Миссионерлік қызмет және саясатпен сабақтастығы
Миссионерлік - діни қызметтердің ерекше бір түрі. Миссия - латын тілінде «missio» міндет, орындалуы тиіс тапсырма деген мағынаға келеді. Этимологиялық жағынан миссионерлік Христиан дініне тән. Миссионерлік дәстүрді христиандар Исаның серіктеріне және Маркос, Лұқа және Жохан нұсқасындағы Інжіл мен Павелдің хаттарына негіздейді.
Өзімнің қарастырып отырған ғылыми мақаламда «евангелизация (евангелизм)», «миссионерлік», «прозелитизм» деген терминдер көп қолданылады. Конфессионалдық әдебиеттерде евангелизм сөзінің астарында Евангелияны уағыздау, қоғам ішінде христиандық сенімді тарату деген мағына беріледі. Ал зайырлы ғалымдар болса, «евангелизация» терминін көбінесе халықтарды және жеке адамдарды христиандыққа кіргізу мақсатын ұстанған діни бірлестіктердің қызметтерін атап келеді. Сонымен қатар, секуляризацияға ұшыраған қоғам ішінде өздерінің позицияларын ңығайтуға тырысқан жұмыстарды көрсету мағынасында қолданылады. Әртүрлі авторлардың берген анықтамалырының негізгі ортақ мағынасы бір болып табылады. Ол халықтардың арасында христиан сенімін тарату.
Қазіргі таңда дінтанушы ғалымдар «миссионерлік қызмет» және «евангелизация» түсініктері арасындағы айырмашылықтарын жасайды (ал көп жағдайларда осындай айырмашылықтар жасалмайды). Осы берілген түсініктеме бойынша евангелизация - тұлғалық тұрғыда христиандандыру саясаты жүзеге асырылса, миссионерлік қызмет - жаһандық ауқымда жүзеге асырылады. Әрине, осындай айырмашылықтар теологтардың арасында маңызды орынды иеленбейді. Осылайша, дін ілімінің докторы Дж. Мак Артурдың анықтауынша «миссионерлік дегеніміз әлемдік деңгейдегі евангелизм болып табылады». Бірақта, көптеген әдебиеттерді сараптамадан өткізу барысында евангелизация миссионерлік қызметтің маңызды мақсаттарының бір бөлігі ретінде көрініс тапқан. Осындай көзқарас евангелизация шектелген мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған және адамдарда діни сананы қалыптастыру немесе қайта жандандырумен байланысты. Осыған байланысты бұл қызмет нақты анықталған нысаны, мақсаты мен әсер ету принциптері бар. Осы жерде «Мәсіхте құтқарылу туралы куәлікті» білдіреді. Яғни адамдарды өздерінің сенімдеріне жеке құтқарылудың діни принциптерін адамның психикасына әсер ететін көптүрлі эмоциялық формалар формалар жеткізу (күнәлiлiктi ұғынуға шақыру, өкінуге, шоқындыруға, Қасиетті Рухты қабылдауына) арқылы тарту.
Миссионерлікпен байланысты көріністерді анықтау мақсатында ғалымдардың арасында «прозелитизм» терминін қолдану барысында «басқа сенімдегі адамдарды өзінің сенімдеріне табандылықпен жасалған талпыныстармен кіргізу» деп түсіндіріледі. Прозелитизм көптеген діни құрылымдарға, әсіресе жаңа протестанттық ағымдарға тән болып келеді. Менің пікіріме сәйкес осы түсінік миссионерлік қызметтің маңызды бір элементін анықтайды.
