Микробиология



бет12/67
Дата20.10.2022
өлшемі1,43 Mb.
#154017
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   67
Байланысты:
УМКД Микробиология 2018

Систематика немесе таксономия – микроағзаларды белгілі бір белгілеріне, олардың арасындағы туыстық байланыстарға сәйкес топтарға (таксондарға) жіктеу, бөлу. Микроағзалардың негізгі топтарын зерттеу үшін алдын - ала олардың номенклатурасының қағидаларымен танысып алған жөн.
Номенклатура – ғылымының белгілі бір шеңберінде қолданылатын атау жүйелері.
Микроағзалар систематикасында кейде Карл Линнейдің замандасы М. Адансон ұсынған нөмірлік таксономия қолданылады. Адансондық немесе нөмірлік таксономия негізінде төмендегідей принциптер жатыр: ағзаның зерттелетін белгілерінің біркелкілігі; олардың санын максималды көлемге дейін жеткізу; сәйкес келетін белгілер саны бойынша әр таксономиялық топтарды бөлу. Микроағзалар систематикасында аталған қадам обьективті саналады, бірақ оны жүзеге асыру үшін кең көлемде электронды – есептегіш машинаны қолдану арқылы математикалық есептеулерді жүргізу керек.
Микроағзаны мұқият зерттеген соң, оған ғылыми ат береді. Микроағзаның ғылыми атауы XVIII ғ. К. Линней ұсынған биноминалды номенклатура талабына сай латынның екі атауымен аталады. Бірінші атауы туыстың атын білдіреді және үлкен әріппен жазылып, микроағзаның морфологиялық немесе физиологиялық белгісін көрсетеді немесе микроағзаны ашқан ғалымның атымен немесе тіршілік ететін ортасы және т.с.с. ерекше белгісімен аталады. Екінші атауы – кіші әріппен жазылып, микроағзаның түрлік атауын білдіреді, кейде ол колонияның түр сипатын, шығу тегін, микроағзаның тудыратын үдерісін немесе ауруын және кейбір айырықша белгісін білдіретін зат есімнің туындысы болып табылады. Мысалы, Bacillus albus атауы, туыс атауы микроағзаның грамоң, спора түзуші, аэробты таяқшалы бактерия екенін білдірсе (Bacillus туысына тән қасиеттер), түр атауы колонияның түсін білдіреді (albus – ақ).
Классификацияда туыс микроағзаларды топтау үшін келесідей таксономиялық категориялар қолданылады: түр, туыс, тұқымдас, қатар, класс, бөлім, патшалық.
Түр – фенотикалық ұқсастығы жақсы көрінген, бір генотипті даралар жиынтығынан тұратын негізгі таксономиялық бірлік. Түр сонымен қатар түр асты немесе нұсқаларға бөлінеді.
Микробиологияда «штамм» немесе «клон» терминдері жиі қолданылады. Штамм түрге қарағанда өте шағын түсінік. Негізінен штамм деп әр түрлі табиғи ортадан (топырақ, су, ағзалар және т.б.) немесе бір ортадан әртүрлі уақытта бөлініп алынған, бір түрге жататын микроағзалар культурасын айтады. Бір түрге жататын штамдар қасиеттері бойынша бір-біріне жақын болуы немесе жекелеген белгілері бойынша айырмашылықтары болуы мүмкін. Дегенмен әртүрлі штамдардың қасиеттері сол түрдің аясынан шықпайды.
Клон – бір жасушадан алынған культура. Бір түр дараларынан тұратын микроағзалар (популяция) жиынтығын таза культура деп атайды.
Бактерия жасушасы сыртқы құрылысының қарапайымдығына қарамастан, барлық тірі жандарға тән үдерістер жүретін күрделі ағзаны құрайды.
Бактерия жасушасы өте ұсақ. Оларды микрометрмен (мкм), ал оның құрылымдарының бөлшектерін нанометрмен (нм) өлшейді. Кокктардың диаметрі негізінен 0,5-1,5 мкм тұрады. Таяқшалы (цилиндрлі) пішінді бактериялардың ені көп жағдайда 0,5-тен-1 мкм, ал ұзындығы 2-10 мкм дейін ауытқиды. Ұсақ таяқшалар ені негізінен 0,2-0,4 мкм, ұзындығы -0,7-1,5 мкм болып келеді. Бактериялар арасында ұзындығы ондаған, тіпті жүздеген микрометрді құрайтын нағыз алып микроағзалар да кездеседі.
Бактерия жасушасы қатты қоректік ортаның бетіне себілген соң ұрпақ колониясын түзе отырып бөлінеді және өседі. Колония консистенциясы шырышты немесе паста тәрізді болады, кей жағдайда пигмент түзуі де мүмкін. Сирек колонияның сыртқы түріне қарап микроағзаны идентификациялауда еш қиындық туғызбайтын ерекшеліктері де болады.
Бактерия жасушасының сыртқы құрылысына капсулалар, жасуша қабықшасы, цитоплазмалық мембрана, мезосома, талшықтар, фимбрии және пили жатқызылады. Бактерияның ішкі құрылымы нуклеоид, рибосома және мембраналық құрылым, қосымша қор заттары және т.б. органоидтары бар цитоплазмадан тұрады.
