102. Даусынан таны Бұл ойынды екі топқа бөлініп ойнайды. Бір баланың көзін байлайды да топтан шығарып, қалғандары қол ұстасып шеңбер жасап, оны айнала жүріп, өлең айтады. Екінші топтан бір бала шығып, көзін байлаған баланың қарсы алдына барып айтылған өлеңнің бір сөйлемін не бір сөзін айтады. Көзін байлаған бала сөзді айтқан баланы дауысынан таныса, онда ойыншылар орын ауыстырады. Кім екенін білмесе, ойын сол күйінде жалғаса береді.
103. Жаңылма Бір топ балалар қол ұстасып, дөңгелене тұрады да, қалаулары бойынша бір баланы ортаға шығарады. Шыққан бала өлең, тақпақ, әнгіме айтып тұрып кез келген жерінде тосын қимыл жасап, жата қалады, не болмаса құлағын ұстайды, шашын сипайды, тағы сол сияқты іс-әрекеттерді жасайды. Оның істеген қимылдарын бірден қайталай алмай қалған бала айыпты болып, өлең айтады, билейді, әңгіме айтып күлдіреді.
104. Қарт-құрт Ойынды бұталы, ойлы-қырлы жерлерде ойнаған тиімді болып келеді. Ойынға жиналғандар тең екі топқа бөлінеді. Жүргізушінің басшылығымен екі топтан екі ойыншы таңдап алынып, екі жаққа, (екі бағытқа) қарай жіберіледі. Олар басқа ойыншыларға көрсетпей жерге сызып, бұтаққа іліп, ағашты белгілеп т.б. белгілер салып келеді. Салынатын белгілер саны алдын ала келісіледі. Енді екі топтың ойыншылары қарсыластарының, яғни бір-бірінің салып келген белгілерін тауып алып, өшіруге тиісті. Екі топқа да бірдей уақыт беріледі. Берілген уақыт аяқталысымен екі топтың адамдары бірге жүріп, өшірілмей, табылмай қалған белгілерді санап шығады. Қай топтың табылмай қалған белгілері көп болып шықса, сол топ ұтады. Ұтқан жағы алдын ала келісім бойынша жасалған шарттарды қарсы топқа орындатады, мысалы өлең, тақпақ айтқызады, арқаларына мініп келеді т.б.
105. Шұқыма Ойын далада көгалды жерлерде ойналады. Әр ойыншының қолдарында таяқтары болуы керек. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Жерді белгілейтін екі ойыншы білінер-білінбестей етіп жерді шұқып қана бір-бір белгі салып келеді. Жердегі белгіні қай топ бұрын тапса, сол топтың ойыншылары ұтқан болып саналады. Ұтқан топтың ойыншылары қолдарындағы таяқтарын шамасы келгенше бар күшімен алысқа лақтырады. Ал қарсылас топтың ойыншысы оны тұрған жерінен таяғы түскен жерге дейін көтеріп апарады. Осы ойынды әр топтың ойыншыларының барлығының салған белгілерін табуды орындау сияқты өзгертіп ойнауға да болады.