132. Құда тарту Қазақтың салт-дәстүр, ойын-сауық ойындарының бір түрі – «Құда тарту». Бұл ойын-сауық түрі баласын үйлендірерде қыздың жағына барып құда түскенде, екі жақтың келісімі жарасып арты тойға айналып шат-шадыман көңіл көтеріліп той өтіп жатқанда жігіт жақтан келген құдаларды далаға шығарып демалту барысында, бас құдадан бастап басқаларын қосақтап суға «Құда тарту» ойынын бастап жібереді. Ауылдың жанындағы өзен немесе үй жанындағы суы ағып жатқан тоғанға қыз жақтың адамдары құдаларды сүйреп әкеліп суға тоғыту ойыны басталады. Құдаларды суға тарту кезінде оларды киген киімдерімен де суға салып жіберу орын алып жатады. Ал суға тарту кезінде суға түскісі келмеген құдалар жағы өздерін босатып алулары үшін, суға сүйретушілердің сұраған айып-пұлдарын беріп, немесе талаптарын орындап құтылады. Бұл ойынның негізгі түйіні, суды қазақ халқы қастерлеп оны берекенің, тіршіліктің, байлықтың көзі деп санағандықтан, құдандалы болып жатқан екі жақтың үйленіп жатқан жастарының болашақтары берекелі, молшылықта болсын, құдалық мың жылдық болсын деген ниетпен, ырыммен «Құда тарту» ойыны ойналады.