Жаңа тақырып, жаңа образ
Әр заманның өзінің көкейкесті мәселелері болады, халық өмірімен тығыз байланысты, халық үшін еңбек еткен жазушы сол түйінді жайларды көтеріп, оқушысына белгілі бір ой, шешім ұсынып отырады. Заман тудырған мәселелерді таңдап, талғап ала білу, оның көркем шешімін табу, сөз жоқ, жазушыдан тек шеберлікті ғана емес, өз ортасының алдыңғы қатарлы адамы бола білуді талап етеді.
Көркем шығарма заманы алға көлденең тартқан негізгі мәселелерге жауап бере алмаса, онда ешқандай қадір-қасиет болмақ емес. Сол сияқты шеберлік те қай жазушыға болмасын қажет-ақ. Бірақ, жазушының еңбегі тек шеберлігімен бағаланып қоймайды, сонымен қатар, жазушы шығармасының тақырыбы, идеясы ерекше орын алады, мұның өзі көркем шығармадағы мазмұн мен форманың тұтастығынан келіп туатын жай.
Ұлы Октябрь социалистік революциясы жеңіп, жаңа қоғам орнату күресінде де, социализмнің тыянақты орнығу кезінде де жаңа дәуір жазушыларға өзекті тақырыптарды алға көлденең тартты. Революция, сол кездегі шиеленіскен халықаралық жағдай, социалистік құрылыстың алғашқы жеңістері, ауылдағы тап күрестері, еңбекке деген көзқарас, мәдени революция, санадағы өзгеріс, тағы басқа да көптеген қоғамдық мән- мағынасы бар мәселелер күн тәртібінде ерекше тұрды. Сондықтан да совет ақындарының бұл тақырыпқа соқпай кеткендері жоқ десе де болады. Тек қана буржуазияшыл-ұлтшыл ақын-жазушылар жаңа өмір тудырған жаңалықтардан ат-тонын ала қашып, ескі заманды, күйрек көңілді жырлап кетті.
Уақыт тудырған тақырыптың өзін таңдай, талғай білу, оның көркемдік шешімін табу жазушының идеялық бағытымен тығыз байланысты жатады. Совет ақыны бүгінгі өмірге тікелей қатысы бар, күрделі жайларды сөз етіп, оны пролетариат диктатурасының үстемдік алуы, социализмнің жеңуі тұрғысынан жырлайды. Әрбір жаңалық құбылысқа нақтылы образ табады, тіл, бояу табады.
Әрине, әр жазушының, әр ақынның дарын өресі әртүрлі дәрежеде. Көңіліндегі түзу де көрікті ойын оқушысына жеткізуі де түрліше дәрежеде болады. Ілияс Жансүгіров поэзиясын осы тұрғыдан зерттейміз.
* * *
Революция, революция әкелген бостандық – қазақ совет әдебиетінің басқа өкілдері сияқты Ілияс творчествосының да өзекті бір тақырыбы. Өткен күннің ауыртпалығын мойынымен көтерген еңбекші халыққа революцияның маңызын түсіндіру әрбір совет ақындарының парызы болды. Өйткені революция әкелген жаңалықты бұқара халық бір жағы өзінің күнделікті өміріндегі түрлі өзгеріс, Коммунистік партияның жүргізіп жатқан шаралары арқылы сезініп жатса, оны тезірек, айқынырақ, әсерлірек сезіндіруде әдебиет үлкен роль атқарды.
Басқа туысқан ұлттар әдебиетіндегі сияқты қазақ совет әдебиетінің, ең алдымен, поэзия жанры үгіттік роль атқарады. Бұл жерде поэзияның үгіттік сипаты ерекше қойылатын себебі бар, өйткені ескі дүние қирағанмен оның ғасырлар бойы қалыптасып келген әдет- ғұрыптары, наным-сенімдері бұқара халықтың санасында ұялап қалған, оның заманы құрығанмен сарқыншақтары әлі құрымаған-ды. Социалистік революция жаңа заманды орнатқанмен жаңаның жаңалықтары әлі түгел жеңіп болған жоқ-ты, жаңа сана енді ғана бой көрсете бастаған-ды. Міне, қоғамдық құрылыстың ескісі ме, жоқ, әлде жаңасы ма, қайсысы керек деген мәселе күн тәртібінде тұрды.
Социалистік құрылысты нығайту үшін халықтың экономикасын күшейтіп, саналылығын арттыру шарт болды. В.И. Ленин айтқандай, халық социализмді сапалы түрде құруы керек еді. Екі сана қақтығысқан кезде жаңа сананы қабылдауға еңбекші бұқараны шақыру керек болды. Ал, шынын айтсақ, 20-жылдың ортасына дейін революциялық рухтың шарпуы толық тимеген, жалшылық жанын да, санасын да езген кедейлер жоқ емес-ті. Олардың көңіл көзін ашу үшін ең алдымен революция деген не? Ол кедейлерге не береді? Кедейлер енді не істеуі керек? – деген мәселелер күн тәртібінде тұрды. 20-жылдардың алғашқы жартысында I.Жансүгіров творчествосында кейбір жалаңдық, жалпылаушылық болғанмен негізінен алғанда ол революцияның жеңісі мен жемісін қорғаушы ақын болды. 1920 жылғы «Арыным» деген өлеңінде ол «Семсер ұрып, ақ найзаны үзіспей» жаңа өмірді құру мүмкін еместігін жақсы түсінді. Сондықтан да ақын 1923 жылғы жазған «Жалпы жасқа» деген өлеңінде:
Достарыңызбен бөлісу: |