128. Серпін найза Ойын кең далада ойналады. Найза құралы ретінде ұзын қамыс немесе түзу шыбықтар қолданылады. Ойын мақсаты бойынша кімнің найзасы алысқа ұшса, сол жеңіске жетеді. Найзаны алысқа ұшыру үшін арнайы итергіш серіппе құрал жасалады. Серіппе құрал ұзындығы жарты метрден астам (серппе ағашы ұзындығы лақтырылатын найза ұзындығына байланысты болады) ағаш таяқтан жасалады. Серіппе таяқтың артқы ұшында найзаның артын тірейтіндей ұя-шұңқыр жасалады. Сол ұя-шұңқырға найзаның артын тіреп, найзаны таяқпен қоса алақанмен қапсыра ұстайды да, құлаштап алға сермеу кезінде найзаны таяқ серіппе арқылы итере алға серпіп лақтырады. Серіппе таяқ лақтырушының қолында қалады.
129. Шөген ойыны Шөген – түркі тектес тайпа-ұлыстарда, соның ішінде қазақтарда ежелгі замандарда кең тараған спорттық ойыны. Аса шеберлікті қажет ететін бұл сайыс түрі қазақ халқында ұлттық ойын ретінде қолданылған. Өкінішке орай, бұл ойын қазір түркі дүниесі елдерінде де, қазақ халқының да кейінгі ұрпақтарында ұмыт болған.
Шөген ойынын еске түсіретін спорт түрі бұл күндері Еуропадан кездеседі. Ағылшын ақсүйектерінің сүйікті әрі машықты спорт ойынының бірі – Поло. Полоны қазіргі замандастарымыз жақсы біледі, ол ат үстінен доп таяқпен доп қуып бәсекелесу немесе оны "атты хоккей" десе де болады. Бірақ Еуропаның Полосын тамашалап отырып, замандастарымыз осы ойын өзіміздің ежелгі ұлттық ойынымыз екендігін біле бермейді. Оны біз көне түркі мұраларын зерттеу үстінде анықтап білдік. X-XI ғасырлардағы түркі халықтарының ежелгі мұраларында "Шөген" ойыны туралы нақты деректер бар. Жүсіп Баласағұни өзінің атақты дастаны "Құтты бүлік" кітабының "Елшілер қандай болу керектігі туралы баяндалатын" тарауында лосы шөгенді айтып өтеді. Елші тілге шебер, шешен, әдепті, зерелі алғыр болуы керек, әрі шахматты, шөгенді жақсы ойнауы тиіс дейді.
Махмұт Қашқари "Түркі сөздігі" кітабында шөгенді ат үстінен арнайы имек таяқпен доп қуалап ойнайтын спорт түрі деп түсіндіреді. Ежелгі Талас, Шу өңірінде өмір сүрген ұлы ойшыл ақын Жүсіп Баласағұнидың айтуынша, жақсы елшілер мен қолбасылар, бектер шөген ойынын ойнау арқылы жүйрік болған және басқа да шеберлік, ептілік, ақылдылық, сергектік, зеректік қажет әртүрлі ойындарды, өнерді меңгерген.
Ашық даладағы алаңның көлемі, ұзындығы – 274,2, ал ені – 146,2 метрді құрайды. Бұл командалық спорт ойындарындағы ең үлкен алаң болып саналады.
Жалпы ереже бойынша шөген ойыны 4-8 кезең аралығынан тұрады. Оның әрқайсысы 7 минутқа созылады. Арасындағы үзіліс уақыты үш минут.