Алдына бір алма ағаш егілгендей,
Кермарал жусап өрген, керілгендей.
Бойыңды ішпей-жемей буы мас қып,
Сөйлескен жүрегінен сөгілгендей.
Алды жаз, ескек аңқып жел жүргендей,
Екі ерні ерте піскен бүлдіргендей.
Қасынан бір моланың жүріп кетсе,
Жыбырлап көрдегіге жан кіргендей44.
Осындай шумақтар түйдек-түйдегімен келіп отырады. Күйші қызға өз сезімін білдірген күйінің бірінде түлкі қуған құмайдай құлдыраңдауы немесе түлкі алатын қырандай көзі жайнауы, атылған оқтай тікеден тікке көкке ұшуы, жер тарпынған тұлпар, майталман жорға, айдын шөлге шомылған аққу, өз бойынан қорынған лашын, қуға ұшырап соғылған көктұйғынға ұқсап келетін жерлері бір сөре жыр болып төгілсе, енді бірде түлкіге түскен қырандай немесе сарша тамызда шөлдеген жанның алдынан бұраңдап бұлақ кезіккендей болып кетеді. Бұл жайлар романтикалық асқақтықпен, лек-легімен келіп отырады. Күй тартып отырған күйші жігіт кейде ертегідегі ғашықтардай ес-түсін білмей, бір ауық дүниенің бәрін ұмытып өз сезімімен болып кетеді:
А, білдім, аққу екен қыз пернелі,
Қыран боп көлден қағып, сілкер ме еді?
Құс болмай, қыз боп шықса құшағыма ап
Бетіне қалампырды бүркер ме еді!
Қыз екен! Ақ тамағын сүйер ме еді,
Алпыс жыл асығына күйер ме еді!
Көрінбей тірі жанға жүру үшін!
Құс кебін перілердің киер ме еді...
...Апырмау, жел боп неге жаралмадым,
Қасына кісі болып бара алмадым
Жыбырлап ертеңді-кеш аймалақтап,
Бетінен сүймес пе еді самалдарым.
Су болсам сылдыр қаққан, ием иіп,
Жүрер ем денесіне әбден тиіп
Жуынып меніменен жүрмес пе еді,
Алмас па ем екі беттен шөп-шөп
сүйіп45, –
деген арман толқыныстардан кейін күйші түлкі болсам, менің терімнен қыз ішік тіктіріп жамылса, мен оны құшақтар едім, күн болсам нұрыммен сүйер едім, алтын болсам білезік боп қолына оралар ем, от болсам жылуымды берер едім деп, әрі қарай кете береді.
Поэмадағы лирикалық жылы сезімнің осы бір асқақ леппен қабысып келетін жері, яғни шындықтың қиялға ойысатын жайлары шындықтың ізін айқындай түспесе, ешуақытта жойған емес. Бірақ та 30-жылдары осы бір жайға байыптылықпен қарамай, сынаушылар да болды. Мысалы, «Әдебиеттегі формализм мен натурализм туралы айтыс кешінде» Құлмырза Өтепов: «Күйші» жөнінде, - деп жазды ол, - Ілияс сезімдік түрден саналау дәрежесіне көтеріле алмай қалған. Сезімді түр билеп, кейін бір қатар қателер жасаған. Күйдің, күйшінің переживаниясына беріліп кетіп, заманын шындықты түрде суреттеу дәрежесіне жете алмаған. Күйдің әсерін суреттеп отырып Ілияс бүкіл табиғатты, қоғамды сол күйге, күйдің әсеріне бағындырып жібереді... Шынында да жалаң сезімді суреттеу, көшіру біздің әдіс емес, бұл әдіс символистерден шығады»46, - деп I.Жансүгіровке символистердің әсері болған дегісі келді. Тіпті Қ.Өтепов жоғарыда біз мысалға келтірген кейбір шумақтардағы теңеулерді орынсыз, абстракты теңеулер, тілдерінде де көптеген көмескілік бар деп сынайды. Қ.Өтеповтің бұл пікіріне «Шын поэзияны қалай түсіну керек?» деген мақаласында Е.Ысмайылов: «Ілиястың бұл поэмасындағы түйдек образдар, тамаша бай теңеулер бәрі де орынды, күйдің әрбір сарынын, әрбір кезеңді толқындарын, өмірдегі, айнала табиғаттағы көріністің, құбылыстың бәрін тауып теңеген (боранға, дауылға, от, суға, аждаһаға, жыланға деген сияқты), орынды салыстырған»47, – деп сынға қарсы сын жазды.
Негізінен алғанда біз Е.Ысмайыловтың пікірін құптаймыз. Ең алдымен, поэманың көтеріп отырған проблемасы, оның идеялық нысанасы туралы біз жоғарыда айттық, ол ешқандай дау тудырмайды.
Ал, Қ.Өтеповтың бұл поэмадан символистерге тән суреттеу әдісін іздеуі күйдің сарыны мен күйшінің сезімін беретін шумақтарына байланысты айтылған болу керек. Бірақ, бүкіл поэманы сол үшін жоққа шығару, әрине, асыра сілтеушілік болар еді. Біріншіден, шығарманың әрбір тарау, әрбір эпизод, әрбір көрініс, суреттерін тіпті әрбір шумақ пен әрбір жолдарын шығарманың бүкіл өн бойынан бөліп алып қарауға болмайды. Оның барлығы да белгілі бір идеяны айту үшін қызмет етеді. Одан басқа қызмет те болмақ емес. Олай болса, күйшінің сезімін білдіретін шумақтар кейіпкерлердің образын ашуға қызмет атқарып тұр ма, жоқ па? Жоқ, әлде негізгі идеяға жанасы жоқ, өз алдына бөлек, оқшау дүние ме деген тұрғыдан келсек, бұл шумақтар күйшінің романтикалық сезімін беру үшін алынғанын байқаймыз. Бұл сезімді соншалықты күшті етіп беру неге керек болды десек, ол төре тұқымы – ақсүйек пен қазақтың баска руларының ара қатынасын көрсету үшін керек екенін көреміз. Сөйтіп, ақын осындай күйіп-жанған, шартарапқа алып ұшқан сезіммен сірідей қатып қалған ескі дәстүр мен әдетті қақтығыстырғысы келді.
Кертартпа сірі дәстүрді тек күшті сезіммен ғана қатар қойып көрсетуге болатын еді. Бұл жерде Ілияс үлкен шеберлік көрсете білді. Ақын «Күйші» поэмасында да күй әуенінен алатын сезімді сөзбен жеткізе алған. Бұл ретте оның ертеректегі күй, ән туралы жазғандары, сөз жоқ, үлкен себін тигізген. Ақын оларды осы поэмасында ілгері дамыта, тереңдете түскен.
Сонымен, қорыта айтқанда, «Күйші» поэмасы идеялық маңызы, көркемдік сапасы жағынан қазақ әдебиетіндегі жаңа туынды болып саналады.
1936 жылы Қазақстан жазушылар Одағының кезекті мәжілісінің бірінде I.Жансүгіров өзінің жақында ғана бітірген жаңа поэмасы «Құлагерді» оқиды. Мәжіліске қатысқан қазақтың жазушылары мен ақындары М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадіров, М.Дәулетбаев, Е.Бекенов т. б. сөйлеп, кейбір жекелеген ескертпелерін айтып, негізінен алғанда, «Құлагер» поэмасы қазақ совет әдебиетіне қосылған үлкен үлес деп бағалайды48. Қаламдас достарының сын-ескертпелерін жөндеп, I.Жансүгіров «Құлагер» поэмасының үзінділерін 1937 жылы «Социалды Қазақстан» газетінің бетінде жариялайды.
«Құлагер» сол газетте шыққан бойда оқушы жұртшылықтың ілтипатын өзіне бұрып әкетті. «Социалды Қазақстан» газетінде басылған «Халықтық поэма» деген мақаласында Е.Ысмайылов: «Құлагер» осы күнге дейін болып келген поэмамыздың ең бір асыл, ең кесек қазынасының бірі екені талассыз. Бұл – поэмамыздың кең жоталы, мықты бел асыратын бір сатысы. Бұл поэма қазақ совет поэзиясының өрлеу дәуірінің өлмейтін алтын ескерткіштерінің бірі»49, - дейді.
1937 жылғы аласапыран кезінде поэма авторының тұтқынға алынуына байланысты «Құлагер» жеке кітап болып шығып үлгіре алмады. Сондай-ақ жиырма жыл бойына поэма туралы баға айтуға, кең пікір қорытуға да мүмкіндік болған жоқ. «Құлагер» поэмасы тек 1957 жылдан бергі уақытта ғана сөз болып, қазақ поэзиясы тарихынан өз орнын ала бастады. «Күйші» мен «Құлагер» поэмалары эпикалық қамтуының молдығымен бірге, дүниежүзілік революцияшыл поэзияның озық дәстүрлерін өз бойларына жинай білген шығарма. «Бұл шығармалар, біздегі поэзия мәдениеті Абайдан соңғы дәуірде, революциялық тәрбие нәтижесінде биік сатыға шыққанын дәлелдейді»50, – деп жазды Мұхтар Әуезов. «Сонымен бірге «Құлагер» – Ілиястың ақындық өнерінің кемелденіп, биік дәрежеге көтерілгендігіне кепіл боларлық шығарма. Мұндағы ұмытылмас сұлу картиналар, айқын, әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдыраған нәзік лирикалық сезім, серпінді кең эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғырлаған кәдімгі он бір буынды қара өлеңнің мінсіз, мүлтіксіз үлгілері «Құлагер» поэмасын шын мағынасында поэзияның «сұлу сарайы», Жансүгіров творчествосының биік шыңы деуге толық дәлел бола алады»51, - деп түйіндейді Мұхаметжан Қаратаев. Бұл өте жоғары және өте әділ баға. «Күйші» поэмасынан кейін «Құлагер» биіктен биікке көтерілген озық туынды болды.
XIX ғасырдың екінші жартысында туып, XX ғасырдың бас кезінде дүние салған Ақан сері Қорамса ұлының аты қазақ мәдениетінің тарихында елеулі орын алады.
«Қазақ халқының музыкалық классикасының қазынасына талантты әнші және композитор Ақан сері Қорамсиннің көптеген әндері енді»52. «Сондай-ақ, біз үшін Ақанның әдеби мұрасының да мәні ерекше. Оның жастықты жырлаған, әлеуметтік мәселелерді, замана, дүние жайын толғаған, адамгершілік пен достықты суреттеген ғибрат өлеңдері мен толғауларының қазақ әдебиеті тарихында белгілі орны, салмағы бар»53.
Ақан серінің ақындық творчествосында заманы тудырған кейбір қайшылықтары да бар. Бұл өз алдына мәселе, жалпы алғанда, ол әрі әнші, әрі композитор, әрі ақын - үш түрлі қасиет бір басынан табылған ерекше дарын иесі. Қазақ даласында түн-түнегі серпілмей тұрған уақытта, айналасын арамшөп басқан дәнді дақылдай, өнер иелерінің қанаты қайырылып, қайғы мен қасіретке белшесінен батқан жайы аз кездеспейді. Дүбір шықса елеңдемей тұра алмайтын шын өрен жүйріктің аяғын заманы шідерілесе не сор. Өмірде болған әнші, композитор, ақын Ақан серінің басында заманы салған ауыр трагедиясы бар. Және де ол әлде қалай кездейсоқ оқиға емес, қоғамның қайшылығынан туған ерекше құбылыс еді. Сондықтан да ардагер ұлының әдеби, музыкалық мұрасын ел ауыздан ауызға таратып, атын сүйіспендікпен атап, аңыз-әңгімеге айналдырып жібереді.
Достарыңызбен бөлісу: |