Миссионерлік терминін анықтау барысында зайырлы ғалымдар арасында осы қызмет сенiмсiздiк және скептицизм сезімін тудыратын. Мысалы, 1985-ші жылы жарық көрген атеистік сөздікте «миссионерлікті» шіркеулік ұйымдардың басқа сенімдегі өз мемлекетіндегі және шет елдердегі адамдар арасындағы дінді тарату қызметі ретінде анықталған. Сонымен бірге, миссионерлікті отарлау саясаты кезінде қатты дамыған идеологиялық экспансияның бір формасы деген анықтама берген. Кейінгі шыққан басылымдарда авторлар миссионерлер арасында көптеген гуманистер болғандығын атап отырып, қатты идеологиялық сыннан алыстайды. Миссиялардың еуропалық отарлау саясаты тарихы мен қазіргі уақыттағы жоғары орын алатындығын баса назар аударып көрсетті. Қазіргі уақыттағы протестанттық миссиялардың қызметін зерттеушісі Г. Андерсон осы құбылысқа қатысты зайырлы көзқарасын жақсы жеткізген. Оның анықтауы бойынша миссионерлік «көрiну, тақуалық, саясат және отан сүйгiштiк» сияқты қоспадан турады деген.
Конфессиялық әдебиеттерде миссионер сөзін евангелизациялау мақсатымен жұмыс жасайтын барлық діни бірлестіктердің ілімдерін таратушы адамдарды атаған. Миссионерлер евангелизация саясатын жүзеге асыратын, жаңа шіркеулерді құруға немесе өздерінің, басқа мәдениет, мемлекет аумағында жұмысын жүзеге асыруға бағытталған. Тағы бір ескертетін нәрсе, протестанттық және жаңа протестанттық ағымдардың миссионерлері шетелдік және отандық болып екіге бөлінеді. Отандық миссионерлер тек қана өздерінің мемлекет аумағында өздерінің қызметін жүзеге асырады.
Біздің пікіріміз бойынша шетелдік миссияларды бір-бірінен тәуелсіз ұйымдар ретінде қарастыру үлкен қателік болып табылады. Шетелдік және отандық миссияларда жалпы құтқарылу деген христиандық принципіне негізделген ортақ мақсаттары мен мазмұндары бар. Ұлттық және шетелдік миссиялар арасындағы айырмашылықтары тек қана көздеген мақсаттарына байланысты.
Ілімдік тұрғыдан миссионерлік қызмет терминін қарастыратын болсақ келесі анықтамалар шығады: сенімді уағыздау (яғни діни көзқарастар жүйесі); «Құдай Патшалығын» тарату; басқа сенімдегі адамдарды сенімдеріне кіргізу; жаңа шіркеулерді құру.
Миссионер сөзінің астынында жіберуші адамды, жіберілген адамды және оған қойылған мақсаттармен түсіндіріледі. Басқа сөзбен айтқанда, осы әркетті жүзеге асыру үшін жіберуші адамның беделі бар екенін көрсетеді. Көбінесе, адамдарды миссионерлік қызметті орындау үшін Құдай өзі жібереді деген ойлар жиі естіліп отыр. Осыған байланысты, мынандай жағдайға көңіл аудару керек: басқа сенімдегі адамдар арасында өздерінің сенімдерін таратуға рұқсат беру авторитетін шіркеу, миссионерлік ұйым немесе кез-келген христиан иерархы өздерінің мойындарына алып келеді.
50-ші жылдарға дейін миссионерлік тар мағына берген. Сол анықтама бойынша әлемде христиандық сенімді тарату және кеңейту; миссионерлерді белгілі бір мемлекетке жіберу; миссионерлер жұмыс жасаған аумақтар; нақты белгіленген аумақтағы миссионерлердің қызмет жасауы; миссионерлерді жіберетін ұйымдар; миссионерлер өздерінің қызметтерін жүзеге асыратын орталықтар.
Миссионерлік қызметке қатысты анықтамалар соңғы кездерде ғана шыққан. ХҮІ ғасырға дейін mission сөзі Үштік туралы ілімге «Әке өзінің Ұлын жіберді, ал Әке мен Ұлы Қасиетті Рухты жіберді» деген мағынада пайдаланылды. Христиандық сенімнің алғашқы таратушылардың қызметін «apostolatus» немесе «propagatio fidei» деп аталған. Уақыт өте келе осы терминдердін орнына миссия деген сөз келді. Шіркеу соңғы он бес ғасыр бойы «сенімді тарату», «Евангелияны жариялау», «шіркеулерді құру», «халықты сауаттандыру» және басқандай мағыналарды пайдаланылды.
Миссия сөзінің жаңа мағынасы батыстық империялық державалардың жаңа аумақтарды отарлау үрдісімен туындаған. Осы кезең тарихи дамуында отарлау дәуірі және төтенше өкiлеттiктердi ие болу туралы идеялармен тығыз байланысты. Алыс жақтағы отарларға шіркеу өкілдерін жіберу әрекеттері маңызды болғаны соңшалық, жіберлерген өкілдердің есімдері мен олардың әрекеттерін анықтауына әсер еткен. Олардың жұмыстары миссия, ал өздері миссионерлер деп аталып кетті. Осы мағынада ең бірінші иезуиттер орденнің негізін салушы Игнатий Лойола (1491-1556) қолданған. Кейін келе Игнатий Лойоланың ізбасарлары осы терминнің мағынасын христиандық сенімді барлық адамдардың ішінде тарату деп кеңейткен болған [1].
Миссионерліктің мақсаттары мен себептері туралы әртүрлі ойлар мен пікірлер туындаған. Солардың атап өтетіндер: үндеу себептері; эсхатологиялық себебі; діндарлар қауымын біріктіру қажеттілігінен туындаған жаңа шіркеулерді құру себептері; әлемде әділеттілікті орнатуға түрткі жасайтын филантропикалық себептер. Осы қызметте эгоисттік себептерде баршылық. Соларды атап өтетін болсақ: билік пен өктемдікке ұмтылу; өздерінің «жоғарғы» мәдениетін тарату; романтикалық себеп – экзотикалық елдерде болу; шіркеулік прагматизм себебі – басқа аумақтада өздерінің сенімдері мен шіркеулік тәртіптерін тарату.
Тарихи ретроперспективадағы миссионерлік қызметті сараптау кезінде, әсіресе Ұлы географиялық ашулар кезінде, түбінде геосаяси мақсаттары жатқан суреттерді көруге болады. Миссиялардың белсенділігі христиандықтың басқа нәсілдер мен халықтардың өміршендігін сақтап арттырады деген сенімдеріне байланысты.
Христиандықтың басқа халықтарға әсерінің нәтижелерін осындай концептуальды бағалауы өзінің мәдени артықшылығын тудырды. Батыс ілімі, оның шіркеулік ғұрыптары мен салттары нормативты және пікірталастыруға жатпайды деп есептелді. Зерттеушінің зайырлы позициясы христиандық сенім миссионерлік болып табылады деген фактілерді жоққа шығара алмайды. Екінші Ватикандық собордың анықтауы бойынша «жер бетіндегі шіркеу миссионерлік мақсаттары жүзеге асырып жатыр» деген. протестанттық миссиологияның негізін салушы Густав Варнектің (1832-1910 жж.) сөздеріне сәйкес миссионерлік «шіркеудің өмір заңы». Барлық христиандық әлемде миссионерлікке қатысты ортақ бір түсінік пен қатынас қалыптасқан. Осыған сәйкес мынандай формулировка жасауға болады: «христиандық өзінің табиғаты негізінде миссионерлікті алып жүреді. Сондықтан, миссионерліксіз ол өзінің мағынасын жоғалтады», «Шіркеудің жоғарғы және бірінші мақсаты – әлемді евангелизациялау».
Миссионерліктің белсенділігінің негізінде «табиғаттан тыс» және «табиғи» негіздемелері бар. Ең маңыздысы оның догмалық негізінде жатыр. Мәсіхтің «Ұлы тапсырмасы» Евангелии от Матфея (28:19) жазылған: «Әкенің және Баланың және Қасиетті Рухтың атымен барлық халықтарға барып шоқынуды үйретіндер». Осылайша, негізін қалыптастырушы себептердің ең бастысы діни. Інжілдің жаңа өсиетіндегі Матай жазған ізгі хабарларда: 19. Сондықтан барлық күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәркірттерім етіп, Құдай Әкенің, Рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер!
20. Әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын, мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын»,- деп көрсетілген [2].
Христиан діні үшін миссионерліктің үш сатылы мақсаты бар. Бұл еш өзгермейтін қасаң қағида. Әлемге Христиан дінін жайып, Иса Мәсіхке сенушілердің санын арттыру, шіркеу құрылыстарын салмас бұрын миссионерлік әрекеттерін жалғастыратын мамандар мен адамдар табу және тұрғылықты халықтың ғылыми-әдеби шығармаларына, мәдени құндылықтарына христиандық элементтерді енгізу болса, сонымен бірге, дамыған Батыстық өркениетті христиандықпен бір деп көрсету. Батыс өркениеті мен мәдениетін негізгі өлшем, эталон ретінде ұсыну, еліктіру шарт.
Христиандар Сан-Павелді тұңғыш миссионер ретінде таниды. Миссионерліктің 13 ғасырға жуық және жеті сатылы тарихы қалыптасқан. Әрбір саты өзіндік әдістемелік және кезеңдік шарттарды анықтайтын даму жолының көрсеткіші десек те болады. Бірінші саты 33-100 жылдар аралығы -Иса серіктерінің кезеңі, 800-1500 жылдар арасы - орта ғасыр кезеңі, 1500 -1650 жылдары реформалық кезең, 1650-1793 жылдары аралығы постреформа кезеңі, 1793-жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезең модернизация кезеңі болып есептеледі [2].
Миссионерлік-діни ілімдер мен империалистік мемлекеттердің шіркеумен бірігіп, саяси мақсат-мүдделерін іске асыру үшін қолданылатын саяси қызметтің бір түрі десек те болады. Қазіргі таңда бірқатар империалистік мемлекеттердің құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар мен қаржылық топтар материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесіп, отарлау саясатын шіркеумен бірлесе отырып жүргізеді. Бұлардың мақсаттары діни ағарту немесе адамды күнаһарлықтан құтқару емес, керісінше, сол мемлекеттің халқының мәдениеті мен өткен тарихын жадынан шығарып, мәңгүрттендіру арқылы жер байлығына ие болу. Бұндай әрекеттер біздің ғана халықтың басындағы нәубет емес, орта ғасырларда Христиан миссионерлері өз әрекеттерін Африка және Азия халықтарының да ортасында жүргізді. Соның нәтижесінде көптеген жергілікті халықтардың мәдени, діни құндылықтары деформацияланып, өздеріне құлдық қамытын кигізгені тарихи ақиқат.
Өткен тарих тереңіне бойласақ, христиан миссионерлігі белгілі бір халықтың ұлттың болшағы үшін қызмет етпегенін, керісінше шағын мәдениеттер мен ұлттарды ассимилицияға ұшырату, жер бетінен жоюдың таптырмас құралы болғанын байқаймыз. Мәселен ХVIII-ғасырда Батыс отаршыл мемлекеттері Австралия құрлығының байырғы тұрғындарын ұлттық табиғи қалпынан айырған осы миссионерліктің үлкен жемісі болатын [3].
Миссионерлік қызметін атқаратын ғалымдар алдымен баратын жердің географиялық ерекшеліктерін, халқының рухани болмысы мен өткендегі тарихи жолын, психологиясын, мінез-құлқын, салт-ана дәстүрінің ерекешелігін, билеу жүйесін, яғни өзіне қажет буынды да ұрымтал тұстарын терең барлап зерттей отырып, миссионерлік саясатының стратегиялық негіздері мен тактикалық әдістерін, мақсаттарын анықтап алады [4].
Миссионерлердің діни талпыныстарын саяси немесе басқа мақсаттарда пайдалану екінші сатыдағы көрініс ретінде қабылданады. Бұл ретте тарихи куәліктерге сүйенетін болсақ, миссионерлік қызмет империяның саяси мақсаттар шеңберінде әрекет жасаған болатын. Миссиялардың жүзеге асырып отырған бағдарламалары отарлаушы империялардың саяси мақсаттарымен әрқашанда сәйкес келіп отыратын.
Көптеген елдер саналы немесе санасыз түрде осы үрдіске өздерінің үлестерін қосып жатыр. Осылардың ішінде миссионерлік қызыметті белсенді жүргізу іс әрекеттері экономикалық және де державалық құрылымдары қалыптасқан аталып отқан қызыметті толығымен қаржыландыруға шамасы келетін ірі мемлекеттер тарапынан жүзеге асып жатқанын байқауымызға болады.
Айтылған осы ой тарих беттерінен де және қазіргі уақытта да кездестіреміз. Дәлірек айтатын болсақ, 1979 жылғы мәліметтерге сәйкес американдық және канадалық 650 ұйым шетелдік 40 мың миссионерді қамтамасыз ету жолында 1 млрд жоғары АҚШ долларын жқмсаған болатын. Келтірілген ақша көлемі таң қалдырады. Бірақта, ол миссионерлікке жұмсалып жатқан қаржы көлемін толық ашпайды. Қарапайым арифметикаға сүйенетін болсақ аздап болсада миссионерлікке жұмсалып жатқан үлкен көлемде жұмсалып отырған қаржы көлемін түсінуге болады. Мысалы, 1993-ші жылы әлем бойынша 76120 протестанттық миссионерлер, соңын ішінде жанұяларымен бірге өздерінің қызметтерін жүзеге асырып отырған. Миссиологтардың есептеуі бойынша діни бірлестік шетелдік миссионердің жанұясын қамтамасыз ету мақсатында жылына 50000 АҚШ долларын жұмсайды екен. Жоғарыда көрсетілген миссионерлер санының жартысын миссионерлердің әйелдері құраса 38060 жанұяны қамтамасыз ету үшін екі млрд-тан аса АҚШ долларын жұмсау керек. Оған қоса нақты бекітілген жобалар, шіркеулерді тұрғызу жұмыстары, қайырымдылықпен және тағы басқа істерге жұмсалатын қаржыларды тағы қосыңыз. Осыған қарап отырып жұмсалатын қаржы көлемі миллиардтап есептеледі. Мысалы, АҚШ-тың оңтүстік баптистік конвенция Таяу Шығыстағы біріккен христиан евангел- баптистерімен тығыз байланыс жасай отырып соңғы 3-4 жыл көлемінде шіркеу салу жұмыстары бағдарламасы аясында аймақта шіркеу салуға АҚШ тың 2 миллион долларын жұмсаған.
Осыған қарап, экономикалық әлсіз елдер миссионерлік қызметтің үлкен масштабтағы қаржылық құйылымға ешқандай да әсер ете алмайтындығын байқай аламыз.
Осы мәселелері қарастыра отырып миссионерлік қызметтін себптері мәселесіне қайтадан тоқталып өткен жөн деп шештік. Жоғарғы жақта біз миссионерлік қызметтің догматтық негіздері зерттелген. Бірақта, осы қызметке өмірлік себептер де әсер етеді.
Миссионерлік қызметті жүргізуге қаржысы жететін шіркеулердің көптеген ізбасарлары және бірнеше пасторлары болады. Ал алыс шетелдерге рухани жетілген жақсы қызметкерді жібермейді. Иерархиялық сатыда осы қызметкерлер төменгі жақта орналасқан. Олардың амбициялары мен материалдық қажеттіліктері толық қанағаттандырылмаған. Аз уақыт ішінде олар Қазақстанда шіркеулердің құрметті басшылары болады. Шетелден жақсы қаржылық көмек ала отырып, шіркеу қызметкерлерін алдау барысында қазақстандықтардың рухани ұстаздары үлкен көлемде қаржы жинап алуы мүмкін.
Шетелдік миссионерлерді қазақстандықтардың тарапынан қолдауы тек рухани негізге байланысты емес. Мысалы, шіркеулерде қызмет жасайтын және миссионерлерден қаржылық көмек алатын адамның басқа қаржылық кірісі жоқ болып келеді. Кейбір шіркеу прихожандары мен қызмекерлері өздерінің шетел тілдерінің деңгейін жоғарылату, басқа адамдардың есебінен Корей немесе АҚШ елдеріне қыдырып баруға, шіркеудің атынан білім алуға, әскерге барудан бас тарту мақсатын көздеген адамдар арқылы шіркеу өздерінің санын көбейтіп отыр.
Діни фактор әрқашанда халықаралық саясатта пайдаланып отырды. 1998-ші жылы қараша айында АҚШ Конгресінде қабылданған «Халықаралық ар-ождан бостандығы» Актке сәйкес АҚШ-тың көзқарасына сәйкес азаматардың ар-ождан бостандығын бұзған мемлекеттерге қарсы АҚШ тарапынан дипломатиялық, экономикалық және т.б. шектеулерді пайдалануға мүмкіндік берді. 1998 жылы күзде ХХІ-ші ғасырға бағытталған АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатысты «Жаңа жүзжылдықтағы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясы» атты құжат жарияланған. Осы құжатта АҚШ-тың стратегиялық жоспары әлемдегі өзінің көшбасшылығын мойындату болып табылады. Осы құжатта «Біз халықаралық қатынастарда белгілі бір мемлекеттердің іс-әрекетіне әсер ету мақсатында ұлттық қуатымыздың барлық құралдарын қолдануға дайын болуы керек... Біздің ұлттық мүддемізді қорғау мақсатындағы әлемдегі істерге араласуымыз халқымыздың және конгрестың ақшалай және күш-жігерімізді аямауымыз керек» деп айтылған. Осы құжатта дін мәселесіде өзінің орнын тапты. Дәлірек айтатын болсақ «Біз жеке мемлекеттерде, мысалы Қытай мен Ресейде діни сенім бойынша құдалаушылыққа жол бермеуіміз керек» деп атап өтілген.
Сонымен бірге, АҚШ-тың стратегиялық барлау қызметіне «АҚШ-тың ұлттық мүддесі бар мемлекеттердің халқы, діні, білімі, ұлттық дәстүрі және халықтың моральдық рухы» жайлы мәліметтер жинау міндеттелген.
Еліміздің аумағында христиандардың пайда болғаны туралы алғашқы деректер V-VI ғасырлаға жатады. Әсіресе ІХ-Х ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойынша ауып келген христиан миссионерлерінің белсенді қызметтерінің нәтижесінде кейбір түркі тайпаларының арасында несториандық таралған. Дереккөздер мәліметтеріне сүйенсек, Тараз бен Меркіде, сонымен қатар Сырдария өзені бойында христиан шіркеулері болғандығы археологиялық қазбалар арқылы мәлім. Алайда Х-ХІ ғасырларда аймақта исламдандыру процесі етек алып, христиандық шіркеулер мешіттерге айналдырылды [5].
Ал, миссионерлік әрекеттер біздің елімізде және Орта Азия территориясындағы түркі халықтарының арасында өте ерте заманнан-ақ жүргізілгені белгілі. XVI-ғасырда Ресейдегі Қасым хандығының соңғы мұрагері Сайын Болатханның шоқынып, өз атын өзгертіп Самсон атанғаны тарихтан белгілі жәйт. Өйткені шоқынған бұратана атаулының ата-анасы қойған есімі міндетті түрде өзгертіліп, оның ата тегі жаңадан орысшалап қойылатын дәстүр сол тұстан-ақ қалыптасқандығын аңғартады [3].
Христиан миссионерлігінің Қазақ жеріне орналасуын төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның бірінші кезеңі - ІІІ-ХІҮ ғ.ғ. аралығын қамтиды. Бұл уақытта еліміздің және Орта Азия территориясына мелькиттер, яковиттер, несторияндар Армияндық, Апостоль және Католик шіркеулері болатын. Бұл кезеңде Христиан діні жергілікті басқа да діндермен яғни, Зороастризм, Иудайзм, VIII-ғасырда Ислам дінімен амалсыз ымыраласып әрекет етуге мәжбүр болды. Алайда ХІV ғасырда Христиандық Ислам дінінің ықпалымен Қазақ даласынан біраз уақыт ығыстырылды [6].
Қазақстанда миссионерлік әрекеттің қарқындаған уақыты Ресей империясы қазақ жерін мемлекет меншігі ретінде жариялаған тұста және шекарасын ресми түрде белгілеп, картасын сызып бекіткен соң патша үкіметі бұрыңғы уақытша ислам дінін тарату саясатынан бас тартып, 1862 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру саясатын ашық жүргізе бастады [7]. Патша үкіметі бұл миссионерлік әрекетті жан-жақты зерттеп әрі сақтықпен жүргізді. Мәселен ең шұрайлы жерлерден қазақ шаруаларын ығыстырып, орыс мұжықтарын көбірек қоныстандыру, жер-су аттары мен адам есімдерін өзгерту, елді мекендерде аралас мектептер ашу, жергілікті халықтың жазу емлелерін ауыстыру, билік структурасы мен туыстық нинститутарына өзгерістер енгізуді шіркеу мемлекетпен бірлесе жүргізді.
Екінші кезең - ХҮІІІ ғасырдың аяғы - ХХ басында Қазақ хандығының Ресей бодандығын алғаннан кейін, әскерилер арқылы келген. Бұл кезеңнен бастап орыс православие шіркеуі іргесін берік орнатып, миссионерлік әрекеттерін жүзеге асыруға тырысты. Сонымен бірге ХІХ ғасырдың аяғында Католиктер, Протестанттар, Баптистер, Адвентистер және Менониттер де келе бастады. Бұл Протестанттық секталармен қоса орыс православ шіркеуінен бөлініп шыққан ескі дәстүрді қолдаушы ағымдар – молокандар, скопцылар, иеговист-ильинцилар Қазақстанға жер аударылған переселендер мен қара шекпенділер арқылы да келді. Бұл саяси-миссонерлік процесске Ұлы Қазан төңкерісі кезінде Кеңес үкіметінің атеистік идеологиясы кедергі жасады. Жетпіс жыл өмір сүріп, тарих сахнасынан кеткен әлемдегі алғашқы және соңғы атеистік «ұлы держава» миссионерлікке қайтадан айқара жол ашып берді.
Үшінші кезең - 1917 жыл мен 1991 жылдар арасын қамтиды. Бұл дінге деген жаппай қарсылық білдіріліп, діни ғибадат орындары жабылы, діни қызметкерлерді қудалаған кезең болды.
Ұлы Отан соғысына дейін көптеген діни қызметкерлерді жер аударып, қатаң түрде жазалап, келген Кеңес үкіметі соғыс басталғаннан кейін дінге деген қатаң саясатын сәл де болса босаңсытты. Көптеген жабылып қалған ғибадат үйлері қайтадан ашылып, 60-80-жылдары Католиктер мен түрлі Протестанттық секталар да ресми тұрғыда пайда бола бастады [7].
Соңғы кезең - еліміздің тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келеді. Осы уақыт ішінде Республикамыздың территориясында бұрын соңды кездеспеген ағымдар мен секталар, атап айтар болсақ, пресвитариандық және методистік, протестанттық конфессиялар: «Агапе», «Жаңа өмір», «Иегова куәгерлері», «Бахай сенімі», «Ібіліс шіркеулері», «Саентология шіркеуі» және т.б. өз алдарына діни бірлестік болып құрылып орналаса бастады [6].
Тәуәлсіздігіміз жарияланып, егеменді ел болғалы бері елімізде жасыратыны жоқ, діни экспанция үдеп, дін мәселесі қоғамымызда басты назарда тұрғаны да жасырын емес. Іргесі бекімеген егемен еліміздің Діни-сенім бостандығы туралы заңымыздың тым асығыс әрі еш дайындықсыз қабылдануын пайдаланған кейбір түрлі жат пиғылдағы діни секталар миссионерлік әрекеттерін белсенді түрде жүргізіп келеді.
Тәуелсіздік алғалы миссионерліктің қарқынды түрін Дәстүрлі емес діни қозғалыстар жалғастырды. Бұл діни қозғалыстар өз қызметтерін заманауи ақпарттық-техниканың соңғы жетістіктерін пайдалана отырып жүргізеді. Көпшілік жиналатын акт залдарында, стадиондарда сенімді түрде сұхбаттар өткізіп, жеке интернет сайттары, телеарналар, радиожелілері арқылы хабарлар таратып, өздерінің жекелеген газеттері мен журналдарына мақалалар, жарнамалар жариялап отырады. Батыс мемлекеттерінен елімізге және басқа да тәуелсіз мемлекеттерге жіберілетін әдебиеттердің 1991 жылдың қыркүйек айына дейінгі саны екі миллионнан асып түскен. Соңғы жыдары Қазақстанда қазақ және орыс тілдерінде шығатын кітап пайызы (қазақша 5%, орысша 21%) сырттан келетін кітап санының төрттен бірін құрайды [7].
Миссионерлік әрекетті әлемнің бірнеше мемлекеттерінде белсенді түрде атқарып жүрген «Иегова куәгерлері» екі жүз тілде жиырма жеті миллион данамен журнал шығарып, екі жүз отыз елде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Нью-Йоркте «Күзет мұнарасы» қоғамының «Бруклин» баспаханасында үш мыңнан астам адам жұмыс істейді. Баспаханада айына ағылшын тілінде үлкенді-кішілі алпыс мыңдай және жүз жиырма тілде отыз миллиондай кітап шығарылады. Бұл кітаптарды тарату үшін екі миллиондай адам жұмыс істейтін «Эймак» тарату желісі белсенді жұмыс атқарады [8]. Бұл, әрине, тамыры, түп төркіні арыда жатқан дәстүрлі саясат екені белгілі.
Христиан діні миссионерлік әрекеттерін тек адам баласын ақиқатқа жеткізіп, тура бағыт беру ғана емес, басқа да саяси мақсаттар үшін пайдаланады. Тәуелсіздік алған уақытымыз бен өткен тарихымыздағы Христиан миссионерлігі ұлт болып қалыптасуымызға кері әсерлерін тигізіп, дінімізді, мәдени құндылықтарымызды жоюға бағытталғанын көреміз. Бұл – рухани экспансия бүгінде де жан-жақты өз функциясын жалғастырып келеді.
Қазақстандағы миссионерлік, аз зерттелген және тарихи кітаптарда үстірт жазылған тың тақырыптың бірі болғандықтан, оны терең зерттеп, жас ұрпақ санасына діни түсінік қалыптастыруымыз тиіс. Тағыда мұндай рухани шабуылдармен жалпы қоғам мүшелерінің діни сауатын арттыру арқылы күресе аламыз. Ол үшін арнаулы және жоғарғы оқу орындарында «Дінтану» дәрістер өткізу және дәстүрлі Ислам дінінің құндылықтарын ғылыми негізде танып, насихаттау. Республикалық БАҚ-да дәстүрлі емес діни қозғалыстардың миссионерлік қызметтері жөнінде ақпараттарды үнемі жариялап тұру.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. С.Хантингтон «Столкновение цивилизаций?!» 29 Марта 2013
2. Інжіл Шариф. Матай жазған ізгі хабар.28:19-20.97-б.
3. Д. Кенжетай. Шахановтың жан айқайы немесе «дін туралы заңымыз» қазақтар үшін жасалғанба?. Иассауи жолы.№4(2). Түркістан 2005 ж.89-94 б.
www.religion.historic.ng.ru Фирсов С. Сталинский конкордат. Со дня знаменитой встречи вождя с православными иерархами прошло 60 лет.2003.09.03.
4. М. Мырзахметов. Қазақ қалай орыстандырылды. Алматы. 1993 жыл.13-14-15 б.
5. А.И. Артемьев. Дінтану.Философия және діндер тарихы. Алматы. 2008 жыл. 317-б.
6. Я.Ф. Трафимов, В.А. Иванов. Христианство в Казахстане. Караганда.2006 год. 196,197-7. www.relegion.historic.ru
8. Заң газеті. №09. 2-бет.03.05.2006 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |