Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М



бет16/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ

Қызмет қылма оязға
Жанбай жатып сөнуге


Абай орыстың озық, ойшыл адамдарының аттарын атап, өзі оқушысына солардың бейнесін үлгі етіп ұсынды. Я тілмаш, я адвокат болуға тырысқан кейбір қазақ жастарын:
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой, –
деп жырлады.
Абай орыстың озық ойлы жазушыларын үлгі етіп ұсынғанмен бұл сол Салтыков-Щедрин мен Толстойдың көркем бейнесі деу, әрине, ағаттық болар еді. Мұны Абайдың оларға деген көзқарасы деу жөн.
Революциядан бұрынғы қазақ әдебиетінде орыс адамдарының көркем бейнесі кең көрінбей, көбіне жоғарыдағыдай орыс мәдениетін дәріптеу, содан тәлім алуға үгіттеу дәрежесінен аса алған жоқ. Оның заңдылығы да бар еді. Сол заңдылықтың себебін алдымен халық санасының әлі ояна қоймағандығынан, жазба әдебиеттің жастығынан, әдеби жанрлардың шағындығынан т.б. іздеу керек. Сондықтан да орыс халқының игі әсерін кең түрде молынан көрсету, әдеби жанрлары өсіп кемелденген совет әдебиетінің үлесіне тиді.
Орыс адамдарының бейнесін тек қазақ әдебиетінде ғана емес, қазақтармен тағдыры бір СССР-дегі барлық ұлттар мен халықтар әдебиетінде де көрінеді. Берді Кербебаевтың «Батыл адым» («Решающий шаг»), Сүлеймен Рагимовтың «Шамо» романдары, А.Корнейчуктің «Богдан Хмельницкий» пьесасы, Ян Судрабкалннің «Москвада болған әңгіме» («Разговор в Москве») сияқты шығармалары орыс адамдарының бейнесін жасаған, әр ұлт жазушыларының қаламынан туған реалистік туындылар. Міне мұндай мысал өте көп, сондықтан біз тек кейбірін ғана атап отырмыз.
Қазақ халқының ой-санасын оятуға қатысы болған, Қазақстанда совет үкіметінің құрылып, социализм жеңуі үшін күреске қазақтармен бірге ат салысқан орыс адамдарының бейнесі қазақ жазушыларының шығармаларында да аз кездеспейді. Олар М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, С.Мұқановтын. «Ботакөз», «Сырдария», Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке», «Қазақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ә.Нұрпейісовтың «Күткен күн», 3.Шашкиннің «Ұядан ұшқанда», «Тоқаш Бокин», X.Есенжановтың «Ақ жайық», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романдары, тағы көптеген ақындардың поэмалары мен өлеңдерінің атын атасақ, бұл тізімнің өзі де біразға созылар еді. Орыс адамдарының бейнесі қазақ әдебиетіндегі тың тұлға. Сондықтан да әрбір тың, жаңа құбылыстың жарық көруі кемшіліксіз, кейбір қайшылықтарсыз өтпеуі де мүмкін. Әйтсе де орыс адамдарының бейнесін қазақ әдебиетінде жасалғандығы, осы жолдағы алғашқы бастаманың жемісті болғандығын күні бұрын-ақ айта аламыз.
СССР-дегі халықтардың мызғымас берік достық идеясы бүкіл совет әдебиетінің, оның ішінде қазақ әдебиетінің де басты тақырыптарының бірі болып саналады. Орыстың азамат ұлдары; Герцен, Чернышевский, Белинский, Добролюбов, Пушкин, Лермонтов, Горький, Маяковский, Фурманов сияқты ойшыл, әдебиетші, ақын-жазушылары туралы, Суворов, Кутузов, Чапаев, Панфилов тағы осы сияқты қолбасшы батыр ұлдары туралы өлең жазбаған қазақ ақындары жоқ десе де болады. А.Тоқмағамбетов, И.Байзақов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Ж.Саин, Д.Әбілов, И.Ерғалиев, С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, Қ.Тоғызақов, М.Әлімбаев, Ғ.Қайырбеков т.б. осы сияқты ақындарымыздың көлемді шығармаларында орыс адамдары басқа кейіпкерлермен бірге суреттеліп отырса, X.Бекхожин орыс қызы туралы «Мариям Жагорқызы» атты поэма жазды. Көптеген қысқа өлеңдер мен кейбір поэмаларда орыс адамдарының бейнесі жалаң көрінетіндігі өз алдына мәселе, сөйтсе де орыс адамдарының бейнесі қазақ әдебиетінде ең алғаш поэзияда көрінгені анық.
Бірақ, қазақ совет әдебиетін тұтас алсақ, орыс адамдарының бейнесі поэзиядан, драматургиядан көрі проза жанрында айқынырақ көрінеді. Прозалық шығармада олар үлкен бейне дәрежесіне жетті. Сондықтан да біз бұл проблема туралы сөз қозғағанда алдымен қазақ прозасына тоқталамыз. Және де олардың өмір сүрген ортасы, қарым-қатнас жасаған адамдары қазақ болғандықтан да орыс адамдарының бейнесін сол қазақ ұлты өкілдерінің бейнесімен байланыстырып, кейде салыстырып отыру да шарт. Сонда ғана орыс адамдарының бейнесі толық, жан-жақты көрінбек.
Қазақ романдарының бірсыпырасы қазақ халқының революциядан бұрынғы дәуіріне, революция кезеңдеріне арналды. «Абай жолы» эпопеясында Михайлов, Павлов қазақ сахарасына жаңа идея, жаңа сана алып келе бастағаны көрінсе, «Оянған өлкеде» орыс жұмысшыларының жұмысшы кеңесін ұйымдастыруы, «Ботакөздегі» Кузнецов пен «Ақ жайықтағы» Дмитриев пен Черваковтың революциялық іске араласуы суреттеледі. Бұдан біз қазақ әдебиетінде орыс адамдары бейнесінің даму жолын, эволюциясын айқын көреміз. Ал, совет дәуірінің тақырыбына жазылған шығармалардан орыс адамдарының бейнесі социализм орнату үшін күресте, Отан соғысы жылдарындағы ер, батыр бейнесін көреміз. Сондықтан да орыс адамдарының бейнесіне әдеби талдау беру үшін оларды екі топқа бөліп, бірінші, революцияға дейінгі дәуірге арналған шығармаларға, екінші, совет тақырыбына арналған шығармаларға тоқталамыз.
Қазақ даласына шексіз зорлық-зомбылық көрсете халықты қанап, патша саясатын жүзеге асырып келген ұлықтары; Россия патшалығының ояз бастығы, урядник, приставтар, чиновниктер бейнесі қазақ әдебиетінде орыс адамдарының бір типі ретінде көрінеді. Бірақ, олар нағыз халықтың емес, үстем тап өкілдері, қанаушылар тобы ретінде суреттеледі. «Абай жолындағы» Тентек ояз бен Піскен бас майрдың, «Ботакөздегі» урядник Кошкиннің, офицер Кулаковтың, «Оянған өлкедегі» Акуланың, Зубовтың, Сикорскийдің іс-әрекеті, зорлық-зомбылығы, пиғылы бір-бірлеріне ұқсас бірі ағасы, бірі інісіндей жандар. Сайып келгенде, олардың шыққан тегі де бірдей. Ол патшалық саясаттың қалыбы.
Олар түйені түгімен жұтатын қомағай жемпаздар. Сауатсыз халықты бір-біріне айдап салып шағыстырып, өшіктіріп, бірінің үстінен біріне арыз жаздырып, реті келген жерден өзі пара алып, арыздың ізін құртып жүрген «Піскен бас» майр туралы жұрт: «Мырзаның дүниесін кім қызықтамаған, ең аяғы Піскен бас майр да жаңа бір қарбытып асап кетті!» деседі. Ал, «Ботакөз» романындағы солдатқа адам алмақшы болғандағы урядник Кошкин мен хатшы Горбуновтың мына диалогі олардың бет-перделерін сыпырып тастап, ішкі жан құбылыстарын ашады.
Енді дәурен сүреміз ғой!деді Кошкин Горбуновқа жымиып қарап.
Сүреміз! – деді Горбунов та жымиып «сүреміздің» мағынасы «пара аламыз» екенін түсініп.
Адамның тізімі қайда?
Сандықта.
Енді оған берік болыңыз (Горбунов «неге?» дегендей Кошкинге телміре қарады). Ол список бізге енді «доходная касса», Гаврил Гаврилович (Горбунов түсініп басын изеді). Әлде, менен ол олжаны қызғанасын ба?
О не дегеніңіз, Платон Графимович, адам аз олжаны қызғанады. Осы елдің бар малы біздікі болғалы тұрғанда несін қызғанамын! Сізге де маған да жетеді.
Итбайдың ниеті тар, Гаврил Гаврилович. Дүниенің бар малын қолына берсе де ол азсынады. Олжаның бәріп өзі алғысы келер. Оған көнбеңіз.
Неге көнем? Тізім менде.
Но, енді баймыз, Гаврил Гаврилович.
Да, баймыз, Платон Графимович!
Жемқор чиновниктердің мол пайда түсетін жерде миығынан күліп отырғандары реалистік тұрғыдан суреттеледі. Сонымен бірге, патша ұлықтары парашыл, жемқор ғана емес, олар ұр кеуде, надан, қара күштің иесі, өтірікші де. «Ботакөз» романында урядник Кошкин өз еңбегімен күнелтіп жүрген Амантайды губернаторға қарсы әдейі бүркітін үгіттеп койған, оның өміріне қастандық жасаған деген сияқты сау адамның ақылына сыймайтын, жалған жаламен түрмеге қаматады. «Оянған өлке» романында Қарағандының орыс жұмысшыларын қалайда қамау үшін, көзбен көріп, қолмен ұстаған айыптары болмаған соң күні бұрын төрт кісіні жалған куә болып жала жабуға дайындап қояды. Полиция приставы Соколов сол жалған куәларға тергеу жүргізгені романда былай беріледі.
– Елизавета Быкова деген әйелді қашаннан бері білесің? – деген Соколовтың сұрауына төртеудің бірі:
– Ваше благородие, туған күннен бастап білу керек болса да мына Митрофан екеуіміз әзірміз білуге, – деді.
– Ал Быкова туралы не білесіңдер? – деп сұрады Соколов.
– Не тілесеңіз соны білуге болады, – деді Митрофан...
– Патшаға қарсы сөйлегенін естідіңдер ме?
– Күнде естиміз... Байы да қарсы, қатыны да қарсы.
– Қандай қарсылық сөздер айтады?
– Нені айтқысы келсе соны айтады... тайсалмайды. Мың рет естідік...
– Кімге айтады ол сөздерін?
– Осы екеумізге айтады...
– Сендерге не үшін айтады? Себеп не?
– Енді, әйтеуір бізді де азғырғысы келет те.
– Оның соңғы бес жылдың ішінде қайда болғанын білемісіңдер?
– Болады білуге. Ептеп... жөнін сілтеп жіберуші болса, болады ғой...
Бұл екеуінің «білетіндері болымсыз да мардымсыз болғанымен әрнеге әзір тұрғандарын (Соколов – М.Д.) ұнатып қалды... келер жолы бұлардың білетіндері молырақ та, дәлелірек те болар деп сенді». «Абай жолы» эпопеясындағы тентек ояз Оралбай мен Керімбала ісі үшін жала жауып Базаралыны жазалауы да осы шындық жайларды айқындай түседі. Бұл іске халық атынан араласқан Абай үлкен ұлықтар алдында айтыста тентек ояздың зорлықшыл ғана емес, өтірікші екенін аяусыз әшкере етеді. Патша ұлықтары сырттай әділетті жақтағансымақ болғанмен іштей өзара ауыз жаласып қандай күнәсі болса да бірін-бірі жарға итермейтіндігі көрінеді. Тентек ояз жазаланбайды, қайта Абай айып тартады. Бұл қарапайым халықты тұрса аяққа, отырса басқа ұратын қиянатшыл, зорлықшыл Кошкин сияқтылардың қара қамшысына жол беру, ерік беру болатын.
Патша чиновниктері қазақты жабайы халық деп адам санатына қоспай келді. Абаймен айтысқан тентек ояз «сахараның жабайы малымен мені қатар отырғызып тергеуден ауыр соққы жоқ» деп оны өзіне зәбір көрсе, кітапханаға кірген Абайға бір чиновник таңданып, мазақ етіп:
– Бұ не ғажап! Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болған» – дейді. Бірақ, жазушы Абайдың ақыл, ойын, санасын сол «сахраның жабайы малы, түйесі» деп тұрған чиновниктерден әлде қайда биік инабатты етіп көрсетеді де, осы әдіспен-ақ чиновниктердің мен-мен бос кеуделі топас жандар екенін әшкерелейді. Оның үстіне Абайдың кітапханадағы чиновникке: «чиновник мырза түйе кірсе несі бар, ол түгелі есек те отырыпты ғой» деп қайырған тапқыр, өткір жауабы оның аузына құм кұйып, шалқасынан түсіреді.
Патша чиновниктерінің осындай бейнелерін жасағанда жазушы әрі жағымды кейіпкерлерінің тілі арқылы, әрі өзі тарапынан да ащы мысқыл, уытты әжуамен сынап отырады. Орыстың үстем тап өкілдерінің бейнесі тек осылай ұрда жық ожар болып қана көріне бермейді. Бұлар зорлықшыл топтың бір типі болса М.Әуезов пен Ғ. Мүсірепов ол топтың екінші бір типін жасады. Ол «Абай жолындағы» чиновник Лосовский мен «Оянған өлкедегі» Ушаков.
Лосовский басқа чиновниктерге қарағанда адамгершілігі бар, иман жүзді, әділеттілікті жақтайтын кісі болып көрінеді. Тентек оязбен Абай айтыса келгенде ол Абайды мақұлдап, өзінің әріптесі тентек оязды айыптап шығады. Осыдан кейін Абай чиновниктердің жақсы-жаманды, әділетті-әділетсізі болады екен деп, Лосовскийдей чиновниктердің көп болғанын тілейді. Бірақ сырт көзге, болмашы істе әділетті болғансымақ мінез оның патша чиновниктеріне тән қасиеттерінен айырып ала алмайды. Абайдың бұл қате түсінігін Михайлов былай түсіндіріп береді.
«Шыны бар. Ол шынын білгіңіз келсе айтайын Лосовский көп чиновник ішіндегі ақ қарға, – деп Абайға қарады. Абай бұл сөзді жете түсіне алмап еді. Михайлов түсіндіре сөйлеп кетті. – Біздің орыс халқында осындай нақыл айтылады. Көп қара қарғаның ішінде ақ қарға деген болады деп мысалдайды. Түсінің ақтығына қарап, оны қарға емес, қасиетті құс деп ойламаңыз. Сыртымен көзді алдаған мен де, о да қарға, о да қарғалықты кәсіп етеді, талшық етеді деп біледі». Сырттай жылтырағаны халық үшін емес, қарақан басының қамы үшін, азбен жұртты алдап, көп пайда табу үшін жылтырайтынын Абай енді түсінеді. «Оянған өлкедегі» Ушаков та осы типтегі адамдар тобына жатады. Қарағанды жұмысшыларына барақ салдырып, монша орнатқызғысы келгені жұмысшыларды аяғандықтан емес-ті. «Жұмыскер маған жұмыс үшін керек. Атты қамшы жүргізбейді, сұлы жүргізеді. Булығып селкілдеген көп жөтел не айтты сізге? Көксау көбейді, кәнігі жұмыскерлерің азаяды деп тұрған жоқ па?» деген Ушаковтың сөзінде жұмысшының халіне қиналу емес, қанігі жұмысшы азайса, жаңадан келгендерінің пайдасы аз, әуресі көп екендігін білгендіктен көмір өндіру ісі кері кететіндігіне қынжылу болатын.
Міне, сырттай жылтыраған қанаушы таптарының бұл топтары қазақ әдебиетіндегі жаңа типтік образдардың қатарына қосылады. Бұдан образ жасауда жазушыларымыздың схемаға бармай, реалистік өрнек тапқанын көреміз.
Қазақ әдебиетінде бейнесі осылай жасалған чиновниктердің ұлты орыс болғанымен, ол орыс халқының нағыз, шынайы өкілі емес, зорлықшыл, қанаушы үстем тап өкілі ретінде көрінеді. Орыс халқының нағыз өкілдерінің бейнесі қазақ әдебиетінде, әлгі айтқан чиновниктер бейнесіне тікелей қарама-қайшы жасалады. Олар өмірдегі әділетсіздікке қарсы, қанаушылыққа қарсы, халықтар бостандығын көксеген, сол идея үшін күрескен, саналы, әділетті жандар. Олар Герцен, Чернышевский идеяларынан сусындаған, Некрасовтың, Пушкиннің бостандық аңсаған өлеңдерін сүйіп оқып, оны халыққа таратып жүрген, өздері еңбекші халық ортасынан шыққан, халықтың шын ұлдары. Олар «Абай жолы» эпопеясындағы Михайлов, Павлов, «Ботакөздегі» Кузнецов, «Оянған өлкедегі» Андрей Быков, Елизовета Быкова, Шила, Неволя, «Аманкелді» пьесасындағы Ногинов. Патша ұлықтарынан зәбір жапа көріп, қаналған сауатсыз қазақ халқының олар қамқоршысы ретінде адамгершілік қасиеті жоғары, халықтарға достық құшағы әр кезде жаюлы, бауырмал жандар, қазақ қауымының жаты емес жақыны, жаны ашыры болады, Олардың бойында әділетшіл, турашыл мінездері, биік гуманизм сияқты қасиеттерінің мол көрінуі орыс адамдарының бейнесін жоғары көтере түседі. Міне, осындай бейненің бірі «Абай жолы» эпопеясындағы Михайлов. Ол Петербургте 20 жасында студенттер көтерілісіне қатысқан, Қазақстанға жер ауып келген, патшаның саяси қырына ұшыраған адам. Бұл Россиядағы әрбір саяси бағыттың бет алысын байқап, озық сананың өсіп, жетілуіне тілектестік білдірген, білгені мен түйгені көн жан. Қырық жерден қарауыл тұрғандықтан да өзі берік берілген идеясын жүзеге ашық асыруға дәрмені болса да жағдайы, мүмкіндігі жоқ. Михайловтың бұл қасиеттерінің көбі Абаймен әңгімелескенінде Чернышевскийдің шаруаларды өткір ай балта алуға шақырған идеясын қоштап сөйлеуі арқылы көрінеді. Михайлов үстем тапқа қарсы күрестің жолын да айқын түсінген кісі екені патшаны өлтірген оқиғаға наразы екендігінен көрінеді. Бір патша өлсе, таққа екінші патша отырады, одан халыққа ешбір жеңілдік, келер бостандық жоқ екеніне түсінеді.
«...Бұны істеп отырғандар Чернышевский бастаған революциялық ойды, өнімді түрде кең түсінген топ емес. Өзінше қыныр, шолақ түсінген топ. Бұлар ісіне Чернышевскидің ниет бағыты қосылмайды» деген пікірі соны дәлелдейді.
Орыс халқының саналы қауымы Михайлов бейнесі арқылы суреттеліп көрсетіледі. Михайлов өзін орыс революционерлерінің ішіндегі жай қатардағы революционерлердің бірі ретінде санайды». «Егер көбінің бірі, атсыз, елеусізінің бірі Михайлов сияқты болғанда, бұл қауым қандай жетіскен қауым! Мынау халықтың бұл буыны қандайлық күші мол, зілі мол, қабырғалы, қайратты буын Піл сауырлы, мол сабырлы ерен қайрат жиып жатқан игілік күші ғой» – деп ойлаған Абай пікірі дәл болатын.
