(Ж-А сөйлеудің жазбаша және ауызша түрі)
Сөйлеу кезінде дыбысталған мәтіндер қандай да бір стильдің жанрлық әр түрлілігін көрсетеді, кейде бір мезгілде екі стильдің қасиетін танытуы мүмкін. Қай стильдің негізі басым түссе, сол негізде жанр қалыптасады. Мысалы, ақпараттық жанрда ресми стиль мен публицистикалық стильдің ерекшеліктері қосылады. Ал баспасөзде публицистикалық стиль негізгі болып табылады, репортажда публицистикалық стильмен қоса сөйлеу тілі стилінің элементтері, очерк көркем әдебиет стилінде жазылады.
Дыбысталған мәтіндерді жіктеу функционалды стильдердегі жанрлардың түрліше келуімен, бір стильде басқа стильдердің элементтерінің араласуымен күрделене түседі. Мысалы, ақпараттық жанрда ресми және публицистикалық стильдің элементтері қоса келетіндігін айтуға болады.
Кейбір дыбысталған мәтіндерде жанрларды даралау жалпыға бірдей болмайтын болса, мәтінді тек даярлықсыз келуімен ғана ерекшелеуге болады. Мысалы, ғылыми стильдегі барлық мәтіндерді біз келесідей топтарға бөлдік: 1. оқылатын; 2. негізінде сөйлеудің жазба элементтері жатқан даярлықпен сөйлеу; 3. негізінде сөйлеудің ауызша элементтері жатқан даярлықпен сөйлеу үдерісі; 4. даярлықсыз сөйлеу үдерісі. Оның алғашқы екеуі даярлықпен келетін мәтіндер, үшіншісі даярлықсыз және даярлықпен келетін мәтіндер, төртіншісі даярлықсыз келеді.
Ғылыми және публицистикалық стиль мәтіндерін жіктеуді ақпараттық және талдамалы жанрларды меншіктей отырып шектеуге болады. Мәтіндер даярлықпен және даярлықсыз, ауызша және жазбаша, түрлі жанрларда келмесе мәтіндерді тұтас жалпы топқа топтауға болады. Оған ресми және сөйлеу тілі стилін жатқызуға болады. Ал, көркем әдебиет стилі мен сөйлеу тілі стилі мәтіндерінің интонациялық құрылымы бір-біріне қарама-қарсы келеді. Ол жалпы сол стильдегі тілдік бірліктердің әсеріне де байланысты.
Ғылыми және публицистикалық стильдердің жанрға жіктелуі, дыбысталған мәтіннің біркелкі болмауы ресми, публицистикалық, ғылыми стильдердің айырмашылығын көрсетті. Сондықтан да, функционалды стильдерді жіктеу стильішілік жанрлардың көп түрлілігіне байланысты келеді. Стильдік бірізділікті ең алдымен, ақпараттық және талдамалы болып жіктелетін публицистикалық және ғылыми стильдерде сақталмайды.
Интонациялық сипатының жалпылығына байланысты дыбысталған функционалды стиль мәтіндерін төмендегідей топтарға жіктеуге болады:
1) ресми стиль мәтіндері және публицистикалық, ғылыми стильдегі ақпараттық жанрлар;
2) даярлықпен және даярлықсыз келетін публицистикалық және ғылыми стильдегі талдамалы жанрлар;
3) прозалық және поэзиялық, драмалық шығармалар болып бөлінетін көркем әдебиет стилінің мәтіндері;
4) сөйлеу тілі стилінің мәтіндері.