37. Қайтып кел Қайтып кел ойынының шарты лақтырған затыңның өзіңе қайтадан ұшып қайтып келуі қажет. Ол үшін жаңқа тәріздес ауада айнала ұшып өзіңе қарай келетіндей затты жасап алуың қажет, заттың формасы әртүрлі және әртүрлі заттардан, мысалы ағаш, қағаз, жапырақ т.б. болуы мүмкін. Кімнің ұшырған заты өзіне дәл қайтып келетін болса сол ұтқан болып саналады.
38. Сақ етер «Сақ етер» бұрынғы кезде садақ, найза, қылыш сияқты қару ретінде қолданыста болған зат. «Сақ етерді» қару ретінде басы тастан немесе темірден домалақтап жасалып, оны алысқа лақтыру үшін жіпке тағып, қатты айландырып ұшыратын болған. «Сақ етерді» ойын ретінде пайдаланып, лақтырып және дәл тигізуге машықтану үшін пайдаланады. Ол үшін саз балшықты алақанға салып домалақтап, ортасын тесіп, бірнеше күн кептіріп қояды, сол кезде балшық кеуіп «Сақ етер» дайын болады. Әр бала «Сақ етерді» көптеп жасап алады. Ойнау кезінде «Сақ етерді» алысқа кім лақтырады, кім ілінген затқа дәлдеп тигізеді және аспандатып биіктікке лақтыру сияқты жарыстарды ұйымдастырып ойнайды. «Сақ етер» қол мен дененің бұлшық еттерін жасы дамытып, дәлдік пен ептілікке үйретеді.
39. Бәкі қадау Бәкі қадау ойыны бәкі, пышақ құралдарын жас кезден бастап дұрыс ұстап, дұрыс қолдана білуге үйретеді. Ойынды бірнеше балалар топталып ойнауларына немесе жеке де ойнауға болады. Ойынға бәкі немесе қолға ұстауға оңтайлы кішкене пышақты алады.
Бәкі қадауды отырып немесе түрегеліп тұрған жағдайда орындайды. Бәкіні қадау жерге немесе қабырғаға қадау түрлерінде өтеді. Ойынды бастар алдында жерге немесе қабырғаға шағын дөңгелек шеңбер сызылады және ол тең төртке бөлінеді, әр бөліктің өзінің ұпайы болады мысалы 1,2,3,4 ұпай т.с.с. Бәкіні ұшымен осы дөңгелек ішіндегі қалаған бөлікке қадау қажет. Қадауды бір-бір реттен немесе келісім бойынша бірнеше рет қатарынан орындауға болады. Қадауды орындаудың бірнеше түрлері бар, оларға: бәкіні қолмен ұстап тік қадау, бәкі ұшын иық, шынтақ, саусақ, кеуде, тізе үстіне ұшымен тіреп тұрып қадау т.б. түрлері енеді.
40 Атыңды ата Бұл ойынды жастар кештерінде жиі ойнайды. Ойынға көзді жауып байлап тұратын орамал және ұзындығы 1-1,5 м таяқ керек. Қатысушылар көп болған сайын ойын қызықты болады.
Жиналғандар бір-бірлерінің қолдарынан ұстап шеңбер құрып тұрады. Ортаға көзі байланған ойыншы шығады. Ол кез келгенді таяқпен көрсетіп “атыңды ата” – деп айтады. Нұсқаған ойыншы таяқтын екінші ұшынан ұстап, өзін танып қоймас үшін дауысын өзгертіп басқа адамның атын айтады. Егер көзі байланған ойыншы таяқтың екінші басын ұстап тұрған ойыншының шын атын тауып қойса, онда екеуі орын алмастырады, ал егер қателессе онда ортада қала береді. Ойын жалғаса береді.
41 Қара сиыр Қатысушылардың саны 5-тен 10-ға дейін. Ойынға ескі бас киім, құм толтырылған қапшық қолданады. Барлық ойнаушылар көздерін жауып, байлап шеңбер құрап тұрады. Ойынды басқарушы басқа ойнаушыларға байқатпай бір ойнаушыға затты беріп тықтырады. Ойнаушылардың тапсырмасы – тығылған заттың кімде екендігін табу. Тығылған затты іздеу, жүргізушінің белгісінен кейін басталады. Затты іздеу кезінде киімді ақтару, күш қолдануға болмайды, тек алақанның сезімталдығын қолдану керек. Затты тапқаны туралы ойыншы дауыстап хабарлайды. Затты тапқан бала жүргізуші болады. Ойын жаңадан басталады.