227. Қазан доп Ойынға қатынасушылар жазық алаңға жиылып келіп үлкен дөңгелек шеңбер сызады да, дәл ортасынан тереңдігі 10 сантиметрдей шұңқыр қазады. Бұл қазан шұңқыр. Шеңбер сызық пен шұңқырдың аралығы 2 метрдей болуға тиіс. Ойынды бес-алты ойыншы ойнай береді. Әр ойыншы өзіне шақтап ұшы қайқылау таяқ әзірлейді. Кішкене доп пайдаланылады. Ойынды жүргізушілер қазан шұңқырдың сыртындағы шеңбердің бойымен бір-бірінен аралығы 2-2,5 метрдей қашықтықта өздеріне кішкене ұя қазады да, таяқтарының ұшын соған тіреп тұрады. Жеребе бойынша бір ойыншы доп айдаушы болады, ол үлкен шеңбердің сыртында еркін қозғалып жүреді. Оның мақсаты допты ортадағы қазан шұңқырға түсіруге айла іздейді. Таяқтары бар ойыншылар ортадағы қазанды қорғайды және өзінің ұясын доп айдаушыға алдырмауға тырысады. Егер доп айдаушы допты қазанға түсіретін болса, басқа ойыншылар орындарын жылдам ауыстыруы керек. Осы қарбаласта доп ойнаушы біреуінің ұясын иеленіп алуға тиіс. Ұясыз қалған ойыншы доп айдаушы болады. Ойынға қатынасушылардың саны көп болса, бірнеше доп айдаушы белгіленеді.
228. Тауық күрес Жиналған ойыншылар екі топқа бөлінеді. Осы екі жақтан екі жігіт ортаға шығып белдесіп күрес жасайды. Ойынның басқаша күрестен айырмасы күресушілер тек жалғыз аяғымен ақсаңдай жүріп күреседі және бір қолдарын қалталарына салып жүреді олар, иықтарымен қағысады, итеріседі, бұл адамның нық басып, тепе-теңдікті сақтап, орнықты жүруге жаттықтырады. Күресетіндердің бір аяғын тізесінен бүгіп, мата белбеумен байлап та қоюға болады. Сонда күресушілердің екеуі де тек бір аяқ, бір қолымен жүріп күреседі. Күресушілердің қайсысы сүрініп жығылса, немесе қолын қалтасынан шығарса, сол ұтылады.
229. Жерге түсірме Ойыншылар 5-10 адамнан бірнеше топқа бөлінеді. Барлығы сөре сызығына қатарласып, әр топтың арасы бөлініп тұрады. Топтардың қарсысына 10 метрде мәре сызығы белгіленеді. Әр ойнаушыларда бір-бір кітаптан болады. Ойын мақсаты балалар кітаптарды бастарына қойып мәреге дейін түсірмей жеткізулері қажет. Мәреге жеткеннен кейін кітапты қолға алып артқа өз орындарына жүгіріп келеді. Қай топта кітапты құлатпай мәреге жеткен ойыншылар көп болса, сол балалар санына байланысты ұпайлар жинақталады. Ойынды бірнеше рет қайталап ойнайды.