Мәтін жазудың шығуымен байланысты қалыптасып жетілген және әрі қарай дамып отыратын тілдік құрылым. Мәтіннің маңызды белгілерінің бірі оның аяқталғандығы
Мәтін — жазудың шығуымен байланысты қалыптасып жетілген және әрі қарай дамып отыратын тілдік құрылым. Мәтіннің маңызды белгілерінің бірі — оның аяқталғандығы. Мәтіннің негізгі категорияларына хабарлау, қосымша хабар біртұтастығы, уақыт бірлігі, модальдық т.б. жатады [61, 270 б.].
Мәтіннің ырғақты-интонациялық құрылымын анықтаудан бұрын мәтіндерді сипатына қарай жіктеу мәселесіне тоқталамыз. 1974 жылы мәтін лингвистикасы жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінде И.Р. Гальперин: «Мәтінді жіктеу үшін оның негізгі бірліктерін анықтау керектігін» айтқан. Мәтінді жіктеудегі біршама кең таралған жіктеме ол ауызша, жазбаша, монолог, диалог мәтіндері деп бөлу. Ауызша және жазбаша мәтіндерде ұқсастықтар, айырмашылықтар да жоқ емес. Ауызша мәтін де, жазбаша мәтін де оқылған мәтінді қабылдаудағы қарым-қатынас арқылы іске асады. Ауызша мәтін дыбысталған кездегі артикуляция, акустикалық формасымен ерекшеленеді. Бірақ, жазба мәтінде ауызша мәтіннің акустикалық негізі жасалады. Л.Р. Зиндердің айтуынша, просодикалық тәсілдер біріншіден, мәтін бірліктерінің тұтастығын қамтамасыз етеді, екіншіден, сәйкес бірліктердің элементтерін бір-бірімен байланыстырады. Просодикалық тәсілдер басқа вербалды және вербалды емес тәсілдерге қарағанда мәтін тұтастығын құруда міндетті элемент болып табылады. Л.П. Блохина да мәтін элементтерінің бір-бірімен байланысында просодикалық тәсілдердің маңызды рөлді атқаратындығын ерекше атап көрсеткен [62, 3 б.].
Сондықтан да радио, теледидар тәрізді құралдардың көмегімен келіп түсетін ақпарат тасқынында сөйлеу тілі стиліне, дыбысталған мәтінге, жазба мәтіндерді дыбыстау мәселесіне баса назар аударылып отыр. Дыбыстау әдісі, дайындық дәрежесіне қарай мәтінді жіктеуді білу мәтіннің ырғақты – интонациялық сипатын беруде үлкен рөл атқарады. Мәтіндер ауызша және жазбаша түрде жарыққа шығады, бұған қоса дайындықсыз немесе машықсыз сөйлеу, дайындықпен немесе машықты сөйлеу ұғымдары бар.
Дыбысталатын мәтін – оқылған немесе дауыстап айтылған кез келген дыбысталмайтын мәтінге қарама-қарсы (жазылған, баспадан шыққан, жазба түрде ұсынылытан) мәтін. Ауызша мәтін – жазбаша мәтінге қарама-қарсы, сөйлеудің жазбаша түріне жататын сөйлеудің ауызша түріндегі мәтін. Жазбаша мәтін дыбысталады, бірақ өзінің мәтіндік қасиетін сақтайды, сондықтан «дыбысталған мәтін» термині ауызша да, жазбаша да мәтінге тән.
Сөйлеу мәтіні – ерекше қызметтік қалыпқа сөйлеу тіліне қатысы бар, сондықтан ол кітаби қызметтік сөйлеу үлгісіне жатпайтын мәтін болып саналады. Дайындықсыз сөйлеу мәтіні сөйлеп тұрған кезде туындаса, дайындықпен сөйлеу мәтіні бұған керісінше келеді. Дыбысталған мәтінді жіктеудің күрделілігі мынада: дайындықпен, дайындықсыз келуімен қатар, мәтіндер сөйлеудің ауызша және жазбаша түріне жататындығы бойынша қарама-қарсы қойылады, сонымен қатар түрлі функцияны атқаруымен де байланысты болып келеді.
Бірінші топты дайындалған мәтіндер құрайды, оның негізіне сөйлеудің жазбаша түрі жатады. Бұл мәтіндер жазба мәтіндерге сүйеніп оқылады және айтылады. Яғни мәтіндердің барлығында жазбаша түрі бірінші, ал дыбысталуы екінші орында, осыған орай мәтінді оқу мен дыбыстау уақытқа байланысты болады. Төменде дыбысталған мәтіндерді жіктеудің жүйесі берілді.