КІРІСПЕ
Жаһандану, немесе Глобализация (ағылш. Global — «әлемдік», «дүниежүзілік», «жалпы») — жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі. Терминді ғылыми айналымға алғаш рет 1983 жылы енгізген америкалық экономист Теодор Левитт. Дамушы елдер үшін жаһандану үрдісі тудыратын мәселелер мен қауіп-қатерлер. Жаһандану үрдістері әртүрлі әлеуметтік және экономикалық даму деңгейдегі дамушы елдерге және халықтарға алуан түрлі әсер етеді. Дамушы елдерге жаһандану дамуға жаңа мүмкіндіктер жасайды. Сонымен қатар, осы елдер үшін аса үлкен қиындықтар да туғызады. Мысалы, дамыған елдермен салыстырғанда, дамушы елдердің артта қалу деңгейі күн санап арта түседі. Ғаламдық нарықтық экономикаға ену үшін дамушы елдерден өз әлеуметтік - экономикалық құрылымын түбегейлі өзгертіп, барынша күш - жігер салуын талап етеді. Халықаралық нарық толығымен көпұлтты компаниялардың және дамыған постиндустриалды елдердің "ойын ережелеріне" бағынады. Дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ғылым, техника және технологиялар деңгейі әзірге өте төмен, ал бұл өз кезегінде олардың дамыған елдермен қатар бір деңгейде әлемдік нарықта бәсекеге түсуге мүмкіндік бермейді. Дамушы елдердің алдында әлемдік ғаламданушы экономикаға кірігу міндеті тұр. Ал, екінші жағынан олар дамыған елдерге тәуелді болудан қашады. Жаһандық мемлекеттік жүйе - қазіргі мемлекеттердің әлемдік жүйесі. Әлемдегі мемлекеттер соның принциптеріне негізделіп құрылған үлттық мемлекет үлгі болып табылады. Бүгінгі таңда ұлт әлемнің қоғамдық ұйымдасуының негізгі бірлігі болып табылады, ал ұлттық мемлекет - оның саяси ұйымдасуының негізгі өлшемі. Бұл екі бірлікте - қоғамдық және саяси - бір-біріне сәйкес келеді, ал бұл олардың мәнін, маңыздылығын, шынайылығын және олардың бірінсіз - бірінің күні жоқ екендігін білдіреді. Бұл ереже ұлт пен ұлттық мемлекетке легитиімділік көзі мәртебесін береді. Билікке қол жеткізу және оны ұстап тұру үшін саясаткерлер және оны қолдаушылар ұлт мүддесі үшін қызмет етуі керек. Ал мұндай қызмет тек бір ұлт қана өмір сүретін ұлттық мемлекет аясында ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Ұлтты және ұлттық мемлекетті қазіргі әлемді ұйымдастырудың қоғамдық-саяси үлгісі ретінде мойындау ұлтшылдыққа ерекше, алғашқы (әзірге, жалғыз) ғаламдық идеология мәртебесін әперді. Ұлтшылдық бүгінгі түріндегі мемлекеттік жүйенің легитимдендіру құралы және идеологиялық шеңбері қызметін атқарады. Өз кезегінде бұл жүйе өзінің әмбебаптығына орай ғаламдық сипат алуда. Ұлттық мемлекеттер жер шарын түгел жайлап, тек бір-бірін ғана халықаралық қатынастардың бірден-бір субъектісі ретінде мойындайды. Осылайша, өмірдің көптеген салаларына тән жаһандану үрдісі осы ғаламдық мемлекеттік жүйенің инфрақұрылымдық іргетасына негізделген.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Жалпы, жаһанданудың оның ішінде, тілдік жаһанданудың мәні бір ғана тілге тіреліп тұрған жоқ, олай болса мәселе оңайырақ болар еді. Мәселе – өзге тілдің үстемдігінде емес, дүниеге өзгелердің көзқарасымен қарауда. Ширатыңқырап айтсақ, мәселенің мәні – қоғамға, тұрмысқа, болып жатқан дүние жаңалықтарына өзгелердің ойымен, пайымымен, дайын қорытындыларымен қарау. Оған бұл құбылыстың рухани қарсылық пен күреске бой алдырмайтын осындай қуаты мен күші, әлемді жайлайтын жылдамдығы мен қарқыны – оның коммерциялық сипаты, бизнестік мазмұны айрықша ықпал етіп тұр.
Нарық жайлаған заманда, рухани құндылықтар емес, экономикалық тиімділік басты орынға шыққан кезеңде жаһандану құрлықтардан да, шекаралардан да аттап, ешкімге де, ешнәрсеге де бой алдырмай, бағынбай тұр. Бұл жаһанданудың болатын, болуға тиісті, ешқандай мемлекет жалтарып кете алмайтын объективті даму себебі. Сондай-ақ жаһанданудың қорғануға болатын, соған орай, алдын ала қам жасайтын субъективті өрістеу себебі де бар. Ол жаһанданудың мәдени, тілдік ықпалы. Біз бұл ғаламдық құбылыстың осындай ықпалынан қорғана аламыз. Әлбетте, оған мемлекеттік деңгейде де, азаматтардың өздері де мүдделілікпен ынта танытса. Әрине жаһанданудың экономикалық ықпалынан шыға алмаймыз, бұл түсінікті, дәлелденген жайт. Біз экономикалық қатынастар арқылы, елімізге, үйімізге, төрімізге шыққан ғаламдық жаһандануға мәдениетімізге берік, тілімізге мықты болу арқылы ғана қарсылық білдіре алмақпыз. Қазіргі кезде ұлттық мәдениетіміздің, мемлекеттік тіліміздің жағдайы жөнінде әңгіме еткенде, осы құндылықтарымызға жаһанданудың қандай әсері болмақ, осы тұрғыдан ойласқанымыз жөн болмақ. Ал қазіргі кезде біз сыртқы әсер болып табылатын жаһанданудың толқынына қарсылық білдірмек тұрмақ, өз ішімізге мәдениетіміздің мәйегін, тіліміздің мәртебесін сіңіре алмай жүрміз. Осыны алдымен өзіміздің ағайын ойланғаны, сөйтіп мәдениетімді қалай сақтаймын, тілімнің көсегесін қайтсем көгертем деп тыным таппағаны жөн болар еді. Дүние бизнес алаңына, қарым-қатынас, серіктестік, ынтымақтастық коммерциялық мүддеге құрылатын заманда жаһанданудың ықпалы біздің елге де әжептеуір тимек. Бұдан шет қала алмайтынымыз да белгілі. Сондықтан бізді не сақтайды дегенде, ең алдымен, ойымызға, әлбетте, тіліміз бен мәдениетіміз түседі. Мәдениеттің ұлттарды теңестіретін құрал екендігін осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын жақсы ұғынған Ахмет Байтұрсынұлы: «Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдай анық, күндей жарық ақиқат... Мәдениет жігін жоғалтпай, өз жігін жоғалту оңай емес», деп жазған екен. Алаш көсемі айтқан осы ой әлі де өз күшінде, тіпті мына жаһандану заманында оның көкейкестілігі артпаса, кемімей тұр. Қазіргі Қазақстанның жағдайы ХХ ғасыр басындағы Ахаңдар өмір сүрген кезеңнен әлдеқайда білімі жағынан болсын, мәдениеті жағынан болсын, саяси жағынан болсын кемел дәуір емес пе?! Сондықтан дүниенің мәдени бәйгесінен қалмау үшін біз ең алдымен өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі тілімізді бүгінгі жиі қолданатын тіркеспен айтсақ, бәсекеге қабілетті болуын қамдауымыз қажет. Әлбетте, әлемнің дидарын танып, сырттап қалмауға бүгінгі кең таралған тілдерді де, мәдениетті де білгеніміз, игергеніміз жөн. Десек те, өзгелерді ұғыну өзіңді ұмыту емес. Сол себепті Алаштың ақылманы, қазақ ғылымының негізін салушының ескертуін ұмытпай, ұлттық мәдениетіміздің өзгелермен тең боларын ойлағанымыз абзал, сөйтсек қана нағыз елдігіміз байқалмақ, өзгелер бізді танымақ, құрметтемек. Жаһанданудың өзі әлемдік экономикалық жүйенің қалыптасып, оған барлық елдердің тартылуында. Бұл қазіргі әлемнің бұлжымас қағидасына айналғаны соншалық, осы жүйеден тыс қалған мемлекеттер даму даңғылына түсе алмай, экономикалық, әлеуметтік жағынан артта қалған жұрттардың санын толтыруда. Сондықтан да әлемдік экономикалық дамудан қалай тыс қалғымыз келмесе, жаһанданудан да тыс бола алмаймыз. Біз сол себепті де жаһанданудың өзімен емес, өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін қандастарымыздың қазақтық рухани иммунитетін қалыптастыру, күшейту үшін бүгінгіден де әрі ауқымды, әрі бағдарлы нәтижесі боларлық жұмыстарды жүзеге асырғанымыз жөн. Бұл ретте ең алдымен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне аса маңызды мән беру қажет. Ұрпақ тәрбиесінің көрігі де, бесігі де балабақша мен мектеп. Сондықтан барлық қазақ балаларының, өзге де этностар балаларының қазақ тілінде тәрбие алуын, оқуын қамтамасыз етерліктей арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданғаны абзал. Сонда ғана мектеп бітірушілердің барлығы мемлекеттік тілді меңгеріп, елімізде нағыз қазақтілді орта қалыптасатын болады. Біздің ойымызша, жаһандану да отаршылдықтың бүгінгі заманда дамыған бір түрі екендігін біз толық сезіне алмай жүрген сияқтымыз. Кезінде саяси отаршылдық ұлтшылдықты тудырғаны мәлім, бүгін сырттан келіп жатқан әсерлерге мемлекетшілдік сана қажет. Қазіргі кезеңде бізді елшіл, отаншыл ететін осы жаһандануға деген рухани қарсылық болса керек. Өйткені жаһанданудың шынайы сипаты, ақиқат бейнесі ол мәдени-рухани отаршылдық. Мұндай отаршылдық та, әлбетте, өзінің болмысы мен бағытына сәйкес қарсылық тудырады. Біздің ойымызша, оған қарсы тұрарлық құбылыстың аты – мемлекетшілдік. ХХ ғасыр басында Алаш зиялылары ел болу идеясын көтеріп, елшілдік жөнінде айтса, қазіргі кезде қалыптасқан осы мазмұндағы «мемлекеттік сана», «мемлекетшілдік» ұғымдарын жиі қолданып жүрміз. Қазақ елінің «Қазақстан Республикасы» атты тәуелсіз мемлекет болуы – осы мемлекетті нығайтатын ресми және бейресми шараларды қалыптастырып отыр. Ел Конституциясында бекітілген мемлекеттіліктің мазмұны мен құрылымы, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты осы мемлекеттілік идеясын қалыптастыруға, тұғырлауға арналса, осы жылдар ішіндегі зиялы қауымның көтеріп жүрген дін, діл, тіл, дәстүр, мәдениет мәселелері де мемлекеттік сананы нығайтуға бағытталған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталып бүгінгі күнге дейін бұл салада айтылып келе жатқан мәселенің бірі – ұлттық сана қалыптастыру мәселесі. Ұзақ уақыт отар болған Қазақстан үшін ұлттық сана қалыптастыру, әлбетте, аса көкейкесті мәселе. Ресей отаршылдық саясатының, одан беріде коммунистік диктатураның асыл дінімізді, рухани мәдениетімізді, тілімізді ұмыттыруға бағытталған зорлықшыл, саяси әрекеттері ұлттық санамыздың кенжелеп қалуына ықпал еткені баршамызға мәлім. Мемлекетке атау берген, осы елдің байырғы әрі саны жағынан басым халқының ұлттық санасын қалыптастыру, кейбіреулер айтып жүргендей, қазақ халқының ғана емес, жалпы мемлекеттің мүддесі үшін аса қажет. Осы жерде сан ғасырлар бұрын мемлекет құрып, одан беріде ел мен жерді қорғаған, отаршылдық заманында да жердің тұтастығын, елдің жоғалып кетпеуі үшін күрескен халық құрмет пен түсіністікке лайық болса керек. Жаһандану қазанында өзіміздің ұлттық болмысымызды, мемлекеттік келбетімізді сақтап қалу үшін, қазақ та, басқа этностар да қазақ тілі мен мәдениетінің маңайына шоғырлануы керек. Біз қазіргі заманның нақты болмысын сараласақ, өзге ұлттың да, тілдің де, мәдениеттің де төңірегіне топтасуымыз мүмкін емес, егер олай мүмкін дейтін отандастарымыз болса, олар не бүгінгі күннің шындығынан бейхабар, не өз мемлекетінің мықты болуына мүдделі еместер. Бізді «Қазақстан Республикасы» деген мемлекет біріктіреді екен, ендеше осы мемлекеттің бағзы тарихынан бастап бүгінге дейінгі осы жерді сақтап келген мұраттар жолында тұтасуымыз қажет, біздің білім алуымыз, жұмыс істеуіміз, мақсаттарға жетуіміз үшін еліміздің ішкі бірлігі, сыртқы қауіпсіздігі қай-қайсысымызға да қажет. Ал осы ортамыздың амандығына кепілдік беретін мемлекет, оны ұмытпағанымыз жөн. Егер бір мемлекет азаматтарының әрқайсысы қалаған тілінде сөйлеп, басқа мемлекеттің мәдениетіне еліктей берсе, әлбетте, елдік санаға да, мемлекеттік мүддеге де салқыны тиеді. Сондықтан бүгін «өркениетті» деп еліктеп жүрген мемлекеттердің қай-қайсысы да мұны терең түсінгендіктен мемлекетқұраушы ұлттың тіліне, мәдениетіне, қажет десеңіз дініне де өзге этностарды енгізеді. Бүгінгі Қытай, Франция, Испания, Германия, Италия арғы тарихына емес, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы тарихына көз салсақ, қаншама этностарды негізгі ұлттың діліне бейімдеді. Әлемде мұндай үдерістер қазір үдемесе, баяуламауда. Осы бағыт, осы үдеріс өрістей бермек. Философияның заңы бойынша екі бірдей нәрсе, құбылыс болмайтын сияқты, бір тұлғаның екі тілді дәл бірдей білуі де мүмкін емес. Екі немесе одан да көп тіл білетін кез келген адам үшін, әйтеуір, бір тіл үстем болады. Табиғи жағынан алғанда, әдетте, адам үшін өзінің ана тілі басым болуы керек, бұл жаратылыс қағидасы. Ал қазіргі ғаламдық шындыққа қарасақ, онда ана тілдерінің емес, мемлекеттік тілдің немесе бәсекеге қабілеті жоғары тілдердің басымдығын айқын аңғарамыз. Айталық, әлемде мыңдаған тілдер бар десек, онда олардың тоқсаннан астамы ғана мемлекеттік немесе ресми мәртебеге ие. Яғни, ана тілдерінің көпшілігі әлгіндей мәртебеден шет қалғандықтан олардың басым көпшілігі қоғамдық қатынастарда қолданылмайды. Сондықтан ол тілдерде білім берілмейді, бұқаралық ақпарат құралдары жарияланбайды, кітаптар шықпайды. Мәселен, қазіргі кезде Еуропада 230 тіл, Америкада 1013, Африкада 2058, Азияда 2197 тіл бар екен. Олардың басым көпшілігі белсенді түрде қолданылмағандықтан бірте-бірте жойылып барады. Ал ол ұлттың өкілдері сол мемлекеттің ресми тілдерінде сөйлейді, білім алады, жұмыс істейді. Тіпті өзінің ана тілін білетіндердің өзі басым тілге бейім тұратыны ақиқат. Ана тілінде емес, тіпті мемлекеттік тілде емес, өзге тілде сөйлеуге бейім тұру қазіргі Қазақстанның тілдік келбетін аңғартады. Жаһандану кезінде әлемдік тілдердің ықпалы артады, терминология халықаралық мазмұнға ие болады, басым тілдерде жасалған сөз тіркестері, шаблондар ұлттық тілдерге енеді және олар белсендірек қолданылады. Осындай болуға тиісті тілдік-мәдени үдерістер барлық тілдерге тән. Мемлекеттік, ресми тіл ретінде әбден қалыптасқан тілдер, ұлт өкілдерінің баршасы күнделікті сөйлейтін, жұмыс барысында қолданатын тілдер осы үдеріске төтеп беруге дайын әрі әлеуетті. Тіл ойдың жемісі екендігі әлімсақтан белгілі. Қай тілде ойласаң, сол тілде сөйлейсің. Сол себепті, тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл – ұлттың әлемді, дүниені тану моделі. Сондықтан француз философы Эмиль Сьоран: «Адам мемлекетте емес, тілде өмір сүреді», депті. Шынында да адам қай елде өмір сүрсе де, әйтеуір, бір тілдің өкілі. Бәлкім, оның тілі мен ұлты екі бөлек болуы да әбден мүмкін. Тіл – ұлт мәдениетінің діңгегі де, өзегі де. Мәдениет тілде көрінеді, тілде өмір сүреді. Қай тілде сөйлесең, сол ұлттың өкілісің, өйткені сол мәдениеттің ауқымында тіршілік етесің, сенің рухани дүниеңде сол мәдениет алғашқы орында тұрады, сол мәдениеттің құндылықтарын бойыңа сіңіргенсің, ол жаныңа да, жүрегіңе де жақын. Тіл ұлт мәдениетінің бөлігі ғана емес, сол ұлттың барша мәдениетінің қуаты. Сол мәдениеттің баяны да, безбені де. Қандай мәдениет болмасын қатынас құралы ретінде де, ұлттың барша болмысы көрінген келбеті ретінде де тіл арқылы жасалған, тілі арқылы да өмір сүреді, сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заманға жетіп ұлттық тұтастықты сақтайды. Мәдениет ұлт өмір сүруінің ғасырлар бойы жинақталған амалдары мен тәсілдерінің мейлінше сұрыпталған тәжірибесінің ең жарқын қазынасы. Мәдениет ұлттың болмысы ғана емес, сол ұлттың сан ұрпағы жасаған, жетілдірілген, тұтынған сол халықты сақтаған және сақтай беретін ұлы қорғаны. Бүгінгі күнге дейін дербес халық болып жету, дінін, тілін сақтап қалу, өмірдің барлық саласын қамтыған, ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас мәдениет қалыптастыру, сол мәдениет аясында әрі қолданбалы, әрі рухани бай қазына арқылы ортамен ымырашылдықта өмір сүру, осы алып территорияны иемденіп, оны ерлік пен бірліктің арқасында сақтап қалу, намысы мен абыройы үшін күресе білу, енді бүгін тәуелсіз мемлекет құрып әлемдік қауымдастыққа еніп жатса, соның бәрі ұлттың үлкен әлеуетінде. Осындай қуатты әлеуеті бар қазақ елінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде, қазақстандықтардың ортақ қатынас құралы ретінде өз қызметін толық атқаруға байлығы да, күші де жетеді. Оны отандастарымыздың баршасы сезінсе, түсінсе жаһандану дәуірінде барлық құндылықтарымызды өз деңгейінде сақтай да аламыз, жетілдіре де аламыз. Қазіргі кезде жаһандану мəселесіне ерекше назар аударылуда. Əлеуметтік-гуманитарлық білім жаһандану үрдісінің жағымды жəне жағымсыз жақтарын зерделеп, методологиялық жəне танымдық, аксиологиялық тұрғыдан ой қорытуда. Жаһандану үрдісінің экономикалық, саяси, əлеуметтік, ақпараттық, мəдени астарлары терең зерделенуде. Бұндай қарқынды жəне жүйелі зерттеулер əсіресе ХХІ ғасырда кеңінен етек алып отырғанын атап өткен жөн. Жаһандану, кейбір ғалымдардың айтуынша, əлемдік сипатта дамып, бүкіл адамзат қоғамында түбегейлі бұрын-сонды болмаған өзгерістер мен жаңғырулар əкелуде. Жаһанданудың басты типтік жəне сапалық көрсеткіштеріне транстерриториялық сипаттағы экономикалық-шаруашылық, сауда- қаражаттық, мəдени, ақпараттық байланыстармен өзара əрекеттердің интенсивті түрде дамуын, қаржы-экономикалық нарығының пайда болуы мен тауар, капитал, жұмыс күшінің интернационалдық сипат алуын, трансұлттық корпорациялардың пайда болуын жатқызуда. Сонымен қатар қазіргі қоғамдық даму тенденциясына сай келетін белгілі бір сипаттағы идеологиялық ұстаным, нарықтық экономика, демократиялық сипаттағы əлеуметтік-саяси жүйе, дүниетанымдық плюрализм, конституциялық тұрғыда бекітілген адам құқын қамтамасыз ететін институциялық тетіктер, мемлекетаралық жəне мемлекеттен жоғары тұратын саяси жəне құқықтық институттар құруды жаһандану үдірісінің басты көрсеткіштері ретінде қарастыруда. Жаһанданудың экономикалық, саяси көрсеткіштерімен қатар, мəдени көрсеткіштеріне де ерекше назар аударылуда. Кейбір ғалымдардың пікірінше, жаһанданудың мəдени бөлімі жоғарыда аталған көрсеткіштердің негізгісі жəне «локомотиві», басқа салаларды анықтаушы күш ретінде танылуда. Ю.М.Лотман бойынша, «мəдениет — биосфера тəрізді құрлымдықтың генераторы, осынсымен ол адамдар айналасында əлеуметтік саланы құрайды, өмір сүруге жағдай туғызады, бірақ ол органикалық емес, қоғамдық» [2]. Шындап қарасақ, жаһанданудың негізінде белгілі бір сипаттағы құндылықтар, мəдени ұстанымдардың жатқаны белгілі. Жаһанданудың сценарийі американдық үлгіде жүруде. Ол жаһанданудың базисі, доминанты ретінде, оның салдарынан бұрын басты себебіне, детерминанттық күшіне айналып үлгірген. Батыстық мəдениет негізінде пайда болғанмен, ол мəдениеттің мəні мен формасы жағынан американдық болып қалуда. Осындай жағдайда жаһанданудың əр түрлі баламалық тұрғыдан тарихи- мəдени негіздері болуы керек, жаһандану жергілікті, аймақтық мəдениеттің ерекшелігін ескеру негізінде даму керек деген де ойлар жиі айтылуда. Мəселен, Қытай, Рессей, Иран, Үнді, Түркия елдері жаһандану үрдісінің негізінде жергілікті аймақтардың мəдениеті мен тұрмыс-салтыныңерекшелігі жату қажеттігін көрсете отырып, баламалық негіздегі жаһанданудың тұжырымдарын жасауда.