МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ДАМУЫ – ҚҰЗЫРЛЫ ОҚЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ФАКТОРЫ
Идрисова Гүлжан Бердімбайқызы
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты
Қазіргі жаһандану заманында, тек біліммен қаруланған адам ғана өз орнын ойып тұрып табады деп сенемін. Дана халқымыздың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа»- деген өсиетінің өзектілігі күннен күнге өсе түсуде. Келер шақта адам адамнан тек білім, мәдениет пен рухани байлықпен ғана оза алады. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деп бекер айтпаған болар.
Бүгінгі күні білім беру жүйесінде мәселені тіпті былайша төтесінен қоюға болады: «Үйрену мен үйрету тек өзара белсенді әрекеттерге негізделген қарым – қатынас арқылы жүзеге асырылады» және «Тек әрекеттесу арқылы ғана үйретуге болады». [1] Осы аталған мәселелерді басшылыққа ала отырып, қазіргі таңда мұғалімдердің назарын интербелсенді оқу мен оқытудың ерекшеліктеріне аударып отыр.
Қазіргі кезде орта білім саласында көптеген реформалар болып жатыр.
Барбер мен Муршед бастаған американдық зерттеушілер тобының «Ең үздік мектеп жүйелері бірінші орынға қалай шығады» атты зерттеу жұмысы мынандай қорытындыға келген: Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін білім жүйесін басқаратындар 3 негізгі қағидатқа сүйену керек дейді, сонымен 1) Білім беру жүйесінің сапасы сол жүйедегі жұмыс атқаратын мұғалімдердің сапасынан жоғары бола алмайды; 2) Нәтижені жақсартудың тек бір ғана жолы, ол оқытуды жақсарту; 3) Барлық оқушыларды жоғары деңгейлі біліммен қамтамасыз ету, әр оқушыға сапалы білім беру механизмінің көмегінсіз мүмкін емес. Сонымен, мектеп әкімшілігі мен білім беру жүйесі басқару органдарының мұғалімдерді тиісті ресурстармен қамтамасыз ету қызметінен гөрі, оқушыларды тәрбиелеу, дамытуға бағытталған мұғалімнің сыныптағы күнделікті жұмысы оқыту үдерісі мен оқушылардың оқу нәтижелеріне оң ықпал етеді. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға–мұғалім.
Сондықтан ең маңызды міндеттердің бірі – педагог мәртебесін көтеру.
Бұл жұмыс біздің мемлекетімізде мынандай бағыт бойынша жүргізілуде.
- Бірінші: мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу.
Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға қарай педагог жалақысы жеке сектордағы деңгейге жақындайтыны қарастырылған.
- Екінші бағыт: мұғалімдердің біліктілігін арттыру.
Біріншіден, жоғары оқу орындарында мұғалімдер даярлау жүйесін түбегейлі арттыру керек. Екіншіден, Елбасының тапсырмасына сәйкес 2012 жылдан бастап, педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі өзгерді.
Аталған өзгерістерді Назарбаев Зияткерлік мектептері мен «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы әлемдік тәжірибе негізінде жүзеге асыруда. Жаңа формациядағы мұғалімдер орта білім саласын жаңартудағы қозғаушы күшке айналады. Ең бастысы, әлемдегі үздік практиканы меңгерген бұл мұғалімдер орта мектеп жүйесіне жаңаша леп әкеледі. Білім беру қызметінің сапасын жаңа деңгейге жеткізеді деп күтілуде. Білім беру саласында жүргізілген әлемдік зертеулердің нәтижелері тиісті кәсіптік қасиеттерге ие, оқыту және оқу үдерістерінің қажетті дағдылары мен терең түсініктерін игерген мұғалімдер жастардың білімін сапалық тұрғыдан өзгерте алатынын көрсетіп отыр» деген [2]. Яғни, барлығы да мұғалімнің құзыреттілігіне келіп тіреліп тұр.
Қазіргі таңда технологияның күн санап қарқынмен дамып келе жатқан уақытында (планшет, компьютер, интернет, т.с.с цифрлық технология) баланы жай сабаққа көңілін аударып оқыту қиындап кетті, енді оқушыларды оқытуға қандай әдіс-тәсілдер қолдану қажет. Мен бұл сұрақтарға жауапты, әрине осы Бағдарламадан табамын деп түсінемін. Алда үлкен шығармашылық ізденістер мен көптеген өзгерістер тұрғаны айқын.
Соңғы кездерде шетелде қарастырылған педагогикалық қарым – қатынас стилдерінің ішінде М. Тален ұсынған оқытушылардың кәсіби позицияларының типологиясына назар аударатындай.
«Шебер» моделі. Бұл ұстаз өз шәкірттеріне үлгі болуды қалайды. Үйренушілердің оның барлық әрекеттерін тек оқу процесінде ғана емес, сонымен бірге жалпы өмірге деген тұрғыдан бұлжытпай қайталауы керек.
«Генерал» моделі. Қатаң талап қоюшы, қайткенмен де өзінің айтқанын орындатуға ұмтылады, өйткені өзінің сөзін әрқашанда дұрыс деп бағалайды. Оның ойынша, студент солдат тәрізді тек бұйрықтарға ғана бағынуы керек. М.Таленнің айтуы бойынша, оқытушылардың бұл типі педагогикалық практикада басқаларға қарағанда анағұрлым жиі кездеседі. М.Таллен бұл типологияның негізінде қандай ерекшелік жатқандығын арнайы көрсетеді: оқытушы үйренушілер мүдделерін емес, өзінің мүдделерін ескеріп, өз еркімен рөл таңдайды. [3]
Бұрын сабақ дәстүрлі түрде, бір сарынмен жаттанды формада өтілетін. Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» стиль арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сондықтан механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез-келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету. Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы теориялық оқытуға негізделген тәсіл кең тараған (Хэтти, 2009). [1]
Әлемдік практикада білім сапасы нақты критерийлерге сәйкес: Білім – түсіну – қолдану – жүйелеу және жалпылау мақсаттары бойынша бағаланады.
Қазіргі оқулықтарда төмен деңгейден жоғары деңгейге өтуге ықпал ететін деңгейлік тапсырмалар жүйесі жоқ. Сондықтан, оқушылардың ҰБТ-да логикалық есептерді шығара алмауы таң қалдырмайды. PISA зерттеулерінің нәтижесі бойынша оқушыларымыздың 65 елдің арасында 58-ші орынға ие болуы да осыған байланысты.
Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат етуге ойластырылып тұрған мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім – біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір – көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым – түсініктерін өрістетуге ойластырылып құрылады. [1]
Дәстүрлі сабақта білім алу мұғалімнен оқушыға бағытталып, тікелей сұраққа жауап алумен ғана шектелдік. Сабақ үстінде басты назар мұғалімде болды, себебі 50 минуттың көп бөлігінде мен сабақ түсіндіретінмін, сұрайтынмын, талдайтынмын. Сұрақ қойылып, сол сұраққа көбіне өзіміз жауап беретінбіз, олар «кітаптың сөзімен» жауап беретін. Тағы айтқым келетіні бұл аудиториядағы тәртіп мәселесі. Яғни, жоғарыда айтылған М.Талленнің мысалға келтіріп өткен «Генерал» моделіне ұқсас. Сабақ үстінде студенттердің бір-бірімен еркін сөйлесуіне ешқандай мүмкіндік берілмейтін, сәл біріне-бірі қарап сөйлессе болды «сөйлеспей, шуламай отырыңдар» деп талап еттік, тіпті олардың артық қимыл жасауының өзі менің тарапымнан белгілі бір ескертулер айтуға әкелетін. Студенттерге осындай шектеулер қою кей жағдайларда олардың сабаққа деген қызығушылығының төмендеуіне алып келіп жататындығына аса көңіл бөлген жоқ едім. Ал енді сындарлы оқыту теориясы бойынша оқушыларды өзара қарым-қатынасқа түсірудің маңызы зор екеніне көзім жетті. Сындарлы оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы өте зор екен: сабақ үдерісінде басты назар оқытушыдан оқушыға ауысады. Сонымен қатар жеке тұлғаның өзіндік қасиеттері басты орында тұрады. Бұрын студент білімді қабылдаушы, жинақтаушы болса, ал жаңа талап бойынша өздігімен білім алушы, үйрене білуші ретінде танылады.
Психологтар «ұстаным» ұғымын адамның іс-әрекетке бейімділігімен байланыстырады. Мұғалімнің ұстанымы – оның көзқарасы, қабылдаған шешімінің және іс–әрекетінің негізі» деген [1]. Мен өз іс-тәжірибемнен қандай өзгерістер байқадым? Енді мен бұрынғы дәстүрлі сабақ беру мен тәрбиелеу тәсілдерін ұмытуға бел байлап, жаңа көзқарастар тұрғысынан білім беруді өз тәжірибеме енгізуге ұмтылдым. Сабақты ұйымдастыру, оқыту, бағалау, жоспар құру тіпті студенттермен қарым-қатынас жасау жөніндегі көзқарасымды түбегейлі өзгертуді шештім.
Педагогикалық ғылым мен тәжірибенің бүгінгі даму деңгейінде белгілі болған оқыту әдіс-тәсілдерінің бәрін игеріп, әрбір нақты жағдайларға орай ең тиімдісін таңдап алу, сапасын көтеру түрлерін жетілдіру, студенттердің пәнге қызығушылығын арттыру, ізденуін, таным деңгейін жоғарылату, пайдалану әрі шығармашылықпен қолдану мұғалімнің шеберлігінің басты мақсаты. Осыған орай мектеп өміріндегі өзекті мәселенің бірі – сабақтың жаңа түрлерін дамыту екендігін түсіндім.
Осы курсқа келіп оқығаннан кейін оқу үдерісінде интерактивті қарым-қатынастың маңызды екенін түсіндім. Оқушыларды интерактивті қатынасқа түсірудің бірден-бір жолы диалогтік әдіс-тәсілдерді қолдану. Диалогтік оқытудың менің сабағымда тиімділігі сыныптағы барлық білім алушы сабаққа тартылуына, өз ойын қысылмай білдіруіне ықпал етті. Осындай өзгерістерді байқалуда. Студенттердің оқудың қызықты, әрі олар үшін жеңілдеу болғаны топта бірлесе жұмыс істеуге үйренгендіктерін білімнің, ойының тиянақталып одан әрі арттыру керектігін кері байланыс парағына жазған. Мен күнделікті сабақ барысында студенттердің өтілген тақырып бойынша нені түсініп, түсінбегенін үй тапсырмаларын сұрау арқылы, түрлі тапсырмалар мен тесттер беру арқылы тексеретінмін. Бірақ оларды оны қосымша қандай сұрақтар мазалайтынын, нені білгілері келетіндіктерін, сабақ үстіндегі көңіл-күйлерін сұрай бермейтінмін. Студенттермен кері байланыс жасау мен үшін өте тиімді болды. Себебі оқушылардың нені түсінбей қалғанын, оларды тақырыпқа байланысты не қызықтыратынын, тіпті сабақтағы көңіл-күйінің қандай болғандығын білуге болады. Кері байланыстың нәтижесінде жұмысты ары қарай жалғастыруға, оны сұрақ- жауап ретінде пайдалануға үйренеміз. Кері байланыс парағы арқылы көмек беріп, өзін-өзі реттеуге, өз ойын тартынбай жеткізуге үйретуге болады. Өзгерістер енгізуіме біршама қиындықтар кездеседі. Берілген уақытты жеткізе алмау, тапсырмаларды беру кезіндегі жүйелілікті сақтай алмау. Енді осы аталған қиындықтарды жою үшін толеранттылық қаситеттерді дамыта отырып, уақытты ұтымды пайдалануға тырысамын, ситуациялық сұрақтар дайындалуына үлкен мән беру, студенттердің нақты жауап беруіне ықпал ету. Тынымсыз еңбек пен жан-жақты ізденістер арқылы көптеген жетістіктерге жетуге болады. Ендігі алға қояр мақсатымыз осы курс бойынша алған білімімізді ары қарай өз іс-тәжірибемізде көрсете білу. Өз біліміңді үздіксіз көтеріп, үнемі ізденіс үстінде болу. Алдағы уақытта сындарлы оқыту теориясы негізге алатын 7 модульді өз іс-тәжірибемізге кіріктіріп жұмыс жүргізу маңызды болып табылады. Себебі, студенттің ой-өрісін дамытып, өз білімін болашақта өмірде пайдалана алатын құзырлы маман дәрежесіне жеткізу үшін сындарлы оқытудың маңызы зор. Сонда ғана оқушы бойында білім нұры тасып, уақыт өткен сайын оқушының ішкі дүниесі, сыртқы ортамен байланысы дамып, оқушы дүниетанымы арта түсері анық.
Сыни тұрғыдан ойлау арқылы оқумен жазуды дамыту технологиясын сабақ үстінде студентке мынандай мүмкіндіктер беретінін байқадым: - оқытушыға тәуелділіктен арылып, өзінің білім беру қызметін өздері басқаруға; - білім мәдениеттілігі мен маңыздылығын түсініп, қажетті іс - әрекетті белсене және өз бетінше орындауға; - жеке ерекшелігі мен қабілетіне сай тапсырмаларды өзі таңдап, іздеп тауып, белсене орындауға; - білім мен мәдени құндылықтарды игеру ісін топтасып және ұжымдасып мұғалім көмегінсіз атқаруы; - құр мәлімет алумен шектелмей, сабақ барысында өз пікірін ашық айтып, сұхбат жүргізуге; - ой-өрісі ғана емес, рухани және әлеуметтік жағынан өздерін - өздері дамытып, тәрбиелеуге. Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқу мен жазу дамыту технологиясын сабақ үстінде қолдану барысында төмендегідей тиімділіктерге қол жеткізуге болады: 1. Сабақты белсенді өткізіп, әр баладан еркін жауап алуға жағдай жасау. 2. Сенімділікке тәрбиелеу. 3. Қиялын дамыту
«менің ойымша» деген жауап алуға жағдай жасау. 4. Әр түрлі жауапты соңына дейін тыңдау. 5. Жауап беруге тілек білдірмеген баланы өз еркінсіз, қинап сұрамау. 6. Баланың дүниетанымының кеңіп, рухани өсуіне, әр сабақта жағдай жасау. 7.Жеке тұлға ретінде «мен» деген рөлін көтеру, өз пікірін қалыптастыру. Тәрбиесіз берген білімнің зияны туралы бұдан бұрынғы ғұламалардың айтып кеткені белгілі. Осыған орай менің ұстаз ретіндегі өмірлік ұстанымым – рухы таза, өзінің қазақ деген ұлттың бір бөлшегі екендігіне мақтана алатын, оны шынайы сүйіп қастерлейтін жеткіншектерді тәрбиелеу, білім беру. Баланың сезіміне әсер етпей, санасына жеткізбей, оған терең білімді меңгерту мүмкін емес.
Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі–тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жастарды тәрбиелеу. Білімдегі жетістік ғылымдағы жетістіктердің, ал ғылымдағы жетістіктер–инновациялық дамудың қайнар көзі. Сапасы жоғары білімі бар ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет бола алатыны–дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Зияткерлік ұлт болып қалыптасуымыздың негізі де сапалы білім алған ұрпақ екені даусыз.
Қолданылған әдебиеттер:
1.Бaғдaрлaмa. Үшінші деңгей. Үшінші бaсылым. «НЗм» ДББҰ, 2012 ж.
2. Мұғaлімге aрнaлғaн нұсқaулық. Үшінші деңгей. Үшінші бaсылым. «НЗм» ДББҰ, 2012 ж.
3. «Интербелсенді әдістемені ЖОО-дa қолдaну мәселелері» оқу құрaлы, aвторы: Aсхaт Әлімов, Aлмaты қ., 2013 ж., 123 б.
Достарыңызбен бөлісу: |