Оян, ойлан, ұрандас!
Қатарлас, теңел, құрал жас!
Құлқыны жаман құзғындар
Құралсаңдар – тұра алмас!1 –
деп ұран тастайды. Бірлік, ынтымақ – әр кезде жеңістің кілті. Бұл әсіресе революциялық күресте қажет. Ақынның «Арынымындағы» «мені» көптің бірі ғана. Ол өңкей «мендердің» басы қосылып бірігуі керек. «Мен» құралып «біз» болып шықпай күреске, «мен» тудырман бұқарама тірі күн»2, – дегенде де сол ұйымдасу, бірігу ұранын көтеріп отыр.
Қазақ әдебиетінде революция тақырыбы Октябрь революциясының жеңісіне байланысты, азамат соғысы жылдары шет ел интервенттеріне қарсы күресте туды да, кейінгі жылдары осы тақырып жан-жақты және терең жырлана бастады. Оның себебі, біріншіден, бұқара халыққа революцияның мән-мағынасын ұғындыру, екіншіден, 20-жылдардың аяғына дейін әлі тап ретінде біржола жойылып бітпеген үстем таптарға қарсы таптық күрес жүргізу болды. Үшіншіден, жаңа өмірді құру үшін оның келешегін жарқын да айқын бейнелеу керек болды.
Ұлы Октябрь социалистік революциясының түпкі мақсаты тапсыз коммунистік қоғам орнату болса, сол асыл мақсат үшін күрестің қай-қайсысы болсын социалистік революция тұрғысынан бағаланып отырады. Олай болса, революция тақырыбы тек сол уағында ғана емес, кейін де жырдың басты, өзекті тақырыптарының бірі болып қалатыны даусыз. 1924 жылы жазған «Октябрь күні» атты өлеңінде:
Ел тойлаған Октябрь,
Қадірлісің жылдан-жыл.
Мақталарсын, боларсын,
Жылдан-жылға жырдан-жыр3, –
деген I.Жансүгіров Ұлы Октябрь социалистік революциясының әр жылдық мерекесіне үнемі өлең жазып тұрды. Оның «Ұлы күн», «Октябрь күні», «Ұлы Октябрь», «Октябрь екпіні» т. б. көптеген өлеңдері осы ниеттен туған.
Октябрь революциясы – ақынның шабытына қанат бітіретін арналы тақырып. Тек оның кілтін тауып ала білу ақын ойының үшқырлығын талап етеді. Осы тақырыпты жырына қосқан I.Жансүгіровтің өлеңдеріне де біз ең алдымен, жалпы поэзия тұрғысынан қарағанда, ақын нендей жаңа образ тапты және жылма жыл жазып отырған ақынның өз творчествосында іздену, даму қаншалықты? – деген тұрғыдан келеміз. Өйткені бір тақырыпқа қайта-қайта оралғанда жаңалық болмаса, оны мәнсіз қайталауға душар етеді. Мұның өзі ақындық өнерде тоқыраумен парапар.
Жалпы қазақ әдебиетінде революция тақырыбын жырлауда нендей өзекті сарын болғандығын анықтау қажет. Ол, ең әуелі, ескі өмірдің, қанаушы мен қаналушылар өмір сүрген кездің еңбекші бұқара үшін ауыр болғанын жырлау, сол қиындықтан, қанаудан құтқарған Октябрь революциясы еді деген ойды айту. Ұлы Октябрь социалистік революциясының еңбекші бұқараға азаттық алып бергенін осылай салыстыра, контраспен жырлау, әрине, керек еді, мұның өзі ақындардың тапқан өзінше бір әдісі еді.
Революция қуатын жырлаған I. Жансүгіров осы тәсілмен бірнеше өлеңдер жазған. Бірақ сол өлеңдерінде өзін-өзі қайталауды іштей сезінген ақын жаңа бейне жасауға, өзінше өрнек жасауға талпынады. Мысалы, «Ұлы Октябрь» деген өлеңінде ақын Октябрь революциясын – ана бейнесінде, СССР-ді сол Октябрь – ана тапқан ұл бейнесінде жырлайды. Туған халқының психологиясын жақсы түсінген ақын бұл образды кездейсоқ алмаған. Өйткені қызды жатжұрттық санап, ұлды шаңырақ иесі дейтін қазақ, оны (ұлды) ерекше қадірлеген. Сондықтан да СССР-ді ақын тарихта тұңғыш ұл деп даралай көрсетеді. Бұл I.Жансүгіровтің сол кезде әдебиетке алғаш әкелген тың бейнесі еді.
Ақын мұнымен ғана шектеліп қоймайды. Ол өзінің 1931 жылы жазған «Октябрь екпіні» атты өлеңінде бұрынғыдай кеше мен бүгінді салыстыру тәсілін қолданбайды және өлеңнің түрін де жыр, толғау үлгісінен өзгеше құрады да, жаңаша бейне жасайды. Халық бейне бір поезд да, оны бастап келе жатқан паравозшы – партия. Поезд зырлап келеді, оңы мен солындағы жаулар қаншама жанталасса да, поезд екпіні оларды ұшырып жібереді, бет қаратпайды. Мұның барлығы – халық өмірінің қарқынды түрде ілгері дамуы, жауды еріксіз бас идіруі.
Рас, замананы поезға теңеу қазақ әдебиетінде I. Жансүгіровтен бұрын Сәкен Сейфуллин алып келген бейнелеу болатын. Сәкен «Біздің тұрмыс – экспресс» (1922), «Советстан» (1925) атты өлеңдерінде жаңа заманды от арбаға, экспреске теңеген. Сәкен Сейфуллин Октябрь революциясының 8 жылдығын «Советстан – сегіз жасар арыстан» деп, сегізге толған айбыны күшті арыстанға теңесе, Ілияс «Октябрь екпіні» деген өлеңінде белгілі теңеулерге бармай, өзінше ізденіп, жаңа бейне жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |