Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М


III ТАРАУ ӘДЕБИЕТТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІНЕ ТІЛДІҢ ӘСЕРІ



бет17/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ

III ТАРАУ


ӘДЕБИЕТТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІНЕ ТІЛДІҢ ӘСЕРІ

Тіл адамдардың өзара қарым-қатынас жасайтын, көңілдегі ойды жарыққа шығаратын құралы екені белгілі. Олай болса адамзат өмірінде тіл үлкен роль атқарады. Жеке-дара нәрселерді, құбылыстарды жинақтап жүйелеп айту түріне адам осы тіл арқылы ғана жетті. Өмірдегі толып жатқан құбылыстарды барынша қамту тілдік жинақтағыш (обобщение) қабілетіне байланысты екені де түсінікті жай. Егерде тіл болмаса әр бір жеке затқа, түрлі құбылыстарға ат қойылып, сипатына анықтамалар берілмес еді және оны есте сақтау да мүмкін болмас еді. Мысалы, бір затты немесе құбылысты кісі көрмей тұрып-ақ атын атап, сипатын белгілеу арқылы түсінуге, көз алдына елестетуге мүмкіндік туады. Міне, мұның бәрі тілдің құдіреті.


Маркстік-лениндік ғылым тіл мен ойды бір-бірінен бөліп алып қарамайды. Бұл екеуі бірге шықты, бірге пайда болды. Белгілі бір ұлт тіліндегі сөздер жеке-жеке тұрғанда толық мағынасындағы ұлттық форма дәрежесіне жете алмайды. Және де дара тұрған сөздер бейне бір дара тұрған кірпіш тәрізді. Жақсы үй салу үшін әуелі оның архитектоникасын белгілегі алу керек, содан кейін оны жіптіктей етіп жымдастырып қалай білу керек. Сол сияқты жазушы да әуелі шығарманың жалпы сюжеттік құрылысын, идеялық бағытын, т.б. белгілі шамада құрып алып, жеке сөздерді өзара жымдастыра, қабыстыра байланыстырады. Жеке сөздер топтасып келіп көрікті бір ойды түйіндейді. Жеке сөйлем мүшелерінен құралған сөздер белгілі бір грамматикалық құрылыс арқылы жасалады. Әрине, көркем шығармадағы кейіпкер тілінің грамматикалық құрылысын ескермей кетуге болмайды. Әдебиеттің ұлттық ерекшелігінің көрінуінде оның да белгілі дәрежеде атқаратын рөлі бар. Алайда бұл бірден-бір шешуші фактор емес. Тілдің ұлттық форма болып саналатын жайын сөз еткенде біз халықтың белгілі бір ойды жеткізерде қолданылатын көркем ойлау ерекшелігіне ерекше зор мән-мағына береміз.
Тілсіз исскусство жоқ. Көркем әдебиетті былай қойғанның өзінде, музыкада, живопись те белгілі «тіл» арқылы танылады. Бірақ исскусствоның бұл салалаларындағы тіл – көркем әдебиеттегіден өзгеше. Музыкада белгілі бір ой, түйін – үнділік, ритмдер жиынтығы арқылы, живописте түрлі бояулардың жиынтығы арқылы жүзеге асса, көркем әдебиеттің тілі – жеке сөздердің белгілі бір ойды, түйінді беретін жиынтығы. Біздің сөз етпегіміз жалпы искусство тілі емес, көркем әдебиет тілі және оның әдебиеттің ұлттық ерекшелігін айқындаудағы орны, ролі туралы болмақ.
Әдеби тіл көркем шығарманың басты құралы екендігі туралы даулы пікір туған емес, тууы мүмкін де емес. Өйткені тілсіз әдебиеттің өзі болмайтыны ақиқат. Ал тіл ұлттық әдебиеттің ерекшелігін айқындайтын фактор екендігі туралы әдебиет зерттеушілері мен сыншылардың арасында бір қыдыру дау тудырып келеді. Негізінен алғанда, бұл даулы пікір мынандай: жалпы ұлттық форма дегеннің өзі советтік искусствоның шын мәнісін түсіне алмаған кейбір, артта қалған сыншылардың пікірінше ұлттық форма деген жоқ, ұлттар әдебиетінің айырмашылығы тек тілінің әртүрлілігінде ғана, онда да тіл өзгешелігі уақытша нәрсе. Сөйтіп, олар ұлттық форма деген мәселені ұлттық тілмен бірге әдебиет теңізінің жиегіне ысырып тастады. Бірақ мұндай бір жақты, теріс, тіпті, зиянды пікір уақытында тиісті тойтарыс алып, сыналып отырды.I
Совет Одағы Қоммунистік партиясының программасында ұлттық тілдің болашағы туралы былай деп белгіленген: «СССР-де коммунизм жеңісіне жеткен жағдайда, ұлттар бұрынғыдан да күшті жақындасады, олардың экономикалық, идеялық бірлігі артады, рухани бейнесінің ортақ, коммунистік сипаттары дамиды. Алайда ұлт айырмашылығының, әсіресе, тіл айырмашылығының өшуі таптық шекаралардың өшуінен гөрі анағұрлым ұзағырақ процесс»II.
Ал, екінші бір сыншы, әдебиетшілер әрбір ұлт әдебиетінің ұлттық ерекшелігін тек қана сол ұлттың тілі деп санайды. Әрине, әдебиеттің ұлттық ерекшелігі тек қана ұлттың тілі арқылы көрінеді десек бұл да біржақты ұғым болар еді. Бұл жөнінде бірсыпыра ғалым, сыншылардың пікірлері бар. Проф. М.ӘуезовIII, Г.ЛомидзеIV бұл екі пікірдің екеуі де ғылыми тұрғыдан қарағанда шындыққа дәл келе бермейтінін айтады. Егерде тіл әдебиеттің ұлттық ерекшелігінің бірден-бір жеке дара белгісі болатын болса, кейде бір ұлт жазушысының шығармасы екінші бір ұлттың тіліне аударылса болды, ол өзінің бұрынғы ұлттың әдебиетінің қасиетінен айырылып, сол аударылған тілдің әдебиеті болып шығуы керек болар еді. Қазірде әрбір ұлттар әдебиетінің озық туындылары СССР-дегі халықтар тіліне аударылып келеді. Мысалы, орыс әдебиетінің классикалық шығармалары (Л.Н.Толстой, А.С.Пушкин, И.А.Крылов, Н.В.Гоголь, М.Горький т.б. шығармалары) қазақ тіліне аударылғанда олар қазақ оқушыларына қазақ тілінде оқылатындығынан орыстың ұлттық шығармасы болатын қасиетін жойып алған жоқ. Сол сияқты қазақ жазушылары мен ақындары: М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Т.Жароков, т.б. шығармалары орыс тіліне аударылғанда қазақтың ұлттық шығармасы болатын қасиетінен айырылған жоқV. Жақсы аударылған ұлттық туындылар қай тілде тұрса да өз ұлтының ерекшелігін айқын көрсете алады.
Халықтар әдебиетінің тарихына көз жіберсек, белгілі бір ұлт жазушылары түрлі жағдайларға байланысты көркем шығармаларын өзінің ана тілінде емес, өзі жақсы білген екінші бір ұлт тілдерінде жазған. Мысалы, украин халқының ұлы кобзары Тарас Шевченко өзінің алғашқы шығармаларын орыс тілінде, башқұрттың классик жазушысы Мәжит Ғафури да башқұрт әдебиетінің тарихында елеулі орын алған белгілі шығармаларының көбін татар тілінде жазған. Мұндай мысалдарды әр ұлт әдебиетінен көптеп келтіруге болады. Қазақ әдебиетінде де Б.Момышұлының «Біздің семья», «Артымызда Москва» атты повестерінің орыс тілінде жазылғанын білеміз. Бірақ, осы жазушылардың қай-қайсысының болсын шығармалары өз ана тілінде жазылмаса да, жазушы өзі туған ортасының, халқының ұлттық туындысы болып саналады. Бұл шығармалар тілі жағынан ұлттық емес, бірақ көркем ойлау поэтикасы, кейіпкерлерінің характері, өмір-тұрмысы, уақыт, белгілі жергілікті колориті жағынан ұлттықI болып келеді. Сонымен белгілі, бір ұлт тілінде жазылған шығармалар тек сол тілде жазылғандығынан ұлттық шығарма болып кете бермейтінін көреміз. Шын мағынасындағы ұлттық шығарма болу үшін оның ана тілінде жазылуы, кейіпкерлердің ана тілінде сөйлеуі бірден-бір, жеке даралық шарт емес. Жазушы ұлт тілін тамаша біле тұра, бірақ сол ұлт тілінде нағыз ұлттық қадір, қасиеті бар шығарма жаза алмауы әбден мүмкін. Өйткені тіл ойды білдіретін құрал, образ, характер жасайтын құрал, бірақ сол ойдың немесе сол образ бен характердің өзі емес, олардың орнын баса алмайдыII. Бұған қай халықтың ұлттық әдебиеті тарихынан болса да көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, қазақ тілінде жазылса да, қазақтың ұлттық әдебиетінің туындысы бола алмайтын шығармалар аз емес. Оның себебі неде? Оның себебі шығарманың мазмұнының жаттығында. Олай болса халықтың идеялық-эстетикалық талғамы, рухани мазмұнына қайшы келген, халықтың ойы мен арманын, өмірінің тарихи дамуын реалистік тұрғыдан революциялық даму процесінде көрсетпесе, ұлт тілінде жазылғанына қарамастан ол ұлттық қазынаның алтын қорына қосыла алмақ емес. Ұлт тілінде жазылғанның бәрі бірдей ұлттық шығарма бола алмайтыны да осыдан. Бұл мәселенің бір жағы. Мәселенің екінші жағы – ол тілдің көркем шығарманың ұлттық ерекшелігін айқындайтын басты бір белгі, қасиет екендігі. Біз тілді ұлттық ерекшелікті айқындаушы бірден-бір, жеке-дара қасиет деген пікірден аулақпыз да, ең басты белгілердің бірі деген пікірді мақұлдап баса айтамыз.
Біз жоғарыда халықтың ойлау ерекшелігі тілі арқылы жүзеге асып отыратындығын айттық. Жақсы көрген бір нәрсесін екінші бір нәрсемен салыстыру – жалпы ойлау жүйесі жетілген тек адамзатқа тән қасиет. Алайда халықтардың сол салыстыру, теңеулерінде не болмаса образды ойлауларында бір-біріне ұқсамайтын өзгешеліктер болып отырады. Мұның себебі де белгілі. Әр халықтың психикалық пішіні қоғамдық даму процесінің кезеңдеріне орай өмір тіршілігіне байланысты қалыптасса, ол тіршілік қаншалықты алшақ болса, образды ойлаулары да соншалықты ерекше болады. Өмір құбылысын әр халық өзіне тән көркемдік ойы арқылы қабылдайды. Бірдеңені ұғындырғысы, суреттегісі келсе, әр халық өзінің күнделікті өмірінде көзбен көрін, қолмен ұстап жүрген үйреншікті құбылыстарға байланысты айтады да, оның өзі сол халықтың санасынан мықтап орын алады. Әр ұлттың өзіндік психикалық пішінінің бір өзгешелігі сол ұлттық немесе халықтық ойлау ерекшеліктеріне байланысты, ал ол ерекшелік ұлт тілі арқылы жүзеге асып отырады. Ұлттардың, халықтардың өзара ерекшеліктері олардың ұғатын мазмұнының әр түрлілігінде емес, бір мазмұнды әр ұлт өзінің ұлттық психикалық пішінінің тұрғысынан ұғуымен салыстыра бейнелеуінде. Бұл жай, ең алдымен, әр ұлттың тілінен айқын көрінеді. Сондықтанда бір ой немесе белгілі бір мағына әр ұлт тілінде әр түрлі айтылуы мүмкін. Мысалы, болмашы бір нәрсені сонша дамытып, өсіріп айтатын ойды қазақ «түймедейді түйедей етті» деп айтса, орыстар «из муха делает слона» (шыбынды пілдей етеді) дейді.
Ұлттық психикалық сипат халықтың көптеген жылдар бойғы тарихи дамуының арқасында қалыптасатын болса, сол халықтың ойлау ерекшеліктері де осындай көптеген жылдар бойғы тарихи дамуымен байланысты. Олай болса бұл мәселе туралы сөз қозғағанда оны халықтың тарихымен өмір-тіршіліктерінің ерекшеліктерімен, түрлерімен байланыстыра зерттеуді керек етеді.
Өткен тарауда біз қазақ халқы ертеде жер шаруашылығымен некен-саяқ жағдайда болмаса, негізінен мал шаруашылығымен айланысты дедік және мұның тарихи, экономикалық себебіне тоқталдық. Бұл жерде оны тағы да қайталап жатудың қажеті жоқ. Қандай бір халықтың болса да әдебиеті мен мәдениетінде сол тіршілік, күн көрісінің, наным-сенімдерінің сәулесі айқын сезіліп отырады. Қазақ халқының тіршілігінде төрт түлік мал ерекше орын алды. «Халықтың заттық өндірісінің негізгі түйіні (сфера) көшпелілердің еңбегі сіңген көшпелі малшаруашылығы үстем болып тұрғанда, халық санасына ол өзінің сәулесін түсірді»I.
Жылқыны ердің қанаты санаған қазақ халқы бір жақсы атсыз тұра алып па еді? Күн көрісін былай қойғанда олардың ойыны да, сауығы да бір жағынан жылқыға байланысты болатын. Көкпар тарта ма, бәйгеге шаба ма, сайыса ма, жерден теңге ала ма, қыз қуа ма – осының бәрі жылқы малына байланысты.
Кімде-кімнің аты белді болса, жүйрік болса соның мерейі үстем болады, жүлдені сол алады. Жүйрік ат жігітке атақ әпереді, қой аузынан шөп алмайтын момын жігіттердің тақымы жүйрік атқа тисе бойына желік бітіп кететіні де тегін емес-ті. Сондықтан да халық Тайбурыл, Байшұбар, Тарлан, Қарақасқа ат сияқты жүйрік тұлпарлардың образын жасады. Сондай аты болуын арман етпеген қазақ болмаған шығар. Жылқы қазақ халқының тұрмысында үлкен рөл атқарғандығы үшін де жағымды бейнеге ие болады.
Белес-белес белдерді, құлан өтпес шөлдерді басып қазақтың азын-аулақ дүниесін тасыған, шөлдеу, шаршау дегенді білмеген, сүтін шұбат, шудасын шекпен, жүнін күпі, етін ас еткен түйенің бағасы да қазақ үшін жылқыдан кем емес-ті. Сиыр, әсіресе, қой-ешкі малдарының да қазақ өмірінде орны бар. Бүкіл өмірі, тіршілігі негізінен осы малға байланысты болған қазақ халқы қол бала малдарының жасына қарай, түс-таңбасына, түрлеріне қарай мінездеріне қарай т. б. бөліп ат берген (жас жағынан алғанда түйе-бота, тайлақ, құнанша, дөнежін түйе (дөнен түйе) т.б. жылқы: құлын, жабағы, тай, құнан, дөнен, бесті, т.б. қой; қозы, марқа, кебе, көпей тоқты, құнан қой, сек, азбан деп аталса жыныс жағынан: түйе - құнажын түйе, інген, буыршын, бура, атан; жылқы-құнажын, дөнежін, бие-бай тал, құнан, дөнен, бесті ат, саяқ ат, айғыр; қой-тұсақ, саулық, қошқар, тоқты қошқар, қой, сек т.б. деп бөлінген). Сол сияқты олардың түс таңбалары да белгілі атаулармен аталады. Мысалға жылқының өзін алсақ: ала, қара, құла, қызыл, боз, бурыл, шабдар, шұбар, күрең болып келеді, енді осы түрінің үстіне қасқасы болса ол қосыла айтылады. Мысалы, қара қасқа, боз қасқа т.б. Төрт түлік малға байланысты жынысы, жасы, түрі туралы атауларды біз өте қысқа күйінде мысал ретінде ғана алып отырмыз. Міне, осы төрт түлік малдың мінез-құлқы, жақсылық-жамандық қасиеттерінің барлығы осы күнде араласып отырған халықтың тілімен бірге көркемдік ойлауына да әсер-ықпалын тигізбей тұра алмайды. Мұның мысалын біз қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларынан көптеп кездестіреміз.
Мысалы:
Гүлбаршын сұлу айдай боп,
Қысыр емген тайдай бопI
Құнан қойдай бой тастап,
Бәйге атындай ойқастапII
Қолаң шашты, қой көздіIII
Танадай көзі жарқылдапIV
Жүйрік аттай ойқастапV
Құнан қойдай бой тастап


деген үзінділерден қазақ халқының әдемілікті, сұлулықты бейнелегенде өзінің күнделікті өміріндегі кездесетін малының асыл қасиеттерімен салыстырған. Қысыр емген тай жүнін ерте түсіреді, өзі ересек, қоңды, сұлу мүшелі болады. Сол сияқты бәйге аты да елең қағып, ойқастап жақсы мінез көрсетеді, қой болатын болса құнан кезінде толысып, өсіп жетіледі. Міне әр малдың бойындағы әдемілікті, сұлулықты қазақ өзінің жақсы деген, сұлу деген қызына теңеу еткен.
Ал, ер, азамат, батыр жігіттерін олар көбіне былай деп сипаттаған:


Батыр туған Қоблан нарI
Қоспақ нардай күрілдепII
Құрсаулы қара нар келіп
Қарсы қарап шабындыIII
Жалғыз ұлы бар еді,
Жарап жүрген нар едіIV
Шегінісіп қошқардайV
Қарағым менің нар еді
Іздегені ар едіVI




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет