280
жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны
көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек,
жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады. Жан ашыры бар, жақсылық
пайдасы бар ғана кісі бағады... Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім
үшін де дүниенің ең асылы білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен
ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма?..
Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас... - деді.
Құнанбай тыңдап болды да күрсініп қойды. Шарасыздық ажары білінді.
Бірақ үн қатқан жоқ. Сөз осымен біткен еді. Абай қоштасты да, жүріп кетті.
Дөң басында ауыр оймен жалғыз отырып қалды Құнанбай қиналған күйде.
Тағы жеңілді. Баладан ғана жеңілген жоқ. Ендігі өмір мегдеп барады.
«Әлсіредің, тозарлық шағыңа жеттің» деп тықсырып кеп, шетке қағып барады.
Өз баласының аузынан естіген үн, сол бір - «дәуренің өтті» деген суық
сарынның қатаң лебі еді.
Абайдың Ақшоқыға соға кететін жұмысы бар-ды. Ордадан шығып, солай
қисая жүрді. Жол жоқ. Бірақ қар жұқа болатын. Ербол екеуі саржеліп отырып,
Есембайды бауырлап кеп, Тақырбұлақ тұсындағы жолға түсті.
Бір шақта, қаладағы оқудан қайтып келе жатып, ауылды аңсап, асығып
шапқан көк жазығы осы еді. Қазірде аппақ суық қар басқан. Алыстағы жоталар
мен айналадағы өлкелер де панасыз, жүдеу. Айықпас ауыр мұңға батқан. Бұл
күнде Абай көңіліне панасыз, кемтар көрінетін бар сахрасының, бар халкының
күйі де осы реңдес. Бір кезде нанғыш, таза бала жүрегі, барлық рахат, бақыт
осы қырда, ауылда деп алас ұрған болса, қазір Абай қайта жортып келеді. Енді,
бірақ сондағыдай үміт, бақыт тілегін қаладан іздеп, соны аңсап келеді.
Бұл уақытта Абайдың жасы 24-ке шыққан-ды. Көз алдынан өзі шегіп өткен
жылдардың бірталай күйлері шұбатылып өте берді. Байқап қараса, өмірдің
бірталай қат-қабатынан, шытырманынан, бел-белесінен өтіпті. Бір шақта ерге
басып, енді міне қияға қарай да өрлеп келе жатқан тәрізді. Осындай өз
тірлігінің бұраң жолын көрді.
Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң кұздын басындағы тақыр кұм
мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай
бір өмір гүл шашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын
тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да
қатер болудан қалған еді.
Достарыңызбен бөлісу: |