Бактерия жасушасының пішіні өте қарапайым, олар шар немесе цилиндр, кейде иірілген түрінде кездеседі. Бактериялар тең екі жасушаға бөліну арқылы көбейеді. Шартәрізді бактерияларды кокктар (латынша – coccus – дән) деп атайды. Кокктар эллипс, бұршақ және ланцет тәрізді болып келеді.
Бөлінген жасушаларының бір-біріне қатысты орналасуына қарай кокктар бірнеше пішінге бөледі. Бөлінген соң жасушалары ажырап, жеке жасушадан тұратын түрлерін монококктар дейді. Кейде кокктар бөлінген соң жүзім шоғырына ұқсас жиынтық түзеді. Мұндай пішінді бактериялар стафиллококктарға жатқызылады. Бөлінген соң бір жазықтықта қос-қостан байланысқан күйінде қалатын кокктар – диплококктар, ал ұзындығы әр түрлі тізбек түзетіндері – стрептококктар деп аталады. Перпендикуляр жазықтықта өзара екі жасушаның бөлінуінен кейін пайда болатын төрт кокктардың үйлесуі тетракокктарды құрайды. Кейбір кокктар өзара үш перпендикуляр жазықтықта бөлініп, сарциналар деп аталатын куб тәрізді жиынтықты түзеді.
Көптеген бактериялар цилиндр немесе таяқша пішінді болып келеді. Таяқша тәрізді спора түзуші бактерияларды бациллалар, ал спора түзбейтіндерін – бактериялар деп атайды.
Таяқша тәрізді бактериялар пішіні, ұзындығы мен енінің мөлшері, жасуша ұшының пішініне, сондай – ақ өзара орналасуына қарай ажыратады. Олар цилиндр пішінді ұшы тік немесе сопақша доғалданып келген немесе ұшы үшкірленіп біткен жасушадан тұруы мүмкін. Бактериялар аздап иілген, жіп тәрізді немесе бұтақталған (микобактериялар және актиномицеттер) пішінді болып та келеді.
Таяқша тәрізді бактериялар бөлінген соң жекелеген жасушалардың өзара орналасуына байланысты нағыз таяқшаларға (жеке орналасқан жасушалар); диплобактериялар немесе диплобациллаларға (жұптасқан жасушалар), стрептобактериялар немесе стрептобациллаларға (ұзындығы әртүрлі тізбектерге) бөлінеді.
Иірілген немесе спираль тәрізді әр түрлі иірілімнен тұратын бактерияларды жиі кездестіруге болады. Бұл топқа вибриондар (латынша – vibrio – иілемін) иірімнің 1/4 ғана иілген, үтірге ұқсас бактериялар; спирилдер (латынша – spira - иірім) ұзын иірілген пішінді (4-6 иірім) таяқшалар; спирохеталар – ұзын және жіңішке жасушадан тұратын, көп ұсақ иірімі бар (6-15 және одан да көп) бактериялардың ерекше тобын жатқызуға болады.
Сонымен қатар жоғарыда аталған негізгі бактериялардан басқа пішінді түрлері де кездеседі. Жазықтықта протоплазмалық өсінділер – простектер, үшбұрышты және жұлдызшалы бактериялар, тұйық немесе тұйық емес сақиналы құрт тәрізді бактериялар жасушалары да табылған.
Көптеген бактериялар әртүрлі жиынтықтар, агрегаттар түзеді. Көп жасушалы бактериялар да белгілі, оларға көбінесе су қоймаларында тіршілік ететін жіп тәрізді бактериялар жатқызылады. Көп жасушалы бактерияларға мицелиалды микроағзалар – актиномицеттерді де жатқызуға болады.
Қозғалғыш бактериялардың екі негізгі типі бар: жылжығыш және жүзгіш. Жылжу миксобактерияларда, күкірт бактерияларында, цианобактерияларда және т.б. байқалады. Бұл ағзалар қатты жазықтықта жасушаның толқын тәрізді жиырылуы нәтижесінде жылжуға қабілетті.
Жүзгіш таяқша тәрізді бактериялар ерекше жіп тәрізді құрылым – талшықтардың көмегімен қозғалады. Көптеген спирилдер, энтеробактериялар, псевдомонадалар осылай қозғалады.
Кокктардың кейбір жекелеген түрлерін есепке алмағанда жіпшелері болмайды. Бір жіпшелі бактерияларды – монотрих, жасушасының бір ұшында шоқ талшығы барын – лофотрих; жасушаның екі ұшында қарама – қарсы талшығы барын – амфитрих; жасушаның сыртын түгел қоршап жатқан талшықтарды – перитрих деп атайды.
Барлық қозғалғыш бактериялар белгілі бір сыртқы әрекеттердің әсер ететін бағытына қарай қозғалады. Қандай –да бір факторлардың әсер ететін бағытына қарай қозғалуын таксис деп атайды. Қозғалыс тудыратын сыртқы факторлардың табиғатына байланысты келесідей болып бөлінеді:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   67




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет