Электр жетегі – машина мен механизмдердің қозғалуына қажетті механикалық энергияны электр қозғалтқышынан алатын электр механикалық құрылғы.
Ол бір не бірнеше электр қозғалтқыштарынан, беріліс механизмінен және басқару аппараттарынан құралады. Айналу жиілігі тұрақты болып келетін Электр жетегінде негізінен үш фазалы асинхронды және синхронды электр қозғалтқышы, ал айналу жиілігі жайлап реттелетін Электр жетегінде түрақты токтың электр қозғалтқышы, кейде коллекторлы және коллекторсыз асинхронды қозғалтқыштар пайдаланылады. Айналу жиілігін жайлап реттеу тұрақты токтың Электр жетегінде кедергіні, магнит ағынын не кернеуді өзгерту, ал айнымалы токтың Электр жетегінде айнымалы токтың жиілігін өзгерту арқылы жүзеге асырылады. Айналу жиілігін сатылы түрде реттеу полюс жұптарын ауыстырып қосу арқылы орындалады. Айналу жиілігі реттеліп отыратын қуатты Электр жетегінде бірінен соң бірі кезекпен іске қосылатын электр қозғалтқыштарының бірнеше жүйесі пайдаланылады. Электр қозғалтқыштарының бұл жүйесі айналу жиілігін кең алқапта жайлап реттеп қана қоймай, артық энергияны электр желісіне кері қайтарып отырады. Өндірістік процестерді автоматтандыруға байланысты автоматты Электр жетегі кеңінен пайдаланыла бастады.