шертісті. 
Садық Абланов өзінің ескертпелерін айта отырып, соңғы сөзін бас төреші 
Аққұлға берді. Аққұлдың төбесі көкке жеткендей маңғазданып алды. 
Аққұл қарттың алдында менің ағам сөзге ретсіз араласып, бір-екі ескертпесін 
айтып еді, әкем ала көзімен ата қарады. Мұны көрген ағайым сыртқа шыға жөнелді. 
Біраздан кейін ол ақ қой жетектеп келіп, ақсақалдардың алдында бата сұрады. 
- Аумин! 


Қарттар тіксіне қалып, большевик Садыққа қысыла көз тастады. Абыржып 
қалған сияқты. Өйткені бұрын келген қонақтар батаны діни әдеп деп, ескінің қалдығы деп 
рұқсат етпейтін. 
Мұны сезген Садық мұртынан күліп, алақанын жайды: 
- Ақа, сіздің жолыңыз үлкен ғой. Қонақжай үйге қол жайып, жақсы тілегіңізді 
беріңіз. Бәріміз де естиік, - деді. 
Аққұл бір сәтке ойланып қалып еді, бірақ абыржымай алақанын жайды да 
әндете жөнелді. 
- О, жаратқан ием! Алдымен атыңды атап жалбарынам. Бүгінгідей ашық күн 
жайнай берсін көгімде. Осы күннің астында гүлдей берсін елім де! Жүрсін лайым әмісе 
бақыт қана серік боп, тұрсын лайым әмісе қуаныш көрік боп! Ұлы өмірдің өзіндей жайнай 
берсін жасымыз; енді қайғы көрмесін ақ қыраулы басымыз! Жаңа Садық айтқандай, 
(Садық қызарып кетті) барлық халық тең болсын; бір-бірімен қауышқан дос-туысқан ел 
болсын! Арандатқан адамды қаскүнемдер жойылсын; мал-басымыз мол болып, ел ырысқа 
тойынсын! Күніміз ұлысты болсын; жеріміз ырысты болсын! Өрісіміз малға бай дүбірлі 
болсын; келіндеріміз жанға бай үбірлі-шүбірлі болсын! Ер жігіттің ту етер ар- тұрағы 
болсын; қанат беріп түлетер арғымағы болсын!.. 
Ақкұл атам осылай ұзақ шұбыртып, батасының аяғын қалай аяқтарын білмей 
қысылыңқырап та қалды. Тап осы жерде жұрт та ду күліп жіберді де, Ақкұл келте 
қайырып, «құдай қабыл қылсын!» деп сақалын сипады. 
Қойды қайта алып кетті. Аққұлдың діни әдеттерді ұстамайтынын жұрттың бәрі де 
білетін. Сондықтан да оның батасы әдеттегіден тыс ерекше еді. Садық Аққұлды 
көтермелеп, күлкісін тыя алмай қоштау сөз айтты: 
- Жақсы айттыңыз, Ақа! Ізгі тілектің бәрін білдірдіңіз-ау. Халыққа 
коммунистердің тілейтіні де осындай жақсылық қой. 
- Сіздің осындай ақынжанды адам екеніңізге сеніп едік, Ақа, - деді біреу 
қалжыңдап. 
- Ақындықтың рухы етек астында емес, ер үстінде болады, - деді Аққұл әлгі 
кісіге. Шамасы оның әйелжанды адам екенін білетін болса керек. Бәрі ду күлді. 
- Әйтсе де біздің Ақаң тек ақынжанды адам ғана емес, саясатшы да ғой, - деді 
Садық. Сөйтті де сөз арасында: 
- Біздің саясатымыздың, өзі де халқымыздың қашаннан жинақтаған ізгі 
тілектері ғой. Туысқандық пен достық бір-бірін құрметтеуден артық не бар. Мәселен орыс 
халқын алайықшы. Қарапайым шаруа таңның атысынан күннің батысына дейін егін 
даласында еңбек етеді немесе біздің өлкемізде өз қолымен теміржол салған жұмысшыны 
алайық. Олар да біз сияқты адамдар. Олар үшін ешкім де еңбек етпейді. Өздерінің 
тамағын адал еңбегімен тауып жейді. 


- Сөзің рас, Садықжан, орыстар еңбекті сүйетін және еңбек ете білетін халық 
қой... 
- Садықтың сөзін бөлмесеңдерші. 
- Міне, сол орыс халқы - тамаша ғой. Олар біздің ағамыз сияқты. Қазаққа 
қысым көрсеткендерге келсек, олар патша шонжарлары болатын. Енді жағдай мүлдем 
өзгеше: сол орыс халқының өздері патшаны тағынан жұлып түсірді. 
- Демек, Ленин турашыл, қамқор жан екен ғой. 
- Иә, - деді Садық, - біздің Ленин нағыз қамқоршымыз. 
- Не, сонда Ленин патшаның орнына отыра ма? Бұрын Николай еді, енді 
Ленин бола ма? - деді әлдебіреу істің мәніне шын түсінбей ақырып. 
Садық күлімсіреп отырып жауап берді: 
- Біздің Ленин патша емес, көсем ғой. Ол жаны таза адамдардың ішіндегі ең 
ақылдысы. 
- Енді мынаны айтшы, Садықжан. Сенің Ізбасар ағаң ауылға келсе, «Алла деген 
жоқ нәрсе», «сендер қараңғы халықсыңдар» деп тұқыртып бітеді ғой. Үйге түскенде мал 
сойып, бата сұрасаң, қолын бір-ақ сілтеп, «қайран қараңғылық-ай, апарыңдар да соя 
беріндер қойларыңды» дейді. Патшаны патша дейік (патша көп қой), тақты тақ дейік. 
Аллаға тіл тигізіп несі бар. Ұжданымызға тиіп несі бар? Салтымызды неге бұзады... 
- Не деп тантып отырсың, ей, сен. Ізбасар Садықтың туған ағасы емес пе, - деп 
Аққұл әлгі адамға ақырып қалды. 
Садық жадырай күліп, оң қолын көтерді де, әлгі аузы батыр адамды Аққұлдың 
қаһарынан қорғағандай сөйледі: 
- О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, Ақа! Әділ сөзді қақпайлағаныңыз қалай? 
- Ленин дінге сенер ме екен, әлде жоқ па? - деді әлгі батыл кісі. 
- Мен өзім Ленинді көргенім жоқ. Ал Ленинді менен жақсы білетіндер 
көсеміміз әділ де, турашыл адам дейді. Дінді қайдам, халыққа әбден сенетін кісі. 
Сондықтан да қалың ел соңынан ерді емес пе. 
Садық аздап езу тартты да сөзін жалғастырды: - Ал өз ағам туралы не айтамын, 
ол менен үлкен кісі. Алайда Ізбасардың теріс мінезі сыналып, қызметінен босатылғанын 
да білесіздер ғой... 
Қолайсыз тыныштықты Аққұл бұзды. 
- Жарайсың, азаматым! Әділдік азамат көркі дегендей ашығын айттың-ау, Садық. 
Халқымызға Ленин сенсе болғаны. Ең негізгісі осы ғой. 


- Халқымызға Ленин сеніп еді, сол сенімін халқымыз да ақтады, - деді әлгі 
батыл кісі. 
Бұл әзілқой, қалжыңбас, тілі өткір, көңілді Тоқмырза деген қарт еді. Боза 
ішкендердің тұрақты төрағасы, жиын-тойдың сәнін кіргізіп отыратын жалғыз атты кедей 
болатын... 
- Дұрыс айтасыз, Тоқа. Біз енді өмірді қалай жақсартамыз, қалай 
тұрмысымызды түрлендіреміз? Ол үшін не істеуіміз керек? Мен сіздермен осы жайлы 
ақылдасқалы келіп отырмын. 
- Айта бер, Садық. 
- Біз саған қандай ақылшы болар екенбіз... 
- Өздеріңізден артық ақылшы жоқ. Біз бүгін сіздердің ақылдарыңызбен 
Бірінші Майды жақсы өткіздік. Көкпар да тартпадық па... 
- Тамаша бір мереке болды ғой, Садыкжан, - деді Аққұл оның сөзін бөліп, 
енді жыл сайын өзге халықтар сияқты біз де Бірінші Майды мейрамдайтын боламыз. 
- Немене, сен Аққұл, жыл сайын май сыйлығын алып тұрмақсың ғой? - деп 
қалжыңдайды Тоқмырза. 
- Жоқ, мен сен сияқты сараң емеспін, - деп Аққұл Садық берген қызыл 
жалаушаны қойнынан алды. - Мен бұл жалаушаны келесі Май мерекесіне дейін 
сақтаймын. Сонда көзге түскен жігітке тапсырамын. Соған дейін балаңа ат арқасын 
алдырмауды үйретесің. 
- Ау, әңгіменің шырқын бұзбасаңдаршы! Садық бізбен кеңесемін демеді ме. 
Айтарын айтып болсын да, - деп сөзге әкем араласты. 
- Иә, қадірлі ақсақалдар, мен сіздерден кеңес сұрамақпын... Сіздер өмір 
көрген, жақсы мен жаманды білетін тәжірибелі адамсыздар. Халыққа жаңа тұрмыстың 
жайын жақсырақ түсіндіруге көмектессеңіздер деп едім. 
- Ал сенің лау мінер милиционерлерің аттарды неге босқа зорықтырып жүр, - 
деп бұрқ ете қалды Аққұл. - Бас-көзге қарамай жануарды қамшымен төпеп бітеді. Сенің 
атыңа милиционер мінді дегенше, шаруасы бітті дей бер. Тепектетіп, шоқырақтатып 
титығын шығарады. 
- Қойшы осы, Ақкұл, атың жайлы жауапты Садық әлдеқашан бермеді ме. 
- Менің қай жерде қалай сөйлейтінімді үйретпе маған, Момыш... Мен 
Садықтың орнында болсам, оларды әлдеқашан атып тастар едім... 
Жұрт күлкісін әрең басты. Садық Аққұлға жауап берді: 
- Ақа-ау, мен, әрине, милиционерді атпаймын. Өйткені ол біздің 
қолқанатымыз. Олай етуге рұқсат жоқ. Алайда кейбір ат қадірін білмейтіндерін қызметтен 
босатуға тура келер. 


- Иә, иә, Садықжан, - деп тебіреніп кетті Аққұл, - сөйтіп аттан түсіріп, жаяу 
салпақтатып қойшы бір. 
- Солай етейін, Ақа, - деп күлді Садық, - Ақаң да, өзгелеріңіз де жақсы айтып, 
құнды пікірлер беріп отырсыздар. Біріншіден, бұдан былай Май мерекесін тойлап 
тұрамыз. Екіншіден, кейбір лау мінер милиционерлер халыққа зәбір көрсетеді екен - 
оларды ауыздықтау керек. Бүгін екі мәселені орынды шешуге жақсы кеңес бергендеріңіз 
үшін көп рахмет сіздерге құрметті ақсақалдар... 
- Айта бер, Садық, айта бер, - деп түйіле сөйледі Аққұл, - жақсы сөзіңді бөліп 
жағаласқанымыз үшін біз сияқты кәрі мылжыңдарды кешіре гөр. 
- Енді тағы да ақылдасып алар екі мәселе бар еді, - деді баяу үнмен Садық. - 
Бұл мәселені сіздердің көмектеріңсіз жалғыз шешуім қиынға соғып тұр... 
- Айта бер, Садық... 
- Менің барлығыңыздан жасым кіші, құрметті ақсақалдар. Мен сіздерге әке де, 
аға да емеспін. Бар болғаным інілеріңізбін. Айтайын дегенім - орыс адамдарымен ара 
қатынасымызды жақсартайық. Әлі күнге дейін біздің кейбір қызу қанды адамдарымыз ескі 
әдетпен орыстарды жек 
көреді, базар болды дегенше, төбелес болды дей беріңіз... 
- Немене сонда, Садық, енді жаңа заманда да басыңды ие бер демексің бе? 
Арқамды қамшысына баяғыдай қайта тілдір дейтін шығарсың? - деп ентіге сөйледі Ақкұл. 
- Жоқ, жарқыным, Ленин «Барлық адамдар тең» дейді екен - ендеше 
орысыңның әкіреңдегендеріне қамшы үйіртіп қоймаймын. Менің сақалымды сыйлай 
алмағандарды мен 
де аямаспын. Оған ара тұрма, Садықжан... 
- Сен де оңып тұрған жоқсың-ау. Өзің де қазақтың қырт әкіреңбайы 
сияқтысың ғой, - дей беріп еді әкем. 
- Сен, Момыш, өз үйіңде ақылшы болмай-ақ қой. Әлде менің кеткенімді қалап 
отырсың ба, - деп дауыстап жіберді Аққұл. 
- Ақа, Ақа! - деді Садық жалбарынып. - Егер мені сыйласаңыз, отырыңыз. Келелі 
жайды сөз еткен екенбіз, ашуланбай, қызбаланбай әңгімелесейік те. 
- Аққұл, кешіре гөр, мен ретсіз сөз айтқан екем. Қой енді. Садықты тыңдайық, - 
деді әкем. 
- Солай жөніңе көш, - деп торсылдады Аққұл, - әйтпесе бүйірден сүзбелеп біттің 
ғой. 
- Біздер қарапайым орыс адамдарымен қатынасымызды қалайша бауырларша 
жақсарта аламыз? Тимофей Водопьянов сіздің досыңыз деді ғой, Ақа? Сол рас па? 


- Тимошка ма?.. Ол әділ, жақсы адам. Ал, керісінше оның туысы жирен Иван - 
жаман адам. 
- Ал біз Кузьма Гончаровпен бірге жер жыртып, бірге шөп шабамыз, бір-
бірімізді қонаққа шақырып тұрамыз, - деп қалды әкем, - менің інім Гончаровтардан көп 
шаруаның мән-жайын үйренді... 
- Жагор (Егор) маған қиын-қыстау кезеңде көмектесті, - деді Тоқмырза... 
- Ал менің Метрейім (Дмитрий) үй салуға көмектесті... 
Садық күліп қойып, осынау жылы сөздерді жымия тыңдап отыр. 
- Тимошка, Кузьма, Жагор, Метрей, тағы басқалар өздеріңіз айтқандай жақсы 
адамдар екен. Ал Тимошканың туысы ғана жаман адам боп шықты ғой солардан, - деп 
күлді Садық. Сөйтті де Аққұлға бұрылып сауал берді. Ал сонда орыстарда қанша жақсы 
адам бар екен, қаншауы 
жаман болғаны? 
- Жақсыларының көп болғаны ғой. Сол жирен Иванды қойшы! - деп бұрқ етті 
Аққұл. 
- Ал өзіміздің қазақтардың арасында сол жирен Ивандай желіккендер қанша 
екенін білесіздер ме? 
- Несін айтасың оның, - деп сөзге араласты Тоқмырза - бізде де есерсоқтар 
жетеді ғой. 
- Ақылға салып көріңіздерші, - деді Садық, - толғанып, кеңесіп, өздеріңіз ара 
қатынасты қалай жақсарту керек екенін айтыңыздаршы. Рас, анау айтқан шиеленіскен 
жағдай болмағанымен, кейбір адамдар келісті тірлігімізді бұзып жүр ғой... Сіздермен 
ақылдасайын деген тағы бір жай - жер мәселесі еді. Бізде жер көп, бірақ соны пайдалануда 
береке жоқ. Леннн - кім жақсы пайдалана білсе, жер соныкі дейді. Ал біз ше? Біреудің 
жері шамадан тыс көп, енді біреуде түк те жоқ. Осы да әділдік пе? Міне, осы жайлы 
сіздерден салауатты ақыл күтемін, ақсақалдар. Ойланып-толғанып, кеңесіп-келісіп екі-үш 
күннен кейін қауым атынан жауабын берсеңіздер деймін. 
- Сенің айтқаның жөн, Садықжан, сенікі жөн, - деп гулесіп кетті жұрт. - Ленин әділ 
бөлейік десе - бөлу керек. Бізге біраз күн мүұсат бер, кеңесейік те өз тоқтауымызды 
айтайық... 
Бұдан кейін Садық өзінің түрмеде болғанын, Сібірде айдауда жүргенін, 1916 
жылғы қазақ көтерілісі жайлы байыппен айтып берді. Өзінің орыс жолдастары туралы 
жылы лебіз білдірді. 
Мен әкемнің тізесіне жантайып, демімді ішке тартып, үнсіз ұйып тыңдап 
отырмын. Алайда бала қиялым барлық жайды толық түсінбей, әңгіменің оқиғалы жағына 
ойыса 
берді. 


Мен Садықты екінші рет 1924 жылы мектепте оқып 
жүргенде көрдім. Садықты үйіміздің қарсы алу мен шығарып салу сәті әлі күнге дейін 
есімнен кетпейді. Бұл бір ең қызықты сәт еді. Осы кеште ағайым тамаша ұйымдастырушы 
атанып, содан 
бастап үй тірлігінің тауқыметі өз қолына көшіп еді. 
Жиналыстан кейінгі көкпар сияқты кеш бойы, түнімен сол кездесуде 
Бірінші Май құрметіне ән айтылып жүріп еді. Содан бастап бұл күн біздің ауылда 
дәстүрлі мерекеге 
айналған болатын. 
Көкем қыстаудағы шаруашылығына күнде барушы еді. Әлденені тындырып, 
түскі асқа келіп қайтатын. Бүгін де түскі тамақтан кейін азғана мызғып алмақ болып 
жатқан. Шаршап келген бе, лезде ұйықтап та кетті. Маған қораны сыпырып қоюды 
тапсырып еді. Бар ынтамен жұмысқа кірістім. Әлдебір әнді ыңылдап көңілді жүрмін. 
Тіптен айналадағының бәрін ұмытқандай, ешнәрсені де елер емеспін. 
Оқыс шыққан айқайдан селт ете қалдым. Қарасам, Аққұл шал келтек ұстаған 
бір топ адамды ертіп алып, біздің үй жаққа айқайлап адымдап келеді екен. 
- Ей, жаман сәуріктей болған қасиетсіз Момынқұл, шық бермен. Ар алдында 
әділ жазаңды тарттырайын, - деп барынша айқайлады Аққұл. 
Түрі бұзылып, жауар бұлттай түйіліп алыпты. Ешнәрседен аянар түрі жоқ. 
Шүңірек көзі қанталап, өз ашуына өзі буынып тұр. 
Мына топтың бір сұмдыққа бел буғанына шошынғаным сонша, киіз үйге 
сүріне-қабына сүңгіп кеттім. Даусым қалтырап, тізем дірілдеп әрең сөйледім. 
- Ағатай, көкетай! Тұрыңызшы. Аққұл атамдар сені сабауға келіпті! - деймін 
нені айтып, нені қойғанымды өзім де білмей. 
Ұйқысынан әлі толық оянбаған көкем менің дегбірсіз сөзіме түсіне қоймапты. 
Орнынан ұшып тұрып: 
- Не деп оттап тұрсың. Есің дұрыс па өзіңнің, - деп зекіп қалды. 
Бұл кезде тыстағылардың даусы да қатты шығып еді. Жабыла даурығып, 
жамырай сөйлеп жатыр... 
- Қалай екен, қалтырадың ба, қоян жүрек сұмырай! Шық бермен деймін, 
жаның барда шық бермен. Естіп тұрмысың ей сен. 
- Өз шаңырағыңды бүркеніп бұғып қалмақсың ғой! 
- Ер болсаң шық бермен! Әкеңнің әруағын сыйлап үйіңді сабай алмаймын, 
тысқа шық. 
- Ақымақ басыңның мылжа-мылжасын шығарайық. Көрінемісің көзге, өзің? 


Босағадан кимелеп, зікірлеп үйге бас сұғу, отау ішінде ойран салу салтымызда 
жоқ нәрсе ғой. Сондықтан да Аққұл тобы ішке кірмей, жиырма-отыз қадам жерде 
даурығып тұр. Көкем сыртқа шықса, лезде түтіп жеп, көк ала қойдай етпек. 
Оқалақ тиген малдай отауға сүйкеніп, үй ішінде ұрыс салған адамдарды бүкіл 
жұрт айыптайды. Әруақты қорладың, от басының ырысын шаштың, ошағымызды бұздың, 
ата- 
баба ардақтаған төрімізді сыйламадың деп кінәлайды. «Торғай да бұтаны паналайды, ал 
сен болсаң үйге тығылған адамның өзін өкшелеп қоймайсың. Көргенсіздің ісі ғой 
мынауың» дейді ел-жұрт. 
- Ер болғаныңды ұрайын! Сужүрек! Қорқақ! - деп жұлқынды жалпақ бет, 
жайынауыз Жақсыбай. Ол Аққұлдың үлкен баласы еді. Бет әлпеті өзгеріп, түсі бұзылып, 
онсыз да 
келісімсіз өңі адам көргісіз болып кетіпті. 
Мына сөз өзге түгіл, жас болсам да жанымды жыланша шағып алды. Ішімді у 
өртегендей күйіп барам. Бойымдағы қорқынышты жеңіп, тысқа жүгіріп шықтым. Мынау 
анталаған ашулы топқа: 
- Көкем қорқақ емес! Ол ұйықтап жатқан болатын. Қазір киініп шығады! - 
дедім кіжіне сөйлеп. 
- Әй, қаршадай болған жүгірмек, шіңкілдемей мұрнынның боғын сүртіп ал! - деп баж ете 
қалды Жақсыбай. 
Оның үрейлі түрінен шошынып, үйге қайта қойып кеттім. Көкем сырттағы 
өзіне айтылған былапыт сөздерге әзер шыдап асыға киініп жатыр екен.
- Қазір! Қазір! Асықпасаң, салпы аузың қанға толар! - деп тістеніп алыпты. - 
Үй ішінен қолға ілінер нәрсе іздеп еді, көзіне ешнәрсе түспеді. Көп кідіруге шыдамай құр 
қол 
жүгіріп шықты. 
- Міне, мен де шықтым, не боп қалды, - дей бергенше, Ақкұл тобы әй-шайға 
қарамай, сойылды басына жаудырып жіберді. Айқайлап, шулап, бастырмалатып төпеп 
жатыр. 
Аккұл болса, өз тобына сүйсіне қарап, одырайып бір шетте тұра берді. 
Көкем болса, жауып кеткен таяқтан басын қорғап, кез келгенін аяғымен 
тепкілеп жүр. Менің көмейіме тас тығылғандай ызадан булығып, өзіммен-өзім іштей 
арпалысып тұрмын. Болысайын десем, мына жұлқынған топтың аяғының астында 
тапталып қаларым анық. Оның 
үстіне менде қай шама бар дейсің. Көзім жасқа толып, бақырып жіберуге әзер шыдап 
тұрмын. Сарт-сұрт еткен таяқ өз денеме тигендей түршігіп барамын. Сай-сүйегім 
сырқырайтын сияқты. Жабыла талап жатқан тобырдың әділетсіздігіне күйінемін. 


Әйелдер шулап, азан-қазан болды да кетті. Жұлқылап, алысып ырсылдаған 
ерлердің қырылдақ үніне, әйелдердің бажылдаған ойбайы қосылып күңірентіп барады. 
Кенет көкем қарсыласып, біреуінің таяғын тартып алды да, қоршаудан 
сытылып шықты. Сөйтті де кілт бұрылып, Аққұл тобыиа қырғидай тиді. Көкемнің бойына 
әлдеқандай 
күш құйылғандай құлшынып шыға келді. Әлгілерді бет қаратпай шетінен сұлатып жүр. 
Олардың қолдарыңдағы қаруын қағып түсіреді де, өзі шүйлігеді. Қарсы жақтың жігіттері 
жауырыны қайқаң етіп, шоқиып қала береді. Ең соңында Аққұлдың ұлы Жақсыбай да 
жалпасынан түст. Бәрі 
де топырақ қауып, тырманып жатыр. Жаңа ғана өн бойым дірілдеп, қорыққанымнан не 
істерімді білмей алақтап тұр едім, енді мәз-мәйрам болып қалдым. 
Мына қорлыққа Аққұл шыдай алмады білем. Баласының сұлап жатқаны 
сүйегіне батты ма, кенет қолындағы таяғын көтеріп, көкеме қарай кәрі арыстанша айбат 
шеге ұмтылды. 
Көкем бұл жолы қорғанбады. Қолындағы келтегін лақтырып тастап, екі қолын 
артына ұстаған күйі ашулы шалдың алдында тұра берді. Қанша қағажу көрсе де, үлкенге 
қол көтермегеніне менің де ішім бір түрлі жылып сала беріп еді. Бірақ көзі қарауытып 
кетті ме, әйтеуір Аққұл шал әдепке тосылған жоқ. Қолындағы таяқпен көкемнің қақ 
маңдайынан періп жіберді. 
Жарылған бастан қара қан бұрқ ете қалды. Бетін қан жауып кетті. Аққұл 
таягын тағы сілтей беріп, кілт тоқтай қалып, мұңайып төмен қарады да, еңсесі салға 
кеткендей бұрылып, соңына қарамастан бүкірейіп, кібіртіктеп басып өз аулына тартты. 
Жеңілген жігіттер оның соңынан бөкселерін сүйретіп, бастарын салбыратып 
бара жатты. Көкем қанын сорғалатқан күйі бықсып жатқан ошақ қасына келді де, 
текеметтің шетінен кесіп алып, жарылған жерге киіз күйдіріп басты. 
Кешке әкем келді. Біз бәріміз тұс-тұстан дуылдап жанжал жайын айтып 
жатырмыз. 
Көкем ұрыстың неден шыққанын өзі де білмейтінін әкеме барынша түсіндіріп бақты. 
Бірақ әкем үнсіз отырып, «Әй, қайдам» дегендей басын шайқай беріп еді... 
Қақтығысқа себепкер болған орынсыз күдік екен. Шөп шабатын көп сайдың 
біреуінде шөбі белуардан асатын бір сай бар еді. Сол сайдың етегінде шөп жапырылып, 
тапталып қалған шұңқырға біреудің көзі түседі. Ауылдың бір адамы осы арадан өтіп бара 
жатып: «Е, мына жерге ғашық біреулер аунап-қунап, мейірлерін қандырған екен ғой», - 
деп көңіліне күдік секем алады. Кім болды екен, адалды арамдап жүрген қай антұрғандар 
екен деп әлек болады. Кенет ол жаңа келе жатқанда осы тұстан менің көкем өткенін, көп 
ұзамай Жақсыбайдың әйелін алыстан көргенін есіне алады. 
«Демек солар ғой көзге шөп сап жүрген. Шалғынға аунап, ұрлык сезімдерін 
осында қосқан екен-ау. Бәсе, жайқалған шалғын бекерге жапырыла ма? Қой, бұл 
жүгенсіздікті көріп 


біліп тұрып айтпағаным күнэ шығар. Мына адал некелерін бұзып, қос қарғыс атқанды дер 
кезінде жөнге салу керек екен», - деп әлгі кісі жерден жеті қоян тапқандай Аққұлдың 
үйіне тура тартады. Ұялмай-қызармай өз ойын болған істей түгел баяндап береді. Түңлікті 
үйге мұнан артық масқара бар ма? Бетке шіркеудің үлкені де, жұртқа күлкінің шегі де, 
шаңырақ абыройын айрандай төгу де осы емес пе? Өсек ойран салды дегендей, байыбына 
барып болмай Аққұл әулетінің аттан салғаны да осыдан екен. 
Сол бір қақтығыстан кейін екі қатар қоныстас ауыл қырғи-қабақ болды да қалды. Ағайын 
боп араласып, алыс- берісі жүріп тұрған қос ауылдың арасына із түспей, құлаққа ұрған 
танадай тынып еді. Аққұл ауылының ер-азаматы біздің жақта қайтпас есесі кеткендей 
тістеніп жүр. Жайдары ауылды жабырқау зіл басты. Апта бойы екі ауылдың адамы ала 
көзбен атысып жүрді. 
Күйеуі сілейте соққан сорлы әйел бір сырлас әріптесінің үйіне тығылыпты. 
Қанына қарайып алған Жақсыбай шаңыраққа кіруден бата алмайды. Сөйтіп әйелі осы 
үйде паналайды. 
Аққұл әкеме адам жіберіпті. Мына қақтығыстың билігін өзі айтып, ұлы мен келінін 
ажыратып берсін, адал некені былғаған күнәкарларға үкім шығарсын деп сәлем айтыпты. 
Әкем хабарманнан кайта сәлем жолдады. «Біріншіден інім мен сенің келініңнің 
арасындағы күнәнің ақиқатына көзім жетпейді. Екіншіден - аппақ сақалыңмен ақ-қараны 
ажыратпай жатып зәбірлендім деп жар салған өзіңсің. Сондықтан басқа қалың рудан би 
шақырып дауласу - сенің міндетің, Акқұл. Екеуміз де соның алдында жүгінейік. Ол 
қалыстығын айтар. Мен болсам жауапқор ретінде алдыңа бармақпын, сен де 
жауапкерлігіңді ойланып барарсың» деп 
қайтарды әлгі хабарманды. 
Екі аптадан соң ел ағалары жиылып, үкім айтуға билер бас қосты. Әдетте 
мұндайда екі жаққа да қалыс ағайын ғана үкім айтады. Бір жағына бүйрегі бұрмай аралық 
әділдігін солар білдірмек. Билікті Жарымбет ақсақал жүргізеді екен. 
Ұзын бойлы, ет-жеңді қарт өте жабырқау еді. Іштей езіліп, қатты қииалып 
отырғаны түрінен білініп-ақ тұр. Жұртқа қабағының астынан түнере, тұнжырай қарайды. 
Аққұл тобы оң жаққа жайғасты да, айыптылар тобы саналған біздің жақ сол қанатқа тізе 
бүкті. Мұндайда айтыс 
арасында ақ жаулық атаулыдан бір жан қатыстырылмайды. Солардың сыртынан тон пішіп, 
үкімін айтатын да ерлер. Еркектердің ісіне қол сұқпайтын қатал әдет өз күшінде еді. 
- Уа, халайық. Тірі пенде тірлігінде не көрмейді. Ащының да дәмін татып, 
ауыртпалық та арқалайды. Күнәға белшесінен батып, ары алдында азапқа да түседі. 
Біреудің 
обалына да қалып, көз жасына да ұшырайды, - деп бастады сөзін Жарымбет бәсең үнмен. - 
Жұмыр басты пенденің бәрі - күнәһар. Бірақ соны біреу білместікпен істесе, енді біреу 
албырттықпен алданып қалады. Тек сол күнәңді шын жүрекпен адал мойындап арыңа 
жүгінсең ғана, сол күнәнің ауыртпалығын бар болмысыңмен сезіне білсең ғана қаныңа 


түскен қара күйені кетіре аласың. Жауласқан жұрттың жұлынын босата аласың, 
ағайынның араздығын жоя аласың. Сендер, екеуің де - бір атаның ұлысын. Қысылтаяң 
кезеңде бір арнаға бірігіп, бір рудың намысын ту ететін туыссыңдар. Бір дәннен көктеп 
шыққан жеміссіңдер. Біріңнің жаның қиналса, екіншің қанат астына қымтап қамқор болар 
ағайын едіңдер, - деп барып тағы тоқтады Жарымбет. Ауыр күрсініп алып, сөзін қайта 
жалғастырды. 
- Менің төрімнен көрім жақын кезімде сендер мені ауыр нәрсені шеш деп 
шақырып отырсыңдар,- деп шал тағы бір күрсінді. - Аталас елдің атына лайықсыз, 
туысқанның түңлігін қаралайтын көргенсіз тірліктің үкімін айт дейсіңдер. Қиналып 
отырмын, қынжылып отырмын. Жүздеріңе тік қарай алмай жүйкем құрып отырмын, 
ағайын. Айтыңдаршы өздерің. Әділін ақтара айтыңдаршы. Қалысын айту маған да оңай 
соқпай отыр ғой. Алдымен сен сөйлеші, Аққұл, - деп 
оң қанатқа мойнын бұрды. 
Аққұлдың әжімді жүзі жыбырлап, өзі құрысқандай бір уыс болып, бозарып 
сала берді. Қанын ішіне тартып қатайып алыпты. Қамшысының сабымен жер тіреп 
жүгініп отырып ашынып сөйлеп кетті: 
- Нені айт дейсің, мен бейбаққа, Жареке? Қартайғанда жарық дүниеге тура қарай алмай, 
бетім күйіп қалған жоқ па? Ақ сақалыма қара күйе жағылды, ақ басыма қара дақ таңылды. 
Несін айтайын, бетке шіркеу белгілі күнә емес пе, Жареке-ау, - деп Аққұл кенет 
қалшылдап, қамшысын көтеріп, байбаламға басты. Қалш-қалш етіп орнында әзер отыр. - 
Мына жаман сәурік менің шаңырағымның арын былғады, әулетімді күлкі-мазақ қылды 
ғой. 
- Сабыр ет, Аққұл. Егер сен оңды-солға қарамай аузыңа келген былапытты 
ақтара беретін болсаң, қамшы көтеріп қайта дүрліксең, әділдік іздеп несін шақырдың. 
Бізді аулыңнан қуып шық та, бұдан былай да білгеніңді істей бер! - деді Жарымбет 
сұстанып. Аққұл абыржып жым 
болды. Жарымбет оған жанашығандай қарап, енді жайлап үн қатты: 
- Өзің ойлашы, Аққұл! Өзің де кішіге ақыл айтар, жұртқа елдікті айтар 
жасқа келдің. Құдайға шүкір, бір елдің ақсақалы аталып, құрмет тілейтін жасқа да жеттің. 
Тым болмаса сол сияқты біздің сақалымызды сыйлап, қызбалығыңды доғарсаңшы. Аққұл 
үн қатпай отырып қалды. 
- Сен сөйле, Момыш, - деді Жарымбет әкеме қарап. 
- Жареке, бұл жай туралы жарытып сізге еш нәрсе айта алмаймын-ау. 
Бұл қақтығыстың басы-қасында жоқ едім. Көрмеген адам көңілмен болжағанмен, әділін 
айта алмай 
жүрсем, айып емес пе? Інімнің өзі сөйлесін. Өзін-өзі ақтауға, ақиқатын айтуға, әділдікке 
жүгінуге жарап қалған жоқ па. Өзі баяндасын, Жареке! Мұның өз тізгінін өзіне бердім. 
- Ал сөйле, Момынқұл! - деді Жарымбет баяу үнмен, көкеме қарап. 


Көкем абыржыған жоқ. Үлкендерге ізет көрсете жүгініп отырып, сөзін 
бастап кетті: 
- Жареке! Әміріңізге құлдық. Мен Аққұл ақсақалмен айтысып, бет 
жыртысып жатуға ұяламын. Үлкенмен тіресіп, жарыса билік сұрау менің бойыма сыятын 
биіктік емес. Өйткені Аққұл ақсақал - туысқаным, ұстазым, ақылгөйім, тәжім етер ағайым. 
Айтқаныңыз болсын деп алдыңызға басымды тігуге бармын. Қылша мойнымды 
қылышыңызға да тосар едім. Ауыртпалығыңызды аянбай көтеріп, азабыңызды мыңқ 
етпей арқалауға әзірмін, Ақа. Бірақ бетіме ыстық судай шашылған осы бір ұятты жала 
түсінбестіктен туып отыр. Бұл өсек сөздің бықсыған отына тірідей қақтаумен тең емес пе, 
ақсақалдар-ау. Байыбына бармай байбалам салған 
Ақаңа қатты ренжулімін. Жылан тілді бір өсекшінің әзәзіл сөзі үшін ағайынның беті күйіп, 
байғұс келініңіздің жүзі төмен боп отыр. Аппақ арына сасыған қоқсықты аямай төге 
салмадыңыздар ма? Әйел жаны осыншалық әділетсіздікті көтере ала ма? Біздер әйелді 
адалдықтың айнасы, тазалықтын тұнығы деп білмеуші ме едік. Сол бейкүнә тазалықты өз 
қолдарыңызбен былғадыңыздар ғой. 
Осы тұста: 
- Өшір үніңді, күшік. Қарғыс жаусын саған, - деп ышқына айқайлады Аққұл 
қарт. 
Жарымбет Аққұлды ала көзімен атып жібере жаздады. Шыдамай зекіп 
жіберді. 
- Бәлкім менің орныма өзің би болып отырарсың, Аққұл?
Аккұл тағы да жым болды. Осы үнсіздікті пайдаланып, көкем қайта сөйлеп 
кетті. 
- Ақа, мен сізді туған ағамнан артық көріп сүюші едім. Әлі де сол сезімдемін, 
- деді көкем басын таңған орамалды түзетіп қойып. - Сіз мен туралы не ойласаңыз да 
еркіңізде. 
Алайда әзәзіл біреулер сізді ақ жолдан тайдырып отырғанын түсінсеңіз деп тілеймін. Ант 
етейін, алдыңызда арым таза. Мен сізге қол котергем жоқ. Сіз таяқтады деп тағы да 
өкпелемеймін... Бас жарылса, бөрік ішінде демей ме, үлкен ұрса, іні шыдар. Ал қалған 
топтан тек қана қорғануға тура 
келді. Қарап тұрып өлем бе, жабылып сабағанына шыдай алмадым. 
- Мен саған мына шіріктерді шетінен ұрып құлатты деп кінәламаймын,- деп 
Аққұл өз тобына жиіркене бір көз тастады. - Өңшең мұндай шіріктерді сен ұрмасаң, 
басқалар ұрып жығар еді. Шірік, шірік,- деп сұқ қолымен өз тобын сұғанақтады. 
Көкем мұнан соң Жарымбеттің сұрағына жауап беріп, қақтығыстың қалай 
болғанын айтты. Жарымбет көкемді зейін қойып тыңдап алды да, қырау шалған қабағын 
тұнжыратып, қасын қинала керді. Сонан соң Аққұлға ала көзімен қарады. 


- Жайбарақат жатқан адамға жабылғаның қалай, Аққұл? Он адамға келтек 
беріп, бір адамға айдап салып қарап тұрғаның қалай? Саған тағылар бірінші айып осы 
болмақ. Жасыңды сыйлап, басыңды сыйлап, сақалды сыйлап қол көтермеген адамға таяқ 
жұмсағаның қай сасқаның, Аққұл? Үлкендігің осы ма? Саған тағылар екінші айып осы! 
Аққұлдың басы салбырап, жер шұқылап отыра берді. Кенет шеткі отаудан 
әсем киінген сымбатты келіншек көрінді. Ол батыл басып, әйел бас сұқпайтын мынау 
даулы ортаға 
қарай келе жатыр. Жұрттың бәрі аң-таң. Аққұл өз келінін көріп шоршып түсті. Екі қолын 
ербеңдетіп, сасқалақтап жалбарынған үнмен: 
- Қайт, балам! Қайт, балам! Қайта ғой, шырағым, қайта ғой,- деп қалбалақтады да қалды. 
Иә, оның үнінде бұйрықтан гөрі жалыныш, зекуден гөрі жалбарыну басым 
еді. Бірақ әйел жалынышын естімегендей топқа қарап қадамын соза басып келеді. Әйел 
жақын келді де, үлкендерге иіліп сәлем берді. Әкесінің қасында бүрісіп отырған күйеуіне 
жек көре бір қарады. Қанын ішіне тартып бозарып кетіпті. Жанары ызалы ұшқын атып, 
жас тығылып тұрғандай. 
- Көргенсіз деп жүрмеңіз, айналайын атажан. Үстімізге баса-көктеп келді 
деп көңіліңізге ауыр алмағайсыз, жарықтық! - деді ол Жарымбетке бұрылып. Үні мен 
қимылының батылдығы сонша, тіптен отырғандардың біреуі де «тәйт әрі» дей алмады. - 
Мен де біреудің перзенті едім. Жат-жұрттық боп жаралды демесеңіз, мен де ата- анамның 
аялап өсірген баласы едім. Қыз боп туғаныма қорланбап ем, мына қорлық сай-сүйегімді 
сырқыратты ғой. Сіздер де ұл-қыздың атасысыз ғой, жарықтық. Сіз үшін ұл мен 
қызыңыздың арасында ала-құласы бар ма? Екеуінің де бақытын тілеп, әлдилеген әкенің 
бірі сіз емес пе едіңіз? Перзенттің бәрін бірдей көру, бәрін бірдей аялау ата-ананың 
парызы емес пе еді. Мені де әке-шешем маңдайымнан шертпей, ұлдан кем көрмей өсірді. 
Босағамды оңғара көр деп ақ тілеумен алдарыңызға алғаш келгенде, алалау көрем деп 
ойлаппын ба? Өзге табалдырықты аттап, өзге отаудан, өзге елден бақыт іздеп 
келін боп келгенде, қағажу көрем, қақпай көрем деп өңімде ойлап, түсімде көрем деппін 
бе? Келіннің қуанышы өзге қуаныштан кем бе еді, ата! Мен де сіздің балаңыз емес пе едім? 
- деп Аққұлға қарады. - Мен де осы босағаны сондай ізгі үмітпен аттап едім. Амалым 
қанша, алдаған екен үмітім. 
Жарықтық, алдыңызға мен де бір балаңызбын деп келіп тұрмын. Амалсыздан 
әдепсіз көрінгендей жайым бар. Айыпқа бұйыра көрмеңіз. Келмей тұра алмадым. 
Кеудемді бір жалын кеулеп, запыран құсқандаймын қазір. Тыңдай көріңіз мені. Рас, мен 
жалғызбын, қорғансыз әйелмін. Маған ара тұрар адам жоқ. Жаман еркектің әлі жақсы 
әйелге жетеді дегендей, тап қазір қай еркек болса да сабап, тіптен өлтірем десе де шамасы 
келеді. Табанда осы жерден қуып шығамын 
десеңіздер де еріктеріңізде. Алайда мені тыңдауға, аз ғана көңіл бөліп, жайымды ұғуға 
дәтіңіз шыдай ма, жарықтық? Тыңдайды деп келіп тұрмын! 
Бұл сөздің бәрін келіншек бойындағы дірілін, кеудесіндегі ызасы мен 
толқуын жеңіп тұрып, қолмен қойғандай, шегемен қаққандай айқын баяндады. Адал адам 


ғана осылай батыл сөйлей алады деп ойладым мен ішімнен. Өйткені оның сөзі жан 
сезімнің нұрын шашып, жалаға қарсы жалындап тұр еді. Әйелдің бүкіл бітімі, жан дүниесі, 
тіптен киімінің әр түймесіне дейін әділетсіздікке деген айбатын айқын танытатын сияқты. 
Қаны қашып, сұрланған жүзі қуқылданып көрінсе де, батыл шешімнің, ұстамдылықтың, 
өжеттіктің нышанын әйгілей түседі. 
Жарымбет ақсақал да, өзге жұрт та келіншектің батылдығына қайран қалып 
ұйып отыр. Қарт келіншектің бетіне тура қарап еді, одан сезіктенуді, әлде имену нышанын 
аңғара алмады. 
- Айта ғой, балам, айта ғой, - деді Жарымбет абыржып. 
Сөйтіп екі қолымен сақалын кезек-кезек сипай берді. 
- Мен алдарыңызға келгенде,-деді Зәуре өзін-өзі әдепті ұстап, - сіздермен 
айтысайын, тартысайын, соттасайын деп келгем жоқ. Ондай күн туса, ол үшін жаңа 
заманның 
соты, Советтің әділ заңы бар. Алдымен соған жүгінем. Ол соттың алдына ерлермен бірдей 
өз сөзімді өзім айта алам. Маған арашалаудың керегі жоқ. Бірақ айтайын дегенім ол емес 
еді. Мен сіздердің алдарыңызда, мына күйеуіме өз шешімімді естірте кетейін деп келіп 
түрмын. Өйткені 
осының байбаламымен жұрттың бәріне күлкі болдық. Сөйтіп тектен-тек мазақ болып, 
жұрт көзіне түрткі боп тұрмын. Таза жүрегім өсектің қозына көмілгендей, өне бойым 
ұяттан өртеніп барады. Енді бұл күйікке шыдай алмаспын. Жаңа өкімет еркіндікке, 
теңдікке ерік беріпті. Сол теңдігімді енді пайдаланам. Масқара боп жүре алмаймын. 
Сондықтан, бұл үйден біржола кетуге бел байладым. 
Қараниеттің қасында қалуға енді менде шама жоқ. 
Мына сөзді естігенде, отырғандар ауыр күрсініп алды. 
- Келгелі өзіңізден кейіс естіп көрген жоқ едім. Қабақ шытып, көңіліме 
тиген жоқсыз. Мұныңызға мың да бір рақмет, ата. Алдыңыздан өтіп, қоштаса кетейін деп 
келдім, - деді Зәуре енді Аққұлға бұрылып. 
- Не дейсің, балам, не дейсің! - деп кемсеңдей берді Аққұл. Бірақ Зәуре бұл сөзді 
естімегендей Жарымбет жаққа бұрылып: 
- Жарықтық, мені төркініме жеткізіп сал деп, бір жігітке тапсыруға 
жарайсыз ба? Сізге айтар тілегім осы еді, - деп Зәуре енді күйеуіне тесіле қарады да. - Ал, 
сенің босағаңнан тірі жүріп аттамаспын, - деді. 
Ақсақалдардың алдында тағы да кешірім сұрап, келіншек бұрылып жүре 
берді. Жұрттың бәрі томсырайып, төмен қарап отырып қалды. Қолайсыз тыныштықты 
ешкім бұза 
алмады. Жарымбет ақсақал абыржып, алақанын уқалай берді. Ақыры қатты күрсініп: 


- Байғұс бала-ай, әбден қорланған екен-ау! Төрімнен көрім жақын 
кезінде оған мен тоқта деп айта алмаймын. Төркініне апарып салыңдар. Біраз ата-
анасының алдында жүріп ашуын басар, ойланар!.. Менің айтарым осы, көпшілік, - деп 
қарт орнынан тұрып, атына қарай жүріп кетті. 
Қайтарда Зәуре жайлы әркім әрқалай толғанып келе жатты. Алайда бәрі де 
бишара әйелге керемет қиянат жасалғанын іштей мойындап еді... 
Кенет арт жақтан әжемнің даусы естілгендей болды: «Есуас болсаң да, бүгін 
өзіңді ақылды ұстадың», - деді әлгі дауыс. Мен бұрылып қарасам, сөйлеп келе жатқан 
әжем емес, әкем екен. Әкемнің үні мен даусы әжеме ұқсас еді. Қатарласып келе жатқан 
інісіне айтқан екен әлгі сөзді. 
* * * 
Ақ жауын нөсерлетіп төгіп тұр. Әулиеата көшелері лай судан көлкіп, 
батпағы молайып, миы шығыпты. Қалың жаңбырдан ықтап, елдің бәрі біреулері ағаш 
түбін, біреулері 
сарай, үйдің ығын паналап тұрған кезі. Осынау жауын ғана билеген тым-тырыс көшеде 
батпақ кешіп, ат сабылтып жападан-жалғыз біреу келеді. Басындағы қара бөркінен, 
үстіндегі сұр шекпенінен су сорғалап, ат жанынан аунап түсіп жатыр. Оны байқап келе 
жатқан ол жоқ. Табиғаттың осы бір бейжай сәтімен тақасқандай ешнәрсені де елемей ат 
үстінде жайбарақат келе жатқан сияқты. Қашаннан қамшы салдырмай үйренген 
«Көкшолақ» мінерінің, сырлас 
саяткерінің осы сәттегі мұңды күйін сезгендей, ұзын мойнын ілгері созып жалынан аққан 
жаңбыр суын жан-жағына бүркіп, аяғын көсіле тастап келеді. Атты кісі ешқайда бұрылған 
жоқ. Қала орталығындағы уездік комитеттің үйіне келіп, аттан түсіп, шылбырынан бір 
ағашқа байлады. Құлақшынын қолына алып, бір сілкіп тастады да, әлгі кісі ішке батыл 
еніп кетті. Ол бірден уездік 
комитет секретарының есігін ашып еді. 
- Ау, Ақаңбысыз, ассалаумалейкүм, Ақа! Ақ жауынның астында сізді не 
айдап келді? 
- Арым айдап келді, Садықжан. 
- Онда жоғары шығыңыз, ағатай. Ал тыңдадым сізді, Ақа. 
- Құдай да менімен бірге жылап тұр ғой, шырағым. Жылаған жан жылы орын 
іздемейді екен. Жауыннан жасқанатын қандай халім қалып еді менің, - деп Аққұл даусы 
дірілдеп, дегбірсіз үн қата берді. 
- О не дегеніңіз, Ақа. Не боп қалды? - деп Садық қарттың малмандай су 
болған шекпенін өзі шешіндіріп, шегеге іліп койды. 


Аққұл үн қатқан жоқ, кірпік-қасына тұрған жаңбыр суы қыстың қырауындай 
жылт-жылт етеді. Ол қаз тізілген орындықтың біреуіне сылқ етіп отыра кетті. 
- Естімеп пе едің халімді, Садықжан? - деді Аққұл аз үнсіздіктен соң 
тұнжырай тіл қатып. - Осынша жасқа келгенде шерменде болып, алдыңа арыз айта келіп 
отырмын. Келінім кетті, үйім берекесіз болып калды. Бір әзәзілдің өсегіне еріп, өз 
қуанышыма балта шауыппын мен 
бейбақ. Кінәсіз, күнәсіз келінімді халық алдында қаралап, қас масқара болыппын. 
Көргенді жердің көркем қызы еді. 
Өсек сөз жарқынымның өзегін өртеп жіберіпті ғой. Шыдай алмады. Отауыма өсек сөз 
ойран салыпты. Бізді тастап төркініне кетіп қалды. Мен жерге отырып қалдым. Бір 
ақымақтың бүлдіргенін, жүз ақылды түзете алмайды демеуші ме еді. Менің жайымды 
Жарымбет те, Момыш та түсінбеді ғой. Айтқанымды өткізе алмадым оларға да. Ел-жұртқа 
беделің бар, жасың кіші болса да, талай жұртқа ақыл айтар азамат едің, шырағым 
Садықжан. Сенен көмек сұрай кеп отырмын. Құдаларыммен сөйлесіп, келінімді 
ошағымның басына қайта қайтаруға септігің тиер ме деп 
кеп отырмын. Келінімнің береке екенін де, мереке екенін де енді түсінбедім бе мен бейбақ. 
Амалым таусылып, ақылым алжып, алдыңа келген жайым бар, жарқыным. Қайғыма ортақ 
болғын, қарағым! 
Аққұл бұдан ары сөйлей алмады. Иегі кемсеңдеп, көзінен жас парлап бара 
жатты. Садық осынау ел алдында өзін еркін ұстайтын, ауылының алға тұтар ақсақалы 
болған 
маңғаз Аққұлдың еңсесі түсіп езілгенін тұңғыш рет көріп отыр. Кәрі көзден шыққан жас 
бетінен сорғалай ағып, ақ мұрты, салалы сақалынан мөлдірлей тамшылап аққанда, Садық 
ішінен жылап жібере жаздады. Бірақ та ұстамдылық өз орнын алды. Жүрегіндегі ақиқат 
лебізін, шындық сөзін 
айтпай отыра алмады.
- Солай ма еді, Ақа-ау! Қиын болған екен ғой. Мына жай менің де 
қабырғамды қайыстырып отыр, Ақа... Әйтсе де, Ақа, менің билігім Зәуреге жүрмейді. 
Оған сіз дұрыс 
түсініңіз. Мен сіздің жүрегіңіздің шын сөзін айтып отырғаныңызды білем. Орны толмас 
опынуға да түскеніңізге де түсінем. Әйтсе де құдаларыңызға бара алмаймын. Зәурешті 
сіздің қолыңызға қайтар дей алмаймын. Әділдік дегеннің, әділ заң дегеннің мәні де 
осында ғой, Ақа. Оған менің бұйрығым жүрмейді. Зәуре арқа сүйеген, Зәуре медеу тұтып, 
батыл шешімге келген әділдік аты сіздің айтқаныңызды қабылдай алмайды. Осыны дұрыс 
түсініңіз, Ақа. 
Екеуі томсырайып үн қатпай, бір-бірін сынағандай орындарынан қозғалмай 
отырды. Тек сырттағы жауынның тырс-тырс етіп терезеге тиген тамшылары ғана «ей, 
бейшаралар» дегендей естіліп тұрды. Әлден соң Аққұл орнынан тұрып: 


- Айтқан ақылыңа рақмет, қарағым Садықжан. Ақымақ бақыттың басына 
қонғанын білместен, ұшқанын бір-ақ сезеді деген осы екен ғой,- деи күрсінді. 
- Рақмет, Ақа, түсінгеніңізге! Бұл сөзді сізден басқа болса айтпас еді, сізден 
басқа болса бұлайша өкінбес те еді. Ағат жібергеніңізді аңғарып, қартайғанда ауыр 
кінәнің азабын бір басыңызға арқалап, ақиқатқа, әділдікке жүгінгеніңізге рақмет, - деп 
Садық Аққұлды киіндіріп, 
кебісін қойып, қолтықтап сыртқа шығарып аттандырды. 
* * * 
Зәуренің ісі жылға созылды. Құдасының ауылына Аққұлдар талай-талай ат 
салыпты, кешірім сұрап келінін қайтаруды өтінді. Бірақ Зәуре айтқанынан қайтпады. 
Ақыры өз қалауымен қалыңсыз-ақ ерге шығып кетті. Аққұл болса, өмірінің соңғы шағына 
дейін Зәурені ойлап бармағын 
тістеумен өтіп еді. 
Бұл біздің аймақтағы жаңа заманның, жаңа өмірдің жақсылығын көрген 
алғашқы әйел болатын... 
* * * 
Ауылдың айналасындағы сай-сала шұрайлы шөпке тұнып тұратын. Ел әр 
сайды иемденіп шөбін шауып алады. Шөп піскенше, төңірек самал желге толқып, теңіз 
бетіндей 
тербеліп жатушы еді. Пішен шабыс келгенде сол толқынның әр шетінен орақ тиіп, жал-
жал шөп қалып жататын. 
Гончаровтардың үй-іші шабындық кезінде де бізбен бірге болады. Уәделі күні 
арба жегіп, ат жетелеп, шалғысын қайрап келіп тұрғаны. Жаз бойы қырқа қуып, шөп 
шауып жүргенде, бозғылт денелері күн көзіне қақтанып күреңітіп болады. Сол сәтте бәрі 
ажарланып кеткендей көрінетін. Гончаровтардың шалдан өзгесі түгелдей жалаң аяқ, 
жалаң бас жүретін. Тек шал ғана жамаулы етігін тастамайтын. Ыстық күнде аяғын 
желдетпеген соң шуаш иісі бұрқырап жүруші еді. 
Гончаровтар шетінен бөз көйлек киетін. Желпінуге ыңғайлағаны ма, әйтеуір кең етек 
далбағай көйлекке кұмар-ақ. 
Олар арба-аяғын салдыратып асығыс келеді де, жау қуғандай құйындатып 
шабындыққа асығады. Шай қойып, дастарқан жаюға да мұрша бермейтін. 
- Жұмыс қалып барады, Момыш. Жайбарақат жататын кез емес қой. 
Бесбармақты кейін жейміз, - дейтін Кузьма 


шал. 
Әкем мен көкем ат ерттеп асыға бастайды. Мен Гончаровтардың үлкен 
арбасына жайғасамын. Мұндай көлікке бұрын-соңды мінгенім осы еді. Біртүрлі қорқып 
отырдым. Арба орнынан қозғалғанда, мен шабағынан ұстай алдым. Жүрген сайын 
секіректей береді екен. Гончаровтар маған күліп жатыр. 
Василийдің мақтанғысы келді ме, әлде мені батылдандыра ма, әйтеуір ешбір 
сескенусіз-ақ арба үстінде ары-бері жүгіріп қояды. Алайда қалжыңбас Тишко аттарға 
қамшы басып, желдіре жөнеліп еді, мен жақтаудан айрылмастай жабыстым. 
- Тишко мұның не? - деп айқайлайды Манька, - жаймен айдасаңшы. Әйтпесе 
мына қара қазақтың көзі тас төбесінен шығатын түрі бар. Тишко маған бұрылып қарады 
да, қарқылдай күліп тізгінді тартты. Ат аз ғана кідіргенде, арбадан секіріп түсіп, қаша 
жөнелдім. Василий қуып жетіп, арбаға қайта мінгізбек еді. Мен тырысып болмадым. 
- Соны қойшы, Василь! - деп айқайлайды Манька. - Өз обалы өзіне. Жаяу 
жүре берсін, сайтан. Василий мені көндіре алмағанына ызаланса керек, жағымнан салып 
қалды да, арбаға қарай жүгірді. Мен қуып жетіп, бөз көйлегіне жармастым. Екеуміз де 
қайтпай төбелестік. Тишко жүгіріп келіп ажыратып жіберді. 
Ашуым тарқар емес. Жерден тас алып арба соңынан атқылап келем. Бір тас 
Маньканың жауырынына тиіп еді, Манька баж ете қалды. «Ой, тентек қазақ! Шайтан! 
Албасты!» деп кіжініп тұр. Мен әлгі сөздерді қағып алып, өзіне қайтарып айттым. 
Шамасы орысша сөздерім мандымаса керек. Гончаровтар іштерін басып күлкіге кенелді 
де қалды... Бұл ашық күлкі біздің татуласқанымыздың алды екен. Тишко Василий 
екеуміздің арқамыздан итермелеп, 
бір-бірімізге жақындатты да, қолымызды алдырды. Сонаң соң мені өзінің қатарына 
отырғызды. 
Біздің шабындығымыз жазықтау алқап еді. Гончаровтар мұнда келісімен 
аттарын тұсады да, бірден жұмысқа кірісіп кетті. Шалғылар шыңдалып, жүзіне қайрақ 
жүрді. Сонан соң 
Кузьма шал бір шалғыны алды да, жайқалып тұрған нуға сүңгітіп жіберді. Сол-ақ екен, 
әлгінде ғана жайқалып тұрған шалғын жапырылып түсе бастады. Шалғы сүңгіген сайын, 
бірқалыпты сусылдақ сыбыс есті де отырды. 
Біраз жерге дейін шалғы сілтеген Кузьма ентігіп барып тоқтады, үлкен ұлына дауыстады. 
- Сашко! Сен немене, орақты дұрыс саптамағансың ба? Белдемесін де дұрыс 
орнатпапсың. Сілтеген сайын зіл тартып, омыртқаңды үзе жаздайды. 
Сашкосы қолына балғасын ұстап жүгіріп келді. 
- Қазір, әке! Бәрін де орнына келтіреміз. Ұстараның жүзіндей қылпытып берем. 
Майға салған пышақтай сусып жүре беретін болады, - деп баласы жүре сөйлеп шалғыны 
жөндей бастады. 


- Сөйт шырағым, сөйт,- деді әкесі мейірлене сөйлеп. 
Сашко балғасын еппен жұмсап, орақтың мойнын біраз тықылдатты. Сонан 
соң сабын жөндеді. 
- Белдемесін жоғарырақ жылжыт, балам. 
- Өзім де сөйтіп жатырмын, әке - деді Сашко қайысты тартып тұрып. 
Шалғыны жөндеп болып, ол ары-бері сілтелеп сынап көрді де, әкесіне әкеп берді. 
- Енді қатып кетті, әке! Өзіңіз байқаңызшы. Шал шалғыны қолына алып, 
сынады да, ұлына ризашылық білдірді. 
- Дұрыс бопты, шырағым. 
Шал өзінің бастап қойған жеріне барды да, бал тарта берді. Енді оның тек екі 
қолы қимылдап тұрғандай сезілді. 
Орылған жердің қыртысына дейін көрініп, шалдың соңында түп-түзу ұзын 
жол қала берді. Әлден соң шал соңына көз тастады да, дауыстап әмір берді. 
- Ал, балалар, орақты бастаңдар! 
Сол-ақ екен, Сашко, Мефодий, Тишко тізбектесе тұра қалды. Алдымен 
Сашкосы, сонан соң он қадамнан кейін Мефодий, оған ілесе Тишко түсті. Бұлардың 
соңынан ала көкем шалғынға шалғы сүңгітті. Енді бір қарасам, қатар тізілген бес жолақ ну 
шөпке жарыса сүңгіп барады екен. 
Шал төрт жігіттің алдын тосып, ақыл айтады. 
- Сашко, сен асықпа. 
- Мефодий-ау, мұның не? Тас лақтырғандай құлаштайсың ғой. 
- Тегістеу ал, Тишкожан. 
- Момынқұл, сен жауырыныңа жүк артқандай құнжиып алыпсың. Бойыңды 
тіктеу ұстасаң, өзіңе жеңіл тиеді ғой. 
Алдыңғы төртеу бір қалыпқа түскендей бірінен-бірі қалысар емес. Сайма-сай 
қимылдап, сап түзеп барады. Көкем қатар бұзбайын деп қанша тырысса да болмады. 
Шал «таусоғар» көкемнің қолапайсыз қимылына шыдай алмай қасына келді. Көкемнің 
шалғысын алып, өзі шауып көрсетті. 
- Міне, осылай шапсаңшы, Момынқұл. Күшіңді босқа тауысасың ғой. 
Тишко бұл сөзді көкеме аударып түсіндірді. Бұдан кейін Гончаровтар 
қайтадан сап түзеп бірқалыппен алға жылжи берді. Көкем қалыспай-ақ келеді. Бірақ 
терлеп пара-парасы шығыпты. Шаршағаны сонша, тіптен сілтеген шалғысы аспанды 
қаңғалақтап барып тұмсығымен жер сүзеді. 


Осылайша екі-үш балдан тартылды. Көкем ентігіп, екі иығынан дем ала 
бастады. Ал Гончаровтар әбден әккіленіп алған ба, сыр білдірер емес. Алға сырғып 
барады. Төртінші 
қатарға түскенде көкемнің шалғысы жерге қадалды да, сабы морт сынды. Көкемнің өзі 
орақтың жүзіне құлай жаздап жер тіреп тұрды. Дүлей күшке шыдасын ба, шалғы қақ 
бөлінді. Кузьма шалдың шыдамы таусылған екен. Көкемді түтіп жіберердей төніп келіп, 
айғайға басты. Ел ішінде жүріп үйренген жалғыз сөзін қайталап «ахмақ!» дей береді. 
Сонан соң қолын оңды-солды сермеп, ұлдарына әлденені орысшалап нұқи 
бастады. 
«Әйгілі тілмаш» Тишко әкесінің бастырмалата сөйлеген сөзін аударып үлгере алмады. 
Мен өзіме таныс «Сайтан! Албасты!» деген сөздерді айнытпай ұғып тұрмын. Көкем 
ұялғаннан басын төмен салып, бірдеме деп қазақша міңгірлеп еді, оны өзінен басқа ешкім 
де естіген жоқ. 
- Әкем айтады, - деді әлден соң Тишко, шал аздап басылғанда, - Момынқұл 
сенікі үлкен ақымақ, башка аз-маз істейді. Сенікі орақ емес, арбаны да сындырады. 
Кузьма шалдың осынша күшке таңырқағанын сезген көкем көтеріліп қалды. Күліп жіберді 
де, кешірім сұрады. 
Ертең базардан бірнеше шалғы сатып әкелмек болды. Ал Кузьма көбірек 
ескертпе жасаса, тезірек үйреніп кететінін айтты. 
Мұны естіген Кузьма да жұмсарып, көкеме өз шалғысын ұсынды. Өзі 
қатарынан қалмай көкемнің қимылын бақылап, үйретумен болды. Әкем арбаның 
көлеңкесінде отырып алып, шалғыларды шыңдайды. Біз Василий екеуміз әлгінде ғана жол 
үстінде шекіскенімізді ұмытып, көбелек қуып мәз болып жүрміз. 
Біздің міндетіміз - тұсаулы аттарды бақылау. Аздан соң Василий екеуміз 
әңгімеге көштік. Ол шіркеудің қоңыраулары қалай соғылатынын айтып берді. Тап осы 
сәтте алыстағы 
орыс поселкасынан шіркеу қоңырауының даусы талып естіліп еді. Василий әр 
қоңыраудың дауысын танып, үніне қосылғандай басын изеп құптайды. Алғашында 
күңгірлеген жуан дауыс естіліп еді, бірте-бірте жіңішке үн молая бастады. 
- Тыңдашы, тыңдашы, - дейді Ваеилий ентелей құлақ түріп. - Мына дауыс - 
ең кішкене қоңыраудыкі. Екеуміз де кішкене қоңыраудың үнін ұнаттық. Мен Василийден: 
- Ауылдарыңа барып, шіркеулеріңнен қоңырауды көруге бола ма? - деп сұрап едім, ол 
жолатпады. 
- Жоқ, саған болмайды. Әулие атамыз мұсылмандарды шіркеуге жібермейді. 
Менің лепірген көңілім басылып, кәдімгідей мұңайдым. Өйткені шынымен-ақ орыс 
шіркеуін, әсіресе үнді қоңырауларды көргім келіп еді... 


Василий екеуміз қазақша жақсы түсіністік. Бірақ ол ағасы Тишкодан азырақ 
біледі екен. Гончаровтардың өзге адамдары, ауылдағылар айтқандай, қазақшаға келгенде 
«таза мылқау» еді. Өйткені олар бізбен Василий және Тишко арқылы немесе ымдап 
қимылмен түсінісетін. 
Василий екеуміз шалғынға бауырымызды төсеп жатырмыз. Әрі бітік, әрі 
биік шөп бізді бүркемелеп, күн көзінен қорғанғысы келгендей қайта-қайта жапырыла 
тербеледі. Көліктер ұзаққа сілтемей, маңайлап жайылып жүр. Біздің кісілер әлі шөп 
шабуда. Оқта-текте қайраққа жаныған қысқа дыбыс естіледі. 
Василий екеуміз қатар жатып, дүииедегі бар білгенімізді айтып тауыса алар емеспіз. 
Кенет ол әлдене ойына түскендей, оқыс аунап түсті де, жанқалтасын қармана берді. 
- Мә! - деп бір уыс қуырылған пістені алақаныма үйе салды. 
Өзі де пістені лыпылдата шағып, қауызын түкіріп тастайды. Мен бұрын пістені аузыма 
алған емес едім. Досым берген пістені аузыма құя салдым да шайнай бердім. Әбден аузым 
көпіріп кеткен соң түкіріп жіберіп едім, Василий орнынан атып тұрды. Маған аңтарылып 
қарап қапты. Сонан соң ішек- 
сілесі қатып күле берді. Арасында әлденені орысшалап та, қазақшалап та айтқан болады. 
Бірақ құр міңгір мен күлкіден басқа ешнәрсе аңғара алмадым. Осылайша ол қарқылдап 
ұзақ күлді. Көзінен жас парлап кетті. Әлден соң барып күлкісін тыйды да, пістені 
біртіндеп таңдайына салып, 
қалай шағуды үйрете бастады. Қауыз бен дәнді араластыра жұтып жатып, Василий берген 
пістені тауыстым-ау. Ол тағы бір уыс пістені ұсынып еді, азар да безер болып алмадым. 
Өйткені тілімнің ұшы ойылып зар қақсап тұр еді. 
- Василь! Василь! Қайдасың? 
Кузьма шалдың оқыс даусынан екеуміз де ұшып тұрдық. 
- А-а-у! Мен мұндамын. 
Шал ұлына дүрсе қоя берді. Сөйтсек көліктер көк шөпке тойып алып, енді 
шабындықты жапырып аунай бастаған екен. 
Екеуміз ұшқан құстай жүгіре жөнелдік. Шал артымыздан жұдырығын түйіп, 
ашуын тарқата алмай қала берді. 
Шабындықтың тең жарымы орылып болған екен. Айнала жал-жал болып 
сұлап жатқан шалғын тоқтап қалған толқынға ұқсайды. Арба маңында әйелдер түстік 
әзірлеп жүр. Көлеңкеде әкем әлі орақ шыңдап отыр. Кузьма шал қайтып барып 
орақшыларды іске жұмылдырып кетті. Түске қарай көкем әбден жаттығып, 
Гончаровтармен теңесіп алған еді. 
- Қарашы, - деді Василий жеңімнен тартып, - Момынқұл жақсы шабатын 
болыпты. 


Шынында да, көкем енді ғана көсіле бастаған жүйріктей үдеп келеді екен. 
Әлгінде ғана Кузьма шалдың оны «ақымақ!» дегені есіме түсіп, күліп жібердім. 
- Ха, менің әкемнің жұрттың бәрін «ақымақ» деп сөйлейтін әдеті, - деді 
Василий қолын сілтеп. 
- Сені ұра ма? - деп сұрадым одан, жаңа ғана әкесінің жұдырық түйгенін 
еске алып. - Аямай ұратын шығар. 
- Ұрады! - деді ол миығынан күліп, менсінбей. - Ұрады. Бірақ мен зытып 
берем де, қашан ашуы басылғанша көзіне көрінбеймін. Содан ол ұмытып кетеді. 
- Онда сен қазір жақындама. Әйтпесе соғып жүрер. 
- Жоқ, - деді Василий сенімді дауыспен. - Әкем біздің аттардан көз 
жазып қалғанымызды әлдеқашан ұмытқан. Ал сенің әкең ұра ма? - деп сұрады ол енді 
менен. 
- Менің әкем балаға қол көтеріп көрген емес, - дедім мен мақтанышпен. 
- Әкеңнен көбірек қорқасың ба, жоқ әлде көкеңнен бе? 
Мен көкемнен көбірек қорқатынымды мойындадым. 
- Ал мен ағаларымнан тырнақтай да қорықпаймын, -деді Василий, - егер 
олар тие қойса, әкем маған болысады. 
Күн тас төбеге көтеріліп, айналаны қуырып барады. Тіптен шегірткенің өзі 
көлеңкеге тығылып қалғандай... 
Кузьма шал тынығуға мұрсат берді. Орақшылар аяғын әзер сүйретіп, терге 
малшынып, көлеңкеге беттеп келе жатты. 
Біз Гончаровтардың тамағына ортақтаспай үйге қайттық... 
Гончаровтар содан шөп жинауға бір апта өткен соң оралды. 
Қазақтар әдетте шөпті шөмелелеп үймей, маялап жимай, баулап болып, үй 
төбесіне жинастыратын. Шөптің көлемін баумен өлшейтін. «Мына үймеде мың бау шөп 
бар», - деп 
есептеуші еді. Маяға берілетін азықтың мөлшері де баумен өлшенетін. Көктем шығып, 
көкке аузы тигенше малға қанша шөп кететінін де баумен есептейді. 
...Шөп кеуіп, сарғая бастаған екен. Гончаровтар арба жегіп, пішенді арта 
кетуге келіпті. 
- Ал, Момыш! Шөпті маялаймыз ба? - деп сұрады Кузьма. 
Әкем келіскендей бас шұлғып еді, көкем қырын кетті. 
- Мен өзімізше баулап жинаймын, ал сендер шөмеле сала беріңдер, - деді ол. 
Тишко көкемнің сөзін әкесіне аударып еді, ол тулап ала жөнелді. 


- Бұл не дегені. Тірлікке Момыш қожа ма, әлде Момынкұл ма? - деп әкеме 
қарады. 
Әкем Тишко арқылы Кузьмаға көкемнің үй шаруасына ие екенін түсіндірді. 
Сондықтан көкеме ерік беретінін айтты. 
Бұл сөз Гончаровтарға ұнамаса керек. Біразға дейін өзді-өзі күңкілдесіп 
сөйлесіп алды. Бұл кеңеске бізден ешкім араласқан жоқ. Шал ұлдарына айғайлап, қолын 
оңды-солды 
сермеп әлек боп тұр. Өзгелері көндіргісі келіп басу айтады. Ақыры бәрі бір тоқтамға 
келгендей болды. Сонда барып Тишко аудара бастады. 
- Әкем біздің бау баулап жүретін уақытымыз жоқ дейді. Оның үстіне бау 
әртүрлі буылмай ма, - дейді. - Егер Момынқұл өз білгенін істей беретін болса, бізбен 
несіне ортақтасып жүр. Әрине, біз оған шөмеле сал деп күштей алмаймыз. Бірақ біз де бау 
түйіп бас қатырып жүрмейміз. 
- Онда біз былай бөлісейік, - деді көкем өз ойын ортаға салмақ боп. 
- Тишко, мынау не деп тұр,-деді Кузьма дегбірсізденіп. Ұлы түсіндіріп еді 
анау тағы тулады. 
- Қалай бөлмек? Десте де әртүрлі, шөптің шығымы да бөлек. 
- Ол оңай, - деді көкем сонда. - Оң жақтан бастаймыз да, екі дестені біз алып, 
бір дестені сендерге қалдырамыз. Үштен бір ортақ сонда тура шығады. Кімге қандай десте 
түссе де, өз несібесінен көрсін. 
Тишко бұл ұсынысты аударғанда, әкесі аз ойланып тұрып, қолын кесімді 
түрде бір-ақ сілтеді. 
- Мейлі осының-ақ айтқаны болсыншы. Бұдан кейін сенімен ортақтаспаймын 
енді. 
Көкем бұған да келісті. 
Барлығымыз шабындықтың оң қанатына шықтық. Кузьма шал екі дестені 
бізге қалдырып, үшінші бір қалыңдауын өзіне меншіктенді. Бірақ төртінші рет үлеске 
түскен дестесі 
мардымсыз боп шыққанда, Кузьма шал қайтадан қыңырайып шыға келді. Балаларына 
тиісіп дауыс көтерді. Уәденің аты уәде ғой. Балалары әкесін ақыры көндірді. Осындай 
бөлістен соң екі жақ өз тірліктеріне көшті. Гончаровтар қол тырмамен тырмалап, айырмен 
шөмеле салды. Біз әкем 
екеуміз баулық түйіп, көкеме әзірлеп тұрдық. Көкем тең-тең шөпті дөңгелетіп лезде 
баулап келеді. 


Біз үш күн бойы шөп бауладық. Мен баулық жұлып, көкеме тасып 
қолғабыс тигіздім. 
- Шүкір, біздің Бауыржан азамат болып қапты, - деп қуанды көкем. 
Мен әбден сілем қатып шаршағанымды сезсем де, әкем мен көкемнің мақтауынан нәр 
алып қуаттана бердім. 
* * * 
Батыр мен балуанның өмірі кездейсоқ оқиғаға толы. Жазым болар, майып 
болар, наубат болар жайлар қадамын басқан сайын кездесері хақ. Қатты созған ішектей 
қылтылдаған қауіп-қатерге де кездеседі. Бірақ олар үнемі ерлікті аңсайды. Биікке 
құмартады, жеңіске құлшынады. Бұл ретте халқымның мінезі бәйгенің сәйгүлігіне, 
даланың дауылпаз сұңқарына ұқсайды. Әр қазақтың ат десе, алғыр құс десе арқасы қозып 
тұратыны да осыдан болса керек. 
Астындағы аты үшін небір қияметке де көнуге бар. «Жалғыз атты кедей» деген атаққа да 
мойнын ұсынады. Ол ешқашан да атсыз қалып, «қу томар» атанғысы келмейді. 
«Жүйрік ат аяғынан қалады», «сұңқар қанатынан қалады» деген мақал текке 
айтылмаған. Ал егер жігіт осы екеуінен де мақрұм болса, онда ол ер атаулының санатынан 
қалады. Халқымыз осылай намысқа тырысып өскен. Өйткені «Атсыз ер - қанатсыз құспен 
тең», «жаяу қалсаң - жау қолына түскенің, сан қорлықтың запыранын ішкенің». 
Міне, сондықтан да әр қазақ астындағы атын өзімен тең санаған, оның желдей 
жүрісін жанына ем санаған. Өзін қалай күтсе, көлігін де солай мәпелей білген. Атқа ретсіз 
ауырлық 
артпаған, айылын жөнсіз тартпаған, ақ-көбік етіп атойлап босқа шаппаған, алқымын судан, 
қарқынын дудан сақтаған. Болса егер жүйрік бойында шабыт шарлаған, қазақтар оның 
мойнына қамыт салмаған. 
«Төл атыңды төреге де берме» деген сөз бар қазақта. Бұл атты ардақтаудың 
биік шыңы болса керек. Жүйріктің қасиетін, сәйгүліктің бағасын бұдан артық ешкім де 
ұға 
алмас. Тіптен бәйгеге қосар тұлпарға «етегі ауыр нәсіл» деп әйел атаулыны мінгізбейтін 
болған. Киелі малдың құны осылай бағаланған. 
Жүйрік аттан айрылған жігіт жолдасын жауға бергендей қайғыратын болған. 
Әйтпесе «Құлагерді» ардақты Ақан әнге қосып зарламас еді, халқымыз әлі күнге сол әнді 
асқақтатып 
шырқамас еді. Ертегіге үңіліп, ән-күй тыңдасаңыз да, поэма мен эпостарға зер салсаңыз да, 
ат туралы айтылған жылы сөзді естімей қалған емессіз. Осы күнге дейін жақсы ат көрген 
жан «бір сұлудың құны бар жүйрік» екен деседі. Бұдан артық жүйрікке кім таңдана алады, 
кім әділ баға бере алады екен. 


Дәл сол сияқты Аққұлдың «Көкшолағы» оның өміріндегі ең соңғы сәйгүлігі 
еді, ал өзі жүйрік үшін ең соңғы серігі еді. Жүйрік те, иесі де бірін-бірі қия алмаған дос 
сияқты бір күнде көз жұмып, бұл тірлікпен бір күнде қоштасты. «Шіркін-ай, екеуі де 
әулие екен-ау» деп еңірегенде, елдің 
қабырғасы қайысқандай болған. 
Аққұлдың соңғы сөзі де, соңғы өсиеті де біреу еді. Ақырғы демі атына 
арналды: - Өле кетсем денемді «Көкшолақтың» терісімен ораңдар, - деп көз жұмды ол. 
Аққұл атам өзінен соң «Көкшолағының» біреуге қалатынына қайғырып көп 
жатыпты. Ат пен адамның шыбын жаны егіздей, ақыры екеуі де бір күнде үзілді. Енді сол 
жайлы аздап әңгіме қозғасам деймін. 
Әжемнің тұңғышы Айша деген қыз еді. Ол менің әкемнен он жас үлкен 
болатын. Осы үлкен әпкемізді Қазығұрт етегіндегі Шегір руының Жантөре деген жігітіне 
ұзатқан 
екен. 
Жездемнің ауылына бару үшін алдымен Шақпақ асуынан асатынбыз. 
Орыстар бұл жерді «Кремень» деп атайтын. Өйткені бүл араның жылтырақ шақпақ тасы 
мол болушы еді. 
Қараңғыда екі тасты бір-біріне үйкесең, ұшқын шығатын. Содан қазақтар «Шақпақ», 
орыстар «Кремень» деп атап кетіпті. 
Шақпақтан өткен соң, Майлыкент, Түлкібас жазығын басып өтіп, Қарақшы 
белден асасың. Сонан соң Машат ойпаңымен жүріп отырып, Ақсу бойын жағалайсың. 
Ақсу десе - ақ су. Сонан тау шыңынан басталатын өзеннің бүкіл арнасы ақкөбіктеніп 
арқырап жатқаны. 
Ақсудан өткен соң, Сайрамнан асып, Ленгер арқылы Қазығұртқа жететінбіз. 
Ауыл мен Қазығұрттың арасы атты кісіге үш күншілік жер. Қазығұрт жайлы айтылатын 
аңызды тілі шыққан баладан бастап елдің бәрі білетін. 
Сөзінде бұрынғының бар ма жалған, 
Басында Қазығұрттың кеме қалған. 
Басында Қазығұрттың кеме қалған, 
Болмаса ол әулие неге қалған. 
Түбінде жетім бала бұғып жатып, 
Жарықтық адам ата содан қалған, - 
деген өсиет өлеңді жас кезімізде әжемізден, аталарымыздан, әкелерімізден талай 
естігенбіз. 


Бұл аңыз адамның жанына жылы тиетін, көкейіңді сәулелендіретін аңыз еді. Еске сала 
кеткен артық болмас деймін. 
Ертеде жер бетін топан су қаптап, тіршіліктің бәрін толқын жұтыпты. Осы сұрапыл 
ажалдан өмірді қорғап қалам деп Нұқ пайғамбар арпалысқан екен. Кеме жасап, 
жан-жануардан тұқым алып, адамдарды отырғызып, топан суда жүзе беріпті. Су болса 
қырат-қырды, жазық жапанды жұтып, биік шыңдарға өрмелепті. Нүқтың кемесі 
тоқтайтын жер, паналайтын ықтасын таба алмай, толқын үстінде шарлай береді, шарлай 
береді. Толқын болса, жалғыз кемені жапыраққа да теңемей лақтырып ойнайды. 
Нұқ пайғамбар тірліктен үміт үзбейді. Дауыл басылар, топан қайтар, өмір 
жанданар деп сенеді. Сол сенімді нысана етіп қалқи береді. Дауыл кездерінде кемеден 
жаңқаша қағылып қалған көп жан-жануар суға кетеді. Сонда да кемеге таяныш 
табылмайды. 
Осындай қысталаң кезде тау шыңдары таласқан екен. 
- Менің кеудем биік, менің асқарым айбынды. Топан су маған ғана жете 
алмайды, мені ғана көме алмайды. Нұқтың кемесі іліксе, менің ғана шыңыма ілігеді, - 
десіпті биік шыңдар. 
Қазығұрт Алатаудың аласа жоны ғана ғой. Биік шыңдармен таласа алмай үнсіз 
мүлги береді. Мұны көрген шыңдар мазақтап күлген екен: 
- Немене, Нұқтың кемесін күте-күте шаршадың ба? Саған тоқтайтын шығар. 
Өйткені көп ұзамай топан судың астында қаласың ғой, - десіпті. 
- Тағдырдың жазғанын көрерміз. Одан артық не бар? - деп мұңайыпты 
Қазығұрт. Осылайша Нұқтың кемесі бір дауылдан өтіп, екінші бір дауылға көміліп келе 
жатқанда, ішіндегі жан-жануар суға кетіп таусылуға айналған екен. Кенет кеме түбі қатты 
нәрсеге тиіп, сықыр ете қалғандай болады. Нұқ пайғамбар байқап қараса, кемесі бір 
таудың басына іліккен екен. Содан топан су толастап қайта бастайды. Кеме ішінде жалғыз 
бала бұғып жатқан екен. Тіршілік қайта жанданып, осы жерден қайта өрбіпті десетін аңыз 
айтушылар.
Айша әпкем сол аты аңызға айналған Қазығұрттың баурайында тұратын. Біздің 
әулеттің » қыздарының ең алысқа кеткені де - осы әпкем. Сондықтан сағынысып 
көрісетінбіз. 
Жантөре ерте үйленіп, әйелінен ерте қалған екен. Өзі он алтыға шыққанда, он 
бес жасар әйелі толғақ үстінде өліпті де, артында Болат деген ұлы қалыпты. Менің атам 
Жантөренің 
әкесімен алыс-берісі бар, сыйластығы жарасқан жандар екен. Жантөренің бұрынғы әйелі 
де біздің рудың қызы болатын. Аққұл атамның немере әкесі еді. Атам бұрынғы 
жегжаттығынан ажырасқысы келмей Айшаны ұзатыпты. 
Ол кезде әпкем он жетіде екен. Осылайша қайтадан сүйек жаңғыртыпты. 


Жантөрені әкесі ерте үйлендіріп, он төрт жасында-ақ күйеу бала атандырған 
көрінеді. 
Жантөре мен Болат тетелес өскендей болыпты. Сұңғақ бойлы, шымыр денелі, ат жақты 
қараторы кісіні Жантөренің баласы деу қиын еді. Інісі сияқты тізе түйістіріп жүретін. Ел 
іші ол екеуін «тете шал» десетін. Ал айқындап ажыратқысы келсе, «әке-шал» «бала-шал» 
деп бөлетін. Жантөре мен 
Болат кәнігі көкпаршылар еді. Көкпар десе көздері жайнап шыға келетін. Аққұл атам 
сияқты өз аймағында атағы жер жарған шабандоз атанып жүреді екен. Тіптен нағыз 
додада екеуі әкелі-балалы екенін ұмытып кетіп, кәдімгі әріптес шабандоздарша 
сілкілесетін көрінеді. Ел мұнысына әрі қызығып, әрі қызғанып қарайды екен. 
Ол күні біз төрт көзіміз түгел үйде едік. Күн екіндіге таянып қалған. Айнала 
албырттанып, аспанда қызыл арай молая бастаған. Біз үй іргесінде отырғанбыз. Алыстағы 
қырқадан төрт аттылы көрінді. Бәрі де батар күннің алдында зорайып, қарауытып көрінеді. 
Баяу жүріспен қатарласа тізіліп келеді. Орталарында ақ жаулықты жалғыз әйел. Бәрі сол 
кісінің 
ыңғайына қарайтын сияқты. 
- Бұл кім болды, екен, ә? - деп әкем елең ете қалды. Қолын маңдайына апарып, 
тесіле қарады. Сонан соң көкеме бұрылып әмір бере бастады. - Шамасы, Айшалар, әпкем- 
дер болу керек. Жүгір, Момынқұл, алдынан қарсы ал. Үйге киіз салсын де. Осыны айтып 
әкем тағы да жолаушылар жаққа көз тікті. - Иә, Айшалардың өзі екен. Әне, анау Жантөре 
ғой. Атқа отырысынан танып тұрмын. Ер үстінде еңкіштеу отырғаны Болат. Ал анау 
тыпыршып келе жатқаны Асқаржан ғой. Үлкен үйге түсіріңдер. Бол-бол тез. Келіп қалады 
енді. Кіші үйге әпкем түспейді. Тез қамданыңдар. 
Жолаушылар ат шаптырым жерге жақындап қалды. Әкемнің айтқаны рас екен. 
Келе жатқандар әпкемдер болып шықты. Айша жирен биені жорға бүлкілге салып келеді. 
Өзгелері қоршай қаумалап майда желістен ауар емес. Әпкем астындағы ат тұяғы туған 
жердің топырағын, баба жерін, ел мекенін басқанына масаттанып, кәрі кеудесін маңғаз 
көтеріп келе жатқандай еркін отыр. Сырт қараған кісіге әлдебір тәкаппар қатал әміршіге 
ұқсайды. Ал төңірегіндегі ер кісілер соның қошеметшілері сияқты. 
Әкемнің жүзінде күлкі ойнап, әрең шыдап тұрды да, әлдең соң елбелектеп 
жүгіре жөнелді. Сол күйі әпкемнің тізгініне жармасты. Кемпір лезде босап, еміреніп кетті 
де, иегі кемсеңдеп інісіне телміре қарап тұрып қалды. «Айналайындар, алтындарым» дей 
береді. 
Әкем де тізесі қалтырап, түк сөз айта алмай, Айша әпкемді қолтықтады. 
- Аттан түсіңізші, әпке. Жол соғып, қажып қалмадың ба, айналайын 
қамқоршым менің. Арқалап жүріп өсірген едің. Келші өзім қолтықтап түсірейін, - деді 
әкемнің дауысы 
жарғышақтанып. 


Інісінің мына сөзі кемпірдің жүйкесін тіптен босатып жіберсе керек, көзіне 
жас алған күйі, әкемнің созған қолына аунай берді. Әкем ол кісіні көтерген күйі жерге 
түсірді де, 
құшақтап жұбата бастады.
- Қойыңызшы, әпке. Шаршап қаласыз ғой. Шүкір, аман көрістік. Неге сонша 
босайсыз, үйге жүріңіз. Тынығыңызшы. 
Келте мұрын, томпақ көз, сүйір иек, жүқа ерін ақ сұр кемпір бәсең үнмен 
інісіне жұбату айтып тұр: 
- Алтын апамнан айырылып жетімсіреп жүрмісің, құлыным? 
Мына сөз манадан бері әрең шыдап тұрған көкемнің тығынын ағытып жіберсе 
керек, еңкілдей жылап Айша әпкемнің кеудесіне басын сүйей берді. 
- Қой енді, Айша. Басу айта ма десем, жасу айтып тұрғаның не? - деп сөзге 
екі беті нарттай, аппақ сақалды әдемі шал араласты. - Апам жарықтық жақсы адам еді ғой. 
Топырағы торқа болсын, кім жаман көрінгенінен өлімге қиды дейсің. Тағдырдың жазғаны 
сол шығар. Ағайындарыңды қайта-қайта жасыта беріп қайтесің? - деді әлгі шал бәріне 
тоқтау айтып. Бұл Жантөре еді. 
Шетте тұрған арық шал - Болат болатын. Ол да әпкеме: 
- Апа, мұныңыз не, ауылдан шығарда, өзіме берік боламын деп уәде 
еткеніңіз қайда? - дейді жымиып. 
Жарау қара сәйгүліктің тізгінін ұстап күлімсіреп тұрған мұрынды, қияқ қасты, 
қысық көз, қара торы, өрімдей көрікті жігіт Айшаның ұлы Асқар еді. 
Біз сияқты бала-шагаға көңіл бөлуге кезек жетпей келгендер үлкендермен әлі 
шүйіркелесіп тұр. Тек амандық сұрасып, әбден жайғасқан соң ғана әпкем айналасына көз 
салып еді. Әлгінде ғана әкемді жас балаша аймалап, елжіреп тұрған көңілшек кемпірдің 
ойына енді түссем керек, қасына шақырып алды да, маңдайымнан сипады. Тіл-көзден 
сақтасын деген ырымын істеп, жан-жағына түкірінді де, әкеме тіл қатты. 
- Сенің ұлың осы ма, Момыш? - деп сұрады. - Менің де тентек немерем өсіп 
келеді. Аллаға шүкір. 
Бүкіл ауыл «әпкелеп» жапырыла күткен кемпірдің тіптен атымды да ұмытып 
қалғанына қатты өкпеледім. Қайта Болат көңіл жұбатар сөз айтты. 
- Аманшылық болса, бұл әлі жігіттің төресі болар, - деді арқамнан қағып. 
Әкем осынау қуанышты кездесудің әсерінен әлі арыла алмай отыр. Жантөре 
әпкем екеуінің бүгінгі қылығын мысқылдап қояды. Болат сөзге оқта-текте қосылып әдеп 
сақтап отыр. Асқар әлі аузын ашқан жоқ. Көкем қонақтардың қамын ойластырып сыртта 
жүр. 


Шай алдында Айша әпкем өзімен келген қоржынын алдырып, аузын сөкті. 
Бала-шаға өрік, мейізге қарық боп қалды. Әйелдерге көйлек әкеліпті. Көкем екеумізге 
кестелі тақия кигізді. Әкеме қаракөл құлақшын тігіп әкеліпті. 
Жанына отырғызып алып, жас балаша аузына өрік-мейізді тықпалай береді. 
Жиналғандар бұған ду күлісіп жатыр. 
- Кемпір-ау мынауың не? - дейді Жантөре кеңкілдей күліп. Онан да 
балаларға үлестірмеймісің, - дейді. 
Әпкем жездеме: 
- Алдымен Момышжанның тиемелісін өз қолыммен жегізейін. Өзгесін кімге 
берсеңдер де жұмысым жоқ... 
- Момекеңнен балалары тартып жер деп қорқамысыз, - деп күлді Болат. 
Әкем мәз болып күлді де, әпкемнің қолынан базарлығын алды. 
- Бәрін осы шырағым үшін әкелгем жоқ па? - дейді кемпір шынымен-ақ. - Өз 
қолыммен жегізбей көңілім тынбайды. 
Осылай мәз-мейрам болып жатқанымызда, Аққұл атам келді. Меймандармен 
құшақтасып көріскен соң, ол Жантөренің қасына барып отырды. 
Амандық-есендіктен соң Аққұл аз қысылып отырды да, әпкеме қарап тіл 
қатты. 
- Айналайын, Айша апа, мен бұл шаңырақтың алдында айыптымын. Бетім 
күйіп келе алмаушы едім. Өзіңіздің хабарыңызды естіген соң шыдай алмадым. Бет 
моншағымды 
белге түйіп, босағадан әрең аттадым. Сізге сәлем бергелі келдім, апа. Арамызда болған 
ыңғайсыз жайды естіген шығарсыз. Бәріне кінәлі - аппақ сақалыммен өзім болдым. Сөйтіп 
қас масқара болған жайым бар. 
Жантөре жер шұқылап үнсіз отыра берді. Болат ауыр күрсінді де 
дастарқанның шетін уқалай берді. Асқар баяғы қалпынан ауған жоқ. 
- Келгенің жақсы болды, Аққұл. Ризамын, - дей берген әкемнің сөзін бөліп 
жіберіп, әпкем ашумен айқайлап жіберді. 
- Қайда әлгі үя бұзған ұятсыз, шірік, - деп жұдырығын түйе сөйледі. 
Көкем самауыр алып келе жатқан. 
Табалдырықтан аттай бере естігені қарғыс пен қарақұйын ашу болды. - 
Сен шірікті біздің ұядан ұшты деп кім айтады? Бойыңды шайтан жайлаған сүмелек. О! О! 
Өлер 


шағымда естиін деген сөзім бе бұл, көрейін деген сорым ба? Шыққыр көзім кімді көріп 
тұр? Онан да жер жұтып кетпеді ме сені. Бір жатырдан шығып ек, бүгін келіп бетіме қара 
күйе жаққаның ба, жүгермек? Өлім-ай. Өлім-ай! 
- Айша! - деп зілдене сөйлеген Жантөрені әпкем елеген де жоқ. 
- Құдай-ау, мен енді Айша емеспін, адасып қалған бейбақпын, - деп 
көзіне жас алды. - Мына қарабет албастының әпкесімін ғой. Бетіме салық етіп жүрерсің. 
Осында қалдырып кет енді, - деп ол қатпар-қатпар әжімді қолын көкем жаққа сілтеді. - 
Тьфу, тьфу, кәпір. Бетің күйсін, жүзіқара. 
Көкем аң-таң боп тұрып қапты. Кемпір онан сайын ашуланып барады. 
- Құдай-ау, бүйткенше неге алмайсың мені? Кіндік кескен шаңырағымда 
отырып қас масқара болғаным ба, шынымен? - деп өзін-өзі жерлей сөйледі. - Не жазып ем, 
тәңірім-ау! Жоғал, жоғал көзіме көрінбей. Сен де бір шіріген жұмыртқасың, - деп көкемді 
сұқ қолымен түйрей 
нұсқады. 
- Момынтай, бара қойшы, шырағым, - деді әкем түкке түсінбей аңырып 
түрған көкеме. - Әпкем мән-жайға түсінбей жатыр. Ашуына тие бермей-ақ далада жүре 
тұршы. 
Көкем мойны салбырап сүйретіліп шыға берді. Үлкен сыйлаудың ең биік үлгісін 
көрсеткендей еді көкем. Мен оны қатты аядым. Соңынан еріп тысқа мен де шықтым. 
Байғұс көкем аулада мең-зең болып, жүзі күңгірт тартып, ызадан жарылардай боп тұрды... 
Кішінің күні осы екен ғой. Әжем Момынқұлға кеюші еді. Серкебай нағашым 
келген сайын қамшы үйіретін, тіптен әкем де бірде оны «ақымақ» деп ұрысқан. Ал бүгін 
мынау тәмпіш 
кемпір апшысын қуырып алдынан қуып шықты. Көкеме қалай да қол ұшын беріп, 
арқалаған ауыртпалығының, көтерген соққысының жарымын бөліскім де келеді. Бірақ 
көкемнің қасында, мен де кішімін ғой. Бірдеме деп зекіп тастаса қайтем. Көкем сонау 
алыс көкжиекке мұңая қадалып 
қимылсыз тұра берді. Әлден соң менің қасында тұрғанымды сезіп, жай ғана сөйледі. 
- Бара ғой, Бауыржан. Ішке кір, әкеңе шай кұюға көмектес... 
Ішке кірсем, бәрі де үнсіз шай ішіп отыр екен. Бір-біріне қарауға да 
қаймыққандай, кеседен бас алар емес. Әпкемнің жүзі қуқыл тартып кетіпті. Ашу үстінде 
босқа 
балағаттағанын білген соң, іштей қиналып отыр-ау, шамасы. Әйтеуір ыстық шайды үсті-
үстіне өшіге ұрттайды. 
- Мәселенің мәнжайын алдын ала неге түсіндіріп қоймайсың, - деп әпкем 
енді әкеме тиісе бастады. 


- Ойбай-ау, әкпе. Аузымызды ашуға мұрша бермедіңіз ғой. 
- Мұның бәрі әзәзіл сөзге еріп, түсінбестікке ұрынғанның кесірі, Айша апа,- 
деді Аққұл күрсініп. - Өсек сөзге еріп қалдық қой... Келінім де бірбет еді. Кешіре алмады. 
Бұл оқиға өтірік болмаса, мына киелі шаңыраққа бас сұғар ма едім. Кешірім сұрағандай 
келіп отырмын ғой. 
Ал, өзіме сол керек еді. Алжыған қақбаспын ғой,- деп Аққұл енді өзін кінәлай сөйледі. - 
Келінім кетіп қалды. Артынан адам жіберіп, алдына жығылып ек: «Мені аямаған, менің 
ұятымды ойламаған, арымды аяққа таптаған үйге енді бас сұға алмаспын», - деп 
қайтарыпты. 
- Сендер әйел баласын аяусыз қорлапсыңдар, қатыгездікпен қаралапсыңдар, 
Аққұл,- деді Айша әпкем енді солай бұрылып. - Әйелді қорлау үшін көп ақылдың керегі 
жоқ. 
Бәріміз де өсек сөз бен әзәзіл отқа күйіп кетуіміз мүмкін. Сен кәрі төбетке не жоқ, 
қалайша жерге кірмей, тірі жүрсің? Өз қолыңмен келініңді қуып тынған қу томар екенсің 
ғой. 
Әпкем Аққұлды жеп жіберердей шүйлікті. Аққұл болса тауы шағылып, 
маңдайы тасқа тиіп, әбден сүлесоқ болған кісідей тұнжырап отыра берді. 
- Мені алжастырып жіберді ғой, Айша апа. Ашу үстінде ақылдан айрылып 
қалғанымды кейін білдім. 
- Ал енді өз қотырыңды өзің қасып мәз болған шығарсың, - деп кемпір улы 
тілімен шағып алды. - Бейбақ болған баласың ғой, әншейін. 
Алпыстағы «бала» әпкесінің ұрысқанына ләм дей алмай, үнсіз шайын 
ұрттап, кесе түбін тықырлата берді. 
- Бишара Момынкұл айналайынды жерден алып, жерге салғандай ұрыстым 
ғой мен алжыған. Сонда да аузын ашпады ғой, мың болғыр шырағым, - деп Айша әпкем 
енді көкемді аяп көзіне жас алды. - Әдеп көрген бала емес пе, алдымда қарсы тұрмады ғой. 
Сүт кенжеміз емес пе? Еркелетіп әлдилеудің орнына, ал кеп төпелейміз. Сонда да мыңқ 
етсейші, шырағым. Көзі жәудіреп, аңтарылып тұрғаннан басқа не біледі, күнім. 
Айша әпкем енді шындап жылай бастады. - Шешемнің сүт кенжесін суға 
тиген мысықтай түртпектегенім не менің! Алжыған басым «үйден шық!» деп зекігенімде, 
үнсіз томпаңдап шыға берді ғой, шырағым. 
- Қой, енді, сонша термелеп не көрінді саған? - деп Жантөре қатқылдау 
айтты. - Өзің ұрысып, өзің жыладың. Ешкім бетіңе келген жоқ. Енді тағы да өзіңді-өзің 
кінәлап жасқа булығып отырғаның. Аздап ұялсаңшы. 
- Сен өйтіп білгірсіме, былай! Бұл үйде мен сенің қатының емеспін! - деп ықылықтады 
әпкем. - Өзімнің кіндік кескен шаңырағымда, ата-анамның құтқана мешітінде 


сен өйтіп қожаңдама. Төркінімде мен саған қатын емес, «қалыңдығыңмын». Соны да 
білмеймісің. 
Осыны айтқанда, үйдің іші ду күлісті. Тіпті Асқардың өзі ішін үстап, 
домалап жатыр. 
- Әдепті күйеу болып жөніңе отырсаңшы, - деді әпкем тағы да елді 
күлдіріп. 
Жантөре тізесін алақанымен салып қалды да, жинақы қозғалып, жүрелеп 
отыра кетті. - Міне, ақылыңнан айналайын кемпірім-ау, баяғыдан сөйтпеймісің, - деді де 
лезде даусын өзгертіп, ұялшақ жігіт болып сөйледі. - Не деген көрікті едіңіз? Үйдің ішін 
нұрландырып тұрған сіздің ажарыңыз ғой! Жұрттың бәрін бұлбұл үніңізбен баурап 
алдыңыз. Қашанғы сайрар екенсіз, Айша? - деп әзілмен бастаған сөзін қатқыл үнмен 
аяқтады, - Өзіңді аямасаң да, мына жиналған ағайындарды аясаңшы. 
Осы кезде үйге көкем кірген. Үйдегілердің әңгімесіне сырттан құлақ тосып 
тұрса керек. Қолайлы кезді күтіп тұрып, енді ішке енген сияқты. Көкемді көре сала, Айша 
әпкем қайтадан көзі мен сөзіне ерік берді. 
- Бері келіп отыршы, құлыным. Қасыма отыршы, жаным, - деп жаулығының 
ұшымен көзін сүртті. Қолындағы кесені ұсынды: - Мә, Момынтай, өз қолыңмен шай 
құйып берші, 
бауырым. 
Әпкесі мен інісі осылайша ұғысып, табысты. Көкем кесені құрметпен 
алды да, қол қусырып қайта ұсынды. 
Мұнан кейін әпкем еліне кеткенше біздің бәрімізді бір шыбықпен айдағандай 
әмір беріп отырды. 
- Бұл шаңырақта дүниеге ең алғаш өзім келгем. Қуанышты ең алғаш әке-
шешеме өзім бергем. Ең алғаш аялағаны да өзіммін. Сондықтан менен үлкен қайсың бар, 
кәне? - дейтін әпкем. 
Біздің үйдің адамдары бұл сөзге дәлел таба алмай, бәрі де осы тәмпіш кемпірді 
құрақша жапырылып күтетін. 
* * * 
Жантөрелер үйімізде бір түнеген соң, қолға тимей кетті. Әр шаңырақ 
шақырып, мал сойып, мамыражай болып күтеді. Біз меймандардың шашбауын көтерісіп 
топталып ілесеміз. 
Аққұл атамның немере інісі Дембай ұлды болды. Осынау жалпақ бет, үйрек 
тұмсық, жирен сақал, қисық аяқ қысқа кісі мен дүниеге келмей түрып үйленген екен. 
Әйелі ұзын бойлы, арық келген сіріңке қара кісі. Ауыл әйелдері оның бойына қарай 
«сырық» деп атап кеткен. Көп уақыт бала көрмей, нәресте сүймей, екеуі де әбден 


қайғырып жүреді екен. Құрсақ көтергеннен екеуі де кұрақ ұшып, тәңіріне күні-түні 
жалбарынып жүріп көрген жалғыз ұлы осы. Бұл қуанышты күнге жеткенше екеуі қанша 
толқып, қанша дегбірі кетпеді дейсің. Түн ұйқысын төрт бөліп, тілек тілеген кезеңдері де 
болыпты. Содан әйелі толғатып босанар күні Дембай бүріскен торғайдай үй сыртында бір 
уыс болып үнсіз отырып алыпты. Іштегі әйелдердің бірі жүгіріп шығып, «ұлды болдың, 
сүйінші» дегенде Дембай әлгі әйелді қалбалақтап кеп құшақтай алыпты да, мойнына 
асылып емірене егіліп жылапты. Көптен күткен қуанышын ол осылай жария еткен екен. 
Мұны көрген өзге кісілер де шыдай алмай, қосыла жыласа керек. Дембайдың қуанышын 
құттықтауға да мұршасы келмей, ықыластарын шын пейілден шыққан көз жасымен 
көрсетіпті. Басына күтпеген 
жерден қона салған мұнша бақытты көтере алмай есеңгіреп қалған Дембай далбалақтап 
әркімді бір құшақтайды. 
Әркімнен бір сұрайды: 
- Шын айтасыңдар ма, жұртым-ау? Әке болдым ба, шынымен? Ұл көрдім бе? 
Үмітім жанғаны ма, халқым-ау! Е, айналайын жаратқан ием, көз жасымды көрген екенсің 
ғой. Жарылқадың ба, шынымен! Тоба! Тоба! - деп ол әркімнің кеудесіне басын сүйеп 
тұрып алады. 
Біздің ауылға да сүйінші сұрап, елбе-делбесі шығып, бір бала жүгіріп келді. Әр 
сөздің аяғын жұтып, ентігіп әрең тұр. «Сү-сү-йінші! Сүйінші!» «Де-ем-бай кө-кө-ем ұлды 
болды» 
- деп әрең айтты. Сонан соң ол Айша әпкеме тілегін білдірді. 
- Аққұл атам сізге сәлем жолдады, Айша апа. Өзіңіз кіндік шеше, ал Жантөре 
жездем өкіл әке болсын деп сұранды... 
Біздің үй тайлы-тұяғымен көтерілді де, Жантөре мен Айша әпкеме еріп Аққұлдың 
ауылына бет алды. Ауылдың ошағынан будақтаған түтін молайыпты. Шамасы, шілдехана 
тойын бүгіннен бастамақ сияқты. Бір-екі жігіт үй арасында қой сүйрелеп жүр. Біз 
салтанатпен сабырлы келе жатқан Айша апамның қатарынан озбай әрең шыдаймыз. 
Аққұл ауылының адамдары түгел жиналып, бізді күтіп тұр екен. Әйелдер 
абыр-сабыр болып, әр үйге жүгіріседі. Әйел қауымы қашан да осы ғой, шіркін. Қайғы 
болса шын 
жүректен қайғыра алады, қуаныш болса бар ықыласымен қуанады. Адам көңілінің 
айнасындай ғой әйел деген. 
Аққұл атам аппақ түйежүн шекпенін жамылып топ ортасында тұр екен. 
Шекпенінің етегі кең болғандықтан тобығына дейін бүркеп тұр. Алыстан қараған кісіге ақ 
тастан қашалған ата мүсіні сияқты сезіледі. Жиегі жалпақ ақ қалпағы да біртүрлі сұс берін, 
атамды айбарлы көрсетеді. 


Біз жақындай бергенде, әлгі тас мүсіндей тапжылмай тұрған атам алға қозғалып 
еді, қасындағылары да бізге қарай лап қойды. Елпектеп тез жүргеннен шекпенінің етегі 
желбіреп келеді. Манағы көз алдында елестеген сұсты мүсін енді кәдімгі өзіміздің 
қарапайым атамызға айналғанына таңырқағандай едім. 
- Армысыз, әпке, - деп Айшаға ентелей қол созды. 
- Қуаныштарың ққтты болсын, қарақтарым. Ұзағынан сүйіндіре көрсін, 
құлындарым, - деп Айша апам да елжіреп амандасты. 
Бәріміз жапырласып құттықтап жатқанымызда, көрші отаудан Дембайдың өзі 
жүгіріп шықты. Тәттіге ұмтылған баладай арсалаңдап, мойны бұлғақтап келеді екен. 
Қисық аяғы осынау жүрісін онан сайын теңселтіп біртүрлі қораштау көрсетеді. 
- Айша апа! Айша апа! а-а-а! - деп еркелей келіп, әпкемнің құшағына енді де 
кетті. Әпкем оның басынан сипап, кәдімгідей жұбатып тұр. Бірақ Дембай ықылықтап 
болар емес. 
Тұс-тұстан құтты болсын айтуға келген адамдар мол жиналды. Әйелдер 
дастарқан көтеріп мәре-сәре болысып жатыр. Сол бойы олар жұртқа бауырсақтан шашу 
шашып ерекше қуанысады. Елдің бәрі шашуды жерден теріп, кейбіреуі қағып алып жеп 
жүр. 
Той осылай басталып та кетті. Балаға үшінші күн толғанда Дембай көкпар 
берді. 
Көкпар күн көзі қайтып, мамық шуағын масайрай төгіп тұрған сәтте - бесін кезінде 
басталады. 
Жантөре, Болат, Асқар және көкемдер ешкімге сенбей, аттарын өзі ерттеді. Үзеңгісін 
қысқартып, тартпаларын нықтап тартты. Бәрі де сәйгүліктерінің сауырын сипап, жонын 
қағып, мәпелеп жүр. Шабандоздар сайланып біткен. 
Осы жолы маған да жеке ат тиіп жетісіп жүрмін. Құнан шығар қара жирен 
айғырды көкем ерттеп мінгізген болатын. 
- Өзіңе абай бол. Додаға жақындап жүрме. Көкпарға әлі шамаң жоқ, - деп 
әбден пысықтап алды. 
Мен қызыққа шеттен ортақтасып, сырттай көз тігемін. Жантөре мен ұлдары 
әбден кәнігі болған шабандоздар екен. Бір үйме-жүйме доданың ішінен әлгі сымбатты шал 
суырылып көкпар іліп шыға келді. Өзгелер іркес-тіркес соңынан қуды. Жантөре ер үстінде 
еңкейе жатып, көкпарды 
ұршықша үйіріп барды. Аққұл атам той иесі болғандықтан, бұл жолы тілеулестер тобында 
тұрған. Жантөренің әр қимылына риза болып желпініп қалады. 
- Әй, кәрі тарланым-ай! Тізгінді қалай меңгереді десеңші. Мұндайда аттың өзі 
қыбырлаған қыбыңнан-ақ, ыңғайыңды ұға біледі, - деп төңірегіндегілерге түсіндіріп 


тұр. - Атты қақпайламай, еркіне жібер. Тек қимылыңмен, тақымыңмен сездіре біл. Сонда 
атың өзінен-өзі үйлесіп отырады... О, сақалыңнан айналдым, Жантөре, - деді ол кенет 
шабандоздың тәсіліне риза болып. Жездем соңындағы қуғыншылардан құтылу үшін, 
оларды өзіне жақындатып 
алып ат басын ірке қойған екен. Екпіндеткен шабандоздар жанынан зулап өте шықты. Сол 
кезде Жантөре атының басын кері бұрып алды да, мәреге қарай тура тартты. - Міне-міне, 
көрдіңдер ме? Ескінің көзі осындай болады. Біздің кезіміздің шабандоздарына кім теңесе 
алады, тәйірі? 
Бүгінгінікі әшейін ермек қой. 
Кенет шаршы топтан жирен айғыр суырылып шықты да, Жантөренің ізіне 
түсті. Байқасақ, Асқар екен. Ол әкесін қуып жетті де, «әке, көкпарды маған ұзатыңыз», - 
деп 
дауыстады.
Жантөре шабысын ірікпей, серкені көтерген күйі баласына қарай атып 
жіберді. Асқар да әбден машықтанып алған ба, көкпарды допша қағып әкете берді. 
Қызықтаушы жұрт тағы да таңдайын қағысты. 
Жантөре жанамалай шауып, ұлына әлденені нықтап үйретіп бара жатты. 
Осылайша әкелі-балалы екеуі қатарласа отырып, дүйім шабандоздарды ентелетті де 
қойды. 
Қас қаққанша керемет оқиғаның куәгері болдық. Тізерлесіп шауып бара 
жаткан әкелі-балалы екі шабандоздың аттарына қанат біткендей қарғып барады екен. Сол 
күйі екеуі де арғы бетке бірдей түсті. Қуғыншылар тұмсығы тасқа тигендей аттарының 
басын тежеп, аңтарысып тоқтап жатыр. 
Сөйтсек, әлгілердің аттары тау толқыны қазып кеткен үлкен ордан қарғыған 
екен. 
Жұрт әрі таңырқап, әрі қорқып жағаларын ұстасты. Сөйтіп тұрғанда Жантөрелер арғы 
бетте тек ұлы екеуі ғана екенін аңғарған соң, ордан бері қарай қайта қарғыды. Тағы да 
қосарласқан сәйгүлік аспанға қас қағымда оқша атылды да, қалқып келіп бергі жағаға 
түсті. 
- Мыналар ертегінің ерлеріндей ғой. Өзім туғалы мұндай батылдықты 
көргенім осы, - деді топ ішінен біреу. 
- Астарындағы ат емес, самұрық құс шығар, сірә, - деді екіншісі. 
- Жүрегім тас төбемнен шыға жаздағанын қарашы, - деді үшіншісі. 
- Иә, жақсы атқа нағыз шабандоздар осылай әмір етпек. Шын шабандоздың 
сырын аты әу дегеннен ұғады ғой, - деді Аққұл. 


Жұрт бір сәтке дамыл алғандай еді. Шабандоздар Жантөре мен Асқарға бәсекелесе алмай 
аңтарысып тұрған сияқты. Екінші айналымға Аққұлдың шыдамы жетпеді. Додаға белсене 
кірісіп, қақ жарып суырылып шыға келді. 
Жиналғандар енді Аққұл атамды мадақтай бастады. Осы кезде топ 
ортасынан Жантөре суырылып шықты да, Аққұл атамның ізіне түсті. Өзге шабандоздың 
бәрі қызыққа қарап 
тұр. 
Аққұл құйындатып жеткізер емес. Жантөре жете берсе, кілт бұрылып ұзап 
кетеді. Осындай бір сәтте Аққұл атам ұршықша үйіріле бергенде, Жантөре еппен келіп 
көкпарды жұлып әкетті. Қос кәрі тарлан көкпар өнерінің өрнегін көрсеткісі келді ме, енді 
бір-бірін көтермелеп барады. 
Жантөре атын құйындатып өте беріп, серкені атама лақтырып еді, Аққұл 
допша қағып алды. Сөйтті де, тай шаптырым жер құйындатып барып, қайта оралды. Сол 
екпіндеген күйі 
Аққұл атам да Жантөреге серкені атып жіберді. Жантөре де іліп алды. Әншейінде шал деп, 
шамасыз деп мүсіркей қарайтын мықты жігіттер мына екі ақсақалдың қайта түлегендей 
жанданып, жонданып кеткеніне аң-таң боп тұр. Не де болса айқас үстінде ақсақалдармен 
тіреспек болып шабандоздар лап қойып еді, екеуі қатарласа тартысып, тағы да ордың арғы 
бетіне ырғып кетті. Қуғыншылар қиқуласып келе беріп ат басын амалсыз іркіп жатыр. Тек 
қана соңдарынан 
созылған шаң «ендігі кезек менікі» дегендей, тоқыраған ат легінен өте беріп ор үстін ақ 
түтінге көміп жіберді. Екі шал болса емін-еркін арғы бетте тартысып жүр. Өзгелер осынау 
қызыққа алыстан көз салып, амалсыз тыпыршиды. 
Қос шабандоз енді бір-бірінің намысын қайрап, әбден ұшқындап алған 
сияқты. Екеуден-екеу тіресіп, әбден сілкілесіп жан дәрмен жағаласқа еніп кетіпті. Аққұл 
атам көкпарды тақымына басып жүйтки жөнеліп еді. Жантөре ұзаққа жібермей жетіп 
қалды. Серкеге қол соза бергенде, Аққұл атам лып еткізіп тақымына ауыстыра қойды. 
Жантөре егес жетегіне еріп со бойда Аққұл атаммен қатарласа берді де, Көкшолақтың 
жалынан асып барып серкеге жармасты. 
Әріптесін екінші қапталдан күткен Аққұл атам бұлай боларын сезбесе керек, 
ерден ауа жаздап, серкені босатып алды. Жантөре сытыла бергенде атам қайта жармасты. 
Екеуі де ат басын еркіне жіберіп тік тартысқа көшкен екен. Әрқайсысы ерден ауып, аттың 
өзін таяныш етіп 
тартысқанда, жүйріктері жантайып кетеді. Серке екі жүйріктің ортасындағы көпір сияқты 
керіліп қалған. Сәл босаса, аттар жамбастап кұлайтындай. Айтқандай-ақ, кенет екі ат екі 
жаққа қаңғалақтап барып, аяғын әзер түзеді. Үстеріндегі шабандоздар үзеңгіге ілінген 
денелерін меңгеріп ер үстінде тік тұрысты. Екеуінің қолында да көкпар, екеуі де серкелі. 


Жұрт аң-таң. Сөйтсек, ұзақ сілкілесуге шыдамай серке екі бөлінген екен. 
Намыс кернеген кос шалды осылай бітістіргендей көрінді маған. 
- Не деген қайрат! 
- Шал деп жүрсек, шағылмаған болат екен ғой, - десіп жұрт гулесіп кетті. 
Сөйткенше болған жоқ, екеуі бірдей біз жаққа ат басын бұрды. Енді ордан қарғуға 
таласқан сыңайы бар. Жантөре Аққұлды куып жетіп, ордан қарғып кеткен. Аққұл атамның 
да аты секіре бергенін көргенбіз. Кенет ат та, шабандоз да көрінбей кетті. 
- Ох, тәңірім, жазым болмағай, - деп шу ете қалды жұрт. 
Бәріміз ат қойып жетіп келсек, алдымыздан жаңа ғана қопарылыс болғандай 
бір шыңырау шаңытып тұр екен. Шыңырау түбінен аттың қырқыраған үні естіледі. Атам 
су 
үңгіп кеткен апанға құлаған екен. 
- Тез-тез шылбырдың бәрін шешіңдер, - деді Жантөре жалма-жан оқыс 
дауыстап. 
Сол-ақ екен, Жантөренің алдына сусыған қыл шылбырлар үйіліп қалды. Жездем дәл бір 
жыланның ордасында отырғандай шылбырды жалғастыра бастады. 
- Бол-бол, тезірек қимылда. Ілмек жаса, - деп қасындағы Асқарды 
асықтырады. 
Бұл кезде апан аузындағы шаң сейіліп, түбі көріне бастаған. Кенет 
әлдекімнің даусы үрейлі шықты. 
- Ойбай-ау, Көкшолақ жауырынымен жатыр ғой! Төрт аяғы аспанға қарап 
тұр. 
Жантөре жалма-жан аттың төрт аяғына да тұзақ салып үлгерді: 
- Тартыңдар, тек көтеріңдер! - деп дауыстады. 
Қалың топ Көкшолақты қаңбақша көтеріп шыққандай болды. Денесін шаң 
басып, аузы көбіктеніп, тұяғы дірілдеп, басын көтере алмай, бишара Көкшолақ теңкиіп 
жатты. Үлкен 
бадырақ көзі төңкеріліп, әлдекімді іздегендей көрінді. 
- Жарықтық, иесін іздеп жатыр! - деді біреуі. 
- Эх-эх-эх-эх! - деп еңіреп жіберді Дембай. 
- Ақырын, қарақтарым, абайлаңдар, алтындарым, - деп Жантөренің 
даусы төменнен қалтырап шықты. Қарасам бет-аузы қанға бөккен қыбырсыз Аққұл 
атамды құшақтап көтеріп келеді екен. Денем түршігіп кетті. Әлгінде ғана ат үстінде атой 
салып жүрген атамды дәл осылай қан жуып, шаңға көміліп жатады деп кім ойлаған? 


- Үймелемей аулақ тұрыңдар. Ауа жұтсын, - деп ақырды Жантөре. 
- Ой, ой, айналайын, әкетайым, - деп Жексембай зар еңіреп түр. 
- Мына жерге жайғастырайық. Көкшолақтың қасында болсын, - деді 
Жантөре баяу үнмен. 
Суға кеткен шапқыншы да ауылдан оралды. Жантөре атамның басын сүйеп 
бетіне су бүрікті. Үлкен орамалымен қанын сүртіп, асты-үстіне түсіп отыр... 
Жасыл шалғын үстінде қорқыраған Көкшолақ пен оның иесі Аққұл екеуі 
қыбырсыз жатыр. Қалған жұрт жандарын шүберекке түйіп, тілеу тілеп қалтырап тұр. 
Іштей жылап тұншығады. Көлбей түскен күн сәулесі атамның денесінен аққан қанды 
күлгіндендіріп жібергендей, біртүрлі үрей тудырады. 
Аққұл әлі қыбырсыз. Жантөре басын сүйеп, кеудесіне кұлағын тоса береді. 
Бетіне суық су бүркіп отыр. 
- Аққұл! Аққұл! - дейді қайта-қайта. - Естимісің мені?! 
Аққұлда үн жоқ. Осылай өткен үмітсіз көп уақыттың үрейін қуып әлден соң 
атамның ерні қыбырлады. 
- Аққұл! Аққұл! Қалайсың! - дейді Жантөре дамылсыз дауыстап. 
Аққұлдың кірпігі қимылдап, көзін әзер ашты. 
- Сенбісің, шырағым? Қасымдамысың? 
- Иә, Ақкұл, бәріміз де қасыңдамыз. 
- Ри-за-мын, - деп Аққұлдың үні бәсеңдей берді. - Су берші! 
Жантөре атамның ерніне мұздай суық бастау суын тосты. Атам мандытып 
жұта алған жоқ. Тек көз жасындай мөлдіреген су атамның аппақ сақалын аралап, 
омырауына төгіле берді. 
Атамның басы былқ-сылқ етіп, икемге келер емес. Күбірлеп әлденені айтқан 
болып еді, түсіне алмадық. Жалғыз ғана Жанторе аңғарған екен, тез әмір берді. Бір жігіт 
жүгіріп келіп Көкшолақтың ерін алды да, Жантөренің жанына қойды. Терлігін төсеп, ерін 
жастық етіп атамды 
сонда жатқызды. 
- Өз-өзіне келгенше орнынан қозғамайық. Ауылға жеткізе алмаспыз, - 
деді Жантөре бәсең үнмен. 
Бұл кезде күн еңкейіп, Шақпақ жонынан асып барады екен. Айнала өрттей 
қызарып, біртүрлі айбарлы алау шашып тұр. 
Ымырт үйіріліп, айнала күреңіте бастаған шақта ес жинаған Аққұлды 
ауылға жеткізбек боп бәріміз жабырласып едік. Екі атқа керіп тартқан Көкшолақтың 
терісіне Аққұл 


атамды жатқызып лек-легімізбен баяу ғана ауылға беттедік. 
Ешкім үн қатқан жоқ, көңілді күлкі де естілмейді. Тек ат тұяғының тысыры 
ғана жүрек лүпілін жиілетіп бір түрлі қобалжып келеміз. Сол түні Аққұл өз шаңырағына 
түнеп шықты да, таңға жуық жарық дүниемен қоштасып еді. 
* * * 
Қолы бос кездерінде әкем өз бетінше оқытып, маған хат таныта бастады. 
Арабша еркін оқып, орысша сөз басын құрай білетін болдым. Алайда бұл екі тілдің де 
мәніне жете 
түсінбей, мағынасына жете мән бере бермейтінмін. Әйтеуір жеңіл-жеңіл есеп шығаруға 
құмар-ақ едім. 
Биыл Гончаровтар бізбен тағы да ортақтасты. Бұл жайлы жыл еді. Ел аман-
есен, малдар күйлі, егін жайлы, жұрт сыйлы еді. 
Бір күні Кузьма шал келді. Әкем екеуі жерді аралап шықты. Егінжайға 
келгенде ат үстінде тұрып бірнеше масақ жұлып алды да, күс-күс алақанымен уқалап 
уатты. Сонан соң сапырылыстырып қауызын ұшырды. Алақанындағы моншақтай бадана 
дәнге қарап тұрып таңдана бас шайқады. 
- Якши, Момыш, якши, - деді ол қазақша білетін жалғыз сөзінің өзін 
жарытып айта алмай. 
Әкем Кузьманың егін пісіпті, базар өткен соң, бүкіл үй-ішімізбен келіп, 
бидай орамыз дегенін қимылынан түсінді. Уәде бойынша беретін қойыңды сонан соң ала 
кетеміз дегенін де аңғартыпты. Әкем де Кузьмаға жалғыз сөзбен жауап берді. 
- Хараша, Козьма, хараша! 
Айтқандай-ақ, апта өткен соң, Гончаровтар арба жегіп екі аттық 
лобогрейкасын сүйретіп келіп те қалды. 
Қыстаудың басынан қырман сайлап, әйелдер шөбін шапты. Сонан соң су құйып 
таптады. Біз Василий екеуміз арамшөптерді аулаққа апарып тастап жүрміз. Гончаровтың 
ересек ұлдары бұл кезде біреуі тырманы жөндеп, бірі тасты қашап, енді бірі 
лобогрейканың жүзін қайрап жатыр еді. 
Шалдың өзі көкем екеуі қамыттарды тексерді. Әкем қол тырманы жөндеді. 
Осылайша кешке қарай бүкіл сауыт-сайманымызды әзірлеп үлгердік,. Тишко мен Василь 
қойларын алып кету үшін бізбен бірге ауылға еріп жүрді. 
Біз келгенде, өрістен малдар да қайтқан екен. Әр үй малдарын бөліп алып, 
қораларына қамап жатыр. Көгендегі қозы-лақ, арқандаулы бұзаулар енелеріне ұмтылып, 
азан- 
қазан күйге енген шақта келіппіз. 


Мен қой сауған әйелдерге көмектесіп, қозыны алыстым. Василь де менімен 
бірге зыр жүгіріп жүр. Енелерінің желінін қақтап емген қозы, лақ, бұзаулар аздан соң 
емін-еркін 
жайылып бара жатты. Ымырт жабылғанда әкем Тишконы қораға ертіп келіп «таңдаған 
қойыңды ал» деді. 
Василь бізбен бірге қалмақ еді, Тишко көнбеді. «Қырман басына барып 
жатамыз» деп болмады. Алайда әкем сұраған соң бір түнге қалдырып кетті. 
- Ал, Вәсіл, бүгін сенен үлкен қонағымыз жоқ. Төрге шық, - деп әкем үйге 
алып кірді. Төрт көзіміз түгел отырып алдымен бауырсақпен қымыз іштік, сонан соң ет 
жедік... 
Көрші үйдің баласы есіктен бас сұғып мені шақырды. Сөйтсем «ақсүйек» 
ойнамақ екен. Әкем «Василийді де апарыңдар» деген соң, бірге шықтық. 
Тып-тынық қараңғы түн екен. Ауылдың балалары түгел жиналыпты. Біз 
келген соң, ойын да басталды. Ауылдың ересек кісісі «ақсүйекті» лақтырып жібергенде, 
бәріміз 
қараңғы түнге сүңгіп кеттік. Жер бауырлап сүйекті тінтіп жүрміз. Кенет бір бала жүгіре 
жөнелді. «Ақсүйек» сонда екенін бәріміз де біліп қуа жөнелдік. Жетіп алып үйме-жүйме 
боп таласып жатырмыз. Ақыры бір жүйрігіміз мәреге жеттік-ау. 
Бұл ойын кейін байқасам, балалардың қараңғы түндегі көкпары сияқты екен 
ғой. 
Василийге бұл ойын өте ұнады. Тіптен кезекті бір «ақсүйекті» іздеу кезінде ол ауыл 
балаларын алдап та үлгерді. Ақсүйекті тапқан болып Василий зыта жөнеліпті. Өзгелеріміз 
соңына түстік. Бірінші болып қуып жеткен бала, біз барғанша, Василиймен жағаласып 
жатыр екен. Қанша айтқанмен құрметті қонағымыз ғой. Мен араша түсіп ажыратып алдым. 
Сөйтсем, Василий әлгі қуып жеткен баланың қолына «ақсүйектің» орнына ақтас ұстата 
салыпты. 
Соған ыза болып төбелес шығарған екен. Бәріміз татуласып, әбден шаршап үйге қайттық. 
Василий үйде қонақ болғанын, оны жақсылап күткенімізді, «ақсүйек» 
ойнағанын, төбелесте менің араша түсіп болысқанымды үй-ішіне айтса керек, сол күннен 
бастап 
Гончаровтар мені іші тартып еркелете сөйлейтін болды. Бірақ әрқайсысы әртүрлі атап, 
атымды бүлдіріп бітті. Бірі - Бажан, бірі - Бардан, бірі - Буржан немесе Баржан деп 
тұрғаны. Ал ақкөңіл кемпір мені тіптен баласындай бауыр тартып, Буроуржан дейтін. 
Егін орағы да басталды. Бір шетінен машинамен, екінші жағынан бел орақпен 
орып жатырмыз. Өйткені бұрын қол орақпен оратынбыз. 
Біз Василий екеуміз әйелдерге қосылып қырманды әзірледік. Алдымен су сеуіп, сабан 
төседік. Сонан соң ат жегіп, таспен бастырдық. Әйелдер соңынан сабанның қалдығын 


сыпырып тастады да, тағы да су септі. Қайтадан сабан төсеп, таспен жүргіздік. Түс кезінде 
орақшылар келіп 
көргенде, шынымен-ақ мақтады. 
Екі күн қатарынан астықты орып, үшінші күні қырманға тасыдық. Үш үйме 
астық жиналыпты. Бесінші күні қырман бастыруға кірістік. Василий екеуміз ат айдап, тас 
бастырдық. Үлкендер сабанын қағып, шетке ысырып жүр. Осылайша жұмыла еңбектеніп, 
үш күнде 
қызыл көтеруге даяр тұрдық. Қырманда тау боп үйілген алтын дәнге бәріміз де қызыға 
қараймыз. 
- Жиын-терінді көңілді аяқтап, ырысқа кенелгенімізге мал сойып, елге 
тараттық. Кешке Гончаровтар мен біздің үй асықпай-саспай, бажылдаспай-дауласпай 
емін-еркін отырып, тиесілі астықтарын бөлісіп алды. Гончаровтар бізді жексенбіге 
конақка шақырып кетті. 
Жексенбі күні ертемен Евгеньевка жақтан орыс шіркеуінің қоңырау үні естілді. 
Ел базарға жиналыр жатыр. Әкем мен көкем базарға мені де ілестіре кететін болды. Біздің 
қыстаудың жанынан өтетін қара жолмен мал айдаған базаршылар шұбап барады. Біреулер 
ат жетектеп, 
біреулер қара мал қосарлап, бірі алдарына аша тұяқ уақ мал салып көңілді кетіп барады. 
Көкем сондай бір топқа төрт қой қосты. Біз сатпақпыз. 
Базаршылар жарқын амандасып, жақсы тілек айтысады. 
- Ассалаумағалейкүм, мал базарлы болсын. 
- Алейкүм салам, айтқаның келсін. 
- Сауданың сәтін берсін. 
- Өзіңе де соны тілеймін. 
- Мал пұлы бұйырсын! 
- Періштенің құлағына шалынсын. 
Осылайша бір-біріне игі тілек арнасып, дабырласып бара жатады. 
Ол кезде қазақ үшін базар деген мал алып, мал сататын орын ғана емес, 
жүздесіп көрісетін, қол алысып, қошеметке бөленетін, тіптен сағынысып табысатын 
салтанат мекені 
сияқты еді. Тіптен азын-аулақ дау-дамай, ауыл арасының бітіспей жүрген кірбеңі, келелі 
мәселелер де осындай бас қосуда шешілетін. 
Жексенбі базары Бурное станңиясының орталығында болатын. Айналасы ат 
шаптырым үлкен алаңда адам деген құж-құж қайнайды. Алыстан көз салсаң, ала-құла 


сансыз доп дөңбекшіп жатқандай сезіледі. Кейде баяу толқын сияқты дамылсыз жылжып 
бара жатады. Құлағыңда ешкім 
ұғып болмайтын біртүрлі гүжілдеген үн тұрып алады. 
Осынау сең ішіне бір шеттен келіп біз де араластық. Базар шеті де қызық. Әр 
жерде шоғыр-шоғыр болып тізгін түйістірген аттар үймелейді. Кей тұста арбалар қаптап 
тұр. Бір шетте есектер азынайды. Екіншісі бөлек ауылдай бөлшек-бөлшек тірлік, әйтеуір. 
Байқасам, базарға келмейтін жан жоқ екен. Алыс болыстың қазақтары, ала 
шапан өзбектер, тақиялы татарлар, күнқағарын басына киген қаба сақал орыстар, әр түсті 
әйелдер құмырсқаның илеуіндей құжынайды. Осы аласапыран, алабажақ, астан-кестен 
тірліктің ішіне сүңгідік те кеттік. Топ ішіне кірген соң, бағыт іздеп, басар жерді 
бағдарлаймын деу бос әурешілік екен. Сең қалай қозғалса, сен де солай жүре береді 
екенсің. Әйтеуір бет алдыңнан бір бұйымның кездесуі анық. 
Байқасам, базар аумағының өзі ойдым-ойдым болып бұйымына қарай, сатар 
малына қарай жік тауып бөлінеді екен. Бір жерде қаз тізіліп, алдына бар дүние-мүлкін 
үйіп қойып өзбектер отыр. Бетіне қарағанның белін басып көріп, саудаға шақырады. 
Әлеміш бұйымдарын бұлғақтатып, көзіңді қызықтырады. Онан әріректе өрік-мейіз, 
жаңғақ-жармаларын сапырыстырған өзбектер жалаңдайды. Бір 
бүйірде пияз-шөптерін бумалап орыстар отыр. Тағы бір жерде месті бүлк-бүлк қозғап 
қойып, қою қымызын кесеге лықытып қияқ мұрт қазақтар отыр. Сеңмен бірге қозғалып 
жүре берсең, алдыңнан әңгелегін аспанға лақтырған қауыншылар шығады. Астық сатқан 
адамдар қабының аузын қайырып қойып, таразы мойнын тартқылайды. 
Мал базары бүйірлеу тұста екен. Түліктің түріне орай мұнда да қосақ-қосақ қой, 
қатарласқан жылқы, қайқы мүйіз сиырлар бөлек-бөлек. Сатушы мен алушы алақандарын 
сарт-сұрт соғып, бастарын дамылсыз шұлғысады. Араларында дәнекер боп дәм татып 
жүрген делдалдар қаншама! 
Әкем алғашында мені адасып кетпесін деп жетелеп жүрді. Аздан соң бойым 
үйренгенін көріп, еркіме жіберді. Қолыма екі-үш күміс теңге де ұстатты. Тоқайласар 
жерімізді белгілеп, пысықтап қояды. 
Мен өз билігім өзіме тиген соң, әр қатарға түсіп алып, базардың бұрыш-
бұрышына дейін қоймай араладым. Осылайша орыстар отырған қатарды аралап таңырқап 
келе жатқанымда, біреу көзімді баса қойды. Мен бұлқынып босанбақ ем, оған болмады. 
Сөйтсем, өзімнің Василий досым екен. 
- Жүр, - дейді ол қолымнан тартып, - анау жерде әкем мен шешем отыр. Соағн 
барайық. 
Сөйтсем, бір шетте арбасын қарбызға толтырып, білек сыбанған Гончаровтар тұр екен. 
Сауданың қызғаны сонша Василийдің шешесі біздің келгенімізді аңғарған да жоқ. Біз 
досымыз екеуміз арбаның көлеңкесіне отырып бір қарбызды жарып жедік. 
Біздің қарсымызда бір топ орыс жігіттері тізерлеп отырып алып, арақ ішуге 
кірісіпті. Одан шеткеріректе орамалдарын шарт түйінген күлімкөз орыс қыздары 


сыбырласып күледі. Алдарында бұйра шаш, кестелі көйлегінің қисық жағасы жайлауға 
кетіп мәз болған орыс жігіті қобызын созып, ән айтады. Қыздар қылымсып, тылсым 
күлкілерімен арбап алғандай, әлгі жігіт айналсоқтап сол жерден шығар емес. Ақыры 
қыздарды биге тартып тынды-ау. Әлгі топ қыз мың құбылып, бірінен соң бірі жер 
тепкілеп әндетіп билей жөнелгенде дүйім жұрт көпке дейін қызықтап тұрды. Біз осынау 
топтың арасынан әрең сытылып 
шыға бергенімізде, алдымыздан ұзындығы бір қарыс тәтті ұстаған өзбек шыға келді. 
Әлгінде әкем берген тиындар сол өзбекке бұйырды... 
Осылай тәтті сорып, тамаша көріп келе жатқанымызда алдымыздан Аюбай 
жездем шықты. Ауылдың амандығын сұрап, әкемнің қай тұста жүргенін анықтады. Мені 
ауылына алып кетпек еді, Василий қонаққа шақырып койғанын айтты. Сонан соң ол 
екеумізді ертіп апарып өрік әперді. Ауылға сәлем айтты да, топ ішіне кіріп сіңіп кетті. 
Түс қайта базар тарқай бастайды екен. Жұрт сирепті. Мен Василиймен қоштасып, әкемдер 
жаққа бара жатыр едім, таные дауыс елең еткізді. Қарасам, сонау жылдары Үбианның 
бетін ашқан Өтеп ақын екен. Қасында ерген екі жігіті бар. Өтеп ат үстінде тік тұрып, жар 
салып келеді: 
Уа, жараңдар, жараңдар. 
Құлақ сап маған қараңдар. 
Қарагер атты жоғалттық, 
Кім көрді, қандай адам бар! 
Иесі мына ер жігіт, 
Жинайтын дәйім адал мал. 
Күміс жал, күржік желкелі, 
Құйрығы оның келте еді. 
Құлыннан қолда өсірген 
Қиқу көрсе көсілген, 
Жүйрікке қошқар атаймыз - 
Табылса, сақтап кесірден, - 
деп тақпақтап, тәптіштен өтіп барады. Әлгі атын жоғалтқан кісі «бәрі дұрыс» дегендей бас 
шұлғи береді. 
Бері қайтқанда Өтеп енді сол жағындағы жігіттің өтінішін айтып жар салды. Ол жігіт 
әкесінің жетісін бермек екен, соған елді шақырыпты. 
Әкесі жақсы кісі еді, 
Жетпістен асқан мүшелі. 


Иманды болсын жарықтық, 
Нұр жұмақ болғай түсері. 
Кісі екен жүрер көпті іздеп, 
Тірлікте қалған текті із көп. 
Келіңдер, қырқын өткізбек, - 
Өтінді ұлы жеткіз - деп. 
Осыны айтып қан базарды қақ жарып өтіп барады. Мен «базар деген хабар-ошардың, 
жарлық пен жалпы 
жаңалықтың да орны екен-ау» деп ойлап ем... 
Біздер базардан ол-пұл қарыштап, Евгеньевкадағы Гончаровтардың үйіне келдік. 
Бұған дейін орыс қыстақтарында болған емес ем. Әйтеуір жыбырлаған үйлерге сыртынан 
қарап өте беретінбіз. Енді көшелерін аралап, үйіне де кірмекпін. Жол бойы біз базардан 
қайтқан евгеньевкалық тұрғындардың біразын 
басып оздық. 
Жолдың бәрі барынша сәнді киінген адамдарға толып кетіпті. Екі еркек кеудесі 
алқам-салқам, шашы әбден ұйпаланған бір мас жігітті теңселтіп сүйреп барады. Анау 
болса тартыншақтап жүрмей, бар даусымен барқырап айқайлайды. Тіптен балағат сөз 
айтатын болуы керек, қыз-келіншектер құлағын басып зытып барады. Көкем әлгі масты 
таныды - «мынау бұзық Иван ғой!» - деді қасынан өте беріп. 
Иван да танып үлгерген екен, жетелеп келе жатқан екеудің қолынан сытылып 
шықты да, жерден тас алып бізге қарай лақтырды. Бұл тас көкемнің атының жамбасына 
тиді. Сол-ақ екен, көкем ат басын бұрып ұмтыла берді. Бірақ әкем қатты зекіріп тыйып 
тастады. 
- Маспен егесіп мас боласың ба? - деп ұрысты. «Бұзық Иван» тағы бір кесекті 
атып жіберіп, біз жаққа жұдырығын түйді. Сөйтсем, ол көкем екеуі ертеден бері егесіп 
жүреді екен. 
- Бұл ит атқа мініп қорықшы боп жүрген кезінде талай тиіскен. Сонда-ақ 
қамшымен сабап ем. Енді құдайға шүкір, бәріміз теңбіз ғой... 
- Оттама! - деді әкем әлгі сөзді бөліп, - теңдік сен сияқты тентектердің төбелесі 
үшін берілген жоқ шығар.. 
- Өзі тиісе берсе, жұдырығына жон тосып тұра бермекпін бе? - деп қызына 
сөйледі көкем. 
- Сәлем, Момыш! - деді осы кезде арбада отырған ши қалпақты кәрі орыс. 
- А, Тимошка, аман-аман! - деді әкем де жымиып. - Неге қарайлап тұрсың? 


- Ей-ей, мына ақымақты апарып салмасам болмас, - деді шал мастың қылығына 
ұялғандай қызарақтай сөйлеп. - Бір оңбаған болды ғой. Базар сайын ішіп алып 
құтырынады да жүреді албасты. 
- Тимофей аға, - деп айқайлап келе жатыр екен әлгі мас. - Момынқұлды 
ұстаңыз. Мен оның мойнын бұрап алайын. 
- Ал жүре беріңдер. Мұнымен байланысып абырой таппассыңдар, - деді 
Тимофей бізге масты нұсқап. 
Біз ілгері озып кеттік. Түп-түзу көшесінің қос жиегін көк терек көмкерген 
Евгеньевка Алатаудың алақанында жатқандай көрінеді екен. Аппақ әдемі үйлерінің төбесі 
өркештеніп аспанға өрлеп тұр. Сабанмен жабады екен. Әр үйдің аумағы да, ауласы да 
үлкен. Тор темірмен қоршап қойыпты. Тек қақпаға кіре берістен көпір жасалған. Шыны 
терезелер күнге шағылысып, әлемнің сәулесін молайтып жібергендей сезіледі. 
Әр жылғаны, бастау басын қуалап үрке қонған біздің ауыл Евгеньевканың 
жанында ойыншықтай көрінеді. Қатар түзеген еңселі үйлердің мысы басып біртүрлі боп 
келем. Үлкен қалалар да осы сияқты шығар, бәлкім. 
Біз үшінші көшені кесіп өте бергенімізде, бір үйдің қақпасының алдында 
тұрған Тишконы көрдік. Шамасы, бізге қарайлаған болуы керек. Тани салып қол бұлғап 
қарсы жүрді. Осылайша Гончаровтардың ауласына да кірдім. 
Балшықтан соғылған кең аула тап-таза екен. Қақ ортада тырнамойын құдық тұр. 
Гончаровтың балалары біздің аттарымызды жайғастырып жатыр. Ал кемпірі мен шалы 
үйге бастап кірді. Аппақ етіп 
әктеген үлкен бөлмеде ағаш кереует түр. Үстін қолдан тоқыған бүркеншекпен жауыпты. 
Бір бұрышта үлкен орыс пеші. Биік сандық, стол, екі ұзын отырғыш, үш-төрт пәкене 
орындықтан басқа жиһазы жоқ, жер еден үй екен. 
Пеш қабырғасында ішекше созылып, ұзыннан-ұзақ кенеп орамал ілулі тұр. Ішке 
кіргенде бұрышта каптаған икондарға бірден назарым ауды. Көзімді алмай қараппын да 
қалыппын. Суреттің жиек темірлері жалт-жұлт етеді. Мұнда қабасақал ата құдай 
бейнеленіпті. Оның оң жағында сәби көтерген ана құдай. Сол жағында Айса пайғамбар. 
Бәрінен төменіректе басы салбырап, қолы қадаға керілген біреудің суреті. Жан 
түршігер азапқа түсіп тұрғаны жүзінен аңғарылады. Дәл соның түбінен, балауыз шам 
жағып қойыпты. Көмескі жарық осынау күңгірт бұрышқа еміс-еміс сәуле шашады. Әр 
суреттің жиегін дала гүлімен көмкеріпті... 
Менің шектен тыс таңырқап отырғанымды сезген әкем, егжейлеп түсіндіре 
бастады. 
- Мұның бәрі орыс құдайларының бейнесі, - деді әкем суреттерді нұсқап. - 
Осы суреттерге бәрі табынады. Анау ақсақалды шалы - Ата құдай, мына сұлу әйел - Айса 
пайғамбардың шешесі, қолындағы көтергені пайғамбардың сәби кезі. Ал мына сол 
пайғамбардың есейген шағы. Төмендегісі Айсаны дінсіздердің азаптағаны ғой... Әкем 
біраз ойланып отырды да, сөзін жалғады. - Әрине, 


орыстар жаңсақ діннің жолында жүр. Әйтпесе өздері салған суретке өздері табынар ма еді. 
Адамды құдай жаратты, құдайды адам жаратқан емес, - деп бітірді. 
Әкем мен Кузьма шал шаруа жайын әңгімелеп отырғанда да, мен икондардан 
көз алмадым. Бұл кезде дастарқан да жайылып еді. Стол шетінде ысқырынып бүйірлі 
самауыр тұр. Кемпір сүлгімен шыны-аяқтарды сүрте бастады. Екі келіні Манька мен 
Санька, пышақ, шанышқы әкеліп, нан кесіп жатыр. Піскен картоп, қара өрік қосқан созба 
қойылды. Ең соңында буы бұрқырап шөген қазан келді. 
Гончаровтар құдайларының қасына барып шоқынды да, асқа келді. Қемпірі шай 
құйды. Шал әкемді дәмге шақырып ишарат білдірді. Тишко бұл сөзді аударып берді. 
- Әкем мына дастарқанның үстінде шошқа атаулының исі араласқан тағам жоқ 
дейді. Міне нан, мынау шекер, мынау картоп, жеміс - бәрімізге ортақ. Қазандағы - құстың 
еті. Сондықтан Момыш тартынбай, жиіркенбей, сескенбей, өз үйіңдей отырып 
тамақтансын, - деп отыр. 
Тишконың тілмаштығынан кейін шешесі күліп жіберді. 
- Мыналарың не деп жатыр, Тишко? - деп сұрады әкем әлгі күлкіден қысылып. 
- Бұлар Момынқұл дастарқанға күдікпен қарап отыр, - деп күліп жатыр, - деді 
Тишко бізге қарап күліп қойып. 
- Ал дәм алыңыздар. 
Дастарқан басында бәрі де көңілді отырды. Мені Василий далаға ымдап 
шақырып жүр. Әкемнен рұқсат алып, сыртқа шықтым. 
- Біздің бар байлығымызды көрсетсем, жалықпайсың ба? - деп сұрады Василий 
босағадан аттай беріп-ақ. 
Алдымен құдық басына келдік. Ол құдықтың қақпасын ашты. Төмен үңіліп 
қарап жатырмын. Құдықтың қабырғасы таспен өрілген екен. Түбінде көздей тұнық су беті 
көрінеді. Василий тырнамойын иінмен қалайша су тартылатынын көрсетті. Суы әрі мөлдір, 
әрі мұздай екен. Сонан соң ол мені атқораға, онан соң қамбаға, содан кейін бау-бақшаға 
ертіп апарды. Екеуміз бәрін асықпай аралап шықтық. Мен 
бұлардың бар шаруасы тындырымды, тап-тұйнақтай, өте жинақы екеніне қызықтым. 
Біздің ауылдың тірлігі мұның қасында ретсіз дүниедей көрінді. 
Мен енді шіркеулеріңді көрсетші деп едім, Василий басын сипап тұрып қалды. 
Сонан соң аз ойланып: 
- Жарайды, тағы бір келгеніңде көрсетермін. Бүгін болмайды, - деді. 


* * * 
Күз жаңбырлы болды да, суық ерте түсті. Айнала көктайғақ боп, көңілсіз 
сәттер көбейген сияқты. Жазда шаң, күзде қақаған қара суық, қыста алай-түлей боран 
әкелетін құбыланың желі күшіне қайта еніп тұр. Осындай күндердің бір кешінде әкем 
менімен кәдімгідей ақылдасты. Оқу жайлы 
сөз қозғап отыр. 
- Сені орыс оқуына берсем ғой, өмірді жетігірек білер едің. Орыс оқуы 
тұрмысқа да, тұраққа да, ілімге де, білімге де жақын сияқты, -- деп бастады әңгімесін әкем. 
- Біздің молдалар құранның екі-үш сүресін жаттаумен тынады емес пе. Ал орысша оқысаң 
жаза да білесің, басқа тілде кітап оқисың, орысшаға жетік боласың. Қатарыңнан кем 
етпейтін де осы орыс тілі сияқты ғой. 
Көкем әкеме қарсы дау айтып, күдігін білдіріп жатыр. 
- Момыш жалғыз ұлын орысқа беріп, мұсылмандықтан кеткелі жүр ме деп 
күлмей ме еліңіз. Сол жағын ойласаңызшы,- деді. 
- Жұрт сөзіне еріп қайтеміз,-деді әкем інісіне. - Олай десең, пайғамбардың да 
арғы тектері дінсіз болған ғой. Ал, біздің Бауыржан, құдайға шүкір, мұсылманша көзі 
ашық емес пе. Орысша оқыдым деп діннен безе қоймас. Қазіргі заман ағымы да осы 
оқуды қалайтын сияқты. Анау Садықты көрмеймісің. Елдің сүйіктісі болып жүрген жоқ па? 
Орыспен де тіл табады, істің орайын біледі. 
Түнімен ағайынды екеуі осылай айтысып отырып, ақыры ортақ мәмілеге келген 
сияқты. Мені орыс мектебіне беруге келісті. Ертеңіне көкем Евгеньевкаға барып қайтты. 
Кешкі ас үстінде ол менің Гончаровтардың үйінде жүріп оқитынымды айтты. Ол үшін 
мұғалімге бір пұт ұн, бір пұт жарма, бір 
пұт бұршақ бермек болып келісті. Ал оқу құралдары қағаз, қалам үшін бір қой сұрапты. 
Гончаровтар менің жүргенім үшін пәтерақы алудан бас тартты. «Әйтеуір Бауыржанның 
өзіне жететін ет жеткізіп берсеңдер болғаны» депті. Көкем қой апарып беретін болыпты. 
Таңертеңмен көкем екеуміз жолға шықтық. Көрпе-жастық, аздаған азық-түлік 
алып келеміз. Жолда ауылдың бір кісісі жолығып қалып, жөн сұрады. Біз мәнжайды 
түсіндіріп едік, ол тулап шыға келді. 
- Апырау, бұл не боп барады? Демек, шоқындырғалы апара жатыр екенсің ғой. Ай-ай, 
масқара-ай, Момыш сияқты сыйлы ақсақалдар өзінің жалғыз ұлын орысша оқытса, 
өзгемізге не жоқ. Өле кетсек, құран орнына шоқынды сөзін айтқызбақ па екен? - деп 
соңымыздан айқайлады. 
- Жоқ, Бауыржан, әлгінің сөзі рас. Бұл болмайды екен. Ауылға қайтамыз, өзге 
балалар не күн көрсе, соны көрерміз,- деді көкем. 
Мен үнсіз ілесе бердім. Осы бір оқыс оқиға менің оқуымды бүтіндей екі айға 
кешіктірді. Көкем орысша оқуыма мүлдем қарсы болып қасарысып алғаны. Аюбайдың 
ауылына барып, молдадан оқы деді. Бірақ оған қарсы әкем екеуміз едік. Ақыры жеңді-ау. 


Сол жылы қыс қатал болды. Қар қалың жауып, аттатпайтын халге жеттік. Мал 
қолға қарап, жинаған шөпті жалмап бара жатқан соң, көкем бірлі-жарым малды Қаратау 
жаққа туысқандарымызға айдап апарып тастады. Малдың шөбі таусылып, отыннан да 
жұтай бастадық. Бәрін үнемдеп жұмсамасақ, үрпиісіп отырып қалатын түріміз бар. 
Әсіресе малды ауылда маза жоқ. 
Көкем Головочевка жақтағы қыстаудағы малдарға жиі баратын болды. Келген 
сайын қабағы түсіп, қайғысы молайып қайтады. Бір бау шөптің өзі бір малдың құнынан 
асып кетіпті. Көкем бір орыстан шөп алуға келісіп, жартылай төлеп сенім пұлын тастайды 
да, өзі базарға мал айдап сатыпты. Қайтып келіп қалған ақшасын төлеп, шөбін алайын 
десе, әлгі орыс бас шайқап мәз болып отыр дейді. 
Сөйтсе көкем алатын нарықтан да қымбаттатып өзге біреуге сатып жіберіпті. 
Бұған ашуланған көкем жанжал шығарып, ақыры аяғы төбелеспен тыныпты. Екеуін де 
бөлімше милициясы бір күн қамап жауап алыпты. Милиция өкілі бір ауыз да қазақша 
білмейтін адам екен. Көкемнің сөзіне түсінбей «бильмей» деп отырыпты. Содан не есесін 
ала алмай, не егжей-тегжей түсіндіре алмай, тіл білмей қор 
боп келген беті екен. 
- Бұл тілдің қорлығын-ай! Арызыңды айта алмай, дәлелді жауап қайтармай, 
макау адамша иығыңды шошаңдата береді екенсің, - деп күйіп-пісті көкем. 
- Болды енді, түңіле бермей, - деп басу айтты әкем. 
- Қайта орыстар қайырғаңды сындырып, қаматып тастамағанына шүкір де. 
- Неге өйтеді? Мен уәдемде тұрып, қалған ақшасын әкелдім ғой. Ол болса 
алдапты. 
- Е-е, соныңды түсіндіре алсаң жақсы ғой. 
Осы оқиға көкемнің шымбайына қатты батса керек. Мені орыс мектебіне 
оқытамын деп құлшынып шыға келеді. 
Сол оқиғадан кейін көкем көп уақыт тұнжырап жүрді. Әсіресе малға қалған 
шөпті тараштап шашып тұрғанда қатты қынжылатын. Мал мазасыз маңырап шулағанда, 
көкем еріксіз солармен сойлесетін еді. 
- Болды-болды. Мұнан артық берерім жоқ, - деп қолын қаға бастағанда, ала 
сиыры келіп алақанын иіскелейтін. 
Көкем оған да тіл қатады. - Қоя ғой әукешім. Көктем шықсын. Сонда көк 
шөпке тойдырмасам ба сені. Көктемге дейін сүйегіңді сүйреп шықшы, әйтеуір, - деп 
тұмсығынан 
жайлап итеретін... 
Құбыладан жел үдеп, боран бұрқап кетті. Апта бойы басылмай ақкөбігін 
шашып, долданып тұрып алды. Үй арасына қатынаудың өзі мұң болып, ел от басында 


отырып қалды. Тек көкем ғана тонға оранып тысқа шығады да, мал суарып қайтады. Үйге 
келгенде үстіндегі қарын ұзақ қағып, тонын сілкілеп тұрғаны. 
- Түу, айнала боз боран. Тіптен көршінің үйі көрінбейді, - дейді ол қолын 
уқалап. - Төңіректің бәрі құтырынып тұр. 
Біз тонға оранып алып, тамақ ішіп, ертегі тыңдаумен күн батырып жүрдік. 
* * * 
Көкем мені Гончаровтарға алып келді. Бұлардың үйі жып-жылы екен. 
Сыртта сөмкелерін қолтықтаған балалар бір-біріне қар лақтырысып ойнайды. Араларында 
Василий де бар екен. Ол өзінің қарсыласын қармен қадап ұрды да, үйге қарай жүгірді. 
Мені көріп қуанып айқай салады. 
- А-а, Бауыржан келді!- деп құшақтай алды. 
...Василий мен Тишко бізді орыс «молдасына» ертіп барды. Әкемнің молда 
деп жүргені ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрынды, шашына ақ кірген, кең маңдай орыс 
әйелі екен. Біз кіргенде, ол қамыр илеп жатты. Бізбен қолын алжапқышына жасырып 
тұрып әңгімелесті. Тишко бізді таныстырды. Әңгіме өте қысқа. Ол маған еңкейіп орысша 
бір-екі сұрақ берді. Мен жауап қата алмадым. Сонан ол Тишкоға әлдене деп тіл қатты. 
Тишко бізге аударып берді. 
- Бұл кісі, Бауыржан орыс тілін білмейді екен. Түсінбеген соң қиын болады 
ғой. Өзім болсам қазақша білмеймін. Қалай үйретіп, қалай ұғынысамыз деп тұр. 
- Егер Бауыржан орыс тілін білетін болса, мұнда әкеліп әуреленіп неміз бар? 
- деді көкем. 
Мұғалім күліп жіберді. Әлден соң келісім берді. 
- Жарайды, орысша оқытайық деп талап қылған екен, қала қойсын. Көрерміз, 
бәлкім еңбегіміз жанып, үйреніп кетер. - Сөйтті де Василийге бұрылып: - Сен енді бұған 
көмектес?! Әйтпесе оқи алмай жүрер, - деді. 
- Көмектесем. 
Көкем «әдепті бол, ұқыпты бол. Бұзықтармен дос болма. Сабағыңа көбірек 
көңіл бөл. Шошқаның етін жеп жүрме. Орыс құдайына табынып жүрме» деп пысықтады 
да, ауылға аттанып кетті. 
Көкем кеткен соң, Гончаровтың кемпірі отыратын орынды көрсетіп, жататын 
жерімізді белгіледі. Василий екеуміз пеш үстінде жататын болдық. Кемпір аз ойланып 
тұрды да оқыс сұрақ қойды. 
- Сенің «қойың» көп шығар? 
Мен сұрактың мағынасын аңғара алмай, үйіміздегі қойдың санын айттым. 
Кемпір күлді де, қойнына қолын салып тырнағымен әлденені алған болды. Сөйтіп сығып 
көрсетіп жатыр: 


- Міне, осы сияқты «қойың» бар ма? 
Не дерімді білмей, ызаға булығып, кеміткеніне шыдай алмай, көйлегімді 
сыпырып алып кемпірдің қолына ұстата салдым. Кемпір көйлектің бүкіл тігісін қарап 
шықты да, ешнәрсе таба алмай өзіме қайтарып берді. Сұрағына ыңғайсызданды ма, 
кешірім өтінгендей басымнан сипады. Арқамнан қағып, көйлегімді кигізіп жатыр. Мұндай 
қорлыққа шыдай алмай жылап жібердім. Шал кемпіріне бақырып ұрыса бастады. 
Гончаровтардың өзге мүшелері де шешесін жазғырып кінәлады. Бейшара кемпір 
сасқалақтап 
ақтала сөйлеп жатыр... Мені жұбатқысы келсе керек, Василийді ұстап алды да, 
қыңсылағанына қарамай көйлегін шешіп тігістерін тексерді. Мен сонда да өзіме келе 
алмай, өксіп тұрдым. Бәрі де мені аймалап, осы бір өкпеден тезірек жазып алғысы 
келгендей құрақ ұшады. Кемпір маған мейіріммен қарайтын болды. Біраз күннен соң мен 
өкпемді ұмытып кетіп едім... 
Кешкі астан соң Василий сабағына отырды. Ал Тишко менің әліппемді алып әріп 
үйрете бастады. Мен бұл алфавитпен таныс едім. Бірақ әкем үйреткенде Б мен В-ның, К, Г 
және X әрпінің; С мен Ц-ның, Е, И, Э және Й әріптерінің айырмасы жоқ сияқты бірдей 
естілуші еді. Ал Ъ, Ы, Б әріптері дегенді естіген емеспін. Гончаровтар бәрін анықтап ұзақ 
үйретеді. Амал қанша, жуығарақта басыма қонар емес. 
- Ал, кәне, - Василий деп айтып көрші. 
- Басиль, - деймін мен оған. 
-Жоқ, Басиль емес, Василий,-дейді Тишко,-түсіндің бе, В, Ва... 
- Бесиль, - деймін мен. Сөйтемін де одан - солай ма деп сұраймын. 
- Жоқ, тағы да дұрыс айтпай отырсың, Бе емес, Ва, Ва-си-лий. Түсіндің бе? 
Олар осынау қиын әріптер кездесетін орыс және қазақ сөздерін мысалға 
келтіреді. Бірақ миыма кіріп жатқаны шамалы. 
Орыс мектебіндегі алғашқы сабағым осылай басталған еді. 
* * * 
Василий пеш үстіне шығады да, мені шақырады. Пеш үсті ысып тұр. Мен 
әкелген көрпе көлдей, әрі түйе жүні салынған еді. Василий, мен келгенше, кеудешесін 
киіп, жұқа бөз көрпе жамылады екен. 
- Ал, кәне, - деді ол. - Сенің көрпеңді төсеніп, менің көрпемді жамыламыз ба? 
Ысып кетеміз ғой. 
Екеуміз келісе кеттік. 


Пеш үстінде жатып көрмегендіктен бе немесе жаңа ортаға үйрене алмай 
жатырмын ба, әлде ертең көретін мұғалімнің алдында қалай боларын ойлаймын ба, 
әйтеуір дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Василий болса рахаттанып ұйқыға кеткен. Денем 
күйіп кеткен соң көрпені теуіп тастадым. Көзім ілінер емес. «Мен мына жерде ыстықтан 
буынып жатқанымда, ауылдағылар үй ішінде қалтырап, қабат-қабат көрпе жамылып 
жатыр-ау» деп ойлаймын. Бір ой мен бір ой сапырылысып, әбден қалжырағанда қалғып 
кетіппін. Таңертең Василий мені тартқылап жүріп әрең оятты. 
- Бауржан, тұр-тұр. Мектепке барамыз. Мен ұйқылы-ояу әлденені айтып, 
Василийді итеріп жіберіппін. Әбден болмаған соң Василий аяғымнан сүйретіп еденге 
түсіргенде ояныппын. Ұйқымды аша алмай, сонда да жата берсем керек, Санька сөйледі: 
- Сілкілесеңші оны. Көзін аша алмай жатқанын көрмеймісің. Мына 
«қырғыздың» ұйқысының қаттысы-ай, - деп қарқ-қарқ күледі. - Өз үйінің төрінде 
жатқандай жайбарақат қой өзі. Дамбалын сыпырсаң тұратын шығар, бәлкім.
- Мама, мынаны қарашы, - деді Василий шешесіне, - Санька ұйықтап қалған 
балаға күледі. 
- Не десең ол де, Василий. Мұғалім екеуің босқа әуреленесіңдер. Қалай 
оқытсаңдар да мынауың баяғы «қырғыз» күйінде қалады. 
Осынау тілі қыршаңқы әйелдің ұлы сөзінің мәнін кейін түсіндім. Мен тұрып 
киінгенде де, Василий мен кемпір екеуін қағытып, Санька келіні әлі тиісіп жүр екен. Тіпті 
болмаған соң кемпір келініне кейіп ұрысты. Сонан соң ол Василий екеумізді 
тамақтандырып, сөмкемізге бір-бірден созба нан салды. Василийді бұрышқа ертіп апарып 
шоқындырды да, маңдайынан сүйді. Менің қасыма келіп: 
- Ал, Баурбуржан, енді сен мұсылман болсаң да, құдай тілеуіңді берсін деймін, 
- деп басымнан сипады. - Якши, жақсы оқы. Ал сен, Василь, бұған бас-көз боп жүр. Байқа 
ауылдың тентектері тиісіп жүрмесін... 
Василий екеуміз мектепке қарай жүгірдік. Тысқа шықсақ, әр үйден кітап 
ұстаған балалар өріп келеді екен. Бізге келіп қосылған соң, бәрі мені түртпектей бастады. 
- Бұл, қай «қырғыз», Василь? 
- Бұл - біздің танысымыз Момыштың баласы, енді бізбен бірге оқитын болады, 
- деді Василий. 
- Өзі орысша біле ме? 
- Аздап біледі. Үйреніп кетеді ғой. 
- Әліппені біле ме, жоқ па? 
- Оны аздап біледі. 
- Жазуын қайтеді? 


- Өзің қалай үйреніп ең? - деп дүрсе қоя берді Василий. - Сен сияқты бұл да 
үйренеді. 
- Өзі қайда тұрмақ? 
- Біздің үйде, менімен бірге тұрады, - деді Василий. 
Осы кезде қоңырау үні естіліп еді, балалар мектепке қарай жүгірді. Есік 
алдында көз нұры тайған, көнелеу тері құлақшын киген шал кішкене қоңырауды сілкілеп, 
безілдетіп тұр екен. 
Класқа балалардың соңынан кірдім. Оқушылар шешініп, сыртқа киімдерін іліп 
жатыр. Оларды көріп мен де шапаным мен құлақшынымды шешіп, ең шеткі шегеге ілдім. 
Мұғалім келді. Барлық оқушылар орнынан тұрды. Мұғалім сәлемдесіп еді, оқушылар бәрі 
де бір дауыспен «сәлеметсіз бе, Мария Ивановна» деді. 
Мұғалім қабырғадағы қара тақтаның алдына тұрып алып, оқушыларға 
күлімсірейді. Жұмсақ шашы желкесіне түйіліпті. Ақ жағалы қара көйлегі жер сызады. 
Қынай буған барқыт белбеуі мықынын айқындай түседі екен. Жоғарыдан біртүрлі 
тәкаппар қарағандай сезілді. Осылайша ол мені көрді. 
- Бері келші, балақай, - деп шақырды ол мені. Қасына бардым. - Міне, бері 
қараңдар, оқушылар, - деді ол өзгелеріне, - мына қазақ баласы бізде оқитын болады. 
Сендер зәбірлеп жүрмеңдер, араларыңдағы жалғыз қазақ қой. Өздеріңдей көріп, 
өгейсітпеңдер. Бұл - біздің Гончаровтардың танысының ұлы. 
- Бұл орысшаны аздап түсінеді, - деді Василий мен үшін жауап беріп. 
- Жарайды, жақсы екен. Онда енді оқуға кірісеміз, - деп мүғалім мені көкшіл 
көз, шашына бантик байлаған қыздың қасына отырғызды. 
Мен отыра бергенде, әлгі қыз одырая қарап, партаның екінші шетіне 
сырғыды. 
Сабақ басталды. Мүғалім әліппені ашты да, тақтаға қасымдағы қызды 
шақырды. Ол үй тапсырмасын тақылдап айтып берді. Бормен қара тақтаға үлкен әріптің 
жазылғанын тұңғыш рет сонда көрдім. Қыз бірнеше сөз жазды да, оны өшірген соң 
орнына келіп отырды. Тақтаға тағы бір бала 
шығып, әлгі сөздерді жазып еді, талай қате жіберіпті. Мүғаліміміз сол арада түзетіп 
көрсетті... Әрине, мен оның көбін түсініп отырғам жоқ. 
Мектебіміз мені баяғыдан қоңырау үнімен елеңдетіп жүрген шіркеудің 
қарсысында екен. Кәдімгі қам кірпіштен салынған еңселі үй. Күмбезденіп ойылған үлкен 
жиектері бар. Баспалдақтары ағаштан жасалған екен. Төбесі темірмен түнікеленіпті. Оның 
үстіне ағаштан соғылған үйшік бар. Үйшік толған үлкенді-кішілі қоңыраулар. Ең 
төбесінде айқыш темір қадалған күмбез. Шіркеудің іргесіндегі поптың үйі. Аумағы екі-үш 
үйдің жеріндей көсіліп жатқан шіркеу өзге үйлерге төбеден қарап тұрғандай сұсты көрінді. 


Сабақ арасындағы үзіліс кездерінде балалар осы шіркеудің алаңында 
ойнайтын. 
Екінші сабақта мұғалім оқушыларға тапсырма берді де, мені шақырып алып 
қасына отырғызды. Әліппені ашып, жеке түсіндіре бастады. 
- Көрдің бе, әліппені біледі, - деді Василий қасындағы балаға. 
Мұғалім менен әліппені сұрады. Алфавиттің бәрін айтып бердім. Мұғалім 
ретті жерінде түзеп отыр. «Ве, Ка, Ха, Це, Ша, Ща, Че, Ю» деп ол мен дұрыс айтпаған 
әріптерді қайталады. Сонан соң әлгі әріптерді әдемілеп жеке жазды да: 
- Міне, осыларды жаттап кел. Оқу мен жазуды кейін бастармыз. 
Енді ол әліппені ашты да, бір бетіндегі жазуды жаймен оқып шықты. 
Мағынасын түсіндірді. Оқушылардың өздеріне оқытты. 
Үшінші сабақ - есеп екен. Қызықты өтті. Сабақ алдында мұғалім үйге берген 
тапсырманы шығардыңдар ма, деп сұрады. Оқушылар шығарып келіпті. Мұғалім тақтаға 
есеп жазды. 
- Бәрің де осылай жазып келдіңдер ме? - деп сұрады. 
- Бәріміз де, - деп шу ете қалды оқушылар. 
Мүғалім дәптерлерді тексеріп, қателерін көрсетті. Шығару жолдарын тақтаға 
жазып көрсетті. Сонан соң жаңа есеп түсіндіріп, үйге тапсырма берді. Оқушылар тақтадан 
тапсырма көшіріп жатқанда, мұғалім менің қасыма келді. Дәптеріме анықтап тұрып онға 
дейін сандарды жазып берді. 
- Один-бир, два-еки, три-үш, четыре-торть, - деп аудармасымен түсіндіре 
бастады. Маған қайталатып еді, мүдірмей санап бердім. Өйткені орысша жүзге дейін 
мүдірмей санай алатынмын. Оқушылар мен жаққа райсыз қарап қапты. Мұғалім оларға 
жауап бергендей: - Иә, орысша санай біледі екен, - деді. 
Мақтауға мәз болып, жиырмаға дейін санадым. 
- Жақсы, - деп құптады мұғалім, - бірақ «дбанасат» емес - «двенадцать, 
тринадцать» деп айт. «Шеснасат» емес, - «шестнадцать». «Дебетнасат» емес - 
девятнадцать». Түсіндің бе? - деп сұрады. Василийге де менің дұрыс айтуымды 
қадағалауды тапсырды. 
Менің орыс мектебіндегі алғашқы сабағым осылай басталып еді. 
Гончаровтардың көмегімен мен жаман оқығам жоқ. Кемпір мен шалдан 
басқасы маған қамқор болып, сабақ үйретеді. Шал мен кемпірдің өздері сауатсыз еді. 
Есептен жүйрік боп шықтым. Бірақ есеп жолдарын дәптерге ретімен жаза бермейтінмін. 
Ойша шығарып, жауабын ғана жаза салам. Мұғалім бұған қиналатын. Сабақ сайын есеп 
жолдарын жазуды түсіндіреді. Тілді нашар білетіндіктен мұғалімнің түсіндіргенін шала-
пұла ұғушы ем. Бірақ ол үйретуден жалыққан емес. 


Әліппе оқитын болдым. Дәптеріме де бірлі-жарым өрнектер түсе бастады. Көп 
сөзді түсінбесем де, көшіре беретінмін. Сөздің мағынасына мән бермесем де, жаттап 
алушы ем... 
Күн сайын орыс балаларымен достасып, оқуым да жақсара берді... 
Бұл өз алдына бір әңгіме. Реті келгенде кейін айтып берермін. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет