Қорада қойлар қорқулы,
Мөңіреп сиыр, көк теке
Бақылдайды, у-шулы...
Алдыма от, ала келеңкеII.
Енді бір өлеңінде:
Тәңір-ау, неге болам мәз,
Талпынған өрге күн өттіIII.
Азамат соғысы кезінде ақын революция ісіне тікелей қолына қару алып араласып, оның нақ ортасында жүрмегенмен бүйірі осы революцияға бұрып тұрғанын, іштей социалистік революцияның жеңісін тілеп отырғанын байқау қиын емес. «Тәңір-ау, неге болам мәз» деп сол революция жеңісінің шынымен тұрақтай алмағаны ма? деген өкініш, қынжылысты сездіреді. Кейде ақын:
Қуандырған жасыл жаз,
Қуарды. Бітті. Күз жеттіIV, –
деп революциялық жеңістен айрылып қалдың деп, байлам да жасап қояды.
Қазақ жазушыларында мұндай күйге түскен ақын бір ғана Ілияс емес-ті. Сол кезде жаза бастаған Сәбит Мұқанов өзінің «Шығар күнді» деген өлеңін Сибирьді, Қазақстанның кейбір аймағын Колчак үкіметі билеп тұрғанда Совет үкіметін арман етіп жазады. Талай жылғы қанау – қақаған қыс тәрізді әбден мезі етеді. Ақынның «нұрландырып шығар күн!» деп тілегені – социалистік революцияның жеңісі болатын.
1918-20 жылдары совет өкіметі революцияның жеңісін баянды ету үшін мәдениет саласындағы жұмысты қайта жүргізуі керек болды. Ол үшін бұрынғы мәдени мұраларды пайдалану, әрбір ұлттардың мәдениетін өркендету туралы бірнеше тарихи қаулылар, декреттер жариялап, оны іске асыру мәселесі жедел қолға алынады. Қазақ сияқты езілген еңбекші халықтарға саяси және мәдени өмірге еркін араласуға тұңғыш рет мүмкіндік болады. Алайда, талай жылдар үстемдік жасап келген қанаушы тап өкілдері тап ретінде бірден жойылып кетпейді. Буржуазия идеологтары революциялық бастамаға барынша қарсы тұрып, қолдарынан келген кедергілердің барлығын жасап бақты. Сөйтіп, идеология майданындағы күрес барынша өткір сипат алды. Осындай сын сағатта буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар бұрынғы хандық дәуірін көксеп, революциялық рухтан шошына, сескене жырласа, Сейфуллин сияқты ақындар революция күнін құшақ жайып қарсы алумен қатар, шын ықласпен толғады. Ал бұрынғы демократиялық бағытта жазып жүрген С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Б.Майлин сияқты ақындар ұлтшылдық қателерге ұрынып, кейде үнсіз қалып отырса, Ілияс Жансүгіров әлеуметтік мәселелерге тікелей араласа алмады.
Шетел интервенттерінің контрреволюциялық әрекеттері талқандалып, азамат соғысы аяқталғаннан кейін совет өкіметінің біржола орнағанына көзі жеткен ақындардың бойына ерекше қуаныш дариды.
Осы жерде бір еске алатын жәй, Сәкен Сейфуллиннің «Жас қазақ марсельезасы» (1919 ж.) болмаса, қазақ әдебиетінде Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңісін еш жалтақтамай, батыл түрде ашық айта бастаған кезең, сол азамат соғысының жеңісінен кейін, яғни 1920 жылдар болды. Ілияс Жансүгіров «Арыным» деген өлеңін дәл осы жылы жазады.
Алқынамын, басылмайды арыным,
Тау селіндей екпін қайрат,
сарыным.
Жарлы-жалшы, жақыбайды
жарылқау
Жандағы ауру, жүректегі
жалынымI, –
дейді. Өлең революциялық рухта жазылған. Ақын мұнда «Семсер ұрып, ақ найзаны үзіспей» тынбайтын, қашан жауды жеңгенше қалың қайратты жұмсайтын кезең екенін ашық айтады:
Арылтамыз аспанды аршып
тұманнан,
Тазалаймыз жерді жонып жуаннан.
Тапсыз тату, мерекелі, өнерлі,
Ел жасаймыз еңбегіне қуанғанI.
Міне, ақынның ендігі мақсаты осындай айқын, жолы сара. Бұл шумақта ол тек «мен» емес «біз» болып, көп болып жұмылып күресу керектігіне де мән береді. Өлеңнің «Арын» деген атының өзі де жаңа леп, жаңа екпінді байқатады.
Сонымен Ілиястың «Арыным» атты өлеңі ақын поэзиясының жаңа мазмұнға, революциялық идеяға ашықтан-ашық келгендігін көрсетеді. Бұл Ілияс творчествосының идеялық жаңа бет бұрысы еді. Мұндай жарқын оптимизм, жігерлі күш, революциялық пафос тек Ілияс Жансүгіров творчествосында ғана емес, ол іргесін қаласа бастаған қазақ совет әдебиетінің жаңа сапа, тың тынысын анық байқатады. Біздің бұл сөз еткеніміз ақын творчествосының идеялық мазмұны. Ал, көркемдік формасына келсек, Ілиястың бұл жылдардағы ақындық өнері туралы әдебиетшілерімізде әртүрлі пікірлер болып келді. Ілияс Жансүгіровтің 1958 жылы шыққан өлеңдер мен поэмалар жинағына жазған алғы сөзінде Қ. Бекхожин: «Ілиястың 1915-16 жылдары жазған өлеңдері әлеуметтік мәндерімен, тарихи бағалы болуымен қабат, бұл ерте жазылған тұңғыш шығармалары өзінің көркемдігімен де, сұлу сыршылдығымен де өте қадірлі», - дей келіп, Ілиястың біз атап кеткен өлеңдерінің аттарын атап, бұл шығармаларды «нәзік үнді, лебізді, сұлулық, сыршылдық жағынан біздің поззия тарихынан келелі орын алатын тамаша шығармалар»II, – деп жазды. Ал, Әбділда Тәжібаев «Өмір және поэзия» деген кітабында Ілияс поэзиясын шартты түрде үш басқышқа бөледіIII.
Біздің сөз етіп отырған Ілияс поэзиясының алғашқы шәкірттік кезеңін Ә. Тәжібаев: «Ілиястың өзін таппаған, өзгелерге көбірек ұқсайтын тұсы» деп қарайды.
Бұл жерде айта кететін бір жай, осы жылдағы творчествосы туралы Ілиястың өзі: «1916-1917 жылдан маған жазуға ынта туды. Оған себеп – сол кездегі қазақ әдебиетінің әсері болды. Әсер, әсіресе, Абайдан жұқты. Абайға еліктеу пайда болды. Абайша бірдемелер (балдырған) жазуға талпынсам да ештеңе шығара алмадым ғой деймін»,IV – дейді. Біз де жоғарыда, ақынның 1915-16 жылдары жазған өлеңдерінің идеялық бағыты Абай арнасында болғанын айттық.
Ілияс бұл жылдары тек идеялық емес, көркемдік жағынан да Абай салған өрнектерді, айқыштарды бірде қайталап, бірде оны өзінше беруге тырысып отырады. Мысалы: Ілиястың «Көңілдің жүгірісі» деген өлеңіндегі:
Я мақтамай, боқтамай,
Бәрін дос деп бекер жүр.
Жақын көріп ақтамай,
Алаңдықпен шекті өмір.
Кейде жалын, кейде шоқ,
Кейде ынтық, кейде жоқ.
Кейде жаяу, кейде атты
Кейде баяу, кейде оттыI, –
немесе «Алдымда», «Қалпымыз» деген өлеңдеріндегі:
Сен не дейсің, не дейсің?
Тілің тәтті, жаймысың?..
Ақыл, ой, талап, ар, намыс,
Біздің елден жүр шалысII, –
деген жолдардың Абайдың ақындық лабораториясынан шыққандығы ешбір дәлелдеуді қажет етпейді.
«Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңінде Абай өз дәуіріндегі адамдардың, әсіресе, қолына азан-аулақ билік тие бастаған, соқыр кеуде надан ұлықтардың, сұм-сұрқия, қулардың, өсекші-өтірікші жылпостардың жат мінездерін шеней келіп, «Қара қарға секілді шуласар жұрт», - дейді. Не кісі сүйсінер ісі жоқ, не адам қызығар түсі жоқ қара қарға жағымсыз бейненің теңеуі. Абай дәуіріндегі әлгіндей сұрқиялар Ілиястың жас бала жігіт кезінде де өмір сүрген. Соларды Ілияс та Абайша шенеп отырады.
Ілияс өлеңдерінде тіпті Абайдың сөз тіркестері мен жеке сөздері («Қыртқа айтылса қылықсыз», «Пенде», «Ащы көңіл, тұщы өмір», «Ащы көңіл, тұщы тіл», «Тауып айттың апырмай») кездеседі. Жас Ілияс өмірдің көлеңкесін көріп күйініп, өкініп, қынжылып, ашынғанда ол өзінше күйінбейді, Абайша күйініп, Абайша қынжылады.
Әрбір жас ақынның Абай өлеңін оқып, оған еліктеуі, Абайша жазып, Абайша сөз өрнегін түсірсем деп армандауы, әрине, заңды құбылыс. Абайға еліктемеген, одан үйренбеген ақын кемде-кем. Бірақ осы ізгі арман кейде сол арман дәрежесінен аса алмай қала беретіні де болады. Абай поэзиясының толқынды теңізі әлі буыны қатып, бұғанасы бекімеген шәкірт ақынды кейде баурына басып, тұншықтырып та жібереді. Бұл кезде шәкірт ақын көбіне көшірмеші ақынға айналып жүре береді. Міне, Ілиястың алғаш өлеңдерінде көшірмешілік леп айқын көрінеді. Алайда, Ілияс Абайдың жыр толқындарынан кейде бұлқынып шығып, өз бойын жарқ еткізіп бір көрсетіп тастайтын кезі де байқалады. Бұл ретте оның тыңнан соқпақ салуға талпынған талант иесі екенін де, ақындық қуатының жалыны да аңғарылады. «Жанды сөз» деген өлеңінде:
Ұйықтап жатқан көңілді өлең
түртер,
Қайғы-зарын, қуанышын жақсы
тінтер.
Жүрегімнің айнасын шаң басқанда,
Орамалым осы өлең бетін
сүртерI, –
деп жазады. Осындағы «Жүректің айнасы», өлеңді орамалға теңеуі қазақ әдебиетіндегі тың теңеу.
Сондай-ақ ақынның «Талғамалар» атты өлеңінде:
Буынды құртып, әлді алып,
Кәрілік те жетті сықырлап.
Тітіркентті рухты
Ажал тісі шықырлапII, –
дейді. Мұндағы «сықырлаған кәрілік», «тісі шықырлаған ажал» деген сөздер Ілиястың іздеуінен туған ақындық қуаттың алғашқы ұшқындары.
Сөйтіп, Ілиястың шәкірт ақын кезіндегі (1915-20 ж.ж.) өлеңдерінен оның еліктеушілігімен қатар, өзіндік үнінің де сезіле бастағанын көреміз.
* * *
Ілияс Жансүгіров білімін молайту үшін 1920 жылдың жазында Алматыдағы үш айлық мұғалімдер дайындайтын курста оқиды. Осы кезде Түркістан оқу комиссариаты тарапынан Жетісу, Сырдария елдерінің халық аузындағы әдеби мұраларды жинауға шыққан арнаулы комиссияға I.Жансүгіров өзінің «Балдырған» атты өлеңдер жинағының қолжазбасын сатады. Бұдан кейін комиссия оны курстен шығарып алып, әдеби мұра жинайтын экспедицияға қосады. Жаздай Лепсі, Қапал уездерінен ауыз әдебиетінің үлгілерін жинастырып жүреді де, сол жылдың күзінде, әлгі комиссиямен ілесіп, Ташкентке келеді. Қазақ ағарту институтының (Казинпрос) жанындағы оқытушылар дайындайтын қысқа мерзімді курсқа түседі. I. Жансүгіровтің 1958 жылы шыққан I томдығына жазған кіріспе сөзінде Қ.Бекхожин деIII, «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркіне» енген Ілияс туралы бөлімінде М.Қаратаев таIV, «Лениншіл жас» газетінде басылған «Ілияс Жангүгіров»V деген мақаласында С. Сейітов те Ілияс Ташкенттегі мұғалімдер институтында екі жыл оқыды деген пікір айтады.
Бірақ бұл тұжырымдарда дәлдік жоқ. Өйткені Ілияс өзінің осы 1920 жылғы білім дәрежесі туралы: «...Мен ол кезде білімге бай, білімге орта адам болмақ түгіл білімнен кәдімгі қара қасқа кедей кісі едім. Қазақша хатқа жүйрік, өлең кітап, қиссаларды күйлеп, мәнерлеп оқи алатын, орысша «құрсақ пропалды да» білмейтін, ауыл адамының бірі едім»I. «Мен өзім туган қараңғы ауылдан оқу іздеп шыққаным кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 20-жылдың жазы. Сол жылы Алматы арқылы, 21-жылға қарсы Ташкентке келдім. Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтының 3 айлық курсіне іліндім»II, – деп жазады. Ташкентке 1921 жылға қарсы келсе және 21-жылы жаз шықпай аулына қайтып кетсе, Ілияс Ташкентте айналасы 5-6 айдан артық болмаған. Оның үстіне ақынның өзі: «Институтта қыстай оқып шықтым. Жаз Ташкентте қалуға денсаулық көтермеді. Наркомземнің шөп шаптыратын агитаторы болып Жетісуға, аулыма, кеттім. Қайтып Ташкентке жете алмай қалдым»III, – деп жазады.
Халық фольклорын жинауы, Ташкентте оқуы Ілиястың ақындық өнерінің жетіле түсуіне белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Ташкентте шығып тұрған газеттер төңірегіндегі («Ақжол», «Жас алаш») қазақ интеллигенциясы мен жазушылары, институт оқушылары Ілиясты өз ортасына тартады. Ол көптеген адамдармен араласып, кітаптар оқып, өз білімін молайта түседі. Ақынның өзі де қысқаша өмірбаянында: «Қалалы жерде, қайнаған өмірде, оқулы әлеуметтің ортасында болғаным сол, қазақтың газетін, театрын бірлі-жарым жазушыларын көргенім сол. Әрі-беріден соң белсенді-сымаққа да айнала бастадым. Оқушылар жиналысында сөз алып сөйлеп тіріле бастадым. Театрда роль алып ойнадым. «Ақ жол» газетіне корректор болдым»IV, – дейді. Ілияс институтта оқи жүріп, 1921 жылы «Жас алаш» атты жастар газетін шығарысуға белсене араласады. Бұл Түркістан республикасының Жастар одағы Орталық Комитетінің органы еді, оның редакторы Ғани Мұратбаев болған.
Ілияс 1921 жылы Ташкенттен аулына қайтып келген соң әртүрлі қызметтер атқара бастайды. Осы жылдары Алматыда шыға бастаған «Кедей еркі» газетінде бір-екі өлеңін бастырады, сол жылы күзде мұғалім болып біраз істегеннен кейін 1922 жылдың аяғында оқуға түсуге Алматыға келеді. Бірақ, ол талабына қолы жетпейді. Жетісу облысының Қосшы комитетіне ағарту жөнінен нұсқаушы болады. «Тілші» газетінде істейді. Губерниялық оқу бөлімінің басқарушылық қызметінде болады.
Ілияс әртүрлі қызмет атқара жүріп «Тілші» газетіне, «Жетісу әйелі» журналына (бір-ақ номері шыққан) бірнеше өлең мен бірер әңгімесін бастырады. Ташкентте шығып тұрған «Жас қайрат», «Сана», «Шаншар» сияқты баспасөз орындарына да жазғандарын жіберіп тұрады. Әрине, ол жібергендерінің басылғандары да, басылмағандары да болады. Қазақстанның сол кездегі орталығы Қызылорда қаласында шығатын «Лениншіл жас», «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» атты газет-журналдарға да ептеп қатыса бастайды. Газет қызметіне араласуы – оның білім дәрежесіне үлкен әсер етеді. Оқуы аз, білімі таяз бола тұра өз бетімен көп оқып, ізденіп, білімінің кемістігін толтырып, ақындық, жазушылық жолға түседі. Ақынның жолдастары, қаламдас достары ақыл-кеңес беріп, дарынына сенім білдіріп, жас ақынды шабыттандырып отырған. I.Жансүгіровтің бұл достарының басым көпшілігі жазушылық өнерлері бар ақын, прозаик, фельетонистері еді.
Ол кезде жазушылардың барлығы да (үлкен-кішісіне қарамай) кеңсе қызметінде істейтін. Бірлі-жарымы оқытушы қызметін де атқарған. Көрнекті жазушылардың көбісі өздерін, ең алдымен, жазушымыз деп санамай, партия, совет органдарында істейтін болғандықтан жазушылық қызметін де сол партиялық жұмыстың бір бөлшегі деп қарайтын. Өйткені жағдай олардан тек жазушылықты ғана емес, әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмысты да талап етті. «Мен де осының бірімін, – деп жазады I.Жансүгіров. «Қалам ұстап, жазуды кәсіп қылып, жазудан ғана күн көруді өнер қылып, қалам өнерін басқа шеберлердің өнеріндей тереңдетіп жүрген мен емес. Сондықтан менің жазғандарымның бәрі кездейсоқ, көк аттының көңіл-күйі, жазуға мүмкіндік болғанда ғана жазып отырам»I.
Ілияс Жансүгіров өлең, фельетондарында негізінен революция жеңісін, жаңа заманды, қазақ даласына келген бостандықты, оқу-білімге күш салу, еңбекке араласу мәселелерін көтеру керектігін айта отырып, шығармаларында кейбір көркемдік кемшіліктермен қатар, идеялық ақаулықтар да жіберіп қалып жүрді.
«Ілияс пен менің бірінші рет жүздесуім – 1927 жылы Қызылорда қаласында, – деп жазады С.Мұқанов. – Бір күні Садуқасов мені қонаққа шақырды және «үйімде Ілияс Жансүгіров болады», - деді. Оған дейін мен Ілиясты сырттай және азғантай ғана білетінмін... Садуақасовтың үйінде танысқан Ілияс баспаға өлеңдер жинағын беруге ниеті барлығын айтты. Кешікпей, көлемінің мөлшері жиырма баспа табақтай қолжазбасын баспаға әкеп тапсырды да өзі оқуына жүріп кетті.
Жинақты әуелі өзім оқып шықтым. Одан алған әсерім: басым көпшілігінің өлеңдік, сөздік жағы жақсы екен, ал мазмұнына келгенде, бірталай сұрауларым болды. Ең басты сұрауым, тап тартысының мәселесі»II.
Ақырында, С.Мұқанов сол қалың қолжазбадан небәрі 3-4 баспа табақ өлеңдерін сұрыптап, өзі қысқаша «Беташар» жазып, «Сағанақ» деген атпен 1928 жылы Қызылордада бастырып шығарады.
С. Мұқановтың алғы сөзімен басылған бұл жинақ Ілиястың 20-жылдардың алғашқы жартысы мен орта кездерінде жазылған өлеңдері болатын.
20-жылдардың аяғы, 30-жылдардың бас кезіндегі үлкен әдеби айтыс-тартыстар тұсында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиндермен қатар Ілияс Жансүгіровке де недәуір сындар айтылып, оны белгілі бір әдеби топқа жатқызып жүрді. Сол кезде Коммунистік партияның мүшесі бола тұра идеологиялық күресте едәуір қателіктер жасаған әдебиетшінің бірі Ысмағұл Садуақасов болды. Осы тұста «Садуақасовшылдық» деген термин де болған. Міне, Ілиясқа да «садуақасовшинаның белді бірі болды, жолбике ақын болып кейін жөнделді»I, – деген кінә тағылып жүрді.
Ілиясқа кінә тағушылардың бірі Ғ.Тоғжанов болды. Ол: «ІІІынында 1925 жылы біздің жазушыларымыздың бәрі дерлік жолбике еді. Осы күні төңкерісшіл деп отырған жазушылардың көбі жолбике болатын. Көбі, бір жағынан, саяси жолдарын дұрыс атқармаған, төңкерісті жете, дұрыс ұқпаған. Жырлары көбінесе ұлтшылдық, байшылдық, жікшілдік жыры болған жазушылар еді»II, - деп тіпті пролетарлық идеяда жазған ақын-жазушылардың өзін түгелдей жолбикеге жатқызды.
Бұл жерде еске алатын бір жай, негізінде идеология майданында байшыл-ұлтшылдар мен пролетариат жазушыларының арасында бітіспейтін таптық күрес жатты да, оның айналасында кейде асыра сілтеушілік, тереңге бармай, зерттемей ат қойып, айдар таға салушылық та жиі ұшырасып тұратын. Тіпті 1930 жылға дейін бұл жай кездесіп отырады. 1932 жылы 20 апрельдегі «Социалды Қазақстан» газетінде басылған «ҚазАПП-тың кезекті міндеттері туралы» деген мақалада қазақ әдебиетінің өмірге ілесе алмай келе жатқандығының себебі, ең алдымен, қазақ кеңес жазушыларының көбінде алашордашылық, байшылдық салт сананың ықпалы әлі күнге дейін күшті. Жазушылардың көбі Маркс, Ленин ғылымына шорқақ, бұл жөніндегі білімдері жеткілікті емес. Бірқыдыру жазушылардың шығармаларында бай, феодалдар салт-санасы жеткілікті, ұлтшылдық, төңкеріске қарсы, троцкизм сарындары бар»III, – деп революцияшыл ақын, ұлтшылдармен күресіп жүрген Сәкен Сейфуллиннің өзіне де революцияға қарсы деген айып тақты. Одан кейін «қазақ қара шаруаларының артта қалған сарындарына еріп, қара шаруаның өрісі тар көзқарасына, жаңа ұсақ буржуазияшылдыққа әдебиетімізде салынғандық та бар (Ілияс, Бейімбет, Өтебай және басқалар), жік тартысын көркем әдебиетке қатыстырғандық та бар...»IV деп I.Жансүгіров, Б.Майлин, О.Тұрманжановтарды да сынға алды.
С.Мұқанов «Жікке қарсы күрес» деген мақаласында I.Жансүгіровты 1925 жылға дейін Мағжан, Міржақыптардың тобында болды, Байдильдинмен сыбайлас болдыV, – деп сынайды. «Еңбекші қазақ газетінде (2 ноябрь, 1930 жыл) басылған «Ілияс туралы бір-екі сөз» деген мақаласында Әбділда Тәжібаев та I.Жансүгіров творчествосының 20-жылдардың бас кезіндегі қателеріне тоқталып, ақынның «Ызалы қиял», «Ақынға», «Көк өгіз» сияқты өлеңдеріндегі жат сарынды сынайды. Сонымен ақырында: «Қорыта айтсақ, Ілияс бұрын ашық ұлтшыл-байшыл болған. Соңғы жылдары бетін мықтап түзеп қалған жазушы, «жолбике жазушы», - деп жазды. Бірақ «Еңбекші қазақ» газетінің дәл осы санында Ә. Тәжібаев мақаласына қарсы «Ілияс – жолбике емес» деген Қайыпназарұлы мен Қалымбетұлының мақаласы басылып, алғашқы мақалаға дау айтылды. Сонымен, I.Жансүгіровке тағылған «мағжаншыл», «садуақасовшинаның белді бір өкілі», «ұлтшыл-байшыл ақын», «жолбике» болды деген пікірлердің қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс екенін дәлелдеу үшін осы мәселеге айрықша тоқталу қажет.
М. Жұмабаевтың қандай ақын болғандығы 20-30-жылдардың өзінде-ақ кең көлемде сөз болып, оның ақындық беті айқындалған болатын.
«Россиядағы шығыс халықтарының ішінде орыс поэзиясының бұқарашыл, демократтық принциптерін барынша биік және берік ұстаған санаулы ақындардың бірі Абай десек, XX ғасырға кіреберістегі орыс поэзиясындағы декаденттік, символистік ағымдар жолын берік ұстаған шығыс халықтарында Мағжан Жұмабаев... Ол буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылардың ішінде ерекше көзге көрінген, ақындық таланты мен өнерін түгел байшылдыққа жұмсаған...»I.
Соңғы кезге дейін біздің әдебиеттану ғылымымызда байқалып келген бір жай, әдебиеттің мазмұны мен түрін диалектикалық тұтастықта қараймыз деген белгілі қағидамен буржуазиялық идеядағы жазушылардың творчествосын: оның идеясы жалған, сондықтан оның көркемдігі де жалған. Олай болса, оның жаңа идеядағы жазушыларға еш әсері, ықпалы болмақ емес, - деп санайтынымыз бар. Мәселеге мұндай стандарттықпен қарауға болмас еді. Қаламы әлі ұштала қоймаған, көңілі бір нәрсеге әлі орнықпаған жазушылардың буржуазияшыл жазушылардың ықпалына түсіп, еліктеймін деп солықтап қалатын кездері де әдебиет тарихында кездеседі. Буржуазияшыл бағыттағы жазушылардың шығармаларының кейде көркемдік дәрежесі жоғары болып келіп, қаламы ұшталмаған жазушыларды еріксіз еліктіріп кететіні де байқалады. «Шынына келгенде, Мағжан лирикасында саналы жастарымызды еріксіз үйіріп әкетердей «құдірет» еш уақытта болған емес»II, - деген түйінді пікірге біз де қосыламыз. Алайда, ол «батыс, шығыс әдебиетін білген, поэзияның шеберлік өнерлерін, нәзіктік күйлерін зерттеген, оның өзіне керекті аспаптарын пайдалана алған ақын»III екендігін де жасыруға болмайды. Идеясы жат ақындардың ақындық құдіреті неғұрлым күшті, биік болса, ол соғұрлым қауіпті. Мағжан Жұмабаев осындай ақынның қатарына қосылады.
1923 жыл – I.Жансүгіровтің өлеңді өндіре жазған жылы. Оның көп өлеңдері, мақалалары, фельетондары «Тілші» газетінде үзбей басылып тұрады. Кейде газеттің бір санының өзінде бірде «Ілияс», бірде «Матай» деген атпен қатар басылып жүреді. Негізінен табиғат жайлы лирика, ауыл өмірінен, ел тіршілігінен өлең, сықақ жазған, революцияны мақтаныш ете жырлаған ақын бірқыдыру қателер де жіберіп алады. Оның осы «Тілші» газетінде басылған «Мен не көрдім?», «Жарамазан», «Бұлар» атты шығармаларында халықты коммунистік рухта тәрбиелеуге ат салыспақшы болып, ел аралаған үгітші, насихатшылардың өздері саудагер, діншіл адамдар болып шығады. Ақын оларды сатираның отымен өртемекші болады. Бірақ, мұнысы сатиралық дәрежеге көтеріле алмай, жекелеген саудагерлер мен діншілердің іс-әрекетін сынаймын деп партияның жолын ұстағандарға тіл тигізіп алса, осы газетте басылған «Ақынға», «Ызалы қиял» сияқты өлеңдерінің күңгірт символикамен жазылғанын көреміз. «Ақынға» деген өлеңінде I. Жансүгіров бір ақынға қайдасың, неге үндемейсің, даусың неге шықпайды деп, одан әрі қарай періштемен ойна, бейшараның жанын тербе, көрге түс, оқ тиіп, қапсырағандардың қанын жала, ыза торлап мелшиіп қалғаның не? деп оны сөйлетуге тырысады. Осыдан кейін:
Жек көрсін ел, есалаң, жынды
десін,
Етіңді есер соқыр күнде жесін.
Нұр жүрек, күн көкірек періштесін
Бағаңды жын мен сайтан қайдан
білсін?I –
дейді.
Өмірден теперіш көрген бұл «періште» ақын кім? Жаңа заман орнап, өмірге деген көзқарас жаңарып, нұрлы болашақ үшін күрес қызған кезде көмейіне тас кеткендей түйіліп, тоқырап қалған қай ақын? Неге тоқырайды? Оған Ілияс неге жаны ашып, шыр-пыры шығады?
Кезінде жұрттың біразы Ілияс бұл өлеңін Мағжанға арнап жазған деп жорамалдады. Өлеңнің кімге арналғаны әзір бізге көмескі. Біздіңше, Ілияс Жансүгіров ақындық дегенді табиғаттан тыс күш, ақын адам ортасынан тыс жаратылған «періште» деп санайды, сөйтіп ол ақынды, жеке адамды қоғамнан бөліп қарайды да, идеалистік пікірге ойысады.
Ал, дәл осы жылы жазған «Ызалы қиял» өлеңінде I.Жансүгіров «Ақынға» дан да асып түседі. Ол тіпті жер жағдайы ұнамай, аспанға ұшады. Өзін жай отымен ұштасқан көк дауылға теңейді.
Азамат соғысы біткен соң еліміз мешеулеп қалған халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін күресті. Халықтың экономикалық тұрмысында біраз қиындықтар болды. Жетіспеушілік, аштық еңбекші халықты қинады. Оның үстіне кешегі үстем тап өкілдері саяси жағынан талқандалғанымен әлі тап ретінде өмір сүріп келді. Партияның жаңа экономикалық саясатының сырын терең түсіне алмаған Ілияс Жансүгіров халыққа уақытша болып отырған ауыр жағдайды түсіндіріп, оларды оптимизмге үндеудің орнына өзі сарыуайымға түсіп, жер бетінен біржола безеді, күйінеді. Ақынның мұндай әсерін сол жылдардағы буржуазияшыл-ұлтшыл ақындардың ықпалы демеске болмайды. Ілиясқа символист ақындардың, әсіресе Мағжанның әсері болуы сөзсіз еді. Ілияс Жансүгіровтің өзі: «Большебиктік сынды күшейтеміз» деген мақаласында: «Олай болса бұл «Ақын» дегенді байларша ұғынып, байларша түсіндірген Мағжанның «Қорқыт» сияқты зиянды өлеңдерінің пікіріне пікір қосқан, нағыз байшылдық, еңбекшілерге зиянды өлең болды»I, - деуі де тегін емес-ті.
Ілияс Жансүгіров әлгі мақаласында осы жайға өзінің сын-көзқарасын айта келіп былай деп жазады: «Ол кездегі Ленин, Маркс оқуын оқымақ түгіл, орысша газет оқи алмайтын надандығым мені көмді де отырды. Бар көргенім – қазақтың байшыл пікірлі баспасөзі болды. Осының салдарынан мен біраз шатастым. Кеңес үкіметінің негізіне, партияның сара жолына түсініп, оған түсіп кетуге маған жоғарғы байшыл пікірдің ықпалы өте қырсық қылды. Ол ықпалдың әсері менің жазғандарымда кейде жалпылау, кейде араластыру, кейде ұсақ байшылдық, кейде үмітсіздікке, кейде жаңа өмірдің жақсы жағын көре алмау, ескі дүниенің өз қырсығынан туып жатқан кейбір жеркеніш өмір фактілеріне әсер бермей, адыраю сияқты болып көрінеді. Мұндай жазғандарым «Тілші» газетінде, «Сана» журналдарында болды»II.
Жоғарыда I.Жансүгіров М. Жұмабаевқа еліктеуші болған деген пікір бар екенін, кейбір өлеңдері Мағжанның «Қорқытына» ұқсап, оның символистік пікіріне пікір қосқандай сезілетінін Ілиястың өзі де мойындағанын айттық. Шынында да I.Жансүгіров Мағжанның өлеңдерін көп оқыған, оның ақындық өнерінен үйренуге (әсіресе, 1925 жылға дейін) зер салған ақын. Бұл оның кейбір өлең ұйқастарында, сөз образын пайдалануында ара-кідік ұшырасып отырады. I, Жансүгіровтің «Ресей жері» атты өлеңіндегі ұйқастар Жұмабаевтың «Еділде» өлеңінің ұйқастарына ұқсас келеді.
Табиғатты ерекше мол жырлаған Жұмабаев тау мен тұманды құшақтастырса, Ілияс Жансүгіров «Ағынды менің Ақсуым» өлеңінде ай мен қайыңды құшақтастырады. Міне, осы сияқты кейбір өлеңдік түр, кейбір бейнелі сөздерді, ұйқасты Ілияс М.Жұмабаев қоймасынан алғанмен, жалпы идеялық жағынан жоғарыдағы сыналған өлеңдерінен басқа шығармаларында одан алыс жатады. М.Жұмабаев әйел теңдігі тақырыбына көп өлең жазған ақын. Мысалы, ол «Жәмила» деген өлеңінде Жәмиланың ауыр халін көріп, іші-бауры езіліп, ақырында өзі қоса жылайды. Әйел тақырыбына жазған өлеңдерінің қай-қайсысында болса да олардың мұң-зарына егіліп, көзден жасын ағызып отырып жырлайды, қара бояуды аямай жағады. Не ақынның өзі, не оның жырлап отырған әйелі болашақтан үміт етпейді, сенбейді, жол таппайды, ақын жол іздемейді, бар болғаны сақалын жаспен жуып, күйректікке түседі.
Ал, Ілияс 1923 жыл жазған «Кім екен?» өлеңінің басында Күләндаға Жұмабаевша қараса да, өлеңінің соңында егіліп езілмейді, көзіне жас та алмайды. Әйелдерді күң ететін уақыт өтті, жауыз құрыды дей келіп:
Біз бұғаусыз арыстан,
Күң қылатын кім екен?III –
деп бой көрсетіп, әйелді қорлаушыларға қарсы айбат шегеді. Оны «бұғаусыз арыстан» етіп отырған жаңа заман күші. Ілияс сол жаңа заманға сенеді. Жұмабаев өмірден еш қызық көре алмай, «Алдамшы өмір, қу өмір, сұм жалған» деуден жалықпаған ақын. Революция жылдары ол торығып, үнемі өлім тілеумен болады. Тіпті, 1923 жылдары жазған өлеңдерінің өзінде де ол өмірге мистикалық тұрғыдан қарады. Бүкіл совет халқы азамат соғысынан кейін күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін асқан патриоттық сезіммен іске кіріскенде М.Жұмабаев өмір өткінші, бәрі де бітеді, солады, бәрі алданыш, өлім бәрі бір қара жердің қойнына алып барады деп сарнады.
Адамның өз тағдырына өзі қожа екендігі, табиғатты күшпен өзгертіп, бақытты адам өзі жасап алатынына ол сенбейді, оған талпынбайды, қайта кері тартады. Қоғамдық құбылыс, әлеуметтік өмірден түңілген ол ақырында өмірдің бар қызығы табиғатта, махаббатта деп санайды да, әлеуметтік мәселеден аулақтап, табиғаттың сұлулығын, сүюді, күюді, содан кейін өлуді ғана жырына арқау еткен. Оның лирикалық геройы жылау-сықтаудан арыла алмаған күйрек жан. Мағжан батыстың символистерінің ізімен арылмаған бұлтты, қоюланған қараңғылықты үнемі жырының желісіне айналдырады. Қаланың тұрмысын жаратпайды. Қаладан ол тек қыбыр-қыбыр жүріс, у-шу дауыс пен шаң-тозаңды ғана көреді. Содан кейін далаға құмартып, кең дала, шалқар көл, қоңыр салқын жел, сары қымыз, сұлу қызды арман етіп жырлайды. Қала мен даланы бір-біріне қарсы қояды.
Әлеуметтік мәселеге қаншама араласпаймын десе де, ол бұл мәселеге өз көзқарасын, қатынасын көрсетпей тұра алмады. Сонда жаңалықты емес, өткенді, ескіні арман етті, соны көкседі, жаңа қоғамның жаңалықтарынан ол жиренді, жиіркенді. Өткен күні қайтып келмейтін болған соң өзіне өлім тіледі.
Замана шыңдығын дәл көрсететін ойлы да зерделі өлеңді Жұмабаев жазған да жоқ, жаза алған да жоқ. Оның өлеңі символика мен мистиканы күйттеген кертартпа романтизм әдісімен жазылған. Жұмабаев өлеңінің сөз ұйқасы жатық, сырты жылтырақ болғанымен С. Мұқановтың «Қазақтың пролетарлық әдебиеті туралы» деген мақаласында айтылғанындай, «оның көп өлеңі қыстыгүні қағаздан әшекейлеп істеп қойған үй секілді. Сырты көрнекті болғанымен, іші толған ызғар».
Сонымен жоғарыда сөз болған Ілияс Жансүгіровтің «Ақынға», «Ызалы қиял» сияқты өлеңдерінің тууы ақын творчествосындағы жаңылыс қадам болғанын, бірақ оның творчествосының жалпы бағытына тән құбылыс еместігін айту қажет. Олай дейтініміз, Ілиястың 1923 жылы жазған шығармаларының дені пролетарлық бағытта жазылған. Октябрь революциясынан кейінгі ел өміріндегі жаңалықтарды, кедейлердің қуаныштарын («Кедей тойы», «Қойшы ойы», «Май тойы», т.б.) жырлайды. Тіпті жоғарыда сыналған «Ызалы қиял» («Тілші» газеті. 16 февраль, 1923 ж.) өлеңі мен «Ортақшыл партияға» атты («Тілші» газеті. 16 январь, 1923 ж.) өлеңі бір мезгілде жазылып, бір мезгілде басылуы да ойландыратын жағдай.
«Ортақшыл партияға» өлеңінде Коммунистік партияның езілген халықты теңейтін, «мейірім, шапқат, әділеттің» өзі болған партия екенін алғаш жырына қосып, еңбекші халыққа түсіндіре бастайды. Ақын осы өлеңінде:
Біз білімсіз қырда қалған халық ек,
Бас иіп ек, білімдіге нанып ек.
Ақылсыздан арандалып тұзаққа,
Айдаһардың уысында қалып ек.
Орап қысып, қатты ысқырып қамаған,
Аямастан жаралаған, талаған,
Көздегі нұр, көңілден сыр жоғалтып,
Жүрек пен көз қамығумен қанағанI, –
деп бір жағы ел ішіндегі «білімді» алашордашыл ұлтшылдардың, екіншіден, ақ гвардияшылдардың тұзақтарына арандап қалған кейбір қыр адамдарының «айдаһардың уысында» қалып, алданып қорлық-зорлық шеккенін ашық айтады. Азаматтың көзінен нұрын тайдырып, көңілінде сыр сақтатпай, адамшылықтан айыра бастағанда:
Оны өшірдің жалғыз атқан оғыңмен,
Жауды қудың, жолатпадың түбімен.
Естен-түстен айырылғанда әлсіреп,
«Уһ» дедік біз байғұс та соныменII, –
деп ақын кеудесін кере деміп бip алады. Ілияс тек еркіндік, бостандықтың келгеніне мәз болып қоймайды, азамат ақын ендігі жерде халық қамын ойлай бастайды. Ол Коммунистік партиясына қараңғы қазақтарды оқыт, білімін көтер, басқа мәдениетті ел қатарына қос деген тілегін білдіреді. Коммунистік партияның ұлт саясатын тең праволықта ұстап, езілген халықтың экономикасы мен мәдениетін көтеретініне көзi анық жеткен ақын, ата-ананың балаға қамқорлығы қандай болса, Коммунистік партияның, әcipece, бұрын езіліп келген майда халықтарға қамқорлығы да осындай деп түсінеді, талап-тілекті де осы ниетпен қояды.
Бұл жылдары жап-жақсы өлеңдер жазып танылып қалса да, I.Жансүгіров өзіне-өзі көңілі толмай, табиғат берген дарынмен ғана ұзап кете алмайтынын түсініп, білімін көтеру жағын қарастырады.
1925 жылдың күзінде Москвадағы журналистер институтына түciп, оны 1928 жылдың жазында бітіреді. Бұл кез Ілиястың отыздың ішіне кірген шамасы еді. Жасында білім алуга мүмкіндігі болмаған ақын ержетіп, есейіп кеткеніне қарамастан, бұрыннан аңсаған білім бұлағынан мейірімі қана бip сусындасам деген тілегіне ақыры қолы жетеді. Оқуын бiтipiп келген соң 1928 жылы газет жұмысына кipiciп, әдебиетке белсене араласады.
20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында Ілияс Жансүгіров творчествосы туралы бipaз пікірлер айтылып жүрді. Сондай пiкip айтушылардың бipi Ғаббас Toғжанов өзінің «Әдебиет және сын мәселелері» деген еңбегінде қазақ әдебиетінің кейбір жайларына дұрыс анықтама бергенімен көптеген мәселелер туралы біржақты, тepic тұжырымдар жасады. Оның тepic түсінігінің бipi – ақындық өнер жайында. F.Тоғжановтың ойынша, ақын өлең жазарда көргенін көрген күйде, сезгенін сезген күйде, табан аузында, ойланбастан жазуы керек. Осындай қолма-қол жазылған өлең күшті болып шықса, ол – ақын, ал ойланып, мүдіріп қалса, ол – «күшеншек» ақын деген жаңсақ пiкip айтты.
Ғ.Тоғжановтың осы кітабына I.Жансүгіров «Kiтаптың атына мазмұны сай келмейді» деген сын мақаласын «Советская степь» газетіне жариялап, онда Ілияс ақындық туралы өзінің бұрынғы тepic пiкipiн де, F. Тоғжановтың бұл пiкipiн де мансұқ етті.
Сонымен қатар, F. Тоғжанов осы кітабында Ілияс Жансүгіровтің творчествосына арнап бip тарау береді. Онда: «Сөз жоқ, Ілияс та төңкерісшіл ақындарымыздың бipi. Өнер табатын, өркені өсетін, үміт қылатын ақындарымыздың бipi... Ілияс кейде сыртын әдемілеп түрлеймін деп өлеңнің мазмұнын қазақ оқушысынан алшақтатып кетеді... Оның «Жаңа өнер», «Қос аяқ» деген өлеңдері бұған дәлел. Алайда, жаңа түр іздеу, өлеңнің әдемі, көркем шығару жағынан Ілияс көп ақындарымыздың алдында деуге болады. Ілиястың бip жақсысы, Ілияс жазудың техникасын біледі. Өлең, әңгіме, фельетонды қалай құрудың заңын біледі»I, – деп бағалайды. Сөйтсе де I. Жансүгіров творчествосына берген Ғ.Тоғжановтың талдаулары бұл пiкipiн толық қуаттай бермейді. Рас, Ғ.Тоғжановтың ақын творчествосына байланысты айтқан кейбip сындарының дұрыстық жақтары да бар. Өйткені I.Жансүгіров 20-жылдардың бас кезінде әлеуметтік теңсіздікті, жаңа ауылдың жаңарғанын сөз ете отырып кейбір өлеңдерінде («Толғау») үстем тап өкiлдepiнiң жылап-сықтауын жалаң суреттеушілігі сезіледі.
Ілиястың 1926 жылдарға дейінгі әңгіме, өлеңдерінің көбінде «жаңашылдық, ұсақ байшылдық, ұлтшылдық әcepi байқалса, ал 1926 жылдан кейінгі жазғандарын алдыңғымен салыстырғанда олардың арасында үлкен айырма бар. Түр жағынан да, пікip жағынан да Ілиястың ілгepi басқаны көрінеді, – деп мысалға I.Жансүгіровтың «Майдан», «Ауылдың алды», «Көктемде», «Әнші» атты өлеңдерін атайды Тоғжанов.
Ғ.Тоғжановтың бұл сындарының түзу жақтарымен қатар, шындықты көпе-керне бұрмалаған, құрғақ социалогияға салынған ақиқат жайлары бар. Жоғарыда аталған Ә.Tәжiбaeвтың «Ілияс туралы бip-eкi сөз» атты мақаласындағы «Көк өгіз» өлеңінен басқа «Ызалы қиял», «Ақынға» атты өлеңдеріне айтқан сындары дұрыс еді. Бipaқ, Ә. Tәжiбaeв Ілиясты «ұлтшыл-байшыл, жолбике» болды дегенде тек осы екі өлеңнен ғана қорытынды шығарып, ақынның пролетарлық баңғытта жазған, көптеген шығармаларын бүркеулі қалдырды. Сөйтіп, мақаланың түйіні – сол жылдардағы жазушылар арасында болған жіктің салқынын танытқандай болады.
Жалпы алғанда, дөкір социалогияның 20-жылдардағы әдебиет сынын етек басты етіп келген жайы бар еді. Осы жай совет әдебиетінің бipaз мәселелерін бipжақты түсінуге душар етті. Совет жазушыларына бipжақты ат қойылып, айдар тағуға жағдай жасады. Ғ.Тоғжановтың кейбір сыңаржақ сындарының төpкiнi де сол дәуірдің, жағдайдың жемісі болатын.
Жазушының идеялық бағытын бірлі-жарымды шығармалары белгілей алмайтыны айқын. Ал, тап тартысының қабындап тұрған кезінде түрлі себептермен мүлт басушылықтың болуы әбден мүмкін. Бұл ретте бiз Ілияс Жансүгіровтің жіберген қателерін жоғарыда айттық. Бipaқ бұлар Ілияс 1925 жылға дейін алашордашылардың тобында болып, байшыл, ұлтшыл, жолбике ақын болды деуге ещқандай да негіз бола алмайды. Бұл сияқты ат қойып, айдар тағушылар ол кезде өз ара сынаушылардың бip-бipiн мұқату ниетімен айтылған кездерде болғанын ұмытуға болмайды.
I.Жансүгіровке бipaзғa дейін «жолбике» деген ат тағылып келді дедік. Ал, жолбике дегеннің өзi не? Әдебиеттің даму процесінде бiз анық білетін eкi бағыт бар. Оның бipi, пролетариат, eкiншісi, буржуазияшыл-ұлтшыл бағыт. Қазақ әдебиеті жағдайында жолбикелер белгілі бip ағым, жік болу дәрежесіне жете алған жоқ. Қазақстанның экономикалық және мәдени дамуына, революциялық шараларды нақты icкe асыру кезеңіне қарай олар кейде байшылдық кейде пролетарлық бағыттың сойылын соғып, өзінің идеологиялық және көркемдік платформасын қалыптастыра алмады.
Жолбикелердің бipтектес eмecтiгi жұртқа мәлім, олардың ішінде байшыл жазушылардың алған бағытынан түңіліп, пролетарлық жазушылардың қарқынынан қорыққандар да немесе пролетарлық бағыттың өсу перспективасын аңғара алмай, байшылдықтан ipгeciн аулақ салып жүрген адал ақын-жазушылар да болдыI. Біздіңше жоғарыда айтылғандай жайға ұшыраған жазушылар болса, жолбике аталуы дұрыс сияқты. Бірақ, бiз зерттеп отырған Ілияс Жансүгіров творчествосында «жолбикеге» тән қасиеттер болған жоқ. Ілиястың 20-жылдардағы творчествосынан мұны көрмейміз. Kepicіншe, ол революциялық идеяны ұстап, социалистік қоғам орнату үшін күрескен ақын. Ал, кейде ақынның аяқ-қолын жерге тигізбей, елден ерек, қоғамнан тыс алып қараушылығы, 20-жылдардағы ауылда әлі де болса жүріп жатқан тап тартысын кейде терең сезіне алмай, жалпылай айтушылығына келетін болсақ, бұл оның жолбикелігінен емес, жазушылық тәжірибесінің кемдігінен туып жатқан жәй болатын. Екі бағыттың қайсысы жеңер екен деп аңдысып, аңдып отыру бip нәрсе де, революциялық бағытты бepiк ұстап, бipaқ сол бағытқа адал, сенімді бола тура іздену жолында кeйбip жаңсақтықтар жіберу екінші нәрсе. Miнe, осы соңғы жаңсақтықтар жіберген Ілияс Жансугіровті жолбике болды деудің ешқандай дәлелі жоқ еді.
Әзімбай Лекерұлы 30-жылдардың алғашқы жартысында газет беттерінде мақала жазып, С.Сейфуллиннің, I.Жансүгіровтің, Б.Майлиннің творчестволарынан (революциядан бұрынғы және кейінгі) қателіктер тауып, «бұлар жаңа өмipгe қорытынды жасай алмайды» деген солақай пікірлерін таратып жүрді «Ілияс Жансүгірұлының eкi поэмасы туралы» деген мақаласында С.Мұқанов Лекерұлының сол пiкipiнe тойтарыс бepiп, «ақындық күші көптің көзіне көpiніп, үлгі аларлықтай болған басты ақын, менімше, Сәкен мен Ілияс... Сәкен мен Ілиястың да кемшіліктері жоқ емес, дегенмен бұл екеyi қазақтың совет поэзиясының классигі деуге аузымыз бара алады»I, - дейді.
Сонымен қорыта келгенде, 20-жылдардың орта кезінe шейін I.Жансүгіров творчествосы негізінен социалистік бағытта болды, бipaқ талабы үлкен, білімі аз, ауылдан ұзап шыға алмаған ақын өлеңдерінің тақырыбы да шағын, жоғарыда айтылғандай, кейбір қайшылық пiкipi бар өлеңдері де болғаны рас. Ал, Москваға барып бiлiм дәрежесін өсірген, ақындық шеберлігін ұштай түскен ақынның ендігі жерде бұрынғыдай бүкпeci жоқ, өлендерінің тақырыбы да кеңейеді, енді ол ауыл айналасынан ұзап, индустриялы қаланы, заводты жырлайды. Патриархалды-феодалды шаруашылықтың бел ортасында отырған өз елінің индустриялы ел болуын арман етеді және солай боларына бepiк сенеді де. 1926 жылы «Заводта» өлеңін жазған I.Жансүгіров артынша-ақ Қазақстанның кен қоймасы Риддерді, Балқашты жырлауы да тегін емес.
Бұл кезде Ілияс творчествосында интернационализм рухы да күшейе түседі. Империализмнің отаршылдық саясатын сынап жазған «Гималай» атты өлеңінде құлдықта, қамауда отырған шығыстағы отар елдерді Гималай бейнесінде жырлайды.
Сонымен Сәкен, Бейімбет, Сәбиттермен бipгe Ілияс та социалистік революция идеясын, өмірді жаңартудағы еңбектің құдіретті күшін, еңбекші халықтың өз күшіне сенімділігін арттыруға күш салған шығармалары, сөз жоқ, олардың пролетариат бағытындағы жазушы екендігін анық танытатын eді.
***
Әдебиеттің көкейкесті мәселелері жөнінде көп ойланып, көп толғанған жазушылардың бipi Ілияс Жанcүripoв. Ол өзінің бip мақаласында: «Менің бip сүйетін жұмысым сын мәселесі, әдеби сын бізде әзір аз, біздің сынға кірісіп жүргендер әлі үcтipт, тайқалақ, орашолақ icтeп келе жатыр. Әдебиет майданымыздағы үлкен олқымыз осы. Ілгеріде осыған қызмет қылуымды міндетiм деп ұғынғаныма да көп болды, атқара алмай жатқаныма қатты армандамын...»II.
Ақын көп ұзамай бұл арманын жүзеге асыра бастайды. 1932 жылы 23 апрельде Орталық партия Комитет РАПП, БОАПП ұйымдарын ажыратып, оның орнына кеңес (совет) жазушылар Одағын құруға қаулы алады. Осы негізде Қазақстан Өлкелік партия Комитеті де қаулы алып, КазАПП-ты ажыратады да, сол 1932 жылы 18 майда КазАПП-тың ақырғы жиналысы өтеді. Бұл жиналыста Қазақстан жазушыларының басын қосып жауынгерлік отряд жасау, совет әдебиетін дамытудағы ролі туралы және ұйымдастыру мәселелері қаралады. Сонымен 1932 жылы Қазақстан кеңес жазушыларының ұйымдастыру комитеті құрылып, оның 10 мүшеci сайланады. Ұйымдастыру комитетінің председателі I.Жансүгіров, жауапты хатшысы Ғ.Mүcipeпoв болып белгіленеді.
1932 жылдың декабрь айында өткен Жазушылар одағының өлкелік пленумында I.Жансүгіров «Кеңес әдебиетін көркейтіп, партия декретін орындаймыз» деген тақырыпқа үлкен баяндама жасайды.
РАПП, КазАПП ісінің жетістігі мен кемістігін айта келіп, ондағы міндеттерге тоқталады, осы уақытқа дейiн орын алып келген жазушылар арасындағы идеялық тартыстың жай-күйіне тоқталып, принципсіз жікшілдіктi қатты сынайды. I.Жансүгіровтің бұл пленумда ерекше көтерген мәселесі – бүгінгі социалистік құрылыстың қарқынды түрде жүріп жатқанын, еңбек адамдарының ерлігін жырлау кepeктiгi еді. Бұл тезистің өзі ecкіліктi ғана жыр етуге шақырған ұлтшыл ақындардың тезистеріне қарсы, оларға қарсы принципиалды күреске негізделген еді.
Соңғы жылға дейін қазақ әдебиетіне революциялық романтика керек пе, керек емес пе деген пікірлер баспа беттерінде де, әдеби айтыстарда да сөз болып келгенді. I.Жансүгіров бұл проблемалық мәселе жайында өз пікірін ашып айтып, революциялық романтиканың әдебиетімізге жат еместігін дәлелдейді. Сонымен бipгe баяндамашы сын мәселесіне де ерекше тоқталады. Сын – жазушыға творчестволық қорек беретін болуы керек, әдеби дамудың үлкен бip шарты осы қамқор сын еді, ол әлсіз жерде даму да қарқынды болмақ емес, сол сын әлі мардымсыз деген қорытынды жасайды.
Miнe, осыдан былай, I.Жансүгіров қазақ әдебиетiнiң жалпы жайы, жеке меселелері туралы үнемі баяндамалар жасап, мақалаларды үзбей жазып тұрады.
Ілияс өлең жазумен бipгe драматургия, кинодраматургиямен айналысқан. Ол тек пьеса жазып қана қойған жоқ, сонымен бipгe, драматургия, театр мамандары туралы үнемі қамқорлық жасап, мәселелер көтеріп жүреді.
Ілияс Ғаббас Тоғжановпен бipiгiп жазған «Театр мамандарын дайындау керек» деген мақаласы мен «Қазақ ұлт театры» атты кітапшасынан кейін «Риддердегі қазақ жұмысшыларының театры» деген кітапшасын жазды.
Халықтың ауыз әдебиеті мұраларын жастайынан мол жинап, оны кейін баспа бетіне ептеп жариялап, халық игілігіне айналдырған Ілияс Жансүгіров Абай поэзиясы туралы басқаша пікірде болды. Жастайынан жаттап, жүрегінің түкпірінен поэзиясына орын берген, көп еліктен, үлгі алған Абайды Ілияс халықтық ақын деп алғаш қорғаушылардың бipi болады. Алматыда шығатын «Тілші» газетіне 1923 жылы ол Абай туралы «Абай кітабы»I атты үлкен мақаласын бастырады. Бiрақ, Абай төңірегіндегі әртүрлі пікірлер 30-жылдарға дейін созылып келгендіктен, буржуазияшыл-ұлтшылдар Абайды әлеуметтік ортадан жырып алып, өздерінің ұлтшылдық пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдалануға тырысты.
Алайда, Абай поэзиясының әлеуметтік бағытын ашуда Ілияс көптеген дұрыс тұжырымдар айтумен қатар, бipaз қайшылықты пікірлерге жол берді.
I.Жансүгіров тек өзінің қоғамдық қызметіне ғана байланысты емес, ол әр уақытта ақын азаматтың борышы ретінде туған әдебиетінің тағдырын, оның болашағын үнемі ойлап, пiкip айтып отырады. Газет-журналдарда басылған мақалаларында болсын, әдебиет мәселелеріне арналған баяндамаларында болсын Ілияс үлкен бip проблеманы көтереді. Ол – халықтар әдебиетінің интернационалдық байланысы. Бұл байланыс тек мазмұн жағынан емес, түр жағынан да болып келуі шарт. Социалистік дәуірде халықтар достығы нығайып, экономикалық байланыс күшейген кезде әдеби байланыс та соның өзекті бip арнасы ретінде жүріп жатады. Бұл байланыстың түрлері әр алуан. Алдымен, бip халық жазушылары екінші халық әдебиетінің озық дәстүрлерінен үйрену, оны меңгеру арқылы жүргізілмек. Революцияға дейінгі дәуірде Абайды, Ыбырайды атамағанда, қазақ әдебиеті орыс әдебиетінің, баска да үздік жазба әдебиеті бар халықтардың озық дәстүрлерін игеруге мүмкіндігі болмай келсе, ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін оған толық жағдай жасалды, негіз туды.
Бұл байланыстың бірден-бір төте жолы әр ұлт жазушыларының озық туындылары өз ана тілінде ғана басылып қалмай, басқа да ұлт тілдеріне аударылып тұруы керек. «Бұл қазақ әдебиетінің қорын молайтады. Қазақ оқушысын өcipeді, қазақ жазушыларын оқытады»II, яғни әдеби байланыс халықтар әдебиетінің жедел дамуының басты бip шарты дегенді I.Жансүгіров баса айтады. «Қазақ оқушылары жалғыз өзінің Бейімбет, Қалмақанын ғана оқуға, қамалып отыруға қанағаттанбайды. Горькийден бастап татардың Ғалымжанын, өзбек, қырғыз, түркмендердің, жан-жақтың әдебиетінің барлығын да оқығысы келеді. Біз осы тілекті орындауымыз керек»III, – деді.
Бip мазмұнды, көп тілді совет әдебиетінің ерекше қарқынмен дамуына мүмкіндік бepiп отырған объективтік жағдайға қысқаша тоқтала келіп, I.Жансүгіров аударма мәселесіне тағы да ерекше назар беледі. І.Жансүгіров бұл идеяны ұсынып қана қойған жоқ, өзі де осы аудармамен шұғыл айналысты.
30-жылдары аударма мәселесіндегі жетістік туралы сөз болса, осы жолда өндіре еңбек еткен Ілияс Жансүгіровтің атын атамай кете алмаймыз.
I.Жансүгіров орыс тілін кешірек үйренуіне қарамастан, орыс ақындарының, орыс тіліне аударылған шетел ақындарының өлеңдерін шөліркене оқып, өз көңіліне қонған, өзiн сүйсіндірген шығармаларының кейбipiн ана тіліне аудара бастайды.
В.Маяковскийдің «Лениншілдер» атты өлеңін 1929 жылы аударып «Жаңа әдебиет» журналының 1930 жылғы 1-санында алғаш рет жариялайды. Содан былай қарайғы аудармалары күнделікті баспа беттерінде, жинақтарда басылып тұрады. Орыс жазушыларынан А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.Крылов, Н.Некрасов, Г.Державин, М.Горький, Д.Бедный, В.Маяковский», И.Уткин, А.Жаров, Н.Тихонов, А.Крайский, А.Безыменский, В.Рождественский, М.Зощенко т.б., шетел ақындарынан Г.Гейне, В.Гюго, Эжен Потье т. б., туысқан ұлт республика ақындарынан А.Тоцай, А.Лахути т. б. өлендерін аударады. Бұлардың ішінде әcipece көбірек аударған ақындары А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасовтар болады.
I.Жансүгіров орыс тілін ептеп біле бастасымен М.Горький шығармаларын ерекше зейін қойып оқиды. «Оның кітаптарының, - деп жазады ақынның өзi, - бipiнeн соң бipiн сонырқап, іздеп оқыдым. Горький кітаптары мені жазуға жігерлендірді. Көзімді ашып, сарайымды тазалап, ілгері қарай сүйреді, әcipece маған ерекше әсер еткен оның асқан ақындықпен жазылған «Сұңқар жыры», «Дауылпаз жыры» сияқты өлеңдері болды»I. Ұлы дауылға шақырған, күреске үндеген бұл шығарманы I.Жансүгіров жаттап алады, қазақ тіліне аударады.
«Әрине, Горькийдің кітабын оқып, сөзіне сусындап жүрген шәкіртіне өзінің ұлы ұстазын көру арманы азғана болмайды. Мен көптен Горькийді көруді көксеуші едім. Ондай бақытты күн маған 1933 жылдың қысында кез келді»II, - деп жазады ақын. 1933 жылдың қысында Москвада ұлт республикалары жазушыларының мәжілісі өтіп, сол мәжіліске қатысқан жазушыларды А.М.Горький қонаққа шақырады. Осы қонақтардың ішінде I.Жансүгіров те болады. Сол кездесудегі болған әңгімені қысқаша түйіндей келіп, ақын былай деп жазады:
«...Әcipece Алексей Максимович қазақ халқының тарихы мен қазақ даласын жаулап алған патша үкіметінің тарихы туралы сұрастырып отырды. Сол заманда отар саясатымен түскен Еділ, Epтic бойындағы қалалардың тарихы бай, қызықты материал деп сөйледі..»III.
А.М. Горький мен I.Жансүгіров одан кейін де бipнеше рет кездесіп, әңгімелескен, әcipece СССР жазушыларының съезі үстінде Алексей Максимович үнемі жазушылар арасында болды.
«Мен бip жолыққанда, - дейді I.Жансүгіров: – Алексей Максимовичке қазақ жазушыларының кітабын бepiп отырып, өзім аударған «Дауылпаздың» қазақшасын оқып бердім. Ол өте ықласпен тыңдады. Мен оқып болған соң қолымды қысып тұрып:
– Мен сіздің тіліңізде білмесем де мені ұққандығыңызды сеземін, – деді. Мен өте өркештеніп қалдым»IV.
Міне, пролетариаттың ұлы жазушысы А.М.Горькиймен жүздесіп, дидарласуы, ұлы ақындардың шығармаларын оқып, одан өзіне нәр алуы I.Жансүгіровті аударма творчествосына белсене араласуға ceбeпшi болды. I.Жансүгіров, бip жағынан, ұлы жазушылардың асқақ туындыларын қазақ оқушыларына жеткізуді өзінің ақындық парызы деп санаса, eкінші жағынан, қазақ әдебиетінің даму, өсу пpoцeci осындай озық шығармалардың аударылуы арқылы да жүзеге асатынын ол жақсы түсінді.
1937 жылы А.С.Пушкиннің өлгеніне жүз жыл толуын бүкіл Одақ бойынша атап өтуге қаулы алынды. Бұл күнге барлық ұлт республикаларында үлкен дайындықтар жүргізілді. Осы датаға байланысты Пушкин өлеңдерін бұрыннан аударып жүрген I.Жансүгіровке енді «Евгений Онегин» романын аудару жұмысы жүктелді. Романды ақын түгел аударды (I.Жансүгіровтің аудармашылық өнepi арнайы зерттеуді қажет етеді).
Әдебиеттің интернационалдық байланысын күшейту туралы мәселе көтерген I.Жансүгіров қазақ совет әдебиетінің, қайнар бұлақ көзi болған қазақтың дәстүрлі әдебиетінің, яғни ауыз әдебиетінің бай мұрасын зерттеп, оны творчестволық жолмен игеру керектігін де үнемі қадағалап отырған әдебиетші. Сол халық әдебиетін мол жинап, оны өзінің творчествосына пайдалануда да I.Жансүгіров басқаларға үлгі көрсеткен ақындардың бipi болды.
Қазақ совет жазушылары Одағының председателі болған I.Жансүгіров 1934 жылы Москвада өткен СССР жазушыларының I съезіне делегат болып қатынасады. Съезде ол қазақ әдебиеті жайынан сөз сөйлейді. Осы съезде ақын СССР жазушылар Одағы мен Қазақ АССР жазушылар Одағы правлениесінің мүшесі болып сайланады. Партия мен үкіметтің жүктеген қиын да жауапты қызметтерінде ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетін анық танытады.
Жеке адамға табынушылық өpic алған кезде жауапты орындарда отырған кейбір қызметкерлер партияның сара жолын бұрмалап, интеллигенция арасына сенімсіздік тудыра бастаған жайы бар-ды. Осының салдарынан қазақ әдебиетінің өкілдері де бет жыртысатын мақала жазысып, тырнақ арасынан кip іздеп, шындықты бұра тартып, түймедейді түйедей етіп көрсетуге тырысып бақты. Осындай ауыр атмосферада жұмыс icтeyге мүмкіндік болмай I.Жансүгіров Қазақ совет жазушылар Одағының председательдігінен 1935 жылы босап, «Қазақтың көркем әдебиет» баспасында 1937 жылдың август айына шейін Поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.
* * *
Өзінің қаламдас замандастары сияқты Жансүгіров те поэтикалық творчествоның әр түріне барды. Ол поэзияда өлеңнен поэма жазу дәрежесіне көтерілді. Сонымен бipгe прозада әңгіме, очерк, роман жазды, драматургияда бip актілі пьесадан драма жазуға дейін барады. Әдеби сынға араласады, көркем аудармаға да өз үлесін қосады.
Әдеби творчествоның әр түріне, әр жанрына барудың түрлі ceбeптepi бар. Біріншіден, революцияшыл ұлы өрлеуге мүмкіндік туған заманда әдебиет түрлері мен жанрлары жан-жақты дамып, бұғанасы бекіп, буыны қатып, қалыптаса қоймаған жағдайда профессионал әдебиет кадрлары аз болды. Жоқты бар етіп, өспегенді жетілдіріп, дамымағанды ілгері бастыру жауапкершілігі алдымен жазушылардың алдыңғы тобының міндетіне жүктелді.
Екіншіден, әлі профессионал әдебиетші дәрежесіне жете қоймаған, жазушылық қазынасының сыры түгел ашылмаған жас жазушылар өздерінің жазушылық қабілеті поэтикалық творчествоның, қай түрінде, қай жанрында екенін сынау үшін көркем шығарманың әр түpiнe бip барып, әр жанрына бip соғып барлау жасады, яғни іздену жолын басынан кешірді.
Ілияс Жансүгіровтің творчествосын арнайы зерттегендіктен, бiз әдеби творчествоның әр саласында еңбек еткен жазушының шыққан биігi, соның қай түрінде және оған қалай жетті, әдебиетке қосқан өзіндік үлесі қанша, өзіндік беті қаншалықты айқын деген мәселелерге арнайы, нақты тоқталамыз.
I.Жансүгіров 20-жылдардың бас кезінде қысқа-қысқа әңгімелер, очерктер, фельетондар жазып газет, журнал беттерінде бастырады. Алғашқы әңгімелерінің дені кедейліктің тауқыметін тартқан жалшылар, патриархалдық қоғамның қазақ әйелдерінің басына салған күңдік ноқтасы, надандық, қазақ аулындағы ecкiліктің етек алған түрлі көрнектерін бейнелеу, сынау, әшкерелеу тенденциясы ақынның соңғы жылдары жазған шағын көлемді прозасының да арқауы болып отырады. 20-жылдың екінші жартысында қазақ даласына келген бостандықтың нәтижесінде өзгере бастаған ауыл, жаңара бастаған адамның психологиясындағы өзгерістер Ілияс прозасына сыздықтап ене бастайды. Бұрын малдың ғана тұяғы шарлаған қазақ даласына техниканың келіп, темір жолдардың салынуы, қала мен ауылдың мәдениет ошағына айнала бастаған жаңалықтары да жазушы назарынан тыс қалмайды.
Әрине, I.Жансүгіров халық аузындағы ертегі, новеллаларды жақсы білгендіктен революциядан бұрынғы көркем шығармалармен де жақсы таныс болған. Сондықтан да оның әңгімелерінде кейде қазақ әдебиетінде бұрын көтерілген тақырыптар сөз болады. Мысалы, 1925 жылы жазылған «Жедел жәрдем» әңгімесі Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлу» романындағы Қамардың өлімін еске салады. Әңгіменің тақырыбы бip, өмір материалдары да ұқсас. Бipaқ, I.Жансүгіров бұл жерде Сұлтанмахмұтқа еліктеп отырған жоқ. Ол барған тақырыпқа бұл да барады, ол әшкерелеген надандық, қараңғылықты бұл да әшкерелейді.
Өйткені 20-жылдың басында бұл қазақ аулында жиі ұшырайтын құбылыс еді. Өмірдегі осындай зиянды құбылыстарға өз үнін, өз қарсылығын танытпай тұра алмады. Жазушы кейіпкерлерінің психологиясын жақсы ашумен бipгe, өз атынан берілетін баяндаулар, суреттеулер, толғаныстар да iштей қабысып, толық бip картина жасау дәрежесіне жетіп қалады.
I.Жансүгіров кейде суреттей бейнелеуге тырысса, бipдe үкiмiн өз аузынан, публицистикалық толғаныс арқылы да түйін айтып отырады.
Ескілік құрбандарын қынжыла сөз еткен, ecкi салт - сананы қымсынбай әшкерелеген жазушы жаңа заманның жаңалығына да ерекше назар аударады. Қазақ даласына ене бастаған жаңа желпіністі жазушы «Қойшы мен аэроплан» (1923), «Батрақ» (1924) атты әңгімелерінде қызықты eтiп берген. Әcipece, «Қойшы мен аэроплан» әңгімeci бас-аяғы жинақы, онда артық оқиға да, артық адам да жоқ, піciп жетілген әңгімелердің қатарына жатады.
Жалшылық тұрмыс әбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен Бәкендер қазақ аулында әлі бар. Бipaқ жазушы сол Бәкендердің санасына қозғау салуы керек еді, жеңіл ғана әзілдеп қоймай, жаны аши айтуы керек еді. Осы жағы сәл жетпей жатады. Әйтпесе, әңгіменің сюжеттік желісі, композициялық құрылысы ықшамды. Жазушы ойдым-ойдым әсем суреттер жасайды.
I.Жансүгіровтің бip топ очерктері бүгінгі күннің еңбек адамдары жайында, жаңа заманда жаңарған қала мен дала туралы болып келеді («Шоқпардың шоқтығында», «Төрт жолдың торабы» т. б.).
I.Жансүгіров хабар ретінде жазылатын жалаң очеркке ден қоймай, көркем очерк жазуға талаптанған, бұл талабы жеміссіз болмаған. Әңгіме-очерктерінің сәтті шыққандарының композициялық тұтастығы бepiк, сюжеттік желісі тұтас, суреттеу, бейнелеу жағынан да кәдімгі көркем шығармаларға қойылатын талаптарға жауап бере алады. Әйткенмен бұл баға I.Жансүгіровтің барлық әңгіме-очерктеріне тән eдi деуге болмайды.
Композициялық тұтастығын сақтай алмай, көрген-білгендерін жинақтап, қорытындылай алмай, соның салдарынан әңгіме-очерктерінің етек-жеңі жиналмай, шұбалаң шығып, нақты адам бейнесі ашылмай жататын кездері де жиі ұшырасады. Мысалы, «Нұрша», «Баулыған балапан» т. б. Бұл әңгімелері көркем шығармадан көpi жай баяндама тіліне ұқсас.
Miнe, I.Жансүгіровтің әңгіме-очерктерінде идеялық, әcipece көркемдік жағынан бірсыпыра ала-құлалық байқалады. Бipaқ, 20-жылдардың бас кезінде-ақ ақынның прозалық шығармаларында бip жай айқын сезіле бастайды. Ол, жазушы шығармаларындағы сатиралық элементтің бipтe-бipтe күшті, өткір сипат ала бастауы. Жазушы мысқыл, әжуа ететін типті құбылыстарын тура таниды, дәл суретін жасап, ұтымды да уытты тілмен түйрей жазуға машықтана береді.
Өзінің творчестволық жолы туралы жазған бip мақаласында I.Жансүгіров: «Әдебиеттің күлкі-сықақ түpi де бізде өспеген-өнбеген түpi. Бұл жөнінде де бipaз еңбек icтeп келем. Осы түрді туғызу үшін әдебиет түpiнен «Сықақ» атты кiтaп жинағын шығардым. Осыған ыңғайым бар. Кезінде ұсақ-түйек жазып отырамын. Менің фельетондарым, сықақ өлеңдерім бiздегі жоқ, әдебиеттің сықақты түрін туғызуға icтeп жүрген қызметтерім»I, - деп жазды. Ал, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылғы бip санында: «Ілиястағы үлкен жаңалық – фельетон жазу. Бұл жөнінен Ілияс көп еңбек ciңipдi. Алаш жазушылары бұл жанрды өркендетіп, өcipe алған жоқ. «Kөpiм» деген Мыржақып «Оқшаудан» әpi бара алмады. «Оқшауды» нағыз фельетон деп атауға болмайды. Нағыз фельетонды жазған Ілияс, Бейімбет. Бұл даусыз»I, - деген баға берілген. «Қазақ совет фельетоны» деген диссертациялық еңбегінде Т. Қожекеев те I. Жансүгіровтің фельетондарына тоқталып: Ол (Жансүгіров. – М.Д.) әpi өткip сатираның, уытты фельетондардың дара шыққан шебері едi. Ащы күлкі, әзіл сықақ, жеңіл юмор Ілияс творчествосының тоят берер, сүбелі жатқан бip қыры. Tіпті Ілиясты қазақ совет әдебиеті мен баспасөзіндегі фельетонның негізін салушы атасы десе де болады»II, - деп бағалайды.
I.Жансүгіров әдебиеттің сатиралық жанрына ертеден (1920-жылдардан) ден қояды. Алматыда газет жұмысына араласа бастаған кезде-ақ ол бүркеншек атпен фельетон, сатиралық әңгімелер жазды, ол кезде газеттің сатиралық бөлімі «Әзіл оспақ», «Оқшау сөз», «Шашауша» деген рубрикалармен берілетін. Осы рубрикадағы «Матай», «Балгер», «Жа-жа», «Ағын», «Салпаң құлақ» дегендер I.Жансүгіровтің бүркеншек аттарыIII.
Азамат соғысы бiтiп, халық күйзелген шаруашылығын қайта жөндеп, социалистік құрылыс жолына түсуде көптеген қиындықтар болды. Ecкi сана мен жаңа сана арасындағы тартыс барынша күшейе түcтi. Жаңа социалистік шаруашылықты өркендету, адамдардың әдет-ғұрпына, салт-санасына, мәдениетіне өзгеpic енгізу керек болған жағдайда жаңаны жақтап, шығарма жазу қандай қажет болса осы жолда етектен тартып, кepi сүйреген ескіліктің барлық түрлеріне аяусыз қарсы күресу сонша керек болды. Осы күресте сатира жанрының уытты сыны, әшкерелегіш қуаты, әжуа, мысқылы ерекше роль атқаруы қажет. Тап тартысы, ecкi мен жаңаның арасындағы бітіспес күрестер сатира жанрының әлеуметтік арнасы болды. Жеңіл әзіл-оспаққа да, ызалы-ащы күлкіге де халық өмірінде материал көп болатын. Әр түрлі қызметтерде болып, ел ішін аралап жүрген I.Жансүгіров оның бәрін де көзімен көpiп, ecтiп, біліп жүрді.
Әрине, сатирик болу үшін көру, білу жеткіліксіз. Оны әсерлі түрде жаза білу керек. Ілияс жаңа қоғамдық құрылысты орнату жолына кедергі болған жайларды көре, сезе отырып, таптық, партиялық тұрғыдан оған қарсы күрес ашушылардың алғашқы тобында болды. Сатира боларлық өмip құбылыстары, жеке адамның басындағы күлкілі жайлар I.Жансүгіровтің қаламынан бірде өлең үлгісінде, бірде әңгіме, новелла үлгісінде қатар шығып отырды.
Социализмді орнату жолындағы Коммунистік партияның қаулы-қарарларын, декреттерін, саясатын ел ішінде жүзеге асыруға кіріскенде, олардың ішінде неше түрлі алааяқ сұмдар, қулар, бюрократ төрешілер, жемқорлар да жүрді. Өздерінің қызмет орнын пайдаланып, партия саясатын көпе-көрнеу бұрып, қара басының қамын ойлап, әсемсіп-сәнсіп, кісімсіп-бәлсіп қалатындар аз кездеспеді. Әcipece, кімді-кім жеңеді деген мәселе көлденең тұрғанда мұндай жандардың зияны ерекше мол тиеді. Совет өкіметіне деген халықтың шын сүйіспеншілік ниеті әлгілердің әділетсіздік, зорлықшыл icтеpiн көргенде сенімсіздік тудыруы мүмкін еді. Мұндайлapғa қарсы партия аяусыз күрес ашты. Көркем әдебиет, әcipece сатира бұл күресте алдыңғы қатарда болды.
Өмірде жеңіл күлкі, әзіл-оспақ түpi - юмор тудыратын да, сонымен бipгe уыты мол ащы қалжың-сатира тудыратын да жайлар бар. Юмор көбіне достық әзілге басады, әйткенмен онда да сын бар. Ал сатира әжуалайды, сынайды. І.Жансүгіров осының соңғысын қалайды, таңдайды.
Күлкілі жайдың барлығы бірдей сатира болып кете бермейді. Оның да халықтың ілгері дамуына кедергі болған, әcipe зияндылары жазушы қаламына алдымен ілігеді. Ненi күлкінің отына салу керек және оны қалай салу керек деген мәселе жазушыдан идеялық бepiк полиция мен үлкен шеберлікті талап етеді. I. Жансүгіровтің сатирасы, идеялық позициясы халықтық, партиялық тұрғыдан келеді дедік. Сатирик халық өміріндегі ең зиянды деген нәрселерді сынайды, сөйтіп халық мүддесін көздейді.
Әйткенмен I.Жансүгіров бұл жанрда ішінapa кемшіліктеp де жіберіп қалып отырды. Әcipece 20-жылдары жазған кейбір сықақ өлеңдерінде («Ит-ай», «Жарқымбай» т.б.) жазушы сынайтын объектісіне сын оғын дәл қадай алмай, торғайды атамын деп томарды ататын жайы байқалады. Мысалы, «Ит-ай» деген шығармасында кедейдің атын лауға мінген өкілдің әділетсіздігін сынағысы келген. Алайда, кici атының арқасын жауыр етіп әкелген өкілдің адамгершілікке жатпайтын ісi көлеңкеде қалады да, аттың жауырын көріп күйінген Тұрғынбай мен Алтынайдың ұрыстары сөз болып кетеді. Оқушы өкілдің icінe күлмейді, мал иелерінің өз ара кейісіне күліп отырады. Сөйтіп, сатираның негізгi oбъектісі қағажу қалып қояды. Сол сияқты кейбip кездейсоқ құбылыстарды заңды құбылыс ретінде беретін жайлары да кездесе береді. Сондықтан да сын өз объектісін дәл таппаған соң уытынан айырылып, далаға атылған жалғыз оқ сияқты нысанасына дәл тимей жатады. Оның үстіне 20-жылдардағы сатирасында I.Жансүгіровтің жазу мәдениетінің өpeci кеміс жатқанын да айту орынды.
Абай Құнанбаев, Сәбит Дөнентаев сатиралары, халық аузында жүрген күлдіргі ертегілерді атамасақ, қазақ әдебиетінде дара жанр ретінде сатира толық қалыптасып үлгірмеген-ді. Жүйелі дәстүрі болмағандықтан да жаңа жаза бастаған сатириктердің жазу мәдениетінде, шеберлік мәселелерінде жетпейтін, кем соғып жатқан жайлардың болуы, бip жағынан, заңды құбылыс еді. Осы қиындықтарды жеңе отырып, қазақ совет сатирасының ipгeтасын қалау I.Жансүгіров, Б.Майлин сияқты жас талапкерлердің міндетіне жүктелді.
Ел арасында жүріп, әлгіндей озбырлардың, шолақ белсенділердің iстepiн көpiп күйінген I.Жансүгіров 1920-жылдардың басында «Елге шыққанда... ов не айтады», «Бейсенбек болыс», «Ала бие», «Ықшылбай», «Ит-ай», «Жарқынбай», «Беркімбай» т. б. сықақтарын жазады. Еңбек етпеген керенаулар, сатып алар саудагерлер, парақор мен жалақорлар, төрешілдер, діншілдер, міне, I.Жансүгіров сатирасына ілінген негізгі тақырыптар осылар болады. Әйел теңдігі мәселесіне де бірсыпыра сатиралық шығармалар жазады. Сөйтіп I.Жансүгіров қоғамның ілгepi басуына кедергі болған зиянды дерттерді барынша сынап, әжуа етеді. Күлкі, әжуа сынның ең күштi, ең қуатты түpi екенін, ол шындық өмірдің қайшылығын ашатынын, ecкiнi тоқыратып, жаңаның ілгері басуына жәрдемдесетін құрал екенін ақын білген, түсінген. Ecкiнi, кертартпаны сынау арқылы жаңа идеалды орнықтыру үшін ат салысқан I.Жансүгіров өмipгe селсоқ қараған жан емес. Халық мүддесіне жат нәрсенің барлығы да сыналуы, әшкере-масқара болуы керек. Оның сатираға баруының өзi де осы көзқарастан туған.
I.Жансүгіров нақты оқиғаны жазумен бipгe көбінесе өмірде болатын, болуға тиістi жайларды жинақтай, түйін жазады.
I.Жансүгіровтің бip топ сатирасы ақынның өз атынан айтылған ақыл-кеңес арқылы мына үлгіде беріледі:
Сөз сөйле, тіл біткенді бұзыңқырап,
Боза-ботка докладты мыжыңқырап...
О күніңді жоям деп бақыра түс,
Күшейіп, «жасасынға» қызыңқырап.
Тезис жаз дүмбілездеу сырлаңқырап,
Kiтaп жаз одан-бұдан ұрлаңқырап,
Сирақтай шала үйтілген өлең жазып,
Оныңды өңештей бер бұлдаңқырап...
...«Айт» десе айқасып қал білмесең де,
Құмарлан керіп, созып, сүйресерге,
Қасақана қаулыға қарсы болып,
Сал да отыр қыңыратқып бip кеселгеI.
Мұнда ақын, жоғарыда айтылғандай, көк мылжың демогогтердің іс-әрекеттерін, мінез-құлқын айнытпай дәл тауып әжуа етеді.
Iлияс кейде халық аузында кең тараған күлдіргі өлеңдердің формасын сақтап, сөздерін әдейі өзгертіп алып та жазатын кездері ұшырасып отырады. Мысалы, халық аузындағы «Ешкі мен қойдың айтысы» деп аталатын өлеңінде:
Менің жегенім жантақ,
Сенің жегенің жантақ,
Сенің құйрығың неден жалпақ? –
деген күлдіргі жайды ақын ұтымды пайдалана отырып, сол күлдіргі форманы өзінің айтайын деген нeгiзгi ойына қолданады.
Совет саудасының тәртібін бұзып, өтпей жатқан заттарын өтімді затқа қосып, бipгe сататын, сөйтіп жарамдының қасына жарамсыз «құйрық» қосып жiбepeтін саудагерлерді сынап, әжуаға айналдырып отырған. I.Жансүгіров жоғарыдағыдай ешкі мен қойдың құйрықтарын әңгіме ете отырып, енді шайдың «құйрығына» ойысады.
Өлеңмен жазылған сатираларында I.Жансүгіров өлеңнің буын санын, шумақ, ырғағын бepiк сақтап отырса, кейде оларды әдейі бұзып, шешен тілмен тақпақтап та айтып отырады. Енді бірде сахнаға лайықты қысқаша диалог арқылы береді («Шошқа мен молда» т. б.).
Ілиястың қара сөзбен жазған фельетон, сықақтарындағы өзінe тән бip ерекшелігі – оның әңгімелеу түріне байланысты. I.Жансүгіров ел аузында көп тарап, аңызға айналып кеткен қысқа күлдіргі, новеллалардағы қызықты оқиға, ондағы адамдардың ic-әрекеті мен өзінің айтайын деп отырған нeгiзгi оқиғасын, адамдарының мінез-құлқын, істеген iciн, әрекетін қатар салыстыра отырып алады. «Ұяның ұясы, қожаның дорбасы» деген сықағында Қожанасырдың басынан өткен күлдіргі бір оқиғаны алып, «Сондай-ақ» деп негізгі әңгімесі өз алдына заңсыз ұйым құрып, ұя болған кешегі үстем тап өкілдерінің зымиян қылықтарын әшкерелейді. Немесе «Сұрпақбай Сұғанақ» деген сықағында ертеде біреуге ас бергендегі Сұрпақбай дегеннің ісі мен мінезін әңгіме етуден бастайды.
«Мал сойылды. Ошақ қазылды. Ет асылды. Етке оңаша үй тігілді. Еттің басына өңмеңдеп жүріп өзім міндім. Несін айтасың, ет тегін, ылғи май. Әй дер әжем, қой дер қожам жоқ. Еттің жылы-жұмсағын қуыртып, ащы тұздықтап, ауық-ауық сұртпақтатып соға беріппін, соға беріппін. Үйде жатқан Өржан отағасыға шеке бастатқан дөй табақ жібердім. Өржекең атасында көрмегенді ботасында бір көрді. Дәметкен орамал жіберген екен, түйенің тоқбақ жілігі, биенің қос қазысымен қайқайма табақ оған кетті. Баянбай баласын жүгірткен екен, түйенің төсі, биенің жаясымен үйеме табақ оған кетті, бір мезетте қарасам, бұрын қалжыңдасам қарамайтын қаракөз келін босағадан жаудырап қалған екен, биенің қартасы, қойдың ұлтабары, төс қасқасы мен бауыр құйрықтан шоғырмақтанған таңқима табақты «мә» дедім. Ен, тегін ет. Қолым тиіп тұрғанда білем-білем құйрықты, майлы-майлы жамбасты, қос-қос қазыны оған да бердім, бұған да бердім»...I. Онымен қоймай Сұрпақбай өзінің үйіне де біраз табақ жіберіп, асқа деген етті талан-таражға салып, қонақтарына ет жетпей, үй иелері қатты ұялып, масқара болады. Кісі дүниесіне келгенде «береген». Мұндай психология ертеде ғана емес, бүгінде де бар. Ірі байларды конфискелеуге шыққан өкіл Ақыметұлы Сыздықтың іс-әрекеті жоғарыдағы Сұрпақбайдың ісіне келеді. Бұл да конфискеленіп, кедей жалшыларға бөлінетін, үкіметке өтетін мал-мүліктерді Сұрпақбайшылап жақындарына, тамыр-таныстарына, туған-туыстарына үлестіріп талан-таражға салады, базарға мал айдатып сатып, өзі пайдаланады.
I.Жансүгіров Сұрпақбай мен Ақыметұлы Сыздықтың ісін қатар ала отырып сынайды. Мұндағы параллелизм Ақыметұлының сорақы ісін әшкерелеудің әсері күшті болуына жәрдем етеді. Сықағының соңында автор:
«Ал, жұрт, осы екі Сұрпақбайдың айырмасы меніңше: ана Сұрпақбайдың әлдеқашан үлгендігі де, мына Сұрпақбайдың әлі ұсталмай сұрпақтатып бос жүргендігі»I, – деп ойын түйеді.
Былай қарағанда оқиғасы ұқсас екі шығарма сияқты көрінгенмен бұл бір шығарманың басталуы мен аяқталу процесі осылай көрінеді. Алғашқы бөлегі соңғы негізгі бөлекке дайындық ретінде алынады. Жалпы алғанда, қазақтың әдет-ғұрпын, дәстүрін жақсы білетін Ілияс Жансүгіров бұл әдісті өз жанынан шығарған жоқ. Әдетте, қазақ халқының шешендік өнерінде болсын, айтыс жырларында болсын, немесе әзіл, қалжыңдарында белгілі бір жайды мақалдап сөйлеу, тұспалдап, орағытып айту дәстүрі кең етек алған. Негізгі бір ойды айту үшін «баяғыда біреу өсіткен екен, сондай-ақ сен де соның кебін келтірдің» деген сияқты болып келеді. Ал I.Жансүгіров өзінің сықақ әңгімелерінде халықтың осы дәстүрін ұтымды пайдаланғанын көреміз.
I.Жансүгіровтің біраз шығармалары өмірде болған нақты оқиға, нақты адам жайынан жазылса, біразы өмірде болатын жалпы жайлардан жазылады дедік. Сондай сатиралық әңгімелерінің бірі «Құқ». Үкіметке қарсы әрекет етіп жүрген зиянкестердің правосын (құқын) жою үшін шыққан өкіл – Зікір ауылға келіп жиналыс өткізеді. Осы жиналыс үстіндегі оның пиғылын, жиналыстардың процесін жазушы былай береді: «Зікір «ауыл-ауылды ата-жөнімен қудалап қарастырады. Қарастырып отырып алты үй арғындарға келді. Арғын ап-аман. Арғынның бәрі де құқығымен жүр. Алты үй арғынның бір адамының құқығы жойылмапты... Бұл Зікірдің ішін жарып кете жаздады.
– Уа, маған сөз.
– Ал, айт.
– Бегімбет.
– Неғылған адам?
– Әйтеуір зиянды адам. Жойылсын.
– Әбділда.
– Не болған?
– Сот астында... құқығы жойылсын.
– Дүйсекейдің Қаратайы қалмасын.
– О кім еді?
– Аузының қисығы бар адам. Құқы жойылсын.
Жиылыс жабық.
Өкіл ауданға тартты»II.
Осы үзіндіден Зікір сияқты кейбір шолақ белсенділердің шаш ал десе, бас алатын асыра сілтеулерін мысқылдап, әжуа еткені көрінеді.
Ілияс фельетондарының кейіпкерлері тек белгілі бір адам ғана емес, ойдан алынған және оның аттары істеген ісіне, мінезіне, қылығына сай келіп жатады. «Алдандық» фельетонындағы аудандық атқару комитетінің бастығы болып өтіп кеткен, тазыша қылмыңдаған сұйық жігіттің аты Қызылтазы Жұлқаров, ал оның орынбасары Астыртын Жалғасаров та бай баласы, өз ортасының адамдарымен жең ұшынан астыртын жалғасып жүрген жан. Мүшелері: Алымшыл Аямасов – жұртқа салықты аямай салып, пара алғыш, өз құлқыны үшін ешкімді аямайтын қатыгез, сұм адам, Сатыпкет Жоғалтаров та, ЬІлаушыл Тасталқанов та аттары айтып тұрғандай сатиралық типтер.
Сатиралық шығарманың типтік кейіпкерлер бейнесін жазушы бірде шағын ғана сюжет, іс-әрекет арқылы ашса, енді бірде оған жазушының өзіндік тіл ойнақылығы да жәрдем етеді. Өлең, тақпақпен жазылғандарын сөз етпегенде проза түрінде жазылған сықақтарының өзінде I.Жансүгіров ұтымды ой, оралымды тіл тауып отырады. Кейіпкерлеріне сатиралық портреттік сипаттамаларын береді. Керенау төрешілдер туралы бірер мысал келтіріп көрейік:
«Бюрократтың, жастау болса, бұйра шашы болады, кәрілеу болса, қасқа басы болады. Алтын тісі болады, желіндеген жирен биедей буаз портфелі болады. Тықылдаған таяғы, сықырлаған алғы болады»I.
«Қуыршақ» атты сықағында әйел теңдігі мәселесі кеңінен көтеріліп жатқанда, әлі де болса әйелді қуыршақ, ойыншық ететін жәйді жазушы былай суреттейді:
«Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы. Төсегі салулы. Ішеді, жейді. Қолдан жасамайды, қатыннан туады. Базарда сатпайды, қазақта сатады. Балалар ойнамайды, сақалды шалдар ойнайды. Бірінен бірі алады. Берсе кетеді, алса келеді».
Мұнда ептеп жұмбақтың да элементі бар. Жазушы кейіпкерлерінің бар болмысын жұмбақтай айтып, оқушысын «бұл не екен?» деген ойға итермелеп, әлден соң оның әйел екенін бір-ақ білдіреді. Бұл да Ілиястың осы жанрдағы өзіндік жаңалық тәсілі.
Төрешіл, демогогтерді I.Жансүгіров үнемі бүйіге, жұқпалы ауруға теңейді.
Ілияс сықақтарындағы кейіпкерлердің аузынан кейде орыс сөздері бұрмаланып та айтылып отырады. «Сөз Қамысбаевқа» деген сықағындағы бос сөзді, жылпос Қамысбаевтың жиналысты өзі ашып, өзіне-өзі сөз беріп, өзі жиналыстың қорытындысын шығарып, қаулысын алып, жиналысты жапқан ісінен оның кім екені ашық көрініп тұрады. Оның осы ісі оқушыға еріксіз езу тарттырады. Қамысбаевтың бар болмысын әшкерелейді. Бұл қылықтарының үстіне I. Жансүгіров оның тілін де шұбарлап, бәтуасыз адамдығын тағы да бір жарқ еткізіп көрсетеді.
«Мен сіздерге сыразы жауап беремін. Сауалдарыңыз менің баяндамама жұғыспады. Сол бойынша жауап беріп болмайды. Кімде резолюция, то есть, қаулы бар?..
1. Положения СССР жақсарып келе жатыр.
2. Байлар дүниесінің капитализмнің ыстабилизациясы уақытша тоңазып тұр»I.
Ақынның «Сөз Қамысбаевқа» сияқты қысқа сықақ әңгімелері өзінің құрылысы жағынан қысқа да тұжырымды, адамның характерін бір ғана штрих арқылы ашып кететін ерекшелігі А.Чехов үлгілеріне жақын келеді.
«Ташкендікке тарт» сықағындағы берекесіз Шойынқұмалақтың өз жұмысына атүсті, салдыр-салақ қарайтынын, қолынан іс келмейтінін сынап, әжуа етіп отырған автор кейіпкерінің сөзін де оның ісіндей етіп береді.
«Түу собрания емес. Шорт вазмей, үстіп жүріп нервный боп кететін шығармыз. Мен жаңа ғана собранияда табанымнан тік тұрып тұтас екі сағат доклад оқып шықтым. Массаға кәпәрәтібінің значениесін ұғындырдым. Задашасын суреттедім. Перспективін...»II.
Кейіпкер тілінің күлкілі, ойнақылығымен бірге жазушының өз тілі де ойнақы күйде, еркін ұйқасып келіп жататын жайлары көп. Жазушы кейде жекелеген сөздерді көркемдеп, нақыштылығын арттыру үшін үндес, дауыссыз дыбыстарды әдейі қайталап отырады. Мысалы, «Шалқыбай» атты сықақ әңгімесінде «Бойын бойжеткенше сылайды, етігін ет асым тазартады, жуынуы жүз минут, тарануы табан бір сағат. Жағасын жарты сағат шұқылап, айна алдында бие сауым тұрып алады» немесе «Қой Қойлыбайдан, қымыз Қырқабайдан» деген сияқты болып келеді.
I.Жансүгіров сатирасына объектіні таба біледі, шығармаларының көлемі шағын, композициялық құрылысы жинақы. Адам портреттері, кейіпкерлерінің диалог, монологтері, жүріс-тұрыс, қимыл-әрекеттері барлығы да сатира кейіпкерінің типін жасауға қызмет атқарады. Оның үстіне I.Жансүгіров халық тілін жақсы меңгеріп, ойлы сөз, ұтымды теңеу табуға шебер. Жазушы кейде бір мекемедегі жұмыстың шалағайлығын олардың шығарған қаулысы арқылы да сынап, күлкіге айналдырып кете береді. Сөйтіп, ол қазақ совет әдебиетіндегі сатира жанрының тууына, оның жаңа түрлерін жасасуға ат салысты. Жалпы, қорыта айтқанда, I.Жансүгіров сатира жанрын өркендету жолында көп ізденіп өзінің елеулі үлесін қосты деп білеміз.
* * *
Қазақ әдебиетінде прозаның шағын түрі: әңгіме, очерк 30-жылдары қалыптасу процесін басынан кешірді. Осы даму процесі прозаның үлкен түрі – повесті, романды тудыруы заңды құбылыс болатын. Бұл кезде Сәкен Сейфуллиннің «Айша», «Жер қазғандар» повесті мен «Тар жол, тайғақ кешу» романы, Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунист», «Азамат Азаматыч» повестері, С.Мұқановтың «Адасқандар», «Теміртас» романдары туған еді. Мұндай өнімді кезеңге I.Жансүгіров те өзінің «Жолдастар» атты романымен үлес қосты.
«Жолдастар» романы, негізінде, революция қарсаңындағы қазақ кедейлері мен жұмысшыларының өмірін көрсету арқылы қазақ даласындағы таптық жіктің ашылуы, сөйтіп 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы февраль революциясы кезіндегі дүрбілең, жаңа революцияға қазақ жігіттерінің дайындығы сөз болады. І.Жансүгіров бұл романын о баста екі кітап етіп жазуды жоспарлаған да, бірінші кітабының сюжеттік желісін Октябрь революциясының дайындығына арнап, екінші кітабын революция кезі, одан кейінгі азамат соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуіріне арнамақ болған. Бірақ, романның екінші кітабы жазылмаған.
«Жолдастар» романының көптеген кейіпкерлері мен оқиғалары тарихта шын болған. Алайда, жазушы кейде болған оқиғаны болған күйінде суреттеп отырса, кейде болуға тиісті жайларды алады.
Төрт бөлімнен тұратын романның алғашқы «Бастау» деген тарауында жазушы ауыр тұрмыстың салдарынан жоқшылық қолын байлап, бай көпес саудагердің үйінде жүруге мәжбүр болған Сатан деген жас жігіттің басынан кешкен оқиғалардан бастайды. Негізінен алғанда, осы тарауда қазақ даласына еніп келе жатқан сауда капиталының элементтері, Сатан сияқты қазақ жалшыларының қор өмірі, Шалматай сияқты бай, саудагерлердің қанаушылығы, Шалматайға еріксіз қосылған Нәзипа сияқты қазақ қыздарының бас бостандығының жоқтығы т.б. шым-шытырық қоғамдық өмірдің қос қыртысты жақтары көрсетіледі. Тараудың композициясын жазушы жақсы құра білген, кейіпкерлерінің характерлерін де бірте-бірте оқиға үстінде ашуға талаптанған. Екінші, «Ағын» деп аталатып тарауында жазушы алғашқы кейіпкерлерінің қатарын Мардан, Мәмбет сияқты жаңа кейіпкерлермен толықтырады. Бұлар да Сатан іспетті кісі есігінде жалшылықта жүріп, бастарына байдың талай әңгір таяғы ойнаған, өмірдің тұщысын татпағанмен ащысына қанық, оқығаны болмаса да тоқығаны мол, өмір тезінен шыңдалып өткен қазақтың жас жігіттері. Бұл жағынан Мардан, Мәмбет Сатанға тым жақын, тым ұқсас, кейде осылардың кешкен өмір жолдары бірін-бірі толықтырып қазақ жалшыларының жалпы өмірінен бірқыдыру мәлімет берсе, кейде бір-бірін қайталайтын секілді. Бірақ, екінші тараудағы оқиғаның өтетін жері, шаруашылықтың түрі бірінші тараудағыдан өзгеше. Мардан, Мәмбеттер ертіс өзенімен жүк таситын параходта істейтін жұмысшылар.
Жазушы осы екі кейіпкер арқылы Қазақстанда қазақ жұмысшыларының өмірін, олардың революциялық істе жетекшілік роль атқарғанын көрсетпек болған. Шынында да келесі «Толқын», «Тасқын» атты тарауларында, негізінен, қазақ жұмысшыларының өмірі сөз болып, 1916 жылғы көтерілісті бастамағанмен батыл қостаушы, орыс жұмысшыларымен байланысып, революциялық іске араласушылар осы Мардан мен Мәмбеттер болады.
І.Жансүгіров бұл романында халық өмірін кең көлемде көрсетуді мақсат етеді. 1910-1917 жылдардағы қазақ халқының әртүрлі әлеуметтік топтарының өмір тіршілігін, ұстаған бағытын, әдет-ғұрпын, салт-санасын мүмкіндігінше кеңінен қамтуға тырысып отырады. Кейіпкерлер де көп, оқиға да мол. Көптеген типтердің бойы көрініп, көптеген характерлер жасала бастайды.
Романның негізгі кейіпкерлері – Сатан, Мардан, Мәмбет. Бұлар шығарманың басынан аяғына дейін әрекет етіп отырады.
Жазушы осы кейіпкерлерінің тұтас, қомақты, толық қанды бейнесін жасай алды ма? Енді осы жайды талдап көрейік.
Біздің бірден танысқан кейіпкерлеріміз – Сатан. Ол жалшылықтың азабын кешіп, кейін шойын жолда стрелочник болады. Алғашқы тарауда Сатанның бейнесі бірқыдыру жақсы көрінеді. Ол әрі әнші, әрі өлеңші. Қой күзетіп жүріп өз өмірін өлеңге қосып, өзі сияқты талай жалшылардың басындағы ауыртпалықты айтады. Таптық санасы толық ашыла қоймағанмен басынан кешкен оқиғалар, әділетсіздіктер оны терең ойға сала бастаған.
Бірінші тарауда көптеген оқиғалардың куәсі ретінде Сатан жүргенмен өзі оған тікелей араласа бермейді. Кейіпкердің характері сол тартыс үстінде ашылмақ. Бірақ тартысқа араласа алмай, тек куәсі болып қалған Сатанның характері толық ашылмау себебі де сондықтан сияқты.
Бірінші тарауда мол суреттелген, негізгі тартыстың басты кейіпкері Сатанның қожасы – Шалматай.
Сынық инесіне дейін есепке алып, дүние жинаудың, баюдың тәсілін тапқан Шалматай романда нанымды көрінеді. Әйтсе де Шалматайдың өзіндік характері әлі жарқын ашыла алмаған. Үлкен іс, кісі өлімі болатын тартысқа бұл да көп араласпайды. Ол көбіне кедейлерге, жалшыларға күш көрсету, сауда мәселесіне байланысты жәйлармен көрінеді. Қазақ байларының өз арасында болатын бақ таласы, тақасы, қырқысуы осы Шалматай арқылы көрінуі тиіс еді. Алайда, жазушы халық өміріндегі осы бір шындықты қағажу қалдырған.
Белгілі бір әлеуметтік ортаның типтік бейнесі боларлық Шалматай бірінші тараудан кейін тіпті көрінбей кетеді. Оның жартылай жасалған бейнесінің өзі жарты жолда қалып қоятыны, әрине өкінішті.
Бірінші тарауда ғана көрініп қоятын Шалматайдың тоқалы Нәзипа бейнесін жазушы жалт еткізіп бір сөре жақсы ашқан. Оның еркелігі мен серілігі, бір жағынан шыққан тегінің мықтылығында жатыр. Аға-жеңгелері, құрбы-құрдастары еркелетіп өсірген Нәзипа шалға тоқал болғанда ата-ана ыңғайынан шыға алмағанмен, іштей өз дағдырына наразы. Ол етектен баспақ болған бәйбішеге де ерік берген жоқ. «Құдай» қосқан қосағы Шалматайдан да жасқана бермейді. Заманы салған ноқтаға басы байланса да, жүрек көнбей, теңін іздейді. Қазақ қыздарының көбісі дағдырға көніп, іштей тынып өтсе, Нәзипа оған мойын ұсынғысы келмей, татар мұғалімі Фазылмен көңіл қосады.
Бұл заманы салған ноқтаға бас имей еңсемді түсірмеймін деген адамның мінезі.
Қызықты тип ретінде көрінгелі тұрған образ Дәукеннің образы. Дәукен жасында Шалматайға атшы, жидашы, қойшылар үстінен бақылаушы болады. Тіпті мешітке азаншы, хазіретке еріп підия да алып жүреді. Бәйбішелерге құмалақ салып, келін-кепшектердің тамырын ұстап, шолақ дем салып жүретін, аңдығаны тамақ пен сөз, бірді бірге атыстырып, шабыстыратын адам. Фазыл мұғалім мен Ықсам молда, Ахмет хазіреттердің арасына от тастап, төбелестіретін де осы Дәукен. Үлкен іс-әрекетте қауһары жоқ, тойған тамағына, байдың «жарайсын» деп арқасынан қаққанына мәз болып жүрген Дәукеннің санасына ешқандай жарық сәуле түспеген. Байға жағымпазданамын деп сақалы қауғадай болып, бүлдіршіндей Нәзипаның мойнына құрым іліп, арқанмен жетектеп жүретін де осы Дәукен. Ақырында осы мінезінің сазайын тартып, сойылға жығылады. Неге, кім үшін жығылды сойылға, оны ойлайтын тағы Дәукен жоқ. Еті өліп, қожасына берілген жалшы.
Тіпті, жоғарыда сөз болған, адуын, қайсар әйел Нәзипаның да болашағы өте қызықты. Бірақ амал не, жазушы қызықты образ тауып, оның типін жасай түсіп, аяғына жеткізбей тастап кетеді. Бірінші тараудан кейін бұл екеуінің де бейнесі еш жерде елес бермейді. Осындай қызықты, бірақ қалыптаса алмаған образдың бірі – Тәуке батыр бейнесі. Тәукені жазушы керуен талайтын қарақшы етіп бейнелейді. Бірақ осы тұлғасында Тәукеге де біраз жүк артылады ғой деп сеніп отырамыз. Өйткені Тәуке үстем тап өкілдерімен ортақ тіл таба алмай, олармен айтысып-тартысып, ақырында өштесіп, жауласып, бұнтарлық жолға түскен жан. Оның алдына қойған ешқандай саяси-әлеуметтік мақсаты жоқ. Оның тәуке бейнесіне керегі де болмас. Ол әйтеуір байларға өш. Бай көрсе, байдың дүниесін көрсе талайды. Сөйтіп байлардан кегін қайырады. Бірақ, ол көрінгенге қанжар жұмсайтын ақылсыз тентек емес. Оның бойында да адамгершілік қасиет бар. Жақсылыққа жақсылықпен, жамандыққа жамандықпен жауап қайырады. Енді осы Тәуке батырдың революцияға келу жолы да қызықтырады. Амал не, бұл да жоғарғы образдардың қатарында аяқталмай қалған.
Мардан мен Мәмбет екеуінің өткен өмір жолдары да, болашағы да бір-біріне жақын, ұқсас. Мардан, Мәмбеттер Ертіс бойымен жүк таситын параходта істейді. 1916 жылғы көтеріліске шет-жағалап араласып та қалады. Қорлық-зомбылықты, әділетсіздікті көп көрген Мардан өмірі қуғын-сүргінмен өтеді. Ешкімге ақымды жібермеймін, еңсемді бастырмаймын деген өр жігіттің жігерін заманы құм ете береді. Өзін зәбірлеушімен ұрсысып, төбелеседі, жұмыстан қуылады. Ақырында, бұлар бүйтіп теңдік ала алмасын сезіне бастайды. Бірігіп, ұйымдасып орыс жұмысшыларының көмегімен революция жасау керектігіне санасы жете бастайды.
Мәмбеттің де, Марданның да өмір жолдарын әңгімелей отырып, нақты оқиғалар, тартыстар үстінде жарқ еткізіп ашып тастаса, көп жағдайларда жазушы нақтылы суреттерден, бейнелеуден ауытқып, баяндай әңгімелеуге көшкенде, олардың бейнесі көлеңкеде қалып, адам характерін ашуға тікелей қатысы жоқ, толып жатқан шытырман оқиғалар оқушы назарын аударып кетіп отырады. Мардан, Мәмбеттерді өз тобына қосып, революциялық идеяға баули бастаған Герасимов, Орлов сияқты орыс жұмысшылары болады. Алайда, орыс революционерлерінің характері де айқын ашылмай, схема күйінде көрінеді.
Сонымен, қорыта айтқанда, «Жолдастар» романында сомдалып жасалған, күшті характер иесі боларлық бейнелердің мінез-құлықтары дәл табылып отырса да, жазушы оны нысаналы жеріне жеткізбей, орта жолда қалдырып қояды. Мұның басты себебі, ең алдымен шығарманың сюжеттік желісінің дұрыс тартылмауында. Жазушы өмір материалдарын көп біледі, бірақ сол білгендерін іріктемей, екшемей, сұрыптамай ала берген, адам характерін түйінді тартыс үстінде ашпай, шашыратып алған. Бір оқиға мен екінші оқиғаның кейде байланыспай, бірінен бірі туындамай жатуының өзі соның куәсі. Осының салдарынан басты кейіпкерлер қомақтана түспеген. Шығармадағы ұқсас оқиғалардың жиі ұшырауы да осыған байланысты.
Романға өзек болған кейбір оқиғалар мен кейіпкерлер өмірде болған дедік. Жазушы сол болған жайларды болған қалпында алып, кейіпкерлерінің әрекет өрісін тарылтып алады. Басты кейіпкерлердің өмірі орта жолдан үзіліп, дамымай жатуының басты бір себебі осында.
Табиғатты, адамның портретін, психологиялық жайларын, кейбір іс-әрекеттерін суреттегенде Ілияс жақсы бояу, ұтымды тіл тауып отырады.
Жазушы кейде істі, әрекетті, адам характерін нақтылы түрде суреттеп, штрихтар арқылы беріп отырса, кейде баяндау тәсіліне ауысып кетеді.
«Жолдастар» романы проза саласындағы жазушының тұңғыш көлемді шығармасы. Оның сәтті, сәтсіз жақтарын жоғарыда атадық. Прозаның күрделі түрінің алғашқы тәжірибелеріндегі осындай кемшіліктер тек «Жолдастар» романына ғана тән құбылыс емес, бұл негізінен, сол жылдардағы қазақ прозасының роман жанрындағы ортақ кемшілігі деуге болады. Жалпы, сюжеттік желісін оқиға тартысы, кейіпкер характері, композициялық құрылысымен тығыз бірлікте, байланыста ала алмауы сол кездегі повесть, романдардың көбінде-ақ кездесетін кінәрат еді. Сол кемістікті I.Жансүгіров те аттап кете алмады. Бүгінгі өскен, өргелең талап тұрғысынан қарағанда, осындай жетіспегендігі болса да, «Жолдастар» романы өз кезінде кеуде шығарманың бірі болғандығы даусыз еді.
* * *
Ілияс Жансүгіровтің әдебиет саласындағы қалам ұрған тағы бір жанры – драматургия. Бұл жанрға ол 30-жылдардың бас кезінде келеді. Жалпы алғанда, жазушының бұрынғы жазған кейбір әңгімелерінде, тіпті поэзиясының өзінде драмалық элементтердің жүретіні анық сезіледі. Әсіресе, сатиралық шығармаларындағы кейіпкерлердің мінез қақтығыстары мен диалогтарынан оны байқау қиын емес. Дегенмен драматургияның өз заңы, өзіндік ерекшелігі бар. Ілияс шығармаларындағы кейбір драматургиялық элементтер немесе сахнаға арналған диалогтар әлі драматургиялық талапқа жауап бола алмайтыны белгілі.
I.Жансүгіровтің қаламынан үлкенді-кішілі 6-7 пьеса туды. Әрине, мұның барлығын бірдей сол 30-жылдардың кезеңі тұрғысынан қарағанда да шын мағынасындағы драмалық шығармалар деуге келмейді.
Ілияс Жансүгіровтің қаламынан туған көлемді де қомақты пьесалары: 1931 жылы жазылған «Кек» пен 1934 жылы жазылған «Турксиб», «Исатай - Махамбет» (1936).
1934 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш съезінде «Драматургияның бүгінгі жайы мен алдағы міндеттері» деген баяндамасында Мұхтар Әуезов: «Ілиястың биыл піскен: «Турксиб», «Соқыршек» «Колхоз тойы» - бұлар арқылы кірген үлкен сарындар, драма техникасындағы табыстар аз емес»I, – дегенді айтты.
Бұл баға ертеректе жазылған «Кек» пьесасына ғана емес, 1934 жылы жазылған басқа да шығармаларына берілген. «Кек» 1932 жылы жеке кітап болып басылып шықты. «Турксиб» театр сахнасында қойылды. Алайда, I.Жансүгіровтің соңғы жылдары жазған пьесалары, жоғарыда М.Әуезов бағалағандай, драматургияға үлкен жаңа сарындар әкелгендей жаңалықтарымен көріне алған жоқ. Бүгінгі күннің келелі тақырыбына арналған қазақ жұмысшыларының қажырлы еңбегін көрсетпек болған «Турксиб» пьесасы драмалық тартысы, кейіпкерлер характерлерінің даралануы жағынан да ойлаған жерден шықпаған. Жалпы театр сахнасында жаңа көріне бастаған бұл сияқты күрделі тақырыптар, жаңа адамдардың тың образдары өзінің көркемдік биік дәрежесіне көтеріле алмады. Сонымен «Турксиб» пьесасы кезінде баспа бетінде біраз сындарға ұшырады да, театр сахнасында ұзақ өмір сүре алмады.
Драматургия жанрындағы Ілияс жазған пьесалардың ішіндегі біркелкі сәтті шыққаны «Кек» атты пьесасы болды. I.Жансүгіровтің «Кек» пьесасы Б.Майлиннің «Майдан», «Талтаңбайдың тәртібі», Ж.Шаниннің «Шахты» пьесаларымен бірге Семейдің Абай атындағы қазақ драма театрында 1934 жылы қойылды.
Шетел интервенттерімен тізе қосқан ақгвардияшыларды большевиктер жеңе бастағанда Қазақстандағы үстем тап өкілдерінің біразы мал-мүліктерімен, құл-құтаңдарымен шет елдерге жылысып көше бастады. Олардың көбі жағдайды сырттан барлап қана қоймай, ақгвардияшыларға көмектесіп, жас совет үкіметін құндағында тұншықтыруға тырысып бақты. Қоғамдық өмірде болған осы шындықты негізге алған I.Жансүгіров, Жетісудағы атақты бай, қажының жаңа жайлауға көшеміз деп бүкіл ауылды совет шекарасынан әрі алып кеткенін, ел-жұрттан бөлінген кедей-жалшылардың наразылығын, олардың арасындағы таптық қайшылығын аша келіп, ақырында үлкен таптық күресті, тап кегін сөз етеді.
Ең алдымен драматург пьесаның композициясын ширақ құрғанын көреміз. Төрт акт, сегіз көріністен тұратын пьесада бір ауыл адамдарының он жыл ішіндегі тартысы мен таласын, жаңа сана жаңалықтарын бере білген.
Алғашқы актіде баяу басталатын драмалық тартыс бірте-бірте ширап, дамып, ақырында өзінің занды шешімін табады. Пьесаның соңғы тарауындағы оқиға Қазақстанда Ақсу бойында өтеді. Қажының құлы, күңі болып жүрген кедей-жалшылар ауыл билігін өз қолдарына алып, колхоз болып ұйымдасады да, кешегі қанаушы тап өкілдері жаңа дәуірге қанша ыңғайласамын десе де, тондарын қаншама айналдырып кисе де зиянкестіктері әшкереленіп қала береді.
Драматург пьесаның тартысын да таба білген, оны логикалық заңдылықпен өрбіте алғанын көреміз. Адам характері белгілі бір тартыс үстінде көрініп, шығарманың жалпы композициясын ширата түседі.
I.Жансүгіров бұл пьесасында өз кейіпкерлерінің типтік образдарын даралауға күш салған және бұл ретте біраз табыстары да бар.
«Кек» пьесасы тек I.Жансүгіров творчествосында ғана емес, қазақ совет драматургиясында тап тартысын көрсетуге арналған шығармалардың бірі. Бұлай дейтін себебіміз, дәл осы тап тартысы тақырыбына орыс әдебиетінде де, басқа туысқан ұлт республика әдебиетінде де көптеген шығармалар жазылған-ды. Тіпті қазақ әдебиетінің өзінде де бірнеше пьесалар туды. Б.Майлиннің «Майдан» атты пьесасы осы жаңа тақырыпты меңгеру проблемасын белгілі бір дәрежеде жүзеге асырған шығарма болды. I.Жансүгіровтің «Кек» пьесасы, Б.Майлиннің «Майдан» пьесасының көркемдік дәрежесіне жете алмағанмен, сол кездегі жаңа туып, қалыптасу процесін бастан кешіріп келе жатқан қазақ драматургиясындағы жаңа тақырыпты игерудегі алғашқы сәтті ізденістердің бірі болғаны сөзсіз.
* * *
30-жылдар қазақ совет әдебиетінің бар жанрды қалыптастыру дәуірі болды. Революциядан бұрын негізінен поэзия саласында өркендеген қазақ әдебиеті 20-жылдары проза мен драматургия жанрларында барлау жасап қана қоймай, оларды қалыптастыра бастады. Әдебиеттің осы жанрларында елеулі еңбек еткен С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ж.Шанин, А.Тоқмағамбетов, Ж.Сыздықов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров т. б. жазушылардың алдыңғы легінде Ілияс Жансүгіров те өз орнын алды. I.Жансүгіровтің әңгіме, очерк, роман, пьесалары өз кезінің белді туындыларынан саналса, әсіресе, сатира жанрының қалыптасуындағы оның еңбегін ерекше бағалап, атап айтқан жөн. Бұл ретте С.Дөнентаев, I.Жансүгіров, Б.Майлин қазақ әдебиетінде сатираны биік деңгейге көтерді де, А.Тоқмағамбетов т.б. сияқты сатириктердің отрядын жасақтады.
Жиырма жылдық творчестволық жолында, әдебиеттің әр саласында, әр жанрында өндіре жазып, мол еңбек еткен I.Жансүгіровтің творчествосын толық қамтығанда ізі өшпес, елеулі еңбектері поэзия саласында болғандығын атап айту шарт. Ол лирикалық поэзия, әсіресе, сюжетті поэма жанрында өзіне өлмес ескерткіш жасап кетті. Ілияс поэзиясының тақырыптық, жанрлық, образдық, тілдік т. б. ерекшеліктері ақынның өзіндік бетін айқындаған, қазақ совет поэзиясына жаңа сапа енгізген анық жайлары бар. Сондықтан да оның проза, драматургия, сын саласындағы еңбектеріне тиісті бағасын бере отырып, біз оны негізінен поэзияның өкілі деп бағалаймыз да, Ілияс дегенде ең алдымен оның поэзиясын еске аламыз.
Мұхтар Әуезов «Октябрь өркені» деген мақаласында Ілияс Жансүгіровтің творчествосын, әсіресе оның «Күйші» мен «Құлагер» поэмасын жоғары бағалады. «Бұл шығармалар, – деп жазды ол, – біздегі поэзия мәдениеті Абайдан соңғы дәуірде, революциялық тәрбие нәтижесінде биік сатыға шыққанын дәлелдейді...»I. Сол сияқты Ғабит Мүсірепов те: «Мен өзім бізде Абайдан соң I.Жансүгіровтен артық ақын бар деп ойламаймын, егер Абайда бірде бір поэма болмаса, Ілияс өресі биік, өрісі кең эпик ақын еді. Егер Ілияс Жансүгіров поэмасының көркемдік биігіне осы күнгі ақындарымыздың көбісі, тіпті ешқайсысы да, жете алған жоқ десем, маған ешбір ақын өкпелемес деп ойлаймын»II. I.Жансүгіров туралы Әбділда Тәжібаев: «Ол қазақ әдебиетінің көгіндегі аз ғана жұлдыздардың бірі боп көрінетін, әне Сәкеніміз, әне Бейімбетіміз дегендей, әне Ілиясымыз дейтінбіз»III, – дейді. Мұхаметжан Қаратаев: «Ілияс поэзиясы – терең ойдың, үлкен сезімнің поэзиясы. Ол өрен жүйрік, асқақ ақынның тегеурінді талантынан туған жоғары идеялы, шыншыл, ұшқыр қиялды, қуатты поэзия, ыстық жүректен қорғасындай балқып, төгіліп алуан сырлы образдар қорытқан салмақты, салиқалы поэзия»IV десе, проф. Қажым Жұмалиев: «...Қазіргі әдебиетіміздің даму, ілгерілеуіне белсене ат салысып, іргесін қаласқан әр жанр, әр салада үлкен істер істеп, кейінгілерге құнды мұралар қалдырған, зор талантты, сөз шебері Ілияс Жансүгіров еңбектері дүниежүзі әдебиетінің алтын қазынасына елеулі үлес болып қосылатындығы сөзсіз»V, – деп жазды. Көрнекті жазушы, әдебиетші ғалымдарымыздан осындай жоғары баға алған I.Жансүгіров поэзиясын ендігі жерде арнайы сөз етем
ЕКІНШІ ТАРАУ
Достарыңызбен бөлісу: |