Мұғалім әдісті көп білуге тырысу керек,оларды өзіне сүйеніш, қолғанат нәрсе есебінде қолдану керек.
А.Байтұрсынов.
Ағартушы ұстаз А.Байтұрсыновтың бұл сөзі ғасыр бұрын айтылса да мәнін жоймайтын,ұстаз ұстанымының қағидатына айналған тұжырым болып қала бермек.
Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғарғы деңгейге қол жеткізген сындарлы теориялық оқытуға негізделген Кембридждік тәсілдің теориялық негізі жеті модульді қамтиды.Соның ішінде оқушыны жеке тұлға ретінде дамытатын және танытатын сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулінің өзіндік салмағы бар.
Сыни тұрғыдан ойлау өзара тығыз байланыстағы екі мағынада қарастырылады:оқушының сыни тұрғыдан ойлауын дамыту және мұғалімнің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту.Оқушыға қатысты сыни тұрғыдан ойлау ақпарат пен идеяларды синтездеу қабілеті,ақпарат пен идеяның шынайылығы мен салыстырмалы түрде маңыздылығы туралы ойлана білу қабілеті,өзінің оқуына қатысты таңдау жасау және басқалардың идеяларына күмәнмен қару қабілеті ретінде түсідіріледі.Мұғалімнің сыни тұрғыдан ойлауы өзінің жұмыс тәжірибесін,жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін сыни тұрғыдан бағалауды қамтиды.
Сыни тұрғыдан ойлау-бақылаудың,тәжірибенің,ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты ойлауға,бағалауға,талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім.Ол болашақта әрекет жасауға негіз бола алады. (Мұғалімге арналған нұсқаулық 49-бет)
Бұл модульдің әдіс-тәсілдері қазіргі оқыту үдерісінде қолданыста .Білім беру-үнемі дамуды қажет ететін үдеріс және бүгінгі оқушыны Азамат ретіндегі тұлғасын қалыптастыратын бірден-бір қозғаушы күш.Сондықтан оқытудың осылай ғылыми тұжырымдалған сара әдіс-тәсілдерін қолдану әрбір ұстаздың басты мақсаты.Өйткені,еліміздің ертеңіне жауаптыоқушы жеке тұлғалық бейнесі қалыптасқан шығармашыл,конструктивті ойлауы дамыған елін сүйетін,елдігін таныта білетін «мені» бар тұлға болып қалыптасауы қажет.Дәстүрлі оқытуда мұғалім басқарушылық рөлде болып,оқушының кітаптағы білімді жаттап алуы,қайталап беруі- меңгеру көрсеткіші болып саналатын. Оның адамилық құндылығына мән берілмей,өзіндік ой-өрісінің дамуына шектеу жасайды. Жаңа сыни ойланту модульінің тәсілдері осы шектеулік шеңберін алып тастайды.
Сыни тұрғыдан ойлау-«ойлану туралы ойлану» түсінігін білдіреді. Олай болса,жаңа формация мұғалімі сабақ құрылымын жоспарлауда сабақ мақсатында сабақтың ұйымдастырылуы мен қорытынды кезеңіне дейінгі іс-әрекетті сыни тұрғыда ұйымдастырылатынын көрсетуі тиіс.
Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту әдіс тәсілдері нәтижеге бағытталады.Сондықтан мұғалім ескерер мәселелер төмендегі қағидаларды қамтиды:
1.Оқушының жеке ерекшелігін ескеру;
2.Қызығушылық бағытын тану;
3.Талап-тілегін ескеру;
4.Сенімін қалыптастыру;
5.Белсенділігін көтеру;
6.Өз бетімен ізденуге бағыттау;
7.Пікірін қолдау.
Мектептегі тәжірибе кезеңінде тізбектелген сабақтар топтамасына енгізілген бірінші сабағымның тақырыбы: «Сөйлем түрлері».Қызығушылығын ояту кезеңінде тақырыпта ашу үшін сөйлемнің үш түрінің тыныс белгілерін адам бет-бейнесі түрінде топтастырып көрсеттім.
Ойлану іске қосылды,қызығушылықтары оянды.Сыни тұрғыдан ойлау стратегиясын қолдандым. Сөйлем туралы не білетіндеріне ассосиация құруға жұптық тапсырма бердім.Бірін-бірі толықтыру арқылы құрылған ассосиация бүкіл сыныптың сөйлем туралы білімін көрсете алды.Тапсырманы білімін қолдана білуін анықтау және ынтымақтастығын арттырып,белсендіру мақсатымен құрдым.Бағдаршам түсі арқылы қай түріне құрағанын және дайын екендігін анықтадым.Құралған сөйлемдер төмендегідей болды:
Хабарлы сөйлем:
-Бүгін ауа-райы жақсы.Осындай күн ұнайды.Күн тып-тынық.
Сұраулы сөйлем:
-Күн жылы ма? Ауа-райы қандай?Аспан ашық па?
Лепті сөйлем:
-Ауа-райы қандай тамаша! Шіркін, ауылдың ауасын-ай!
Балалар қазақ тілінде жаттығулар орындауда хабарлы,сұраулы сөйлемдерді жиі қолданады. Диалогта да осы екі түрі қолданыста.Осыны ескеріп,лепті сөйлемнің құрылуы мен айтылуын тереңірек меңгеруі үшін сергіту сәтін ұйымдастырдым.Бұл мақтау,марапаттау түрінде мұғалім мен оқушы арасындағы кедергіні жойып ,ортақ әрекеттестікке жол ашты.Бірнешеуін мысалға келтірейік:
«Қанатбек, костюмің өзіңе қандай жарасымды!»
«Дәйек,сенің даусың сондай жағымды!»
«Досан, сенің жаңағы сөйлемің маған қатты ұнады!»
«Бәріңнің де көңілді кейіптерің тамаша!»
Ризалығымның белгісі ретінде «Қара жорға» бейнеролигін ұсынамын (Сұрақ: көңіл-күйлеріңізді қай тыныс белгісімен көрсетер едіңдер?) Балалар леп белгісін көтерді.
Мағынаны тану кезеңінде мәтінмен жұмысты 5 бағытта жүргіздім.
1.Мәтінді мазмұндық талдау;
2.Сөйлем түрлерін табу;
3.Мәтінге ат қою;
4.Кейіпкерлерге мінездеме;
5. «Сендер қандай көмек берер едіңдер?» сауалы.
Мәтінге ат қоюда белсенділік танытты.Балалар тапқан тақырыптар «Аяныш», «Еңбекқор Мұрат» «Мұрат- біздің досымыз», «Көмек».Сендер «қандай көмек берер едіңдер?» сынақтан өткізу сұрағына сыни тұрғыдан ойлана жауап берді.Осының ішінде 3 деңгейдегі оқушы жауаптарын келтірейін:
Белсенді,зерек Альбина: «Апасы ауырып жатса,Мұраттың үйінде ыссы тамақ та болмауы мүмкін,мен үйімнен ыссы тамақ апарып берер едім»,ал Қанатбек: «Менің мамам дәрігер болса,Мұраттың анасын қарап беруін өтінер едім. Ол тез жазылуына көмектесер еді ». Ал көп белсенділік танытпай отырған Саят: «Ол сабаққа келмегесін үй тапсырмасын білмейді. Ертеңгі сабағына көмектесер едім»деп жауап берді.Бұл жауаптар әр баланың достық қарым-қатынасын,адамгершілік сипатын көрсете алғаны.
Сыни тұрғыдан ойлауды диалог арқылы дамыту топтық бірлескен белсенді іс-әрекетті ,жаңа мағына мен білімді игеру нәтижесіне қол жеткізді. Оны дәлелдеуде және жас ерекшелігіне қарай жоғары деңгейдегі ойлау қабілеттерін өрістетуге ықпал жасайды.Жоғарыдағы сабағымның рефлексиясы кезеңінде «Жұптық диалог» тәсілімен тақырыптар бердім.Тапсырмадағы жұптық диалог тақырыптарын оқушыларымды тегіс қамту үшін деңгейлеп құрастырдым.Іске асқан диалог үзінділері:
1.«Танысу».
-Сәлем! Менің атым- Саят.Сенің атың кім?
-Сәлем! Менің атым-Жасия. Сенің атың кім? Сен нешінші сыныпта оқисың?».
2.«Гүл мен бала». Бала:
«Гүл, мен сені сыйлық үшін жұлуыма бола ма?
Гүл:
-Менің әлі өмір сүргім келеді!
3.«Алма мен апельсин»
Алма: «Апельсин, сен неге дөп-дөңгелек ,әрі сап-сарысың?»
Апельсин:
-Менің түрім де, түсім де Күнге ұқсайды.Сондықтан күндей дөңгелек және сарымын.
4.«Жаңа кітап пен ескі кітап». Жаңа кітап:
-Досым, саған не болған? Әбден өңің кетіпті.
Ескі кітап:
-Мені ұстаған бала ұқыпсыз. Күтіп ұстамағасын осындай болдым.
Бала қиялы қандай жүйрік! Олар бұл тапсырманы аса қызығушылықпен орындады. Бастысы, олар рөлге кіру арқылы бірін-бірі үйретті. Өздерінің танымдық деңгейін, шығармашылық қабілетін арттырды.
Сұрақ қою техникасы мен дамытушылық тапсырмаларды түрлендіре беру балалардың сыни ойлауын дамытып қана қоймай,оның сөздік қорын,сөйлеу тілін,сөйлеу мәдениетін жетілдіріп,ой еркіндігін шынықтырды.
«Сөз және оның мағынасы» тақырыбында сабақ құрылымын бастан-аяқ сыни тұрғыдан ойлануды дамытуға жоспарладым.
Сабақ тақырыбын «Сұрақты тап» әдісі бойынша берілген анықтамаларға тұжырым жасап,өздері ашты.
Сұрақты тап
|
Жауап
|
Тіл арқылы жасалады
Оның мағынасы болады
Ауызша,жазбаша болады Зат, ұғым атауы
|
Сөз және оның мағынасы
| Топқа бөлініп, одан әрі сабақ әрекетіне көшу үшін сөздің мағыналық түрлеріне қарай сауалдар берілді.
«Дұшпан-дос» (қарама-қарсы сөз табу)
«Халық-ел» (мәндес сөз табу)
«Жастық-бұйым,балалық шақ (бірнеше мағынасын ашу)
3-ші тапсырмада ең тамаша бағаны хормен айтқызу арқылы таптырдым. «Бес». Сөздің бір әрпін өзгертіп, үш топ тез сөз айту керек. Бірінші топ бірінші әрпін,екінші топ екінші, үшінші топ үшінші әрпін өзертеді.
кес бас бел
5 5 5
тес бос бет
Сергіту сәті де білімді қолдану бағытымен жүргізілді.Мұғалім айтқан сөзге жұп сөз тауып,сәйкес қимыл-әрекеттер ойлап орындады (жоғары-төмен,жуан-жіңішке және т.б.) Мұғалім сөз сыңарын айтады. Оқушылар жұбын тауып, әрі сәйкес қимыл жасайды. Берілген сөзді екі мағынада қолданып,сөйлем құрауда да балалардың өз ойларын жеткізудегі шеберліктері қуантты. «Қой-мал, қимыл.Атам қойды өріске шығарды.Айгүл, кітапты орнына қой. Ара-жәндік, құрал. Ара гүлден бал жинайды.Бақыт арамен ағаш кесті. Көк-түс, аспан. Еліміздің туының түсі көк.Аспанды көк деп те айтады.».
Балалар бағдаршам арқылы топішілік, топаралық бағалау жүргізді.
«Түбір мен қосымша» тақырыбындағы сабағымда сын тұрғысынан ойлауды диалог, түрткі сұрақтар, талдау, постер құру, шығармашылық тапсырмалар, топтастыру арқылы дамыта алуды ойластырдым.
Сабақ қорытындысында «Егер мен болмасам...» рөлдік ойынымен түбір, жұрнақ,жалғау қызметін үш топ бірінші жақта жеткізе білді.Мысалы: Түбір: -Егер мен болмасам, сөз болмайды. Адам сөйлеспейді. Жұрнақ пен жалғау да болмайды.Адам аты да, зат атауы да болмас еді.
Жалғау:
-Егер мен болмасам, сөз бен сөз байланыспайды. Сөйлем құралмайды.Кітап, ертегі, өлең жазылмайды. Жұрнақ:
-Екеуің босқа мақтанбаңдар.Мен болмасам, жаңа сөз жасалмайды. Сөз саны да аз болар еді.
Мұғалім:
-Балалар, қайсысының қызметі маңызды екен?
Оқушы:
-Түбір қызметі. Себебі, жұрнақ пен жалғау түбірге жалғанады. Шығармашылық белсенділігі жоғары Альбина:
-Бәрінің де өз қызметі бар.Олар біз сөйлегенде, сөйлем құрағанда бірге қолданылады.
Терең ойлауымен оқушы көшбасшылығы көрінді.
Мен осы жауапты күткен едім.
«Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер», «Оқытудағы басқару мен көшбасшылық» модульдерінің әдістерінің тапсырманы орындау әрекетінен (диалог, ерекше сөйлемдер, жоғары дәрежелі жауаптар, жеке оқушы белсенділігі, әртістік қабілет) сыни тұрғыда ойланумен ықпалдаса өрілгенін жүзеге асыра алдым.
Бұл модульдің мен зерделеген мүмкіндігі көп қырлы.Мысалы:сыни тұрғыдан ойлануға қажетті сұрақты қоя білсең,берілген жауап арқылы оқушыны мына өлшемдер бойынша тануға болады:
-ойлау шеберлігінің деңгейі ;
-ынта,ұмтылысы;
-іске асыру дәрежесі;
-Жеткізу тәсілі;
-дәлелді пікір;
-қарым-қатынас белсенділігі.
Сыни тұрғыдан ойлауды қолдану- оқушылардың коммуникативті құзіреттілігін дамытушы құрал.Сабақтың нәтиже беруі бұл модульдің стратегияларын тақырып мазмұнына,тапсырма түріне сай орнымен тиімді қолдануда жатыр.Дұрыс таңдалған тәсіл оқушыларды шығармашылық пен әрекет етуге,үздіксіз ізденіске ,мәселеге терең үңілуге үйретеді.Кейде сабақ үстінде балалардың іс-әрекет ыңғайына қарай әдісті өзгерту керектігі ұшырасады.Осындай сәтте мұғалімнің шеберлігі өзінің де сыни тұрғыдан ойлауының нәтижесімен көрінеді.
Тәжірибе көрсеткендей дәстүрлі оқытудың баланы шектеулі шеңберде ұстайтын оқу және оқыту әрекеті түрінде бағаланады.Талдап таратсақ:
-Бала мұғалімге тәуелді,басқарушыға бағынады;
-Білімнің қажеттілігін сезінбейді,оны механикалық мәжбүрлі түрде қабылдайды;
-Даму сыңаржақты,жан-жақтылық жоқ;
-Білім беруде жас ерекшелігі ескерілмейді;
-Өзара диалог алмасу жоқ,мәлімет алмасу ғана бар;
-Әрекет ұжымдасу арқылы жүрмейді;
-Басты мақсат-жоспарды орындау.
Шындығы керек,қазір мұғалімдер оқушылардың сабаққа ынтасының жоқтығын ,тақырыпты меңгеруге қабілетсіздігіне шағым айтамыз.Оның себебіне ойлау арқылы көз жеткізуді және оны шешу жолдарын қарастыруды сыни тұрғыда ойлау әдістері айқындайды.
«Жұрнақ пен жалғау» тақырыбындағы сабағымды жұмбақтап қызығушылығын оятудан бастап,жасырын сөздер (Күн,ай,жер)арқылы топқа бөлдім.Топ ішінде доп беру арқылы бір түбірге бірнеше жалғау жалғап айтады.Бұл әрекетте балалар өте белсенді болды.Ал берілген жұрнаққа тиісті түбір сөзді суретпен бейнелеудегі топтасуы,шығармашылық ізденістері зертеушілік сипатта болғанын сеніммен айта аламын.
Теорияның мәніне тәжірибеде тереңірек үңілесің. Сәт сайын жаңалығын ұсынған технология дәуірінің екпінді «ағынына» қалмай ілесу –дамушы мемлекетіміздің бірегей мақсатқа жұмылдырылған кешенді стратегиялық бағыты.
Сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға ынталандыратын бір тетік- Бағдарлама мазмұнындағы ықпалдастықта қарастырылатын жеті модульдің бірі-«Оқыту үшін және оқуды бағалау» модулі. Тізбектелген сабақтар қорытындысына талдау жүргізгенде дәлелді көз жеткізіп, түйгенім,сыни тұрғыдан оқыту және оқуды бағалауды жүзеге асыру мұғалім мен оқушыға екіжақты мынадай метатану үдерісін іске асыратын пайда әкеледі:
Мұғалімдерге:
1.Сапалы нәтиже алуға бағытталған критерийлер әзірлеуге;
2.Өзінің іс-әрекетін жоспарлауға және талдауға жедел түрде ақпарат алуға;
3.Білім беру сапасын арттыруға;
4.Оқытудың сапасын жақсартуға;
5.Әр оқушының жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, жеке оқыту траекториясын құруға;
6.Бағалаудың түрлі тәсілдері мен құралдарын қолдануға;
7.Оқу бағдарламасын жетілдіруге ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.
Оқушыларға:
1. Өзінің түсінігі мен қабілетін көрсету үшін оқытудың түрлі стильдерін және ойлау әрекетінің түрлерін қолдануға;
2. Өз нәтижелерін болжау арқылы табысқа жету үшін бағалау критерийлерін білуге және түсінуге;
3. Өзінің және өз құрдастарының жетістіктерін бағалап, рефлексияға қатысуға;
4. Шынайы міндеттерді шешу үшін өз білімдерін қолдануға, түрлі көзқарастарды білдіруге, сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік береді.
Сыни тұрғыдан ойлану «ойлану туралы ойлану» деген ұғымды білдіреді.Демек,бұл алдымен мұғалімнің сабақ беру тәсілдерін таңдарда оқушыларды ойландыру үшін ойлануға бағытталады. Сыни ойлаулар,тақырып үшін ақпарат іздеу,тәсілдерді таңдау әрекетінде мұғалімнің өзінде оқушыдан күтілетін нәтижелерді көруге болады.Тәжірибе кезеңінде осыған көзім жетті. Санамаласам:
Өз ісіме деген құрмет;
Әр оқушыға деген құрмет;
Бағалаудың маңыздылығы,жауаптылығын түсіндім;
Әріптестермен белсенді қарым-қатынас;
Шығармашылық ізденіс;
Сабақ жоспарын жасаудағы өзгеріс;
Нәтижелі мақсат қою;
Өзіме сенім.
Өткізілген сабақтарымды толық дәрежедегі жұмысқа бағалауға ертерек екенін білемін.Алайда ескі дәстүрдегі қалыпты бұзуға қадам жасалды.
«Ел боламын десең,бесігіңді түзе»-дейді ұлы Мұхтар.Ал баланың «білім бесігі-мектеп».Мектеп –баланың алғашқы ұжымдық ортасы.Мектепте шынайы «оқу ортасы» құрылуы үшін әр мұғалім өз кәсібін терең меңгерген және оқытудың өнер екендігін бағалаған,оқушыны өзімен әріптес ретінде сыйлаған маман болуға міндетті.
Жаңа Бағдарламаның мазмұны мен міндетін түсіне отырып,сабақ үдерісінде жеті модульді ықпалдастыра пайдалану-оқушы көшбасшылығымен айқындалатын мұғалім көшбасшылығына апарар жол болады. Жетістігім-оқыту мен оқу үдерісінде менің әрекетім арқылы оқушыларда, оқушылар әрекеті арқылы менде өзгеру үдерісі жүрді.
Қорыта айтарым,жаңа Бағдарлама мазмұнында берілген жеті модульдің тәсілдерін тиімді пайдалана отырып,оқушының жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, ел үшін еңбек ететін Азаматтық тұлғасын қалыптастыру- өз кәсібіне шынайы берілген ұстаздық қызмет иесіне берілген мәртебелі міндет дер едім.
|