І ТАРАУ
ӘДЕБИЕТТІҢ МАЗМҰНЫ МЕН ФОРМАСЫ ЖАЙЫНДА
І
Дүниедегі қандай бір заттар мен құбылыстар болса да мазмұн мен форманың тұтастығынан тұратындығы ғылыми тұрғыдан дәлелденген жай.
Қоғамдық өмір коғамдық саналардың барлық түріне де мазмұн береді. Бірақ әдебиеттің, искусствоның қоғамдық саналардың басқа формаларынан айырмашылығы сол, ол өмірді көркем образ арқылы көрсетеді. Мысалы, ғылым мен көркем әдебиеттің бір-бірінен өзгешелігін біз оның мазмұнынан емес, формасы арқылы білеміз. Ең әуелі бір жайға тоқтала кету дұрыс сияқты. Ол мәселе қоғамдық сананың формаларының бірі – искусство, әдебиет болып саналатындығы. Әдебиеттің өзі қоғамдық сананың формасы болса, сол форманың (әдебиеттің) тағы да мазмұны мен формасы, яғни форманың формасы болатыны қалай? – деген сұрақтар туып қалады. Бұл ретте, ең алдымен, сөз не жайында болып отырғанын ескеру шарт. Егерде, әңгіме жалпы қоғамдық болмыс пен қоғамдық сана жайында болса, искусствоның тағы басқа түрлері сияқты әдебиет те сол қоғамдық болмыс пен сананың формасы болады да, объективтік шындық, қоғамдық болмыс мазмұн болады. Бұл өз алдына мәселе. Сонымен бірге, әңгіме тек әдебиеттің өзі туралы ғана болған жағдайда оның да мазмұны, формасы болады және мұны алдыңғы айтқан жаймен шатастыруға болмайды.
Әдебиеттің мазмұны мен формасы туралы анықтамалар әдебиет теориясының оқулықтарын жазып жүрген Л.И.Тимофеевтің, Г.И.Поспеловтің, Л.В.Шепилованың т.б. кітаптарында берілгенI.
Бізде терминдер өз мағынасында қолданылмағандықтан жаңсақ ұғымдарға жол беріліп келеді. Мысалы, «мазмұн» деген термин көбіне «сюжеттің» орнына ауысып, екеуі бір мағынада қолданыла беретіні жиі байқалады. Екі терминді шатастырмас үшін кейде «сюжеттік мазмұн», «идеялық мазмұн» деп әркім өзінше атайтын реттер де болады. Осыған тағы «социалистік мазмұн» деген терминді қоссақ, онда толып жатқан «мазмұн» болып шығады. Мұның барлығы сөзсіз оқушының түсінігін көпе-көрнеу қиындатады. Сондықтан да әрбір терминді өз мағынасында, дәл қолдану қажеттілігі өте-мөте шарт. Мысалы, шығарманың «сюжеттік мазмұны» демей-ақ, «шығарманың сюжеті» десе де, бұл термин өз мағынасын толық сақтап тұра алады. Сол сияқты «шығарманың идеясы» деген терминге де «мазмұнды» қосақтай берудің еш қажеті жоқ. Сонда ғана біз әдеби терминдерді өз мағынасында түсінуге мүмкіндік аламыз және әдебиеттің социалистік мазмұнын әдебиеттің басқа мәселелерімен шатастырмайтын боламыз.
Әдебиеттің, көркем шығарманың мазмұны объективтік өмірдің субъективтік образы ретінде, көркемдікпен суреттеліп отырған шындық, сол шындыққа жазушының өз тарапынан белгілі бір эстетикалық, идеялық бағдарда беріп отырған бағасы.
Әдебиет негізінде халық өмірінің шындығын, адамдардың өмірге деген эстетикалық қатынасын (отношение) көрсетеді. Қоғамдық қатынастың нәтижесінде туған адамдардың саяси, философиялық және моральдық қатынастары да сонымен байланысты келеді. Мұның өзі әдебиет пен искусство қоғамдық сананың бір түрі екендігінің айғағы болады. Сондықтан да әдебиет белгілі бір дәуір мен әлеуметтік құрылыстағы өмір сүрген адамдардың қарым-қатынасын көрсетеді. Әдебиеттің мазмұнын айқындау, міне алдымен, осы жайларға байланысты.
Әдебиеттің немесе көркем шығарманың формасына келетін болсақ Л.И.Тимофеевтің жоғарыда аталған еңбегінде форма дегеніміз - ол образдар (яғни көркем образдар) делінген. М.Б.Шепилова көркем шығармадағы көрінген кейіпкерлердің өмірі - мазмұнының көркем формасы болады дейді. Бұл екі пікірдің екеуі де жалпы бір арнаға құяды. Ал, қайсыбір еңбектерде көркем шығарманың формасы дегеніміз, мазмұнды айқындаушы, түсінікті етуші әдеби «құралдар», яғни көркем шығарманың техникалық жақтары (өлең түрлері, өлшемдері, ырғақ-екпіндері, ұйқас-нақыстары, тілі, т. б. сол сияқтылары). Қорыта келгенде осы пікірлердің қай-қайсысы болса да әдебиеттің формасына қатынасты жайлар. Әдебиет формасының шеңберін тарылтуға болмайды. Образ – көркем шығармадағы көрінген өмір шындығы сәулесінің формасы, өмірді көркемдік арқылы түсіну, білудің формасы. Ал, сол образдарды жазушы қалай, нендей амалдармен жасады? – деген сұрау туады. Образдар түрлі әдеби «құрал», «амалдар» арқылы жасалады десек, көркем шығарманың түрлі техникалық жағына тоқталмай тағы кете алмаймыз. Өйткені өлеңнің екпіні, ырғағы, ұйқасы т. б. таза техникалық, сырттық үйлесім мәселесі болып қала алмайды. «Ал, слог – бұл өзі талап, өзі шалқыған ой. Слог – бұл білініп тұратын бедер, ойдың қолға ұстатқандай айқын түрі, слогта адам түгел көрінеді, слог – әрбір адам, әрбір кейіпкер тәрізді үнемі елден ерекше тұрады»1. Олай болса форма тек образдың өзімен шектелмейді, көркем шығарманың ішкі құрылыстарын да қамтиды және бұларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.
ІІ
Искусствоның және әдебиеттің мазмұны мен форма проблемасы прогрессивті күштер мен кертартпа күштердің арасында үнемі дау, талас тудырып келді. Мазмұн мен форма проблемасының шешіміне марксистік және идеалистік көзқарастар болды. Мұның түпкі негізі олардың идеялық көзқарастарынан туып отырғаны белгілі.
Идеалистік эстетика искусство мен әдебиеттің мазмұнын абсолюттік идеядан, яғни тәңірдің құдіретінен іздеп, қоғамдық өмірге мазмұнның қатынасын мойындамайды. Сондықтан да олар көркем шығарманың қоғам өмірінде атқаратын рөлін жоққа шығарып, оның идеялық күшін жойып, мазмұнның тағдырын шешетін форма деп бағалайды және форманы мазмұннан бөліп алады. Сөйтіп олар, мазмұнсыз форма ұранын көтереді. «Искусство искусство үшін» деген эстеттік қағиданы тудырады.
Ал, материалистер көркем шығарманың, мазмұны мен формасын бір-бірінен бөлмей, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын, бірімен-бірі тығыз байланысты, бір нәрсенің екі касиеті деп біледі.
Мазмұн, белгілі бір форма арқылы көрінсе, форма белгілі бір мазмұнды айқындайды. Яғни форма мазмұнды жарықка шығарады, оны жұртшылыққа түсінікті, айқын етіп жеткізеді. Идеалистік эстетикаға қарама-қарсы марксистік, лениндік эстетика әдебиеттің мазмұнын реалды шындықтан іздейді, яғни искусство, әдебиет мазмұнының қоғам өмірінде елеулі рөл атқаратынын дәлелдейді. Марксистік эстетика ғана искусство мен әдебиеттің мазмұны мен формасын біртұтастықта қарап, оның мәнін дұрыс ашып бере алды. Тек марксистік эстетика ғана әдебиеттің реалистік бағытын анық айқындады.
Орыс әдебиетінің көрнекті қайраткерлері, революцияшыл демократтары Н.Г.Чернышевскийдің, В.Г.Белинскийдің, Добролюбовтың, А.С.Пушкиннің көркем әдебиеттің мазмұны мен формасының тұтастығы туралы айтқан көптеген қағидалары бар. Форма мазмұнды айқындап тұрған жағдайда, ол екеуі бір-бірімен тығыз байланысты болады, форманы мазмұннан бөлсең, онда мазмұнды жойғаның, керісінше, мазмұнды формадан бөлсең, онда форманы жойғаның1 дейді В.Г.Белинский.
Мазмұн осы форма арқылы айнадай жарқын, мөлдір көрініп, оқушысына мүлтіксіз жетіп отыруы тиіс.
Форма мазмұнды айқындаудан басқа, оған кесе көлденең келетін бөгде, кездейсоқ нәрселермен айналыспауы керек. Форманың қандай бір элементтері болмасын, тек мазмұнға қызмет етуі тиіс.
Мазмұн мен форма бір-бірімен жымдасып, қабысып, бірін-бірі жүзеге асырып отырған жағдайда ғана, шығарма шын мағынасындағы көркем шығарма болады. Сонда ғана шын мағынасында оқушыға идеялық, эстетикалық тәрбие бере алады. Мазмұн мен форманың өзара тығыз байланыстылығы да, міне, осыдан.
Материалистік философия мазмұн мен форманы бір-бірінен бөлмей, байланыстыра отырып, мазмұнның ролі формаға қарағанда басымырақ, маңызды, салмақтырақ деп түсінеді. М.В.Ломоносов поэзияның көркемдігіне үлкен мән бере отырса да, формаға қарағанда мазмұнның ролі күштірек екенін айтады.
Н.Г.Чернышевский мен В.Г.Белинский искусствоны көркем образ арқылы көрінген шындықтың сәулесі (отражение) деп түсіндіреді. Қандай бір жазушы, суретші болсын, ол шындық өмірді көрсетуі керек, сол шындық өмірге халықтың көзқарасын, қатынасын (отношениесін), сезімін көрсетуі тиіс деп бағалайды. Көркем шығармада көрінген шындық өмірдің барлығы бірдей қызғылықты бола бермейді, ол шындық халықтың мақсатымен қабысып жатуы шарт. Жазушы көрінгеннің бәрін қағазға түсіре бермей, өмірдің татымды, типті жақтарын көркем образ арқылы көрсетуі шарт. Революцияшыл-демократтар осының өзін бұқара халықтың көзқарасы арқылы бағалау керек деп санайды.
В.Г.Белинский де көркем шығарманың мазмұны мен формасын диалектикалық бірлікте, бір-бірімен тығыз байланысты жағдайда қарай отырып, формаға қарағанда мазмұнды жете бағалайды. Сондықтан да Белинскийдің шығармаларын оқып отырғанда оның көркем шығарманы тек қана формасына қарап бағалайтын эстеттік көзқарасты қатты сынағанын байқаймыз. Григоровичтің «Антон Горемыка» деген повестін, сол түріне қарап бағалаған В.Боткиннің эстеттік көзқарасын әшкерелейтіні бар. Сыншы бір көркем шығарманы талдайтын болса, ең алдымен оның идеясын анықтап алуы қажет, сонан соң талдаудың «екінші сатысында» оның идеясын образы арқылы сынауы керек, яғни шығарманың формасын бағалауға болады дегенді Г.В.Плеханов та, А.В.Луначарский де айтқан. Көркем шығарманың мазмұнына қалай болса солай қарап, көркемдігі жағынан сұлу да сымбатты болса болды, аһ үрып, бас иіп, «таза искусство» ұранын көтеретін, эстеттік көзқарастар совет әдебиетінің табиғатына жат нәрсе. Сонымен бірге совет әдебиетінің принципі шығарманың тек жақсы мазмұнына бола оның көркем формасындағы өңсіз сүренсіздікке де немқұрайды қарауды көтермейді. Сондықтан да әдебиеттің терең мазмұнына формасы да сай келсін деген қағида совет әдебиетінің басты принципінен туып отырады.
Әрине, форма мазмұнға бейберекет, қалай болса солай қарамайды, ол да мазмұнды айқындау үшін қызмет атқара отырып, белгілі бір дәрежеде сол мазмұнға да ықпалын тигізіп отыратынын марксистік философия ашық көрсетеді. Озық идеяға негізделген, мазмұнға лайықты жаңа форма сол мазмұнның тереңдей түсуіне ыкпал етеді. Көркем шығарманың мазмұнындағы ақау – сөз жоқ оның формасына нұқсанын тигізбей қоймайтын болса, ал формадағы ақаулар мазмұнға да кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан да терең мазмұн көркем форма тапқан кезде ғана эстетикалық әсері күшейе түседі. Әдебиет зерттеуде мазмұн мен форманы бір-бірінен бөліп тастамай, бір тұтастыққа ала отырып зерттеу формалистік, натуралистік элементтердің жаттығын әшкерелеуге, әдебиеттің көркемдік сапасын тануын анықтауға, оны дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Біздің кейде «мазмұн», «форма» деп жеке талдау жасауымыздың өзі шартты түрде ғана алынғанын аңғартпай қоймайды.
ІІІ
Қоғамдық идеялар мен теориялар әр алуан болып келеді. Тозығы жеткен, ескі идеялар қоғамның дамуына кедергі жасап шырмалғы болса, озық, прогрессивті идеялар қоғамның ілгері дамуына, өсуіне жәрдем етеді. Олай болса әрбір прогрессивті мәдениет, әдебиет және искусство қоғамның алға басуына қызмет еткісі келсе, адамзат баласының болашақ тағдырына шын жаны ашып, оны жоғарғы бір белеске көтергісі келсе, олар ең алдымен сол қоғамдағы озық идеядан қуат алады, сол идеяның дами түсуіне қызмет етеді. Социалистік замандағы бұл идея – марксизм-ленинизм идеясы, коммунизм идеясы. Олай болса, совет әдебиетінің мазмұнын айқындаушы да осы озық идея. Өмір құбылыстарын көрсетуде жазушы неғұрлым осы озық идея тұрғысынан шығып отырса оның шығармасы соғұрлым қазіргі қоғамға қызмет етеді, соғұрлым өмірлі болады.
Ұлы Октябрь социалистік революциясы совет мәдениеті мен әдебиетінің идеологиялық негізін жасап берді. Мұның мағынасын жақсы түсіну үшін әдебиетіміздің өткен тарихына қысқаша шолу жасауға тура келеді.
В.И.Ленин таптық қоғамда, әрбір ұлттық мәдениетте екі мәдениет – буржуазиялық және демократиялық мәдениет болатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді. Қандай бір халықтың әдебиет тарихына көз жіберсек, олардың таптық қоғам негізінде осы екі түрлі әдебиетінің болғандығын айқын көреміз. Сол сияқты қазақ әдебиетін сөз ететін болсақ, үстем тап өкілдерінің өз мақсаттарын, көзқарастарын қорғайтын әдебиетінің болғандығын білеміз. Бұл әдебиет еңбекші бұқараны езуге, қанауға, діни ұғымдарды кеңінен насихаттауға күш салады. Ал, халықтың өзі тудырған, бұқарашыл, демократияшыл әдебиетке келетін болсақ, бұл бағыттағы әдебиеттерде халық үстем таптарға қарама-қарсы, өз қөзқарастарын, өз дүние тануларын, өз мақсаттарын айқын көрсетуге тырысады.
Қоғамдағы әр тап осы әдебиеті арқылы (искусствоның басқа салалары сияқты) өз мүдделерін қорғайды, олай болса, таптық қоғамда таптан тыс әдебиет те болмайды. Сонымен белгілі бір қоғамдағы әдебиетті бір ғана тап жасап қоймайды, барлық таптар жасайды. Бұл екі тап әдебиеті бір-бірімен күресте дамиды, олардың арасында тартыстың болатындығынан бұл екеуі өзара байланыссыз, жеке дара дүниелер екен деп қарау, әрине, қатеге соқтырар еді. Біз бұл жерде бір халық немесе ұлт әдебиетінің мазмұны жағынан екі түрлі екенін айтып отырмыз. Мазмұны жағынан қарама-қарсы осы екі әдебиеттің екеуі де бір тілде жасалады, олардың өлеңдерінің сыртқы түрлері де ортақ, образды суреттеулері де ұқсас болып келе береді. Сонымен бірге басқа халықтар әдебиетіне ұқсамайтын, ерекшеліктер, ұлттық психика да осы екі мазмұнды әдебиетке ортақ болып келеді. Өйткені бір халықтың әдебиетінің формасын таптың біреуі (не буржуазияшыл, не демократияшыл) ғана жасап қоймайды, екеуі де бірдей жасайды. Сонымен таптық қоғамдағы ұлт әдебиетінің мазмұны таптық характерде болады.
Әдебиет қоғамдық сананың бір формасы болса, бұл әдебиетте қоғамның даму процесінің сәулесі көрінуі тиіс. Бірақ қоғамның даму процесін реалистік тұрғыдан, шынайы, дұрыс көрсететін әдебиет халықтық әдебиет, яғни демократиялық әдебиет болып саналады. Сондықтан да нағыз ұлттық әдебиет сол демократиялық әдебиет бола алады. Қазақтың ұлттық әдебиеті, халықтың ауыз әдебиетінен «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды», «Қамбар», «Ер Тарғын» т.б. эпостары, ертегі, мақал-мәтелдері т.б.) басталып, бертін келе Махамбет, Шернияз, Сүйінбай, Ыбырай, Абайға келіп, бұл әдебиет, әсіресе, революция қарсаңында Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев т.б. ұласып, шеңбері кеңейе түседі. Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін пролетариат рухани мәдениеттің бар билігін өз қолына алып, халық әдебиетінің дамуына бар мүмкіндік жасай бастады. Мұның өзі социалистік әдебиет мазмұнының идеологиялық негізі болды. Сонымен Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңісі социалистік мазмұнды әдебиеттің тууына мүмкіндік жасады.
В.И.Ленин мәдени революциясыз жаңа социалистік қоғам жасау мүмкін еместігін атап көрсетті. Бұл ретте коммунистік партия көптеген қиындықтарды бастан кешіре отырып, қажырлы қимылмен мәдени революция жасады. Баспа орындарының жұмысын күшейтті, мектеп, театр, радио, кино т.б. мәдени орындардың барлығын халық өз қолына алды да, оны өз игілігіне пайдалана білді, халықтың саяси сана-сезімі өсті, сауаты артты.
Совет өкіметі әйел теңдігі мәселесін де ерекше қолға алды.
Совет жазушыларының халықты коммунистік рухта тәрбиелеу үшін терең идеялы көркем шығарма жазуына толық мүмкіндік жасады. Міне, осындай саяси зор маңызы бар әлеуметтік істер – совет әдебиетінің социалистік мазмұнын айқындауда ерекше рөл атқарды.
Коммунистік партияның лениндік ұлт саясаты халықтар мен ұлттардың ұлы-кішілігіне қарамай теңдікте болуына, мәдени, экономикалық жағынан мешеу қалған халықтарға озық халықтардың жәрдем етіп, қол ұшын беруіне, олардың өзара шынайы сүйіспенділігіне негізделді. Кешегі артта қалған феодалдық-патриархалды Қазақстанның бүгін аграрлы-индустриялы елге айналып, феодализмнен капитализмге соқпастан бірден социалистік құрылысқа көшкен шындығы, міне, осы лениндік ұлт саясатының тамаша жемісі.
Бұл шындық тек Қазақстан ғана емес, Россияның бұрынғы шеткі аймақтарының барлығына да ортақ жай.
Жаңа қоғамның толық жеңуі үшін оның жаңа өндіргіш күштері, жаңа өндірістік әдіс (способ), өндірістік қатынастар (отношение) жасалды. СССР-де қоғамдық дамудың жаңа экономикалық базисі жасалды. Экономикалық жағынан артта қалған Қазақстан сияқты көптеген ұлт республикаларында өндірістің жаңа социалистік әдісі біржола, толық жеңді. Ауылды советтендіру, ауыл шаруашылығын коллективтендіру, елді индустрияландыру мәселелері, завод-фабрикалардың орнап, жаңа техникалық күштердің ауылға енуі, қазақ халқының тұрмысына, санасына, мәдениетіне орасан зор өзгерістер енгізді. Бұл жаңалықтар қазақ әдебиетінің де дамуына әсерін тигізді. Социализмнің жеңуі совет әдебиетінің жаңа социалистік мазмұнын тудырды.
Ұлт буржуазиясының үстемдігі тұсындағы әдебиеттің мақсаты бұқараны ұлтшылдық уымен уландыру, буржуазияның үстемдігін нығайту болса, ал пролетариат диктатурасы тұсындағы ұлт әдебиетінің мақсаты бұқараны социализм мен интернационализм рухында тәрбиелеу болды. Сонымен совет әдебиетінің мазмұны социалистік дейтініміз міне осыдан. Бұл одақтас ұлт республикалары әдебиетінің де мазмұны, өйткені совет әдебиеті көп тілді әдебиет. Көптілді әдебиеттің мазмұнының ортақ, бірегей болатыны – олардың экономикасы, саяси бағыты, мақсаты ортақ, дүниеге көзқарасы бір, әдебиетінің даму жолындағы әдісі бір – социалистік реализм әдісі және олардың эстетикалық идеялары да бір арнаға әкеліп кұяды.
Социалистік мазмұнды совет әдебиеті формасы жағынан ұлттық, өйткені мазмұн әр ұлт әдебиеттерінде өзіндік ұлттық образ, ұлттық ерекшеліктері, тілі, т. б. арқылы жүзеге асып отырады (Ұлттық форма мәселесіне кейінірек, арнайы тоқталамыз).
Айта кететін бір жай бар. Совет әдебиетінің мазмұны социалистік деген қағида теориялық жағынан дәлелденіп, философиялық, саяси, әдеби терминімізде қалыптасып кетті. Бірақ, совет әдебиетінің мазмұны – социалистік деп санау дұрыстыққа келмейді, сыңаржақ деген пікірлер де туып қалып жүрді. Мысалы, А.Бочаровтың «Дружба народов» журналының 1957 жылғы І санында басылған «К вопросу о национальной специфике литературы» деген мақаласында әдебиеттің формасы ғана емес, мазмұны да ұлттық деген пікір айтылады. Ондағы келтіретін дәлелі ұлт әдебиетінде негізінде көрінетін, суреттелетін ұлттық өмірі әдебиеттің мазмұнын айқындайды. «Именно отношение своеобразных черт русской народной жизни, а не русская национальная форма определили национальную специфику толстовского реализма, его народность» деп жазады ол Л.Н.Толстойдың шығармалары турады.
Әрине, қандай болсын бір ұлт жазушысы өз халқының өмірін, оның тіршілігін, әдет-ғұрпын, яғни өзіне тән ерекшеліктерін көрсетуге тиіс. Оны көрсете алмаса, ол реалист жазушы бола алмайды. Сонымен бірге әр ұлт жазушысы өз халқы өміріндегі кейбір ұлтқа тән тақырыпты да көтеруі мүмкін. Айталық «Абай жолы» эпопеясында жазушы қазақ халқының өмір тіршілігін, тынысын кең планда, қомақты түрде реалистік тұрғыдан көрсете білді. Бірақ халық өмірінің сол өзіндік ерекшеліктері шығарманын мазмұны ма? Жоқ. Халық өмірінің шындығы көркем шығарма мазмұнына материал ғана береді. Халық өмірінің сол шындығын әр көзқарастағы жазушы әр түрлі идеялық, эстетикалық талғам тұрғысынан суреттеуі әбден мүмкін. Олай болса, көркем шығарманың мазмұнының өзі осы соңғы тұрғыдан бағаланады емес пе? Ендеше, халық өміріндегі өзіндік ерекшеліктер, халықтың психикасына байланысты, ұлттық формаға белгілі дәрежеде қатысы бар жай. Айталық кейбір ұлттық ерекшеліктері, тіл ерекшеліктері, характер жасаудағы көптеген өзіндік нәр нақыстары бар, М.Шолохов, М.Айбек, М.Әуезов, Янка Купала, А.Упит, Самед Вургун, Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Л.Киачели т.б. әр халықтың ақын-жазушыларының шығармалары формасы жағынан әр алуан болғанмен оларды бір-бірімен жақындастыратын, бәріне ортақ олардың шығармаларының идеялық бағыты, эстетикалық талғамы, яғни социалистік мазмұны. Егерде Бочаровтың пікіріне жүгінсек, бұл жазушылардың барлығының да шығармаларының түрі де, мазмұны да ұлттық. Олай болса, әр халық жазушыларының шығармалары біріне-бірі байланыссыз, ортақ жайлары жоқ болып шығады. Оның ақиқатқа келмейтінін өмірдің өзі көсетіп отыр.
С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлары» (1920) атты пьесасы революциялық күрес туралы жазылды. Қазірде бұл пьеса Сәкеннің творчествосында ғана емес, қазақ совет әдебиетіндегі алғашқы революциялық драма»I екендігі дұрыс бағаланып жүр. Бірақ 20-шы жылдардың басында байшыл-ұлтшыл жазушылар, сыншылар бұл шығарманы ұлтшылдық тұрғыдан бағалап, пьесаны жоқ етуге тырысты». «... Бұл қазақ пьесасы болып саналуы мүмкін емес... Геройлары түгелімен бір-ақ кісі болудың үстінде, оларда қазақтан ешбір белгі жоқ. Қазақтан кірген, артқы өмірі көмескілеу бір тип Ахметқали болса, ол мазақ есебінде көрсетілген, орынсыз қалжақ-сықақтың қолжаулығы болған.
Қазақ өмірін көрсетпек болған ақырғы бөлік қазақ өмірі жайындағы Сейфуллиннің қиялы болмаса, оның өмірі емесII, – деп жазды олар.
Бұл пьесада Сібірдегі Колчак үстемдігіне қарсы күрес жүргізген көптеген (Байділда, Еркебұлан, Нестеров, Лозовой, Ахметқали т.б.) революционерлердің бейнесін, идеялық бағытын түсінгісі келмегендігі айқын көрініп тұрды. Олардың көркем шығарманың ұлттық қасиетін тек қазақ өмірінің тар көрінісінен ғана іздеушілігі методологиялық жағынан қате еді. Ұлттық шығарма болу үшін көркем шығармада ұлт өмірі көрінуі қажетті шарттардың бірі, бірақ бірден-бір міндетті шарт бола алмайды. Өйткені көркем шығармадағы суреттеліп отырған ұлт немесе халық тұрмысы нағыз ұлттық шығарма болуына кепіл бола алмайды. Ұлттық шығарма болу үшін ол ең алдымен халықтық шығарма болуы шарт. Орыстың XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жазушыларының басқа ұлт өмірінен жазған көркем туындылары толып жатыр. А.С.Пушкин өзінің «Цыганы» поэмасын цыгандар өмірінен, М.Ю.Лермонтов «Мцыри» поэмасын Грузия өмірінен алып жазды. Алайда бұл шығармалар әр халықтар мен ұлттар өмірінен алынып жазылғанына қарамастан орыс әдебиетінің көркем туындылары болып саналады. Өйткені бұл шығармаларда халық өміріне жазушылар орыс халқының көзқарасы тұрғысынан қарайды. Осы шығармалардан жазушының өзі арқылы орыс ұлтының рухы сезіледі. Олай болса қандай бір көркем шығарманың ұлттығы сол ұлттың өмірінен алынуы, сол ұлт адамдары ғана кейіпкер болуы керек деген ұғым ұлттық тар шеңберде қалуға мәжбүр етеді, идеялық та, методологиялық та теріс бағытқа әкеліп соқтырады.
Бұл ретте Г.Ломидзенің мына пікірін қоштауға болады: «Содержания не кончается жизненным материалом, а начинается с осмысления этого материала. Содержание обязательно включает в себя момент идейного отношения к явлениям, наличие определенного и эстетического идеала. Материальная основа содержания в большинстве случаев национальна, национальны жизненная обстановка, характер, нравы и т. д. обрисованные в произведениях национальных литератур. Но освещено все это светом нашей коммунистической идеологии, светом идеи марксизма-ленинизма. Единство двух моментов-идейного отношения к действительности вместе с предметом изображения – образует основную суть содержания»1.
Әрбір халықтың өмірінде өзіне ғана тән ұлттық ерекшеліктердің бар екендігі даусыз. Бұл қоғамдық формацияда қатар өмір сүріп келе жатқан социалистік ұлттар әлі күнге дейін өзінің ұлттық ерекшеліктерінің кейбір жақтарын сақтап келеді, әлі де сақтай береді. Бір ғана ескеретін жай, халық тұрмысындағы әдет-ғұрыптардың барлығы бірдей ұлттық ерекшелік болып санала бермейді және халық ең озық ұлттық ерекшеліктерін ғана сақтайды. Ол ерекшелік дүние жүзілік мәдениеттің алтын қорына қосылады. Сонымен Бочаровтың совет әдебиетінің социалистік мазмұнын ұлттық мазмұн деп атау керек деген қағидасы теріс екенін атамасқа болмайды.
IV
Социалистік реализм әдісімен дамыған совет әдебиетінің социалистік мазмұнына формализм, схематизм, натурализм дегендердің қай-қайсысы болса да жат, табиғаттары қарсы. Өйткені бұлардың барлығы да әртүрлі жолдармен өмір шындығын бұрмалауға әкеліп соқтырады. Бұлардың қай-қайсысы болмасын әдебиеттің социалистік мазмұнының айқын, жарқын көрінуіне кеселін тигізеді, олай болса әдебиеттің таптық, партиялық позициясын көмескілеп, күңгірттендіріп жібереді. Бұл толып жатқан «измдер» негізінде буржуазиялық әдебиеттердің табиғатына тән құбылыстар, өйткені олар халық өмірін реалистік тұрғыда көрсетпейді, көбіне форма қуып, өз үстем табының мақсатын көздеп натурализмге, схематизмге әдейі апарып соғады.
Формализм, натурализм искусствоның мазмұн мен формасын бөліп қарайтын, реалистік бағытқа қайшы әдіс. Формалистер әдебиеттің формасын мазмұнынан бөліп тастайды да, искусство дегеннің өзін тамаша форма деп түсінеді. Көркем шығарманы бағалауға келгенде, олар оның мазмұнына емес, құлпырған тамаша формасы арқылы бағалайды. Сонымен қатар көркем шығарманың идеялық, тәрбиелік маңызын мойындамайды. Совет әдебиетінде жаңа форма мазмұнды айқын жеткізу үшін керек екенін, оның өз алдына жеке дара, таза формалық мақсаты жоқтығын жоғарыда айттық. Алайда, совет әдебиетінде, оның бір тармағы қазақ әдебиетінде де, формализм мен натурализм элементтері көрінбей қалған жоқ. Сол сияқты схематизмге ұрынушылық та болып келді.
Қазақ даласына жаңа техника еніп, ұшқан құстың қанаты, жорытқан аңның тұяғы батқан құлазыған сар далаға болат темір жол салынып, поездар жүрген, тракторлар келе бастаған, жаңа қалалар орнап, завод-фабрикалар салынған сияқты орасан зор өзгерістердің бәрі адам психологиясына әсер етпей тұра алмады. Бұрын- соңды болмаған жаңалықтар ақындар жүрегін толқытпай, шабытын қанаттандырмай тұра алмады. Бұл жаңалықтар ақын жүрегінен жыр болып төгіліп жатты. Олар жаңа құбылысты жаңаша жырлау керектігін де білді. Поездың екпінді жүрісі, завод-фабрикадағы станоктардың ырғағы қазақ поэзиясының бұрынғы бар ырғақтарына, өлең өлшемдеріне сыймай, сай келмей жатқанын да жақсы түсінді. Сондықтан да жаңа құбылысты жаңаша жырлау мәселесі 20-жылдардың өзінде-ақ әдебиеттің басты міндеті болды. 20-жылдары жазылған Сәкен Сейфуллиннің «Советстан» атты поэмасы совет дәуірінің ерекше қарқынмен ілгері басқанын, жаңа өмірді экспрестің заулаған қарқынымен теңестіріп, осы жаңа замандағы болып жатқан ұлы өзгерісті, жаңалықты ақын жаңа формада жырлайды:
Достарыңызбен бөлісу: |