Жазушы бір ретте Абайдың аузына мынадай сөз салады. «Дүниеге көзімді аштың-ау, Михайлов, қандай қазналарға мені жетектеп әкелген едің! Енді менің қағбам орнынан көшіп, күн шығысым күн батыс, күн батысым күн шығыс боп барады! Солай бола болсыншы!» Бұл сөз Абайдың бүкіл ой-санасы оянғандығының белгісі еді. Михайловпен сөйлесе, маслихаттаса келе Абай өзінің алдында отырған орыс досын «бір буынның толық кемел басшысы, аға азаматы болуға даусыз татитын» кісі деп білсе, оның өзі орыс революционерлерінің қатардағы бірі ғана болса, ол елдің тұтасқан революциялық күшінің қаншалықты уыты барын да болжайды. Енді Абай «ырысы сорлы ел, орыс емес, біз дағы. Менің елім – қалың көрпе астында, қалың қараңғылық ішінде жатқан қазақ елі» деп ел қамын бұрынғыдан да тереңірек, қынжыла, тебірене сөз етеді. Сол қараңғылық көрпесін тұйықтай түскен қазақ халқының Абай сияқты (жалғыз болса да) адамының көкірек көзін ашқан Михайловтың бейнесі кемелдене түседі. Қолына өткір ай балта алуға экономикалық та, саяси да дәрежесі жетпеген, дайындығы жоқ қазақ халқының нақ қазіргі таңда бостандық үшін істер әрекеті оқу, онда да, діни емес, орысша оқу екенін түсіндірген Михайлов, енді жалғыз Абайға ғана емес, бүкіл қазақ халқының қамқоршысындай көрінеді.
Жалғыз-жарым болса да, жаяу-жалпы болса да сол кезде Абай сияқты ер-азаматтың халық қамқоршысы болу, халықтың санасын оятатын бірден-бір жолды табуы Михайлов сияқты орыс адамдарының әсері болса, ал Абайдың өзі қазақ халқы үшін табылған дарынды үлкен олжасы болатын. Орыс халқының өкілі болған Михайловтың бейнесі шығармада өзінің іс-әрекеті арқылы көрініп қана қалмайды. Михайлов бейнесі озық сананы халық арасына таратудағы еңбегінің игілікті жемісі арқылы да көрініп отырады. Көп жайды, көп шындықтарды жете білмейтін, кейде қате, теріс түсінетін Абайдың бертін келе Россия туралы тіпті қалыптасқан өз пікірі, көзқарасы барын байқатады. Өз жолын ұстар, болашағы бар жастарға Абай үнемі Россияны мысалға келтіріп отырады.
«Ал халық атынан біз айтсақ, бүгінгі қазақ нәсілі үшін ендігі Россия кім? десек нені айтар едік? Ол өздеріңізге мәлім кітаптарын, ой алыптарын былай қойғанда, ең алдымен, ұшы-қиыры жоқ өнер. Ол сансыз көп шаһарлар солар толған медреселер, ауруханалар, кітапханалар мен салтанатты сарайлар. Ол анау Сібірге кеткен шойын жол, Ертісте жүзген пароходтар, үстіңе киім, қолыңа құрал-сайман, үиіңе бұйым, машиналар беріп отырған фабрик-заводтар - міне осының бәрі де Россия ғой. Бұл Россия ақ патшаны танысаң ғана сені танимын демейді. Бара білсең, ала білсең сені жатырқамайтын, «келе бер де үйрене бер!» деп отырған Россия ғой! Халқымыздың адал ұлы болсақ біз осы Россияны кімің деп түсіндіреміз? Әрине, досың, дейміз...» дейді.
Міне, Абайдың осы пікірі, ойы тек Абайдың ғана бейнесін шыңдай түспейді, сонымен бірге Михайловтың да бейнесін айқын көрсетіп береді. Осындай жайды біз эпопеяның әр жерінен кездестіреміз.
Михайловтың маслихат етуі арқылы орыс кітаптарын көп оқыған Абай «Евгений Онегиннен» Татьянаның хатын аударып, оған өзі ән шығарады. Пушкин сазы қазақ халқының арасына да сырын шертті. Шын сезім, шыншыл наз тыңдаушысын елжіретті. Татьяна жалғыз емес еді. Ол енді қазақ қыздарының арасынан да өз мұңдасын тапты. Тіпті кейде Әйгерімнің өзі Абайға сол Татьяна хаты арқылы өз көңілінің күйін, сыры мен шынын шертіп отырды. Ерекше пафос, рамонтикалық леппен суреттелген Татьянаның қырдағы әні арқылы жазушы, уыз махаббат иесі орыс қызы Татьянаның бейнесін жасап қазақ топырағына сіңістіріп, әрбір қазақ тыңдаушысының құлағының құршын қандырып, ойында мәңгі қалдырып қойды. Осы бір көріністе Пушкинмен, Татьянамен қатар, осыларды жазуға Абайға кеңес берген Михайлов бейнесі де оқушы жұртшылықтың жақсы көретін кейіпкері.
Михайлов арқылы Абайдың айналасына орыс халқының озық ойлары таңғы арай сияқты аздап болса да жайылып келе жатқаны көрінеді. Олар, ең алдымен, Абайдың өз от басы, маңындағы пейілдес жақсы дос жарандары. Басқасын былай қойғанда, Әйгерімнің Баймағамбет туралы айтқан мына сөзі-ақ көп жайды аңғартып, көп мәнді түсіндіреді.
«Бақаң сіз арқылы орыстар жәйін көп естіп, көңілге көп тоқып алған. Тіпті осы күнде өзі де орыс мінезді боп барады. Қазақша қалтарысынды білмейді. Тисін, күйсін – турасынан бір-ақ тартады. Және тегі жақсы орыс, көңілі таза орыс осылай болса керек!».
Қарапайым қазақ әйелі Әйгерімнің аузынан шыққан, орыстар туралы түйінді ойы, берік, әділ байламы ұлы халықтың бейнесін айқындай түсіп отыр. Орыс халқының әділеттілігі, адамгершілігі мен батыл мінездері бұларға тек өздері көріп жүрген Михайлов қана емес. Ол кітап, журналдардан Абай оқып, танып, біліп жүрген орыстың ұлы жазушылары, олардың озық ойлы геройлары, ол Михайловтың әңгімелеуі арқылы Абайдың көкейіне қонған Чернышевскийдің өзі, оның геройлары, ол Михайловтың революционер семьясы, дос-жарандары тағы басқа солар сияқты еңбекші халықтың бас бостандығын көксеген, сол үшін жол іздеген, шартарапқа басын соғып жүрген орыстың асыл азаматтары, ер адамдары. Әйгерімнің «жақсы орыс, адал көңіл, таза орыс» деп ұғатыны да міне, сол болатын.
Бұған қоса, жаңаның басы болуға жарап қалған, Петерборда орысша оқып, орыстың алдыңғы қатардағы адамдарымен пікірлес болып жүрген Әбдірахманның ой-санасының оянуына да сол орыс адамдарының әсері тигендігін атап айта кету қажет. Орыс адамдарының бейнесін жазушы кейде өз ұлты әкілдерінің түсінігі, білігі арқылы толықтыра, молықтыра түседі. Орысшылсын деп кіна таққан Құнанбайға Абай «Халық үшін де өзім үшін де дүниенің ең асылы білім-өнер. Сол өнер, отыр орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма» деген пікір не болмаса айдауда жүрген революционер Керала (Кирилл) туралы айтқан Базаралының сөзі жатақ үстіне келген орыс шаруаларының ерінбейтін, мойымайтын қасиеттерін суреттеді.
Абай туралы эпопеяда орыс адамдары қазақ сахрасына жаңа сана, жаңа идея алып келгені суреттелсе, Ғ.Мүсіреповтың «Оянған өлке» романындағы Оралдан келген орыс жұмысшылары жаңа идеямен қатар, халық бостандығы үшін күресу идеясын ала келеді. Бұлардың ішіндегі Елизавета Быкова Оралдағы жасырын жұмысшылар ұйымынан арнайы тапсырмамен келген революционер адам. Бұл да Михайлов сияқты революционер семьясынан шыққан. Романдағы орыс жұмысшылары талай оқиғаларды басынан кешірген, өмір тәжірибелері мол, еңбекте ысылып, көздері ашыла бастаған жандар. Сондықтан да олар басшыларынан көп қаймықпай, батыл түрде еңбек ақысын, тұрмысын жақсарту туралы талап-тілектерін ашықтан-ашық қоя алады. Өзінің азу тісін ақсита көрсетіп, қаталдығын сездірген Зубовқа жұмысшылар:
«... Бізді де бір жүнін жұлдырған қораздай көріп, өзіңіз де қаталаспайтын болыңыз.
– Бұл далада өле кету үшін келген жоқпыз» – деген батыл да шалыс жауаптар олардың өр мінездерін көрсетеді. Бұл әлі белгілі бір ұйымға ұйымдаспаған қазақ жұмысшыларының мінез-құлқында жоқ жайлар. Орыс жұмысшылары мен қазақ кедейлерінің, қазақ-жұмысшыларының өзара түсінісу, ұғысу жолы тым сараң болса да кейбір штрихтар арқылы бұл жай жақсы көрініп қалады. Арып-ашып келе жатқан орыстарды қазақ ауылдарының кедейлері қонақ етіп малын сойып, көңіл-пейілін көрсетсе, Қарағанды жұмысшылары қарағанын әкеліп астына төсейді. Байжан үйін Быковаға босатып береді. Зубов оларға қазақты бас кесер деп түсіндірмек болғанда:
«Жолшыбай көріп келдік. Ауылдарға көп қондық. Бұлар тіпті киргиз емес қазақ. Қазақ деп атайды өздерін, – деді тық-тық жөтелетін мосқалдау адам.
– Тоналған да шығарсыңдар.
– Жоқ, өзіміз қарыздар болып келдік.
– Қарыздар?
– Ие қарыздар болдық. Андрей Быков келген соң, айтады әлі. Қарызға отын алдық, ет алдық, шай алдық. Пәтерақы дегенді естіген де жоқпыз» – дейді.
Осындай достық пейіл, ниеттер орыс жұмысшылары мен қазақ кедейлерінің арасында берік достықтық орнауына себепші болды. Орыс жұмысшылары қазақ жұмысшыларына еңбекақы үшін күресу керектігін үйретеді. Қожалардың қазақ жұмысшыларының еңбекақысын азайтпақ болған әрекетіне орыс жұмысшылары қарсы тұрып, оны азайттырмайды. Бұл орыс жұмысшылары өздерінің ісімен де, мінезімен де ой-санасымен қазақ жұмысшыларына әсер, ықпал жасайды. Бұланбай сияқты ер жігіттер енді жұмысшылар ұйымын басқаруға жарайтындай дәрежеге жетеді.
С.Мұқановтың «Ботакөз», X.Есенжановтың «Ақ Жайық» романдарындағы Қузнецов, Дмитриев, Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьесасындағы Ногинов революциялық үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, белгілі бір саяси ұйым ұйымдастырып қана қоймайды. Бұлар революцияға тікелей араласып, қазақ революционерлеріне идеялық басшылық жасаушы жандар болып шығады.
Қазақ әдебиетіндегі орыс адамдарының осы типтес тобының бейнелерінде даму бар, эволюция барын көреміз. Алайда, осы топтағы орыс адамдарының бейнесі, әрине жан-жақты толық жасалған, кемеліне келіп, жетілген образдар деу ертерек болар еді. Алдымен біз атаған шығармаларда орыс адамдары басты кейіпкерлердің бірі болып саналмайды. Олар көбінше эпизодтық кейіпкерлер болып келеді. Бірақта қандай бір кейіпкер болмасын көркем шығармада өзінің іс-әрекетін аяқтап, образы толық жасалып кетуі керек. «Оянған өлкедегі» орыс жұмысшыларының бейнесінде өзінің көркемдік шешімін толық таба алмаған кінараттар бары байқалады. Орыс жұмыскерлері басынан аяғына дейін қатыса алмайды. Олар шығарманың ортасында көрінеді де, шығарма аяқталмай сахнадан шығып қалады. Ғ.Мүсірепов олардың революциялық іс-әрекеттерінің даму, өсу, жетілу процесін (эволюциясын) шығарманың бүкіл өн бойына таратып бермей, Оралдан алты айға алып келіп, қайырып жібереді. Олар осы аз уақыттың ішінде көп жұмыстар істейді, қазақ жұмысшыларының санасын ашады. Күрес арқылы өз тұрмысын жақсарту керектігін, өз қожаларына қыр көрсету керектігін түсіндіріп кетеді. Болашағы революцияға алып баратын жіңішке болса да сүрлеу із тастап кетеді. Аз уақыттың ішінде және қазақ даласының тым қараңғы, надан кезінде осындай көп жұмыс істеп қалған орыс жұмысшылары бұл қарқынмен енді алты ай тұрса революция жасайтын дәрежеде болуы керек сияқты. Әрине, ол тарихи дәуірдің шындығына келе қоймас еді. Сондықтан да орыс жұмысшыларын романның аяғына жеткізбей қайырып жіберуге жазушы мәжбүр болғаны білініп тұр. Әрбір кейіпкер шығармаға заңды түрде келіп, заңды түрде кетуі керек. Осы келу мен кетудің арасында олар не бір образдарды толықтыруы керек, не бір оқиғаның тууына себепші болуы керек. Ал, Қарағанды үлкен өндіріс орны болса, онда алдымен орыс жұмысшылары келсе, шығармадағы орыс өкілдерінің тұрақтамай және өздерінің бастаған істерінен нәтиже шығармай кетіп қалуы шығармада көркемдік шешімін толық алмаған сияқты. Рас, олардың ішінен Михайло Неволя қалып қояды да, бірақ оның өзі де пәлендей әрекетімен көрінбейді.
Мұның себебі неден? деген ой туады. Мұның бәрі орыс адамдарының бейнесі бір жақты алынуынан сияқты.
Орыс халқы көп халық. Олардың езілген, қаналған, жұмысшы табының өкілдері бір қалыптап шыққандай, қалайда қазақ халқына жаны ашушылық ниетпен келеді. Орыстың жағымды жақсы адамдарының психологиясы дараланбай, статистикалық өлшеммен қалай да жақсы болуы керек деген кейбір схемалық топшылаудан туады. Тек «Оянған өлке» романында ғана емес, орыс халқының өкілі қатысатын шығармалардың бәрінде де десе асырып айтылған болмас еді, орыс адамдары ой-санасы жетілген, қазақ халқымен ой-мақсаты, тілек-арманы бірденнен қабысып кете бергенін көреміз. Саналы, оқыған жақсы орыс адамдарының ішінде қазақ халқын алғашқыда түсінбей, араласа келе таныса, білес, келе өзінің теріс түсінігінен тайған, әділдігіне енді көзі жеткен бірде-бір кейіпкер көрінбейді. Қазақ әдебиетінің революциядан бұрынғы қазақ тұрмысын суреттеген көркем шығармалардағы дүзу ниетті, адал орыс адамдарының барлығы да күні бұрын қазақ халқының тарихынан, өмірінен, бүгінгі болмысынан курс, лекция оқып шыққандай жақсы біліп, жақсы көріп кетуінің өзі көптеген орыс адамдарының бейнесін бір-біріне ұқсатып жібереді. Кейбір схемаға айналып кететіндей жайы байқалады.
Қазақ совет әдебиетіндегі орыс адамдарының ендігі бір тобы совет тақырыбынан жазылған шығармалардағы, бүгінгі совет құрылысына қатынасқан, Отан қорғауға ерлік көрсеткен, қазақтармен қол ұстасып, біріне- бірі қол ұшынен жалғасып, достық пейілмен еңбек еткен совет адамдары. Олар С.Ерубаевтың, «Менің құрдастарымдағы» Лиза Вознесенская, С.Мұқановтың «Сырдариясындағы» Полевой, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдатындағы» Мирошник, Зонин, Толстов, Ғ.Мұстафиннің «Қарағандысындағы» Щербаков, Лапшин, Ә.Нұрпейсовтің «Күткен күніндегі» Скориков, Тайнов, Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндеріндегі» Панферов, Добрушкин. Зеленин, Бандаренко, Ә.Нұршайықовтың очерктеріндегі, тағы басқа шығармалардағы көптеген орыс адамдары.
Орыс ұлтының қазақ әдебиетіндегі бұл өкілдері революциядан бұрынғы Михайлов, Быков, Кузнецов типіндегі жаңа қоғамда өмір сүріп отырған совет адамдары. Бұлар өткен дәуірдегі орыс халқының өкілдеріндегідей Қазақстанға жаңа сана әкелуші, революциялық топ құрушы болып көрінбейді. Ол міндетті өздерінен бұрынғы буын орындап, бұлар енді өскен, жетілген қазақ халқымен бір сапта, тең түрде бейнеленетін адамдар. Осы жылдардың ішінде Коммунистік партияның данышпан ұлт саясатының жүзеге асуы арқасында қазақтың ұлт кадрлары өсіп жетілді. Сондықтан да жоғарыда аталған шығармалардағы Рахмет, Байжан, Сырбай, Қайрош, Мейрам, Есен, Ержан, Мұхит ұлттық мәдениетімен қатар, орыстың да озық дәстүрлерін қабылдаған, қандай мәселе туралы болса да ортақ тіл тауып сөйлесе алатын, шаруашылықпен өндірістің қай саласы болсын меңгере алатын дәрежеге жеткен жандар. Осы тарихи шындық қазақ жазушыларының шығармаларында дұрыс көріне алған. Сондықтан да аға халықтың өкілі деп орыс адамдарын аты-жөні жоқ ақылшы, білімпаз етіп көрсететін кейбір схемалық бейнелеулерден қазақ жазушылары, әсіресе, Отан соғысы тақырыбынан жазылған шығармаларында арыла бастап, оларды өзінің табиғи бейнесімен көрсете бастағандығын атамасқа болмайды. «Менің құрдастарымдағы» Лиза Вознесенская қазақ жұмысшылары арасындағы мәдени жұмысты ұйымдастырудағы еңбегі, «Қарағады» романындағы трест бастығы Дербаков ақылды, сабырлы, байыпты мінезі мен іс-әрекеті арқылы, қиындыққа төзімді, жол тапқыш бейнеде көрінсе, осы қасиеттер Мейрам бейнесіне де тән. «Сырдариядағы» Полевон болса, Қазақстанның сусыз даласын суландыру жолында көп еңбегі сіңген қарт. Міне, бұлар Қазақстанда өздерінің бар білімі мен жігерін халық үшін сарып еткен қазақ халқының нағыз дос адамдары.
Отан соғысы эпопеясына арналған шығармаларда орыс ұлты өкілдерінің ұлттық характері айқынырақ, табиғи шынайы көрінетіндігін жоғарыда айтып кеттік. Және де бұл шығармалардағы орыс ұлтының өкілдері эпизодтық кейіпкер ғана емес, басты геройлардың бірі болып, оқиғаның басынан аяғына дейін қатысып отырады. Олардың бейнесінің толық көрінуінің бір себебі осында болуы да ықтимал.
Отан соғысы СССР халықтарына сынды кезең болды. Барлық халық Отан үшін, лениндік партия, халық үшін зұлым жауға ыза мен кегін жүрекке түйіп аттанды. Майдан өмірі әр ұлт адамдарын өзара араластырып, тағдырларын ортақтастырды. Сондықтан да майдан өмірінен алып жазған жазушы әр ұлттар адамдарының бейнесін, әсіресе орыс адамдарының бейнесін, көрсетпей тұра алмақ емес еді. Бұл шындық қазақ жазушыларының шығармасында реалистік тұрғыдан көрінеді. «Қазақ солдаты», «Күткен күн», «Қаһарлы күндер» романдарында авторлар қазақ жауынгерлерін топтай отырып, орыс адамдарының да мол тобын мүмкіндігінше толық көрсетуге тырысты және олардың бір-біріне ұқсамайтын дара бейнелерін жасауға батыл адым жасады. «Қазақ солдатында» Қайрош:
«Төрт жылға жақын ойын-күлкі, қайғы қуанышымыз ортақтасып кеткен бір жолдасымызбен іштей ғана қоштасып айрылысуға тура келді... қош Сережа, қош бол, бауырым» деген сөзін мысалға алайықшы. Соғыс сұрапылының ең ауыр кезеңінде, адамның тағдыры қыл үстінде, қылыш жүзінде бір мезетте шешілгелі тұрғанда ауыр жарақаттанып, жау ортасынан сытылып кеткісі келген Сережаға Қайроштың «бауырым» деп қоштасқан сөзінде терең мән, мағына жатыр. Бірге туған бауырындай болған Сережаның бейнесі типті Қайроштың аузынан шыққан осы сөздің өзінен-ақ дараланып тұр.
Ұлы Отан соғысында СССР-дегі барлық ұлттар мен халықтар ерекше ерлік, қажырлылық жасады. Біздің әңгімеміз орыс адамдары туралы болғандықтан да біз соларға арнайы тоқталамыз. Орыс халқының өз елінің бостандығы үшін күрескен ата-бабаларының ерлік дәстүрі бүгінгі орыс адамдарын да рухтандырып отырды. Қиын-қыстау кезде жасымай, жабырқамай, тар жерде жол тапқыш орыс жігіттерінің бейнесі Зорин, Толстов, Тайнов, Зеленин, Добрушкин т.б. арқылы көрінеді. Ғ.Мүсірепов орыс адамдарының табандылығы мен шыдамдылығын кейде жылт еткен бір эпизод арқылы-ақ есте қаларлықтай, үнемі көз алдында елестеп тұрарлықтай жарқын суреттеп кетеді. Екі аяғын оқ шарт үзіп, иығынан қатты жараланған жігіт өз өмірінің соңғы минуты таянып қалғанын сезсе де сыр бермей түнгі айқасты, өз әскерлерінің ерлік істерін көзімен көріп отырып өлуді арман етіп, басын көтеріп, төңірекке қарауы, немесе, жауырынына қырық жерден оқ тисе де шабуылға шыққанда жауына жолбарыстай төніп, үрейін ұшырған жаралы матростың қимылы өте әсерлі күшті берілген.
Қазақ әдебиетіндегі аты аталмаған көптеген шығармалардағы орыс адамдарының көбіне аты орысша болып келеді де затында қазақтан айырмасы жоқ, көбіне белгілі бір идеяны дәлелдеуге ыңғайланған схемалық дәрежеден аса алмай жатады. Ал осы ретте С.Мұқановтың «Сырдария» романындағы Полевойдың образы ерекше тоқталуды керек етеді.
Жазушы шу дегеннен-ақ Полевойдың сыр бойында қазақ арасында өсіп, қазақтың әдет-ғұрпын, салтын, тілін жақсы білетіндігін ескертеді. Қазақтың әдет-ғұрпы, салттарын сақтап жүретін Полевой, «Тоқтаған машинаның есігін аша бергенде Дәулет келіп:
Ассалаумағалайкум!деді жігіт Анатолий Қондратьевичке.
Уағалайкумуссәләм! - деді Анатолий Кондратьевич байырғы қазақтың дауысымен». Бұлай тым қазақы амандасуы С.Мұқанов жасап отырған Полевойдың бейнесіне қайшы келмейді. Полевой бейнесі өмірде бар ма? деген сұрақ туады! Бар. Сыр бойында балықшылықпен күнелткен, аңшылықты кәсіп еткен орыстар аз емес те, қазақ ішінде өскендіктен олар сол өскен ортасының әсеріне ыңғайланып, қазақыланғандығы да бар. Олар қазақша сөйлей алады, әдет-ғұрпын да сақтайды. Олай болса Полевой жазушының қиялынан шыққан бейне емес, өмірден алынғанын көреміз. Бірақ, мәселе Полевой сияқты азын-аулақ орыс адамдарының өмірде бары-жоғында емес, Полевойдың орыс адамы екендігінде ғой. Жазушы оны бүкіл орыс адамының өкілі етіп, типті бейне дәрежесіне көтергісі келген. Бұл тұрғыдан қарағанда, Полевой орыстың типті образы болып шықпағанын көреміз. Анатолий Кондратьевич Полевойды жазушы «сырты және салты азиялық сияқты көрінгенмен ішкі сарайын ақтарған кісі оның шын мағынасындағы орыс баласы екенін екі мәселеде айқын көретін еді: бірінші, егіншілік мәселесінде, екінші, семья мәселесінде» дейді. Егіншілікке келетін болсақ, Полевойдың өз сөзімен айтқанда, «Мақтанғаным емес, Орта Азияда, оның ішінде Қазақстанда, суарылмалы егін кәсібін еркендетуде менің еңбегім аз болған жоқ. Сол еңбекті мен ең алдымен, орыс ғылымының Орта Азияға мәдениет таратудағы өкілінің бірімін деп атқарам. Және сондай еңбек атқаруды өзімнің ғана емес, туған халқым орыстың мақтанышы көрем».
Октябрь революциясынан бұрын десе бір сәрі, совет өкіметі құрылып, колхоз орнаған кезде Полевой өзінің егіншілігімен орыстығын білдірді деу қаншалықты дәлелді шығар екен? Рас, әр халықтың тіршілігіне орай, шаруашылығының әртүрі әр дәрежеде дамыды. Қазақта мал шаруашылығы, Россияда дақыл егу шаруашылығы. Сондықтан да егін егу, жердің қадірін тану орыстарға әлде қайда тән саналуында дау жоқ. Ертеде жатақтар айналдыра бастаған егін шаруашылығының сыры көпшілік қазақтарға әлі белгісіз болатын. Орыстардан қазақтардың көпті үйренгені рас. «Абай жолы» романындағы егін еккен Дәркембайлардың ауылына келген шаруалар Афанасийлерді көрсетіп Базаралы:
«Бұларға егіндеріңді көрсетіңдер. Біз жер тырналаған болмаса егін еге білеміз бе? Мына Афанастар ғой қалай жыртып, қалай егуді білетін. Бұлар еңбек, бейнет ауыр деп жыламайды, тек «жер» деп жылайды. Біз ғой «еңбек» деп жылайтын. Бүгін басына апарып осы жердің топырағын көрсетіңдер! Қалай сеуіп, қалай жыртудың да әдісін сұрап қалыңдар» деді. Афанастар жердің терең жыртылмай, әсіресе малалауы нашар екендігін айтып ақыл кеңес береді.
Бұл XIX ғасырдың аяқ кезіндегі сурет. Егін жайынан мұндай ақыл-кеңес берген жандардың қайтсе де қазақ еместігі түсінікті де нанымды еді. Одан бергі жылдары болған ұлы революция, қазақ даласындағы болған ұлы өзгерістер халық шаруашылығының бетін де, бағытын да бүтіндей өзгертті. Колхоздасуға байланысты егін егу шаруашылығы қазақтың төл ісі болып алды да, өздерінің ішінен де жетік мамандар аз шыққан жоқ. Осы бір кезде егін шаруашылығының мәні мен мағынасын жақсы білетін тек қана орыс деу тіпті дұрыстыққа келе бермейді. Олай болса, егін шаруашылығының сырын білу – ол адамның ұлты орыс екендігінің айғағы бола алмайды. Сондықтан да С.Мұқановтың Полевойдың орыс екендігінің бір айғағы егіншілдігі деген пікірі ақтала бермейді. Бұл жерде жазушы уақыт кезеңін ескермей отыр. Полевойды мысалы «Абай» романындағы Афанастармен қатар қоюға болмайды. Өйткені ол екеуінің өмір сүрген дәуірі, қоғамы екі бөлек болатын.
Ал, Полевойдың орыс екендігінің тағы бір айғағы жазушының баяндауынша семьялық мәселеге көз қарасы. Полевой өзбек әйелдерінің паранжа киюіне, қазақ, қырғыз әйелдерінің қалың малға сатылуына қарсы. Шығыс әйелдерінің басындағы осы ноқта басқа ұлт өкілі ғана емес, тіпті қазақтың өз ұлдарының-ақ қарсы күрескен кеселінің бірі болғаны белгілі жай. Абайдың «Тұрыпты бір сұлу қыз хан қолында» деген белгілі өлеңіндегі «шал сипаған етімді құрт жесін» деп терең суға кұлаған қыздың қайғысына күйіп отыра, өзі сол қыздың әділетсіздікке, зорлыққа көнбейтін ер, өр мінезін паш етіп отырған жоқ па еді. Бері келе «Айқап» журналының бетінде басылып жүрген әйел теңдігі мәселесі, Сұлтанмахмұттың осы тақырыпқа жазған көптеген өлеңдері қазақ әйелінің басындағы ауыр қайғыға қарсы болғандығының куәсі еді.
Алайда олар Шығыс әйелдерінің басындағы ауыр халді жаратпай, оған қарсы күресе отырып, орыс ұлтының өкілі болып кеткен жоқ, қазақтың-ақ бел-баласы болып қалды. Олай болса Полевойдың орыс ұлтының өкілі екендігін айқындауға оның қазақ әйелдерінің басындағы күншілдік халды тануы, оны жек көруі әлі жеткіліксіз екендігін көру қиын емес.
Орыс ұлтының өкілі болу үшін бұл екі мәселенің екеуі де айғақ, дәлел бола алмайды. Рас, Полевойдың мінезінде қазақтардың психологиясына келе бермейтін, орыс адамдарына тән жайлар бар. Ол кейде өзінің болашақ күйеу баласы Байжанмен махаббат отының ыстықтығы туралы әзілдеріне байланысты көрінеді. Бірақ, ондай қарадүрсіндеу қалжыңды орыстың мәдениетті адамдары да айта бермесе керек. Кейбір жекелеген сөздерінде ғана болмаса, Полевой көбіне қазақша сөйлейді. Орыс адамдарының психологиясына тән мінез, іс-әрекеттердің Полевой бейнесінен кездесе бермейтіндігі оның бейнесін жұқартып жібереді.
Әрине, егерде романда орыс адамдарының шынайы бейнесін сақтаған басқа образдар болып, Полевой бейнесі солардың бірі болса, ол өте ұтымды, жаңа бейне болған болар еді. Амал не, романда олай болмай, Полевой өзінің осы бүкіл қазақыланған қалпымен орыс адамдарының жиынтық бейнесі ретінде көрінгісі келіп, бірақ ондай типті бейне дәрежесіне жетпей отыр.
Жалпы алғанда, басқа ұлт әдебиетінде орыс адамдарының табиғи бейнесін жасаудың қиыншылықтары бар. Әсіресе, олардың ұлттық ойлау ерекшеліктері (мышлениесі) мен тіл ерекшеліктерін сақтауда кептеген жетістіктермен қатар орыс адамдарын қазақша ойлатып, тым қазақы сөйлетіп жіберетін жайлары кездеседі. Оның үстіне орыс ұлтының тарихи даму процесінде қалыптасқан психологиясының өзгешелігі, әдет-ғұрпы мен салт-санасы, характерінің ерекшелігін көрсетуде әлі де болса мүлт кеткен, пернені дәл баспаған жайлар аз кездеспейді. Қазақ әдебиетінде орыс адамдарының бейнесін жасау проблемасы тек совет дәуірінде ғана қолға алына бастады. Ал мұндай тың, жаңа образдардың туу, қалыптасу процесі, әрине, жоғарыдағы айтылған кемшіліктерсіз болмауы да мүмкін нәрсе. Көркем шығармадағы орыс адамдарының бейнесін табиғи түрде жасауға, әсіресе соңғы жылдары қазақ жазушылары схемалықтан құтылып реалистік өрнек тауып келе жатқан жақсы табысын қуана атамасқа болмайды. Қазақ совет әдебиетіндегі орыс адамдарының бейнесі әлі жас, жаңа жасала бастаған бейнелердің бірі. Қазақ жазушылары қазір осы бейнені жасаудың алғашқы кезеңінде тұр десек, бұл кезеңді олар өте жемісті игерді. Орыс адамдарының бейнесін барынша толық, табиғи шынайы түрде жасау, алдағы уақыттың жауапты міндеттерінің бірінен саналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет