Байланысты: Молдрахым Іңкәр ПСИХОЛОГИЯ 1 ДӘРІС СРС СРСП
Жоғалған және табылған тарихи деректер Қайсыбір жағдайларда, жойылып кетуіне байланысты, тарихи жазбалар толық бола бермейді. Оны әдейі жоғалтатын жағдайлар да кездеседі. Соның жарқын бір мысалы – бихевиоризм мектебінің негізін қалаушы Джон Б. Уотсонмен (10-тарау) болған жағдай. Ол 1958 жылы 80 жасқа келгенде, қайтыс боларының алдында, өзінің өмірі мен жұмысы туралы барлық жарияланбаған деректерді толық жойып, жеке хаттары мен қолжазбаларын өртеп жіберді. Сөйтіп, бұл деректер мәңгілікке келмеске кетті.
Ойламаған жерден табылатын деректер де болады. Мысалы, 2006 жылы Англиядағы үйлердің біріндегі шкафтан 500 беттен астам қолжазба табылған. Корольдік қоғамның 1661–1682 жылдардағы отырыстарынан жазылған бұл ресми хаттамаларды өз дәуірінің танымал ғалымдарының бірі – Роберт Хук дайындаған. Аталмыш құжатта микроскоп сынды жаңа зерттеу құралының көмегімен жасалған бұрынғы жұмыстар және бактерия мен сперматозоидты ашу туралы толық мәлімет бар. Сонымен бірге онда гравитация мен планеталардың қозғалысы туралы мәселелер сөз болатын – Хуктің Исаак Ньютонмен жазысқан хаттары бар болып шықты (Gelder, 2006; Sample, 2006).
1984 жылы оқып-үйрену және есте сақтау мәселелерімен айналысқан мәшһүр ғалым Герман Эббингауздың (4-тарау) зерттеу еңбектері табылды. Бұл кезде ғалымның қайтыс болғанына 75 жыл болып кеткен еді. 1983 жылы психофизиканың негізін қалаушы Густав Фехнердің (3-тарау) қолжазба күнделіктері бар он үлкен қорап анықталды. 1828–1879 жылдарды қамтитын бұл күнделіктер психология тарихының ерте кезеңіндегі ең маңызды уақытқа жатады. 100 жылдан астам уақыт бойы бұл жазбаларды жан адам білмеген. Фехнер мен Эббингауз туралы кітап жазған көптеген автордың осындай құнды еңбекке қол жеткізе алмағаны өкінішті.
Чарльз Дарвиннің бір өзіне (6-тарау) 200-ден астам биографиялық еңбек жазылғанын ескерер болсақ, оның өмірі мен еңбегі жайлы ақпарат дәл әрі толық екеніне сенгің келеді-ақ. Алайда 1990 жылы, яғни Дарвин қайтыс болғаннан ке- йін арада 100 жыл өткенде, бұрын биографтар білмей келген күнделіктер мен жеке хаттар қамтылған көптеген жаңа материал табылды. Жаңа тарихи деректердің табылуы бас қатырып келген көптеген
сұрақтарға жауап беретіні күмәнсіз.
Тарихи деректер ұрланып, қайта қалпына келтірілмейтін сәттер де кездеседі. Мысалы, 1641 жылы италиялық математик – француз философы Рене Декарттың (2-тарау) 70-тен астам хатын ұрлаған. Осы хаттардың біреуі Америка Құрама Штаттарындағы колледждердің біріндегі коллекциядан табылып, хат Францияға қайтарылды (Smith, 2010).