74. Үй үстіндегі кім? Бұл ойынға қатысушылардың бірі жұдырығын түйеді де, үстелдің үстіне қояды. Оның үстіне басқалар да жұдырықтарын қоя бастайды. Бірінің үстіне бірі қойылған қолдар бірнеше қабат үй сияқтанып биіктей түседі. Егер ойнаушы аз болса, әр ойыншы қос жұдырығын қоюға болады.
Ең үстіңгі қолдың астындағы жұдырықтың иесі бастап, қалғандары қоштап мынадай сөздерді айтып шығады:
– Үй үстіндегі кім?
– Мұсамын.
– Неғып жүрсің?
– Ұшамын.
– Тезірек ұш.
– Қорқамын.
– Кейінірек ұш!
– Асығамын.
– Секіріп түс!
– Жығыламын.
– Келі.
– Ішіндегі не?
– Тары.
– Жүзің неден сары?
Жас шіркіннің кәрі.
Осы сөздерді айтып болғаннан кейін ойнаушылар түгелдей:
– Ат, та, жымпи,
Көжені іш те, тымпи! – деп қолдарын алады да тым-тырыс бола қалады.
Кім бұрын күліп қойса, сол айып тартады. Ойын бастаушы айыпталушының алақанын жазып ұстап отырады да:
– Кімнің үйіне қондың? – деп сұрайды. Айыпты ойланбастан:
– Әсеттікіне қондым, – деп жауап береді де:
Әсет атам ет асатар,
Ет асатса бес асатар.
Бесбай етті неше асатар? – деп тез-тез бірнеше рет қайталайды, жаңылмаса айыбын өтеген болып есептеледі. Егер жаңылса, ойын бастаушы тағы да:
– Кімдікіне қондың? – деп қайталап сұрайды. Айыпты ойыншы бұл жолы өзі білетін үйлердің ішінен біреуін атайды. Ойын бастаушы күліп қойған ойыншының алақанын қаттырақ шымши отырып, ет асата бастайды. Ет асатушы үйде неше кісі болса, сонша рет қайталайды. Ең соңында ойын бастаушы:
– Енді жақсылап тұрып өзім де бір асайын, – деп батыра шымшып, өзі де ет асайды.
75. Ақ сандық. көк сандық Ойынға күш шамалары бірдей балалар екі топқа бөлінеді. Ойынды алаңда, бөлмеде ойнауға болады. Ортаға әр топтан бір-бірден екі жұп шақырылады. Ойнаушылар бір-біріне арқаларын беріп, қолдарын білек тұсынан айқастыра ұстап жерге төмен отырады. Ойын жүргізуші тақпақтап:
«Ертең ауылым көшеді,
Уық бауын шешеді,
Қара қозым қашады,
Құмалағын шашады.
Ақ сандық, көк сандық
Арқан тарт, кілем арт!» –
дейді. Соңғы «арт» деген сөз екі ойыншыға берілген белгі болып саналады. Соңғы сөз айтылғанда қолдасып отырған екеуі тез тұрып кетуі керек те, қарсыласын арқалаған күйде өз тобына көтеріп әкеледі. Жеңіске көп ұпай жинаған топ жетеді.
Ойын күшті, шыдамдылықты, шапшаңдықты жетілдіреді.