Мұхтар Әуезов Семейге келіп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашыл азаматтар қатарындағы Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды қазақтың дарынды ақын-жазушыларына қосылды. Алашордашыл бағытты ұстанған жастармен етене араласып, Мұхтар ұлтының бағының ашылуын аңсап, туған жұртына деген қамқорлығы арта түсіп, ұлттық бағытқа бет бұрады.Алайда Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге, 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалады. Жазушы қуғын-сүргіннің алғашқы легіне ілікті. Іле-шала бірталай заттары мен қағаздары тәркіленді. Ол қағаздар бүгінге дейін табылған жоқ. Екі жыл абақтыда отырған. Одан кейін "идеологиялық айыбын мойындап" жазған "Ашық хаты" үшін жазасы жеңілдеп, шартты түрде тағы үш жылға кесілген. Ол хат баспасөзде жарияланды. Онда Мұхтар өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, "Қарагөз", "Еңлік-Кебек", "Хан Кене", "Қилы заман" сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдеуге мәжбүр болды. Содан кейін ғана ол түрмеден босатылып, оқытушылық жұмыспен айналысуға рұқсат алды. Еркіндіктің құны осы болды.