Өлең тілі, ойы бірге қандасым, Қызық думан, тойым бірге жан досым. Алатаудың сарқыраған мөлдірін Қатар іштің, араласып мал, басың.
Өзбек ақыны Ғ.Ғұламның:
Батыр халық, ер қазағым, сәлем өзбек еліңнен Аясында қызыл тудың туыстастық сенімен Бір үнлі жан секілдіміз, тымысымыз бір алған, Қазанымыз ортақ біздің, ошағымыз бір жанған. – деп қазақ халқымен шын достық ниетін сездіреді. Міне халықтардың достығы нығайып, бір-біріне туысқандық құшағын жайып, жәрдем қолын ұсынып отырған дәуірде, бірінен-бірі үйреніп отырған кезеңде бір ұлтта бар сипаттар екінші бір ұлтта болуы әбден заңды. В.Назаренко «Черты русского стиля»I деген мақаласында СССР-дегі халықтардың Ұлы Октябрь революциясынан кейінгі дәуірде психикалық пішіндерінің өзгергенін дұрыс айта келіп, «біздің дәуірімізде орыс характерлерінің идеалы советтік характер идеалына сай келеді» – деп жазды. Әсілі орыс халқының емес, бүкіл совет халықтарының идеалы коммунистік характердің идеалына сай келеді. Жоғарыда айтылған жайлардан кейін қазірде көп ұлттарға ортақ коммунистік дәстүрдің пайда болып келе жатқанын ескермеген адам ғана, әр халықтың революцияға дейінгі дәуіріне тән «ұлттық ерекшеліктерді» талап етеді. Оның үстіне біздің елімізде езуші таптың жойылып, өзарадостық құшағы айқасқан, тілек-мүдделері жарасқан жұмысшы мен шаруа табының өмір сүріп отырған шындығы бар. Әр халықтың психикалық пішінінің жақындасуына сөз жоқ бұл да белгілі дәрежеде әсерін тигізбей қоймайды. Достық, патриотизм, ұйымшылдық, таза озық моральдық сипат, жаңашылдық сияқты тағы басқа толып жатқан жақсы қасиеттер СССР-дегі барлық ұлттар мен халықтарға тән құбылыстар. Осы жайлардың барлығы СССР халықтарының психикалық пішіндерінің бұрыннан қалыптасқан, озық дәстүрлерінің ерекшеліктерін дамыта түсумен бірге жаңа, ортақ ерекшеліктер тудырады. Әрбір әдебиеттегі, кейіпкерлердің ұлттық бейнесін талдағанда, әсіресе, оның ұлттық психикалық сипатын анықтағанда ең әуелі оның өмір сүрген дәуірінен, ортасы мен тарихи әлеуметтік қоғамдық формациясынан бөліп алмай, сол ортаға қаншалықты типті деген тұрғыдан қарау шарт. Мысалы, Абай, Базаралы, Дәркембай, Асқар, Ботакөз, Байжан т.б. қазақ халқының психикалық пішінін жинақтап, топтастырып көрсеткен, нағыз шынайы образдар деп санаймыз. Алайда олардың қазақ халқының бүгінгі күнгі ұлттық бейнесі емес, XIX ғасырдың екінші жартысындағы дәуірге тән ұлттық бейнелер. Бүгінгі социалистік қазақ ұлтының өкілдерін, Абайдың, Базаралының, Байжанның өзімен де салыстыруға келе бермейді. Өйткені, социалистік ұлт өкілдерінде Абайлардың озық дәстүрлермен бірге жаңа қоғамдық құрылыс тудырған Жаңа дәстүрлер бар. Жаңа дәстүр жаңа дәуірдің ғана жемісі. Типті образдарды типті жағдай ғана тудыратын тарихи шындықты мойындасақ, олардың пішіндері де сол типтік жағдайға орай дамып өзгеріп отыратынын да мойындаймыз. Қазақ совет әдебиетіндегі бүгінгі социалистік шындық туралы жазылған шығармалардың кейіпкерлерін біз жоғарғыдай әлеуметтік типтерге бөлмейміз. Өйткені социалистік қоғамда қарама-қарсы бір-біріне ымыраға келмейтін таптар жоқ. Мақсат, мүдделері қабысқан, достық негізде өзара туыстық тапқан жұмысшы мен шаруалар табы ғана бар. Көп ұлтты совет әдебиетін тұтас алғанда біз әр ұлттық әдебиеттерде ұлттық образ туатындығын айтамыз. Бұл ұлттық кейіпкерлердің барлығы да совет адамдары. Сондықтан да әр бір ұлт кейіпкерлерінің ұлттық бейнесін даралай отырып, олардың бәріне ортақ типтик жағдай бір болғандықтан да қазақ ұлтының немесе өзбек, орыс ұлттарының типі демей, совет адамдарының типі деген терминді аламыз. Совет адамдарының типін аз көлемде, тар шеңберде түсінуге болмайды. Әрбір ұлт кейіпкерлерінің ұлттық характері, озық дәстүрлері совет адамдарының типтік бейнесін жан-жақты, қомықты етін көрсетеді. Типтік жағдайдың өзі де алуан типтік характерлер жасайтыны белгілі. Былайша алғанда әр түсті, әртүрлі сабақты жеке гүлдерден үлкен жақсы бір шоқ гүл жасауға болады ғой. Сондай-ақ өзіндік ерекшелігі бар жеке гүлдер сияқты кейіпкерлерді жазушы жинақтап келіп, совет адамдарының тамаша бейнесін жасайды. Бұл ұлттық образдар өздерінің формасы жағынан дараланғанмен, мазмұны жағынан бір тұтас, бірегей социалистік бейне болып саналады.