ҚОРЫТЫНДЫ Сонымен, «жаһандану барысында қазақ халқы менталитетіндегі басты топтастырғыш құндылықтарымыз қандай?» деген сұрақ туындайды. Біздіңше, олар мыналар:
қазақтың дəстүрлі менталитетінде демократия тек биліктің бір түрі ғана емес, сонымен бірге сыйласудың да көрінісі. Сыйласу — өзара түсінік, мəмілелік, ашықтық, сөз бостандығы, ар, ұлттық намыс бүгінгі жаһандану заманында қалыптасып жатқан демократияның институциялық құрлымдарының негізінде жатуы керек. Демократия саяси топтардың билік жолындағы «саяси ойыны» емес, керісінше, олардың халық алдындағы саяси, моральдық, рухани жауапкершілігі. Ол үшін «саяси жүйенің бірігуі», «қоғамның бірігуі» негізінде «менталдық бірігу» идеясы жатуы керек. Менталдық бірігу негізінен тысқары жүргізілген «бірігулер» қашанда күштеу, қинау, жасанды, жалған екенін есте ұстағанымыз абзал;
қазақтың жақсы бір қасиеті — өзгені тыңдай білетіні. Өзгені тыңдау мен өзіңді танудың айырмашылығы бар. Өзгені тыңдау негізінде үйрену бар. Қазақ менталитетінің бір ерекшелігі, өзін танығаннан өзгені тыңдағанды жақсы көріп тұратыны. Өзгені үнемі тыңдап, бөтеннің ақылымен өмір сүру жақсы қасиет емес. Өзіңді тану арқылы өзгені тыңдау — даналық, өзгені тыңдау арқылы өзіңді тану — кемістік. Бүгінде бізге жетпей жатқаны өзіңді тану. Өзін таныған халық қана басқамен терезесін тең ұстайды, жалтақтамайды, біреудің айтқанымен жүре бермейді. Кезінде қазақтың еліктегіштік психологиясын жақсы білген Абай: «Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Бірақ осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, ондай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп жəне үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз зорлығына көнбес едік деген ниетпен үйрену керек» деп еді [5]. Орыс тілін білгендерге шынында да дүние арзанға түсті. Билік пен байлыққа жетуде жолдары болды, айы оңдарынан туды. Бірақ біртұтас халық (орыс жəне қазақ тілді) болып екіге бөлінді. Тілдік негізде ыдырау басталды, қазақ бірін-бірі түсінуден қалды. Осы жағдайда қазақ халқы үшін тілдік бірлік ауадай қажет. Оның үстіне діндік құндылықтар негізінде ыдырауды да естен шығармаңыз. Қысқаша айтқанда, тілің мен дініне, діліне берік болу қандай да болмасын рухани бірліктің басты кепілі болып қалмақшы. Сонда ғана басқаға үлгі-өнеге көрсете аламыз;
мəмілелік менталитетті қалыптастыру қоғамдағы азаматтық, ұлтаралық, саяси келісімдерді тереңдету кепілі. Мысалға, Қытай, Өзбек, Ресей мемлекеттерімен шекара мəселесін мəмілелік тұрғысынан шешуі сырт көзге сыртқы саяси дипломатияның жеңісі тəрізді. Ал, түптеп келгенде, бұндай күрделі мəселені даусыз, жанжалсыз, сабырлылық тұрғысынан шешу қазақ халқы менталитетінің мəмілелік сипатының шынайы көрінісі екені сөзсіз. Қазақ менталитетіндегі мəмілелік ұстанымын қоғамдық, саяси мəселелерді шешудегі басты қағида ретінде ұстануға болатынын өмірдің өзі дəлелдеп отыр.
Сондықтан жаһандану барысында қазақ халқы менталитетінің басты көріністер болып табылатын гуманистік құндылықтар негізінде қазақстандықтарды топтастыра отырып, сыртқы мəдени, рухани ықпалдарға қарсы оның ішкі «иммунитетін» күшейту, бəсекелестік жағдайында өмір сүруге үйрету дамудың басты көзі болып табылады. Біреудің аруағына табынып-тамсанбай тектілік танытатын уақыт келді. «Тегіңе тартсаң — тозбайсың» деп, дана халық бекер айтпаса керек. Тектілік иегершілікке, мұрагершілдікке итермелейді. Ұлт менталитетінің тұтастығы да, бүгінгі ұрпаққа үлгі болар ұстаным да осында болса керек. Қазақстантану қазақ менталитетін зерттеуден, танудан басталады.
Əдебиеттер тізімі Аршабеков Н. Философия социальных изменений. КарГУ, 2006.
Лотман Ю.М. О семиотическом механизме культуры // Лотман Ю.М.Семиосфера. — СПб.: Искусство-СПб., 2000. —С. 487.
Амрекулов Н. Тюркское возрождение. — Алматы: Жалын, 2006.
Агелеуова А.Т. Автореф. канд. филос. наук. — Алматы: Раритет, 2003.
Құнанбаев А. Қалың елім, қазағым. Шығармалары. — Алматы: Жалын, 1995. — 289–291-б.