Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М


ІІ ТАРАУ ОБРАЗ ТИПТІЛІГІ ЖӘНЕ ХАРАКТЕР



бет7/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ

ІІ ТАРАУ


ОБРАЗ ТИПТІЛІГІ ЖӘНЕ ХАРАКТЕР


I

Жазушы өз кейіпкерлерінің іс-әрекетін, өмірге көзқарасын, яғни характерін айқындау арқылы халықтың белгілі бір кезеңдегі тіршілігін, болмысын, қоғамдық идеяны көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық идея көркем образ арқылы көрініп отырады. Әрбір көркем образдың өзі өмір сүріп отырған қоғамына, әлеуметтік ортасына байланысты, яғни типті жағдайға орай типті көрінуі реалистік шығарманың басты шарттарының бірінен саналады. Олай болса типті образды жазушы жоқтан бар етін, ойдан, қиялдан тудырмайды, оның өзін қоғамдық өмірдің даму процесі тудырады.


Таптық қоғамда өмірге екі түрлі көзқарас болатыны және әрбір тап типтілік мәселесіне өзінің таптық тұрғысынан қарайтыны белгілі. Марксизм-ленинизм ілімі былай деп үйретеді: өмірді объективті тану үшін, оған материалдық игілік (балаға) жасаушы - еңбекші халықтың көзқарасы тұрғысынан қарау керек, өйткені қоғамдық озық идеяны тудыратын негізінде материалдық игілік жасаушы сол бұқара халық болып саналады. Сондықтан да реалист жазушылар әр кезде қоғамдық озық идеялық позицияда тұрса ғана өмір көрінісін шынайы түрде дәуірі тудырған нағыз типті характерлерді жасай алады. Өйтпеген күнде, заманы, әлеуметтік ортасы тудырған типті образдарды жалған идеяға теліп қойса, образ да бар шындығынан айырылып, жалған шығады. Яғни типті образ бола алмайды. Мұның өзі типтілік мәселесінің әдебиеттің мазмұнына қатынасын да толық аңғартады. Өйткені әрбір типті образ жасау арқылы, яғни образ арқылы, жазушы өзінің көзқарасын білдіреді. Жазушы өзі жасаған көркем образы арқылы өмірдегі құбылысқа өзінің бағасын береді. Чернышевскийдің ақын не суреткер қаламаса да өзі суреттеп отырған құбылысқа үкімін айтпай отыра алмайды, ол үкім жазушының шығармаларында беріледі дейтіні де осыдан. Сонымен өмірді тану, соған баға беру арқылы жазушының көзқарасы көрінеді. Белгілі бір қоғамдық құбылыс, жеке бір мәселелер туралы әртүрлі көзқарастағы адамдардың көзқарастарының бірдей болып келмейтіндігі де сондықтан. Осыдан келіп марксизм-ленинизм типтілік мәселесіне де сол озық идеялық позициядан қарағанда ғана шынайы, типті образ жасауға мүмкін екендігін ескертеді. Бұл – бір. Екіншіден, типтік образды жазушы ойдан шығара алмайды, оны тудыратын өмірдің даму процесі дедік. Бірақ, бұдан жазушы өмірдегі құбылысты сол болған қалпында, ешбір өзгеріссіз, дәл көрсете салады деген ұғым тумасқа керек. Өйтпеген күнде жазушылық талант, жазушылық шеберлік, идеялық т.б. туралы сөз қозғап жатудың ешбір қажеті болмас еді. Көркем образ жасауда искусствоның басқа салалары сияқты әдебиеттің де өз заңы барын ескермеуге болмайды. Өмір шындығы деген бар да және көркемдік шындық деген бар. Бұл жөнінде И.Л.Гончаров былай деп жазады: «Ғалым өздігінен ештеңе жасамайды, өмірдегі бар, бірақ әлі сыры белгісіз шындықты ашады, ал суреткер сол шындық сияқты нәрсені жасайды. Яғни жазушының байқаған өмір шындығы оның қиялына сәулесін түсіреді, жазушы сол сәулені өзінің шығармасына түсіреді. Көркемдік шындық деген міне осы.
Олай болса көркемдік шындық пен өмір шындығы – екеуі бір нәрсе емес. Көркем шығармаға өмірдің тура өзінен алып, сол күйінде апарып қондыра салған құбылыстар, өзінің шынайылығын жоғалтады да көркем шындық бола алмайды. Өмірде болған екі-үш фактіні сол болған күйінде алып сыңаржақ көрсетіп көріңізші, біртүрлі теріс, тіпті шындыққа жанаспайтындай болып көрінеді.
Бұл неліктен? Оның себебі, суреткер табиғаттың, өмірдің өзін сол қалпында тікелей көшіріп алмай, сол сияқты шындықты тудыратындығында. Міне, осыдан келіп творчестволық процесс басталады»1.
Көркемдік шындық өмір шындығының негізінде ғана жасалады. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының І кітабында азуы алты қарыс Құнанбайдың кедей шаруа, мүсәпір жан Қодарға өлген баласының әйелі, өзінің келінімен көңілдес болды, бұл бүкіл халық алдында қарабет, күнәһар болды, оның көзін жою керек деп өтіріктен жала жауып, ақырында оны өлтіріп тынатын эпизод бар. Құнанбайдың Қодарды өлтірудегі мақсаты аз ғана, әлсіз руды іштеріңнен сондай адам шықты деген сылтаумен ығыстырып, жерін тартып алу болатын. Міне, үстем тап өкілдерінің, әсіресе, Құнанбайдың, осы зорлықшыл, қиянатшыл озбыр қылығы оқушы сезіміне қатты әсер етеді. Эпопеядағы сол Қодардың өлімін өз көзімен көрген, жас жүрегі дүниеде ондай сұмдық болады деп білмеген, тек әділдікті ғана танитын балғын Абай осы масқара оқиғадан қатты шошынып, төсек тартып ауырады. Есеңгіреп жатып, әкесінің қаталдығын қайта-қайта аузына ала береді. Эпопеяны оқыған оқушы да сол Абай күйіне ұшырағандай, іштей Құнанбайға өшігіп, жауығып отырады. Жазушы тек бір осы эпизод арқылы ғана қанды шеңгел Құнанбайдың бейнесін айқын ашады.
Бұл эпизодты жазушы ойдан алған жоқ, Құнанбай да, Қодар да өмірде болған адамдар және Құнанбайдың сол мүсәпір Қодарды өлтіргені де болған оқиға. Жазушы «Абай жолы» эпопеясын жазарда орасан көп материалдар жинап, оны сұрыптап іріктеп, жазу үстінде кейбір құбылыстарын өсіре, дамыта отырып, кейіпкерлерінің бейнелерін жасауда, характерлерін ашуда пәлендей міндет атқара қоймайтын мардымсыз фактілерді тастап кетіп отырған. Және өмірде болған фактілерді болған қалпында пайдаланбай, оны кейіпкерлерінің характерлерін аша түсу үшін кейде бірінің ісін екіншісіне, екіншісінің ісін үшінші бір кейіпкеріне беріп отырады. Жазушы өмірден байқаған, жинаған материалдарының қожасы. Оны қалай пайдаланып, қалай орын ауыстырамын десе де ерікті. Жоғарыда айтылған Қодар өліміне келетін болсақ, сол жайды көрген немесе естіген жұрт аузында Қодарды Құнанбайдың өлтіргені рас еді, бірақ Қодар өз келінімен көңілдес болғаны да рас болатын, Құнанбай оны сол үшін әділ жазалап еді деген сөз бар-ды. Осы эпизод туралы М.Әуезов былай деп жазады: «Алғашқыда мен Қодар өзінің жазасы үшін әділ жазаланды деген жұртқа тараған (әсіресе, Құнанбайдың туыстарының ауылында) осы версиясын пайдаланбақ болдым»2.
Егерде жазушы Қодарды Құнанбайға өзі істеген кінәсін өз мойнымен көтерсін деп өлтіртсе, әрине, осы эпизод өзінің әлгі эмоциялық әсерінен жұрдай болып қалар еді. Және де Құнанбайдың озбыр, қиянатшыл бейнесі де көрінбей, керісінше, ол адамгершілік моральды жақтаған жан болар еді. Жазушы осы жайды біліп, Қодарды бейкүнә өлтіртіп, өмірде болған, не болатын фактілерді творчестволық қиял елегінен өткізіп отыр. Сөйтіп, өмір шындығын жазушы көркемдік шындыққа айналдырды.
Жазушы өмірдегі бар типті жайларды өзінің творчестволық лабораториясынан өткізіп, басы бірікпеген әртүрлі жайлардың басын қосып, белгілі бір образ жасайды. Яғни, жалпыдан жалқы жасайды. Басы бірікпеген материалдарды өзара жымдастырып, логикалық байланыста болуына жазушы фантазиясының ұшқырлығы да ерекше орын алады. Прототипі белгісіз шығармаларды былай қойғанда тарихи тақырыпқа жазылған шығармалардың өзінде де өмірдегі болған оқиғаның негізге алынуы мүмкін. Бірақ жазушы суреттеген жайлар мен адамдардың барлығы өмірде дәл солай болуы шарт емес. Мұны біз тарихи тақырыпқа жазылған «Абай жолы» эпопеясынан-ақ айқын көреміз. Жазушы Абайдың өз басы, ортасы туралы жазғанда Құнанбай, Жиренше, Бөжей, Зере, Ұлжан т.б. өмірде болған адам десек, Ербол, Дәрмен, Шұбар т.б. көптеген жандар жазушының өз ойынан алынған. Өз ойынан алынған кейіпкер тұрсын, тарихи болған Құнанбай мен Абайдың өз басы ше?
«Шынында да романдағы көп адамның аты, көп оқиғалар тарихи болған нәрселер дегенмен, олар сол күйінде алына салған емес: Құнанбай мен Абайдан бастап оның барлығы да жазушының творчестволық көрігіне түскен, сонда қайта жасалған типтік характерлер мен типтік жағдайлар, оның үстіне көп образдар мен картиналарды автор ойынан шығарып жаңадан жасаған. Осының бәрін ол өмір шындығының нағыз ақиқат сыр-сипатын ашып көрсету мақсатымен искусствоның заңдарына, творчестволық принциптеріне сай өзгертіп, өңдеп алған. Сөйтіп, өз көрігінде, өз творчестволық тұрғысынан жасаған образдарды жазушы, шахмат фигураларын өзінше жүріп ойнаған ойыншы секілді, үлкен полотноның бетіне түсіріп, оларға өзінше орын, қимыл, әрекет берген»1.
Типтік образ жасаудың сырын М.Горький әлденеше рет атап, талдап көрсетті.
«Адамдардың түрлі-түрлі болатынын білеміз, мынаусы мылжың, анаусы сөзге сараң, мынаусы мазасыз, әрі дандайсыған, анаусы өзіне-өзі сенбейтін, ұялшақ. Әдебиетші сараңдардың, пысықтардың, энтизуазистердің, мансапқорлардың, қиянатшылардың, жайдарылардың, дөң мінезділердің, еңбексүйгіштердің, жалқаулардың, ақ көңілдердің, қаскүнемдердің, бүкіл нәрсеге селсоқтардың, тағы осындайлардың бас қосқан алқақотан ортасында өмір сүретін сияқты. Бірақ бұл мінездердің әрқайсысының жеке өзі характерді толық сипаттай алмайды. Көбінесе бұл мінездердің жеке біреуінің ғана көзге көріне кетуінің себебі осы көрінген мінезге жанаса жүретін, бірақ бұған үйлеспейтін басқа мінезден көрі ол сөлекеттеу, оғашырақ тұрады. Сондықтан бұл мінез адамның екі жүзділігін, «екі жандылығын» өте айқын көрсете алады»2. Осы мінездің біреуі бір адамда болса ол жан-жақты кеңейіп, қомақтана түсуі шарт.
«Жазушы әрбір 20-50, 100 дүкеншінің, чиновниктің, жұмысшының ерекше таптық сипаттарын, әдеттерін, талғампаздық қабілеттерін, сенім-сезімдерін, қимыл-қозғалыстарын, сөз сөйлеу мәнерін екшеп алып, бұларды бір дүкеншінің, бір чиновниктің, бір жұмысшының қасиеті етіп көрсетсе, міне осы әдіс арқылы жазушы «тип» жасайды, бұл нағыз өнер болады»3 – дейді М.Горький.
Әрбір типті образ бір ғана адам емес, ол бірнешелеген адамдардың жиындық образы. Әрбір типтік образ – белгілі бір қоғамның, әлеуметтік ортаның жемісі.
Типтік образ көркем шығармада белгілі бір құбылыс, іс-әрекет арқылы керінеді. Бірақ, реалистік шығармаға әлгі құбылыс пен іс-әрекеттердің көрініп, суреттеліп қана қоюы әлі жеткіліксіз. Социалистік реализм әдісі сол құбылыстың, іс-әрекеттің неге бұлай болып отырғанының себебін ашуды талап етеді. Мысалы, қаталдығымен көрінген Құнанбай, айла-қулығымен көрінген Игілік («Оянған өлке» романы), даналығымен көрінген Абай, Дәркембай, аңқылдаған ақ көңілділігімен көрінген Байжан т.б. қазақ совет әдебиетіндегі жасалған типтік образдар десек, сол Құнанбайды мейірімсіз қатал еткен, Игілікті айлалы-қулықшыл, Абайды, Дәркембайды ойшыл, әділетшіл еткен нендей әлеуметтік құбылыстар, қандай жағдайлар? Міне, бұл типтік образдардың типтік характерін тудыратын типтік жағдайды көрсету деген сөз.
Типтік образды ұлттық характер проблемасынан бөліп алып қарауға болмайды. Өйткені әрбір ұлт жазушысы өз халқының азаматы болғандықтан да негізінде көркем шығармасында өз ұлтының өмірін көрсетеді, өз ұлты, өз халқы өкілдерінің типті бейнесін жасайды. Олай болса әрбір ұлттың ұлттық характерлері сол образдың типтілігін айқындай түсетін ерекшеліктерінің бірі. Қандай бір типтік образ болсын ол белгілі бір ұлттың, халықтың, белгілі бір дәуірде өмір сүрген адамдардың жиынтық образы. Демек, ол ұлттан, қоғамнан тыс өмір сүрмейді. «Халық стихиясынан шет өмір сүріп жүрген адам құр елес қана» (Белинский). Олай болса әрбір ұлт әдебиетіндегі типтік образдар екінші бір ұлт әдебиетіндегі сондай белгілі бір дәуірде өмір сүрген адамдардың типтік образынан айырмасы, өзгешелігі неде жатыр? – дегенде біз, ең алдымен, басты шарттардың бірі – тілінде десек, (бұл жөнінде кейін толық тоқталамыз), сонымен бірге оның характерінің өзгешелігінде дейміз. Кейіпкердің ұлттық характерінің айқын көрінуі әдебиеттің ұлттық формасының ерекшелігін белгілейтін басты шарттардың бірі болып саналады. Әрбір ұлт әдебиетіндегі типтік образ мәселесі шешілмейінше кейіпкерлердің ұлттық характерінің мәселесі де шешілмек емес. Сондықтан да типтік образ туралы жазылған көптеген зерттеу еңбектері мен мақалалардың жалаң теорияға ұрынуының басты себебінің өзі осыған байланысты болып келеді.


ІІ


Бізде кейде «ұлттық характер» деген ұғымды ұлттық психикалық пішін немесе сипат (психический склад) деген ұғымнан бөлек жырып алып қарап, екеуіне екі түрлі анықтама іздеп әуре-сарсаңға түсушілік те байқалып келді. Негізінде, ұлттық характер деп отырғанымыздың өзі халықтың көптеген жылдар бойғы тарихи дамуының арқасында қалыптасқан психикалық пішіні немесе сипаты ғой. Психикалық сипат – әрбір халықтың ұлттық өмір тіршілігінің сәулесі. Ол – ұлттың белгілі бір дәуірде туып, дамып отыратын әдет-ғұрпы, салт-санасы, сенімі мен нанымы, мінез-құлқы.
Марксизм-ленинизм ғылымы қандайда болсын бір халықтың белгілі бір территориялық кеңістікте, тарихи ортада, экономикалық негізде және белгілі бір тіл арқылы өзін қоршаған шынайы құбылысты қабылдауда өзіндік көзқарастары пайда болады, сол шынайы құбылысқа деген өздерінің белгілі бір қатынасы айқындалады деп үйретеді. Өзін қоршаған шынайы өмір құбылысына деген көзқарасы мен қатынасының нәтижесінде сол халыққа ғана тән халықтық мінез-құлықтары да, рухани бейнесі де осы негізде қалыптасады Және мұның өзі бір-екі жыл ішінде күрт өзгеріп кете беретін құбылыс емес, ұзақ жылдардың, тарихи өсу кезеңдерінің жемісі болып саналады. Сонымен әр халықтың немесе ұлттың рухани бейнесі мен ұлттық характерінің ерекшеліктерін іздегенде біз ең алдымен сол халықтар мен ұлттардың ұзақ жылдар бойға тіршілік өзгешеліктеріне, әлеуметтік-экоиомикалық жағдайларына, тағы басқа жоғарыда айтылған құбылыстармен байланыстырамыз.
Дүниежүзіндегі халықтар мен ұлттардың қайсысын алсақ та олардың географиялық ерекшеліктері, климаттық жағдайлары әр түрлі. Бір ұлттың жері таулы, енді бір елдікі көлді, теңізді, орман-тоғайлы, ал енді бір елдікі сусыз шөл сахара. Бір елдің халықтары өмір бойы қыс дегенді білмесе, енді бір жердегі халықтар өмірі жаз дегенді білмейді. Сондай-ақ кейбір жерлердің қысы аз, жазы көп, кейбір жерлердің жазы аз, қысы көп болады. Міне осы географиялық, климаттық ерекшеліктеріне қарай әр жерде мекендеген халықтардың, ұлттардың шаруашылық түрлері пайда болады. Мысалы, мал шаруашылығының кең түрде дамуына Қазақстанның географиялық ортасы, климаттық жағдайы себеп болды. Негізгі тіршілігі мал болғандықтан да соның қамымен шалғынды жерді жайлап, бораны аз, қысы жылы жерді қыстап, үнемі қоныс аударып көшпелі тұрмыс құрды. Қазақтар тек малмен ғана емес, XIX ғасырдың бірінші жартысынан бастап жер шаруашылығымен де айналыса бастады. Олар жер шаруашылығымен тек түрлі ауыр жағдайлар мәжбүр еткенде ғана аракідік айналысып, содан кейін қайтадан отырықты жерін тастап, көшіп-қонып жүре берген1 яғни тұрақты түрде отырықшыланбаған.
Қазақта жер шаруашылығы кейін, XIX ғасырдың екінші жартысында - XX ғасырдың басында, бұрынғыға қарағанда кеңінен өріс ала бастады. Жер шаруашылығымен арнайы айналысқан отырықшылардың көшіп қонуға көлігі болмай, жер емшегін еміп тіршілік ете бастаған жатақтар шыға бастады. Жер шаруашылығымен айналысқанда дақылдың қандай түрлерін егу, оны баптауда бұрыннан отырықшылық өмір сүріп келе жатқан көрші халықтардың әсері де тимей қалған жоқ. Олар – алтай, өзбек, орыс халықтары. Бұл ретте орыс халықтарының әсері ерекше болды.
Жер шаруашылығымен қатар қазақта көне шаруашылықтың бір түрі аң аулау, балық аулау болып келді. Қазақстан территориясын Шу, Сарысу, Сырдария, Іле, Есіл, Нұра, Жайық сияқты ірі-ірі өзендер басып өтеді. Каспий, Арал теңізі, Балқаш көлдері т.б. кішігірім көлдер бар. Сол көлдер айналасындағы, өзендер жиегіндегі халықтар балық аулаумен айналысса, аң аулаушылық та халықтың бір тіршілігіне жатты. Негізінде, ішіп-жемі мол үстем тап өкілдері аң аулауды қызық көріп, ермек еткенмен бұқара халық оны күн көру үшін кәсіп етті, тіршілігіне керек етті. Құс салу (бүркіт, сұңқар, қаршыға, лашын, тұйғын), жүйрік тазы ұстау, осыған орай жүйрік ат ұстау, бір жағы, ермек, қызық үшін болса, бір жағы, тіршілік қажеті болып жатты. Осы шаруашылықтың барлығынан да қазақ халқының тіршілігінде Ұлы Октябрь революциясына дейін басым болып келген мал шаруашылығы болатын, халықтың тұрмысы негізінен алғанда көшпелілік болатын; Қазақстанда көшпелі тұрмыстың, мал шаруашылығының кең етек алып, тұрақты түрге айналуының себептері: біріншіден, негізінен алғанда, өндіргіш күштің өзгермеуі және қысы-жазы мал өз аяғымен жайылатын жайылым кеңістігінің әлі сақталуы болса, екіншіден, товар айналымының нашар дамып, қоғамның жеке бөлшектеріне еңбек бөлісі (разделение труда) болмай, натуралды шаруашылықтың үстемдік алып отыруы, яғни, былайша айтқанда, қоғамдық дамудың ең төменгі дәрежесінде болуы2. Және де осындай ол шеті мен бұл шеті айшылық жол, кең байтақ жері тұрғанда, жер шаруашылығының ең мешеу халінде қазақтарға мал шаруашылығымен айналысу әлде қайда пайдалы, тиімді болды3.
Міне осы шаруашылық түрлеріне, әсіресе, мал шаруашылығына, байланысты қазақтың көшпелі тұрмысы қалыптасты. Бұл, сөз жоқ, басқа отырықшыланған, шаруашылық түрлері әртүрлі халықтар тұрмысына қарағанда өзгеше болатын.
Сондай-ақ әр халықтың әлеуметтік тарихи ортасының қалыптасуы да әр түрлі болды. Адамзат өз басынан бірнеше қоғамдық формацияларды (құлдық, феодалдық, капиталистік, социалистік) бастан кешіріп келеді. Міне, осы қоғамдық формацияның өзін дүниежүзіндегі халықтар әр кезеңдерде өткізіп келеді. Бір халықтар қоғамдық формацияның түрлерін сатылап дамыса, енді бір халықтар бір формациядан екінші формацияға аттап дамып отырады. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында Европадағы көптеген халықтар капиталистік қоғамдық формацияда болғанда, Қазақстан патриархалдық-феодалдық формацияда болды. Айналдырған жарты ғасырдан аз уақыт ішінде Қазақстан капитализмді аттап өтіп, феодализмнен бірден социалистік құрылысқа көшті. Ал Европаның көптеген елдері әлі сол баяғы капитализм табалдырығынан аттай алмай отыр. Міне, осының барлығы халықтардың немесе ұлттардың экономикалық даму процесіне қандай өзгеріс, ерекшеліктер енгізсе, оның рухани бейнесіне де жаңалық, өзгешеліктер енгізбей тұра алмайды, олай болса әр халықтың ұлттық характерлерінің әр түрлі қалыптасуының бұл басты факторларының бірі болып саналады.
Бір тілде сөйлеп, бір, шекаралық кеңістікте өмір сүріп, бірегей экономикалық қарым-қатынаста тұрған адамдардың (халық немесе ұлт) ата-балаларынан мұра болып келе жатқан психикалық пішіннің екінші бір тілде сөйлеп (мейлі бір тілде сөйлей берсін), екінші бір территорияда өмір сүріп, екінші бір экономикалық қарым-қатынаста тұрған адамдардың ата-бабаларынан мұра болып қалып келе жатқан психикалық пішінінен айырмасы болмай қалмайтынының басты бір себебін біз міне осы жағдаймен белгілейміз. Алайда халықтардың кейде тіл ортақтығы, бірде географиялық, климаттық ұқсастығы, енді бірде экономикалық қарым-қатынасының жақындығы олардың психикалық пішіндеріндегі өзгешеліктерімен бірге кейбір ортақ, ұқсас құбылыстарды тудыруы әбден мүмкін. (Мысалға көршілес отырған казақ, қырғыз, қарақалпақ т.б. халықтарды алуға болады). Бірақ, жекелеген, тіпті бірсыпыра ұқсастықтардың өзі ол халықтарды ұлттығы жағынан біріктіре алмайды. Өйткені ұлтты бірлі-жарымды ұқсас ерекшеліктері арқылы ғана белгілеуге болмайды. Ұлттарды өзара салыстырғанда белгілердің ішінен кейде бірі (ұлттық мінез-құлық), кейде екіншісі (тіл), кейде үшіншісі (территория, экономикалық жағдайлар) айқынырақ білінеді. Міне, осы барлық белгілердің қиюласуынан келіп, ұлттық пішіннің ерекшелігін байқауға болады. Сонымен әр халықтың географиялық, тілдік, экономикалық ерекшеліктерінен келіп әдет-ғұрып, салт-санасы, нанымы, психикалық пішіні қалыптасады. Осының барлығы халықтың белгілі бір характерін айқындайды. Философтар мен әдебиетшілер әдебиеттің ұлттық ерекшелігін халықтың осы ұлттық характерінің көрінуіне байланысты деп негізінде дұрыс байлам жасайды да, бірақ сол ұлттық характердің сипатын халықтың патриотизмінен, гуманизмінен, ерлік дәстүрінен, қонақжай, ұйымшылдығы тағы басқа қасиеттерінен іздейді. Бірақ мұның біржақты түсінік екенін айтпасқа болмайды. Мысалы, П.С.Трофимов орыс халқының ұлттық характері туралы былай деп жазады: «Орыстың ұлттық характері, мысалы, Россияның тәуелсіздігі үшін, әлеуметтік, ұлттық бостандығы үшін, әділеттігі үшін ішкі-тысқы жауларға қарсы күресте қалыптасты»1. Рас, орыс халқының ертедегі тарихына көз жіберсек, өз отанының бостандығы үшін өмір бойы өз жауымен күресіп келгенін көреміз. Орыс халқының табандылық, ерлік, әділетшілдік сипаттарының қалыптасуына, сөз жоқ, осы жағдайлардың әсері болмай қалған жоқ. Орыс халқының ауыз әдебиетіндегі батырлық дастандарындағы (былины) жау жүрек батырларының бейнелерінен сол халықтың ерлік сипаты көрінеді. Алайда, осы сипат тек орыс халқына ғана тән ба? Егерде басқа да халықтардың тарихына көз жіберсек, бұрын-соңды көрші халықтармен жауласып, таласпаған, тартыспаған елді табу қиын. Тым әріге бармай-ақ XVIII ғасырда қазақ пен қалмақ арасында шапқыншылықтың жиі болып тұрған шындығы бар. «Қобыланды» жырындағы жау жолына түскен Қобыланды батырдың:

Жау шауыпты елімді


Жау басыпты белімді
Жау кеcіпті желімді
Менен қалған байтақ ел
Көрген сияқты көрімді1


деп елін жаудан құқарғанша күндіз ұйқы, түнде күлкі көрмеген, аш күзендей бүгіліп, бар қиындықты бастан кешкен немесе баяғы бір-бірінің адамын қырып, малдарын айдап әрбір ер азаматтың белдеулерінде аты байланып, босағада найзасы қадаулы тұрған кезеңдер болған. Қазақстанға, Россияға қосылғанға дейін, бір жағынан жоңғар қалмақтары үнемі шабуыл жасап маза бермесе, бір жақтан Хиуа, Қоқан, Бұхар хандықтары да қоршап тиыштығын ала берді. Міне, сырттан анталаған жауға қарсы күресте халық ішінен астына бедеу ат мінген, ат құйрығын шарт түйген батырлар шығады. «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» деп халық бейқам болмауға, сақтанып жүруге, жау келе қалса, оған қарсы күресуге әзір болуға тырысты. Оны әдеттеріне айналдырды. Әрине, бұл жағдай көшпелі қазақтардың характеріне батылдық, ерлік ізін тастамай кете алмағаны сөзсіз. Осы тарихи жағдайдың ізі әдебиетте батырлар жырынан анық сезіледі.
Тек Россияға қосылғаннан кейін ғана қазақ халқы осындай шетелдің үнемі шапқыншылығынан құтыла бастады. Міне халықтың идеалындағы батырлар, елді басқыншы жаудан қорғаған жаны адал, көңілі таза, қамқор жандар – ол халықтың өздері бейнелерін жасаған Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын тағы басқа сол сияқты батырлар. Міне, бұл да белгілі дәрежеде халықтың ерлік, табандылық, өз халқын, өзі туған жерін, отанып сүю сияқты жақсы қасиеттердің қалыптасуына әсерін-тигізбей қалмайтыны даусыз. Орыс халқы өте көп халық, олардың тарихында шапқыншы жауларға қарсы күрес кең көлемде жүргізілді, бұл зор бейне, ал қазақтар сияқты аз халықтар өз жауына қарсы шабуылды оған қарағанда шағын көлемде жүргізуі мүмкін. Алайда, бұл қасиет қай халықта болса да бұрыннан бар ерекшелік екенін айтпасқа болмайды.
Сол сияқты патриотизм, интернационализм, ұйымшылдық СССР-дегі ұлттар мен халықтардың бәріне де тән касиеттер екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Күні кешегі елімізде колхоздасу кезеңіндегі ұйымшылдық, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік, қазіргі бейбітшілік үшін, коммунистік қоғам кұру үшін күресте совет халықтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отыр. Олай болса, ұлттың өзіне тән психологиялық пішінін осы қасиеттердің қай халықта қай түрі барлығынан не жоқтығынан ғана іздесек, сөз жоқ, біржақтылық болар еді. Бұл қасиеттер СССР-дегі қай халықта да болса бар. Әр ұлт адамдарының психикалық сипатын сөз еткенде бірер ғана құбылыстың айналасынан іздеп қою жеткіліксіз, оны халықтың территориялық, климаттық жағдайларына байланысты, әлеуметтік-тарихи даму процесіне орай қалыптасқан мінез-құлық, әдет-ғұрып, салт-санасын тұтас алып, осылардың жиынтығынан іздеу керек. Және де мұның өзі халықтың психикалық сипатының, яғни ұлттық характерінің өзгеріп, дамып отыруының, факторлары болатын жағдайлар.
Қазақ әдебиетіндегі М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Ғ. Мүсіреповтың «Оянған өлке», С.Мұқановтың «Ботакөз», «Менің мектептерім» романдары қазақ халқының Октябрь революциясынан бұрынғы өмірлерінен алынып жазылды. Егерде осы романдардың басты кейіпкерлерінің типтік образына шолу жасап көрсек, олардың ұлттық характерінің мысалы бүгінгі совет тұсындағы қазақтармен көптеген ұқсастықтарымен бірге, көптеген өзгешеліктерінің барлығын аңғарамыз. Біз енді осы мәселені нақтылы сөз етіп көрелік.
ІІІ


Октябрь революциясына дейін Қазақстан патриархалдық-феодалдық формацияда болды. Ол кезде билік Құнанбай, Тәкежан, Бөжей, Сүйіндік, Оразбай («Абай жолы» эпопеясы), Игілік («Оянған өлке» романы) пен Итбайдың («Ботакөз» романы) қолында болды. Бұлар – аға сұлтан, болыс, ру басылары, үстем таптар. Сонымен бірге осы қоғамда Абай, Дәркембай, Базаралы, Байжан, Бұланбай, Асқар мен Амантай, Бүркітбай да бар. Бұлардың барлығы да қазақ қауымының өкілдері. Айырмасы сол Құнанбай, Игілік, Итбай қазақ қауымының ішіндегі ат төбеліндей аз ғана топтар, бірақ қолында билігі бар, әмірші тап өкілдері, Дәркембай, Базаралы, Байжан мен Бұланбай қолында билік жоқ, еңбегі еш болып, қанау көрген еңбекші халықтың өкілдері. Революцияға дейінгі дәуірдегі қазақ халқы туралы сөз қозғағанда біз осы екі топтың, екі таптың болғандығын ескермей кете алмаймыз. Бұл жерде халықтың ұлттық психикалық пішінінің, ұлттың характерінің қалыптасуына таптардың қандай ролі бар? – деген сұрау тууы мүмкін. Өйткені Құнанбай мен Оразбай, Игілік пен Жұман, Абай мен Дәркембай, Базаралы, Бұланбай мен Байжан да белгілі бір дәуірдегі қазақ халкының өкілдері екені айқын. Ұлттық психикалық пішіннің қалыптасуында, ондағы әдет-ғұрып, салт-сана, наным-сенімдердің қаншалықты озық, қаншалықты керітартпа екендігі, міне, бір халықтың ішіндегі осы таптық тұрғыға да соқпай кете алмайды. Ең алдымен осы екі топ, екі тап адамдарына ортақ, яғни қазақ халқына ортақ, әдет-ғұрыптар бар. Мысалы, қазақ халқы меймандос халық. Жолаушы жүрген адам ешуақытта өзімен бірге тамақ алып жүрмеген. Бір ауылға түстеніп, енді бір ауылға қонып, айлап жүре берген. Оны «құдайы қонақ» деп халық барын беріп күткен. Қонақ күтуге Құнанбай, Игілік те, Дәркембай, Байжан да бірдей. Байды былай қойғанда, кедей бар болса бірін, жоқ болса екісін (буаз мал) сойған. Бірақ қалайда қонақты жақсылап күткен.
Қонақ асыны жақсылап беру және үлкендерге малдың басы мен жамбасын, күйеуге төс, жас сыйлас кісіге асықты жілік сияқты сыбаға беру қазақ әдетіне мол сіңісіп кеткен. «Келгенше қонақ ұялады, қонақ келген соң үй иесі ұялады» деген мақал халықтың сол әдетінен туған. Қонақ келіп калған соң дұрыс қонақ асы бере алмаған үй иесі қатты қиналатыны да сіңіскен осы әдетке байланысты. Қазақтың меймандостық қасиетінің кең етек алуына сол кездегі тұрмыс-жай себеп болды. Шашылған тарыдай әр жерде төрт-бес үй бір ауыл болып ыдырап көшіп жүрген адамдар дүниеде не болып, не қойып жатқанынан бихабар болатын (радио, телефон жоқ қой). Сырттан бөтен біреу келе қалса мәз болып алдына тәтті асын қойып, жүрген жерінде не есітіп, не қойды, не көрді соны сұрайды, жаңалық естиді. Әрине, бұл толып жатқан себептің бірі ғана. Және үнемі өздері де жолаушылап жүретін болғандықтан өз жұмыстарына тиімді осы меймандостық қасиетті барынша қастерлеп келді1. Өйткені бүгін ол жолаушы күтсе, ертең өзі жолаушылағанда оны да жұрт солай күтеді.
Үлкенді сыйлап, құрмет тұту, бала туса, келін түсірсе шілдеқана, той жасау, өлікті құрметтеу, тағы басқа көптеген әдет-ғұрыптар, салт-саналар қай тап болса да қазақ халқының ерекше бағалаған қасиеттері. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-сана сияқты кейбір мінездерді сөз еткенде бір жайды айрықша ескерту керек. Былай қарағанда ұлттық характердің өзі бүкіл ұлт өкілдеріне түгелдей тән қасиет болып саналатын сияқты. Және де көптеген ғалымдар осылай деп тұжырымдап та жүр. Олай болса ұлттық характерге таптық мүдде мақсаттардың еш қатысы, әсері болмауға керек. Жоғарыда айтқандай қонақ жайлылық, меймандостық сияқты басқа үлкенді-кішілі қасиеттердің қазақтың үстем табы мен қалың бұқарасына бірдей ортақ болғаны сияқты барлық әдет-ғұрып, мінез-кұлық қазақ халқының барлық таптарына ортақ жай болып шығар еді. Ал, шындығында да солай ма?
Г.Ломидзе «Единство и многообразие»I деген еңбегінде ұлттық характер әр уақытта жергілікті ерекшелік пен табиғат ерекшелігінің арқасында пайда болатын ерекше рухқа байланысты деген буржуазияшыл оқымыстылардың пікірінің терістігін дәлелдей келіп, ұлттық характердің туып, дамуының объективтік заңы барын айтады. Ол заңдылық белгілі бір халықтың тіршілігіне әсер еткен түрлі жағдайға байланысты. Ұлттық характер мен идеологияны қатар қоюға болмайды. Идеология – ол таптық категорияларға жатады, ал ұлттық характер деген жалпы ұлттық категорияға жатады. Әйткенмен таптық қоғамдағы халықтың психикалық пішіні немесе ұлттық характері бірегей деген сөз шартты болады дегенді де айтады Г.Ломидзе.
Әдетте, психикалық пішін - сырт өмірден алынған әсердің жиынтығы деген, тұрақты орын тепкен бір пікір бар.
Ал өмірдің еткен әсерін адамдардың қабылдауына келетін болсақ, ол неге алдымен олардың ұлттығына байланысты? Қайта ол адамдардың таптық санасына көбірек байланысты емес пе? Бір ұлттың адамдары өмір тәжірибесі тудырған кейбір жекелеген белгілердің тұтастығы ғана болмаса негізінен сыртқы өмір әсерін әр түрлі көзқарас тұрғысынан қабылдайды, яғни таптық тұрғыдан қабылдайды. Сондықтан да таптық қоғамда ұлттың психикалық пішіні қайшылықсыз біртұтас бола алмайды. Мұны біз қазақ совет әдебиетіндегі көркем шығармалар арқылы дәлелдеп керейік. Ол үшін ең алдымен Қазақстандағы қоғамдық даму процесі қандай әлеуметтік типтерді, типтік характерлерді тудырды деген мәселенің басын ашып алу шарт.


IV

Қазақ халқының өткен дәуірі мен бүгінгі күн шындығы қазақ совет жазушыларының творчествосында қең қамтылып келеді. Қазақ совет әдебиетінде көптеген образдар галереясы жасалды. Әлеуметтік тип жағынан бұл образдарды шартты түрде негізінен екі топқа бөлуге болады: 1) таптық қоғамдағы үстем тап өкілдерінің типі; 2) бұқара еңбекші халық өкілдерінің типтері.


Үстем тап өкілдерінің типтік образын сөз еткенде біз ең алдымен М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай, С.Мұқановтың «Ботакөзіндегі» Итбай, Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесіндегі» Игілік, Жұман, Г.Мұстафиннің «Дауылдан кейіндегі» Шәкен мырзалардың бейнелеріне арнайы тоқталамыз. Бұлар өз заманында ел билеген үстем тап өкілдері.
Таптық қоғамдағы ел билеуші қанаушы тап өкілдерінің әлеуметтік типтерінде барлығына бірдей, ортақ жайлар бар. Ол қандай да бір жол болмасын, әйтеуір халықты қанаушылық ниеттен туған ортақ жайлар. Әлеуметтік типтің бұл тобына жалпы тән қасиет: қазымыр, қаталдық, зұлымдық, зымиян-аярлық, мансапқорлық, жемпаздық, моральдық тұрақсыздық, тиянақсыздық, дүниеқорлық т. б. Неге бұлай? Осы айтылған жайлар, негізінен алғанда, неге сол әлеуметтік топтың үстем тап өкілдерінде ғана тән қасиет? Неге олардың характерлері осы негізде қалыптасады?
Біз жоғарыда типтік образды тудыратын қоғамдық өмір дамуының процесі дедік. Былайша алғанда, әлеуметтік типтердің үстем тап өкілдеріне тән әлгі қасиеттердің сырын ашу үшін, ең алдымен, соны тудырған типтік жағдайларды ескеруіміз керек. Онсыз жерде типтік образ, ұлттық характер туралы сөз қозғаудың өзі теориялық, жағынан да, практикалық, жағынан да пайдасы жоқ, бос сөз болып шығар еді.
Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғамның дәуірлеп тұрған кезіндегі үстем тап өкілінің типті бейнесі Құнанбай образы арқылы көрінеді. Байлық та, билік те қолында тұрған Құнанбайдың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Ол өзінің үстем табы тудырған әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерді барынша қорғайды, өйткені ол дәстүрлер Құнанбайды осылай алшаңдатып отыр. Егерде үстем тап өкілдерінің сойылын соғатын дәстүрлерге қандай бір болмасын қарсылық сезілсе ол Құнанбайларға, яғни үстем тапқа, жасалған қарсылық болып саналады. Құнанбай ондай жанды шіркейдей қағып, мұрттай ұшырады, ұшыра алмаса өзінің жауын көбейтеді. Сондықтан да үстем тап өкілі болған Құнанбай әр кезде сақ, айналасын аңғарымпаз, әр кезде күш қаруы дайын тұрады.
Эпопеяда Құнанбай бірде қатал, қатыгез, бірде айлакер қу болып көрінеді. Құнанбайдың олай болмасқа амалы да жоқ. Ол Құнанбайдың қара басына ғана тән құбылыс емес, ол Құнанбай өкілі болған үстем тап өкілдеріне тән құбылыс. Оны тудырып отырған заманы. Құнанбай дәуірлеп тұрған кезде Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғам ыдырауға бет ала бастаған-ды. Қазақстанда XIX ғасырдың ортасында бұрынғы хандық дәуір жойылды да, елді аға-сұлтандар биледі. Бұрынғы хандардың айтқан жарлығы екі болмайтын болса аға-сұлтандар ойына келгенін істей алмайтын болды. Бұл Қазақстанның Россияға қосылуының салдарынан болған іс. Аға-сұлтандарға ел билеткенімен патшалық Россия оларды сыртынан бағып, қадағалап отырды. Қазақ шаруалары бұрын бар мұңын ханға шағатын болса, енді олар қазіргі билеушілері – аға-сұлтандарға бармай бірден патша өкілдеріне баратын болды. Олар тіпті аға-сұлтандар үстінен шағым айтуға дейін ерік алды. Қазақ билерінің жайы да онша мәз болмады. Оларды да ру басы етіп тек патша әкімдері тағайындайтын болды. Билерді орындарынан алып тастау да оңай болды. Сонымен үстем тап өкілдерінің қолдарындағы биліктің өзі «кісі» қолында тұрды. Бұл олардың бұрынғы биліктерінің шеңберін тарылтты, олардың беделін түсіре бастады.
Россияда крепосниктік правоның жойылуына байланысты түрлі реформалар жасалды. Бұл өзгерістер Россияның қол астындағы елдерге, соның бірі қазақ даласына да, әсер ықпалын тигізбей қала алмады. Көп ұзамай Қазақстанда да әкімшілік орындарында өзгеріс болды. Патшалық Россия қазақ даласын өз уысында ұстау үшін бұрынғы ел билеуші қазақтарды біртіндеп ығыстыра бастады да Қазақстанды генерал-губернаторлар басқарды1. Әкімшіліктен айрылған сұлтандар, дінбасылары бұл реформаға наразылық білдірді, ал билігінен әлі айырыла қоймағандары патша әкімдеріне жағынуға тырысты.
Патшалық Россия Қазақстанның байлығын пайдаланып, колониялық режим ұстады. Қазақтық еңбекші бұқара халқын патша колонизаторлары бір қанаса, өз үстем таптары тағы қанады. Осы феодалдық қысым қазақ халқының таптық жігін ажырата түсті. Бұрын сұлтандарға деп және басқа түрлі сылтаулармен салықтар төленіп тұрса, XIX ғасырдың орта кезінде шаруалар олардан бас тарта бастады. Феодалдар шаруаларға аяныш білдірмесе, шаруалар да оларға мейірім білдірмеді. Феодалдар көр-жерді сылтау етіп шаруалардың азын-аулақ малын тартып алып, еңбекақысын бермей қойса, шаруалар да енді топтанып оларға қарсы тұратын болды. Сөйтіп енді мал қуысу, барымталасу көбейе берді.
Міне, Құнанбай осындай ауыспалы кезеңде өмір сүрген адам. Бұқара халық олардың дегеніне көнбей, Дәркембайдың мылтық кезенуі, Базаралылардың малын қуып кетуі Құнанбай тобын жайбарақат қоймады. Құнанбай бұрынғы дәуірін сақтап қалу үшін мына Дәркембай, Базаралы сияқты «жабағы жүні» түсе бастаған халық өкілдерімен, айрықша күресуі керек болды. Белбеуді бос буынса белі кететінін біледі, сондықтан да ол аямайтын қатігез, қатты болуға мәжбүр. Ол Қодарды жазықсыздан жазықсыз өлтіртті, Базаралыны жер аудартты. Мұның бәрін өзінің үстемдігін сақтау ниетімен, қарапайым халықты қорқытып аузына қарату мақсатымен істеді. Әсіресе, халықтың ептеп таптық санасы ояна бастаған кезде, Құнанбай бекемірек болуға тиісті болды. Ендігі күні алысу, арбасу еді. Олай істемеске Құнанбайда басқа амал-шарық та жоқ. Эпопеяда Құнанбай бұқара халық өкілдерімен, туып өсіп келе жатқан демократиялық күшпен (Абай өкілі болған) ғана күресін қоймайды, ол өзінің үстем тап өкілдері ру басыларымен де үнемі күресіп жүреді. Бұл, әрине, Құнанбайдың үстем тапқа қарсы күресі емес. Кұнанбайдың бұл күресін мысалы Базарәліге, Дәркембайға, тіпті өзінің баласы Абайға қарсы күресімен салыстыруға болмайды. Құнанбайдың Базаралымен, Дәркембаймен күресі қоғам ішіндегі әлеуметтік топтардың күресі. Ал ру басыларының арасындағы күрес Қазақстанда рулық қауым дәуірінен келе жатқан мансапқорлық, бақталастықтан туған тартыс.
Өңкей ру басылары жиналып, қазақ ішіндегі шешен кім, мырза кім, жақсы кім дегенде осы қасиеттің барлығын Қаратай Құнанбай бойынан табады. Сонда байлардың:
– Уай, көкше. Сен не оттап отырсың өзің? Мырза Құнанбай екен, Шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен. Ендеше не көкіп алысып жүрміз онымен?! – дегеніне Қаратай:
– Уәй тәйірі-ай, Мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысын жүрмін бе? Жалғыз-ақ «не қылайыны» жоқ қой. Сондықтан кетіп жүргем жоқ па?» деп жауап қайырады. Құнанбаймен басқа үстем тап екілдері алысқанда оның тым қаталдығына, орайластығының жоқтығына қарсы. Бірақ, оларда таптық тілектің жігі ажыраған емес. Қаратайдың «мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе?» – деген сөзі соның толық айғағы. Ата жолын ұстағыштығы, патриархалдық-феодалдық дәуір тудырған әдет-ғұрыпты, салт-сананы жан-тәнімен қорғайтындығы, т.б. көптеген үстем тап өкілдеріне тән характерлерінен Қаратай мін тапқан емес, таппайды да. Оның барлығы өздерінің таптық тұрғысынан қарағанда жөн, дұрыс іс болып саналады. Үстем таптың өкілдері: Оразбай, Жиренше Абаймен алысқанда оны үстем таптың сойылын соққандығынан емес, Абайдың патриархалдық-феодалдық қоғамның институттарына қарсы демократиялық күшті бастаушы болғандығы үшін де қарсы күреседі. «Олар заман азды. Ел азды» дегенде сол өзінің патриархалдық-феодалдық дәуіріне тән тәртіптің бұзыла бастағанын айтып отыр. Міне, сондықтан да Оразбайлар ызалы, ашулы. Ол да Құнанбайдай қатал болуға тырысады. Заманын аздырмау үшін күреседі. Күресте қатал болмасаң, жеңе алмауың сөзсіз. Туып келе жатқан жаңа әлеуметтік қарым-қатынас, әсіресе, үстем тап өкілдерін ашындыра түседі. Олай болса таптық қоғамда ел билеуші әмірші таптың өкілдеріне тән құбылыстың бірі мейірімсіздік, қатыгез, қаталдық болып саналады.
М.Әуезов «Еңлік-Кебек» пьесасының алғашқы варианттарында рулық қоғамнан қалған дәстүрді барынша жақтаған, қатігез Кеңгірбай сүйіскен екі жас Еңлік пен Кебекті өлімге қиғанда, Қараменде биді арашашы ететін. Әрбір кейіпкерлерді белгілі бір тип деп ұқсақ, әлеуметтік таптардың үстем тап өкілдерінде Кеңгірбайдай қатігез, қатал бимен қатар, Қараменде сияқты әділет жолын қуған, түзу, турашыл да билер болған деген тұжырым жасалады. Қараменде үстем тап өкілдері тобына жататын болса, әлеуметтік тип ретінде оның мұндай әділетшіл, турашыл, гуманизмді болуына ешқандай негіз жоқ. Үстем тап өкілдерінің қатал, қулық-сұмдығы мол болатынын да қоғамдық жағдайы тудырған құбылыс екенін біз жоғарыда айттық. М.Әуезоз «Еңлік-Кебек» пьесасының соңғы вариантында Қараменденің типін бұрынғысынан өзгертіп, әлеуметтік жағдайы, өзінің үстем таптық ортасы тудырған тән құбылыста көрсетеді. Рас, алғашқыда Қараменде сүйіп қосылған екі жасты өлім құрығынан қорғамақшы болып, алыстан әдейі келеді. Екі рудың билері Еспембет пен Көбей бітім таба алмасын білгеннен кейін бұзылған заманның бітпес билерін қатты жазғырып: «Қай сөзінде қасиет бар? Неңді қадір тұтайын! Қайран халқым, азғаның ба әрекемен осындай (жым-жырт бұдан соң). Арадан жол тап, тыныштық ойла! – дейді.
Қараменде Еңлік пен Кебекті бұл жолы да өлімге бергісі келмейді. Бірақ ол екі қыршынға жанын салып, барын салып отырмайды. Жұрт көзіне қорғаған болса да, ішінде пәлендей тебірену, күңірену жоқ. Күйінген Абыз қарттың оған айтқан: «Не көмекке, қай керекке келдім дедің? Ер сәлемі әкелсе ерте келмес болар ма, ер азамат тұрғысын!.. Сылдыр сөзбен шығарып сап сынайын деп келіпсін ғой... көлгір сөзбен көлденең болғың кепті ғой...» деген сөзінен кейін Қараменденің әлеуметтік тип ретінде беті айқын көрініп отыр.
Үстем тап өкілдеріне тән заманы тудырған қаталдық, озбырлық, ожарлық Итбай басында да бар. Ол да кедей шаруа Амантайды жазықсыздан жазықсыз ұстатып жібереді. Өрімдей жас қыз Ботакөзді әйелдікке алмақшы болып, алып қашуға әрекеттенеді, 1916 жылы патша өкіметі қара жұмысқа қазақтан адам сұрағанда қазақ жастарын жинап беруге күш салады. Мұның да озбыр, өктем болатыны қолында билік бар. Ал, қатал, ожар болатыны халықтың таптық санасының күшейе беруінің салдары. Құнанбай сияқты Итбай да кедейлердің бас көтеріп, бетке келгендерін қаматып, айдатып жатады. Өйтпесе өзі құритынын біледі.
Құнанбай өмір сүрген дәуірге қарағанда Итбайдың кезінде халықтық сана меңдей түскен. Россияда революциялық жұмыстар өрістеп, большевиктік партия астыртын жұмыс жүргізіп жатқанда, мұның әсері Қазақстанға да тиіп жатты. Революция кезінде большевиктер партиясы орыс жұмысшыларын басқа да халықтар ішіндегі қанау көрген, азап шеккен еңбекші халықтарды құлдықтан құтқару, оларды да патшаға қарсы күреске дайындау ісін жүргізуге жұмсады. Оның бер жағында патшалық Россия империалистік соғысқа қатысты да бұл соғыс тек Россияның ғана емес, оның қол астындағы халықтардың да қабырғасын майыстырып жіберді. Бұл кездегі патша чиновниктері мен қазақ үстем тап өкілдерінің озбырлық әрекеті тіпті үдей түсті. Патшалық Россия ақырында соғысқа жәрдем үшін қазақтан адам сұрап, жарлық шығарды. Бұрыннан қозып келген таптық ызаның лап етіп тұтануына бұл себеп болды. XIX ғасырдың екінші жартысында Құнанбайға мылтық кезелсе де атылмап еді, Итбайға балта жұмсалып, ол өзінің трагедиялы қазасына жетті.
Міне, Құнанбай образының жалғасы болған Итбай қоғамның даму кезеңінің осы бір белесінде осындай күйге душар болды. Әлеуметтік жағдай, олардың тағдырын осылай белгілеген.
Халықтың өмірінің ұшан-теңіз мол көрініс құбылыстарының барлығы бар қырымен бір шығармаға симайтыны айқын. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының энциклопедиясы деп дұрыс бағаланған «Абай жолы» эпопеясының өзі де халық өмірінің мол бір көрінісін, яғни патриархалдық-феодалдық дәуірдің ыдырай бастағанын, халықтық-демократиялық күштердің туып, дами бастағанын, патшалық Россия мен демократиялық Россияның Қазақстанға жасаған қысымы мен прогрессивті әсерлерін т.б. көрсетуге арналған-ды. Бұл кезде Қазақстанға капитализм элементтері ене бастаған еді. Эпопеяда бұл да сөз болады, алайда мұның өзі өмірдің үлкен бір құбылысы болғандықтан халық өмірінің жоғарыда аталған құбылысымен қатар бір шығарманың көлеміне сыймақ емес еді. Сондықтан да өмірдің бұл саласы эпопеяда кең көлемде көрінбейді, оны кең көрсетуді жазушы міндет етіп коймайды да.
Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін қазақ даласына капитализм элементтері ене бастады және мұның өзі қазақ халқының экономикасына үлкен өзгерістер енгізе бастады. Осыған орай халықтардың өзара байланыстары, адамдардың қарым-қатынастарына да жаңалық енді, мұның өзі адамдар характерлерінің жаңа сипат алуына әкеліп соғады. Қазақстандағы осы өзгеріс – капитализм элементтерінің ене бастауын, Қазақстанда жұмысшы табының туа бастауын көрсетуге арналған Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романы болды. Бұл романдағы әлеуметтік типтің үстем тап өкілдері – Игілік пен Жұман образдары.
Романда жазушы бақталасқан екі бай Игілік пен Жұманның өзара тартысынан бастайды. Игілік салиқалы байсалды бай. Оның айналасында шашбауын көтеріп, қызметін істеп жүрген адамдар көп. Игілік анау-мынау майда-шүйдені көп елемейді, оған назар аудармайды.
Жұман болса, керісінше, болмашы нәрсеге күйіп-пісіп, лездің арасында бұлқан-талқан бола қалады. Оның маңында қызмет істеп, шашбауын көтермелеп жүрген пәлендей адамдар да жоқ. Байлығына қараса екеуі де бай, тіпті жылқы саны Жұманда көбірек. Бірақ жұрт ішінде, халық арасында неге екені белгісіз Игіліктің шоқтығы Жұманға қарағанда әлде қайда биік, ол тым жоталы. Мұның сыры неде? Мұның сыры Қазақстанға капитализм элементтерінің ене бастауына орай әрбір үстем тап өкілінің сол жаңалыққа қарай икемделе беруінде жатыр.
Қазақ даласында әлі мардымсыз болса да өндіріс орындары ашыла бастады. Сауда-саттық та етек алуға бет бұрды. Қазақтың бұрынғы мешеу қалған феодалдық шаруашылықтарының түріне қарағанда бұл әлдеқайда прогрессивті болатын. Олай болса прогрессивті шаруашылық алғашқыда көптеген кедергілерге душар болып, баяу дамығанмен оның жарқын болашағы айқын-ды. Осындай прогрессивті жаңалықтың тууына немесе тез жетілуіне түрлі кедергі мен тосқауылдар кешеуілдетіп, баяулатуы мүмкін, бірақ оны ешуақытта мәңгі тұншықтырып тастай алмақ емес. Ерте ме, кеш пе ол тууы керек, және ол шаруашылықтың ескі түрін бірте-бірте ығыстырып, өзі еркін дамуға мүмкіндік алуы тиіс. Бұл қоғам дамуының диалектикалық заңы. Міне XIX ғасырдағы феодалдық дәуірдің, іргесін босатып, капитализм элементтері кіре бастады. Олай болса қазақтың үстем тап өкілдерінің Жұман сияқтылары сол бұрынғы үйреншікті шаруашылығымен малын бағып, көшіп жүре береді, олар капитализм элементтерінің кіруіне барынша қарсылық жасап бағады. Ал енді еніп келе жатқан қоғамдық жаңа қарым-қатынасты да жақтайтын, оның сырын түсінетін Игілік сияқты адам да табылады, ол сол жаңалыққа ыңғайласып отырады. Бұл Игілік те, Жұман да бір қоғамдық формацияда, бір мезгілде өмір сүрсе де екеуі екі түрлі типтік характердегі адам болып саналады. Мұның өзі қоғамның даму процесі тудырған типтік образдар екенін айқындайды.
Біз жоғарыда романдағы Игіліктің байсалды, Жұманның күйгелек екенін, Игіліктің маңында топтанған адамның көп, Жұман айналасында аз екенін айттық. Мұның терең қоғамдық сыры бар. Игіліктің байсалды, Жұманның күйгелектігі олардың жеке адамға тән мінезінің ерекшелігінен көрі, қоғамның даму процесіндегі орнына байланысты.
Капитализм элементтері Қазақстанға ене бастаған кезде, ендігі жерде шаруашылықтың жаңа түрлері капиталистік баюдың бірден бір жолы болмақ. Феодалдық дәуірде қазақ байларының бар күн көрісі негізінен малы болатын болса, оның өзі кейде қыс қатты болған жылдары жұтап, жұттан кейін құралақан болып жұртында қалатын жайы аз кездеспейтін. Жұман әлі сол жолда келе жатса, Игілік кіре тартып, сауда жасап, мал басын ақшаға айырбастай бастайды. Қарлы боран, үскірік аяз ақшаға қауып-қатер төндіре алмайды, керісінше ендігі жерде ақша айналымы тиынға тиын қосып, байлық молая түсті. Түсіне білген кісіге ендігі жол осы еді. Қоғамның даму процесі осыны тудырды да, Игілік осы жолды ұстады.
Жалпы қоғамның даму процесі тұрғысынан қарағанда Жұманның өнбейтін, мардымсыз ісінен Игіліктің ісі әлде қайда прогрессивті болатын. Бірақ Игілік осы жолды ұстағанда, қоғамның ілгері дамуына жәрдемдесейін, халыққа жақсылық жасай қояйын деген ниетпен істемейді. Бұл қоғам дамуының өзі еріксіз тудырып отырған құбылыс. Жел Игіліктің оң жағынан шығып тұрған соң, ол тым байсалды, тым асқақ, әзірге оның күйіп пісетін ештеңесі жоқ, ол өз бағытын қоғам дамуының дұрыс жолына бұрып алды. Игілік адамдары мыс тасып, кіре тартады, оған нақтылы түрде ақы алады. Игіліктің өз жұмысшыларына төлейтін жалақысы Жұманның жылқышыларына төлейтін бірер бас малынан әлде қайда көп, өйткені Игіліктің жылдық табысы Жұманнан әлде қайда мол. Сондықтан да еңбекші халық Жұманға қырын келеді де Игілікке дұрыс қарайды. Игілікке қызмет ету тиімді екенін біледі. Әзірге, капитализм элементтері еніп келе жатқан уақытта Игілік ұстаған жолда жұмысшы, жалшылар тарапынан ешқандай кедергі қарсылық болмайды. Құнанбайдай мылтық кезеніп, малы қуылып жатпаған соң Игілікке қатал болудың да керегі жоқ болды. Керісінше, осы жағдайды пайдаланып, ақылмен, айламен іс істеу керек, сөйтіп түлкі болған заманды тазы болып шалу керек деп ойлады. Игілік солай істеді. «Оянған өлке» романының біз бірінші кітабін ғана оқып отырмыз. Игіліктің беталысы, бағыты белгілі болып қалса да, қоғамдық өмір даму процесі оны қандай күйге ұшыратады, әлі белгісіз. Ол романның жалғасында көрінбек. Әйткенмен қазақ әдебиетінде Игіліктің жолын ұстаған, сол типтес тағы бір кейіпкер бар. Ол Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы Шәкен мырза. Игілік XIX ғасырдың орта шенінде өмір сүрсе, Шәкен XX ғасырдың басында өмір сүреді. Уақыт жағынан алғанда кешегі Игілік, бүгінгі Шәкен сияқты көрінеді. Шәкен де өзінің шаруашылығын сауда-саттыққа бейімдеген адам. Шәкен ел ісіне, әлеуметтік мәселелерге астыртын араласады, ашық араласуға жағдайы болмайды. Бұл Қазақстанда совет өкіметі орнаған кез. Бірақ үстем таптар әлі тап ретінде жойылып бітпей, жаңа экономикалық саясат кезінде бұрынғы үстем тап өкілдерінің қайтадан бас көтере бастаған кезі. Әлеуметтік мәселеге тікелей араласпаған мен Шәкен мырза сол іске араласып жүрген адамдардың тізгінін өз қолына алып, олардың бетін өзі бұрып отыруға тырысады. Бірақ заманы өткен соң болмайды екен, жаңа қоғам оған ырық бермейді.
Біз жоғарыда Құнанбай образының жалғасы Итбай дедік. Олар алғашқыда монархиялық тәртіпті орнатуға тырысты, кезінде Игілік ұстаған жолдан өзгеше феодалдық тәртіпті жақтаушы болды, халықты қанауда ашық та, жасырын да әрекеттер арқылы істеді, сондықтан олар халықты өзіне тез қарсы қойып алды. Кешегі Құнанбай, кейінгі Итбай, социалистік революцияға жетпей- ақ құрып кетті.
Игілік болса ол да елді есіркеп отырған жоқ-ты. Азды беріп, көпті пайда қылып, халықты Құнанбайдан кем қанаған жоқ. Бірақ Игілік оның ізін білдірмейді, жымын жасырды. Оны істетіп отырған Қазақстанға ене бастаған капитализм элементтері. Ол туғалы келе жатқан жаңа капиталистік қоғамның Қазақстанда ірге тасын қалаушылардың бірі. Олай болса Игіліктің болашағы әлі алда. Капитализм империалистік дәрежеге жеткенше ол әлі біраз дәуірлемек. Туып келе жатқан капитализм кұрымаса Игілік те құрымайды. Оның күші осында жатыр.
Алайда Қазақстанның қоғамдық-әлеуметтік жағдайы тез өзгерді. Капитализм әлі толық енбей жатып-ақ, Россиядағы болған социалистік революция Қазақстанға да үлкен игілікті әсерін тигізді. Қазақ халқы да бұл революцияда большевиктер партиясының басшылығымен социалистік революцияға үн қосып жаңа үкімет-совет үкіметін құрды. Сөйтіп Қазақстан капитализмді аттап өтіп, патриархалдық-феодалдық қоғамнан бірден социалистік қоғам орнатуға мүмкіндік алды.
Бірақ заманы түлкі болғанда тазы болып шалатын кешегі Игілік, бүгінгі Шакен социалистік революцияға дейін, одан кейін де тіршілік етіп келді. Әйткенмен олардың өмір сүруіне енді ешқандай әлеуметтік негіз қалған жоқ еді. Социалистік қоғам құрылысы оларды тарих сахнасынан біржола ығыстырып тастады. Шәкендер, әрине, оңайшылықпен берілген жоқ. Революция тұсында буржуазияны қолдап келсе, совет өкіметі орнаған кезде олар тағы да айлаға, бұлаң құйрыққа салып бақты. Сырттай өкіметке қарсы болмағансып, іштей халық арасына бүлік салып, өз табының мүддесін ақырына дейін қорғауға тырысып бақты. Ендігі жерде олар ашық күрес емес, жасырын күреске ойысты. Өйтпеске амалы да жоқ еді. «...Феодализмнен капитализмге бет бұрған шақта Игіліктің шаруа күйіндегі, іс-әрекетіндегі кейбір жаңаша жағдайлар прогресс (Жұмандарға қарағанда) саналса, мына пролетарлық революция заманында, капитализмнен социализмге өту кезінде Шәкендер бүкіл іс-әрекетімен де, шаруашылық қалпымен де нағыз құрып бара жатқан керітартпа күшке айналып отыр»1 деген Б.Сахариевтің пікірі дұрыс. Біз жоғарыда айттық тағы да қайталауға тура келеді, Игілік сауда-саттық жүргізіп, қазақ даласына капитализм элементін енгізуге ат салысқанда қоғамның даму процесінің ілгері басуына қайтсем де жәрдемдесейін деп істеген жоқ. Ендігі жерде осылай істесе ғана баюға болатынын түсіне білді. Капитализмнің элементтері Игіліктің таптық мүддесіне еш зиянын тигізген жоқ, қайта оның іргесін мықтап бекітіп, нығыздай бастады. Егерде Шәкен түскен жағдайға Игілік душар болса сөз жоқ Игілік те Шәкен жолын ұстаған болар еді. Өйткені Игілік үстем тап өкілі бола тұра ол өз табы мүддесін қорғамай тұра алмайды. Игіліктің әрекеті прогресс, Шәкеннің әрекеті кертартпа дегенде осы өзгерген әлеуметтік жағдайды ерекше атаған жөн. Рас, Игіліктің іс-әрекетіндегі жаңаша жағдайлар Жұманға қарағанда сөзсіз жаңалық, ілгері басушылық болып саналады. Сондықтан да әрбір құбылысты өз дәуіріне байланысты, нақты қарау шарт. Жұман қазақтың ертедегі байларының типі. Құнанбай, Игілік дәуірінде ол азғындаған, құруға беталған тип. Бұл дәуірде Құнанбайдай қатал, Игіліктей айлалы болып келмей Жұмандай болып келсең құрисың. Патриархалдық-феодалдық дәуір өзінің жетер жеріне жетіп, енді бірте-бірте ыдырап, оның орнына екінші бір қоғамдық формация келуі керек еді. Ал қоғамдық күштердің осы жаңа құбылысқа икемделген Игіліктері ғана өмір сүреді де бұрынғы мешеу түрін сақтағандары өше береді. Жұманның күйгелектігі туып келе жатқан жаңа құбылысқа орайласа алмаған шарасыздығының айғағы. Оның қарлы боранда, айдалада өлуі де тегін емес. Қарлы боран – замана, жаңа әлеуметтік жағдай. Жұманның бар болмысында осы жаңа жағдайда Игілікпен иін тіресіп өмір сүруге экономикалық негіз азайып барады. Сондықтан да Жұманның құруын патриархалдық-феодалдық дәуірге тән әлеуметтік күштердің құри бастауы деп түсініп, оның орнына жаңа әлеуметтік күштер Игілік, Шәкен келе бастады деп білеміз.
Алайда қатты ескеретін бір жай бар. Жұманның әлеуметтік тип ретінде сол XIX ғасырдың орта кезінде өзінің трагедиялық тағдырына жетіп, құрып кетуі қаншалықты дәлелді? XIX ғасырдың орта кезінде Қазақстанда капитализм элементі жаңа-жаңа төбе көрсете бастағаны болмаса, негізінен алғанда, патриархалдық, феодалдық қоғамдық құрылыстың бел алып тұрған кезі еді. Тіпті XIX ғасырды былай қойғанның өзінде Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін Қазақстан негізінен алғанда, патриархалдық-феодалдық қоғамдық құрылыс сатысында болатын. Олай болса қоғамдық, әлеумсттік жағдай өмір сүріп тұрғанда Жұманның XIX ғасырдың орта кезінде, сол патриархалдық-феодалдық құрылыстың типті өкілі ретінде кұрып кетуіне біздіңше әлі толық негіз жоқ. Бұл жерде Жұман сахнадан шығып қалмай қоғамның даму процесінде кесел жасап кері сүйреген шаруашылығымен, күйіп-піскен қалпында құлдырау күйінде болуы керек. Сол кездегі типтік жағдай Жұманның әлі де тірлік етуіне мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен Құнанбайдың қатал, Итбайдың ожар да пасық, Игілік пен Шәкеннің айлалы зымиян қулығының барлығы да олардың жеке бастарына ғана тән, «құдай берген» мінездері емес, қоғамның даму процесіндегі әлеуметтік жағдайлар тудырып отырған типті характерлер. Өйткені олар үстем тап, қанаушы тап өкілдері. Қолдарында билік бар. Олар әділетсіздікке, озбырлыққа барады, халықтың еңбегін қанайды. Бұқара халық оны жаратпайды, алғашқыда жеке-жеке, кейін ұйымдаса келіп оларға қарсы тұрады. Бұқара халық қарсылық білдірмес үшін оларды езіп, жаншу, қорқытып мүсәпір ету керек болды. Олай ету үшін Құнанбайдай қатал, Итбайдай айлалы, қу болмаса үстем тап мүддесін қорғап тұру мүмкін емес. Ендеше осы үстем тап өкілдерінің әлеуметтік типін осындай типтік жағдайы тудырды. Міне, социалистік реализм әдісі әрбір типтік образ жасағысы келген жазушыдан оның типтік образын типтік жағдайына байланысты жасау керектігін басты шарттардың бірі етіп қояды.
Үстем тап өкілдерін біз әлеуметтік типке жатқыздық. Бірақ осы ат үстілеу шолудың өзінде олардың бір-біріне ұқсамайтындығын көріп отырмыз. Құнанбай мен Итбай, Игілік пен Шәкен, Оразбай, Жұман т. т. жеке-жеке алғанның өзінде өз алдына жеке-жеке типтік образдар. Ф.Энгельс шынайы жазушының кейіпкерлері туралы «Каждое лицо тип, вместе с тем и вполне определенная личность»1 дейтіні де сондықтан. Біз бұларды топтастырғанда тек әлеуметтік тип ретінде ғана алдық. Ал, өмір құбылысы, типтік жағдайлар қаншама кең, жан-жақты болса, ол соншалықты типтік характерлерді де тудырады. Жоғарыда аттары аталған кейіпкерлер сол әлеуметтік типке тән құбылыстарды өздерінше мүшелеп бөлісіп алғанын көреміз. Құнанбайдын іс-әрекеті бірде зымиян қулық, бірде дүлей қара күш арқылы жүзеге асып, айналып келгенде оның бәрі қайтейіні жоқ қатігез қаталдыққа сыйғанда, Итбайдың қаталдығы топастық, ожар әрекет арқылы көрінеді. Игілік Жұманнан өзгеше болумен бірге Құнанбай, Итбайға да ұқсамайды. Міне, бұлар бір-бірлерінен типтік характерлері арқылы дараланып отыр. Олай болса. типтік характерлердің өзі әр алуан болады деп білеміз.


V

Таптық қоғам өмір сүріп тұрғанда таптық мүдде де әр уақытта өмір сүріп отырады. Билік өз қолында тұрған қанаушы таптар өз табының сойылын соғып, өз мүдделеріне сай әдет-ғұрыптарды, салт-саналарды тудырады дедік. Сонымен бірге дін де әр уақытта қанаушы таптың сойылын соғып келді. Осы дінге байланысты көптеген әдет-ғұрыптар, салт-саналар да пайда болды. Рулық-патриархалдық дәуірден келе жатқан қалдықтар бәрі қосылып үстем езуші таптың пайдасын көздеді. Ауырған адамға дем салды, үшкірді, бақсы ойнады, зікір салды, құмалақ ашты, халықтың миын улады. Кедей-кепшіктер бұл дүниеде кемдік көрсең, бейнет шексең о дүниеге барғанда жұмаққа барасын деп еңбекші халықты алдады. «Ата тұрғанда бала сөйлегеннен без» деп оң болсын, теріс болсын үлкен айтса, «ақсақал» айтса болды, дау да біте салды.


Міне, үстем таптар өздерінің жанына жайлы әдеттер мен салт-саналарды түрлі айламен де, күшпен де, еңбекші бұқара халыққа да міндеттейді. Оны ата-бабасынан келе жатқан жол, нағыз ұлттық ғұрып деп санатпақ болды. Үстем тап билеп-төстеп тұрған дәуірде олардың тудырған заңдары да үстемдік алып отыратыны даусыз. Сонымен қазақтың буржуазиялық ұлт болып құрала бастаған дәуірдегі қазақ ұлты өкілдерінің типтік бейнесі, ұлттық пішінінің сипаты міне осындай. Осы үстем таптың сойылын соғатын, бірақ еңбекші бұқараның мүддесіне қарама-қайшы салт-саналар сол еңбекші халықтың психикасына көлеңкесін түсірмей тұра алмады. Бұл, әсіресе, халық өмірінің қоғамдық даму дәрежесінің ең төмен кезінде, халықтың таптық санасының өте таяз кезінде мол сезілді.
Бірақ, еңбекші халық та өз табының мүддесіне, бұқара халыққа тиімді салт-сана тудырып отырады. Амал не, үстем таптар көбіне оның кең жайылып, етек алуына мүмкіндік тудырмайды. Әрбір әдет-ғұрыптың туу себептерін, әлеуметтік негіздерін білгенде ғана оның сыры айқын ашылады.
Мысалы, бұқара халық ерте заманнан-ақ жоғарыда айтқандай жастар сүйсін, сүймесін күні бұрын қалың мал беріп, құда түсіп қоятын әдетке қарсы тұрғандығын біз бас бостандығын аңсаған Төлеген мен Жібек образдарынан көреміз. Әкесі қаншама күш салып, осы елден қалаған қызды алып беремін дегенге көнбей Төлеген өзі таңдап сүйген Жібекті тауып, олардың табысуының өзі рулық, патриархалдық қоғам тудырған әдет, салт-саналарды бұзу болатын. Алайда халық ішінде бұрын әбден әдетке айналып, заңды құбылыс болып саналған қалың мал, құдалыққа қарағанда бұл тіпті үлкен жаңалық, халықтық жаңа бастама еді. Алайда осындай жаңалығы бар Төлеген мен Жібектің өздері де сол өз дәуірінің салт-санасынан кейде асып кете алмағанын көреміз. Жібекті алып келмекші болып екінші рет аттанғанда Төлеген артынан жылап келген інісі Сансызбайға былай деп жауап қатады:


Олай – бұлай боп кетсем
Асыл туған Жібекті
Өзің, бір алып сүйгейсінI

Ал Жібек Төлегеннің өлгенін есітіп жоқтап отырып:


Тағы да бас қосқаным Жағалбайлы


Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Сол елде сірә жігіт жоқ па тәңірі
Жесірін іздеп келіп неге алмайдыII.

Осы жырды жырлаушылар о баста Төлеген мен Жібек арасындағы жарастықты, тең махаббатты суреттесе де, жырдың екінші бөлегінде, Жібек пен Сансызбай бөлімінде сол патриархалдық-феодалдық дәуірдің әдет-салтын, көзқарасын қоштап отырады.


Сонымен Жібектің Сансызбайға қосылуы, атадан бата алмаған Төлегеннің мерт болып, атадан ақ бата алған Сансызбайдың мұратына жетуінің барлығы қазақ қауымының ескі рулық-феодалдық салт-санасына сай келеді.
Қырық жетіні қырқа матап, қалың мал беруді, жалшылықта күнін кешіріп, біреуге алақанын созып отырған кедей, жалшылар шығарған жоқ. Өйткені оларға бұл әдет өте тиімсіз. Мұны шығарған қоралап қой, үйірлеп жылқы айдаған байлар, халықты қанаушы үстем таптар. «Жоқтық не жегізбейді, байлық не дегізбейді» дегендей қызды малға сатып алатын болған соң үстем тап өкілдері оның балиғатқа жеткен жетпегенімен де есептеспеді. Он үште отау иесі санап, бәлиғатқа жетті деп есептеген. Сондықтан да қазақ қыздары кіммен тұрмыс құратынын, оның қандай адам екенін көбіне білмейтін. Ол ол ма, қазақ қыздарын әйелі өлген немесе қатын үстіне тоқал етіп сақалы сапсиған бай ашлдар, не қолында билігі бар, әмірі жүріп тұрған болыстар еріксіз алатын болған. Қазақ қыздарының басындағы осы трагедия Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романында айқын көрінеді.
Әйелі өлген болыс Нұрымның «Залымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін, надан, пішіні де жаман, аузы толған боғауыз бен былш-былш насыбай, ішпей мас, әрі нас, елу шамасында жасы бар, қой соқтардың басындай басы бар, жай формасының өзі сұп суық, бүйі секілді түксиген, күпсиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, добыра сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануарға» ағайын жұрты жасы 15-ке жаңа жеткен Қамар сұлуды алып бермек болады. Бұл екеуінің бірі күн бірі түн немесе бірі жаз, бірі қыс сияқты жандар. Ағайын-туғандарының ойы Нұрымға қайтсе де әпермек болуындағы мәні Нұрым «аталы» жердің адамы. Бұл қорлыққа көнгісі келмеген көзі ашықтау қыз әкесі Омарға екі ағасы Қалтан мен Оспан: «Қане, сен бермегенде, Нұрымның қай жерінен мін тауып бермеймін дейсің. Малды десең малды, әлді десең әлді, атағы, тегі анау; жеті атадан үзілмей келе жатқан бақ дәулеті мынау. Тегін кісіге бақ қона ма? Сол арасын қарасайшы... Әр қайда Омекең білсін деп, үлкен басын кішірейтіп, алдыңа түсіп, жалпылдап жүреді. Сөзіңді қайтарып, көңлің қалып көрген кісі емес, қайта кекті жерден кегіңді, текті жерден тегіңді әпергеннен басқа, сонша сөгетін Нұрымның не жазығы бар еді...» – дейді. Осы үзіндінің өзінен-ақ рубасыларының Оспанның қара бастың мансабынан туған, тек пайда, олжа ғана іздейтін, ол жолда ешқандай әділдікке жол бермейтін психологиясы айқын сезіліп-ақ тұрған жоқ па?
Ал, С.Көбеевтің «Қалың мал» романындағы Ғайшаның әкесі Итбай Тұрлықұл байға құда болуға құмартып, бай ауылынан қонақтар келгенде әйелге:
«Бұлар, Тұрлықұл байға біздің Ғайша жанды айттыра келген шығар, қазыны бұзбай сал» – деп жалбақтайды. Асын жеп қонақтар жатып қалғанда Итбайдың жүрегі лүпілдеп ұйқысы келмейді.
«Бұлардың ештеме демегені қалай, батыр-ау, етімді текке жеп кететін бола ма? Қазыны бекер тұтас салдырғам екем! – деп дал болып біраз жатады. Байдың адамдары құда түсе келгенде Итбай ішінен «Е, Құдай-ай! менің де тілегімді беріп, байға қолымды жеткізетін күнің бар ма екен» – дейді.
Ғ.Мүсірепов «Ақансері-Ақтоқты» пьесасында Ақтоқтыны төре тұқымына берген әкесі Қоңқайдың монологы арқылы оның барлық ішкі психологиясын ашып салады.
«Қоңқай – солай болдың Қоңқайың. Төре тұқымына құда болдың, Қоңқай атың құранға да түсті.
Тәңірі деген, далаға шығып, желпініп бір алмасам, тіпті үйге сия алар емеспін. Күні кеше екі кісі бас қосса, әркімнің аузына бір қарап, түгіне түсінбей, қайтып келіп қатыннан сұрайтын Қоңқай! Міне, кім болдың бүгін! Кім болдың дейім мен саған! Байқашы? Уә, қайда жүр әлгі Сердәлі? Көкшетау дуанының көзі сүрінетін той жасағалы отырғанымда, жаман неме, қатын-қалаштың арасынан шыға алмаймын деп жүр ме өзі? (қаранып). Түу-түу!... Мына бетті қараңдар. Қаптап келеді қара құрттай! Қап, сорлы «Басен – тиінде» келеді екен, аяқасты болып қалып жүре ме байғұстар... Осының бәрі де Қоңқайдың тойына барамыз деп аттанды-ау, а? Мына думанда қызып кетіп, біреуіне тілім тиіп кетіп жүрмесе жарар еді. Тоба де, Қоңқай, тоба де!... Бәрі де қазіреттің арқасы! Кісі деп жарықтық қазіретті айтсаңшы. Аузында алласы, отырса көңілінде мен сияқты бір жазған тағы тұрады. Шыңғыс тұқымының сауырынан басып-басып байқады да, бір марқасқасын «Мә, Қоңқай!» деп ұстата салды! Ертең Ақтоқтыны ұзатып апарғанда атымды байлап жатқан біреуіне, – «уай, сен, төре тұқымы болғанда қайсысының баласы едің? деп сұрасам содан арғының керегі жоқ маған... «Үлкен құданың өзін тарт – өзін тарт!» – деп шаңыраққа аса жөнелгенде өліп кетсем де мейлі!...».
Кедей байға жетемін, бай құдайға жетемін дегендей патриархалдық-феодалдық қоғамдық құрылыс қазақ халқының психологиясына баю, қайтсе де баю керек деген мақсатты қоятын сияқты. Қазақтың қай ертегілерін алсаңыз да тазша бала ма, әлде мүсәпір шал ма өзінің ақылдылығы, тапқырлығының арқасында ақыры бай болып, мұратына жетіп отыратыны бар. Әрине, оның себебі де айқын. Барлық үстемдік, барлық еркіндік бай қолында-үстем таптардың қолында тұрғанда қоғамдық дамудың осы бір кезеңінде тұрған қарапайым халық байысақ қана біз теңдік аламыз, қатарға қосыламыз деп ұққан. Бай болса ғана есіктегі басың төрге шығады деп білген, шынында да солай болған. Сондықтан да баю әр кімнің-ақ құштары болды. «Қамар сұлудағы» қыздың туысқандары: Қалтан, Оспан, «Қалың малдағы» Итбай, «Ақансері-Ақтоқтыдағы» Қоңқай сияқты шаруалардың психологиясы, міне, осылай қалыптасқан жандар. Заманы теңдік бермейтін болған соң байларға, қолында билігі бар зорларға жақын жүруге тырысып, сөйтіп қатарға қосылам ба деген психология. Сондықтан да олар өз балаларының көз жасын ағызып отырып, қалың малға сатып жібереді. Және мұның өзі жаппай әдетке, дәстүрге еніп кеткен соң олар көп тартынбайды да.
Қызды малға сатып алғаннан кейін ол ерден кетсе де елден кетпейді. Ағасы өлсе әменгері дайын тұр. Қыз енді сол мал төлеген рудың мүлкі есепті. Қызды малға сатып алатын болғандықтан кедейлер бір қызға қалыңмал таба алмай жүргенде малы көп байлар қанша әйел аламын десе де ерікті болды. Әйелдің адамдық, теңдік правосы болмауының өзі осыған байланысты жатты. Сондықтан да оны ұрып соғуға да қорлауға да еркектердің ақысы болды. Міне, бұл патриархалдық-рулық қоғамнан келе жатқан әдет үстем тап өкілдерінің жамбасына жайлы тиеді. Сондықтан да олар бұл әдетті халықтың ата дәстүрі деп мүмкіндігінше мол жаюға тырысып бағады.
«Семьядағы әйел мен еркектің праволық теңсіздігінің туып, оның сақталып келгенінің себебін қоғамның таптық құрылысы мен таптық қайшылығынан бөліп қарауға болмайды»I. Ф.Энгельстің «...Первая появляющаяся в историй противоположность классов совпадает с развитием антагонизма между мужем и женой при единобрачии, и первое классовое угнетение совпадает с порабощением женского пола мужским»II деп жазуы, әрине, тегін емес.
Бұдан біз патриархалдық-феодалдық дәуірде халық санасының әлі оянып болмаған кезеңінде үстем тап өкілдері тудырған салт-саналардың халық ішінде де етек алғанын көреміз. Әйелдің бас бостандығы, махаббат еркіндігі мәселесі, еже қабыл, бел құда, бесік құда, қалыңмал, әмеңгерлік сияқты салт-санаға бұқара халықтың қарсылығы әсіресе XIX ғасырдың екінші жартысында күшейе берді. «Тұрыпты хан қолында бір сұлу қыз» деген өлеңінде Абай:

Етімді шал сипаған кұрт жесін деп


Жар тастан қыз құлапты терең суға,
дегенде ақын сол зорлықшыл әдетті сынап, ендігі жастарды оған көнбеуге баурап отырды.
С.Көбеевтің «Қалыңмал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесті, Ә.Тәжібаевтың «Майра» пьесасы т.б. көркем шығармалардың негізгі өзегі әйелдің бас бостандығы мәселесі. Әйелдің бас бостандығы мәселесі XX ғасырдың бас кезінде кең қойылып, өмірдегі үлкен қақтығыс, тартыстардың тууына себепші болды. Мұның бәрін біз неге айтып отырмыз? Бұдан шығатын қорытынды не? Таптық қоғамдағы әлеуметтік типтердің үстем тап өкілдері Құнанбай, Игілік, Итбай тағы басқа көптеген сол сияқты үстем тап өкілдерінің өз мүдделері үшін тудырып және оның қаймағын бұзбай сақтап келген, психологиясына сіңген осы сияқты әдет-ғұрыптары, салт-саналары үстем тап тұрғысынан алғанда дұрыс, солай болуы керек. «Үстем тап өзінің үстемдігін ашық та, жабық та жүргізеді. Ол өзінің ұнамсыз іс-әрекеттерінің бәрін де өзі құрған, өзі жасаған заң-законге, жол-жобаға, әдет-ғұрыптарға негіздейді. Бүкіл қоғам тіршілігі осы жүйе, осы тәртіпке бағынады. Кімде-кім оған бағынбай, ауа жайылса, қатаң күш қолданылады. Әмірші таптың әділетсіз қоғам негізін сақтау жолындағы ашық-жабық әрекетінің бәрі де осы тәртіп - жол-жоба, заң-закондармен ақталады. Құнанбайдың өктемдігі мен қаталдығы, бала-шаға, үн ішіне, дос-жаранға деген қарым-қатынасы өзінше дұрыс. Заманның үстем салты тұрғысынан дұрыс»3. Рас, үстем тап тудырған әдет-ғұрыптар таптық қоғамда негізгі заң болып саналып, еңбекші халық оның өзіне тиімсіз екенін біле-сезе тұрса да амалсыздан көнетіні бар. Халықтың санасының төмен дәрежеде тұрған кезінде көптеген езілуші тап адамдарының психологиясына үстем тап тудырған әдет-ғұрыптар өзінің ізін салмай кете алмайтыны да заңды құбылыс екенін біз жоғарыда айттық (жоғарыдағы Итбай, Оспан, Қоңқай сияқтылар). Сөз жоқ, бұл қазақ халқының буржуазиялық ұлттық сипатын танытады. Бұл марксистік тұрғыдан қарағанда нағыз халықтық озық әдет-ғұрыптар, дәстүрлер бола алмайды. Өйткені еңбекші халықтың мүддесіне бұл қайшы, қырын келіп жатады. Сонымен бірге, бұл жалпы халықтың ілгері даму процесіне көлденең тұрған тосқауыл, зиянды құбылыс. Қазақстанда капитализм элементтері ене бастағанда, халықтардың өзара байланысы туа бастаған кезде, жаппай болмаса да жекелеген адамдардың көкірек көзі ояна бастаған кезде, патриархалдық-рулық қоғамның ескі дәстүрлеріне қарсы күрес те өрши түсті. Міне, бұл болашақта үлкен өртке айналғалы тұрған алғашқы ұшқындар болатын.





Халықтың немесе ұлттың рухани сипаты (облик) патриархалдық-рулық қоғам тудырған кертартпа, зиянды әдет-ғұрып, салт-саналар арқылы көрінбек емес. Ол халықтың отанға, еңбекке деген сүйіспендік, басқа халықтарды сыйлау, олардың жақсысын қадір тұту, қоғамды ілгері дамытатын озық бастамаларды қолдау, сол үшін күресу тағы басқа осы сияқты көптеген озық, асыл қасиеттері арқылы ғана көрінбек. Міне, осы қасиеттер әр халықта өзінің өмір-тіршілігінің өзгешелігіне орай әртүрлі формада болса да барлық халықтарға тән. Бұл қасиеттерді ең алдымен тудырып, сақтап келе жатқан еңбекші халық. Ұлттық характердің озық түрлерін тудырған, оны әр уақытта сақтап келген бұқара халық еңбекші халық. Ұлттың ішінде ең озық, асыл қасиеттерді сақтау үшін табанды күрес жүргізуші де халық. «... Ұлттың ілгері дамуына оның рухани, заттық күшінің гүлденуіне мүмкіндік жасайтын белгілері ғана нағыз ұлттық характердің белгісі болып саналады»I деген Г.Ломидзенің пікіріне толық қосыламыз.
Біз енді осы бұқара халық өкілдерінің типті бейнесінің жасалуына және оларды нағыз ұлттық характерді тудырып, дамыту мәселесіне арнайы тоқталамыз.
Қазақ халқының Октябрь социалистік революциясына дейінгі өміріне арналған көркем шығармалардағы әлеуметтік типтердің екінші бір тобы – кедей шаруалар образы болды. Негізінен алғанда, олар «Абай жолы» эпопеясындағы Базаралы, Дәркембай, Иса, «Оянған өлке» романындағы Байжан, Бұланбай, «Ботакөз» романындағы Асқар, Ботакөз, Амантай, Бүркітбай, Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьесасындағы Аманкелді, қазақ ауылын советтендіру мәселесіне арналған Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы Таймас, Қазанқап т.б.
Еңбекші бұқара халықтың өкілдері, жалшы, кедей шаруалар образының типтігі олардың таптық санасының ояна бастау шындығына байланысты жатады. Өйткені таптық қоғамда бұлар ғасырлар бойы қанауда келді, тұщы етіне ащы таяқ тиді, қорлық сөз етінен өтіп сүйегіне жетті, аш-жалаңаш, сор еңбектің тауқіметін тартып келді.
Патриархалдық-феодалдық дәуірдің жабайы да мешеу даму қарқынын еңбекші бұқараға көрсоқырлық, надандық ноқтасын мықтап кигізді. Оның бер жағында мұсылман дінінің кертартпа заңдары, қауымдық-рулық қоғамнан жабысып қалмай келе жатқан ескі дәстүрлері қазақ халқын етектен басып, бұқара халықтың санасына таптық сананың сәулесін түсірмеді.
Қазақстанға капиталистік элементтің бірте-бірте ене бастауы, сауда-саттықтың күшейе түсуі қазақ халқының экономикасына үнемі өзгеріс тудырып отырды. Яғни қазақ халқының экономикасы дами түсті. Бірақ бұқара халық бұл кезде екі бірдей қанауға душар болды. Патшалық Россия әкімдері, бір жағынан, өздерінің байлары, екінші жағынан, бұқара халықтың еңбегін қанай берді. Ауыр бейнет, сор еңбек сол еңбекші халықтың үстем тапқа деген зығырданын қайната түсті. Қоғамдық дамудың төменгі сатысында қалың көпшілік әлі таптық санасына ең болмаса нненің жасауындай да сәуле түспеген «адамның басы – Алланың добы», «құдай салды біз көндік» деп қиналса да қынжылмай жүре берсе, енді кейбірінің санасына аз да болса ептеп таптық сананың сәулесі түсе бастады. Бұл әсіресе патриархалдық-феодалдық қоғам ыдырап, капитализм элементінің ене бастаған дәуірінде айқынырақ көрінеді. Базаралы мен Дәркембайдың, кейіннен Исаның образдары осы әлеуметтік жағдайға типті жасалғандығын көреміз. Құнанбайдың өктем зорлығы мен қиянаты, бұларды ашындыра түседі. Осындай бір үлкен тартыс, айқас үстінде Дәркембай мен Базаралының Құнанбайға қыр көрсетуінің өзі таптық жік сызатының көрінуі болатын. Патриархалдық, рулық дәстүрлер әлі етек алып отырған кезде, оның үстіне, қараңғылықтың салдарынан халықтың таптық санасы әлі жеткілікті ояна қоймаған кезеңінде, саналы түрде, алға белгілі бір мақсат қойып, қарулы күреске шығуға әлі мүмкін емес еді. Сондықтан да бұл кездегі таптық тартыс жеке адамдардың бунтарлық күресі, барымтамен малын қуып кету болатын. Әзімбайдың озбыр ісіне күйінген Иса қожасының жарлығын тыңдамай: «Ей, мырза, сен айтты екен деп кісі өлтірем бе? Бұ да өзімдей сіңірі шыққан кедей ... ұрмаймын, өлтірмеймін, өлтірсең қанқұмар өзің өлтір» – дейді. Бай үшін өзі сияқты соры қайнаған сорлыға қол көтеріп, таяқ жұмсағысы келмегенінің өзі-ақ, иненің жасауындай болса да таптық сананың ояна бастағанының куәсі. «Бұ да өзімдей сіңірі шыққан кедей» деген сөзі әзірге бір Исаның бойына жетіп жатыр. Исаның таптық санасы әлі лапылдап жана қойған жоқ. Әзімбайға ол «бұ да өзімдей сіңірі шыққан кедей», «өлтіріп, көрші, көрейін» деп күш айта алмайды, «өзің өлтір» дейді, бірақ бай үшін өзінің ондай қиянат-сұмдыққа бармайтыны ақиқат.
«Оянған елке» романында Игілік пен Жұман сияқты байлардың малы үшін екі кедей жігіті Бұланбай мен Сүгірәлі бірін-бірі қамшымен осқыласқанда бірінің ерлігіне бірі ырза болып екі кедей жігіт өзара түсініседі. Бұланбайға Сүгірәлі:» ...Қасым болғанша, досым болсаң еттің, жатым болғанша, жақыным болсаң еттің! Бір сен болмасаң, осы елде қолыңның айызын қандырып ұратын да бір ит жоқ екен ғой!» – дейді.
Сөзге олақтау Бұланбай, тақпақтаңқырап кеткен Сүгірәліге өзіндей жауап қайыра алмай, сасыңқырап қалып:
– Ініге сен жарымасаң, ағаға мен қашан жарып едім? Күн бойы қамшылағаныңды ағаның шапалағы дермін, бұдан былай інім деп жүр! – деді.
Ақкөңіл Сүгірәлі жарылып, құлаған жардай біржола құлап түсті де:
– Бауырым, Бұланбай сөз осы болсын. Мә, қамшым, қамшыңды әкел! Мықты болса Игілік пен Жұман өзді-өзі қырылыса берсін. Екеуміздің бір-бір атымызға жетпей жатқан жер жоқ, - деді.
Міне, Бұланбай мен Сүгірәлінің санасына да ептеп таптық сананың сәулесі жылт ете қалады.
Ауыр тұрмыс, көрген қорлық пен қиянат кедейлердің таптық санасын оятпай, таптық жігін ажыратпай тұра алмақ емес! Бірақ оның да белгілі бір кезеңі бар. «Абай жолы» эпопеясындағы күйінген кедей Әбдінің:
«Әттең көз ашылар күнім жоқ, білек қарын бір жазып, сан жылғы қорлыққа ер ашуымен бір басар ем... Қайран Базаралы-ай, күнің өтті-ау ... Сен болсаң, тым құрса адал жолыма арам қанды қатар төгісіп қалар ем-ау» дейтіні бар.
«Бұл қарсылық сес көрсетудің дәрежесінде ол әлі батыл да өктем күреске айналмаған. Бірақ көпшілік ыза кегі лап етіп тұтануға жақын тұр. Олар тек жетекші ой мен бастаушы тілекке ділгар»I.
Дәркембайдың Құнанбайға мылтық кезенсе де ата алмауы, Базаралы Құнанбай тұқымының малын қуып, стихиялық түрде күрес ашуы, жоғарыдағы Әбді айтқандай үлкен шайқастың әлі күні тумағандығынан. Таптық сана бірлі-жарымды Дәркембай, Базаралілер сияқтыларда ғана ояна бастаған, ал «Ботакөз» романындағы Бүркітбай мен «Дауылдан кейінгідегі» Қазанқап сияқты көпшілікте әлі құқ етпеген дәуірге тән шындық. Революциялық күреске бастайтын бірден-бір күш жұмысшы табы болса ол қазақ даласында Қарағанды сияқты бірлі-жарымды өндіріс орындарында жаңа ғана туа бастаған. Олардың әлі топ бастап, саналы түрде күреске үндейтін уақыты жеткен жоқ. Дәркембай, Базаралы әрекеттері қоғамның белгілі бір дәуіріндегі жағдайына байланысты. Міне, патриархалдық-феодалдық қоғамның ыдырай бастаған кезіндегі тарихи жағдай Назарәлінің, Дәркембайдың, Бұланбай мен Сүгірәлінің, таптық санасы ояна бастаған типті образын тудырды.
Бертін келе, XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласындағы әлеуметтік өмір Дәркембай заманынан көрі басқашарақ сайды. Қазақтың үстем тап өкілдерінің қанаушылық әрекеті мен патшалық Россияның отаршылдық әрекеті халықты ерекше бір ауыр жағдайға түсірді. Сонымен бірге Россиядағы жұмысшы табының қозғалысы Қазақстанға да әсерін тигізбей қоя алмады. «Оянған өлкедегі» Оралдан келген орыс жұмысшылары Қазақстан даласына қазақ жұмысшыларының таптық санасының тез оянып, тез жетілуіне жәрдем еткенін көреміз. «Ботакөздегі» Асқар сияқты оқыған қазақ интеллигенттерінің орыс революционерлерімен байланысы күшейе түсті. Оның үстіне орыс патшасының қазақтардан солдатқа адам алу әрекеті жалғасты да, іштей бұқара халық стихиялық түрде болса да 1916 жылы көтеріліс жасады. Бұл көтерілістің шығуының тарихы себептері Асқардың, Ботакөздің, Аманкелдінің, Амантайдың типтік бейнелерін туғызды.
Амантай, Аманкелді XIX ғасырдағы өмір сүрген Дәркембай, Базаралы бейнелерінің жаңа дәуіріндегі жалғасы іспетті адамдар. Алайда бұлардың типтік характерлерінің әртүрлілігі түрлі типтік жағдайларына байланысты. Дәркембай Құнанбайға мылтық кезенсе де ата алмап еді. Амантай Итбайға қару жұмсай алды, Итбайдың өлімі тек бір болыстың ғана өлімі емес, ол сол кезде Итбай өкілі болып отырған үстем таптың құри бастауының, сол қоғамдық құрылыстың керегесі қайысып, уықтары майысып, шаңырағының ортасына түсе бастауының айғағы. Аманкелдінің, Амантайдың қару жұмсауы, еңбекші бұқараның қарулы көтеріліске шыққан шындығының көрінісі.
1916 жылғы халық азаттық күрестің басшысы болған Аманкелді, Амантай енді осы революция кезінде саналы революционерлер дәрежесіне жетті. Олардың революционер ретінде типтік образының тууына осы типтік жағдайлар себеп болды.
Міне, Дәркенбай мен Базаралыны, Аманкелді мен Амантайды бір-бірінен даралап тұрған заманы, бұлар өз заманының, қоғамдық өмір дамуының жемістері.
Базаралы, Дәркембай XIX ғасырдағы кедей шаруалардың ең алдыңғы, озық тобы ретінде көрінеді, өз дәуірінде Қоғам артқан жүгін көтеріп келіп кейінгі Аманкелдіге, Амантайға мұра етіп кетті. Сөз жоқ өткен ғасырда Базаралы, Дәркембай болмаса, XX ғасырдың басындағы Аманкелді, Амантай да болмас еді. Міне бұл типтік образдар бірінін-бірі жалғасы есепті дейтініміз де осыдан.
Базаралы, Дәркембай сол әлеуметтік типтің көзі ашық, ең озық өкілдері дедік. Бірақ осы әлеуметтік типтің ішінде басқа да типтік характерлер барды. Ол Құнанбай ауылындағы малшы, жалшылар. Ол «Ботакөз» романындағы Бүркітбайлар, «Дауылдан кейінгі» романындағы Қазанқаптар, Б.Майлиннің Мырқымбайлары.
Бұлардың таптық саналары бірінде кеш оянып тез жетілсе, енді бірінде әлі де селт етер белгі сезілмейді. Таптық санасы кеш оянып тез жетілген – Бүркітбай образы.
«Сырт қараған адамға ол (Бүркітбай – М.Д.) Итбайдың жегер аты, киер киімі сықылды, өз қарабасына тәуелді бір мүлкі, Итбайдың құлағын бұрап қойған – әргені, оның өз басына өзіндік түк те жоқ, бар тілегі Итбайға ауған, «мені» жоғалған, Итбайдың көлеңкесіне айналған.
Ішін ақтарғанда Бүркітбай олай емес. Итбайдың үйіне алғаш келген кезде ол ен жұмақтың ішіне кірдім деп ойлаған еді. Бара-бара ол ойы өзгерді. Еті үйреніп алғаннан кейін, оны жалғыз Итбай емес, Байсақалдың бар ұрпағы жұмсады.
Бұлардың ешқайсысына Бүркітбай бармаймын демейді.
Бірақ бара жатып, я істеп жатып арланады «Ләген төге ғойлар» өкпесін инедей піссе де ол үндемейді. Сыр бермейді. Ішінде намыс қазандай қайнап жатқанда сырты күліп, еш нәрсені елемеген боп, жүре береді». Сол іштегі қазандай қайнап жатқан намыс бірте-бірте ұлғая, таптық санаға әкеліп саяды.
Әсіресе, Итбай оны 1916 жылғы патша жарлығы бойынша қара жұмысқа айдамақшы болғанын білгенде байдың өлімге айдап, басына өлім ноқтасын кигізгелі отырғанына көзі әбден жеткен соң Итбайдан ат құйрығын біржола кеседі. Міне, осы кездегі әлеуметтік жағдай Бүркітбайды ашындырып, оның тез өзгеріп, халық бостандығы көтерілісін қолдауына алып келеді.
Қазақ совет әдебиетінде қазақ революционерлерінің қалыптасу жолы әртүрлі көрінеді. Кедей шаруалар Аманкелді, Амантай стихиялық күрестен бастап, революция жолына бірте-бірте ойысса, «Ботакөз» романындағы Асқар, Ботакөз революцияға саналы түрде араласады. Жазушы бұлардың типтік образын типтік жағдаймен байланыстыра жасайды.
Орыс қоныс аударушыларының, казачестволардың келуіне байланысты Қазақстанның біраз қалаларында орыс мектептері ашылды. Сонымен бірге патша өкіметі қазақтардың ішінен өзінің болашақ кадрларын дайындау мақсатымен бай балаларын орыс мектептеріне оқытуға мүмкіндік берді. Сөйтіп Қазақстанда орыс-қазақ мектептері ашыла бастады. Осы мектептің тәрбиесін көрген қазақ кедейлерінің балалары орысша хат танып, мұғалім, дәрігерлік қызметтер атқара бастайды. Асқар соның бірі.
Қазақстан Россия қол астында болғандықтан да оның әсіресе XX ғасырдың бас кезіндегі экономикалық, саяси өмірі Россиямен байланысты жатты. Бұл кезде Россияда 1906-1907 жылғы буржуазиялық-демократиялық революция болып өтті. Бұл революцияның әсері Қазақстанға да тимей қалмады. Қазақстандағы жаңа ашылған өндіріс орындарында жұмысшы қазақтар орыс жұмысшыларымен қосылып, революциялық күреске шықты. Міне, осы 1905 жылғы буржуазиялық революцияның тек орыс жұмысшыларына ғана емес, қазақ жұмысшылары мен шаруаларына үлкен бір саяси мектеп болды. Қазақ халқы тек қана орыс патшасына ғана емес, сонымен бірге өз төрінде отырған қазақтың байлары мен болыстарына, билері мен молдаларына, яғни өз үстем табына да қарсы тұруы керектігін айқын түсіне бастады.
Сонымен Қазақстанның әр жерлерінде социал-демократиялық ұйымдар ашыла бастады, ол ұйымға орыс жұмысшыларымен қатар қазақ жұмысшылары, езілуші таптың мақсатын көздейтін, жекелеген қазақ интеллигенттері, мұғалім, дәрігерлері де араласты, сөйтіп, қазақ арасынан да революционерлер шыға бастады. Тарихта сондай революционерлерден Әліби Жанкелдин, А.Майкөтов, Сәкен Сейфуллин, Т.Бокин, т.б. болды. Бұлар, әсіресе, орыс революционерлерімен тығыз байланысып тұрды, Ленинградтағы, Москвадағы большевиктік партия басшыларынан нұсқау, бағыт алып отырды,
Россияның ішіндегі кеулеп дамып келе жатқан революциялық күшті тудырып отырған белгілі жағдай Россияда капитализмнің ең жоғарғы сатысы – империализмге ойысуы, халықтың таптық санасының оянып, ыза кегі жетер жеріне жетіп, енді болат қанжар қын түбінде жатпай, тесіп шыққалы тұрған жағдай. Міне, мұның бір шеті қазақ даласына да игі әсерін тигізді. Қазақстанда қазақ революционерлерінің тууына міне осы жағдайлар себеп болды. «Ботакөз» романындағы революционер Асқардың типтік образын тудырған міне осы типтік жағдай.
Революция дәуірінде қазақ интеллигенциясының біразы қазақты өз алдына дербес ел етеміз деп таптық мүддені бүркеп тастады да, ұлттық ұранды көтерген болып, буржуазияшыл-ұлтшылдық бақытқа ойысты. Енді біразы бұған қарсы болды, пролетарлық революция арқылы қазақ еңбекшілеріне бостандық алып беру жолына, яғни революцияшыл жолға берік бекінді. Асқар Досанов осы соңғы топқа қосылды.
Әрине, революционер Асқардың образы бірден дайын күйде суреттелмейді. Жазушы оның бейнесін бірте-бірте өсіріп, дамытып отырады. Асқардың өзі алғашқыда ішкі қайшылығымен көрінеді. Әділет жолын іздеген ол алғашқыда алданып, буржуазияшыл-ұлтшылдардан үлкен үміт күтіп жүреді. Оны революциялық жолға қайрап салған ең алдымен таптық қайшылық болса, екінші бір үлкен себеп орыс революционерлерінің әсер, ықпалы еді. Ал, Россиядағы большевиктер партиясы қарулы күресті дайындап жатқанда, Россияның қол астындағы халықтарға да өз уәкілдерін жіберіп, жер-жерде революциялық ұйымдар құрып жатқан кезі. Асқар осы кезеңде өмір сүрді де, революция мақсатын әбден түсінген кезде ол осы жолға өзінің бар жігерін аямай салды, толықсу-толғану дегенді білмеді, саналы түрде күресті. Міне, Асқар образының өзіне тән типтік ерекшелігі осы жағында жатыр.
Қазақ совет әдебиетінде бұрын-соңды жасалмаған тың образ – Ботакөз образы. Бір кездерде Ботакөз образы шындыққа көп жанаса бермейді, ол қазақ әйелдерінің басына тән құбылыстан өзгеше, тым боямалы деген алыпқашты пікірлер туып жүрді. Алайда ондай тұжырымға келген кісілер қазақ әйелдерінің басындағы ауыр хал оларды езіп, жаншып әбден ынжық еткен, от басы, ошақ қасындық қана қауқары бар халін еске алса керек. Бұл мәселені қоғамның даму процесінен бөліп алып қарауға болмайды. Патриархалдық-феодалдық қоғам әйел басына теңсіздіктің ноқтасын аямай-ақ кигізген. Қызға қырық үйден тиым салды, әйел баланың қандай болуы керектігі туралы белгілі бір норма қалыптасты. Келін боп түскеннен кейін оның халі тіпті ауырлай түсті. Жас келінге ауылдың үлкен-кішісінің барлығы сыншы, мінші болды. Олардың да қандай болуы керектігі туралы белгілі бір норма қалыптасты. Жазатайым сол нормадан тая кетсе болды, күйеуінің таяғы, абысынының улы тілі басқалардың қарғысы жас келіннің түте-түтесін шығарып сол қалыптасқан норманың ауқымына түсіретін. Қазақ әйелі қаншама өтті, уытты болса да, негізінен алғанда, халық әдет ғұрпынан асып кете алмаушы еді. Сондықтан да М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың шешесі Ұлжаннан бастап, Үмітей, Тоғжан, Салтанат өздері сол заманына іштей күйінсе де онысын сыртқа көп шығара да бермеді, өйткені айналасының барлығы да сондай күйде болатын. Ақылды да жігерлі Салтанаттың өзі: «Мен, ықтиярлы, ықтиярсыз бір қапаста, қапада жүрген жанмын. Атым Салтанат, жүрісім еркін, көп жанға ұғымсыз. Шалқып жүрген еркенің еркесі тәріздімін. Ықтиярлы қапас дейтінім сол...
... Ал келер күнді ойласам біржолата түңілем, тіпті тірлік, тілек дегеннен де көп түңілетін шақтарым болады. Құдай-ау осы мені, бір қорлық ездік ноқтасына басымды ілдіргенше өкінбейін, зарламайын алсаңшы!» деп көп жылайтын да түндерім болады» – деп тек күңіренумен күнін кешіре берген.
Өйткені, патриархалдық-феодалдық қоғамның тұрмыстағы заңдары әлі күшті кезде Салтанат одан әріге бара алмайтын. Бұл бейнелердің типтілігі сол типті жағдайда, ортаға (среда) байланысты жатты.
Ал XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғам ыдырай бастаған кезде, халықтың таптық санасы күшейе түсті. Бұл сана қазақтың еркектерімен қатар, аз да болса әйелдеріне де әсер етпей қалған жоқ. Бұл ретте ең алдымен қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесі ерекше көтеріле бастады.
Қазақстанның қалаларында ашылған орыс мектептеріне өндіріс орындарында істейтін қазақ жұмысшыларының балалары да бара бастағанын біз жоғарыда айттық.
Міне, Ботакөз осындай ортада, осындай кезеңде өмір сүрді. Ағаларының үстем тап өкілдерінің қолынан қаза тауып, ауыр бейнет шеккенін көрген және үстем тап өкілдерінің айуандық, озбырлық іс-әрекеттерінің (Итбайдың алып қашуы т. б.) өзі куәсі болған, оның үстіне Асқар сияқты саналы, революцияшыл жасты сүйген Ботакөздің осы революцияшыл жолға түсуге мүмкіндігі әбден болды. Ботакөзді мұндай дәрежеге жеткізген қазақ әйелдерінің басындағы ауыр тұрмыс пен тап тартысының шиеленісіп, іштей толғағының жетіп, революцияға әкеліп соқтыруы еді.
Ботакөз образының тарихи шындық негізі бар екені туралы Е.Ысмайылов былай деп жазады: «Революцияға дейінгі орысша оқыған қазақ қыздары әр болыста болған. «Айқап» журналының бетінде өлең, мақала жазатын қазақ қыздары, 1914 жылы Семей қаласында Географиялық Қоғамның мәжілісінде Абай туралы орысша баяндама жасайтын Нәзипа Құлжанова бәрі де білімді, оқыған әйелдер. Демек, Ботакөз образы қиялдан туған емес, болған, болуға мүмкін өмір шындығынан түйінделіп жасалған»I Біз бұл пікірге толығымен қосыламыз.
Революцияға дейінгі қазақ әйелінің өмірі, халі ылғи трагедияға толы еді, халықтың тұрмыс-салт жырларынан бастап, XX ғасырдағы ақын-жазушыларымыздың шығармасында қалың малға сатылып, сүйгеніне бара алмаған, өз қара басына теңдік, махаббат еркіндігін көксеу жолында зор қайғыға, ауыр азапқа ұшырап, құрбан болған қазақ қыздарының образы көрсетілуші еді. Әрине, бұл қазақ жағдайының жалпы шындығы екені даусыз. Алайда, қазақ әйелдерінің образын бұлай көрсеткенде дәл революция алдындағы жағдаймен байланысты бір шындықтың беті бүркеулі қалып қоюшы еді. Бұл қазақ әйелінің саналылығы, қоғамның саналы ақыл иесі екендігі, ол тек махаббат үшін ғана күресіп қоймай, жалпы адамдар бақыты үшін де күресе алатын қауым екендігі әдебиетімізде көмескі еді.
Ертедегі Қарашаш даналығы, Айманның бас бостандығы жолындағы тапқырлығы болмаса, әйелдердің қоғамдық күресі туралы бізде жөнді ешнәрсе жазылмады. Міне, осы олқылық тұрғысынан қарағанда Ботакөз – бүтіндей тың образII.
Ұлы Октябрь социалистік революциясы еңбекші бұқараға бостандық алып берді. Сәкен Сейфуллиннің «Жолдастар» атты өлеңіндегі лирикалық герой революция жылдары:

Біз көргембіз қорлықты жылағанды,


Көздің жасын көл қылып булағанды, жолдастар!
Балғын білек алармыз біз
Неше мың жыл құдайдан сұрағанды, жолдастар!
Заман туды ту ұстап алға басар,
Жаңа тұрмыс, бақытты қолмен жасар, жолдастар! –
деп ұран тастап жатса, Б.Майлиннің «Бер, Мырқымбай, қолыңды» деген өлеңінде байдан әлі таптық жігін ажыратып ала алмаған кедей-жалшылардың ішкі дүниесіндегі қайшылық көрінеді. Бостандық күні туып, басқа жұрт теңдік алып жатқанда Мырқымбай әлі сол, есіл-дерті байдың малы, ойлайтыны байдың жайы болып жүреді. Өзі сол баяғы ерте тұрып, кеш жатып, бай үйінің отымен кіріп, күлімен шығып жүргені. Таптық санасы селт етер емес. Ендігі жерде оның бұл жүрісі дұрыс еместігін сездірген кісіге ол:

Бай деп... тума жақын ғой,


Тамағын беріп қарасады.
Ойнап күліп бір жүрген –
Бүтіндік-ақ жарасат, –
деп жауап қатады. Мырқымбайдың аузынан шыққан осы шумақтың өзінен қазақ байларының кедейлерді қанаудағы тәсіл-айлаларының сыры байқалады. Ол сыр қазақтың рулық-қауымдық дәуірінен келе жатқан рулық дәстүріне байланысты. Қазақ байлары өз руының кедейлерін жанына қоңсы қондырын, сауын беріп, қарасқан болып, бар жұмысын істететін. Кедей байғұс өзінің істеген зор бейнетімен сор бейнетке не тиюі керектігін білмеді де, бай үйінің ескісіне мәз болып жүре берді. Оны бай қарасты деп түсінеді. Және де өз руымның адамы деп біледі. Істесем жаттың емес, өз туысымның жұмысы деп түсінеді. Мырқымбай сияқты жалшылардың таптық санасының көпке дейін оянбауына осы рулық керітартпа жағдайлардың әсері зор болды. Сондықтан да Мырқымбай «Бай дейтін ол бөтен емес, өз тумам ғой, жақыным ғой» деп түсінді.
Мырқымбайдың таптық санасы кеш болса да оянады. Тумам деген байы қиын-қыстау күн туғанда бір үзім нан бермей қаңғыртып жібереді. Тап тартысының шиеленіскен кезінде, байдың аямайтынын түсінген Мырқымбайдың таптық санасына ептеп күн сәулесі түсе бастайды. Сол Мырқымбай енді заманы туған соң бірте-бірте әлеуметтік іске араласып:

Қорғамаймын жақын деп,


Боқбасарға мың сом сал.
Не қылмады ол бұрын,
Байды аяман малы бар! –
дейтін халге жетеді.
Міне, «қой аузынан шөп алмайтын» Мырқымбай осы заман шындығы тудырған типтік образ екенін көреміз.
Мырқымбай типіндегі Қазанқап образы дедік. Жазушы Ғ.Мұстафин осы Қазанқап арқылы жоғарыда айтылғандай әбден еті өлген, таптық санасы селт етпей қалған кедей-жалшылардың типін кең, толық түрде, әбден қырлап, шыңдап берген. Қазанқап өз заманының әзірше ең артта қалған адамы. Қазақстанда советтендіру ісі жүзеге аса бастағанда еңбекші халықтың бір тобы Асқар, Аман болса, енді бір тобы санасы жаңа ояна бастаған Бүркітбай, Таймас болды. Ендігі бір көпей қалған топ осы Мырқымбай, Қазанқан болатын. Қазанқап Мырқымбайдың санасы оянбаған кезіндегі типіне жақын. Бұл да байға жан-тәнімен берілген жан.
Шөп шауып жатқанда Әлжан кедей байдың зорлығына шыдамай, Шәкен мырзаның атының аяғын шауып жібереді. «Қан сорғалап қоя береді. Сол-ақ екен, бағанадан шыдап отырған машинашы малай Қазанқап секіріп түсті машинадан.
– Сен енді мырзаға соқтықтың ба? – деп жүгіріп келген бетінде қойып жіберіп, мұрттай ұшырды Әлжанды».
Отағасы! – деді Аман. Сонда ғана ол (Қазанқап) – Әу, – деп ебдейсіз денесімен бұрыла қарады, – Малға жаныңыз ашығанда, өзіңізбен біркезде бірге істеген батырақ Әлжанға жаныңыз ашымады ма? Қолыңыз көтеріліп, қалай ұрып жықтыңыз?
– Е, несі сөкет оның? – деп, күж ете қалды Қазанқап. Дауысы да денесіне лайық екен. Олақ, ожар сөйлейтін омырау көрінеді, – Батырақ болса, қайтейін? Мырзаның малына соқтықпасын – ол әлі төлейді бұл атты».
Міне, осы типтің бар сырын жазушы терең, жан-жақты ашады. Мына бір шумақты оқиықшы: «Малайлардың дүниесі мен малына Қазанқап байдан бетер сараң қимылдап немесе тоңып жүргендерге ақырып зекіп тастайды. Қайсыбірін нұқып та жібереді. Мырза онысы теріс екенін біле тұра теріс қарап жымияды. Ішінен Қазанқапты айуанға теңгерсе, сыртынан «Қазекелеп» дардай қылады. Соған семірген аю тұлға Қазанқап бай жұмысын кейде жиырма төрт сағат тізе бүкней, көз шырымын алмай істегенде де қыңқ еткен емес» дейді. Байдың дүниесімен малына Қазанқап байдан бетер сараң.
Сонда жылқыдан биыл қанша соясыз, Қазеке?
Қыра бергенмен жұрт тоймайды, төртеу-бесеу жетеді.
Оныңыз тым аз. Биыл сайлау жылы, қонақ көп болар.
Жетеу болсын.
Жоқ, он болсын.
Жүз болса да қазақ жеп қояды, – деп Қазанқап тыжырына теріс қарады.
Қазанқап малай, жалшылардың ең қор, артта қалған типі. Қазанқаптың әлі таптық санасы оянбауының себебін де жазушы дұрыс таба білген. Шәкен мырза оны сырттан далитып «Қазеке» деп, «Қазекең біледі» деп күмпитіп қойып, надан Қазанқап осының өзіне мәз болып жүреді.
«Малай ұстайтын таптар, – деп жазады В.И.Ленин өзінің «Малайлар бөлмесінде» деген мақаласында, – неғұрлым естірек және білімдірек болса, олар өз саясатын соғұрлым жүйелірек және ойланыңқырап жүргізеді; малайларды еңбекшілер арасында шпиондық ету үшін, еңбекшілердің белгілі бір бөлегіне кеңшіліктер жасау арқылы оларды ажырату үшін, өз жағдайын нығайтып, «қызмет көрсетушіні» қайыр-садақа, тағы басқалар және тағы сондайлар алу үмітімен баринның байлығын көбейтуге ынталандыру үшін пайдаланады»I. Шәкен мырза Қазанқапты осындай мақсатпен пайдаланып келеді. Кімнің бай, кімнің кедей болуының сырын ол құдайдан деп біледі. Оның психологиясына сіңіп кеткен осы бір жайды жазушы мынадай бір диалогтар арқылы береді:
Малай байға қайтсе жағады? Осының ақылын айтшы. Мен жаға алмай қойдым.
– Оны менен гөрі Қазекең жақсы біледі. Осы кісі айтсын.
– Ала жібін аттама. Суын сүт қыл. Жаныңды аяма, – деді Қазанқап.
Соғымға соятын жылқыларды алып келуге барған бетіндегі ел арасындағы саяси жаңалықты сөз етіскен жылқышыларға Қазанқап «тастаңдар бос сөзді» деп кейіп қалады. Ел өмірі, халық тағдырының мәселелері ол үшін бос қаңқу сөз. Қостағы жылқышылардың жылқысын қасқыр тартып кеткен соң, сойып алған жабағыны ежіктеп, неге сойдыңдар дейді. «Шәкен есепқой, қатал адам болғанмен, малайларды, әсіресе, ішіп-жемнен онша қыспайтын. Қазір өзі келген болса, Қазанқапша жабағы терісін ежіктемеген болар еді. Қазанқап әлі күдікті. Шай ішіп отырып та терінің қасқыр жыртқан жерін көзімен іздеп қояды». Алақаншықтап жауған қар, борасынға ауысып, Қазапқап апанға құлап аяғы сынып жатқанда, өзінің өміріне қауіп туғанында жұмысы болмай «малды қайтеміз?» – деп ыңқылдайды. Жылқыны қоя беріп, бірдеңе қылып ауылға жетудің қамын іздестірген Бұқпаға Қазанқап: «Мынау іріңдей он жылқыны көріне көзге боранның, қасқырдың жеміне тастап па?» – деп кейіді.
Шәкеннің Қазанқапты «Қазекелеп» алдап-сулап, жұбатып басқа жалшылардың үстінен қарайтын бастық етіп қоюының өзі айналып келгенде Қазанқап сияқты малайлардың пайдасы емес, өз пайдасы. В.И.Ленин әлгі мақаласында былай деп жазды: «Құлды жұбату дегеніміз, құл иеленушіге пайдалы жұмыс, ал құлдарды шын жақтаушы адам оларды ашынуға, көтеріліске, құлдықты құлатуға үйретеді, оларды әсте де, «жұбатпайды»I. Таптық санасының әлі де селт етпеуі жағынан Қазанқап Мырқымбайдан да асып түседі, кештеу оянса да Мырқымбай сол өзінің «тумасы» болған байды қырына бір алатын-ды. Ал Қазанқап болса жер ауғалы бара жатқан Шәкенмен бірге кетпекші болып, дайындалып жүреді.
Социалистік құрылыстың алғашқы жылдарында Шәкен мырзалар әлі тап ретінде құрып бітпеген. Қазанқап сияқты жалшылар да әлі бар-ды. Әрине, бір қоғамдық құрылысты құлатып, екінші бір қоғамдық құрылысты орнату, аяғынан тік тұрғызу бір күн ішінде бола қалмайтыны белгілі. Шәкен мен Қазанқап осы бір өткінші кезеңде өмір сүрген жандар. Шәкен құрумен бірге Қазанқап та құриды. Айырмасы Шәкен сияқтылардың өмір сүруіне социалистік қоғамда еш негіз қалмайдыда тап ретінде біржола жойылады. Ал Қазанқап жаңа қоғамдық құрылыстың өз мүддесін көздейтініне көзі жетіп, психологиясы өзгеруі арқылы бұрынғы Қазанқап емес, енді жаңа Қазанқап болып қайта жасай бастауы тиіс.

* * *
Әлеуметтік типтің осы соңғы тобына кіретін қазақ әдебиетінде айрықша орны бар типтік образ «Абай жолы» эпопеясындағы Абай және оның баласы Әбдірахманның образдары. Абай образын жеке бөліп алып отырғанымыздың да мәні бар. Жоғарыда біз әлеуметтік типті, екі топқа жіктегенде әрбір әлеуметтік типтердің таптық тегіне және таптық мүддесіне орай бөлдік. Құнанбай, Итбай, Игілік, Шәкен үстем тап өкілдері, олар өз табының сойылын соқты, Базаралы, Дәркенбай, Асқар, Амантай, Бұланбай езілген тап өкілдері, олар өз табының сойылын соқты, міне осы жағдайлар оларды әлеуметтік тип ретінде жігін айырды, олардың типтік образдарын айқындады. Абайдың тағдыры бұл екі топқа қарағанда әлде қайда шытырман. Шыққан тегін алсақ, ол азуы алты қарыс, жеті атасынан бері ел билеп, үстемдік құрып келе жатқан шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбай баласы, яғни үстем тап ортасынан шыққан. Таптық мүддені қуса ол анау Тәкежан, Әзімбай немесе Құнанбайдың өзі сияқты болу керек еді. Алайда, Абай осындай ортадан шыға тұрып езілген, қорлық-зомбылық көрген кедейлердің мүддесін көздейді, солардың сойылын соғады. Олай болса Абайды әлеуметтік типтің соңғы тобына кіргізетін оның шыққан тегі емес, саналы іс-әрекеті, күресі, өмірге көзқарасы.


Абайдың ата жолын қумай, өз ортасына, өз әкесі мен туған-туыстарына қарсы күресуіне себеп не? – деген сұрау туады. Ол сұрауға Абайдың осындай типтік бейне ретінде көрінуіне қандай типтік жағдай болғанын айқындау арқылы жауап беруге болады,
Абай патриархалдық-феодалдық дәуірдің ыдырай бастаған кезінде өмір сүрді. Бұл кезде Қазақстанға капитализм элементтері ене бастады. Қанаушы тап пен езілуші таптың жіктері ажырай бастаған, үстем тап күйіне, кіжіне, езілуші тап ашына түскен кез. М.Әуезов қоғамдық құрылыстың осы бір толқымалы кезеңін кең түрде суреттей келіп, Абай бейнесінің қалыптасуындағы типтік жағдайларды көрсетеді.
Абай образын жасауда М.Әуезов оны қалайда жақсы, дара етіп көрсетейін деген ниетпен емес, Абай тұлғасына заманының бар асыл қасиеттерін және әлі мол жайыла қоймаған болашақтағы озық идеяларды өте шебер, жымдастыра берген. Табиғатында адал жанды, турашыл Абайдың зор, монументтік тұлғасын жасауда жазушы оның бейнесінің-бүкіл өсу жолына үлкен-үлкен оқиғаларды таңдап-талғап ала біледі. Сондықтан да Абайдың заманындағы озық идеялы адам дәрежесіне жеткізген оның табиғи дарындылығына орай өзі өскен, көзімен көрген заман теңсіздігі, туған әкесі Құнанбайдың қатал, тажал уысы, Құнанбайшылардың толып жатқан зорлық-зомбылығы, пасық-сасық іс-әрекеттері адал жүректі Абайды шошындырмай қоймайды. Кінәсіз кедей Қодардың өлімі Абай жүрегіне әділет отын тұтатып кеткендей болады. Қодардың өлімін көрген Абай шошып, төсек тартып ауырып та қалады. Абайдың осы ауруының өзінде үлкен сыр бар. Қиянатқа, зорлыққа қарсы күш, қайрат көрсете алмаған әділдіктің бетпе-бет келген жері осы. Қара күш, кәрі бүркіт Құнанбайдың дүрілдеп тұрған кезінде қай әділдік бас көтере алушы еді. Абай бейне бір сол әділдік бейнесінде көрінеді. Әкеге, қатал озбыр күшке қарсы тұра алмай, іштей егіліп, ауырып қалғаны сол күшке алғашқы қарсылықтың бір құбылысы болатын. Бұл ескі мен жаңаның арасындағы әлі шиеленіскен күреске жете алмаған, бірақ өз көзқарастарын айқындаған жай болатын. Жас Абайдың бойындағы әділетшіл, турашылдық, адал жанды гуманизм қайдан келді? Құнанбайдың қара ниеті, қара күші, сұм пиғылдары неғып оның психологиясына әсер етпеді? Оның себебі бар.
Абай ақылды, байыпты әже Зеремен, сол типтес ана Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Ең алдымен осы әже мен аналардың өзі үстем тап өкілдерінің тобына жатса да, аға сұлтан Құнанбайдың бірі шешесі, бірі әйелі болса да олардың бастарындағы ауыр хал да, қиын жағдай да аз емес-ті. Ол сол кездегі қазақ әйелдерінің басындағы ортақ ауыртпалық. Сүйді ме, сүймеді ме, сүйіспендік дегенді білді ме, білмеді ме, ата-анасы мал алды; құда түсті, жат жанға, жат жұртқа көңлі қаласын-қаламасын бара берді. Оның бер жағында күйеуі бірнеше қатын алды, күндестік оты тұтана бастады. Осы сияқты тауқыметтерге бір әйелдер еті өліп үйреніп кетті, енді біреулері қолдан келер шара болмағандықтан барын түйіп, сыртқа шығармай тынып жүрді. Амалсыздан мойын сұнды. Бірақ тағдырдың өздеріне әділетсіз екенін жақсы біліп, жақсы ұғынды. Міне, Зере, Ұлжан осындай аналар болды. Сондықтан да олар халық бойындағы ізгі ойлар, асыл қасиеттер болса соны арман етті, соны аңсады. Зеренің әңгіме-ертегілері осындай болды. Ұлжан бір күйінген сөзінде, Абайға «Әкесінің қаттылығын бере көрмесін» деген тілек тілейді. Үстем тапқа тән болған, заманы тудырған сол қаталдықты ана баласына тілемейді. Міне, Зере, Ұлжан сияқты аналардың өз типтері және олардың тәрбиелері Абай жанына жастайынан халықтық ұрық себе бастайды. Бала Абайдың характерінің халықтық бағытта қалыптасуына үлкен бір типтік жағдай болған осы деп қарауға болады. Оның бер жағында, қатыны күндестің, көсеуі де күндес дегендей, Құнанбайдың басқа әйелдерінен туған балалармен Абай арасында туысқанмын деген сезім оты өрши қоймады, қайта бір-бірлеріне деген өшпенділігі іште мұз болып қата бастайды. Абай өз туыстарымен емес, қайта кедей ауылдың Ербол сияқты еті тірі жігіттерімен сыйлас, достас болады. Ақырында ол жасы үлкен болса да Дәркембай сияқты жатақтың көпті көрген көне шалы мен Базаралы сияқты ер жігіттерімен достасып кетеді. Дәркембай, Базаралы болса дүниедегі дұрыстық пен бұрыстық қайсы, әділдік пен зұлымдық қайсы екеніне Абайдың көкірек көзін кеңінен аша түседі. Міне Абай характерінің халықтық бағытта қалыптасуына себеп болған тағы бір типтік жағдай осындай. Одан кейін Абай орыстың айдауда жүрген озық ойлы адамдарымен танысады. Бұл таныстық, араластық Абайды мүлде шырқатып биікке алып кетеді, «Оңы – сол болып, батысы – шығыс болады», екі Россияны түсіне бастайды. Абай характерінің қалыптасуына себеп болған басты бір типтік жағдай осы.
Сонымен, қоғамдағы тартыс, кедейлердің таптық санасының ояна бастауы, қазақтардың орыс халқымен достық қарым-қатынасының күшейе түсуінің барлығы сол қоғам дамуының заңды процесі десек, Абай осындай типтік жағдайда туған типтік образ. Сондықтан да Абайды тудырған дәуірі сол типтік жағдай дейміз. Әлгіндей жағдайда өскен, оның үстіне данышпан ақын адам, сөз жоқ, осы биікке көтерілуге тиіс еді. Жазушы оны сол биігіне көтеріп шығара білген.
Абай халқым, жұртым деп күңіреніп, қайғы-қасірет шегеді, Мыңмен жалғыз алысып, оларға дегенін істете алмады. Әрине, Абай қаншама халық қамын жегенмен ол еңбекші бұқараның қолына қару алып күреске шақырып халықты революциялық жолға бастайтын дәрежеге жеткен жоқ. Жетуі мүмкін де емес еді. Егерде ол ойламаған жерден революционер болып шыға келсе, оның образының типтігіне нұсқан келтірер еді. Өйткені Абайдың революцнинер болуына ол кезде типтік жағдай туған жоқ-ты... Абай өскен типтік жағдай, оны ұлы ойшыл, ағартушы, демократ етті. Және де Абай қаншама халық жағына шыққанмен оның шыққан ортасы үстем тап болса, сол үстем таптың таптық белгісі анық болмаған Абай психологиясына елеусіз болса да із тастамай кете алмағаны сөзсіз. Абай халық үшін күйінді. Бірақ дәл Базараліге тиген қамшы, Базаралі көрген қорлық Абайдың өз басына түскен жоқ. Абай кедей жатақтардың, жарлы жақыбайлардың ауыр тұрмыс, зор бейнетін көрді, оған жаны күйінді, аяныш білдірді, бірақ оны өз басынан кешірген жоқ. Сөз жоқ, бұл да Абай характерінің қалыптасуына едәуір әсер еткен мәселелер. Құнанбай тобынан Дәркембай, Базаралі тобына келіп, халыққа жаңа жол нұсқаушы демократ, ағартушылық дәрежеге жеткенінің өзі бір Абай басына аз олжа емес-ті.
Ал, революциялық іс-әрекет, Абай дәуірінен көрі кейінірек, халықтың таптық жігі әлде қайда ашыла түскен және белгілі бір жағдайларға байланысты туды. Мұны біз жоғарыда талданған Аманкелді, Амантай, Асқар образдарынан көреміз.
Абайдың іс-әрекетінде, философиялық толғауларында заманына лайықсыз оғаш келіп, не артық түсіп, не кем соғып жатқан жайлар жоқ. Оның барлығы қиюы табылып, жымдасқан, заманына сай, лайықты шындықтар. Абайдың типтік бейнесіне үстем тап өкілдеріне емес, еңбекші, бұқара халыққа тән қадір-қасиеттер мол. Сол замандағы халық ішіндегі асыл, абзал мінез, озық ой, гуманизм т.б. қасиеттердің-қайсысы болсын Абай образы арқылы жинақталып берілген.
«Дара ерекшелігі жөнінен Абай образы қайталанбайтын үздік образ. Оның бойындағы басқалардан да табылуға мүмкін сипат белгілерді (әділдік, адамгершілік, адалдық, бұқарашылдық, ақындық, ақылдылық, т.б.) әлде кімнің басындағы әшейін ғана тізілген тізбек, әлде қандай жиынтық дей алмаймыз»I. «Мұнда типтік образ деп отырғанымыз жақсы қасиеттердің жай ғана жиынтығы емес, ол тек Абайға ғана тән, Абайдың дара тұлғасына ғана сиған қасиеттердің қайнап біткен қосындысы»II.
Міне, Қазақстандағы қоғамдық өмір дамуының процесі әлеуметтік типтің халық өкілдері Абайдың, Базаралы мен Дәркембайдың, Бұланбай мен Байжанның, Амантай мен Аманкелдінің, Бүркітбайдың, Мырқымбай мен Қазанқаптың типтік образдарын тудырды.
Бұлар (Қазанқап сияқтыларды қоспағанда) өз дәуіріндегі халықтың озық дәстүрлерін тудырған, соны қызғыштай қорып, сақтап келе жатқан, сол үшін күресіп келе жатқан жандар. Абайдың өз әкесіне қарсы тұруы, Оразбаймен күресуі – халықтың бақытты болашағы үшін күресуі. Құнанбай ескі әдет-ғұрыпқа қарсы әрекет жасаған Әмірді буындырып өлтіргелі жатқанда Абай әкесінің қолын қағып жіберіп:
«Аузыңда алла, шеңгелінде қан! Тағы қан! Бұларды шариғат та қосады. Бір кезек, сол шариғат жолы деп, бір нахақ қан төгіп ең...» – деп, қарсы тұрады. Бұл ескі әдетті, зорлықшыл, қиянатшыл әдет-ғұрыпты, болдырмаймын деген үн, қимыл болатын. Дәркембайдың, Базарәлінің қарсылықтары да сол ескі әдетті жоюдың, әділетті, халық мүддесіне лайықты, озық салт-сана үшін күрес болатын. «Ботакөз» романындағы Итбайдың өлімі де сол қанаушы таппен бірге олардың әдет-ғұрпы мен салт-санасының да қоса жойыла бастағанының кепілі. Әрине, үстем тап өмірін жүргізіп тұрған кезде халықтық сананың мол дамып, кең етек жаюына еш мүмкіндік болған жоқ. Әйтсе де үстем тап халықтың озық дәстүрін, салт-санасын жоя алмады. Еңбекші халықты жою қандай мүмкін болмаса, олардың салт-санасын жою да мүмкін емес. Үстем тап өзі өмір сүріп тұрғанда оны тұғырлатып, өрісін тартылтып, тұмшалап қана отыра алуы мүмкін еді.
Сонымен Құнанбай қазақ халқының үстем табының кертартпа, зиянды салт-санасының сақтаушысы болды. Бірақ оны бүкіл бір халыққа тән қасиеттер деуге болмайды. Абай, Дәркембай да, Асқар, Амантай да қазақ халқының еңбекші бұқара тобының салт-санасын сақтаушылар, дамытушылар болды. Бірақ бұлардың бейнесінде де әлі толық көрінбеген халықтық озық дәстүрлер, ұлттық характерлер бар. Әрине, осы екі топтың бір-біріне байланысы жоқ, оларға ортақ жайлар жоқ деуге болмайтындығын біз жоғарыда айтқанбыз. Мысалы, халықтың шешен, тақпақтап сөйлейтін ерекшелігі тек Дәркембайға, Абайға ғана емес, ол Құнанбайға да, Оразбайға да, Жиреншеге де, Қаратайға да тән құбылыс. Сол сияқты олардың сөйлеу тілдері, ойлау ерекшеліктерінің бір жүйеде, бір арнада болып келетінін де айту орынды. Бұл жөнінде біз кейін арнаулы тарауда тоқталамыз. Алайда осы сияқты ортақ құбылыстарды былай қойып, әдет-ғұрыпты, салт-саналарды Құнанбай өз табының мүддесін қорғауға пайдаланса, Абай, Дәркембай халықтың мүддесін қорғау үшін пайдаланады. Және де таптық қоғамда үстем тап өкілдері өз табының мүддесіне тиімді әдет-ғұрып, салт-саналарды бұқара халықтың санасына сіңістіруге әрекеттенгенін де біз жоғарыда айттық. Буржуазия идеологтері нағыз ұлттық сипат, ерекшелік деп сол үстем тап тудырған салт-саналарды есептейді және ол бір жасалып, қалыптасқаннан кейін ешбір өзгермейді, қатып-семіп сол күйінде мәңгі қалады деп санайды. Әрине, бұлай айтқандарында олардың таптық мақсаттан туған үлкен есептері бар. Егерде халықтың ұлттық психикалық сипаттары өзгермейтін болса, сол таптық қоғамдағы үстем таптар тудырған халық санасына сіңген әдет-ғұрыптардың барлығы ұлттық ерекшелік күйінде мәңгі сақталып қалуға тиіс. Бұл, сөз жоқ, халық өміріндегі революциялық бастамалар озық әдет-ғұрыптардың туып, жаңарып отыруына еш мүмкіндік бермес еді, халық өмірінде ешқандай ілгері басушылық болмас еді және буржуазиялық үстемдікті сақтап қалуға бұл теориясымақ қызмет атқарған болар еді.
Маркстік-лениндік ғылым бұл мәселе жөнінде буржуазиялық теориясымақтардың қай-қайсысына болса да тойтарыс берді, олардың пікірінің тек буржуазияға ғана қызмет атқаратындығын іс жүзінде Коммунистік партия дәлелдеп отыр.
1960 жылдың 17 июлінде партия мен совет үкіметі басшыларының творчестволық интеллигенцияны қабылдаған мәжілісінде Суслов жолдастың «Коммунистік құрылыстың барысында туған советтік социалистік ұлттардың қарым-қатынасындағы жаңа дәстүрлерді, ортақ белгілерді айқынырақ көріп, қолдауымыз керек» деген пікірі Коммунистік партияның лениндік ұлт саясатының бағытын толық қуаттанды.
Материалдық және рухани мәдениетті жасайтын, негізінде, еңбекші бұқара халық, олай болса нағыз ұлттық мәдениет ат төбеліндей үстем тап жасаған мәдениет емес, бұқара халық жасаған мәдениет болып саналады. Таптық қоғамда, билік үстем таптың қолында тұрғанда халықтың психикалық пішінінің қалыптасуына сол езуші топтардың белгілі дәрежеде ықпалының болғанын мойындай отыра біз нағыз ұлттық характер деп сол негізінен еңбекші бұқараның тудырған әдет-ғұрпын, салт-санасын, сенім-нанымдарын аламыз және негізгі діңгек сол бұқара халыққа байланысты деп білеміз. Олай болса ұлттық озық дәстүр бар да және керітартпа, ескінің сарқыпшақтары бар. Маркстік-лениндік тұрғыдан нақтылай айтқанда халықтың салт-санасы, әдет-ғұрыптары дәстүрге жатады да, үстем тап мүддесін қорғайтын, халық өмірінің дамуына кедергі жасайтын әдет-ғұрыптар, салт-саналар жеке дара өмір сүрмейді, бір қоғамда араласып, тұтас қалпында келіп отырады және үнемі іштей қарама-қайшылықта, күресте болып келеді.
Таптық қоғамда нағыз халықтық, ұлттық озық дәстүрдің дамуына әлеуметтік жағдай болмады дедік. Өйткені таптық қоғам жойылмай, мәдениетті тудырушы еңбекші бұқара бүкіл билікті өз қолына алмай, нағыз ұлттық дәстүрді кең дамыта алмайды.


VII


Ұлы Октябрь социалистік революциясы СССР-дегі көптеген халықтар мен ұлттар сияқты қазақ халқына да ұлттық бостандық алып берді. Қазақ халқы социалистік ұлт болып қалыптасты.
Социалистік қоғам әрбір халықтың немесе ұлттың өзіне дейінгі жасалып келген мәдени мұрасын және халықтың ұлттық дәстүрлерінің озық, прогрессивті түрлерін жоймайды, оны дамытады. Жаңа дәстүрлер сол бұрынғы бар дәстүрлер негізінде туады. Ал, халық өмірінің дамуына кедергі жасайтын әдет-ғұрыптар салт-санадағы ескінін сарқыншақтарынын барлығына қарсы күрес ашады. Осы тұрғыдан қарағанда біз қазақ халқының психикалық пішініндегі әдет-ғұрып, сіңісіп кеткен салт-саналардың бәрін бірдей талғаусыз «ұлттық дәстүр» деп ала бермейміз. Мысалы, атам заманда қауымдық рулық қоғамнан қалмай келе жатқан жоғарыда сөз болған руластық, немесе, көп әйел алушылық, құда түсіп, қалың мал төлеушілік, әмеңгерлік, діни сенімдерге байланысты көптеген ырым-жырымдардың барлығы да өзінің әлеуметтік тірегінен айырылды. Біздің елімізде қанаушы таптардың тап ретінде жойылуымен олардың тудырған түрлі кертартпа жағдайлары қоса жойылуға тиіс болды.
Бірақта ғасырлар бойы әмірші болып келген үстем тап өкілдерінің таптық мүдделеріне орай туған салт-саналар қараңғы халықтың миын улатып, психикасына елеулі ізін тастағаны сөзсіз еді. Бұл, әсіресе, Қазанқап сияқты санасында әлі жаңалықтың самалы жете қоймаған, ең артта қалған қараңғы жандар да мол болады. Ауру қалса да әдет көпке дейін қалмайтыны сөзсіз.
Жаңа қоғамдық қарым-қатынас тудыра бастаған озық салт-саналардың берік орын тебуіне бұрыннан миына сінісіп, еті үйренген кертартпа салт-саналар қарсылық білдіріп, кедергі жасайды. Әрине, жаңа қарым-қатынас тудырған сана жеңеді, өйткені оны тудырып отырған жаңа қоғамдық даму процесі. Ал, әлеуметтік негізінен айырылған сана қалайда жеңіледі, өйткені оның жолы кесілген, болашағы жоқ, жаңа қоғамдық даму процесіне төтеп бере алмайды. Қазақ әдебиетінде еңбекші халықтың мүддесінен туған бұрынғы озық салт-саналар енді дамуға кең мүмкіндік алып, жаңа қадір-қасиетке бөленгені де айқын көріне бастайды. Бірнеше мысалдар келтіріп көрейік. Патриархалдық-феодалдық қоғамның отбасындық, семьялық жағдайларда өз заңын, әдетін тудырғаны белгілі. Жаңа түскен келіншектің бетін ашқан жігіт:

Жасы үлкенді сыйлап жүр,


Құрмет қылып, жасқанып... –
дейтін. Жасы үлкенді сыйлау, құрмет тұту, әрине, қай халықта болса да жақсы қасиеттің бірі. Алайда ол кездегі жас келіншектің сыйлауы көбіне қорыққандықтан туатын. Жақсы көрген адамын кісі сыйлайды. Ал, зорлықпен алып келген, теңіне, сүйгеніне ұмтылған жас көңіліне бұғау салып, жас үмітін кесіп отырған ауылдағы аламдарды қыз қалай жақсы көрмек? Жақсы көрмесе сыйласа да алмайды. Олай болса бет ашар айтқан жігіттің аузына «жасқанып» деген сөз тегін түсіп тұрған жоқ. Жас келіннің ішінде қарғысы болса да, онысын білдіре алмай, жасқанып қана сыйлайды. Бет ашқан жігіт тағы да:

Өзіңнен үлкен адамның


Бетіне тіке қарама
Үлкен кісі келгенде
Қатарласып отырмай
Кейін отыр, панада.
Лажы болса шығып тұр
Қайтқанынша далаға... –
деп шұбыртып алып кете береді. Осы шумақтың өзінен-ақ жас келіннің өз басында ерік жоқтығы, отбасында өзінің басқалардан тең еместігі, ерте-тұрып кеш жату сияқты тұрмыстың бар тауқыметін тарту бәрі де көрініп тұр. Бұл жігіттің айтып тұрғаны патриархалдық-феодалдық заманда қазақ ауылындағы қалыптасқан осы әдетті келіншек орындауы керек. Сол әдеттен сәл жаңылса болды ел арасында «пәленшенің келіні өйтеді екен, бүйтеді екен» деген пыш-пыш өсек-аяң көбейеді, ене кейиді, ата ұрсады, байы ұрады. Міне, келіншек осылардың барлығынан аман болу үшін өз табиғаты қаламаса да амалсыз сол әдетті сақтауға тырысады. Бағзы біреулердің осы әдет-ғұрып психологиясына титтейінен сіңеді де, өзін-өзі осыған жастайынан-ақ бейімдей береді, жеке басының еркіндігі жоқтығы ойына кіріп шықпайды, өйткені оның өзі солай болуға керекті, табиғи заңды құбылыс сияқты сезіледі. Өз басын қорлаған осы ескі әдет-ғұрыптардың біріне қарсылық көрсеткен әйелді кейде әйелдердің өздері-ақ құстаналы етеді. «Құдықтың басында» деген өлеңінде Б.Майлин қазақ әйелдерінің басындағы осындай психологиялық жайды суреттейді. Құдық басында бірнеше әйел су алғалы барып, әңгіме-дүкен құрып отырады. Сөз еткендеріДәмеш. Ол оқыған қыз. Ол ескі салт-санаға қарсы тұрған, әйел бостандығы үшін күрескен қыз. Ол бұрынғы қыздар сияқты ескіліктің былығынан өзін-өзі арашалай бастаған. Оның санасы ғана емес, тіпті киім киісі де өзгеше. Жаңа мәдениет үлгісімен жалаңбас, шашына тарақ салып жүреді. Аяғында биік өкше туфли. Құдық басындағы бұрынғы ескі әдет, саналарына сіңіп қалған әйелдерге бұл ерсі көрінеді. Оларға қыздың еркіндігі де ұнамауы мүмкін. Сырттай олар былай дейді:

Астапыралда, астапыралда!


Деп тілеңдер келмесін алға.
Күйік болған бір бала ғой.
Қартайғанда кемпір мен шалға.


Міне осы «құдық басында» деген өлеңнің өзінен-ақ қазақ әйелдерінің психологиясындағы бір-біріне қарама-қайшы әдет, нанымды көреміз. Бірі жаңашыл Дәмеш, екіншілер құдық басындағы ескі санадағы әйелдер. Құдық басындағы әйелдер ескілік сананы сақтап қалушылар болса, Дәмеш – жаңа сананы таратушы, жаңа қоғам тудырған типті бейне. Қазірде қазақ әйелдерінің жағдайы мүлде өзгеше. Бүгінгі қазақ әйелдері отбасы, ошақ қасында, ескіліктің ырым-жырымын сақтап отырмайды, ол қоғамның тең праволы мүшесі, ол тек отбасының билігіне ғана араласпайды, ол қоғамдық мәселелерге де араласады. Қазақ әйелдерінің психологиясындағы күрт өзгеріс сонау «қалың мал» романындағы Ғайшадан, С.Мұқановтың «Ботакөз» романдарындағы Ботакөзден басталған. Қазіргі қазақ жазушыларының шығармаларына қарап отырсақ қазақ әйелдерінің психологиясындағы өзгерістер айқын көрінеді. Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романындағы Жанбота, «Миллионер» повестіндегі Жанат, Алма, Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» пьесасындағы Анар, 3.Шашкиннің «Теміртау» романындағы Демеш, міне, бүгінгі қазақ қыздары мен әйелдерінің бейнесін көрсетеді. Бұл кейіпкерлердің «Абай жолы» эпопеясындағы Тоғжаннан, Салтанаттан, Керімбаладан тағдыры да басқа, психологиялық сипаттары да өзгеше.
Революциядан бұрын қай қазақтың қызы қоғамдық мәселеге араласып еді? Ал Ғ.Мұстафиннің «Миллионер» повесінен колхоз мектебінің мұғалімі, кейін колхоздағы партия ұйымының хатшысы болған Жанаттың колхоздың жаңа жоспары туралы әкесімен сөйлескен үзіндісін келтіріп көрейікші.Он бес жыл колхоз председателі болған Жақып, «Аманкелді» колхозын біраз өркендетті. Бірақ, бұл колхоздың бар мүмкіндігі емес. Жас агроном Жомарт Жақыптың жоспарын «кем өлшеп кейін тартады» - деп сынап, колхоз мүмкіндігін есептеп, өлшеп, жаңа жоспар ұсынады. Бұл жоспар колхозда үлкен дау тудырады. Осы жөнінде, өз жоспарын мақұлдап, жаңа жоспарға сенбеген әкесі Жақыпқа Жанат былай дейді:
– Олар көрсін көрмесін, көрнекті іс көмілмейді. Ісіңізді көпшілік сан бағалаған. Сақ, қызғаныш-ақ болғаныңыз жарасып тұр. Мен дүниені көбінесе кітаптан танып келемін. Сіз қолмен ұстап, көзбен көрдіңіз. Мүмкін, менікі жаңсақ болар. Әйтсе де бір нәрседен сақтандырғым келеді, Жәке?
– Айта бер, қарағым.
– Ең жетілдім деген адам тарих көшіп бір ғана кезеңге жеткізіп жүр. Одан әрі жаңа адам, жаңа заманға тиеп алып ұмтылып барады. Сіз колхоздың бірінші дәуірінде, социализм дәуірінде, тұрсыз. Екінші дәуірдің жаңалығын сезе алмасаңыз «кем өлшем, кейін тартуыңыз» сөзсіз. Міне алдымен осыған сақ бола көріңіз.
– Сонда Жомарт пен Баймақандар ғана жасамақ па коммунизмді? – деп Жақып мұртынан мырс етті.
– Олар асыра сілтеді ме, әлде толғауы жеткен жаңалық па, маған әлі мәлім емес. Зерттеп келіп, төрелік айтсам қайтер еді сіздерге.
– Тым ақ көңілдісін-ау, Жанат жан! – деп Жанатты арқаға қаға отырып жымиды Жақып. – Әкесімен айтысып, баласына жүгінген бар ма?
– Әділдіктің алмайтын қамалы бар ма? Одан да әділдігің жете ме десеңізші, – деп Жанат сылқ-сылқ күліп жіберді.
– Тәңір қойса жетер. Ұтылдым. Тоқталдым, қарғам төрелігіңе – деді де Жақып орнынан тұрды».
Міне, осы үзіндідегі Жанаттың психологиясы қазіргі қазақ қыздары мен әйелдеріне тән сипат. Отбасының мүддесінен қоғамдық мүдде әр уақытта жоғары тұр. Дауға төреші қазақ қызы Жанат болмақ. Жақыптың «Әкесімен айтысып, баласына жүгінген бар ма?» деген сөзінен ол қаншама жаңа адам болғанмен оның санасының түкпірінде рулық-патриархалдық қоғам тудырған психологияның жекелеген сипаттары сезіліп қалады. Үлкен ақсақал айтса, әке айтса болды деген ертедегі ережені айтып тұр Жақып.
Егерде Жанат баяғының қызы болса, ол да сол психологиядан аса алмай сол ережені заң санап, құп алып отырар еді. Бірақ Жанат психологиясында ол ереже жоқ. Онда жаңа заманның тудырған ережесі бар. Ол – әділдік. Тек от басына емес, қоғамдық істердің бәріне де әділ болу. Сондықтан да Жанаттың аузына «Әділдіктің алмайтын қамалы бар ма?» деген сөз түсіп отыр. Міне, бұл бүгінгі қазақ қызының психикалық пішінінің бір сипаты. Ақырында, Жанат «кем өлшеп кейін тартқан» әкенің жоспарына қарсы тұрып, әке намысын жыртпай, қоғамдық тілекті жоғары қойып, жаңа жоспарды қолдайды.
Осындай психологиялық пішіннің басқа жаңа сипаттары Ә.Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» пьесасынан көрінеді. Қауымдық-рулық қоғамға тән өз руы, өз туысын үнемі қолдау, жақсысын асырып, жаманын жасыру сияқты әдеттері бұл пьесада көрінбейді. Қайта ағайынды Темірбековтердің колхоз мүддесі үшін қырғиқабақ болып, айтқан сөзге түсіндіре алмаған соң колхоз председателі Телқараның кемшіліктерін ағасы Жанас газетке жазып сынайды. Мұнда да отбасы, ағайын-туыс бірлігін сақтайтын шырмауды әділдік жеңіп отырғанын көреміз. Жанас пен Телқараның арасында тел бала болып өскен кіші інісінің қызы Анар жаңа адам. Оның психикалық пішініде рулық салттан ештеңе қалмаған. Сондықтан ол да әділдігіне көшеді. Туған әкесіндей болған кіші көкесінің кемшілігін тура айтады. Біздің бұл келтірін отырғанымыз жаңа адамдардың психологиясындағы жаңалықтың бір ғана түрі.
Екінші мысал. Қазақ халқының тіршілігінде бұрын шошқа түлек санатына қосылмаған. Оған, бір жағынан мұсылман дінінің ықпалы да үлкен себепші болды. Алайда шошқа тез өседі, өзі етшең жануар болып шықты. Қазір қазақ колхоздарында шошқа фермалары ұйымдасты, оны бағып-күтетін қазақтар да табылды. Бұрын қазақта жылқы, түйе, қой туралы неше түрлі мақтау өлеңдер туып, олардың қасиеттері образды теңеулерге айналса, енді солардың қатарына шошқа да кіре бастады. Бқрын қазақ төрт түлік мал десе, енді бес түлік мал дейтін болды.
Бір кезде жиіркеніп қарайтын шошқаны, бүгін мадақтағанда осы психологиялық процесс бірден туа қойған жоқ. Бұрын-соңды айналыспаған малы – шошқа-қазақ шаруашылығына ену керек пе, жоқ на деген мәселе 30-жылдары көтерілді. Осы мәселені көтерген Ғабит Мүсіреповтің «Талпақ тапау» атты әңгімесінде қазақтың психикалық пішінінің бір қырын аңғартып тастайды. Колхоз шаруашылығын өркендетуге бар жанын салып жүрген колхоз председателі Сәденнің өзі совхоздан алуға тиісті екі шошқаны «Жүре тұрсын, келесі жолы алармын», – деп екі ай бойы аулақтап, ауылға жуытпай жүрген жайы бар. «Айни - айни қобалжи – қобалжи бүгін әрең әкеліп тұр. Шошқаның жонына қарап қызықса да, аузы салтақ-салтақ, бауыры толған күлтілдеген емшек... тұмсығы бір түрлі өзінің... құлағы анау... Бірақ тұяғы айыр».
Ал Сәден шошқаны арбаға салып колхозға алып келгенде колхозшылар оны қалай қабылдады?
«Шошқаны алып келген колхоз бастығы Сәден:
– Кәне, жігіттер, мұны енді арбадан нетісіндер... несіне осқырасындар, бұ да мал ғой»... – деді, аз ғана езу тартып. Дауысы аса сенімді шықпады. Бірақ...
– Мүмкін мал шығар...
– Орыстар мал деп асырайды ғой әйтеуір...
– Танауы талпақ екен...
– Ауызы малға ұқсамайды-ақ...
– Жоқ, тұяғы айыр қойға ұқсайды ...
– Тек, қойға теңемеші кәпірді... Бауыры толған қаз-қатар емшек, қай жері қой болушы еді?».
Ал, осы шошқаны баққан колхозшы, қазақ Есеннің халы қандай деңіз?
Есен төрт торайын шұбыртып екі шошқаны Қопалы көлге әрең айдан әкеледі де, қоя береді. Өзі басқа бір жұмыспен жүрген адамша шеттеп, алыстан ғана бақылап жүреді. Болмаса басқа бір жұмыс істеп жатады. Шошқа баққанына ол біртүрлі арланады. Шошқаларын таңертең ел тұрмай, ерте айдап әкетеді де, кешке ел орнына отырған соң айдап қайтып, көзге көп түспейді. Кешке үйіне келгенде таяғын, шекпенін сыртта қалдырып, үйіне жуынып кіреді. Сәденнен басқамен шошқа жайын әңгімелеспейді. Басқа малшыларға да жақындаспайды. Жастар шошқа жайын сөз қыла бастаса, Есен ол арадан кетіп қалады. Міне, бұл қазақтардың шошқа малымен алғашқы рет жақын болып, айналыса бастаған кезіндегі психологиясы. Бұл 30-шы жылдар болса, арадан 20-25 жыл өткеннен кейінгі жай қалай болды. Әбділда Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» атты пьесасында осы мәселе жеке бір эпизод, штрих арқылы көрінеді.
Сиыр сауушы Ұлсүйген мен шошқа бағушы Тоқбике арасындағы ойынды-шынды қалжыңдары көрінеді. Бір кезде колхоз председателі Сәденнің өзі шошқаға көп жуымай жүрсе, енді жай қатардағы колхозшы қарт Жанастың өзі «шошқасы не, басқасы не, бәрі бір емес пе жануардың» деп отырғанын көреміз. Ал, Тоқбике шошқаны «шекең» деп, оның қазақтың басқа малынан кем еместігін дәлелдеп таласқа түсуге даяр. Ұлсүйген санасының бір қалтарысында қалған ескі әдетіне басса да, шынтуайтқа келгенде әлгі айтып тұрғандарының бәрі бер жағы, әйтпесе шошқаға өзінің де пәлендей қарсылығы жоқ. «Шошқашы қатын» деп Тоқбикені әуелі жанына жуытқысы келмегенмен, шамалыдан кейін екеуінің ауыз жаласып кеткенін көреміз.
Міне, қазақ халқының өкілдері болған Сәденнің, Есеннің, Жанастың, Тоқбикенің, Ұлсүйгеннің пішініндегі осы өзгерістері арқылы жазушы олардың психикасының жаңа бір қырын байқатып отыр.
Қазақ халқы ән мен күйді, ақындықты үлкен өнер деп түсінді, әнші, күйші, жыршы, айтысқа түскен ақын халықтың сүйікті, адамдары болды, олардың өнерін жастар үйреніп ілгері дамытты. Бұл халықтың тудырған жақсы әдеттері болады. Алайда бұл дәстүрге үстем тап өкілдері, діни иелері басқаша қарады. Оны сайтанының ойнағы деп санады. Міне, осы дәстүр қазір де ерекше қадір алды. Рсспублика қалаларында музыка, көркем өнер мектептері ашылды, тек орталық қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде көптеген халықтық театрлар ұйымдасты. Жыл сайын халық өнерпаздарының аудандық, облыстық, республикалық байқауы ұйымдастырылып отырады. Халық ұлт аспаптарымен қатар симфониялық оркестрлер ұйымдасты. Қазақтың талай жылғы қуанышы мен күйінішін, қайғы мен зарын, арқалап келген ұлт аспабы домбыра мен қобыз, сыбызғыға тағы да көптеген жаңа аспаптар: пианино, гармонь, скрипка, флейта т.б. келіп қосылды. Бұл жаңалық І.Жансүгіровтің «Күй», Ә.Тәжібаевтың «Оркестр» атты поэмаларында өте орынды жырланады. Бұрын дара-дара басы қосылмай жүрген домбыра, қобыз, сыбызғы сияқты аспаптар совет дәуірінде басын қосып оркестрге айналған. Көне күннің куәсі болған кәрі домбыра бүгінгі дәуірдегі қазаққа қандай ыстық, қандай жақын болса, пианино мен скрипка да тұрмысқа сіңісіп, құлаққа жағымды аспапқа айналып барады.
Отбасы, үй ішіндік салтқа байланысты қазақта көптеген жыр, өлеңдердін түрлері болды. Мысалы, үйленуге байланысты қызды ұзатар алдындағы той бастар, той үстіндегі жар-жар, қыздың ұзатылып кетер алдындағы сыңсу, қыздың келін болып түскеннен кейінгі тойы, бет-ашар т.б. барлығын халықтың белгілі бір дәуірдегі өмір-тіршілігі, әдет-ғұрпы тудырған жайлар. Бұлардың мазмұнына келетін болсақ, сол кездегі «рулық, ақсақалдық ырымның жол-жораның негізінде туып, дінге, шариғат заңына сенгіш елдің еңбек-тірлігін, көңіл-күйін көрсетеді»I. Қазақ қыздары мен әйелдерінің басындағы ауыр жағдай әсіресе осы үйленуге байланысты өлеңдерде айқын көрінеді. Бұған жар-жар, сыңсу, бет ашар т.б. өлеңдер дәлел бола алады.
Ата-анасы, туған-туысы қыздың басын байлап, күні бұрын әлде біреумен құда түсіп, уағадалы күні жеткен соң әркім өзінің шамасы жеткенше қызына жасау беріп, той-томалағын істеп ұзатады. Күйеу жігіт кім? Баратын жұрты қандай? Қыз оны білмеген, оның білуін шарт деп санамаған. Сондықтан да қыз шатақ шығарып, бас тартпас үшін күні бұрын «Жар-жар» айтып, оның үйленетінін айтып, құлағына сіңдіріп, күні бұрын қалыңдық болуға дайындау керек болды. Өйткені қыздың еркін сұрамай, оның пікірімен санаспайтындықтан қызға сенім де білдіре бермейтін болу керек. Сондықтан да баратын қайын-жұртын мақтап, қызға жұбату айтып отырған. Жар-жардың тууына міне осы жай себеп болған. Өз басында еркі жоқ қыз, өз басының ауыр халін, зарын айтады. Сол сияқты келіншектің бетін ашып, ауыл адамдарымен таныстырып, келіншек өзін қалай ұстауы керектігі туралы ақыл-кеңесін айтқан. Бұл ақыл-кеңес, негізінен алғанда, патриархалдық-рулық қоғамның дәстүрін берік сақтау негізінен айтылған.
Халықтың белгілі бір кезеңдерде тудырған әдеттеріне байланысты ғұрыптық-салт өлеңдерінің барлығы бірдей әдеби мұра ретінде сақталынып қалмады. Өйкені халық өміріндегі әдет-ғұрыптардың барлығы бірдей ұлттық ерекшелік қасиеттерін белгілей бермейді. Әдет-ғұрыптардың кейбірі дін арқылы т. б. жағдайлар арқылы туды да қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты кертартпа әдет-ғұрыптар құрып, тек озығы, халықтың қадір тапқан түрлері ғана қалады, оның өзі дамып, жаңа құбылысқа ие болып отырды. Халықтың миын улап, оларды қанаудың құралы болған дінге қарсы күрес жүргізді. Халықтардың сауаты ашылып, техника мен мәдениет өскен сайын діннің қуаты азайып, жойылып барады. Діни нанымдар мен әдет-ғұрыптардың өмір сүруіне қазірде социалистік қоғамда ешқандай әлеуметтік негіз қалған жоқ. Сондықтан да бұрынғы діни салтқа байланысты туған өлең-жырлардың (жарапазан, арбау, жалбарыну, бақсы сарыны, бәдік айтысы т.б.) қай-қайсысы болса да әдеби ұлттық мұра бола алған жоқ. Олар халықтың белгілі бір дәуіріндегі санасының сәулесі ретінде ғана сақталып келеді. Егерде совет жазушыларының творчествосында бірлі-жарымды кездесе қалса, оның өзі ескіліктің санадағы сарқыншақтарын сынайтын шығармаларда кездеседі.
Қазақ фольклорындағы кейбір жанрлармен бірге тақырыптардың да ұзақ жылдар бойы өзгермей, сол қалпын сақтап қалуы, халық өмірінің тарихи өзгеруіне, дамуына байланысты жай. Ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, тұрмыс салт өлеңдері ерте заманнан бері сақталып, жылдар асқан сайын, мазмұн, мәні тереңдеп, жаңа идеялық мотивтер қосылып отырғанмен, көркемдік өрнектері молыға түскенмен, сол жар-жарлар мен сыңсулар, бет ашар мен той бастарлар ұзақ жылдар бойы өмір сүріп келді. Әдебиет тарихын зерттеушілер оның себебін патриархалдық-рулық қоғамның талай жылдар бойына бір қалыптан өзгермей қалуына байланысты дейді.I
Социалистік қоғам қазақ халқының рухани бейнесіне ұлы өзгеріс енгізді. Қазақ әйелдеріне бас бостандық, еркіндік алып берді. Қазақ халқының мәдени тұрмысында революциялық өзгеріс жасалды. Олай болса халықтың тұрмыс-салттарында да патриархалдық заман тудырған тұрмыс-салт-жырларының сол күйінде сақталуына әлеуметтік негіз қалмады. Ендігі жерде ерге шығатын қызға жар-жармен, күні бұрын жұбату айтудың еш қажеттігі қалмады. Сондай-ақ қыздың сыңсуының да еш сылтауы жоқ. Үйленуге байланысты жырлар үлгілерінің тұрмыста қолданылудан қалып қоюының өзі қоғамның әлеуметтік құрылысының өзгеруіне байланысты еді. Алайда халықтың бір замандарда бұл сияқты әдет-ғұрыптарына байланысты туған жырларының кейбір үлгілері күні бүгінге дейін ептеп болса да сақталып келгенін көрмеуге де болмайды. Мысалы, Ә.Тәжібаев «Жалғыз ағаш орман емес» атты пьесасындағы Әбілбек колхозына жаңадан келген қыз – Паридаға ауыл адамдарын өлеңмен былай таныстырады «Әбілбек» (әлгіден бетер желпіне):




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет