«Әуезов әйелдері»
Қазақтың сөз өнеріндегі «Әуезов әйелдері» деп атауға болатын айырықша әсем образдар галереясы ұлы эпопеяның жан тебірентер ғажайып жаңа бейнелерімен толықты да молықты. Төрт кітапта үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты жүзге тарта әйел кейіпкерлер бар. Романның буларға арналған беттері оқырманның көзі мен көңілін қатар жаулап, жан-жүрегін қоса баурайды. Бұлар жүрген жерлер кейде шетсіз-шексіз мұхит бойын түгел жайлаған шарапатты жылы ағыс (Гольфстрим) секілді, кейде қиырсыз кең-байтақ құрылықтың ойы-қырын тегіс сәулелендіре шүлен шұғыласына бөлеген күн нұры тәрізді, кейде көк жиекті керіп әкеткен кербез теңіздің көз жеткісіз көк айдынына сән берген аппақ ақ шағалалар сияқты...
Әйел-ана ма, жар-жұбай ма, бұла-бойжеткен бе... Әйтеуір қияпаты бөлек қазақ қызының мінез-құлқын, іс-әрекетін, сыр-сезімін, қимыл-қылығын дәл, терең, нәзік суреттеуге келгенде шіркін шебер алдына жан салмайды. Сонда әр бейненің тастан қашалғандай бе¬дер табатыны сондай, әрқайсысы - бір адам ғана емес, бір топ адамның жиынтық бей¬несі боп оқырманның көз алдында турады да, есінде қалады. Сонда әр кейіпкер - тип; әркімнің қашанғы таныс-бейтанысы боп шығады. Сонда бар ожданы тап-таза иманнан құйылғандай мейірім-шафхатқа толы Зере - әжелердің үлгісі; салқын қанды, сарабдан, сабырлы ақыл иесі Ұлжан - аналардың үлгісі; «сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен» бар сыры мен назын Абайға ғана құпия баян ететін «ақ еті атқан таңдай аппақ» ару Тоғжан - алыстан қарайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат таңының үлгісі; әні сәніне, сәні әніне астасқан асыл, аяулы Әйгерім - жас жігіттің нақ сүйер сұлу жарының үлгісі...
Достарыңызбен бөлісу: |