270. «Бүркіт» ойыны Ойынды жүргізу үшін биіктігі 25-30 см орындық не спортшылар отыратын ұзын орындық сәкі қажет болады. Сол орындықтың үстіне шығып, жүресінен отырған ойыншы, екі аяғының арасынан екі қолын әлгі орындыққа не сәкіге тіреп, еңкейіп барып, жерде жатқан тақияны не затты аузымен тістеп алуы қажет. Бұл ойынды орындағанда адамның екі тізесі шалқайып сыртына қарай көтеріледі де, дене салмағы екі қолының білегіне түседі. Ойын дене шынықтыруға, күш қуатын жетілдіре түсуге қолайлы.
271. Судағы жасырынбақ Ойынға қатынасушылар суға түсерде бастарына резеңке арнайы бас киім киеді. Баскиіммен көздері де жабық болады. Бір ойыншы баскиім кимей ортаға шығады, оның қолында қоңырауы болады. Резеңке баскиім киген көздері жабық барлық жүзуші қоңырау соғып жүрген баланы іздейді.
Қоңыраушыны ұстап алған бала қалпақты қоңыраушыға кигізеді де, қоңырауды өзі алады. Өзі қуып жүргендерге ұстатпауға тырысады. Ойынға 10-20 ойыншының қатынасуына болады. Ойын суда жүзе білуге, дыбысты айыра білуге, сезімталдыққа үйретеді.
272. Аяқпен күресу Күші теңдес болып келетін екі жігіт шалқасынан кілем үстіне қатарласып жатады да, бастары қарама-қарсы бағытта, аяқтары қатарласқан. Бұдан кейін сол жатқан беттерінде бірінің қолынан бірі (қатарласып жатқан жақтағы бір-бір қолдарымен) қатты қыса қолтықтасып алады да, әркім қатарындағы адамның жоғары көтерілген аяғын бір-бірін өкшесімен іліп алады. Мақсаттары – әркім өзінің қатарындағы адамның қалтасынан аяғымен іліп алып, басынан асырып аударып тастауы қажет. Осы мақсатты орындағаны жеңгені болып саналады.
273. «Сірес» Бұл ойын күш сынасу үшін ойналады. Бір жігіт таза көгалды жерге немесе спорт залында төселген кілем үстіне екі қолын төбесіне қойып шалқасынан денесін сірестіріп ұстап жатады. Ол барлық буындарын қозғалмайтындай етіп ұстап, сіресіп, түзу жатуы керек. Екінші жігіт жатқан кісінің аяғының үстінен келіп, міне тұрады да, еңкейіп, екі қолымен оның тізесінің астынан айқастыра құшақтап, оны тік тұрғызғанша көтеруге тырысады. Сонда көтеруші адам күшті болса, оны көтерген сырықтай етіп тік тұрғызады. Көтере алмаса, қарсыласының айтқанын орындайды. Екінші кезекті жатқан жігіт алып, өз күшін сынайды.
274. Дәл басу Бұл ойыншының көп-аздығына қарамай жиналғандардың қатысуымен ойнала береді. Балалар жиналып болған соң, бір бала тас не кішкене орындық затты тікесінен қойып, осыны дәл басу үшін балалардың көзін кезекпен байлап, 15—20 қадамдай жерге апарып тұрады. Көзін байлаған бала адымдап келіп, тігулі тұрған нәрсені дәл төбесінен басуы керек. Баса алмаса, айып тартады. Кім дәл басса, сол бала жеңіп шығады. Ойын көгалда, жазық алаңда, тегіс аулада өткізіледі. Ойын бағдарлай білуге, сезімталдыққа үйретеді.